1. Рефераты на казахском
  2. Тарих
  3. Туркистан элитасы

Туркистан элитасы

Автореферат диссертации
Түркістан ұлттық элитасының қалыптасуы мен қызметінің тарихы (1900-1924 жж.)
ӘОЖ 958 4(584 5) : 947. Д83
Қолжазба құқында

 

 

 


Тұрсұн Хазретәлі Маханұлы

 

 

Түркістан ұлттық элитасының қалыптасуы мен қызметінің тарихы (1900-1924 жж.)

 


07.00.02 – Отан тарихы
(Қазақстан Республикасының тарихы)

 


Тарих ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның

АВТОРЕФЕРАТЫ

 

 

 

 

Қазақстан Республикасы
Алматы, 2007

Жұмыс Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты мен Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Қазақстан тарихы кафедрасында орындалды.


Ғылыми кеңесші:
ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы,
профессор К.Н. Нұрпейіс

Ресми оппоненттер:
ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы,
профессор Асылбеков М.А.

тарих ғылымдарының докторы,
профессор Әбжанов Х.

тарих ғылымдарының докторы,
профессор Озғанбай Ө.

Жетекші ұйым:
ҚР БҒМ Ғылым комитетінің
Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты


Диссертация 2007 жылы ”____ “ _______________ сағат ______ ҚР БҒМ Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының (050010, Алматы қаласы, Құрманғазы көшесі, 29) тарих ғылымдарының докторы (кандидаты) ғылыми дәрежесін беру жөніндегі ОД 53.33.01 Диссертациялық кеңес мәжілісінде қорғалады.


Диссертациялық жұмыспен ҚР БҒМ Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының қолжазбалар қорында танысуға болады.

Автореферат 2007 жылы “___ ” ______________таратылды.


Диссертациялық кеңестің ғалым хатшысы,
тарих ғылымдарының кандидаты Қ.С. Алдажұманов

 

 


