1. Рефераты на казахском
  2. Тарих
  3. Түркістан қаласының әлеуметтік-саяси тарихы

Түркістан қаласының әлеуметтік-саяси тарихы

 


Түркістан қаласының әлеуметтік-саяси тарихының мәселелері
(ХVІІІ ғ. соңы – ХХ ғ. басы)

 


КІРІСПЕ

Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Қазақстан тәуелсіз ел болғанынан бері ғана оның өткен тарихына сын көзбен қайта қарау мүмкіндігіне ие болдық. Бұл еліміздегі тарих ғылымының жаңа тыныс алуына жол ашты. Қазақстан тарихының өзіне ерекше назар аудартатын іргелі тақырыптарының бірі – қалалар тарихы. Қазіргі таңда қалалар тарихы Қазақстан тарихы саласының өзекті мәселелерінің қатарын құрайды. Бүкіл өзгерістер мен жаңалықтардың басталар жері мен үкімет саясатының алғаш жүзеге асар орны қалалар екені баршаға аян. Демек қалалар тарихы – қоғам тарихының өзекті бөлігі болып табылады. Жергілікті жердің даму тәжірибесін терең зерттеу барысында қоғамның әлеуметтік-экономикалық және саяси үрдістерден туындаған мәселелердің себептері мен салдарларын терең түсінуге мүмкіндік береді.
Қалалар өз дәрежесіне және тарихи-географиялық орналасуына қарай халықтың экономикалық, саяси және рухани өмірінің орталығы ретінде өркениеттік дамудың қозғаушысы болып табылады. Сонымен қатар қалалар тарихы әлеуметтік және саяси қызығушылықты тудырады, онда үкімет билігінің ұйымдары, түрлі саяси және қоғамдық бірлестіктер, әлеуметтік топтар топтасқанын көрсетеді. Қалалар тарихын зерттеу аталмыш аймақтың жергілікті ерекшеліктерін терең түсінуге мүмкіндік береді. Дүние жүзіндегі түркі жұртының қара шаңырағында орналасқан қазақ халқының кең байтақ даласында қалалар аз болмаған. Атап айтқанда Испиджаб, Отырар, Тараз, Қараспан, Қарнақ, Сунақ, Иқан, Сығанақ, Аққорған, Шолаққорған, Үзкент, Құмкент, Сүткент, Баба-ата, Саудакент т.б.
Тарихи тағдырдың жазмышымен ортағасырлық Қазақстан қалаларының көпшілігі біздің заманға дейін жеткен жоқ. Олардың арасында кейбір қалалар кезеңіне қарай басқыншылар тарапынан талқандалып, енді біреулері сауда жолдарының алшақтығы мен ауа райының өзгеріп тұруына байланысты бос қалып отырды. Көптеген қалалардың тіршілігі тоқтап, олардың атаулары тарихи аренадан өшіп қалды. Дегенмен көптеген жазба деректерінде бірқатар қалалардың атаулары сақталған. Осыған байланысты оларды көне деректермен салыстыру, мекендерін анықтау тарихшы мамандардың міндеті болып табылады.
Ғасырлар бойында ғұмыр кешкен арғы ата-бабалар, тұтас халықтар, кейінгі ұрпақтарына бүкіл адамзат игілігіне айналар төлтума мәдениетін мұра етіп қалдырған. Далалық өлкені Батыспен байланыстырған, Ұлы керуен жолында кент, бекіністер қамалдар, мазар-кесенелер мен тұтас қалалар кешені бой түзеді. Соның бірі қасиетті – Түркістан қаласы.
Бұл қала тарих тауқыметін бастан кешіріп, гүлдену және құлдырау кезеңдерінен өтіп, бүгінге дейін аман жеткен. Ол Тұран аймағы деп аңыз болып қалған, «тарихи түркілер елі» деп те аталып, Қазақ хандығының тұңғыш астанасы болған. Орта ғасырлық сәулет өнерінің де алып асылы – Қожа Ахмет Иассауидің кесенесінде, қазақтың билеушілері мен бір топ саяси және діни, рухани тұлғаларының денесі жерленген. Сондықтан, мәселені тақырыптық жағынан кеңірек зерттеу үшін Түркістан қаласының тарихына тереңдеп үңілу қажет. Бүгінгі таңда тарихи принцип негізінде Қазақстандағы Алаш қозғалысы мен Түркістан өлкесіндегі ұлт-азаттық қозғалысты тарихпен сабақтастырып, зерттеу абзал. Себебі Түркістан өлкесіндегі болып өткен ұлт-азаттық қозғалыстар саяси ала-құлалығымен және әлеуметтік белсенділігімен ерекшеленеді. Түркістан қозғалысын өлкедегі азаттық, тәуелсіздік жолындағы күреске ұлттық, мұсылмандық, түркілік бірлік идеясы негізінде топтасқан саяси күштердің ұйымдасқан белсенді әрекеті деп бағалаған жөн.
ХVІІІ ғасырдың екінші жартысынан кейін, яғни Жоңғар хандығы құлаған соң өңірдегі геосаяси ахуалда өзгеріске ұшырады. Ендігі жерде Түркістан қаласы үшін ортаазиялық хандықтар арасында күрес жүрді. Осының нәтижесінде Түркістан қаласы алдымен Ташкентке, сонан соң Қоқан хандығына қарған. ХІХ ғасырдың 60-шы жылдары Түркістан қаласын патшалық Ресей жаулап алды. Осыған байланысты Түркістан Ресей империясының құрамында дамыды.
ХХ ғасырдың басында ұлт-азаттық қозғалыста қалыптасқан түркі халықтарының бірлігі идеясы жаңа ғасырда жаңа міндеттерді алға тартып отыр. Ал, тәуелсіздік жағдайында өткен күннің тарихи сабақтарын зерделеу, бүгінгі күннің нақты іс-әрекеттерін байыта түсері сөзсіз. Жалпы айтқанда, осындай тарихи кезеңдердегі бүгінгі рухани астанамыздың тарихын зерттеуді отандық тарих ғылымындағы өзекті мәселелер қатарына жатқызуға болады.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Қазақстандық тарихнамада, қалалар тарихына арналған алғашқы арнайы еңбектер анықтамалар түрінде ғана жарық көрді. Қазақстан қалаларының пайда болуы мен даму тарихына көңіл бөлу республикамызда 1950 жылдары басталып революцияға дейінгі және кеңес кезеңіндегі жеке қалалар тарихына байланысты зерттеулер жарық көре бастады. Сонымен қатар, Қазақстан қалаларының әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуы тарихына арналған бірнеше кітаптар, ғылыми мақалалар жарық көрді [1].
ХІХ ғасырдың бірінші жартысы Ресей үшін Түркістанды зерттеу, танудың жаңа кезеңі болды. Осы уақытта Қазақстан Ресейдің маңызды сауда-экономикалық аймағына айналды. Ресейдің алдында осы аймақты, кезең-кезеңмен, шаруашылық үшін игеру мәселесі тұрды, бірақ бұған Хиуа және Қоқан хандығының басқа да қазақ жеріне көз алартушылардың экспансионистік саясаты кедергі болды. Бұл Ресей тарапынан Түркістан өлкесінің жер аумағын, халық саны мен елді мекендерді анықтап, зерттеуді тереңдете түсуді қажет етті. Осы кезеңде, қазақ жерінің физикалық-географиялық, тарихи-этнографиялық жағынан зерттелуінің үдей түсуі тосын жай емес еді. Басқа салаларға қарағанда қазақ жерінің шаруашылығы, қоғамдық-саяси өмірі жүзге бөлінісі, құқықтық басқару жүйесі, жер бедері, су, керуен жолдары мен халықтық мұралары терең зерттелді.
Түркістанның өткен тарихына алғашқылардың бірі болып ден қойған, Орынбор өлкесін зерттеуші П.И. Рычков болды. Ол өзінің еңбегінде аудармашы Оразалының айтқан аңызын келтіреді: «Бұл қаланы парсылардың төртінші патшасы Жамшид-шах салдырған…, ол өз әскерімен ұлы Татарияға келді, қажеттілік негізінде, әскерді орналастыру үшін үш қаланы салуды бұйырды. Оның біріншісі Түркістан, келесілері Утрар, үшіншісі Сауран…» П.И. Рычков Түркістанның бұрынғы Иассының орнында екендігін дәлелдеуге тырысты [2].
ХІХ ғ. 60-жылдарының ортасынан бастап Түркістан қорымдарын зерттеуге деген ынта үдей түсті, оның басты себебі Қожа Ахмет Иассауидің ханакасы болды.
1865–1866 жж. Түркістанға келген Уфалық сот қызметкері М. Бекчуриннің «Әзірет сұлтан мешіті» жайында қалдырған мәліметтері аса құнды деректер береді. Бұл еңбекте алғашқылардың бірі ретінде Қожа Ахмет Иассауи кешенінде жерленгендердің жатқан орнын көрсетіледі.
Ал, 1866 жылы Сауран, Ясы (Түркістан), Қарнак, Сайрам (Испиджаб) қалаларының үйінді орнын географ А.К. Гейнс қарап шыққан болатын [3].
Келесі бір құнды зерттеу еңбек деп, П.И. Лерхтің еңбегін атап өтуіміз керек. Ол Түркістан қаласының қазіргі орнында бұрын Ясы қаласы болғандығын, археологиялық материалдар арқылы дәлелдеді. Сонымен қатар, Лерхтің еңбегінде ХІV–ХVІ ғғ. Сырдария бойындағы қалалар жайындағы жазба деректер мәліметі де келтіріледі, Қожа Ахмет ханакасы ішіндегі құлпытастар жайлы баяндалады.
ХІХ ғ. 90-шы жылдарынан бастап Түркістанның өткен тарихын зерттеуді, Түркістан археология әуесқойларының үйірмесі мүшелері П.Н. Ахмеров, А.А. Диваев, Н.С. Лыкошин, С.Г. Маллицкий [4] және басқалар жүргізе бастайды.
Түркістан тарихын зерттеулер ішінде шығыстанушы В.В. Бартольд пен А.И. Добросмысловтың еңбектерін атаған жөн. В.В. Бартольд Ясы-Түркістан-Шавгар қалаларының бір екендігін айтты. Ал, А.И. Добросмысловтың еңбегі, Түркістан қаласының тарихы жөніндегі алғашқы монографиялық зерттеу болып табылады [5].
Кеңес өкіметінің алғашқы жылдары Түркістан қаласының тарихы негізінен Қожа Ахмет Иассауи кесенесін қалпына келтіру мен қорғауға байланысты зерттелді. Ол негізінен А.А. Семенов, Т.В. Савельева еңбектерінде көрсетілген [6]. Алғашқы археологиялық зерттеулер 1928 жылдың жазында М.Е. Масонның бастауымен цитаделде жүргізілді. Нәтижесінде М.Е. Массон қазіргі Түркістан қаласының орнында Ақсақ Темір дәуіріне дейін-ақ ХІІ–ХІІІ ғғ. үлкен қала болғандығын айқындады [7]. Ұлы Отан соғысы нәтижесінде тоқтап қалған зерттеулер 1947–1951 жылдары Н.А. Бернштам басқарған Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы жұмысымен қайта жанданды [8]. Ол Түркістаннан 8 шақырым қашықтықта орналасқан Шойтөбе қалашығының Шауғар-Ясы болу мүмкін екендігін айтқан болатын. Осы экспедицияның материалдарын жинақтап, монографиялық еңбекті жариялағандар Е.И. Агеева мен Г.И. Пацевич еді. Археологиялық мәліметтерге сүйене отырып, олар қазіргі Түркістан қаласы аумағының Оңтүстік Қазақстанның ежелгі егіншілік-отырықшылық аймағы болғандығын дәлелдеді. 1958 жылдары Қожа Ахмет Иассауи кесенесінің айналасында Н.Б. Немцова қазба жұмысын жүргізді. Нәтижесінде қазақ хандарының мазарларының орны табылды [9].
Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің 1972 жылғы арнайы қабылдаған шешімінде, Түркістан қаласын ғылыми-зерттеу мен қалпына келтіру жұмыстарын жақсарту мәселесі көтерілді. Бұл үшін кешенді бағдарлама қабылданып, археологиялық жұмыстар, қаланың сәулеттік тарихын, салыну құрылысы, технологиясы және басқа да бағыттар бойынша зерттеу жүргізу жоспарланды.1972–1974 жылдары Түркістан қаласында ҚазССР ҒА-ның Тарих, археология және этнография институты ҚазССР Мәдениет министрлігімен бірлесе отырып кең көлемдегі археологиялық зерттеу жұмыстарын бастады. Алынған мәліметтерді жинақтаған және оны ғылыми талдауға алған отряд бастығы Т.Н. Сенигованың бірнеше еңбегі жарық көрді. Түркістан қаласында табылған монеталар – қаланың ақша айналымы мен әр түрлі кезеңдегі, әр елмен экономикалық байланысын көрсететін зерттеулерде Р.З. Бурнашеваның да еңбегі зор. Л.Б. Ерзакович, Б. Нурмуханбетов, А. Ордабаев, А.Н. Марьяшев, Ю.А. Мотов еңбектерінде Түркістан тарихи археологиялық жағынан зерттелген еді [10].