КІРІСПЕ
Тақырыптың өзектілігі. Қазақстанның тәуелсіз дамуы уақыт өткен сайын қарқын алып, ұлттық, жалпыадамзаттық және демократиялық құндылықтар мен ұстанымдар негізінде биік мұраттарға бағыт түзеп келеді. Елімізде әлеуметтік-экономикалық, саяси-құқықтық реформалардың іске асырылуы мәдени-рухани өмірімізге жаңа сипат, тың мазмұн берді. Сондай түбірлі өзгерістер тарих ғылымының әлеуметтік қызметіне де ықпал жасады. Осыған байланысты Нұрсұлтан Назарбаев “Тарих дегеніміз өткеннің ғана сабағы емес, ол едәуір дәрежеде болашақтың да көрінісі,” “қазақ тарихы фактілердің өлі қоймасы емес, бұл өзі орасан зор дәйектеуші және дәлелдеуші күш” [1] деп атап көрсеткен болатын. Бұл тұжырым еліміздің алдында тұрған қоғамдық сананың жаңару үдерісіндегі тарих ғылымының кешенді міндеттерін айқындайды.
Тәуелсіздік жылдары отандық тарих ғылымының мазмұны тоталитарлық жүйенің идеологиялық ықпалынан арылуымен бірге тәуелсіздік идеологиясының әдістемелік негізінде тарихи дамудың ақиқат болмысын қалпына келтіру бағытында түбірлі жұмыстар атқарылды. Дегенмен, мемлекеттік маңыз алған осы бағытта әлі де терең ғылыми талдау жасап, концептуалдық тұрғыда қайта қарауға тиісті мәселелер мен тақырыптар жеткілікті.
Отандық тарихтың мазмұнын байытып, осы кезге дейін қалыптасқан тарихи таным жүйесін қайта қарауда дәстүрлі тоталитарлық жүйенің әдістемелік негіздерінен бас тарта отырып, оны алмастыратын тың негіздер батыл тұрғыда іздестіріліп, зерттеу барысында қолданысқа енгізіліп келеді. Қоғам дамуының заңдылықтарын айқындап, тарихи үдерістерге баға беруде элита теориясы ұтымды тәсіл ретінде шетелдік қоғамдық ғылымдарда сәтті қолданыс табуда. Таптық қағидаларға балама позиция ұстанатын бұл концепция әзірге отандық тарих ғылымында іргелі зерттеу жұмыстарына негіз бола қойған жоқ.
Отан тарихының ең күрделі де түйінді нысаны болған Түркістан тарихы, әсіресе оның ұлттық-мемлекеттік мәжелеуге дейінгі кезеңі белгілі деңгейде зерттелгенімен бұл тақырып концептуалды тұрғыда терең қарастыруды қажет етеді. Өйткені ғылыми зерттеу бағыттары алдыңғы қатарға шығарып отырған күрделі тарихи үдерістердің себеп, салдарлы байланыстарын, ортақ заңдылықтары мен ерекшеліктерін айқындау ғылыми зерттеу жұмыстарында тың әдістемелік тәсілдерді қолданып, жаңа бағыттарды игеруді қажет етеді. Осындай ерекшеліктерге байланысты тақырыптың мынадай өзектілігі айқындалады:
- біріншіден, патшалы Ресейдің Қазақстанның оңтүстігі мен Орта Азияны отарлауы нәтижесінде құрылған әкімшілік-мемлекеттік бірлік ретінде Түркістан генерал-губернаторлығы мен кеңестік негіздегі Түркістан автономиялы республикасының тарихы отандық тарихтың ажырамас құрамды бөлігі ретінде үнемі назар аударуды қажет етеді. Тарихи жағдайлармен Түркістанға қосылған қазақ елі мен жерінің ұлттық мемлекеттілігімізді қалыптастырудағы маңызы өте зор. Жарты ғасыр әкімшілік-территориялық оқшаулық жағдайында бұл өлкеде патшалық, кеңестік биліктер отарлық тәртіпке тән озбырлықпен еркін ой-сананы бұғаулап, ұлттық рухани болмысты деформациялау саясатын жүргізді. Бұл саясат, әсіресе, өлкеде мемлекеттік билік құрылымдарының қалыптасуы мен ұлттық элита жүйесінің орнығуындағы кереғарлықтардан айқын байқалды.
Осыған байланысты өлкеде ұлыдержавалық шовинизмге қарсы кең өріс алған түркілік бірлік идеясы мен кеңестік тәртіптің ұлттық-территориялық межелеу арқылы ұлт республикаларын құру саясаты да тәуелсіздік идеологиясы талаптарына сай дәстүрлі тұжырымдардың ықпалынан арылып қазіргі заманғы әдістемелік тұрғыда қайта бағалауды қажет етеді.
- екіншіден, ХХ ғасыр басындағы дүниежүзілік ұлт-азаттық қозғалыстың Ресей отарындағы аймақтық көріністері түрінде пайда болып, даму барысында дербес саяси құбылыстарға айналған Түркістан ұлт-азаттық қозғалысы мен Алаш қозғалыстары да қазіргі кезде тарихи ойдың қызығушылығын оятып отыр. Қазақстан мен Орта Азия республикалары тәуелсіздігінің бастауында тұрған бұл қозғалыстарды бірін-бірі толықтыратын біртұтас ортақ құндылықтарымен және бірін-бірі қайталамайтын ерекшеліктерімен дара құбылыстар ретінде қарастыру қажеттілігі айқын сезіліп отыр. Бұл мәселеге элита теориясы тұрғысынан назар аударылар болса онда тарихи танымның игілігіне айналатын соны нәтижелерге қол жеткен болар еді. Өйткені, бұл қозғалыстардың идеялық сабақтастығы мен бағдарламалық мақсаттарының сәйкестігі үйлестіруші факторларының ортақтығымен бірге олардың басқарушы элита өкілдерінің де саяси көзқарасы мен рухани-мәдени ұстанымдарының ортақтығынан туындап жатты. Бұндай саяси, мәдени-рухани ортақ ұстанымдардың негізділігі қазіргі бауырлас мемлекеттер арасындағы интеграциялық ықпалдастықты одан әрі өрбітуге жаңа тыныс береді. - тақырып өзектілігінің үшінші қыры – қазіргі заманғы тарихи таным тәсілдерінің бірі ретінде элита теориясы концепциясын қолдану мүмкіндігінен туындайды. Еліміздің тарихи Ресей мен Кеңес Одағы құрамындағы даму факторларының жүйесінде саяси басқару факторы маңызды орын алып келді. Бұл жағдай мемлекеттік басқарудың субъектісі болған саяси элитаның рөлін арттыра түседі. Түркістан өлкесінде іске асырылған кез-келген модернизация осындай себептермен “жоғарыдан төменге“ қарай бағытталғаны белгілі. Тоталитарлық билік қоғамдық дамудың эволюциялық ырғағына қарсы жүргізген саясаты терең әлеуметтік, саяси күйзелістерге ұрындырғандықтан да осының бәріне тікелей жауапты билік басындағы басқарушы элитаның қоғамдық құбылысқа айналған болмысын тану қажет-ақ. Осы міндетті шешуде жаңа әдістемелік тәсілдің маңызы арта түседі деп есептейміз.
Қазіргі әлеуметтік-экономикалық қайта құрулар мен бұрынғы кезеңдегі элитаайналымы үлгісінің түбірінен өзгергеніне қарамастан саяси элита бұрынғысынша еліміздегі саяси үдерістің маңызды факторы болып отыр. Соңғы кездегі саяси, әлеуметтік талдаулар көрсетіп отырғандай елімізде қалыптасқан мемлекеттік билік құрылымдарында саяси элита өзінің ролін нығайтып келеді. Бұл үдерістің алдағы уақытта да жалғаса түсетін тенденциясы байқалуда. Дәстүрлі қоғамдағы әлеуметтік институттардың билік құрылымдарын қалыптастыруда ұстанған құндылық бағдарлары қазіргі кезде де маңызын жойған жоқ [2]. Демек қоғамдық өмірде саяси элита ықпалының артуы Қазақстанда элитақалыптастырушы үдерістердің генезисін тарихи деректік материалдар негізінде концептуалдық тұрғыда зерттеудің маңыздылығы тақырыптың барынша өзекті екендігі танытады.
Бұл себептерге қосымша айтармыз, ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде Түркістанның қоғамдық-саяси тарихын ғылыми ойдың тезінен өткізіп, тәуелсіздік идеологиясы талаптарына сай қайта қарау отандық тарихнамадағы олқылықтардың орнын толтырады деп есептейміз.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Қазақ қоғамындағы саяси-әлеуметтік құбылыстар элита теориясы тұрғысында осы кезге дейін жеке тақырып ретінде зерттелген жоқ. Ал Қазақстан тарихында жан-жақты ғылыми негізделген әдістемелік тәсіл ретінде бұл аталған үлгінің қолданылмағандығы белгілі. ХХ ғ. басындағы Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының тарихнамасы аса қомақты, соның ішінде ұлттық элитаның қалыптасуы мен қызметіне қатысты зерттеулер сипаты, мазмұны жағынан өте күрделі болды. Тақырып тарихнамасының күрделі сипат алуының бірнеше себебі бар.
Біріншіден, Түркістан ұлт-азаттық қозғалысы өзінің бағдарламалық мақсаттары, қызмет аясы, әлеуметтік-саяси негізі, тіпті ұйымдық құрылымы бойынша әлемде теңдесі жоқ қайталанбас ерекшеліктері мол тарихи құбылыс болатын. Сондықтан ол құбылыс аймақтық оқшаулауға көнбейтін, әлемдік ұлт-азаттық қозғалыспен саяси-идеялық тұрғыда сабақтасып жатты. Міне, осы күрделі сипат жүргізілген зерттеу жұмыстарының барынша әралуандығына негіз болды.
Тақырыптың зерттелуіне күрделі сипат берген екінші себеп – қоғамдық-саяси көзқарастар жүйесінің өзгермелігінен туындайды. Кеңестік қоғам тарихнамасы біртұтас жүйе ретінде қарастырылғанымен оның өзі қоғамдық-саяси құндылық бағдарламаларының өзгеруіне байланысты тұтас кезеңдерге жіктелсе, сол кезеңдер концептуалдық тұрғыда жекелеген ағымдарға таралып кетеді. Демек, әр кезеңнің, әр ағымның тақырыпқа қатысты зерттеулерінің деректік, әдістемелік негізі әртүрлі болғандықтан олардың арасында бір-біріне қарама-қарсы бағалар да кездеседі. Бұндай жағдайда мәселені кешенді түрде қарастырып, тарихи тұрғыда салыстыра бағалау қажеттігі туады.
Тақырыптың зерттелуіндегі ең түйінді деп есептеген үшінші себеп - зерттеу жұмыстарында қолданылған теориялық-әдістемелік тәсілдердің сипатымен айқындалады. Тақырып тарихнамасының қомақты бөлігін құраған кеңестік тарихнамада маркстік таптық-формациялық әдістеме тарихи танымының негізі болған еді. Бұл кезеңдегі қоғамдық ғылымдарда ғылыми зерттеудің элита теориясына орын болмады. Оның есесіне әлемдік ғылыми ойда бұл таным тәсілі қоғамдық-саяси құбылыстар мен тарихи оқиғаларға талдау жасап, ғылыми баға беруде батыл қолданып келеді. Ал идеологияланған кеңестік тарихнама оған “буржуазиялық қоғамның” кезекті сәтсіз тәжірибесі деген баға беріп қойды. Содан да кеңестік тарихнамадағы элитаға қатысты ой-пікірлерді ауқымды зерттеулердің арасынан біртіндеп іздеуге және ұқсас мәнді тұжырымдар мен концепцияларды элитологиялық қағидаларға сай талдап, тақырыпқа қарай “бұрып әкелуге” тура келеді. Демек, осы кезге дейін қолға алған тақырып концептуалды тұрғыда дербес зерттеле қоймағандықтан да алға қойған міндеттерді шешу ғылыми зерттеуді барынша мұқият жүргізуді қажет етеді.
Тақырыптың жаңа тарихи таным тәсілімен игерілуі жоғарыда айқындалған себептерді негізге алып, арнайы тарихнамалық талдау жасау міндетін алға тартады. Осы кезге дейін элита тақырыбының отандық тарихта жеткілікті дәрежеде қарастырылмауы тақырыптың зерттелу деңгейін айқындауды кешенді түрде жаңа көзқараспен жүргізуге итермелейді. Содан да зерттеу жұмысының мазмұнында бұл мәселе арнайы қарастырылды.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Диссертациялық зерттеу жұмысы ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі Түркістан ұлт-азаттық қозғалысы тарихындағы ұлттық элитаның қалыптасуы мен қызметін жаңа теориялық-әдістемелік концепция негізінде қарастыруды мақсат етіп қояды. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін мынадай міндеттер белгіленеді:
-элита теориясына қатысты әлемдік ақыл-ойды тарихнамалық тұрғыда талдау және жүйелік тәсілмен зерттеу;
-“элита” категориясын тарихи-әдістемелік танымның нысаны ретінде негіздеу;
-Түркістан қоғамындағы элитақалыптастырушы факторларды айқындау және жіктеу;
-дәстүрлі, ұлттық элита мен партиялық-мемлекеттік номенклатураның қалыптасу үдерісіне талдау жасау;
-кеңестік реформаларды іске асырудағы ұлттық элитаның қызметіне баға беру;
-ұлттық элитаның жеке құрамы мен олардың арасындағы саяси ағымдарды айқындау;
-Түркістан ұлт-азаттық қозғалысындағы ұлттық элитаның басшылық қызметін талдау;
-кеңес өкіметінің жергілікті ұлт өкілдерін саяси, мемлекеттік құрылымдар басшылығына тартудағы топтық, әлеуметтік шектеу тетіктерінің сырын ашу;
-Түркістандағы Алаш қозғалысы Оңтүстік қанатының қызметі туралы тұжырымды одан әрі тереңдету.
Диссертацияның ғылыми жаңалығы. Отандық тарихта теориялық-әдістемелік тұрғыда Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының тарихы алғаш рет элита теориясының әдістемелік негіздері бойынша қарастырылды. Осы кезге дейін тақырыптың бұл аспектісі отандық және шетелдік тарихшылар тарапынан қолға алынбаған болатын. Осыған байланысты зерттеу жұмысының мынадай маңызы мен жаңалықтарын атап көрсетеміз:
-алғаш рет шет елдік және отандық элита теориясына қатысты зерттеу жұмыстарына жүйелі түрде тарихнамалық талдау жасалып, қалыптасқан ой-пікірлердің мектептері мен ағымдары қарастырылды;
-отандық тарихта тарихи таным тәсілі ретінде ғылыми-зерттеу жұмыстарында элита теориясының әдістемелік мүмкіндіктерін қолданудың алғышарттары айқынды;
-нақты тарихи жағдайда элитақалыптастырушы саяси, әлеуметтік, рухани және этникалық факторлардың өзара байланысы жүйеленді;
-Түркістанның тарихи қоғамдық-мемлекеттік жүйелеріндегі элита айналымының саяси, әлеуметтік тетіктері жіктеліп, олардың ортақ белгілері мен ерекшеліктері ажыратылды:
-Түркістан жағдайында орныққан кеңестік қоғамның тоталитарлық жүйесінің билеуші тобына айналған партиялық-мемлекеттік номенклатураның қалыптасуы мен қызметіне талдау жасалды;
-ұлттық элитаның жоғарғы және орта буын өкілдері жеке құрамының сипатты ерекшеліктері айқындалып, олар ұлттық мүддеге қатысты әрекеттеріне қарай топтастырылды және олардың саяси көзқарастары мен қоғамдық ұстанымдары бір ізге түсірілді;
-қоғамдық-мемлекеттік билік институттарының қоғамды модернизациялау саясатына қатысты ұлттық элитаның ұстанған позициясы мен ықпал етуші қызметіне баға берілді;
-Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының негізгі кезеңдеріндегі ұлттық элитаның басшылық қызметтеріне және ұлттық күштердің арасындағы саяси ағымдарға талдау жасалды;
-партиялық-мемлекеттік номенклатураның элитаайналымының тетігі ретінде қолданған жоғарылату тәсілінің таптық сипаты мен саяси мазмұны жан-жақты сараланды;
-Түркістан ұлттық элитасы қызметі арқылы Алаш қозғалысының Оңтүстік қанаты жасырын жағдайда 1924 жылға дейін қызмет жасағандығы жөнінде концепция негізделді.