Кесенеден 300 метр оңтүстік-шығысқа таман орналасқан Күлтөбе төбешігінде Е.А. Смағұловтың жүргізген қазба жұмысы нәтижесінде бұл төбешіктің – б.д. 1 мың жылдығында болған Иассы мекені кейінгі Түркістанның көне орыны екендігі анықталған. Кейінгі қазба жұмыстарын Б.Х. Адильгереев, А.О. Итенов жүргізіп Түркістан қаласы тарихы мен Қожа Ахмет Иассауи кесенесі жайындағы мәліметтердің баюына өз үлестерін қосты [11].
1985–1986 жылдардағы Түркістан отрядының бастығы Б.Х. Адильгереев болса, 1987 жылдан бастап оны А.О. Итенов алмастырды. Бұрынғы Иассыдан да тарихы әріден басталатын Шауғар қаласының тарихын зерттеу барысында, Түркістан қаласынан 8 шақырым жерде орналасқан Шойтөбе қалашығында археологиялық қазба жұмыстары ұйымдастырылған болатын.1992 жылдары Шойтөбе қалашығында жүргізілген қазба жұмысын отряд бастығы Ә.Қ. Шашаев басқарды. Жинақталған материалдар негізінде оның көне Шауғар қаласының орны екендігі атап көрсетілді.
К.М. Байпақовтың ортағасырлық қалалар жайындағы еңбектерінде Түркістан, Иассы, Шауғар қалаларының тарихы археологиялық мәліметтер арқылы жан-жақты қарастырылған. Біз үшін құнды еңбектердің бірі, Сәйден Жолдасбайұлының монографиялық зерттеуі болды [12]. Бұл еңбекте Шауғар қаласы, Иассы мен Түркістан қалалары тарихына қатысты мәліметтер берілген.
Ортағасырлық Түркістан тарихын тыңғылықты зерттеуге алған Е. Смағұлов пен М. Тұяқбаевтың аттарын ерекше атауға тиіспіз. Бұл еңбектерде Түркістан тарихы өте ерте басталғандығы деректер негізінде сараптала отырып, ондағы Қожа Ахмет Иассауи кесенесі жазуларын оқу нәтижесінде тың деректері табылған. Бұл саладағы ірі еңбектердің бірі ретінде Б.Т. Тұяқбаеваның көп жылдық еңбегі қажетті дерек көзіне айналып отыр [13]. Эпиграфикалық мәліметтердің құндылығын аша отырып, оларды Түркістан қаласы қорымдарында жерленген адамдардың ата-тегін анықтауға пайдалануға, қала тарихындағы рөлін сараптауға қажет мәлімет көзі ретінде қарауды арабтанушы-ғалым Әбсаттар Дербісәлі ұсынған болатын. Осы мәселеге қатысты Түркістанда жерленген қазақ хандары жайындағы мәліметтер И.В. Ерофееваның зертеуінде келтірілген [14].
ХХ ғасырдың 20-30 жылдарының зерттеушілері Ресей империясының Қазақстанды жаулап алғанын, олардың отарлық саясатын және оның кері зардаптарын атап көрсетеді. Алайда, бұл мәселелер жеткілікті дәрежеде терең зерттелмеген. Бұл көзқарастарды қалыптастыруға негізінен, сол жылдардағы орын алған таптық қағидалар әсер етті.
Сол кезде жарық көрген патша өкіметінің отарлық саясатына және оның жергілікті әкімшілік орындарының қызметіне байланысты жазылған еңбектерге тоқталар болсақ, олар Г. Сафаров, П.Г. Галузо, А. Сұлтан-Заде, С. Асфендияровтардың [15] зерттеулері болды. Бұлардың ғылыми еңбектерінде өлкедегі отарлаудың көлеңкелі тұстары, орыс езгісінің пәрменділігі, әскери-әкімшілік орындардың құрылымы мен қызметіне шолу жасап, әрекеттерін ащы шындықпен көрсетеді. Солардың бірі Г. Сафаров өз еңбегіңде өлкедегі отарлау алғашқы кезде әскери басқыншылық түрінде болып, содан кейін барып Ресейден дайын күйінде әкімшілік – полицейлік құралдың әкелініп танылғаны туралы қорытынды жасайды.
Мұндай қорытындыны П.Г. Галузо да жасайды. Ол Ресей мен Қазақстан серіктестігінің тең құқылы еместігін атап көрсетіп, империяның өзге өлкелерді «қосып алуға» өте мүдделі екенін атап өтеді. П.Г. Галузо отарлық билікті «түзімдіктерді билейтін аппараты» және «орыстың әскери – шенеуіктік аппарат» деп екіге бөліп қарастырып, отаршыл империя теоретиктерінің агрессияға бейбіт тон жамылдырып, өркениетті сипат беруге неліктен тырысқанын түсіндіріп, отарлық саясат шет аймақтарға зор қасірет алып келді деген пікірге тоқтайды. «Отар Түркістан» деген деген кітабында ол былай деп жазады: «Патшалық Ресей әскерлерінің қазақ даласына қарай ендеп кіруі ХVІІІ ғасырдың І жартысында-ақ басталған болатын. Орыс әскерлері елге ентелей әрі толассыз дерлік сұғына түсті, алайда былайша айтқанда, біраз жалтақтай отырып жылжыды». Өйткені, Орта Азия шекарасындағы орыстардың агрессиялық саясаты жөнінде келтірілген алысты көздейтін агрессиялық жоспарларын қарастыра отырып, Ресей Орта Азияға аяқ басқанда, өзінің халықаралық ортада өз беделінен айрылып қалудан қатты қорықты.
ХХ ғасырдың 60-70 жылдарындағы зертеушілер еңбектерінде Оңтүстік Қазақстанның Ресей империясының отарлық билік кезеңіндегі тарихының түрлі кезеңдеріне талдау жасаған. Р. Бекназаров, М.Х. Асылбековтың [16], зерттеу еңбектерінде өлкені отарлау процесіне және ХХ ғасыр басындағы Орынбор-Ташкент темір жолшыларының революциялық қозғалыстарға қатынасуына тоқталған. Қазіргі кезде демократиялық жаңарулар мен жариялылық жағдайында ұлт-азаттық қозғалысы тақырыбын мүлдем жаңа қырынан зерттеу қолға алына бастады. КСРО құрамында болған одақтас республикалардың тәуелсіздік алуына байланысты ұлт-азаттық қозғалыстың аясында ұлттық-мемлекеттік құрылымдардың тарихи тәжірибесін зерттеу, кезек күттірмейтін зәру мәселелер ретінде күн тәртібіне қойылды. Осы кезеңде қазақстандық ғалымдар ұлт-азаттық Алаш қозғалысының, ұлттық-мемлекеттік құрылым ретінде Алашорда үкіметі және ғасыр басындағы ұлт зиялыларының тәуелсіздік жолындағы қоғамдық-саяси қызметін талдап көрсететін іргелі зерттеу жұмыстарын жүргізіп, көптеген еңбектер жарияланды [17].
Алаш қозғалысы туралы байсалды пікір, орнықты тұжырым жасаған Ұлттық ғылым Академиясының академигі К. Нұрпейіс Түркістан автономиясы үкіметі мен Алаш қозғалысының қызметін тығыз бірлікте қарастырады.
Ұлттық тарих ғылымында жаңашыл көзқарас орнықтырған профессор М. Қойгелдиев ұлт-азаттық қозғалыстың дамуын уақыт және кеңістік шеңберінде саралайды. Сөйтіп, «қазақ жерінде патшалық империя мен орыстық зорлыққа қарсы шын мәніндегі мақсатты, ұлттың әлеуметтік күштерін қамтыған саяси қозғалыс 1917 жылғы ақпан төңкерісінен кейінгі кезеңде басталды. Осы жылдың ортасында Алаш партиясының, соңына қарай Түркістан автономиясының (Қоқанда), ал оның артын ала Алашорда үкіметінің (Орынборда) құрылуы бұл қозғалыстың нақты нәтижелері болатын» дейді. Ол кеңестік тарихнамада Түркістан автономиясының тарихи маңызы төмендете көрсетіліп келгендігін айта келіп, «шын мәнінде, Қоқанда жарияланған Түркістан автономиясы мен Түркістан Уақытша үкіметі өлке үшін ең негізгі мәселе – жергілікті халықтардың өзін-өзі басқару құқығын мойындауда ескі империялық түсінік шеңберінде қалып қойған Ташкенттегі жаңа билікке балама есебінде өмірге келген жалпы өлкелік саяси құрылымдар еді».
Өзбекстандық тарихшылар Х.Д. Садықов Түркістанда ұлт-азаттық қозғалысты өрістетудегі жәдитшілердің рөлін жаңа көзқараспен байыптаса, А.М. Худайкулов ұлттық демократтардың ағартушылық қызметтеріне жан-жақты сипаттама береді. Ал, Д. Ташкуловтың еңбегінде Түркістандық жәдитшілердің саяси-құқықтық бағдарламасының негізгі бағыттары ашып көрсетіледі. Б.А. Кощанов пен С.А. Прилуцкийлердің [18] еңбектерінде тақырып жан-жақты қарастырылды. Қазақстан қалаларының тарихын зерттеу еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін, жандана түсті. Осы тақырып бойынша диссертациялар жазылып, монографиялар жарық көре бастады. Қалалар тарихын зерттеуде қомақты үлес қосқан ғалымдардың ішінде Ж.Қ. Қасымбаевтың, Қ. Әбуовтың еңбектерін ерекше атап өтуге болады.
Түркістан қаласы мен ондағы тарихи-мемориалдық Қожа Ахмет Иассауи кешені тарихына қатысты У.Х. Шалекеновтың жекелеген зерттеулері бар [19].
Соңғы жылдары біздің тақырыбымыздың кейбір мәселелеріне қатысты қалам тартып жүрген зерттеушілердің еңбектері мен мақалаларының құндылығы жоғары. Олардың қатарына С.Ф. Мажитов [20], А.Ш. Махаева [21], С. Сайфумаликова, Х.М. Тұрсын, Р.Е. Оразов жатады. Түркістандағы ұлт-азаттық қозғалыстың тарихын зерттеуші Х.М. Тұрсын ХХ ғасыр басындағы өлкедегі ұлт-азаттық қозғалыс қарқынды даму жолынан өтті, отарлыққа қарсы күрестің ұлттық негіздері бірінші орыс революциясы, жастүріктер, жаспарсылар қозғалысы сияқты аймақтық қоғамдық-саяси сілкіністердің ықпалымен біртұтас шеп құрған ұлт-азаттық қозғалысына айналды, ал 1917 жылдың ақпан төңкерісінен соң өлкедегі ұлт-азаттық қозғалыс ұйымдасқан сипат алды деген қортынды жасайды.
ХVІІІ–ХІХ ғғ. Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалыстар мәселесінің теориясы мен тарихнамасының өзекті мәселелерін зерттеуші С.Ф. Мажитов Ресей империясының қазақ даласын отарлаудағы әдіс айлаларын жан жақты талдаған.
Зерттеуші А.Ш. Махаева Оңтүстік Қазақстан қалаларын орыс отарлаушыларынан қорғауда қазақ-қырғыздар қоқандықтармен бірге түркі-мұсылман әскерін құрып, ХІХ ғасырдың алпысыншы жылдарында орыс әскеріне қарсы табанды күрес жүргізді деп жазады. С. Сайфумаликова Түркістан уезінің құрылу, оның территориялық аумағын және сол кездегі ұлттық құрамын мұрағат мәліметтері арқылы көрсетеді. Р.Е. Оразов зерттеу мақаласында Сыздық сұлтанның Түркістан қаласын қорғаудағы ерлігін жан-жақты деректер арқылы аша түскен.
Жалпы, қалалар тарихын зерттеу – қоғамдық-экономикалық дамудың ерекшеліктерін айқындауға, сол қоғамда өмір сүріп отырған әлеуметтік топтар мен таптардың пайда болуы, қоғамдық инфрақұрылымға шаруашылық өмір мен мәдени жетістіктерге ықпал етеді.
Мәселенің зерттелу деңгейінің негізгі өзегі ретінде – Түркістан қаласының географиялық-экономикалық сипаттамасы, қала ретінде қалыптасуы, өлкедегі отарлық-әкімшілік орталықтан – экономикалық, әкімшілік және мәдени орталыққа айналуы, әлеуметтік құрылымындағы өзгерістердің барысы зерттеледі.
Жеке еңбектермен қатар мақалалар жинағы, конференциялар материалдары да диссертацияға қажетті мол мағлұматтар қамтылды. Біз негізінен тақырыбымызға қажетті деген зерттеулерге ғана тоқталдық. Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Адамзат дамуында маңызды орын алатын қалалар жүйесінің тарихын зерттеу ісінің құрамдас бағыты ретінде, Түркістан қаласының ерте ортағасырдан басталатын тарихын тың дерек көздері негізінде, араб-парсы және европалық саяхатшы-тарихшы, географтардың мәліметтерін сараптау арқылы, сондай-ақ ХVІІІ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі Түркістан өңіріндегі ұлт-азаттық қозғалыстың дамуын, уақыт және кеңістік шеңберінде, патшалық империя мен орыстық зорлыққа қарсы шын мәніндегі мақсатты, ұлттың әлеуметтік күштерін қамтыған саяси қозғалысын зерттеуді жаңа көзқарастар тұрғысынан қарастыра отырып, әлемдік тарихтағы алар орнын айқындау еңбегіміздің басты мақсаты болып табылады. Осыған орай зерттеу жұмысының алдына мынадай нақтылы міндеттер қойылады:
– Түркістан қаласының ХVІІІ ғасырға дейінгі тарихына шолу жасай отырып, оның қазақ халқының қоғамдық-саяси және мәдени өміріндегі орнына ғылыми баға беру;
– Түркістан қаласының Ташкент иелігі және Қоқан хандығы құрамындағы жағдайын саралау;
– ХІХ ғасырдың 60-жылдары патшалық Ресейдің өңірді жаулау барысында Түркістан қаласын қорғаушылардың күресін шынайы тұрғыда ашып көрсету;
– патшалық Ресейдің империялық саясаты кезіндегі Түркістан қаласы мен оның инфрақұрылымындағы өзгерістерді тың деректер мәліметтері арқылы анықтау;
– ұлт-азаттық қозғалыстың мәселелерін, отаршылдық басқару жүйесінің қалыптасу кезеңінің тарихи мәнін ашу.
Зерттеу жұмысының нысаны. Түркістан қаласының қазақ тарихындағы ХVІІІ ғасырдың соңы мен ХХ ғасыр басындағы рухани орталық ретіндегі орнын айқындау зерттеу жұмысының негізгі нысаны болып табылады.
Зерттеу жұмысының хронологиялық шеңбері. ХVІІІ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басын қамтиды. Түркістанның қала болып қалыптасуы саяси-әкімшілік ретіндегі ХV–ХVІІ ғғ. аралығындағы рөліне тарихи шолу жасалады. Негізгі мәселе бойынша ХVІІІ ғ. аяғы мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі Қоқан, Бұхара, Хиуа хандықтары мен Ресейдің патшалық отарлығына қарсы ұлт-азаттық көтерілісі, Түркістанның рухани орталық ретіндегі рөлін қамтиды.
Зерттеу жұмысының методологиялық негізі мен әдістері. Түркістан қаласының көпғасырлық тарихын зерттеуде тарихи үрдістердің диалектика-лық даму заңдылықтарын басшылыққа ала отырып, тарихи құбылыстарды обьективтік, тарихилық ұстанымдар тұрғысынан қарастырдық. Ғылыми зерт-теу жұмыстарының жүйелілік, салыстырмалылық, талдау, жинақтау әдістерін қолдандық.
Диссертациялық жұмысты жазу барысында отандық тарих ғылымындағы соңғы жылдарда шыққан танымал тарихшы-ғалымдардың – М.Қ. Қозыбаев, С.Ф. Мажитов, К.М. Байпақов, У.Х. Шәлекенов, К. Нұрпейіс, М.Х. Асылбеков, С. Жолдасбаев, М.Қ. Қойгелдиев, Ж. Қасымбаев, Т. Омарбеков, К.А. Пищулина, Ж.Б. Әбілғожин және т.б. еңбектеріндегі ел мен жер тарихын шындыққа сай қайта жазуға бағытталған, жаңа пікірлер мен көзқарас ұстанымдарын басшылыққа алдық, басты назарда ұстадық. Жұмыстың методологиялық негізін анықтауда жоғарыда аталған еңбектердегі теориялық ой-тұжырымдарға сүйендік.
Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы. Диссертацияның ғылыми жаңалығы – тақырыптың ашудың жаңа мақсаттары мен жалпы адамзаттық құндылықтарға бағыт ұстаған тың зерттеу тәсілдері негізінде жазылған еңбек тарихи процестерге баға берудегі жаңашылдығымен, теориялық, танымдық, ой-тұжырымдарының сонылығымен ерекшеленеді. Зерттеу жұмысының негізіне ежелгі кезден бастап, орта ғасырлардың өн бойымен Ресей отаршылығы кезеңіндегі Түркістан қаласы мен оған байланысты тарихи-мемориалдық кешендер мен қорымдар, эпиграфиялық деректер көзі алынып, оларға талдау жасалынды. Кейбір мұрағаттық мәліметтер алғаш рет ғылыми айналымға енгізілді. Зерттеу жұмысының нақтылы ғылыми жаңалықтары төмендегідей:
– Ерте ортағасырлық Түркістан қаласының шығу тарихы ежелгі кезеңнен бастау алып, қалалық деңгейге көтерілгендігін анықтау үшін, араб-парсы саяхатшы-географтарының еңбектеріне жан-жақты жасауға талпындық.
– Түркістанның күллі Шығыстағы тарихи рөліне, Орта Азия бойынша рухани-мәдени орталық ретінде ерекше орын алатынына баса назар аударылды;
– Түркістанға тек діни көзқараста емес, оған рухани орталық ретіндегі түбегейлі тұжырымды қалыптастыру жөнінде құнды деректер келтірілді;
– жазба деректер археологиялық қазба жұмысы нәтижесінде алынған мәліметтерімен салыстырыла отырып, мәселенің тарихи шындығына көз жеткізу жұмысы;
– қазақ хандығының қалыптасуы кезеңіндегі Түркістан қаласының саяси және рухани астанаға айналу үрдісі, үздіксіз даму динамикасы негізінде терең зерттелді;
– қазақ жерінің отарлық кезеңдегі әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдайы нақты деректер негізінде Түркістан қаласының кейінгі жағдайымен тығыз байланысты баяндалып, халық санасынан Түркістанның саяси және рухани орталық ретіндегі орнын өшіру бағыты үстем болғандығы анықталды;
– Түркістан өлкесіндегі ұлт-азаттық қозғалысты органикалық бірлікте қарастыруы, ол тұтастық қозғалыстың көпұлттық емес, моноұлттық сипатын негіздеу арқылы тарихи құбылысты тар ұлттық мүдде тұрғысынан қарастыру тенденциясы орын алды. Өлкедегі қазақ, қырғыз, түрікмен халықтарының Түркістан ұлт-азаттық қозғалысына тартылуы туралы сюжеттері қарастырылды, осы халықтардың тақырыпқа қатысты бұрынғы-соңғы дереккөздерінің, зерттеу жетістіктері пайдаланылды;
– Түркістан автономиясы бірыңғай жәдитшілік қозғалыстың қол жеткізген түпкі нәтижесі ретінде түркістандық, аумақтық бірегей құбылыс ретінде дараланды.
Зерттеудің қорғауға ұсынылатын тұжырымдары. ХVIII ғасырдың соңы мен ХХ ғасыр басындағы Түркістан қаласының саяси - әлеуметтік тарихы жөнінде мынадай тұжырымдар жасалды.
- Түркістан қаласының тарихына қатысты ғылыми еңбектер тарихнамалық тұрғыдан зерделеніп, оларға талдау көрсетілді;
– Түркістанның күллі Шығыстағы тарихи рөліне, Орта Азия бойынша рухани-мәдени орталық ретінде ерекше орын алатындығы айқындалды;
– қазақ хандығының қалыптасуы кезеңіндегі Түркістан қаласының саяси және рухани астанаға айналу үрдісі, үздіксіз даму динамикасы негізінде нақтыланды;
– Ресей империясының отарлау кезеңіндегі Түркістан қаласының саяси орны мен рөлі анықталды;
– Түркістан өлкесіндегі ұлт-азаттық қозғалыстың ерекшеліктері мен бағыттары сараланды;
– Түркістан Республикасының құрамындағы тарихы өзара байланыстыра дәлелденді.
Зерттеу жұмысының қолданбалық маңызы. Түркістан қаласының тарихы бойынша кеңінен пайдаланылған мұрағаттық және құжаттық деректер, статистикалық көрсеткіштер мен тарихи шығармалар мәліметтері негізінде жасалған кейбір теориялық тұжырымдар мен нәтижелер өлке тарихының аталған кезеңін оқып үйрену барысында жоғары оқу орындары студенттері үшін дәрістік және арнаулы семинар сағаттары кездерінде пайдалануға болады. Өлке тану мәселелерін қарастырғанда, қала тарихымен, кесене, қорымдар мен эпиграфиялық мәліметтерді ізденуші, аспирант немесе ғылыми қызметкерлердің пайдалануына, қолдануына мүмкіндік береді.
Зерттеу жұмысының дерек көзі ретінде мұрағаттық құжаттар, әр түрлі деректік жинақтар мен баспасөз материалдарының жарияланған нұсқалары, ғылыми еңбектердің мәліметтері кеңінен қамтылды. Осындай дерек көздеріне ерте ортағасырдағы Шауғар қаласына қатысты араб географ-саяхатшылары мен тарихшыларының шығармаларына сүйендік. Мысалы, Ал-Истахридің «Китаб-массолик ал-мамолик» (Книга путей государств), Ал-Макдисидің «Асхан ат-такасим фи-марифат ал-акалим» (Лучшее разделение для познания климатов), Ибн Хордадбектің «Китаб ал-масалик ва-л-мамалик» (Книга путей и государств), Ал-Якубидің «Китаб ал-булдан» (Книга стран) мәліметтері ерте ортағасырлық Шауғар қаласының орны жайындағы дерек ретінде пайдаландық. Фазаллах ибн Рузбихан Исфихани еңбегі де, аса қажетті мәліметтер береді. Келесі бір дерек ретінде монғол шапқыншылығынан кейінгі қалалар тарихы Плано Карпини мен Гильом де Рубруктің «Шығыс елдеріне саяхатында» баяндалған.
Захир ад-дин Мухамед Бабырдың, Махмұд Қашқаридің, Құрбанғали Халидтің шығармаларынан біршама мәліметтер алынды. Жеке еңбектермен қатар, жинақтар мәліметі де кеңінен қолданысқа түсті. Олар отандық және шет елдік шығыстанушылар В.Г. Тизенгаузен, А. Ромаскевич, С. Волин, В.В. Беляев, Х.А. Гибб және тағы басқалардың орыс тіліне аударылған жинақтарындағы деректерге сүйендік. Кейінгі Түркістан қаласының Ресей отары кезіндегі тарихына қатысты мәліметтер Түркістан археология әуесқойлары үйірмесінің хаттамаларында молынан кездеседі.
Негізгі деректердің дені Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік мұрағатының қорларынан алынды. Бұл мұрағаттың «Сырдария шебінің басқармасы» (№ 382-қор), «Түркістан қаласының коменданты» (№ 118-қор), «Түркістан бөлімшелік приставтының басқармасы» (№ 145-қор), «Ішкі істер Министрлігінің Түркістан уезі» (№ 119-қор) қорларында сақтаулы деректік құжаттардан Түркістан өлкесіне Ресей билігінің орнауы, оның әскери-әкімшілік құрылымдарының қалыптасуы мен штаттағы қызметкерлерінің сандық және сапалық құрамынан, отарлаушы биліктің саяси, шаруашылық пен переселендердің Түркістан аймағына орналасуына қатысты және басқа да мазмұндағы қызметінен көптеген мәліметтер алуға болады.
Тақырып бойынша деректік құжаттардың құндылығы жағынан Өзбекстан Республикасы Орталық Мемлекеттік мұрағатының қорлары ерекше. Бұл мұрағаттағы «Түркістан генерал-губернаторлығының кеңсесі» (№ 1-қор), «Сырдария облыстық басқармасы» (№ 17-қор), «Түркістан өлкесіндегі оқу орындарының басқармасы» (№ 47 қор), «Түркістан өлкесіндегі оқу орындарының бас инспекторы» (№ 48-қор), «Түркістан сақшылар бөлімі» (№ 461-қор) қорларындағы деректік құжаттардан патшалық биліктің Түркістан жеріндегі әскери-әкімшілік басқару орындарының қызметі туралы маңызды мәліметтер табылды. Мәселен № 461 қордан ХХ ғасыр басында өлкедегі патша өкіметінің жүргізген саясатына қарсы шыққан тарихи жеке тұлғаларға қатысты және ұлт азаттық күресті ұйымдастырушыларға байланысты жандарымдық мекемеге жеткізілген материалдар, № 47 қоры саралағанымызда Түркістан қаласындағы мұсылмандық оқу орындарына ондағы қазақ балаларының санына қатысты көптеген құнды мәліметтер жинадық.
Сонымен қатар көптеген мәліметтерді В.И. Межовтың топтамасы және «Туркестанский сборник» мерзімді басылым беттерінен кездестіреміз. «Военный сборник», «Вестник Европы», «Русский Туркестан», «Туркестанские ведомости» сияқты баспасөз басылымдарында Түркістан қаласы мен өлкесі жайлы аса маңызды деректер келтірілген. Сырдария облысының әскери губернаторының жыл сайынғы есебіне қосымша берілген шолу жинақтарындағы деректер диссертацияның ғылыми құндылығын аша түсуге септігін тигізді.
Зерттеу жұмысының тәжірибелік маңызы және сыннан өтуі. Бұл диссертация жұмысы Отандық тарих ғылымындағы қалалардың орны мен маңызын зерттеуге арналған. Қазақ халқының саяси өмірінде Түркістан қаласының алар орнын шығыстық жазба деректер мен мұрағаттық деректер арқылы ғылыми айналымға енгізе отырып, ХVІІІ–ХХ ғасырлардағы Түркістан қаласының саяси-әлеуметтік тарихын толықтай ашуға талпыныс жасалды.