Тақырыптың хронологиялық шеңбері. Түркістан ұлттық элитасының қалыптасуы мен қызметінің тарихы тақырыбының хронологиялық кезеңінің бастауы 1900 жыл болып белгіленді. Өлкеде отарлық билік толық орнап, оның мемлекеттік билік құрылымдары қоғамдық, саяси, экономикалық модернизациялау міндеттерін іске асыруға шұғыл кірісуі ұлттық саяси элитаның қалыптасуы мен қызметін осы кезден бастауға негіз болады. Түркістан ұлт-азаттық қозғалысында қарулы күрестен бас тартқан ұлттық элита саясат сахнасына саяси күрес идеяларын алып шықты. Ал Орта Азиядағы ұлттық-территориялық межелеу әкімшілік, саяси бірлік ретінде Түркістан ұғымын тарих қойнауына жіберді. Ендігі жерде ұлттық элита қызметі жеке ұлттық мемлекеттер аясында қарастырылатын болғандықтан тақырыптың зерттеу кезеңі 1924 жылмен шектелді.
Диссертацияның практикалық құндылығы ретінде элита теориясының әдістемелік қағидаларын басшылыққа алып, бай деректік материалдар негізінде жасалған негізі тұжырымдар мен қорытындыларды, алынған нәтижелерді ғылыми еңбектер, оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдар дайындауға, сол сияқты әлеуметтік-гуманитарлық бағыттағы болашақ доктор, магистр, бакалавр мамандары үшін отан тарихының теориялық және әдістемелік мәселелеріне байланысты арнайы курстар дайындауда қолданылатындығын айтуға болады. Сол сияқты зерттеу жұмысында қалыптасқан әдістемелік тәсілдер ұлттық элита өкілдерінің қоғамдық-саяси қызметін жан-жақты зерттеп, тарихи таным нысанына айналдыруға мүмкіндік береді.
Диссертациялық жұмыстың деректік негізі. Отандық тарихнамада элитаға қатысты арнайы зерттеу еңбектердің болмауы және тәуелсіздік жағдайындағы тарихи таным қағидалары мен ұстанымдардың өзгеруі тақырыптың деректік негіздерін сұрыптаудың біршама күрделі сипатын айқындайды. Осыған байланысты зерттеу жұмысының деректемелік негіздері бірнеше бағытқа топтастырылды. Атап айтқанда:
- патша өкіметінің Түркістан өлкесі мен Далалық облыстарға қатысты реттеуші заңнамалық құжаттары;
- кеңес өкіметі мен үкіметінің, Коммунистік партия мен басқа да ұйымдардың Түркістан Республикасы мен Қырғыз (Қазақ) автономиялы Республикасына қатысты шешімдері мен қаулы-қарарлары;
- Түркістан өлкесі мен қазақ облыстарында жарық көрген мерзімдік басылымдар;
- тақырыптың хронологиялық ауқымы шегіндегі қоғамдық-саяси, тарихи оқиғаларды айғақтайтын түрлі кезеңдердің міндетін арқалаған құжаттық деректердің жинақтары;
- ұлттық элита өкілдерінің жарық көрген мемуарлық туындылары мен шығармаларының жинақтары.
Деректік негіз ретінде архив материалдары кеңінен пайдаланылды. Атап айтқанда Ресей мемлекеттік қазіргі заманғы саяси тарих архивінің (РГАСПИ) В.И. Ленин қоры (Қ.2), Халық Комиссарлар Кеңесі және Еңбек пен Қорғаныс Кеңесінің төрағасы В.И. Лениннің хатшылығы (Қ.5), РК(б)П ОК Саяси Бюросы (Қ.17), РК(б)П ОК Туркбюросы (1920-1921) (Қ.61), БК(б)П ОК Ортаазиялық бюросы (Қ.62), БОАК пен РКФСР ХКК Түрккомиссиясы (Қ.79), БОАК пен РКФСР ХКК Түркістан істері жөніндегі комиссия (Қ.122), П.А. Кобозев (Қ.133) қорлары, Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік архивының (ҚРОМА) Жетісу облыстық басқармасы (Қ.44), Уақытша үкіметтің Жетісу облыстық комиссариаты (Қ.Р-13), Верный, Әулиеата, Қазалы, Түркістан, Шымкент уездік басқармалары (Қ. 41, 140, 267, 119, 124) қорларында жинақталған деректік материалдар қамтылды. Ал Қазақстан Республикасы Президентінің архивындағы (ҚРПА) Халық Комиссарлар Кеңесі (Қ.14), Қырғыз Өлкелік партия комитеті (Қ.139), Қазақ Өлкелік партия комитеті (Қ.141) және Саяси қайраткерлердің естеліктері (Қ.811) қорларында ұлттық элита өкілдерінің 1924 жылдан кейінгі қызметтеріне қатысты мол құжаттық деректер талдау нысанына айналды.
Сол сияқты зерттеу мақсатына сай Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік Комитетінің және Қызылорда облыстық Ұлттық қауіпсіздік Басқармасы архивтерінің қорларындағы жекелеген тұлғаларға қатысты істердің деректері пайдаланылды.
Зерттеу тақырыбының негізгі нысаны болғандықтан басты дереккөзі ретінде Өзбекстан Республикасы Орталық Мемлекеттік архивының Түркістан генерал-губернаторының кеңсесі (Қ.1), Сырдария облыстық басқармасы (Қ.И-17), Сырдария облыстық соты (Қ.И-127), Түркістан Республикасы ОАК (Қ.17), Түркістан Республикасы Халық Комиссарлар Кеңесі (Қ.25), Түркістан Республикасы Ағарту Халық Комиссариаты (Қ.34), Түркістан Республикасы Ұлт істері жөніндегі Халық Комиссариаты (Қ.36), Түркістан Республикасы Кәсіподақтардың Орталық Кеңесі (Қ.735) қорларының, сонымен бірге Өзбекстан Республикасы Президентінің архивындағы ТКП Ферғана обкомы (Қ.25), ТКП Сырдария обкомы (Қ.56), ТКП Орталық Комитеті (Қ.60), ТКП Самарқанд обкомы (Қ.68) қорларының материалдары дереккөз ретінде қолданылды.
Аталған архивтерден қарастырылған құжаттар мен деректік материалдар авторға зерттеу барысында патша өкіметі мен кеңес өкіметінің және РК(б)П Орталық Комитетінің, оның Түркістандағы өкілетті органдары Түрккомиссия, Түркбюро, Ортаазиялық бюроның, жергілікті партия, кеңес органдарының ұлттық кадрларды билік құрылымдарына тартудағы қызметін талдап, оған ғылыми баға беруге мүмкіндік жасады.
ХХ ғ. алғашқы ширегінде жарық көрген қазақ тілді “Қазақ” (Орынбор), “Сарыарқа” (Семей), “Бірлік туы”, “Сана”, “Ақ жол”, “Шолпан” (Ташкент), өзбек тіліндегі “Улұғ Туркистон”, “Кенгаш”, “Хуршит”, “Наджот”, “Турон”, “Тарракий”, “Ойна” (“Айна” –Х.Т.) басылымдарында ұлттық элита өкілдерінің қоғамдық-саяси, әлеуметтік экономикалық мәселелерді көтерген құнды мақалалар жарық көрді. Ұлттық идеяның, тәуелсіздік идеологиясының қалыптасу эволюциясын анықтап, элита қызметіне баға беруде бұл деректемелік негіздің маңызы ерекше. Сол сияқты осы кезде Түркістанда шығып тұрған “Туркестанские ведомости”, “Туркестанский курьер”, “Туркестанское сельское хозяйство”, “Туркестанский вестник”, “Известия” (Түркатком мен ТКП ОК органы) басылымдарында өлкедегі қоғамдық-саяси үдерістің мазмұнын айқындайтын құнды деректер жарияланды.
Кеңес өкіметі мен Коммунистік партияның Түркістандағы қызметін бейнелейтін орасан зор көлемдегі саяси құжаттарды бұл күнде деректік құндылық ретінде қарастырудың маңызы үлкен. Сол сияқты партия, кеңес қайраткерлерінің еңбектері де тақырып мазмұнын ашуда маңызды дереккөз болмақ.
Осы аталған материалдарды талдау барысында, әсіресе, ресми құжаттарда кеңестік саяси жүйе мен оның басқару құрылымдарының, партиялық- мемлекеттік номенклатураның қалыптасуы мен қызметін идеологиялық тұрғыда біржақты бағалау ағымы үстем болғандығы бірден көзге ұрады. Ол құжаттарда кеңестік басқарушы таптың қалыптасуындағы олқылықтар мен кемшіліктер мүлдем аталмайды. Сондықтан да бұл құжаттарды сыни көзқараспен талдап, оның мазмұнын басқа құжаттардың дәйегімен салыстыра, саралай пайдалануға тура келді.
Тақырыптың құнды дереккөзі қатарында Түркістан ұлттық элитасы шоғырындағы М. Тынышпаев, С. Лапин, М. Бехбуди, Мұнауар Қари, М. Шоқай, Н. Төреқұлов, Т. Рысқұлов, С. Асфендияров, Ф. Хожаев, С. Қожанов, З. У. Тоған және т.б. қайраткерлердің мақалалары мен еңбектері, естелік жазбалары пайдаланылды. Сонымен бірге Түркістандағы саяси қозғалыспен тығыз байланыста болған Алаш қайраткерлері Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Қ. Кемеңгеров, Ж. Досмұхамедов, Х. Досмұхамедов, М. Жұмабаев, Ж. Аймауытов, М. Әуезовтердің шығармашылық мұраларында тақырып мазмұнын айшықтайтын деректер көптеп кездеседі.
Аса елеулі деректік база ретінде отандық және шетелдік архивтердің бұрын қол жетпейтін қорлардағы құжаттардың жарияланымы болды. Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Президентінің архивы дайындаған жинақтар және Алаш қозғалысына қатысты құжаттардың жинақтарымен бірге Москваның «РОСПЭН» баспасынан жарық көрген жинақтар дереккөз ретінде кеңінен қолданылды.
Зерттеудің теориялық және әдістемелік негізі. Тақырыптың теориялық- әдістемелік негіздемесі диссертацияда арнайы қарастырылды. Зерттеу барысында талдау және жинақтау, индукция мен дедукция, тарихи-салыстырмалы, жүйелік – құрылымдық, теориялық таным, модельдеу мен типтендіру сияқты жалпы ғылыми, философиялық, әлеуметтанушылық, тарихи зерттеу тәсілдері қолданылды. Оның үстіне саяси тарихты зерттеу ғылымнан өткен күннің тарихи-саяси және әлеуметтік-мәдени дәйектерінен ой қорытқанда барынша шынайы болуды, саяси–идеологиялық феномендердің көптүрлі және қарама-қайшылықты жағдайын ескеруді талап ететін болғандықтан тарихи тәсілдерді қолдана отырып, ұлттық элита қызметін бағалауда зерттеу нысанасының көпнұсқалығы, олардың өзара байланысы мен ішкі тәуелділігі сияқты ерекшеліктер ескерілді. «Тарихты қайта жазып шығу» қағидасы емес, дәстүрлі тарихи танымдағы білімдерді толықтыратын, теріске шығаратын немесе қуаттайтын тың деректер мен тұжырымдар ұсыну қағидасы басшылыққа алынды.
Ұлттық элитаның қалыптасуы мен қызметі туралы теориялық танымымыз бен ұстанымдарымыздың қалыптасуына идеялық және әдістемелік тұрғыда елеулі ықпал жасаған және іргелі теориялық еңбектері басшылыққа алынған авторлар қатарында С. Зиманов, Р.Б. Сүлейменов, М. Қозыбаев, К. Нұрпейіс, М. Қойгелдиев, Х. Әбжанов, Т. Омарбековтерді атаймыз.
Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар:
-Қазақ мемлекеттігі құрылымының тарихи мәселелеріне теориялық талдау жасаудың элитологиялық концепциясы қоғамдық дамудағы саяси-әлеуметтік факторлар мен этникалық рухани үдерістердің өзара ықпалынан туындайтын ерекшелікті ескеруді қажет етеді;
-ұлт-азаттық күресі ең басты элитақалыптастырушы фактор болғандықтан осы рухта қалыптасқан ұлттық элита құрамы мемлекеттік басқаруда қарымдылық таныта алмады; оның бір айғағы - Кеңес Одағы құрамындағы ұлттық мемлекеттік құрылымды айқындауда ұлттық элита өкілдерінің қоғамды модернизациялаудың орнына полиэтникалық негізде Түрік Кеңестік Автономиялық Республикасын құру туралы жасаған саяси әрекеттері тарихи дамудың талаптарына жауап бере алмады; осы мәселеге байланысты Түрккомиссияның әрекеті біржақты шовинистік сипатта түсіндіріліп келді;
-Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының қозғаушы күші ретінде кеңестік тарихнамада европалық саяси партиялардың, европалық үлгідегі элитаның қызметіне басымдық берілсе соңғы жылдардағы тарихнама керісінше жәдитшілік, мұсылмандық, түркілік негіздегі қоғамдық ұйымдар мен партиялардың, ұлттық элитаның қызметін жоғары қояды, содан да өзінің әлеуметтік, саяси және ұлттық негіздері барынша әртекті, ортақ мақсатқа жұмылдыратын тұрақты үйлестіруші факторлары да сан-алуан болып келетін күрделі құбылысқа сол үдерістердің ұйымдастырушысы болған элита қызметі арқылы баға беру барынша объективті нәтижелерге қол жеткізеді;
-мемлекеттік билік құрылымдарының қалыптасуы мен билеуші топтың қызметін зерттегенде таптық-формациялық теория мен элита теориясы бір-біріне бара-барлығына қарамастан, оларды бірден-бір оңтайлы тәсіл деп қабылдауға болмайды, өйткені қарастырылатын мәселенің мәні олардың арасындағы бірін-бірі теріске шығаратын теориялық алғышартқа қатысты емес, барлық түйін - әлеуметтік ақиқатты танудың тарихи өлшемінің өзгеруінде;
-элита теориясы ғылыми таным тәсілдерінің жиыны қатарында қазіргі заманғы саясаттану, әлеуметтану ғылымдары мен арнайы ғылымдардың арасындағы іргелі теориялық-әдістемелік тәсілге айналып отыр. Тарихи таным мәселесі ретінде элита концепциясы әдістемелік алғышарттарының бастауы қоғамның тұрақты билік құрылымдарының қағидалары мен басқару институттары қызметінің тұтастығын қамтамасыз ететін жеке тұлғаның феноменінен туындайды;
-қазіргі кезде “элита“ категориясының танымдық мүмкіндіктері тоталитарлық қоғамның тарихи дамуына салыстырмалы талдау жасауда сыннан өткен тәсіл ретінде қолданылуда;
-дәстүрлі қазақ қоғамы мен қазіргі қазақстандық қоғамның билік құрылымы мен басқару институттары қызметінің арасында рухани сабақтастық сақталғанымен, олардың мазмұндық, түрлік, құрылымдық ерекшеліктері өте елеулі. Қоғамдық даму барысында бұндай ерекшеліктердің қалыптасуына өзге факторлармен бірге ұлттық элита қызметінің ықпалы да айтарлықтай болды, сол сияқты ұлттық элитаның табиғаты да осы қоғамдық дамуға тікелей байланысты еді;
-элита категориясы билікке қол жеткізген билеуші топ түрінде қоғамдағы тұрақты әлеуметтік-саяси қауымдастықты танытатын болса Түркістан жағдайында ұлттық элита ұғымына өлкеде билік жүргізген патшалық, тоталитарлық элитаға балама позиция ұстанып түркілік, мұсылмандық, этникалық негізде топтасып, саяси мүдделерді қорғаған жергілікті ұлттың билікке араласқан, оған ықпал жасаған жоғарғы тобы енгізілді. Қазақстанның жаңа тарихынан бастап қазақ қоғамында ұлттық өркениетке аралас элементтер ене бастады да қазіргі ұғымдағы “қазақстандық өркениет” қалыптасты. Тарихи дамудың осы сұлбасы қазіргі заманғы элита ұғымына да тән: қазіргі кезде ұлттық элита ұғымын қазақ ұлты құрған мемлекетке топтасқан қауымдастықтың жоғарғы тобын білдіретін “қазақстандық элита” ұғымына балама ретінде қолданамыз.
Зерттеудің сарапталып, сыннан өтуі. Диссертация ҚР БҒМ Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Кеңес дәуіріндегі Қазақстан тарихы бөлімінде және Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ Қазақстан тарихы кафедрасында талқыланып, қорғауға ұсынылды. Диссертацияның негізгі тұжырымдары халықаралық және республикалық ғылыми-практикалық конференцияларда баяндалды. Сонымен бірге диссертация мазмұны бойынша Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ тарих факультетінде бакалаврлар мен магистрлерге арналған «Түркістан ұлттық элитасы және ұлт-азаттық қозғалыс» атты арнайы курстан дәріс оқылды. Зерттеу тақырыбында «Түркістан ұлт-азаттық қозғалысы және Түркістан Мұхтарияты» атты монография жарық көрді және республикалық ғылыми басылымдарда 30-дан астам мақала жарияланды.
Диссертацияның құрылымы. Ғылыми жұмыстың құрылымы кіріспеден, бес тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен және қосымшадан тұрады.