Зерттеу жұмысының нәтижелері қалалар тарихын өткен кезде тарих факультетінің студенттері, аспиранттары мен қалалар тарихына қалам тартқан өлкетанушыларға пайдалануға болады. Диссертация Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Қазақстанның жаңа заман тарихы бөлімінің мәжілісінде талқыланып, жұмыстың негізгі тұжырымдары мен қорытындылары сараланып, қорғауға ұсынылды.
Диссертацияның негізгі тұжырымдары мен мазмұны «Тұран» университеті, Халықаралық Мамандықтар институты, Қазақ қыздар педагогикалық институтының профессор оқытушыларының дәстүрлі халықаралық ғылыми теориялық конференцияларында баяндалып, талқыға түсті. Сонымен бірге «Қазақ тарихы», «Қайнар университетінің хабаршысы» журналдарында 4 ғылыми мақалалары жарық көрді.
Диссертацияның құрылымы кіріспеден және үш тарау, қорытынды, пайдаланылған деректер тізімінен тұрады.
ЗЕРТТЕУДУІҢ НЕГІЗГІ МАЗМҰНЫ
Кіріспеде тақырыптың өзектілігі негізделенеді, басты деректер көзі көрсетіліп, тарихнамалық шолу жасалады. Жұмыстың мақсаты мен міндеттері, территориялық және хронологиялық ауқымы, теориялық және методологиялық негіздері, ғылыми құндылығы мен практикалық маңызы және сыннан өтіп талқылануы, құрылымы берілді.
«Түркістан қаласы қоғамдық саяси және мәдени даму ордасы» деп аталатын бірінші бөлімінде Кең байтақ Қазақстан территориясындағы ежелгі дәуірден бергі ірі тарихи-мәдени аудандар, отырықшылықтың сипаттамасын көрсетеді. Демек ортағасырлық қалалардың өмірінен хабар береді. Оңтүстік Қазақстан табиғи орыны географтардың атауы бойынша – «Сырдария жағалауының географиялық провинциясы», солтүстігінде – Орталық Қазақстанның далалық аймақтарымен шектелсе, оңтүстігінде – Талас Алатауымен, шығысында – Жуалы тау жоталарымен, ал батысында – Қызылқұм шөлдерімен жапсарлас.
ХІV–ХVІ ғасырлардағы парсы-тәжік, түрік-шағатай тілдеріндегі деректерде Түркістан ұғымы өзінің алғашқы мәніне қарағанда бірқатар өзгеріске ұшырайды. В.В. Бартольд көрсеткен «Түркістан» атауындағы терминологиялық айырмашылық ХV ғасырдан бастап, саяси жағдайға да әсер етеді. Монғол шапқыншылығына дейін Мауераннахр атауы Түркістан ұғымының шеңберінде айтылып келсе, ХVІ ғасырдан бергі кезеңдерде Мауераннахр – тарихи-географиялық және саяси аймақ ретінде Түркістан ұғымынан бөлектенеді.
Қала атының өзгеруімен Түркістанды қазақ иеліктерінің құрамына бекіту, оны Сырдария өңірінің басты қаласы дәрежесіне көтерумен, Оңтүстік Қазақстанның саяси, экономикалық және мәдени өмірінің орталығына айналуымен сәйкес келеді. Бірақ, бұл құбылыс ХVІ ғасырдағы Қазақстанның оңтүстігінде қалалар дамуының дағдарысқа ұшырап, құлдырау кезеңінің басталуымен де қатар жүрді.
Шайбанилер мен қазақ хандары арасындағы ұзаққа созылған соғыстар, қалай болғанда да өлкедегі қалалар өміріне кері әсерін тигізді. Сырдария қалаларының қолдан қолға жиі-жиі өтуі, тиянақты да қатаң биліктің болмауы, тонаушылық пен азық-түлік салықтарының тұрғын халықтың шаруашылығын күйзелтуі, қалалардың бірқалыпты өмірінің негізін шайқалтып кетті. Сонымен бірге, олардың қолөнері және жер өңдеу шаруашылығы өнімдерімен жасайтын саудасына зиянын тигізіп, Қазақстанның оңтүстігіндегі қала тұрмысын дағдарысқа ұшыратты
Қаланың тікелей Түркістан атаулы бекітілуі тек ХVІ ғ. ғана жүзеге асты, бұған дейін Түркістан деп Орта Азияның тарихи облысы аталған болатын. Бұлай деп ирандықтар, Сырдарияның солтүстік жағалауын мекендеген көшпенді түркілер елін атаған. (Түркістан (ел) ир. тіл). Түркілердің жаулап алу жорықтары бұл терминнің шекарасын бүкіл Орта Азия және Шыңжан, Солтүстік Ауғанстанға дейін кеңейтті. Мысалы революцияға дейін былай деп бөлетін: Орыс (Батыс) Түркістаны (Сырдария, Ферғана, Самарқанд, Жетісу, Каспий бойы облыстары енген); Қытай (Шығыс) Түркістаны (Қашғар); Ауған Түркістаны (Памир мен Гиндукештегі өзбектің хандықтары).
Тарихшы Әбілғазы ханның мәліметінде, Есім хан (1598–1628 жж.) Түркістан қаласын Қазақ хандығының астанасы етіп бекітеді және өз билігі тәуелсіз екендігін көрсету үшін осында ақша соқтыра бастайды, бұған қоса тұрғындардан жан басы салығы мен жер салығын жиюды қолға алады. Осы кезден бастап, Түркістан қаласы XІX ғасырға дейін Қазақ хандығының экономикалық орталықтарының бірі және ресми әкімшілік орыны ретінде Ұлы жүз хандығына да, Орта жүз хандығына да қызмет етті.Түркістан ХVІ–ХVІІ ғғ. Қазақ хандығының аты әйгілі қаласына айналды. ХVІ ғасырдың соңында Орыс мемлекеті мен Қазақ хандығы арасында саяси қарым-қатынас орнайды. Қазақ хандығы Ресеймен экономикалық және саяси-экономикалық тығыз байланыс орнатуға тырысты, себебі, Орта Азия билеушілерімен күресте, оған көрші одақтас қажет болды. Бір жағынан жоңғар шапқыншылығы қаупі де күннен-күнге күшейіп келе жатты. Орыс мемлекетіне Қазақ хандығымен байланысты күшейту, Орта Азия және басқа да Шығыс елдерімен байланыстыратын сауда жолдарының қазақ жерлері арқылы өтетін тұстарының қауіпсіздігін барынша нығайту үшін де қажет болды.
ХVІІ ғасырда Қазақ хандығы мен Ресей арасында елшілік қатынасы күшейе түсті. Орыс елшіліктері Қазақ хандығының астанасы Түркістанға келіп түсетін, сонымен бірге Орта Азияға беттеген дипломатиялық немесе сауда миссиялары да Түркістанға тоқтап өтетін болды. Қазақ хандары да Ресейге де өздерінің маңызды тапсырмалары мен елшілерін осы жерден аттандыратын. Кейбір деректердің көрсетуінше ХVІІ ғасырда қазақ далалары арқылы Бұхара мен Хиуадан Ресейге бағыт алған 44, ал орыс патшасынан орта азиялық хандықтарға сапар шеккен тоғыз елшілік тобы өткен. Қазақ хандығынын басты қаласы ретінде Түркістан ХVІІ–ХVІІІ ғасырлардағы орыс жазба деректерінде жиі кездеседі. ХІV–ХVІ ғасырлардағы Иассы (Түркістан) қаласы жайлы атүсті айтылатын деректерге қарағанда орыс жазба деректері қаланың неғұрлым толық сипатын береді, олардың жалпы қала көрінісі, оның бөліктері – бекініс қорғандары, цитаделі т.б. мен архитектуралық ескерткіштері, табиғаты жайлы және т.б. мәліметтерді кездестіруге болады. Ең алғашқы деректер ХVІ ғасыр құжаттарында кездеседі. Бұларға сол заманғы көне карталар, Орта Азия мен Қазақстанның жолдары сипатталатын жол көрсеткіштер, көпестер мен саяхатшылардың жолжазбалары жатады.
ХVІІ ғасырдың 80-ші жылдары жоңғарлар оңтүстіктегі қалаларға бірнеше шапқыншылық жорықтар үйымдастырды. Қонтайшы Қалдан Сайрамды бірнеше рет қоршауға алды, ақыры 1683 жылы басып алып, қиратып тынды.
Қалданның орынын басқан Цеван Рабтан (1699–1723 жж.) Қазақстан территориясын басып алу соғыстарын жалғастырды, ХVІІІ ғасырдың басында жоңғарлар Сарысу өзеніне дейін жетті, Орта жүздің қарауындағы солтүстік-шығыс аймақтарға басып кірді. Түркістан маңындағы Тәуке ханның ордасын «әскери-көшпенді адамдар» қоршауға алады. Тез жиналған халық жасақтарынан құралған күш жоңғар қолдарын қуып тастайды. Бірақ, 1718 жылдың көктемінде, деректердің айтуынша, жоңғар әскерлері Түркістан маңындағы Бөген, Шаян, Арыс өзендері бойында тағы да «қазақтарды қырады». 1723 жылғы «Ақтабан шұбырынды» кезінде жоңғар феодалдары Түркістан, Сайрам, Ташкент қалаларын қазақ жерлерінен бөліп тастайды. 1724–1725 жж. жоңғарлар бұл қалаларды басып алып тонауға көшеді және ішінара қиратып кетеді. Қожа Ахмет Иассауи кесенесі талай ғасырдан бері мұсылманшылықтың алтын бесігі болып келеді. Оны бүкіл қазақ жұрты, түркі әлемі ерекше қасиет тұтады.Қожа Ахмет Иассауи кесенесі – түркі әлемінің рухани орталығы. Барлық түркі әлемінің рухани орталығына айналған Қожа Ахмет Иассауидің ұзақ тарихында дәуірлеген және төмендеген уақыттары болған. Енді әулиенің осы кезеңдеріне қысқаша тоқталайық.Біздіңше, бірінші кезең ХІІ-ХІХ ғасырдың бірінші жартысын қамтиды. Қожа Ахмет Иассауидің қабірі түркі елдерінде ірі діни орынға айналғанын есепке алып, түріктердің арасында ислам дінін одан әрі кең тарату үшін белгілі тарихи тұлға Әмір Темір Қожа Ахмет Иассауидің мүрдесінің үстіне ғимарат салдырып, әулие бабамыздың даңқын бұрынғыдан да жоғарлатуды мақсат еткен. Ол өзінің дәуірлеп тұрған кезінде Самарқан, Бұхара, Хиуа сияқты шаһарларды безендірген, қолдарынан өнер тамған ұсталардың басын қосып, қысқа мерзім ішінде айрықша сәулетті, сұлулығы жағынан теңдесі жоқ күмбезді (мавзолей) дүниеге келтірген.
ХІV ғасырдың аяғында бұл күмбез біткен соң Әмір Темір көреген Әзірет Сұлтанның қорын ұйымдастырып, өзі арнайы қол қойып бекіткен. «Қолхаты» (грамота) жазылған. Бұны – Зафарнаманың, «Жеңіс кітабының» авторы Шараф-ад Дин Әли Мазди растайды. «Қолхатта» Әмір Темір көрегендікпен жаңа біткен ғимарат туралы «ешқашан да, қандай болған жағдайда да сатуға, жекеменшік секілді ұрпақтан-ұрпаққа уақытша немесе түбегейлі біреуге беруге болмайтынын қатты ескерткен».
Белгілі шығыстанушы А. Диваев бұл «Қолхатты» парсы тілінен орыс тіліне тәржімалап, 1901 жылы 17 (30) мамыр айында «Туркестанские ведомости» журналында (№ 39) бастырып шығарған. Бұл «Қолхатты» Қожа Ахмет Иассауи қорығының ережесі мен бағдарламасы деуге болады. Мұнда «Тәңірге мадақ» елшісіне батадан соң, жарылқағыш, күллі халықтардың панасы, шексіз ұлағатты, құлдардың бәріне бірдей қамқор ұлы Алла егер өз құлдарының біріне аса мейірімділік жасап, қайырымдылық қазынасының есігін ашса, таусылмас байлыққа кенелтсе, ондай байлықты құрту үшін көтерілер қолдың табылмайтыныны мәлім болсын. Ұлы жаратушының әділ жазасын, қасиетті һәм тақуа зират иесінің (Әзірет Сұлтанның) араша түсер дұғасын сұрай отырып, хақ жолындағы Сұлтан, шындық пен ақтық сұлтаны діндарлардың басшысы, өз кезінің басшысы, өз кезінің құдіреті күшті әулиесі, өз кезінің аса нұр жауған әулиесі, өте берекелі сұлтан Қожа Ахмет Иасуаи атына бағыштап осы бір қорықтың ірге тасын қалады. Алла тағала оның зиратын өз нұрының сәулесімен жарық етті.