ЖҰМЫСТЫҢ НЕГІЗГІ МАЗМҰНЫ

Зерттеу бағытын таңдау ХХ ғ. алғашқы ширегінде Түркістан ұлт-азаттық қозғалысына элита теориясы тұрғысында тарихи талдау жасауға негізделді.
Кіріспеде таңдалған тақырыптың өзектілігі негізделіп, мәселенің зерттелу деңгейі сипатталды және зерттеудің мақсаты мен міндеттері белгіленіп, диссертациялық зерттеудің хронологиялық шегі, әдістемелік негізі мен деректік базасы айқындалды, қорғауға ұсынылатын қорытындылар тұжырымдалып, зерттеу нәтижелерінің сыннан өтуі мен қолданбалық маңызы және диссертацияның құрылымы мазмұндалды.
“Элита концепциясының қалыптасуы, тарихнамасы және теориялық әдістемелік негіздері” деп аталған бірінші тарауда отандық және шетелдік зерттеулерде негізделген элита теориясының ғылыми мектептері, бағыттары талданып, тақырып бойынша жүйелі тарихнамалық шолу жасалды және мәселенің теориялық-әдістемелік негіздері қарастырылды.
Қоғам мен мемлекеттік билік құрылымының арақатынасы ежелгі дәуірден ойшылдар мен саясаткерлерді қызықтырған мәселеге айналды. Кунфуцзы, Платон Афинский, Аристотель еңбектерінде әділеттілік қағидасымен құрылған жетілген қоғамның үлгісі жасалды.
Саяси элита мәселесінде Н. Макиавелли (1469-1527 жж.) тұтастай ғылыми көзқарастар жүйесін негіздеп, арыстанның табандылығы мен түлкінің айлакерлігін үйлестіре алатын билеушінің бейнесін жасап, билік шыңына өз қажыр-қайратының арқасында, тағдырдың сәттілігімен, отандастарының қолдауымен немесе қылмыс жасау сияқты үш тәсілмен жетуге болады деп есептеді. Элита мен қоғамның ара-қатынасы туралы идеялар Томмас Гоббстың, Ж. Боденнің, Вольтердің көзқарастарында одан әрі дамытылды.
Г.В.Ф. Гегель әлемдік тарихты әлемдік рухтың қызметімен, оның парасатты және қоғам үшін аса қажетті еркімен байланыстырып, тарихтағы ұлы адамның рөлін бағалауға қатысты элита теориясын жаңа деңгейге көтерді.
Мемлекетті күштеу құралын заңды негізде қолданып, адамдардың адамдарға билік жасауының қатынасы ретінде қарастырған М. Вебердің билікті заңды деп танудың негізділігін айқындаған көзқарастары билік құрылымдарына талдау жасауда әдістемелік тәсіл ретінде тиімді қолданыла бастады.
К. Маркс пен Ф. Энгельс саяси билік бір таптың екінші тапты басып-жаншуда қолданатын күштеу құралы деп бағалап, революция барысында пролетариат билеуші тапқа айналып, таптық қарама-қарсылықтың шарттарын, тіпті тап ретіндегі өзінің де билігін жояды деген тұжырым жасады.
Орыс қоғамында элитаға қатысты ойлар Феофан Прокопович, А.М. Курбский, Симеон Полоцкий, В.Н. Татищевтің еңбектерінде одан әрі дамытылды. Халық пен элитаның өзара қарым-қатынасы туралы П.И. Пестель, М.А. Бакунин, П.А. Кропоткин және В.О. Ключевскийдің ойларында құнды идеялар көрініс тапты.
Элиталық теориядағы социал-демократиялық идеялар Ресейде Г.В. Плеханов пен В.И. Лениннің еңбектерінен орын алды. Плеханов «ұлы адам» өндіргіш күштердің дамуына ықпал ете алмағанымен қоғамдық қатынастардың, қоғамдық сананың өзгерісін аңғара алса, соған сәйкес тарихи оқиғаларға да ықпал жасай алған болар еді деген қорытындыға келеді.
Социализм таптар жойылған қоғамда орнайды деп сенген В.И. Ленин буржуазияны жеңген пролетариат саяси билікті қолға алып, қаналушыдан қанаушы тапқа айналады деп есептеді. Социалистік басқару жүйесі нақты мәселелермен бетпе-бет келгенде жалпыадамзаттық құндылықтармен сыйыспайтын қателіктерге ұрындырды. Пролетариат қолына билік тиген соң таптық идеяларға елігіп, кез-келген күшті таптап тастайтын көзсіз тобырға айналды. Ленин өмірінің соңында элита қалыптастыру жүйесін жетілдірудің шараларын ұсынғанымен кеңестік билік құрылымы біртіндеп партиялық номенклатураға ұласты.
Саяси элита мәселесі орыс ойшылдарының шетелдік өкілдері-философтар Н.А. Бердяев, И.А. Ильин, С.Л. Франк, әлеуметтанушы П.А. Сорокин сияқты ғалымдарды да қатты қызықтырды. Дегенмен мәселені әр қырынан қарастырған ғылыми бағыттар мен мектептер элитаның қалыптасуы мен қызметінің заңдылықтарын анықтай алмады. Саяси элита мәселесін жүйелі зерттеу ХХ ғ. соңы – ХХІ ғ. басында ғана барынша қарқынды қолға алынды.
Отандық тарихта әдістемелік тәсіл ретінде элита теориясы үлгісінің бұрын қолданылмауынан азаматтық, интеллектуалдық тарих міндеттеріне сай тақырып тарихнамасын жүйелі түрде үш топқа бөлеміз. Бірінші, Түркістан және Алаш ұлт-азаттық қозғалысы; екінші, ұлттық интеллигенцияның қалыптасуы мен қызметі; үшінші, тұлғатану бағытында жүргізілген зерттеулер.
Алғашқы бағыттағы зерттеу жұмыстары тақырыптық, желілік тұрғыда барынша кең ауқымда жүргізілді және ол зерттеулердің теориялық-әдістемелік тәсілдері де алуан түрлі болып келеді. Осы тұрғыда Х. Әбжановтың “Ұлт-азаттық қозғалыстың үш мәнді белгісі бар: біріншісі - қозғалысқа жалпыұлттық идеяның тән болуы; екіншісі - қозғалыс алға қойған негізгі мақсаттың анық та ашық түрде мемлекеттік билік мәселесіне келіп тірелуі; үшіншісі – қозғалыс басында ұлт зиялыларының саяси көрегендік, қолбасшылық, кемелдік, дипломатиялық әбжілдік, харизмасы өткір қасиеттері бойында бар көрнекті өкілдердің тұруы” [3] деген тұжырымы Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының тарихнамасын талдауға жаңа тыныс береді.
Кеңестік дәуірдегі тарихнаманың бастапқы кезеңі таптық идеология орныға қоймаған, тарихи танымның “төңкеріске дейінгі” мектебі өкілдерінің ықпалы сақталуымен ерекшеленеді. Т. Рысқұловтың еңбектері ұлттық элитаға қатысты құнды деректік құжат болды. Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарындағы элитаның қызметіне ресми органдар барынша керітартпа топшылдық күрес деп баға берді.
20-жылдардың соңы 50 жылдардың басында Түркістан ұлт-азаттық қозғалысын жекелеген тақырыптар бойынша зерттеу қолға алынды. Ол зерттеулер жәдитшілік, Қоқан автономиясы, 1916 жылғы ұлт-азаттық және коммунистік қозғалыс деген тақырыптармен өлке тарихын құраған еңбектерде өлкедегі қоғамдық-саяси үдерістердің мәні таптық көзқараспен ашықтан-ашық бұрмаланды. 50 жылдардың ортасындағы саяси жылымық тарихи танымға тың серпіліс берді және архив қорларынан жаңа құжаттық деректерді ғылыми айналымға ұсынған Т. Елеуов, И.К. Додонов, К.Е. Житов, Х. Иноятов, А.А. Гордиенколардың іргелі зерттеу еңбектері жарық көрді [4].
Тақырып тарихнамасының жаңа кезеңі болып есептелетін 60-80 жылдар ұлт-азаттық қозғалыс, соның ішінде әсіресе автономиялық қозғалыс тақырыбын жаңа қырынан көтерген еңбектерде [5] Түркістан қоғамындағы жастүріктер, жаспарсылар, жасбұхарлықтар, жәдитшілер сияқты идеялық ағымдар мен қозғалыстардың ықпал-әсері ресейлік демократиялық күштердің тасасында қалды.
Жариялылық пен демократия кезінде мәселеге қатысты тың концептуалды тұжырымдар ұсынған ортаазиялық тарихшылар [6] большевиктердің Түркістанда жүргізген ұлт саясатын жаңа қырынан қарастыруға алғашқы талпыныстар жасады. Жаңа теориялық-әдістемелік негізде Түркістан қозғалысы тақырыбында іргелі ғылыми зерттеулер жүргізілді [7].
Түркістан ұлт-азаттық қозғалысы және ондағы ұлттық элитаның қалыптасуы мен қызметіне қатысты отандық зерттеулерге әдістемелік негіз қалаған К. Нұрпейістің [8], М. Қойгелдиев [9] пен Д. Аманжолованың [10] және Ө. Озғанбайдың [11] іргелі зерттеу еңбектерінің маңызын атап көрсетуіміз керек. К. Нұрпейіс алғашқы болып Түркістанда қызмет жасаған Алаш қозғалысының Оңтүстік қанаты туралы идеяны тұжырымдады. М. Қойгелдиев Түркістан Мұхтарияты мен Алашорда үкіметін бір-бірімен сабақтас мемлекеттік құрылымдар ретінде қарастырды және Түркістан қозғалысының көсемі М. Шоқай туралы зерттеулері тақырып аясын кеңітті. Д. Аманжолованың еңбегі мәселеге құжаттық талдау жасап, ұлт-азаттық қозғалыстың шынайы мазмұнын қалпына келтіріп, ұлттық элитаның жеке құрамының қызметіне баға берудегі объективтілігімен ерекшеленеді. Ал Ө. Озғанбайдың зерттеуінде Ресей Мемлекеттік Думасына Дала және Түркістан өлкелерінен депутат болып сайланған ұлттық элита өкілдерінің қызметі алғаш рет және жаңа көзқарас тұрғысында жан-жақты қарастырылды.
Түркістан тарихын соңғы жылдары отандық зерттеушілер түрлі аспектілерде қарастыруда. Тақырыпқа қатысты да бірқатар диссертациялық зерттеулер жүргізіліп, монографиялық еңбектер жарық көрді.
Тақырып тарихнамасындағы ұлтшылдық рухымен ерекшеленген М. Шоқай, З.В. Тоған, Б. Хайт, Х. Оралтай еңбектері Түркістан ұлттық элитасының қалыптасуы мен қызметі туралы ой-тұжырымдары таным аясын кеңейте түседі.
Қоғамдық ғылымдарда барынша кең орын алған «интеллигенция» тақырыбындағы ғылыми әдебиеттер шоғыры тарихнаманың қомақты бөлігін құрайды. ХХ ғ. басындағы Ресей интеллигенциясының тарихын саяси билікке қатысына қарай зерттеген еңбектер Орта Азия мен Қазақстанда концептуалдық, мазмұндық және тақырыптық үлгіге алынып, ұлттық интеллигенцияның қалыптасуы мен қызметі алғаш рет жеке желі болып қарастырылды [12].
70 жылдары А.К. Қанапин, А.Д. Яндаров, Р.Б. Сүлейменов, Х.И. Бисеновтердің еңбектері жарық көрді [13]. Р.Б. Сүлейменов қазан төңкерісіне дейін Қазақстанда 22 қазақ, ал Орта Азияда бірде-бір жоғары білімді жергілікті ұлт өкілі болмаған деген кеңестік тарихнамадағы таптаурын тұжырымға күмән келтіреді. Ал В.М. Устиновтың еңбегі [14] Түркістан интеллигенциясын арнайы тақырып етіп қарастыруымен ерекшеленеді. Тәуелсіздік ұлттық интеллигенция тақырыбын жаңа мазмұнда игеруге кең мүмкіндікке жол ашты [15].
Түркістанда жаңартушы рөл атқарған экономикалық тетіктің саяси-әлеуметтік сипатын айқындауға баса мән берген М.Х. Асылбековтың іргелі еңбектерінде теміржол саласында ұлттық кадрлардың пайда болуы мен қалыптасуы жан-жақты зерттеліп, Т. Рысқұлов пен М. Тынышпаевтың Қазақстан экономикасын индустрияландырудағы қызметі жаңа қырынан танылады [16].
В.З. Галиев зерттеулерінде қазақ интеллигенциясының өкілдері жайлы құнды мағлұматтар жинақталған [17]. Тәуелсіздік жағдайында тақырыпты жаңа әдістемелік негізде қарастыру бағыты М. Қозыбаевтың [18], Ж. Абылхожиннің, Т. Омарбековтың [19] іргелі зерттеулерінде одан әрі өріс алды. Мәселе Ә.М. Ауанасова, Д. Махат, З. Дүкенбаева зерттеу еңбектерінде жаңа көзқараспен қарастырылып, тың мазмұн алды [20].
Тақырып тарихнамасындағы тұлғатануға қатысты еңбектер жекелеген желілерді терең де байыпты қарастыруға мүмкіндік береді. Бұл бағыт ХХ ғ. басындағы ұлттық элита өкілдерінің шығармашылық қызметінен бастау алды.
Түркістандық элитаның арасында алғашқы болып Т. Рысқұловқа қатысты зерттеулер қолға алынды. В.М. Устинов еңбектерінде ұлтшыл және ауытқушыл Рысқұловтың қасаң бейнесінің орнына өрлеу мен құлдыраудан, жеңіс пен жеңілістен тұратын, өзінің революциялық дәуірімен біте қайнасқан тұтас та күрделі бейнесі орнықты. Отандық тұрартануда О. Қоңыратбаевтың, К. Нұрпейісов пен В.Х. Григорьевтің [21] еңбегінің де маңызы үлкен болды.
Түркістан ұлттық элитасының көрнекті тұлғасы С. Қожановтың өмірі мен қызметі туралы зерттеу еңбектер жарық көріп, диссертациялық зерттеулер жүргізілді [22]. Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының көрнекті өкілдері М. Шоқай, М. Тынышбаев, С. Лапин, К. Төгісов, Х. Досмұхамедов, Ж. Досмұхамедов, М. Дулатов, О. Жандосов, Ж. Аймауытов туралы ғылыми зерттеу жұмыстары жарық көріп, диссертациялар қорғалды. Өкінішке орай көптеген түркістандық қайраткерлер (С. Өтегенов, Қ. Қожықов, С. Ақаев, А. Оразаев, Н. Айтақов, И. Тоқтыбаев, Б. Аралбаев, Н. Рүстемов, Н. Сатығұлов, Қ. Сармолдаев, Ә. Құдабаев, М. Лаумуллин, Ә. Палмұхамедов және т.б.) туралы осы кезге дейін дербес зерттеу жұмыстары қолға алынбады. «Көрнекті мемлекет, қоғам қайраткерінің өмірі дегеніміз белгілі бір адамгершілік және әлеуметтік бағдарлар жүйесіндегі оның нақты ойлары мен әрекеттері ғана емес, ол сонымен бірге тұлғаның өзі саясат сахнасынан кеткеннен кейінгі де қоғамдық үдерістерге жасайтын ықпалы» [23] екендігін ескерсек аталған тұлғалар алдағы уақытта ғылыми ойдың нысаны болуы тиіс. Өйткені саяси қайраткер атына шын мәнінде лайық болғандардың тәні бақилық болса да олардың өнегесі саясат үшін өлмейді.
Тәуелсіздік жылдары тарихи мәселелерге элитологиялық концепция тұрғысынан алғаш назар аударған Б.М. Сужиков шетелдік тарихнаманың қазақ жеріндегі ұлт-азаттық қозғалыс тақырыбына талдау жасады. М. Қойгелдиев тарихи Ресей және Кеңес Одағы құрамындағы қазақ саяси элитасының қызметін бес кезеңге бөлуі және әр кезеңдегі элита өкілдерінің саяси көзқарастарын, күрес тәсілдерінің ерекшеліктерін жүйелеуі отандық тарихтың мазмұнын қайта қарауда жаңа концептуалдық бағытқа негіз болды.