Екінші кезең, отаршылдық жылдар мен Кеңес үкіметінің үстемдік еткен жылдарын түгел қамтиды. Бұл қасиетті орынның басынан өткерген қайғылы-қасіретті кезеңдері жоңғарлардың, Қоқан ханның шабуылдары мен Ресейдің Орталық Азияны отарлаумен тікелей байланысты. Ол үшін мына шындықтарға көңіл аударарлық. «Құдықхананы» 1723 жылы қалмақтар, 1846 жылы Қоқан қолы, 1864 жылы орыс патшасының әскерлері қоршаған кезде, мұнда бекінгендерді құдық суымен қамтамасыз еткен. Соңғы қоршаудың кезінде комплекс оқ астында қалғанда, ескерткішке екі снаряд тиіп, пештақтың көктаспен әшекейленген сырт қаптауын қиратып кеткен.1864 жылы Ақмешіт жақтағы бекіністерден келген орыс әскерлері Түркістан шаһарын алып, Қожа Ахмет Иассауи ғимаратын орыс әскерлерінің азық-түлік дүкеніне айналдырып, оның ішін де, сыртын да үлкен бүлінушілікке ұшыратқан. Кейін, Түркістан генерал-губернаторының тұсында, 1870 жылы бұл күмбез құлайды деген сылтаумен оны бұзуды күн тәртібіне қойған. Бірақ, халықтың наразылығынан сескенген Ресей басқарушылары 1872 жылы күмбезді жөндемекші болып, оның ішіндегі көң-қоқысқа толып қалған жерлерін тазартқан. Арада он жыл өткен соң, 1882 жылы күмбездің шатырын жөндеген болып, оның айналасына тас төсеген, қабырғалардың, қабірлердің опырылған жерлерін тұрғызған, жамаған. Бұдан зияннан басқа пайда болмаған. 1889 жылы мешіттің күн батыс және терістік жақ қабырғаларына тіреужар (контрфорс) орнатылған.Ғасырлар бойы пір тұтып, сиынып келген түркі әлемінің рухани ортасы болған Қожа Ахмет Иассауидің ғимаратын айуаншылықпен күш көрсетіп ойрандаған. Салынған күмбезді бүлдіргені былай тұрсын, миллиондаған мұсылмандарды өздерінің сиынатын рухани орталығынан айырған. Түркістан уезінің басшысы өзінің бақылауына алып, Әзіреттіге көп адамдарды келтіруге тиым салған. Солай болса да Қожа Ахмет Иассауиге сиынушылар жасырынып келуін тоқтатпаған. Бірақ, бұрынғы қалыптасқан әдеттері бұзылып, Әмір Темірдің «Қолхатында» көрсетілген ережелерден еш нәрсе қалмаған. Қорыта айтқанда, Түркістан атауы бүкіл түркі халықтарының тұтастығын танытатын киелі ұғым. Осы күні түркі халықтарының алтын бесігі, құтты мекен – ата қонысы ретінде оның рухани, саяси топтастырушылық маңызы арта түсуде. Алайда мұның бәрі оңайшылықпен келмеді. Қазақ хандығы кезеңінде Оңтүстік өңіріне үнемі шабуыл жасап тұратын жоңғарлардың біржола жойылуынан кейін де бұл өңір халқы бейбіт өмір сүре алмады. Енді Орталық Азия хандықтарының, Түркістан өңіріне Бұқара әмірлігі, Қоқан хандығының шабуылы күшейді.
«Түркістан қаласының ХVІІІ ғасырдың соңы мен ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы саяси әлеуметтік болмысы» атты екінші бөлімінде ХVІІІ ғасырдың соңы мен ХІХ ғасырдың басында Ташкент қаласының аймағы Ортаазиялықтар мен Оңтүстік Қазақстан халқының саяси және әлеуметтік-экономикалық өмірінде ерекше рөлін зерделеу. Ірі саяси орталық және мықты бекіністі қала, әрі екі түрлі шаруашылықтың, егіншілік пен көшпелі ауданның қилысында орналасқан Ташкент ұзақ уақыт тарихи оқиғаларының ортасында болды.
Жоңғар шапқыншылары қуылғаннан кейін 1784 жылға дейін Ташкент аймағын қазақ чингизидтері басқарды. Ташкент және оның өңірін Абылайхан қазақ рулары арасында бөліп берген болатын. Бір-біріне тәуелсіз төрт бөліктен құралған Ташкентті ысты (Бесағаш), қоңырат (Көкше), жаныс (Сибзар), сіргелі, ошақты (Шейхантаур) рулары өзара бөлісті. Наймандармен қуластар Шыназды, жаныс руынан шыққан Төле бидің баласы Ниязбек өз есімімен аталатын бекінісін салады. Бұл бекініс қаланы сумен қамтамасыз етіп тұратын маңызды орынға айналады. Сіргелі руынан Байтебек, Қият руынан Қыбырай деген кісілер де өздеріне бекініс қорғандар салып алады. Жоғарыда аталған Ташкенттегі төрт бекіністі Абылайханның туыстары арасынан қойылған әкімдер биледі: Шейхантаурды Бабахан төре, Бесағашты Раджаббек, Көкшені Мұхаммад Ибрахимбек және Сибзарды Жошы әулетінен шыққан өкіл басқарды.
Олардың арасындағы үздіксіз күрес ХVІІІ ғасырдың 80 жылдарына қарай үдей түскен болатын, 1784 жылы билікті Ташкентті бөліске салған кезде сусыз, тұрмысқа қолайсыздау болған жер үлесі тиген, әрі Абылайхан мен бірге жоңғарларға қарсы күрестерге қатыспаған Шанышқылы мен Қаңлы руларының көмегіне сүйенген Шейхантаур билеушісінің баласы Жүнісқожа өз қолына алып, дербес Ташкент иелігін құрады. Ресейге қосылғанға дейін Ташкент екі рет саяси орталыққа айналады.1810 жылы Сайрамды, Шымкенті және Түркістанды бағындыру үшін 12 мың адамдық әскер жібереді. Әскер құрамына бітістірушілік және миссионерлік міндеттер жүктелген Ташкенттің 50 шақты үлемі енгізіледі. Осы жорықтың барысында қоқандықтарды басқарған тәжік Зухур дуанбегі Сайрамды қоршады, Шымкент қыстағына бекініс салып, онда мылтықпен және екі зеңберекпен қаруланған 200 жаяу және 400 атты әскер қалдырады. Ал Түркістанға жорықты ташкенттік Шыңғыс ұрпағы Салымсақ төре басқарған деген мәліметтерде кездеседі. Ол келіссөздерден кейін түркістандықтарды Әлім бектің билігіне бағынуға көндіріп, оған 90 түйеге артылған сый-сыяпат, соның ішінде «кәмшат терісінен» тігілген тон жіберген.
1813-1814 жылдары қоқандықтар Түркістан қаласының маңындағы мекен Қарнақты басып алады. Қоқандықтардың Түркістанды алу кезіне қатысты мәліметтер әр түрлі. 1813-14 жылдары қоқанда болып қайтқан Филипп Назаровтың айтуынша, бұл 1814 жылы болған, ал барон Е.К. Мейендорфтың пайымдауынша 1815 жылы болған. Алайда қоқан шежірешісі басқа уақытты келтіреді, ол 1816 жылғы 7 сәуір деген уақытты көрсетеді. Түркістанды алу үшін ресми дәлел Омар ханның ақсүйектермен бірге Қожа Ахмет Йасауидің кесенесіне тәуәп етуге деген тақуалық тілегі болды. Хан әскерімен шығып Ташкенттен шығып, Сайрамға келді және Түркістанды басып алуға аруақтардан медет сұрау үшін жергілікті шайхылардың қабірлеріне соқты Содан кейін Түркістанға Ташкенттегі хакім Раджаб құшбегі Бадахшидің бастауы мен 1000 адамнан тұратын таңдаулы әскерін жіберді. Бұл жасаққа Хушвакт құсбегі йуз, Қарахан руынан Ханқожа мир-асад, Лутфаллах Чуст руынан Төрехан мир-асад, Мұхаммед Шәріп аталық және басқалар кірді. Қоқандықтар аттпен үш күн жеделдете жүріп отырып, таң сәріде әскерді қалаға жасырын әкелді. Бекініске білдірмей жетіп, бір-бірінің иғына шығу арқылы, дуалға көтеріліп қақпашыны өлтіру барысында қоқандықтар қалаға басып кірді. Жасырын шабуыл түркістандықтарды қапы қалдырды. Осылайша Түркістан қаласы басып алынып, тонауға түседі. Омар хан Түркістанға келіп, Қожа Ахмет Йасауи кесенесіне мінәжәт етеді. Қаланың басшысы етіп Шайһы-Бадал мырзаны тағайындады. 1815 жылдың ерте көктемінде бірнеше түн бойына Шымкент қаласының биік қорғанында арқан лақтырып, дыбыс шығармай дуалдан асып түсіп, жаттығу жасап жатқан қоқандық жарты мыңдық әскер бір түнде жоқ болды. Сырдың бойымен айналып жүрген олар екі күннен кейін, кештетіп Түркістан маңына жетті. Түн ауа білдірмей дуалдан асып түсіп, күзетшілерді бірінен соң бірін бауыздап тастады.
Бұхаралықтар жаудың келгенін сыртқы қақпаның сықырлап ашылғанынан бір-ақ білді. Төрт қақпа бірінен соң бірі ашылып, қала берілді. Түркістан қаласының билеушісінің өзі Бұхараға қашып құтылады.
Қазақ, қырғыз арасындағы қоқандықтардың беделін күрт өсірген олардың бүкіл түркі жұрты үшін қасиетті саналатын Түркістан қаласына иелік етуі еді. Түркістан шаһарының ХІХ ғасыр басында қоқандықтар қолына өтуі олардың қазақ, қырғыз арасындағы діни-саяси беделін күрт өсірді. Халық арасында «Әзірет сұлтан қаласы», я болмаса «Әзірет Түркістан» деп ардақталған бұл қала ХІХ ғасырда да түркі жұртының иман бірлігінің символы ретіндегі рөлімен ерекшеленеді, сондықтан да Түркістанға билік жүргізу бүкіл түркі жұртын ықпалында ұстау және халықаралық беделге ие болудың белгісі іспетті еді. Сол үшін ортаазиялық хандықтардың қай-қайсысы болмасын киелі Түркістан үшін кез-келген құрбандықтарға дайын болатын. Қоқанның Омар ханы 1816 жылы түркі мұсылман дүниесіне белгілі Түркістанды басып алу құрметіне 70 ақсарбас қойды құрбандыққа шалып, өзін «әмір әл-муслимин» (діндарлардың әмір) деп жариялап, бүкіл мұсылман халифы саналатын Стамбулдағы Түркі сұлтанына сүйінші хабар айтып, елші жіберді. Қоқандықтар Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне жөндеу жұмыстарын жүргізіп, қасиетті жәдігерліктің сақталуына да көңіл бөлді. Түркістанға ең беделді дінбасылар басқаруға жіберілді. Осылайша қоқандық дінбасылар хандар қолындағы идеологиялық қару болды. Түркістан қаласының негізгі тұрғындары болып сауда адамдары, қолөнершілер және егіншілер саналды. Қалалықтар басқа да Қоқан қалалары халқы сияқты айырбасқа негізделген, ішкі саудамен және қолөнерімен кең түрде айналысты. Қолөнер кәсіпшілігі ұсақ шеберханалардан тұратын, олар жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдерін ғана өңдеумен айналысты және бұл тұрғын халықтың сұранысын толық қанағаттандыра алған жоқ. Сыртқы сауда тиісті дәрежесінде дамыды деуге болады. Қоқан хандығы, сыртқы сауда рыногында Батыс Монғолиямен, Шығыс Түркістанмен, Бұхарамен, Хиуамен және Ресеймен тығыз байланыс орнатты.
ХІХ ғасырдың бірінші жартысында азаттық жолындағы көрнекті күрескер, Саржан сұлтан 1832 жылы Сотник Потанин отряды мен шайқастағы сәтсіздіктерінен соң, ташкент құшбегімен одақ құрып, патша өкіметіне қарсы күресуге бел байлады. Ташкенттік билеуші де оның ұсынысын құп алып, Саржанды әкесімен және бауырларымен құшақ жая қарсы алды. Қоқандықтармен күш біріктіре отырып, Саржан патша өкіметіне қарсы 1832-1834 жылдары белсенді күрес жүргізді.
Арысы Әзірет сұлтан, берісі қазақ хандары мен игі жақсыларының сүйегі жерленген және атасы Абылайдың үш жүздің ханы болып сайланып, ақ киізге көтеріліп, елге танылған жері – Түркістан Кенесары ханды да бей-жай қалдырмаған. Халық жадында сақталып қалған «Бұқарбай батырдың әңгімесінде» Кенесары батырларының Түркістанды қоршауға алғаны айтылады. Мұрағаттық құжаттарда Кенесарының өзіне жақын тұтқан адамы Өкілді 20 адаммен Түркістанға жіберіп, қоқандықтардың өзі туралы пікірін білуді сұрағаны айтылады.
Түркістан үшін күресте қоқандықтармен Кенесары хан да келісімге келе алмағаны белгілі. 1841 жылы Сыр бойына келген Кенесарының әскерлері қоқандық бекіністерді бірінен соң бірін алып, Түркістанға тақап келуі ханның ел алдындағы беделін өсіріп жібергені соншалықты, Қоқан ханы Кенесарыға мәңгілік одақ құру туралы ұсыныс жасауға мәжбүр болады, алайда, Кенесары мұндай келісімнен бас тартып , қазақ жерінің қайтарылуын талап етедіКенесары Түркістан төңірегіндегі қоқандық бекіністерді алуда Бұхар, Хиуа хандықтарымен келісім шарттар жасасты. Мысалы, Созақ бекінісін алуға бұхарлық әскерлер де қатысқан. Кенесары әскерлерінің Түркістанды, Ташкентті қоршап, бірақ ала алмай,кері қайтуына ел ішіне безгек тигені себеп болғаны белгілі.