Х. Әбжанов ұлттық элитаға қоғамдық саяси құбылыс ретінде баға беріп, Шәкәрім қажының “Ең жақсы адам не қылған кісі?” деген сауалына “ел тағдырын шешер биліктің екі тізгін, бір шылбыры кемелдің, үздіктің үздігінің қолында болуы қажет. Топты жарып шыққан осындай кемелдерді, осындай үздіктерді ғана ұлттық элита деген айдармен айшықтауға негіз бар” [24] деген ғалымның жауабы тарихи танымдағы элита ұғымының ұлттық мазмұнын айқындайды.
Элита теориясының қағидалары қазақ қоғамы үшін біршама бейтаныс көрінуі мүмкін. Әйтсе де басты қағидалары мен ұстанымдары дәстүрлі қоғамдағы әлеуметтік институттардың мемлекеттік билік құрылымдарын қалыптастыратын қоғамдық қатынастар жүйесіне ортақ екендігі белгілі болып отыр. Тарихнамалық талдау көз жеткізіп отырған бұл ғылыми ақиқат элитологиялық концепция мүмкіндіктерін отан тарихын зерделеуде батыл қолдануға болады деп тұжырым жасауға итермелейді.
Дамыған елдердің индустриялды даму дәуіріне енуімен бұқараның рөлі артып, олардың билікке қоятын талабы күшейді. Бұл жағдай күштеуге негізделген азшылықтың билігін танытатын дәстүрлі басқару түрінің тиімсіздігіне көз жеткізіп, элита теориясын жетілдіруге ынталандырды.
Гаэтано Моска басқарушылар аз санды болғанымен, барлық саяси қызметті атқарып, билікті монополизациялайды және бағыныштыларды ерікті-еріксіз тәсілдерімен басқарады дей келіп, саяси таптың билік басында тұратын индивид премьер-министр немесе сувереннен әлдеқайда нақты билікке ие король жанындағы мажордом болуы да мүмкін екендігін айтады. Басқа жағдайда сайланған президенттің орнына президенттің сайлаудағы жеңісін қамтамасыз еткен ықпалды саясаткер билік жүргізеді. Оның пікірінше жабайы қоғамда соғыста ерлік көрсету, ендігі бір қоғамда байлық – билеуші таптың басым белгісіне айналды [25]. Кейбір елдерде билеуші тапқа енудің бір ғана жолы - ақсүйектік орта дүниеге келді.
В. Парето элитаға өз қызметінің сапасымен барынша жоғары көрсеткішке ие адамдар деп анықтама беріп, оларды басқарушы элита және басқаруға қатыспайтын элита деп бөледі [26]. Ол элитаның халықты бағындыруда күш пен құқықты бөліп атайды. Күштің көмегімен билік жүргізушілерді «арыстандар», ал билікті қулықтың көмегімен ұстап тұратындарды «түлкілер» деп атады. Элитаның бірінші тобы қатаң күштеу тәсілдеріне сүйенсе, екінші тобы үгіт-насихат пен саяси айла-шарғыға иек артады деп есептейді.
Роберт Михельс қираған ескі мемлекеттің үйіндісіне орнаған жаңа тапсыз қоғам да элитаны қажет етеді, өйткені қоғамдық байлықтарды тиімді басқару шенеуніктер тобының ауқымды жүйесін жасақтау арқылы ғана мүмкін болады дейді. Маркс капиталистік және коммунистік қоғамның арасында пролетариаттың революциялық диктатурасына сәйкес келетін экономикалық кезең болуы тиіс десе, Михельс оны өліп бара жатқан буржуазияның қолынан билік скипетрін алуға күші мен дәті жеткен социалист көсемдердің диктатурасы болады деп атайды. Көсемдер бұқараның жаратуымен дүниеге келіп, оның әміршісіне айналады, адам өз қолымен жасағанының өзіне билік жүргізуіне жол береді, бұқара үкіметтің әрекетсіздігіне төзбегенімен көсемдердің әділетсіздігіне кешіріммен қарайды, содан да үкіметке қарағанда өз көсемдеріне көп құлақ асады деген Михельстің пікірлері кеңестік қоғамның билік заңдылықтарын талдауға мүмкіндік береді.
Қазақ топырағында дүниеге келген Қорқыт, әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Қожа Ахмет Ясауилердің еңбектерінен мемлекеттік билікке қатысты жоғарыда айтылған теориялар мен концепцияларға ортақ, ұқсас ойлар мен идеяларды көптеп кездестіреміз. Әйтсе де Ясауидің «камил инсан»-«толық адам» концепциясы сияқты элиталық ойларға жақын төлтума идеялар да жоқ емес. Хандық дәуірдегі жыраулар поэзиясында кездесетін қазіргі заманғы элита теориясына тән қоғамдық ой-сана жетістіктері орыс мәдениетінің ықпалынсыз қалыптасқан дербес құбылыс болса, орыс мәдениетімен ықпалдасқан Шоқан мен Абай көзқарастары элита теориясындағы ұлттық мазмұнды байытуға қызмет етті.
Элита феномені саяси, әкімшілік, экономикалық, интеллектуалдық, әскери, кәсіптік сияқты жеке категориялардан тұрады. Соның ішінде саяси элита және саяси басшылық ұғымы билік феноменімен тығыз байланысты. Соған сәйкес саяси элита өз қатарына стратегиялық маңызды шешімдер қабылдайтын тұлғаларды топтастырады деген тұжырым биліктің сипатына талдау жасауға мүмкіндік береді. Элита мақсаттарының, құлық нормалары мен стереотиптерінің жақындығы бойынша біріккен, көбіне салыстырмалы болса да қуаттайтын ортақ құндылықтары бар әлеуметтік қауымдастық [27] деген анықтама саяси құбылысты тарихи тұрғыда қарастыруда басшылыққа алынады.
Саяси элитаның билік мүмкіндіктері көптүрлі болып келеді, бірақ оның міндетті түрде саяси сипатта болуы шарт емес. Элита мүмкіндіктері экономикалық, әлеуметтік, рәміздік (символдық), мәдени капитал түрінде көрініс тапқанымен олардың қайсысы болса да шешім қабылдау үдерісіне ықпал жасаған сәтте-ақ саяси сипат алып шыға келеді.
Элита қызметінің маңызды белгісі – стратегиялық шешімдер қабылдау және қабылданған шешімдерді бұқаралық сана мен құлық деңгейіне дейін жеткізуді қамтамасыз ету. Осыған байланысты қазіргі заманғы қоғамда орныққан билік көлбеуінің үш деңгейлі пирамидасы ерекшеленеді: жоғары деңгейде – билеуші элита; екінші деңгейде – «жоғарыдағылардың» қабылдаған шешімдерін таратушы саяси топ; үшінші деңгей – пирамиданың ұлтанын басқару нысаны болатын бұқара көпшілік құрайды. Бұл тұжырым элиталық концепцияның таптық-формациялық теориядан ең басты ерекшелігін айқындайды.
Элитатанудың маңызды категорияларының бірі – контрэлита статусы бойынша билік құрылымдарына енбегенімен стратегиялық маңызды шешімдердің қабылдануына елеулі ықпал жасайтын тұлғаларды біріктіреді. Әдетте, контрэлита құрамына саяси оппозицияның жоғарғы эшелонын қосамыз.
Саяси элита құрылымы қалыптасуының маңызды негіздерінің бірі - элиталық бөліктің саяси ықпалының қоғамдық-саяси, құқықтық-нормалық тұрғыда институттану деңгейіне байланысты. Саяси ықпалының институттық мазмұн алуы деңгейіне қарай элитаны жетекшілер (көсемдер) және бюрократтар деп шартты түрде екіге бөлуге болады. Бюрократтар атқарушы билік құрылымдарында жоғары позиция иемденген барлық деңгейдегі және лауазымдағы әкімшілік басшыларын қамтиды. Саяси жетекшілер категориясына саяси қызметпен кәсіптік тұрғыда айналысатын және саяси шешімдер қабылдауға жоғары деңгейде ықпалы бар, бірақ атқарушы билік құрылымдарынан тыс тұлғалар енеді.
Элитадан тыс топтардан өз құрамына мүше тарту сипатына қарай элита айналымы қоғамдық-саяси мазмұн алады. Әртүрлі әлеуметтік топтар өкілдерінің өз қатарына еркін енуіне мүмкіндік беретіні ашық элита деп, айналым үдерісі өзін-өзі жаңғырту сипатында болса, онда ол жабық элита деп аталады.
Элитаның жеке құрамы саяси үдерісте ықпалды позиция иемденген нақты тұлғалардың жалпы жиынтығын құрайды. Ал саяси элитаның сапалық құрамы – элиталық топтың басым бөлігіне тән типтік белгілердің, құлық нормалары мен стереотиптерінің әлеуметтік-психологиялық сапаларының жиынтығы. Тарихи тұрғыда элитаның сапалық құрамы ерекше назар аударуды қажет етеді. Нақты тәжірибені зерттеу нысанына айналдырған көптеген саясаттанушылар элитаны барынша кең ұғымда қарастырып, оған биліктің жоғары эшелонына енетін жетекшілерді ғана емес, сонымен бірге жергілікті ықпалы бар тұлғаларды да, партия белсенділерін де қосады.
Қоғамды элиталық және элитадан тыс топтар деп бөлгенде оларды билікке әлеумет үшін маңызды стратегиялық шешімдер қабылдауға қатысу деңгейіне қарай бөліп отырғанымыз назарда болуы керек. Содан да зерттеу барысында «элита» терминіне «билеуші топ», «басқарушы орта», «биліктің жоғары эшелоны» деген ұғымдар синоним ретінде қолданылады.
Кез-келген философиялық-тарихи теория жаңа концепция жасауға мүмкіндік бергенімен «қандай да бір теорияға сүйеніп, қандай да бір қоғамдық қатынастарды сипаттау тек бір тарихи шекара көлемінде ғана өзін ақтай алады». Осы тұрғыда элиталық теория концепциясының тарихи шарттылығы оның танымдық негізін құраған тәсілдері арқылы танылады. Қоғамның әлеуметтік және саяси жіктелуінің жолайрығындағы бұл өлшемнің қандай қоғамға болса да тән ортақ белгілері бар. Тарихи танымдағы элита теориясы отандық тарихтың мазмұнын тың тұжырымдармен байытып, жаңа желілерін тарқатуға мүмкіндік береді. Интеллектуалдық тарихтың мақсаттарымен үндесетін бұл концепция отандық тарих ғылымына жаңа тыныс беруі тиіс.
“Ұлттық элита және Түркістан ұлт-азаттық қозғалысы (1900-1917 жж.)” деп аталатын екінші тарауда отарлық тәртіптегі Түркістан өлкесінің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық тарихы, билік құрылымдары мен олардың қызметінің қалыптасу негізінің ерекшеліктері қарастырылады. Түркістан қоғамында билік құрылымдарын жасақтауда губерниялардың үлгісі басшылыққа алынуы Ресей мемлекеттік бюрократиясының табиғатын тануға итермелейді.
ХІХ ғ. екінші жартысында әлеуметтік-экономикалық реформаларды іске асыру мүддесі басқарушы топты қайта құру міндетін қойды. Империялық бюрократия қызметі тиімсіздігінің басты себептерінің бірі шенеуніктердің білім деңгейінің төмендігі болса элита қатарын толықтыруда сословиелік шектеу де үлкен кедергі болды. Ресей бюрократиясы элита айналымының ерекшеліктердің бірі – оның полиэтникалық құрамы еді. ХІХ ғ. соңында империядағы элитаның жеке құрамының ассимиляциялану үдерісіне қазақ ақсүйектері де тартылды.
ХІХ ғ. соңында идеологиялық топ болып қалыптасқан орыс интеллигенциясы биліктің бәсекелесі емес, бітіспес жауына айналды. Ал Түркістанда ұлттық интеллигенцияның қалыптасу факторының әлсіздігі, саяси, интеллектуалдық дайындығының төмендігінен бұл әлеуметтік топ Ресейдің орталығындағы интеллигенция сияқты билікке қатысты позициясын айқындап үлгермеді.
Өлкені басқарудағы «соғыс жағдайы» факторы Түркістанда басқару құрылымын қалыптастыруға уақытша сипат, астамшыл мазмұн берді. Генерал-губернаторға Түркістан халқын ешқандай заңмен шектелмеген басқару құқы берілді. Отарлық жүйенің басқару органдары Ресей шенеуніктерінің тұтастай иерархиясы қозғалысқа келтіріп отырған күрделі бюрократиялық тетікті құрағандықтан Түркістан генерал-губернаторының кеңсесі заңсыз және өзіне тән емес жоғары шешім шығарушы мекемеге айналды.
Облыстық әскери губернаторлардың құзырына әкімшілік, полицейлік, сот және әскери биліктер шоғырланды. Кең өкілеттілік «тұрғындар тыныштығын қамтамасыз ету және ондағы қандай да болмасын тәртіпсіздікті басып-жаншу үшін» жасалынды. Тәртіптің күшеюімен бірге губернатор жанындағы облыстық басқармалардың салалық құрылымы кеңейіп, билігі нығая түсті.
Уезд бастығы өз аумағында патша өкіметінің отарлық саясатын іске асыратын, уездің барлық қоғамдық және экономикалық өміріне араласатын билік монополисіне айналды. Осы буындағы кадрлар іс жүзінде пайдакүнемдік, қызметтегі біліксіздігінен құрылымдық, кадрлық өзгерістерге жиі ұшырады. Ұлт өкілі уездік деңгейдегі басшылыққа жіберілмеді.Ал Ташкент қалалық Думасының сайлауына қатысу құқы мүліктік шектеуге қоса ұлттық шектеуге ұласты.
Дәстүрлі элитаның ықпалын әлсірету мақсатында рулық негізде қалыптасқан әкімшілік жүйе аумақтық белгімен қайта құрылды. Болыстық құрылым бірегей рулық әкімшілік бірлікті бірнеше бөлікке ыдыратып жіберді. Мысалы, Түркістан уезіндегі Қоңырат тайпасы руларының Алтыата, Божбан, Жаманбай және Саңғыл-Маңғытай болыстары бір-бірімен қасақана сапырылыстырылып, олардың аты руға қатысы жоқ Сауран, Жаңақорған, Шілік, Қарнақ сияқты географиялық атаулармен алмастырылды. Осындай тәсілдермен рубасылар институты жойылып, жергілікті әкімшілік басшыларын жасақтайтын сайлау жүйесі болыс, ауыл басшылығына отарлық биліктің өзіне берілген адамдарды ғана ұсынуына және өткізуіне мүмкіндік берді. Қазақ тұрғындарына тек болыс басқарушылары мен ауыл старшындарын сайлау құқы берілгенімен сайлау отарлық әкімшілік шенеуніктері қадағалауымен өтіп, руаралық дау-жанжал қасақана өршітілді. Сайлауға орасан зор қаржы жұмсаған болыс басқарушысына шығынның орнын жемқорлықпен толтыруға мүмкіндік берілді.
Патша өкіметінің жергілікті билік құрылымдарын жасақтау мүделерінің қисынсыздығынан Түркістан мен қазақ облыстарындағы әкімшілік басқару жүйесі тиімділігімен ерекшелене қоймады. Ресейлік билік жүйесі қысқа мерзімде өлке экономикасын метрополия мүддесіне сай қайта құрды Түркістанды рухани отарлау арқылы ұлттық мәдениеттің негізін шайқалту үшін отарлық әкімшілік Түркістанда дәстүрлі мектептерге балама қалалық және приход школдарын, Ташкент қаласында мұғалімдер семинариясын ашты. Европалық үлгідегі оқу орындары әлемдік мәдениет жетістіктерімен танысуға жол ашты дегенмен ұлт өкілдерінің ол мектептерге барынша аз тартылуы, оқушыларды қосалқы кеңсе қызметкерлері етіп дайындау бағыты олардың ағартушылық миссиясын шектеді.
Өлкедегі элитақалыптастыру үдерісіне тікелей ықпал жасаған жәдитшілердің ағартушылық қызметін отарлық әкімшілік алғашқы сәттен қатаң бақылауға алды. Ішкі істер министрлігі жәдиттік мектептердің дамуына тосқауыл қою бағытын ұстанды. Жәдитшілердің ағартушылық және ұйымдастырушылық қызметі мұсылмандық бірлік идеясын негіздеді. Ортаазиялық мұсылмандар үшін Ресейдегі және дүниежүзіндегі мұсылмандармен өздерінің рухани және мәдени тұрғыдан біртұтастығын сезінуде ислам факторы - олардың саяси сана сезімінің индикаторы болды.
Ресей Мемлекеттік Думасына депутат сайлау Түркістандағы қуаты элитақалыптастырушы факторға айналды. Түркістан халқы «Мемлекеттік Дума сайлауы туралы Ережені Жетісу, Закаспий, Самарқанд, Сырдария және Ферғана облыстарында қолдану тәртібі туралы» Ереже бойынша сайлауға қатысты. Орыс азшылығы мен жергілікті ұлт көпшілігі арасындағы теңсіздікті бекіте түскен сайлау жергілікті тұрғындардың терең әлеуметтік мүдделерін оятып, халық бұқарасын саяси күреске тартты. Қатаң әкімшілік-саяси тәртіп орныққан өлкеде сайлау науқаны қоғамдық сана мен саяси әрекеттің белсенділігін арттырды. Қоғамдық сананы жаңғыртқан осындай жаңалаушы екпін жағдайында «Ресейдегі орыс халқының озық ойлы зиялылары да, отар болып бодандықтың қамытын киіп отырған шет аймақтағы халықтардың өкілдері – қазақ зиялылары да жеке дара ел билеудің келмеске кетіп бара жатқанын түсінді» [11,11 б.].
Мемлекеттік Дума депутаттарын сайлауда орын алған бассыздықтар Ресейдің орталығында да, шет аймақтарында да контрэлитаның қалыптасуын жеделдетті. Сайлау науқаны ұлт-азаттық қозғалыста саяси күрес тәсілдерін алдыңғы орынға шығарды. Науқанға белсене араласқан ұлт қайраткерлері идеялық тұрғыда шыңдалып, ұйымдық жағынан топтаса түсті. Мемлекеттік Думаның Мұсылмандар фракциясы ұлттық элитаның қалыптасуы мен қызметінде маңызды рөл атқарды.
Кеңестік Түркістанда ұлттық интеллигенцияның қалыптасуы бірнеше кезеңді қамтыды. 1918-1920 жж. аралығын қамтыған бірінші кезеңде мұғалімдер мен мәдени ағарту қызметкерлері үш, алты айлық курстарда дайындалды. Халыққа білім беру, жаңа қоғамдық құрылысқа, мәдениетке тарту қажеттігі асығыс шаралар арқылы іске асты. 1920-1930 жж. қамтыған екінші кезеңде ұлттық интеллигенцияның негізі жаңадан ашылған мұғалімдік, дәрігерлік, өндірістік, ауылшаруашылық техникумдарында дайындалды. Орта Азия мемлекеттік университетін осы кезеңде жергілікті ұлт өкілдерінен барлығы 20 маман бітіріп шықты. Ал 1930 жылдан кейінгі үшінші кезеңде педагогикалық, өндірістік-техникалық, ауылшаруашылық, дәрігерлік және басқа да жоғары оқу орындарының ашылуы жоғары білікті мамандарды көптеп дайындауға мүмкіндік берді.
Ұлттық интеллигенцияның қалыптасуы ұлттық элитаның қалыптасуы деген сөз емес. Кеңес өкіметіне жаңарту міндеттерін іске асыру үшін жергілікті ұлт өкілдерінен басқарушы кадрлар керек болғандықтан кадр тапшылығы мәселесін шешуде жұмысшылар мен шаруаларды басшы қызметтерге ұсыну, жоғарылату тәсілі кеңінен қолданылды. Коммунистік партия бұл үдеріске шексіз монополия орнату арқылы элита қалыптастыру үдерісін өз құзырына алды. Жоғарылатылғандардың білімі мен тәжірибесіндегі олқылықты, қоғамдық ортадағы моральдық қолайсыздықтарды олардың бойындағы революциялық рух пен таптық қырағылық алмастыруы тиіс деп саналды.
Республиканың билік органдарында партиялық басқарудың орнағаны 1919 ж. мамыр айында өткен Түркістан коммунистік партиясының ІІІ съезі барысында анық білінді. Осы кезде республика коммунистерінің қатары 24077-ге жетсе, олардың 12043-і жергілікті ұлт өкілдері еді. ТКП құрамында ұлт коммунистерінің тең жарыға жетуін үлкен саяси күш ретінде ұлттық элита өкілдері орынды пайдалана алды. ТКП ІІІ съезі мен Өлкелік мұсылман коммунистерінің І конференциясында Т. Рысқұлов «Бізге бұл жерде, көптеген өзге ұлттар мекендеген Түркістан өлкесінде таптық күресті бірлесе жүргізгендіктен де ол ұлттарды біріктіру керек, өйткені пролетариат ұлтқа бөлу дегенді білмейді» [28] деді. Стратегиялық міндет ретінде Т. Рысқұловтың сөзінде алғаш рет түркістандық бірлік идеясы тұжырымдалды. Осындай мәлімдемелер Мұсылман коммунистері бюросына (1919-1920) съезд мінбесінен оң баға беруге қол жеткізді.
Түркістанда ұлт коммунистерің қатарын арттырумен кеңестік биліктің саяси негізі нығая түсті. Билік құрылымдарының барлық салаларында партиялық ықпал орнықты. РК(б)П ОК Түрккомиссиясы және Ортаазиялық Бюро шын мәнінде большевиктік мүддені іске асырды. Кең өкілеттік берілген Ортаазиялық Бюро құрамындағы ұлттық элитаның ең танымал өкілдерінің өзі ұлт мәселесінде еркін әрекет жасай алмады. Олардың қызметі большевиктік билікке тікелей тәуелді болды.
Ұлттық басшы кадрлар дайындауда үлкен маңызға ие болған Орта Азия коммунистік университетінде 1922 ж. тыңдаушылардың саны 445 болса, олардың 175 қазақ, 115 өзбек, 48 түркімен, 29 татар, 7 қарақалпақ, 53 орыс ұлтының өкілдері еді. Саяси дайындықтан өткен бұл кадрлар партия, кеңес, шарушылық органдарының төменгі және орта буындарында қызметке араласты.
Республикадағы уақытша революциялық комитеттер ұлттық басшы кадрлар тәрбиелеуде үлкен маңызға ие болды. 1920 ж. Түркістанда 6 облыстық, 26 уездік-қалалық, 477 болыстық және көптеген аудандық, ауылдық, станицалық ревкомдар жұмыс жасаған. Жетісу облыстық ревкомнының 11 мүшесінің 4-і ғана орыс, ал басқалары қазақ, қырғыз, ұйғыр ұлтының өкілдерінен тұрды. Жетісудың 7 уездік-қалалық ревком мүшелерінің 67 пайызы, Сырдария облысында 52 пайызы жергілікті халық өкілдерінен құралды. Төменгі буындағы ревкомдарда ұлт өкілдері үлесі 90 пайыздан асты.
«Қосшы» одағының ұлттық элита қалыптастыруда бір-біріне қарама-қарсы сипаттағы екі ықпалын бөліп атауымыз керек. Біріншіден, одақ белсенділері отарлық биліктің сарқыншақтарын жоюды мақсат етіп, ұлттық құндылықтар үшін күресті. Екіншіден, С. Қожановтың сөзімен айтқанда «Бай-манап элементтерін жоюға бағыттылған кеңес өкіметінің шараларын іске асыру», «орыс және бұратана халықтардың бейбіт туысқандық ынтымақтастығын орнықтыруға жағдай жасау» барысында одақ белсенділері таптық белсенділік пен ұлттық нигилизмге бұрыла берді. Бұл екіұшты жағдай қоғамның дамуы барысында ұлттық элитаның мәдени деңгейі, рухани ұстанымы және саяси бағытына қарай жіктелуіне әкеліп соқты. Осы одақтың қызметі арқылы көптеген түркістандық элита өкілдері республиканың қоғамдық-саяси өміріне белсене араласты.
Билік басына келген большевиктер - таптық күрестің элитасы, пролетариат диктатурасы идеясын іске асырушы элита еді. Ұлттық элита осы большевиктік элитаның төңірегіне топтасқан көбіне оппозициялық позиция ұстанған саяси-әлеуметтік топтардың бірі ғана еді. Ұлттық элитаның құрамы аз санды, әрі большевиктік биліктің ықпалына тәуелді болғанымен, тіпті саяси еркі барынша шектеулі болса да ол кеңестік билік құрылымындағы шешуші буынға айналды. Өйткені, ұлттық элитасыз кеңестік биліктің жергілікті халыққа ықпал жасауы нәтижесіз болғандықтан большевиктік билік өзіне оппозиция болатынын біле тұра ұлттық элитаны қалыптастыруға, оны тәрбиелеуге мүдделі болды. Демек ұлттық элитаның қалыптасуы кеңестік биліктің ұлт саясатымен - жетістігімен де, кемшілігімен де тығыз бірлікте қарастырылуы тиіс.
Түркістанда бірінші орыс революциясының, жастүріктер мен жаспарсылар қозғалыстарының өнегесі тәуелсіздік идеясының орнығуына негіз болды. Бірінші дүниежүзілік соғысқа дейін жәдитшілердің бағдарламалық құжаттарында феодализм мен отаршылыққа қарсы күрестің дәлелдері айқындалып, билік институттарын конституциялық жолмен реформалау идеясы қалыптасты. Мұсылман халықтары үшін бұл кезеңде белгілі бір таптың мүддесін қорғаудан да отарлық тәуелділіктен құтылу қажеттілігі басым еді.
«Шурои Исламия» - Мұсылмандар кеңесі ұйымның атауы оны европалық үлгідегі кеңестерден ерекшелендірумен бірге оның діни сипаттағы саяси-әлеуметтік бағытын да байқататын еді. Өлкелік Мұскеңес төрағасы М. Шоқайдың Уақытша үкіметтің Түркістан Комитетінің мүшесі ретіндегі қызметі ұлттық-демократиялық күштердің автономия идеясын саяси күрес тәсілдері арқылы іске асыру әрекетіне кең жол ашты. Мұскеңес алдында ендігі кезекте ұлттық-демократиялық күштердің жікке бөлінуіне жол бермеу міндеті тұрды. Өйткені Түркістанда ұлттық мемлекеттілік үшін күресте діни негізде орын алған алауыздық қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялардың бағдарламалық құжаттарында нақты көрініс тауып, одан әрі тереңдей түсті.
Түркістандық федералистер демократиялық бағдар ұстап, қоғамдық және мемлекеттік құрылыста батысевропалық либералдық – демократиялық үлгіні жақтаса, «Шурои Улема» мелекеттік билікте отарлауға дейінгі исламдық басқару түрін таңдады.
Бұндай баламалы бағдарламалар ұлттық саяси күштердің дамуымен бірге ұлт-азаттық қозғалыстың көп жыл кейінгі тағдырын айқындаған алауыздықтың да көрінісі еді. Сондай алауыздыққа қарамастан Ташкенттегі большевиктік өкімет жеңісінен соң «Шурои Исламия» бастаған Түркістан ұлттық-демократиялық күштері халықтың өзін - өзі басқаруына қол жеткізу үшін 1917 ж. 26 қазанда Түркістан Мұхтарияты жарияланды .
Түркістан қозғалысының тұғырнамалық негіздері бойынша екі саяси ағымға жіктелуіне ұлттық элитаның саяси күрестегі тәжірибесінің аздығы, интеллектуалдық дайындығының төмендігі, халықтың полиэтникалық құрамы да айтарлықтай әсер етті. Ұйымдық, теориялық тұрғыда пісіп жетілмеген күштер большевиктік экстремизмге қарсы тұра алмады. Бұл жағдай Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының қарулы қарсылық кезеңіне жол ашты.
Әлемдік ұлт-азаттық қозғалыс дүмпуі Орталық Азия халықтары арасында отаршылдыққа қарсы этникалық, аймақтың бірлікті мақсат тұтқан Тұтас Түркістан идеясын дүниеге әкелді. Түркістан Мұхтарияты қызметінде алғаш рет көрініс берген этникалық негіздегі бірлік М. Шоқай бастаған ұлттық элитаны батыл саяси шешімдерге ынталандырды. Түркістан Мұхтариятының қару күшімен жойылуы, М. Шоқайдың эмиграцияға кетуі, кеңестік үлгідегі Түркістан автономиясы мемлекеттік құрылымының орнауы да аймақтық тұтастықты қалыптастыру идеясын тұншықтыра алмады. Бірақ балама позиция ұстанған ұлттық элита өкілдерінің кейінгі әрекеттері большевиктік биліктің ықпалына ыңғайлана берді. Тұтас Түркістанды қуаттаған қайраткерлердің идеялық бірлігі ұлттық-территориялық және мемлекеттік межелеуге байланысты ұлттық мүдделерге ыдырай бастады. Түркі халықтарының бірлігі идеясы Ресейдің өктем геосаяси мүддесінің құрбандығына шалынды. М. Шоқай, З.У. Тоған, М. Сұлтанғалиев, Т. Рысқұловтардың ту етіп көтерген идеясы кеңестік тоталитарлық жүйе нығайған сайын көмескілене берді.
Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының ерекшеліктері мынадай факторлардан туындады: біріншіден, өлке халқының полиэтникалық құрамынан туындаған саяси, рухани әралуандық түріндегі ішкі фактор; екінші, тарихи Ресейдің қоғамды модернизациялауының қарқынды жүргізілуі түріндегі сыртқы фактор. Алғашқы фактордың ықпалымен ұлт-азаттық қозғалысының идеологиясын қалыптастыруда жәдитшілер басты рөл атқарды және тәуелсіздік идеясы халықтың мұсылмандық, түркілік, түркістандық түріндегі ортақ атаулармен бірігуіне негізделді. Ал екінші факторға байланысты отарлық биліктің қоғамдық өмірге, экономикаға жасаған өзгерістері өлке тұрғындарының тұрмысы мен санасына елеулі ықпал жасай отырып, шовинистік сипаты арқылы ұлттық наразылықты өршіте түсті. Ұлттық элита қызметінің үлкен жетістігі болған Түркістан Мұхтариятының қуып таратылуынан соң өлкедегі ұлт-азаттық қозғалыс сипаттық өзгеріске ұшырады.
“Ұлттық элита 1917-1920 жылдардағы саяси-әлеуметтік өзгерістер кезеңінде” деп аталған үшінші тарауда Түркістандағы күрделі қоғамдық өзгерістердегі элитаның ұлттық мемлекеттілік үшін күресті ұйымдастыру және кеңес өкіметінің алғашқы жылдарындағы қызметіне құжаттық деректер негізінде нақты тарихи талдау жасалады.
Жаңа қоғамдық құрылыс басқару элитасының құрамын елеулі түрде жаңартуды талап етті. Қоғамдық-саяси даму барысы елдегі көпөкіметтік биліктің қалыптасуына негіз қалады. Ұлт-азаттық қозғалысының идеялық дем берушісі және тікелей іске асырушылары қос төңкеріс аралығында митингілер мен шерулер өткізу, партиялар мен ұйымдар құру, жалпыға бірдей, тең сайлау және жасырын дауыс беру құқына, әйелдерді саяси өмірге тартуға, дін ұстану еркіндігіне қол жеткізу арқылы мемлекеттік билік құрылымдарының қызметін демократияландыруға бастамашы болды. М. Шоқай ұлттық мемлекеттікті тек тәуелсіздік жағдайында ғана құруға болады деп есептеп, барлық өмірін осы идеяның насихаттауға арнады.