«Түркістан қаласының патшалық Ресейдің отарлық жүйесіндегі тарихы» атты үшінші бөлімінде Отарлық езгіге ерте душар болған қазақ халқының отаршылдыққа қарсы күресі жайында қаралады. Сырым Датұлы, Исатай-Махамбет, Жанқожа Нұрмағанбетұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілістер халқымыздың отарлық саясатқа қарсы қарулы күрестерінің жарқын мысалы болды. Ал, XIX ғасырдың ортасында Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліс алға қойған мақсаты, күрес тәсілдері және Қазақстанның барлық аймақтарын қамтуымен шын мәніндегі ұлттық масштабтағы қозғалыстың үлгісіне айналды. Қарулы күрестің бұндай мол тәжірибесі Казақстандық ұлт-азаттық қозғалысқа ерекше кемелдік сипат берді. ХІХ ғасырдың екінші жартысында Оңтүстік аймақтарды патшалық Ресейден қорғауда Кене ханның ісін оның баласы Сыздық сұлтан жалғастырған болатын. Сондай-ақ патша саясатының Қазақстанды бағындыру, түптеп келгенде оны отарға айналдыру кезіндегі әдістерді айқындау – басты мақсат болып табылады. XIX ғасырдың 60-шы жылдарындағы Ұзынағаш шайқасындағы жеңіс Ресей империясының Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азияны жаулап алуына жол ашқан болатын. Бұл туралы кезінде Түркістан генерал-губернаторы Фон Кауфман: «Ұзынағаш соғысындағы жеңісіміз, біздің бүкіл Орта Азияны жаулап алудағы жеңісіміздің анасы болды» - деген еді.Қоқанға қарсы шабуыл екі бағытта бірдей жүргізілді: Сырдария линиясының Перовскі фортынан полковник Веревкиннің отряды Түркістанға, Сібір линиясының Верный бекінісінен полковник М.Г. Черняевтің отряды Әулие-Атаға қарай қозғалды. М.Г. Черняевтің отряды 4 маусымда Әулие-Атаны шабуылмен алады да, Шымкентке қарай жылжиды. Веревкиннің отряды 1600 адаммен және 10 зеңбірекпен, 22 мамырда Перовскі фортынан шығып, Түркістан қаласына қарай жүрді.
Бұл кезде Кенесары ханның да ұрпақтары екіге жарылып бірі орысты қолдаса екіншісі Қоқан жағында болуды қалады. Тайшық пен Ахметтің Ресей жағына өткен кезінде Сыздық сұлтан «ата-бабамның ақжолын тастап, орыстарға қол қусырып отыра алмаймын» - деп келіспей, Әулиеата, Түркістан, Шымкент қалаларын орыстардан қорғауға қатысты.
Осы кездегі Түркістан бегі Мырза Дәулетке келсек қарамағындағы қарулы тұрғындарды қоспағанда бір жарым мыңдық қана әскері бар еді. Бұл кезде Сырдария шебінен аттанған полковник Веревкин әскері Түркістан қаласын қоршайды, Түркістан қаласының қошауда екенін естіп, Сыздық сұлтан көмекке жүз жиырма сарбазын бастап келеді. Сыздық бастаған сарбаздар Түркістан қаласын қорғауда ерлік көрсетіп, қала дуалының астын үңгіп қопаруға әзірленіп жатқан орыс әскерін тойтара алды. Сонда-ақ ашық айқасқа шығып Веревкин басқарған әскерді әбігерге түсірді. Қасиетті Түркістан қаласын қорғауда Сыздық ерлігімен еліне осылай танылған болатын. Мұнда ескерер бір жайт Түркістанды орыс әскері қоршаған кезде қала халқының екіге жарылуы да қаланың орыстар жағына өтуіне жағдай жасады. Осының нәтижесінде Жанти Өтепов үш күнгі қоршаудан кейін, қала қақпасын орыстарға ашып берді. 12 маусымда Түркістан қаласын басып алған орыс әскерінің шығыны 5 адамы қаза тауып, 33 адамы жараланды. Түркістан қаласын басып алғаны үшін Веревкинге генерал-майор шені берілді.1864 жылдың шілдесінде генерал М.Г. Черняев бастаған орыс әскерлері Шымкентті алуға келіп, қаладан жиырма-жиырма бес шақырымдай жердегі Алтынтөбе, Ақбұлақ, Көкбұлақ маңында Әлімқұл молда басқарған қоқандық 20 мыңдық атты әскермен кездесіп, соғысуға батпай, кейін шегінді. Бірақ, соның өзінде, кей деректерге қарағанда екі арадағы қақтығыстардың өзінде қоқандықтардан 3 мыңдай адам өлген, жараланған. Осы жерде орыс әскерлеріне қарсы соғысты ұйымдастыруда Сыздық сұлтан тағы да ерлігімен көзге түскен.
1864 жылдың қыркүйегінде Черняев отряды Шымкентті алды да, Сырдария мен Сібір линиялары қосылды. Ұлы жүздің де Ресейге қосылуы толық аяқталды.
1865 жылдың ақпанында Жаңа-Қоқан линиясы таратылып орнына Орынбор генерал-губернаторлығының Түркістан облысы құрылды, 1867 жылғы сәуірде Түркістан облысы жеке бөлініп шықты, әкімшілік жағынан аймақ үшке - орталық, оң және сол қанатқа бөлініп басқарылды.1868 жылдың 11 маусымында Түркістан облысы Сырдария, Жетісу облыстарынан құралған Түркістан генерал-губернаторлығына бірігіп, орталығы Ташкент қаласы деп белгіленді. Түркістан Сырдария облысының бір қаласына айналып, Түркістан облысы әкімшілік аймағы ретінде күшін жойды.Сырдария облысы Құрамлы, Ходжент, Шымкент, Әулие-Ата, Перовскі, Қазалы, Жизақ уездерінен құралды, ал 1872 жылы Жизақ уезі таратылып, орнына Түркістан қаласы орталығы болып бекітілген осы аттас уезд құрылды.
Түркістан уезінің аумағы 50 шаршы шақырым, солтүстіктегі шекарасы Шу өзені, Саумал көлмен дәлірек айтқанда Ақмола облысының Сарысу уезімен шектесіп, батысында Саумалкөлдің оңтүстік жағалауымен Жабай көлге дейін, одан Ақсүмбе және Перовскі уезінің шекарасындағы Сунақата бекінісінің ескі орнымен, оңтүстігі Перовскі уезінің Төлтартпа деген жерінен Сырдарияға дейін созылды. Сыр бойымен Шымкент уезіндегі Арыс өзеніне дейін, солтүстік шығысқа қарай Шілік қышлағымен, Шошқа көлмен, Шолақ қорған және Шу өзеніндегі Көкмоламен шекараласып жатты.1886 жылы 12 маусымынан бастап күшіне енген Түркістан өлкесін басқару ережесіне сәйкес, жойылған Түркістан оязының орнына, Сырдария облысының Шымкент ояздығы құрамындағы Түркістан бөлімшесі (участок) құрылды. Түркістан бөлімшесінің құрамына 16 болыстық кірді. Олар – Ақтөбе, Жылыбұлақ, Қарнақ, Қаратау, Қаракөл, Иқан, Құршу, Ноғайкөр, Көкшекім, Сарыөзек, Хантау, Шағатай, Шілік, Шу, Созақ, Жаңасу және Түркістан ақсақалдығы (Түркістан қаласындағы). Түркістан қаласының бүкіл шаруашылығы мен әкімшілік жағын, Түркістан қалалық приставы қадағалады [22, 14 п.]. Ресей Түркістанды жаулап алғаннан бастап, өлкеде құрылған жергілікті билеу аппараттары бұл мәселеге қалай қарады, деген сұрақ туындайды. Әрине, өлкені басқару үшін құрылған Түркістан генерал-губернаторлығы өзінің билік құрылымы, атқару функциясы жағынан әскери отаршыл әкімшілік болып, өзіне қарасты облыстар көлемінде шексіз билікті иемденді. Сондықтан да көшіп келген шаруаларды Түркістанға қоныстандыру мәселесіне әскери-саяси тұрғыдан қарады.
Түркістанға келіп қоныстанған орыс қоныстарын қаруландыру туралы әскери мекемелерге алғаш пікірлер айтып, ұсыныстар жасаған Сырдария облысының әскери губернаторы Н.И. Гродеков болды. Ол Ресейдің сыртқы және ішкі стратегиялық мүддесі үшін «орыс қоныстарын» қаруландырудың маңызды екендігін, мақсаты – байырғы әскери күштерді нығайтып, отаршылдық езгіні күшейте түсу еді. Отаршыл әкімшілік Түркістанды күшпен билеп, қаруландыру бағыттағы саясатынан тайған жоқ. Ресей империясының өкіметі жер қайысқан әскерлерін қаптатып, Түркістанды жаулап алғанда, оның байырғы тұрғындары - өзбектер мен қырғыздарды, қазақтар мен қарақалпақтарды, тәжіктер мен түрікмендерді жарылқап тастайын деп ойлаған жоқ еді, «алысты көздейтін, кең көлемді мақсаттарының» бастылары: Орта Азияның мақтасы мен жемісін, қазба байлықтарын, өнеркәсіп үшін қажетті шикізат атаулының бәрін пайдалану, шығыс шекарасын кеңейтіп, Ауғанстан, Үндістан, Қытай жұрттарына баратын жолды қысқарта түсу еді.Отарлау саясаты тұрғысынан Ресейдің Орталық губернияларында тығыз отырған халықты, Түркістанға әкеп қоныстандыруға тырысты. Жаулап алушылар Түркістанды өз иелігіне айналдырды. Орталық Ресейден Түркістанға ағылып келу басталды. Әсіресе 1905-1907 жылдары Ресейдің оңтүстік губернияларында көтеріліс шығарған крестьяндардың басым көпшілігі Түркістанға: қоныстандырылды. Бұл жерде олар бұрынғы қаналушылардан енді жергілікті халықтың жеріне келгеннен кейін тез арада «қанаушы помещикке» айнала бастады. Езілген үлттың өкілдерінен енді олар езіп отырған ұлы державалық «шынайы орыстың» басып-жаншуды жақтаушыларға айналды. Патша өкіметі бұларды өзінің отарлық өктемдігін жүргізу үшін тірек ретінде пайдаланды. Отаршылдық талан-таражға көшпенділер, әсіресе қазақтар қатты ұшырады. «Түркістанның барлық жері орыстар мүнда келгенге дейін ханның меншігі» деп есептелінетін. Соған орай «Түркістанды және Далалық занды» жасаушылар (яғни, отаршыл шенеуніктер) жаңадан алынған, оның ішінде жеке меншікпен алынған жерлерді патшаның иелігі деп тапты. Түземдіктерге жерді тек қоғамдық түрде пайдалануға ғана құқық берілді.Бірінші дүние жүзілік соғыс кезінде Түркістан генерал-губернаторы Куропаткин өзі басқаратын өлкеден майданға 1916 жылғы қыркүйектен – 1917 жылғы қаңтарға дейін 125 эшелонмен 123 мың 305 жұмысшы аттандырған, оның 101 мың 600 адам Европалық Россияға, ал Кавказға 7 мың 401, Сібірге 4 мың, қалған 10 мың 304 адам Түркістандағы жұмыстарға қалдырылды.
1916 жылғы Түркістандағы ұлт-азаттық қозғалысын патша өкіметі аяусыз басып, жаншыған кезде демократиялық топтар үкіметке қарсы оппозиция құрып, талқылады. Осы мәселе бойынша ресми баяндама дайындау үшін Түркістанға арнайы сапармен келген депутат эсер Л.Ф. Керенский және фракция жетекшісі К.М. Тевкелевпен бірге мұсылман фракциясының хатшысы Мұстафа Шоқай да болады.
1917 жылы қарашада Қоқанда саны жағынан төртінші болып табылатын жалпымұсылмандар съезі шақырылды. Бұл съезде Түркістанды мекендейтін халықтардың өзін-өзі билеу еркін білдіре отырып, Түркістанды Федеративті Демократиялық Ресей республикасына біріккен территорялық автономия деп жариялады.Қорытындыда диссертацияның мазмұнынан туындайтын ойлар жүйеленіп, тұжырымдар нақтыланды.Түркістан дегенде күллі түрік тағзым етіп, иісі ислам бір елеңдеп қалып жатады. Оның себебі – кезінде бір тамырдан өсіп-өніп, кейіннен Сыр Ана сағасында енші алысқанда қара шаңырақ – Түркістан қазақта қалғандықтан да түркі ағайындар Түркістанға кие тұта зор сүйінішпен қарайды.
2000 жылы Түркістан қаласының күллі Шығыстағы тарихи рөлін, Орта Азияның тарихи, рухани, мәдени әлеміндегі орынын жете бағалаған Республика Президенті ЮНЕСКО арқылы халықаралық деңгейде Түркістан қаласының 1500 жылдық тойының аталып өтілуіне басты назарын аударды. Бұл тек қазақ елінің ғана емес, бір кездерде көне Тұран мемлекетін құрған өзге түркі жұртшылығының да үлкен мерекесі болды. Елбасы Н.А. Назарбаев сол кездегі Түркістан қаласының мерейтойлық салтанатына қатысушыларды құттықтап тұрып: «Түркістан - ұлттық бостандығымыз бен елдігіміздің ақ ордасы, Киелі Түркістан дүние тұрғанша тұрсын!», - деген үлкен ой толғанысын білдірген еді.

ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

1 Касымбаев Ж.К. История возникновения и развития дореволюционного Семипалатинска (1718-1917): Автореферат дисс. ... к.и.н. (07.00.02). – Алматы, 1970. –25 с.; Герасимова Э. История г.Уральска в дореволюционный период (1613-1917): Автореферат дисс. ... к.и.н. (07.00.02). – Алматы, 1965. –25 с.; Табылдиев Х.Б. История социалистического Гурьева (1917-1937): Автореферат дисс. ... к.и.н. (07.00.02). – Алматы, 1973. –23 с.; Абдрасилов А. История г.Джамбула в 1917-1940 гг.: Автореферат дисс. ... к.и.н. (07.00.02). – Алматы, 1984. –24 с.; Мухамбетов Х. Дореволюционный город Верный и его регион. –Алматы, 1972; Тесноков Н. Уральску 350 лет. –Алматы, 1963; Ишмурзин У.Ю. Здравохранение в г.Джамбуле (1864-1917 гг.) // Здоровье Казахстана. –№ 10. –Алматы, 1967; Касымбаев Ж.К. Семей – көне қала // Білім және еңбек. - № 3. -Алматы, 1969.
2 Рычков П.И. Топография Оренбургской губернии / Соч. П.И. Рычкова. - Оренбург, 1887. – С.15.
3 Бекчурин М. Туркестанская область. Заметки статического советника Бекчурина. - Казань, 1872. - С.52, 55-56; Гейнс А.К. Путешествие в Туркестан. Дневник 1866 г. // Собрание литературных трудов А.К. Гейнса. - СПб., 1898. -Т.2. - С. 266.
4 Ахмеров Г.Н. Надписи мечети Ахмеда Ясави // Известия Общества археологи и этнографии при Казанском университете. - Казань, 1886. - Т.3. -Вып. 6. - С.132; Диваев А. Из области киргизских веровани. Баксы как лекарь и колдун // Известия общ. археологии, истории и этнографии при Казанском университете. - Казань, 1899. - Вып. 3. - Т.ХV. - С.4; Лыкошин Н.С. Очерк археологических изысканий в Туркестанском краев до учреждение Туркестанского кружка любителей археологии // Среднеазиатский вестник, 1896. - № 7, 9; Маллицкий С.Г. Историко-архитектурное значение мечети Хазрета Яссевийского в г. Туркестане // ПТКЛА, 1907 (1906-1907), 12, протокол № 1 от 27.ІІ. 1907 г. - С.6-28.
5 Бартольд В.В. Туркистан в эпоху монгольского нашествия / Соч. -М., 1963. -Т.1. - С.234; Добромыслов А.И. Города Сыр-Дарьинской области: Казалинск, Перовск, Туркестан, Аулие-Ата и Чимкент. - Ташкент, 1912.
6 Семенов А.А. Мечеть Ходжи Ахмеда Ясевийского в Туркестане. Результаты осмотра в ноябре 1922 г. // Изв. Средазкомстариса. - Ташкент, 1926. - Вып.1. - С.130; Савельева Т.В. Охрана и изучение древностей Казахстана Туркомстарисом // Прошлое Казахстана по историческим источникам. - Алма-Ата, 1976. - С.233.
7 Массон М.Е. О постройке мавзолея Ходжа Ахмета. -Ташкент, 1930. - С.4.
8 Бернштам А.Н. Проблемы древней истории и этногенеза Южного Казахстана // Известия АН КазССР. - Серия археол. - 1950. - Вып.2. - С. 72-82.
9 Агеева Е.И., Пацевич Г.И. Из истории оседлых поселений и городов Южного Казахстана // Труды ИИАЭ АН КазССР. - Алма-Ата, 1958. -Т.5. - С.3-215; Немцова Н.Б. Археологические раскопки у комплекса Ходжа Ахмеди Ясави (1958 г.) // Известия АН КазССР. - Серия истории, археологи и этнографии, 1961. - Вып. 1(15). - С.91-104.
10 Сенигова Т.Н. Керамика городища Туркестан из верхного строительного горизонта (ХVІІ-ХVІІІ вв.) // Археологические памятники Казахстана. -Алма-Ата, 1978. - С.171-187; Бурнашева Р.З. Клады медных монет из г.Туркестана // Культура древних скотоводов и земледельцев Казахстана. -Алма-Ата, 1969. - С.58-68; Ерзакович Л.Б., Нурмуханбетов Б., Ордабаев А. Подземное погребальное сооружение в Туркестане // Археологические исследования в Отыраре. - Алма-Ата, 1977. - С.59-72; Марьяшев А.Н., Мотов Ю.А. Крепостные стены позднесредневекового Туркестана // Известия АН КазССР. -Сер. общ. наук, 1982. - Вып. 1. - С.40-46.
11 Смагулов Е. А. Новые археологические данные к исторической топографии городища Туркестан // Исторические чтения памяти М.П. Грязова. Тезиси докладов. - Омск, 1987. - С.166-169; Адильгиреев Б.Х. Исследовательские работы по изучению археологических памятников материальной культуры. Инв. N 96. - С.13; Итенов А.О. Археологические исследования в охранной зоне музея-заповедника «Азрет-Султан» в г.Туркестане. Фрагменты застройки некрополя. Отчет. - Алма-Ата, 1993. Рукопис. Архив НИПИ памятников материальной культуры. Инв. N 6. (НИПИ - Научно-исследовательский проектный институт памятников материальной культуры).
12 Шашаев А.К. Исследования городища Чуйтобе. Маргулановские чтения. Тезисы. - Петропавловск, 1992. - С.110; Байпаков К.М. Средневековая городская культура Южного Казахстана и Семиречья (VІ - начало ХІІІ в.). - Алма-Ата: Наука, 1986. – С.256; Жолдасбайұлы С. Ежелгі және орта ғасырдағы Қазақстан: (Ерте дүниеден ХVІ ғ. дейін). -Алматы: Ана тілі, 1995. - 176 б.
13 Смағұлов Е., Тұяқбаев М. Түркістанның ортағасырлық тарихы. -Түркістан: Мұра, 1998. - 52 б.; Смағұлов Е., Григорьев Ф., Итенов О. Очерки по истории и археологии средневекового Туркестана. – Алматы: Ғылым, 1998. - С. 232; Тұяқбаев М. Түркістанда жерленген тарихи тұлғалар. - Алматы, 2000. - 96 б.; Туякбаева Б.Т. Эпиграфический декор архитектурного комплекса Ахмеда Ясави. - Алма-Ата: Өнер, 1989. - 176 с.
14 Дербісәлиев Ә. Қазақ даласының жұлдыздары (тарихи-филологиялық зерттеу). - Алматы: Рауан, 1995. - 233 б.; Ерофеева И.В. Краткие исторические сведения о казахских ханах умерших и похаронных в г. Туркестане (ХVІІ-ХVІІІ вв.). Архив музея «Азрет Султан». - Инв. № 101.
15 Сафаров Г. Колониальная революция. (Опыт Туркестана). - Алматы: Жалын, 1996. – С. 272; Галузо П.Г. Туркестан - колония. - Москва: Наука и Просвещение, 1929. – С.164.; Колониальный восток // Социально - экономические очерки. Под. ред. А. Султан-Заде. - Москва: Новая Москва, 1924. - С. 354; Асфендияров С.Д. История Казахстана с древнейших времен. - Алматы: Казкрайиздат, 1935. - Т.1. - С. 262.
16 Асылбеков М.Х. Железнодорожники Казахстана в первой русской революции (1905-1907 гг.). – Алма-Ата, Наука, 1965. – С. 181.; Бекназаров Р. Оңтүстік Қазақстан тарихының очерктері (ХVІІІ –ХІХ ғғ.). – Алматы: Ғылым, 1977. – 329 б.
17 Нұрпейіс К. Алаш һәм Алашорда. –Алматы: Атабек, 1995. – 256 б.; Қоңыратбаев О. Тұрар Рысқұлов. Қоғамдық саяси және мемлекеттік қызметі. Түркістан кезеңі. –Алматы: Қазақстан, 1994. – 447 б.; Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы. –Алматы: Санат, 1995. – 368 б.
18 Прилуцкий С.А. Национально-государственное строительство в Советском Туркестане. 1918-1920 гг.: Автореф. дис. ... к.и.н. (07.00.02). –Ташкент, 1991. - 26 с.; Садықов Х.Д. Колониальная политика царизма в Туркестане и борьба за национальную независимость в начале ХХ века: Автореф. дис. ... д.и.н. (07.00.02). – Ташкент, 1994. -25 с.; Кошанов С.А. Большевики в Туркестане: (1918-1922). Доктрина и реальность: Автореф. дис. ... д.и.н. – Москва, 1995. - 28 с.; Худайкулов А.М. Просветительское деятельность джадидов Туркестана (конец ХІХ – начало ХХ вв.): Автореф. дисс. ... к.и.н. – Ташкент, 1995. - 24 с.; Ташкулов Д. Основные направления политико-правовой мысли народов Узбекистана второй половине ХІХ – первой четверти ХХ вв.: Автореф. дис. ... д.ю.н. –Ташкент, 1995. - 26 с. и другие.
19 Шалекенов У.Х Түркістан. Тұранның көне астанасы // Қазақ тарихы, 1997. -№3. -29-32-бб.
20 Мажитов С.Ф. Проблемы истории, теории и историографии народно-освободительного движения ХVІІІ-начале ХХ вв. в Казахстане. - Алматы, 2007. – С. 350.
21 Махаева А.Ш. Қазақ-қырғыз саяси байланыстарының тарихы (ХҮІІІ ғасырдың екінші жартысы-ХХ ғасырдың бас кезі). –Алматы: «Ценные бумаги», 2007. – 357 б.
22 ҚРОММ. 119-қ., 1-т., 119-іс, 3-п.

ДИССЕРТАЦИЯ ТАҚЫРЫБЫ БОЙЫНША ЖАРИЯЛАНҒАН МАҚАЛАЛАРДЫҢ ТІЗІМІ

1. Түркістан // Қазақ тарихы, 2004. - № 1. - 57-59-бб.
2. Түркістан аймағындағы қалалардың даму барысы // Қайнар университеті. Хабаршы. - 2004. - № 1. - 4-9-бб.
3. Түркістанның шығу тарихы // Қазақ тарихы. - 2004. - № 3. -77-79-бб.
4. Түркістан тарихы – тәуелсіздік бастауы / Қазақстан Республикасы тәуелсіздігіне – 10 жыл: мақсаттар мен жетістіктер. 2001 жыл, 18-19 мамыр. Халықаралық ғылыми конференция материалдары. – Алматы: «Тұран» университеті. -141-143-бб.
5. Түркістан – ұлттық бостандығымыз бен елдігіміздің Ақ ордасы. Халықаралық ғылыми конференция материалдары. 2001 жыл, 25-26 мамыр. – Алматы: Халықаралық Мамандықтар институты. -218-220-бб.
6. Әйел затының – тарихи қоғамдағы рөлі. 2001 жыл, 30 қазан. Халықаралық ғылыми конференция материалдары. –Алматы: Қазақ қыздар педагогикалық институты. - 7-10-бб.
7. Түркістан қаласы / Ташкент иелігі мен Қоқан хандығы құрамында // Қазақ тарихы. - № 6. -119-12- бб.

РЕЗЮМЕ
на авторефератдиссертации на соискание ученой степени кандидата
исторических наук по специальности 07.00.02-Отечественная история
(История Республики Казахстан)

БЕРДЕНОВА КАНЗАДА АБДУМАНАПКЫЗЫ

Социально-политические роблемы истории г.Туркестан
(конец ХVІІІ - начало ХХ вв.)

Диссертационная работа посвящена проблемам истории г. Туркестан конца ХVІІІ –начала ХХ в.в. В работе впервые исследуется история г. Туркестан, его общественная и политическая жизнь, культура рассматриваемого времени. Исследование истории г. Туркестан имеет огромное значение в отечественной истории, так как этот город долгое время являлся исторической родиной тюркских государств и по праву считается первой столицей Казахского ханства.
Цель исследования - на основе новых исторических данных и анализа трудов арабо-персидских и европейских путешественников исследовать политическое движение того времени с точки зрения современного научного подхода, определить роль этих исторических событий в мировой истории.
Объект исследования. Научная работа посвящена проблемам истории г. Туркестан в конце ХVІІІ – начале ХХ в.в., исследованию и определению его роли как духовного и культурного центра казахского народа.
Научная новизна работы состоит в том, что впервые анализируется история развития г. Туркестан в широком социально-политичском контексте. Также исследованы мемориальные комплексы и хранилища, исторические монументы и артефакты того времени. Работа написана на основе анализа научных трудов и источников, сопоставления данных переписей населения, ежегодных статистических материалов и архивных документов, часть которых впервые вводится в научный оборот. В диссертационной работе:
- проанализированы труды арабо-персидских путешественников-географов с целью определения истоков г. Туркестан, его эволюции до уровня города;
- исследована историческая роль г. Туркестан в конце ХVІІІ – начале ХХ в.в. как духовного и культурного центра Средней Азии в целом Востока;
- приведены убедительные доказательства того, что г. Туркестан является не только религиозным, но и духовным центром;
- исследованы социально-экономическое и политическое состояние г. Туркестан в период колониальной политики Российской империи. Вместе с тем детальному анализу подвергнута история г. Туркестан в колониальный период.
Теоретическая и практическая значимость исследования. Архивные и документальные данные, статистические показатели и теоретические концепции, которые были получены в результате исследования истории г. Туркестан, могут быть использованы в качестве дополнительного материала для изучения региональной истории. Основное содержание работы можно использовать в преподовании истории Казахстана на исторических факультетах и в общеобразовательных школах.
Методы исследования. Работа написана на основе принципов и современных подходов по методологии истории. Так же были использованы такие основные методологические принципы и методы историзм, систематизация, сопоставительный анализ и др.
Структура работы. Диссертация состоит из введения, трех глав, шести разделов, заключения, списка использованной литературы и приложения.
Во введении обоснована актульность темы, сделан историографический обзор, определены цели и задачи, научная новизна, практическая значимость, теоретические и методологические основы исследования.
В первой главе рассматривается история города, углублено и комплексно исследуется история автохтонного населения Туркестана.
Во второй главе рассмотрено значение популярности святыни Ходжа Ахмеда Ясави, которая принесла широкую известность Туркестану и превратила город вместе с близлежащими селениями в крупнейший религиозный центр. Проанализирована сфера влияния Туркестана на Среднюю Азию и другие регионы включая Сибирь.
В заключении содержатся выводы по рассматриваемой проблеме и основные результаты исследования.
Степень внедрения. Основные результаты и тезисы диссертационного исследования были апробированы на международных и республиканских конференциях, а так же научных изданиях. В результате исследований по теме диссертации опубликовано 4 научных статей.
Область применения. Основные результаты исследования можно использовать в преподавании истории в высших и общеобразовательных учебных заведениях Республики Казахстан. Основные теоретические положения работы можно использовать при разработке спецкурсов и спецсеминаров по истории Казахстана ХVІІІ – ХХ в.в.

SUMMARY
Dissertation for the Scientific Degree of Candidate of Historical Sciences
on the Speciality 07.00.02 – Domestic history (History of the Republic of Kazakhstan)

BERDENOVA KANZADA ABDUMANAPKYZY

POLITICAL AND SOCIAL PROBLEMS OF HISTORY OF TURKESTAN CITY (THE END OF XVIIICENTURY – THE BEGINNING OF XX CENTURY)

Dissertation work is devoted to problems of history of Turkestan of the end of XVIIIcentury – the beginning of XX century. Turkestan city’s history, its public and political life, culture of given time is researched in the work for the first time. Research of history of Turkestan is of great importance in our domestic history as this city was the historical native land of all Turkich states for long time and is assumed as first capital of Kazakh khanate. The aim of the research is investigate a formation and development national-liberation movement in the Turkestan city in the end of XVIIIcentury - in the beginning of XX century on the basis of new historical data and the analysis of the Arabic-Persian and European travellers’ works. It is to assess the political movements of that time from the point of view of the modern scientific approach, and as well as to define a role of these historical events in world history.
Object of the research. Scientific work is devoted to problems of history of Turkestan city in the end of XVIIIcentury - the beginning of XX century, to research and definition of Turkestan city’s role in the end of XVIIIcentury - the beginning of XX century as spiritual and cultural center of Kazakh people.
Scientific novelty of the work. History of Turkestan city’s development is analyzed from the beginning of ancient times and Middle Ages for the first time, including the period when this city was under the dominion of totalitarian regime of Russia. Memorial complexes and storehouses, historical monuments of that time are researched. The work is written on the basis of the analysis of scientific studies, comparison of the population census data, annual statistical materials and archival documents, a part from which is entered into research-and-development activities for the first time.
In the dissertation work:
• the Arabic-Persian traveller-geographers’ works are analyzed for definition of sources of Turkestan city, its evolution up to a city’s level;
• historical role of Turkestan city as spiritual and cultural center of all East and Central Asia in the end of XVIIIcentury - the beginning of XX century is researched;
• important evidences that Turkestan city is not only religious, but also the spiritual center are produced;
• social and economic, political condition of Turkestan city when it was under the dominion of Russia’s totalitarian regime are researched.
Theoretical and practical importance of the research. Archival and documentary data, statistical parameters and theoretical concepts received as a result of the research of history of Turkestan city can be used as an additional material of studying of regional history. Basic contents of the work can be used in teaching history of the Kazakhstan at historical faculties of higher school and in secondary school.
Methods of research. The work is written on the basis of dialectic-materialistic methodology. Such basic methodological principles as a historicism and systematization have been used. Structure of the work. The dissertation consists of introduction, two chapters, six sections, conclusion, list of used literature and the appendix.
In introduction it is proved a urgency of the theme, the historiographical review is made, aims, tasks, scientific novelty, practical importance, theoretical and methodological bases of the research are defined.
In first chapter the history of city is considered, the history of local population of Turkestan is deeply and fully researched.
In second chapter an importance of popularity of a sacred place of Hodzha Ahmed Yasavi, brought wide popularity to Turkestan and transformed city together with neighboring settlements in the largest religious center is considered. The sphere of its influence both on Central Asia and to Siberia is analyzed.
In the conclusion there are the summaries on a considered problem and the basic results of the research. Degree of application. The basic results and theses of the dissertation research have been approved at International and Republican conferences, and also in scientific editions. 5 scientific articles are published on the basis of the scientific work.
Area of application. The basic results of the research can be used in teaching the history of Kazakhstan at historical faculties of the higher school and in secondary school. The basic theoretical conditions of work can be used at development of special courses and seminars on history of the Kazakhstan in XVII-XX centuries.

 

  Қазақ тіліндегі рефераттар - Тарих


Яндекс.Метрика