Тәуелсіздікті Бүкілресейлік Құрылтай жиналысымен байланыстырған ұлттық саяси күштер оның сайлауына белсене араласты. Жетісу облысынан Құрылтай жиналысына М. Тынышпаев, И. Жайнақов, С. Аманжолов, О. Әлімжанов сайланса, күрделі саяси жағдайға байланысты Сырдария округінде сайлау өтпей қалды. Бірақ Сырдария облысы қазақтары арасында да сайлауға қатысты үгіт-насихат қызу жүргізілген. Депутат сайлау халық арасында үлкен саяси белсенділік туғызды. Бұрынғы сайлауда елудің бірі сайлауға қатысып, өзгелері тікелей дауыс беруден сырт қалатын халық бұл жолы әлеуметтік, мүліктік, діни сипаттағы шектеулерсіз тура сайлауға қатысып көрді.
Өлкеде кеңестік билік шиеленісті тартыстар арқылы орнады, жаңа қоғамның алдында нақты үлгі болмағандықтан да ескі қоғамның билік дәстүрлері бұрынғы негізін сақтап, жаңа қоғамға бейімделе түсті. Кеңес өкіметінің қоғамдық даму бағыттары айқындала бастаған кезде саяси арандатушылық әрекеттер патшалық биліктің жат әсері ретінде айыптала бастады. Большевиктердің өз қателіктері үшін жекелеген қайраткерлерді құрбандыққа шалу әрекеті кейінгі жылдардағы жаппай саяси қуғын-сүргінге негіз қалады. Өзінің шектен шыққан шовинистік пиғылын большевиктік озбырлықпен шебер жымдастырған И. Гержод Ақмешіт уезінде шексіз билік жүргізді. Большевиктік элитаның алғашқы буыны өкілдерінің типтік үлгісі болған Гержодтың саяси қызметі шовинизм мен асқынған отарлық пиғылдың ашық көрінісі еді.
Билік құрылымдарына жергілікті ұлт өкілдерін тарту Кеңестердің Өлкелік V съезінен (1918 ж. 20-30 сәуір) басталды. Мемлекеттік құрылысты айқындауда алдын-ала дайындалған шешімді заңдастыру үшін Орталық билік жергілікті ұлт өкілдерінен съезд делегаттарын көбейтуге мүдделі еді. С. Лапиннің «мұсылмандар барлық билікті өздеріне беруді талап ете алады, бірақ келімсек элементтердің өздерін билікке араластыруына келісім береді» деп кеңестік билікті парасатты сұхбатқа шақырған ұсынысы өктемдікпен аяқ асты етілуі Түркістан Мұхтариятын жариялап, кең ұлттық өкілеттік негізде билік құрылымдарын жасақтауына ұласқан еді. Биліктегі ұлттық өкілеттікті кеңейту тәжірбиесін большевиктер V съезде іс жүзінде қолдануға тырысып, партияның қатарындағы
12 жергілікті ұлт өкілін Түркатком құрамына енгізді.
Кеңес өкіметінің ұлт саясаты Кеңестердің Өлкелік V съезінен соң жергілікті халықтың қолдауына, ең болмағанда сеніміне, тіпті өте күрделі жағдайларда бейтараптығына қол жеткізу мақсатында қызу жүргізіле бастады. Көппартиялық жағдайда бұл мәселе барынша шиеленісті сипат алды. Оппозициядағы немесе жартылай оппозициядағы «Шурои Исламия», «Шурои Улема», «Иттифоқ», «Алаш» сияқты ұйымдардың бейтараптандырылуы большевиктердің өз мақсаттарын елеулі кедергісіз іске асыруына қолайлы жағдай жасады.
Түрккомиссияға ТКП Мұсылмандар бюросы қатарында өсіп шыққан ұлттық саяси элитаның большевиктік бөлігімен күресу көп күш жұмсауды қажет етті. Олар жергілікті халықтың өзін-өзі басқаруына қол жеткізуге ұмтылып, Түркістанның мемлекеттік құрылымы мен партиялық құрылысын қалыптастыруда «Түрік Кеңес Республикасы» мен «Түрік Коммунистік партиясын» құру идеясын республиканың құқын көрші мемлекеттермен дербес қатынас жасауға дейін кеңейтіп, ресейлік әскерді шығарып, ұлттық әскер құруды талап етті.
Ташкентке кең өкілеттікпен келген С. Орджоникидзе Түркістанның жоғары билік құрылымын қалыптастыруда шешуші рөл атқарып, Түркістан ұлттық элитасының қалыптасу тарихында өз қолтаңбасын қалдырды. Орталықтың ұсыныстарымен 1918 ж. соңынан бастап республикалық басшы қызметтерге большевиктік билікті қолдаған қайраткерлердің тартылуы ұлттың өзін-өзі басқаруына қол жеткізгендей алдамшы түсінік қалыптастырды.
Кеңестік мемлекеттік құрылыс жүйесінде Түркістан Халық комиссарлар Кеңесі (1917–1918 жж.) орталықтың ұстанымдарынан ауытқымайтын қуыршақ орган болды. Түркістан Кеңестерінің VІ төтенше съезінде (1918 ж. қазан) қабылданған Конституция Ресей үлгісін басшылыққа алғандықтан кеңестік құрылыстың саяси жүйесі ұлтқа жат құндылықтарға басымдық беріп, отаршыл басқару құрылымының империялық-тоталитарлық үлгісін жаңғыртты. Басқару құрылымдарын жасақтауда таптық қағида басшылыққа алынып, ұлттық мүдде назардан тыс қалды. Ресейлік үлгімен құрылған сот, прокуратура, ВЧК, әскери трибуналдар жергілікті европалық жұмысшылар мен солдаттардан жасақталды, олардың басшылары орталықтан келген «десанттардан» тағайындалды. Жергілікті ұлт өкілдеріне сенімсіздік танытып, оларды күштік құрылымдарға жолатпауынан бұл салалардағы ұлт кадрлары аз болды. 1920 жылға дейін жергілікті ұлт өкілдері қызыл әскер қатарына алынбады.
Эмиссарлық органдар Түркістан республикасында жоғары деңгейде партиялық және мемлекеттік қадағалау орнатып, партия-кеңес, шаруашылық қызметкерлерінен «десант» түсіру тәсілін тұрақты түрде қолданды. 1920–1923 жж. аралығында Түркістанға келген мәскеулік «десантшылардың» қатарында М. Буденный, Г. Бокий, В. Куйбышев, Ф. Голощекин, Я. Рудзутак, Л. Каганович, А. Иоффе, В. Ногин, С. Орджоникидзе, М.В. Фрунзе, Ш.З. Элиава сияқты «кәсіпқой революционер» деп аталған ескі гвардияның «генералдары» болатын. Олар Түркістанның қабырғасы қатпаған жас ұлттық элитасына орасан зор саяси, моральдық қысым жасады. Тіпті Фрунзе ұлттық саяси элита мен Түрккомиссия мүшелері арасындағы саяси теке-тіресті тізеге салып, Орталықтың пайдасына күшпен шешіп берді. Қызыл әскер Орталықтан келген саяси элитаның арқа сүйеген ең басты күші еді, 20-жылдардың бас кезінде Түркістанда 200 мыңнан астам ресейлік солдат болды.
Түркістандағы барлық шиеленіс мемлекеттік билікті айқындаудан туындады. Тәуелсіздік идеясы Ресей төңірегіне топтасқан біртұтас, бөлінбейтін мемлекет құру саясатына қарсы қойылды. Ұлттық демократиялық қоғам орнатуға деген ұмтылыс таптық қоғам құруды көксеген озбырлық әрекетке қарсы тұрды. Ұлттық элита құрылымының балаңдығы, саяси күштердің ұйымдық тұрғыда пісіп жетілмеуінен саяси теке-тірес большевиктердің пайдасына шешілді. Ұлттық күштер сапалық өзгерістерге сай тәуелсіздік үшін күрестің жаңа жағдайдағы тактикалық мақсаттарына топтаса бастады.
Түркістанда большевиктер саясатының басты бағытына айналған кеңестендіру жұмысын билік құрылымдарына жергілікті ұлт өкілдерін тартусыз іске асыру қиын еді. Соған сай ұлттық кадрларға байланысты екі айырым көзқарас қалыптасты: біріншіден, мемлекеттік қызметтерді сеніп тапсыратын білікті ұлт кадрлары жеткілікті дәрежеде қалыптаса алмады; екіншіден, ұлт кадрларына билік тұтқасын тапсыруға деген сенімсіздік басым болды, өйткені олардың кеңестік құрылысқа, большевиктік идеяларға тәуелділігін қамтамасыз ететін саяси тетік қалыптаса қойған жоқ. 1918 ж. ортасы мен 1919 ж. ортасы аралығында Түркістанда жергілікті кеңестерде ұлттық құрам бойынша екі деңгей айқындалды, біріншісі ауылдық, селолық және болыстық аткомдар; екіншісі уездік, облыстық аткомдар. Төменгі сайланбалы органдар мүшелерінің ұлттық құрамы сол әкімшілік бірлік аумағындағы ұлттың үлесіне сай келді. Ал керісінше уездік, облыстық атқару комитетінің құрамындағы ұлт өкілдерінің үлесі тұрғындардың абсолюттік санына сай келмеді.
Ұлт өкілдерінің билік құрылымдарына сайлануы қандай қиын болса, сайланғандардың қызметтік құқықтарын іске асыруы да көп қиындықтарға тап болды. Жетісу, Сырдария облыстарында атком мәжілістері мен съездерде жергілікті халықтан сайланған делегаттарға қысым жасау жағдайлары кездескен.
Осы кезеңде кеңес өкіметі кадр саясатына ерекше көңіл бөліп, 1918 ж. Түркістан ұлт істері жөніндегі комиссариаттың жанынан нұсқаушы-ұйымдастырушылар дайындайтын екі айлық курс ұйымдастырды. Алғашқы лек тыңдаушылары 18 сағат лекция тыңдап, бірден практикалық жұмысқа жіберілсе, екінші лекке қабылданған 36 тыңдаушының тек 12-сі ғана курсты толық аяқтап шықты, ал қалғандары түрлі себептермен оқудан қол үзген. 1919 ж. ортасына дейін партия, кеңес кадрларын дайындау жұмыстары теориялық және ұйымдық тұрғыда жолға қойылмады. Ұлт кадрларын билік құрылымдарына тартуға ресми биліктің ықылассыздығы мен орталықтың өзінде нақты оқу бағдарламасы мен әдістемелік тәжірбиенің болмауы да үлкен кедергі болды.
Ұлт өкілдерін кеңестік билік құрылымдарына тарту 1919 ж. соңы - 1920 ж. басында кеңестердің атқару комитеттерінің революциялық комитеттерге ауысуында бірқатар өзгерістерге түсті. Ұлт өкілдерінің атқарушы билік органдарындағы үлесі едәуір артқанымен, тағайындау қағидасы және ревкомның сандық құрамының шектелуі олардың жергілікті билік құрылымдарындағы абсолюттік санын кемітіп жіберді.
Түрккомиссия бастамасымен ұлыдержавалық-шовинистік және ұлтшылдық көзқарастарынан арылмаған түркістандық қызметкерлердің бір тобы Түркістаннан босатылып, Орталықтың қарамағына жіберілді. Оның есесіне 1920 ж. сегіз айда Түркістанға РК(б)П ОК түрлі мамандықтардағы 596 қызметкерлерді жолдады. Бұл әрекет ұлттық элитаның саяси эволюциясының ырғағын бұзып, ұлттық саяси бағыт-бағдарсыз партиялық-мемлекеттік номенклатураны қалыптастыруға негіз қалады.
1920 ж. қаңтарында Түркатком төрағалығына сайланған Т. Рысқұлов және оны қолдаушы партия, кеңес қызметкерлерінің тобы кеңес органдарына жергілікті ұлт өкілдерін кеңінен тартуға байланысты шараларды батыл іске асыра бастады. Мемлекеттік билік құрылымдарын қалыптастыруда таптық мүддемен бірге ұлттық мүддені де алға тартқан бұл топтың әрекеті кеңес органдарының кадрлық құрамын жасақтауда таптық қағидадан ұлтшылдыққа ауытқу деп бағаланды.
Түркістанның жергілікті халқын мемлекеттік басқаруға араластыру мәселесіне Я.Э. Рудзутак “Халықтың өзін-өзі билеуі дегеніміз бұратаналардан тұратын топты үкімет басына қою емес… Орысты бұратанамен ауыстыру арқылы біз саясат жасай алмаймыз, өйткені бұдан мемлекеттік өмірде өзгеріс бола қоймайды» [29] деп, қарсылық білдірді. Кеңес өкіметінің кадр саясатының жалпы қағидаларын бұрмалауды кейбір мүшелер саяси бөспелікпен бүркемелесе, Рудзутак оны ашық түрде танытты.
Мемлекеттік аппаратты жергіліктендіруде П.А. Кобозовтың, Т. Рысқұлов пен оның жақтастарының жергілікті тұрғындарға кеңестерде басым көпшілік орын беруі туралы ұсынысы Түрккомиссия нағыз шектен шыққандық деп бағаланды. Мәселеге В.И. Лениннің өзі араласып, тең үлесті өкілеттік туралы талаптарды дамыта келе РК(б)П ОК Саяси Бюросының 29 маусым 1920 ж. «Партияның Түркістандағы міндеттері туралы» қаулысы жергілікті кеңестер билігін сенімді коммунистердің бақылауымен еңбекшілерге беруді дайындау және оны біртіндеп іске асыру қажеттігін көрсетті.
РК(б)П ОК «Түркістанның барлық Коммунистік ұйымдарына кеңестік құрылыс саласындағы ТКП кезекті міндеттері туралы» 12 тамыз 1920 ж. хатында кеңес өкіметінің жергілікті ұлт еңбекшілеріне сүйенуі қажеттігі атап көрсетілді және орыс пролетариатының еңбекші халықты байлар, манаптар, бектер мен хандардың зорлығынан құтқару бағытындағы қызметінде ұлттық-тұрмыстық ерекшеліктер мен мешеуліктің тарихи себептерін ескеру қажеттілігі айтылды. Большевиктік билік орыс пролетариатының жетекшілік миссиясын осындай жолдармен де ресми түрде бекітіп отырды.
Ұлт өкілдерін билік құрылымдарына, қоғамдық-саяси ұйымдарға кеңінен қатыстыруды ТКП V съезі (1920 ж. қыркүйек) өлкедегі отарлық қалдықтарын толығымен жою аясында қарастырды. Түркістан кеңестерінің ІХ съезінде ТАКСР Халкомкеңесінің төрағасы И.Е. Любимов кеңес өкіметінің Түркістандағы бірден–бір дұрыс жолы ретінде РК(б)П ОК талдап жасаған «отаршылық та, ұлтшылдық та бізге керек емес, біз үшінші – интернационалдық бағытты жүргіземіз»... деген шешімді жайып салды. Ол өз сөзінде республиканың партия, кеңес органдары жергілікті қоғамның билеп-төстеушілерімен емес еңбекші бұқарамен жұмыс жасауы керек, «ұлттық бағытта емес таптық бағытта» күрес жүргізу керек [30] деп Орталықтың талабын шегелей түсті.
1918-1920 жж. Түркістандағы кеңес аппаратына жергілікті ұлт өкілдерін тартуда маңызды кезең болды. РК(б)П ОК мен Түрккомиссияның нұсқаулары және тікелей қадағалауы арқылы республиканың орталық және жергілікті билік құрылымдары ұлт кадрларын дайындау, орналастыруға қатысты шараларды іске асыру нәтижесінде республиканың билік құрылымдарына ұлт өкілдері кеңінен тартыла бастады. Әйтсе де демократиялық қағидаларды желеу еткен большевиктік билік ұлт кадрларын өсіруге таптық, идеологиялық шектеулер арқылы қоғамдық даму үдерісін қасаң таптық арнаға бағыттаумен болды. Осы кезеңде ұлт мәселесін пролетарлық интернационализм қағидаларымен алмастырудың алғашқы негізі қаланды. Шектеулер мен қиыншылықтарға қарамастан аталған кезеңде кеңестік қоғамдағы ұлттық элитаның алғашқы буыны өсіп шықты.
Кеңес өкіметінің нығаюы ұлттық элитаның саяси толысуына біршама қолайлы жағдай жасады. Бірақ ұлт-азаттық қозғалыста қалыптасқан идеялық тұтастық кеңестік қоғамдағы ұлт мүддесінің шешіміне және оны іске асыру тәсілдеріне деген көзқарас әр алуандығына байланысты ұлттық элитаның саяси жіктелуіне ұласты.
“Ұлттық элитадан – кеңестік номенклатураға” деп аталған төртінші тарауда элиталық құрылымның кеңестік үлгісі - партиялық-мемлекеттік номенклатураның қалыптасу қағидалары мен әдістері, соған сай кеңестік реформаларды іске асырудағы ұлттық мәселелердің шешімі жан-жақты талданады. Кандидатурасы тиісті партия комитетінде талқыланып, ұсынылып және бекітілетін барынша маңызды лауазымдар тізімін құраған номенклатураға маңызды қызметтігі қызметкерлер енгізілді. Н. Бердяев «Мемлекеттік билікті күшейткен пролетариат диктатурасы бүкіл елді және өзіне бағыныштыларды шырмауықтай шырмап алып, орасан зор бюрократияны дамытады. Патшалық биліктің бюрократиясынан әлдеқайда күшті бұл жаңа кеңестік бюрократия дегеніміз халық бұқарасын аяусыз қанайтын жоғары дәрежелі топтың өзі» деп жаңа қалыптасқан билеуші топқа бағасын береді.
Бұндай тұжырымдарды салыстыра отырып антагонистік топтар болмайтын социалистік қоғамда «халық бұқарасын аяусыз қанайтын» «жаңа топ» қалай пайда болды, оның әлеуметтік негізін кімдер құрайды? деген сауалдарға «Мемлекет дегеніміз – күштеу мекемесі», «Мемлекет дегеніміз күштің ерекше ұйымы, қандай да болмасын тапты басып-жаншу ұйымы» деген лениндік тұжырымның мәні «еңбекшілердің жалпыхалықтық социалистік мемлекеттерінде» «мемлекет қанаушы таптың қарсылығын басып-жаншу үшін қажет» [31] екендігін аңғартады.
Лениннің өзі 1917 ж. сәуірдегі партия конференциясында «Кеңес мемлекеті полициясыз, тұрақты әскерсіз, артықшылық жағдайдағы шенеуніктерсіз жаңа үлгідегі мемлекет болады» деген сенімде болатын. Әйтсе де оның қоғамдық дамуда жағымсыз фактор ретінде жоюға мүдделі болған саяси институттары керісінше жаңа биліктің үштаған тірегі болып шықты. Жаңа мемлекеттің күші мен қуаты осы тіректерді қалай қалыптастырып, қалай орнықтыруға тікелей байланысты болатын. Артықшылық дәрежедегі бюрократияның қалыптасуы қатты толғандырған большевиктер көсемінің «пролетариат диктатурасын» «коммунистердің большевиктік партиясы іске асырады» деген қисынына сүйенер болсақ, пролетариат жаңа қоғамға билік жүргізуші, қоғамдық дамудың авангарды болып шығады.
Осы «жаңа үлгідегі партияның» өзге партиялардан ерекшелігі оның мемлекет пен мемлекеттік аппаратты алмастырған тарихи миссиясы мен ішкі құрылымынан туындайды. «Бір жағынан ол кадрлық аппараты бар томаға-тұйық иерархиялық ұйым, екінші жағынан ол көпмиллиондық мүшелік құрамы бар ашық бұқаралық партия. Содан да партияның элитасы, белсенділері өздерін «партияның ішіндегі партия» сияқты сезінді» [32].
Большевиктік партияның кеңестік билікті нығайтудағы басты міндеттерінің бірі - партиялық-мемлекеттік аппаратты қалыптастыру болып белгіленуі алысты болжаған саясат еді. Соған байланысты Ресейдің ұлт аймақтары үшін кеңестік үлгідегі партия және мемлекет шенеуніктерін дайындауға баса мән берілді.
Р. Михельс «Қоғамдық байлықты шенеуніктердің ауқымды тобын құру арқылы ғана қанағаттанарлықтай басқаруға болады» деп атап көрсетеді. Қоғамның әлеуметтік жікке бөлінуі сөзсіз қажеттілік екендігі басы ашық мәселе. ХХ ғ. соңындағы зерттеушілер (С. Хантингтон, З. Бжезинский, М. Джилас, М. Восленский және т.б.) кеңес қоғамының әлеуметтік құрылымын тоталитарлық мазмұнына қарап, оны бір-біріне жауыққан номенклатура мен құқықсыз, меншіктен жұрдай бұқара түрінде сипаттайды. Бірақ номенклатураға таптық теорияны қолданып талдау жасау жеткіліксіз болар еді, себебі бұл қоғамда таптың негізгі белгісі – меншік иемдену мүлдем болмады. Кеңестік номенклатура мемлекеттік меншікке билік жүргізу құқын барынша кең қолданғанымен ол меншікті иемдену құқына ұласа қойған жоқ.
Кеңестік элитажасақтау жүйесінде дамудың мобилизациялық үлгісі сақталып қалды. Партияның Орталық Комитеті 1919 жылдың өзінде барлық күштер мен ресурстарды қатаң түрде орталықтандыру қажеттігін атап көрсетті. Өкімет біртұтас әскер мен біртұтас қолбасшылық, орталықтанған қаржы, транспорт жүйесі және т.б. енгізуді көздеді. Мобилизациялық үлгі қалыптасуының алғашқы кезеңі – әскери коммунизм саясаты болды. Л. Троцкийдің «Әскери коммунизм өзінің маңызы бойынша қоршаудағы қамалдың тұтынуын реттеу жүйесі болды» [33] деген тұжырымы халықты мобилизациялаудың тетігі ретінде әскери коммунизм саясаты концепциясының негізгі идеясы - еңбекті әскерилендіруге алып келді. Ол билікті монополиялаған саяси шараларға ұласып, өзге партиялармен бірге партияішілік қатынастарды да орталықтандырып және әскерилендіре түсті. Бұл жағдай 1919 ж. қабылданған партияның жаңа Жарғысында ішкі партиялық нормаларды күшейту түрінде көрінді. 1922 ж. ХІ партия конференциясында большевиктік емес партияларды қуғындауға дейін қатаң шаралар қолдану қарастырылды.
Номенклатуралық тағайындау практикасы партияның 1923 ж. ХІІ съезінде қабылданған «Ұйымдастыру мәселелері туралы» арнайы қарармен заңдастырылды, онда басқарудың барлық салаларындағы бос лауазымдарға осы қағидаға басымдық бере отырып тағайындау негізделді. Съезден соң 1923 ж. 12 маусымында «Тағайындаулар туралы» және 16 қарашада «Қызметкерлерді таңдау және тағайындау туралы» қаулылар қабылданып, съезд шешімдерін нақтылай түсті.
Мемлекеттік және партиялық аппаратты жаппай бюрократияландыру басқарушылар штатын едәуір арттыруды талап еткен экономиканы национализациялаудан туындады. Бюрократияның қаулап өсуіне әсер еткен келесі фактор – қарапайым игіліктердің зәрулігі жағдайында шенеуніктің статусы ол игілікке паек түрінде ресми, пара түрінде биресми қол жеткізудің кепілі еді. Кеңестік жүйенің басқарушылар табының қатарын толықтырушылар үшін басты қозғаушы күш – материалдық игіліктерге қол жеткізу болғандығын аңғарамыз. Кеңес өкіметінің меншіктік қатынастарды мансұқтауы және меншік иелерін қанаушы тап ретінде қуғындауы материалдық игілікке қол жеткізудің бір ғана жолы – меншікті басқаруға мүмкіндік беретін билік лауазымдарын иемдену болды.
1920 жылдан 1930 жылдардың бас кезіне дейінгі басқарушы тап қызметінің тиімсіздігі - билеуші тап ішіндегі алауыздық және басқару элитасы мен халық бұқарасы арасындағы алшақтық еді. Орталықта элитаішілік алауыздықтың себебі индустриялық модернизация технологиясына қатысты концептуалдық және билік үшін күреске арналған жеке бәсекелестік түрінде сипат алды. Бұл үдеріс Түркістан жағдайында көпқырлы көрініс тапты. Бұнда элитаішілік алауыздықтың себептерінің алдыңғы қатарына ұлттық өзін-өзі басқарудан туындаған себептер шықты, одан кейінгі басты себеп – Орталықтағыдай жаңа билік үшін емес, жекелеген ұлттардың жоғары билік құрылымдарындағы басымдығы үшін күрестен туындады.
Элита айналымына елеулі ықпал еткен партиялық тазарту акцияларына зорлық-зомбылық, бассыздық деп берілген баға басым болып келеді. Біздің пікірімізше, бұл акциялар бассыздықтан да бұрын партиялық басшылықтың белгілі мақсат көздеген байыпты әрекеті болған. «Әдебиет, партия, әскер – бұлар кейбір клеткалардың өлуін күтпей-ақ ауыстыруды қажет ететін организмдер. Сіздерді сендіре аламын, егер біз ескілері өліп біткенше күтіп, сосын барып жаңалаймыз десек, онда біздің құрығанымыз» [34] деген Сталиннің тұжырымы партия қатарын, сол сияқты элита құрамын үздіксіз тазартып отырудың мобилизациялық даму жағдайына қажетті шарттардың біріне айналғандығын танытады.
Елдің экономикасын жеделдете модернизациялау міндеттері қажет еткен сталиндік элитажасақтаудың мәні бірпартиялық жүйе түрінде билік ұйымдарының монополиялығы; комсомол, кәсіподақ, білім беру жүйесі, БАҚ және т.б. түріндегі азаматтық қоғам құрылымдарын мобилизациялау құралдарына айналдыру; сайланбалы органдарға билік аппаратының үстемдігін қамтамасыз ету; мемлекеттік басқару мен оның түйінді элементі саяси элитаны (партияны) әскерилендіру; саяси элитаның ішкі тұтастығына негізделген қатаң иерархиялық ұйым құру; басқару элитасы сапасының ерекше рөлі мен басқарудың жоғарғы эшелонының тиімді жұмыс істей алатын аймақтық және салалық жетекшілерінің тобын (200–300 адам) жасақтау және оларды стратегиялық маңызды лауазымдарға тағайындауды қалыптастыру; тұтастай алғанда, саяси элита мен саяси жүйені жоғары деңгейде идеологияландыру еді.
1929–1939 жылдары саяси төңкеріс арқылы түпкілікті іске асырылған бұл қайта құрулар элиталық топтың қатарын толықтыруда сталинизмнің практикасы «ұлы» революциялардың «басты мәні басқарушы тапты ауыстыруда жатыр; жаңа аристократия жасақтау революцияның шын мәнінде аяқталғанын білдіреді» [35] деген тұжырымды қуаттай түседі.
Партия құрылысында ұлт мәселесінің шиеленісті сипат алуы ұлыдержавалық шовинистер мен буржуазиялық ұлтшылдар өкілдерімен күрес деп сыныпталды. Түркістан Компартиясы ұлыдержавалық шовинизмді басты қауіп ретінде таныды және Кеңес өкіметінің шараларын Түркістан халықтарының ерекшеліктерін ескермей қолдануға деген ұмтылыс деп бағаланды. Ал жергілікті ұлтшылдық ұлттық ерешеліктерді дәріптеу, таптық мәселені кейінге ысыру, ұлт ішіндегі таптық мүдделерді тұншықтыру деп айыпталды. Ұлттық элитаның кез-келген саяси әрекеті қанаушы таптың мүддесін көздеу, социалистік құрылыс ісін бүлдіруге ұмтылу, буржуазиялық қатынастарды қалпына келтіру түрінде бағаланды. Партияның өз ішіндегі осы екі ағыммен күрес теориялық шеңберден шығып, ұйымдық-партиялық сипат алды. Осы негізде ұлттық құндылықтар таптық, бибауырмалдық құндылықтармен батыл түрде алмастырыла бастады.
Партиялық элитаның қызметінде кәсіподақтармен бір мезгілде партия құрылысы туралы пікірталастың өрбуіне екі жағдай ықпал жасады деп бағалауға болады: біріншісі, партия басшыларының соғыс жағдайынан бейбіт шаруашылық құрылысына көшуден туындаған партиялық жұмыстың түрі мен әдістерін біршама демократияландыру қажеттілігін жете түсінбеуі, екінші себеп шиеленісе түскен ұлт-азаттық қозғалыстың күшеюінен туындаған еді.
Түркістанда басшы кадрлар дайындаудағы маңызды тәсілдерінің бірі - сауатты жұмысшылар мен дихандар және большевиктік идеяға берілген интеллигенция өкілдерін мемлекеттік құрылымдар мен қоғамдық ұйымдарға тарту арқылы тәрбиелеу болды. Жергілікті кеңес депутаттары басшы органдарға жоғарылатудың негізгі резервін құрады. Олардың қатарында осы жолдан өткен Т. Рысқұлов, Н. Төреқұлов, Қ Ибрагимов, С. Қожанов, С. Асфендияров, Н. Айтақов, Б. Аралбаев, Қ. Сармолдаев, Н. Рүстемов және т.б. кейіннен кеңестік үлгідегі этноэлитаның өзегін құрады.
Алаштық тұғырнамадағы ұлттық элитаны билік құрылымдарына тарту большевиктердің амалсыздан ымырагершілікке барған уақытша жағдай болатын. Бұл жөніндегі көзқарасын И.В. Сталин Қазақ революциялық комитетінің құрылуынан соң іле-шала Е.Д. Стасоваға жазған хатында А. Байтұрсыновқа қатысты былай деп ашық білдіреді: “Мен оны революционер-коммунист немесе оны жақтаушы деп есептегенім жоқ және есептемеймін де, соған қарамастан оның ревком құрамында болуы қажет” [36]. Дегенмен, жоғарғы партиялық билікті қолына алып үлгерген И. Сталин ескі ұлттық интеллигенцияны биліктен шеттетіп, оны «пролетарлық интеллигенциямен» алмастыру мәселесін күн тәртібіне қойды. 1918-1920 ж. Ташкент қаласындағы алғашқы партия, кеңес мектептері 2100, соның ішінде 600 жергілікті ұлт өкілдерінің басшы кадрларын дайындап шығарды. Бұл әрекет республикалық партия, кеңес органдарын басшы кадрлармен қамтамасыз етуге шешуші ықпал жасай алмағанымен республикадағы жаңа үлгідегі ұлттық басшы кадрлар корпусының іргетасын қалады.
Түркістан жұмысшы-диқан коммунистік университеті (ТЖДКУ), 1923 ж. тамызында құрылған Ортаазиялық коммунистік университет Орта Азияда партиялық-мемлекеттік номенклатура құрамын қалыптастыруға ықпал жасады. 1923-1924 оқу жылында оқу орнында 445 тыңдаушы, олардың 369-ы (84%) жергілікті ұлт өкілдері білім алды. Тыңдаушылардың 44-і (9%) әйелдер болды. Оқу орнында білім беру 6 тілде жүргізілді. 1922 ж. соңында облыстық деңгейдегі 5 партия мектебінің 79 тыңдаушысы бар біреуі Алматы қаласына орналасты. Сол сияқты 1921 ж. Шығыс еңбекшілерінің Коммунистік университетінде (КУТВ) 1921 ж. 32 ұлт пен ұлыстың 512 студенті білім алды, олардың 16-сы түркістандық еді. 1922 ж. РК(б)П ОК университеттен Түркреспублика үшін 118 орын бөлді. Партия-кеңес қызметкерлерін дайындауда тыңдаушының әлеуметтік тегіне, партияға қатыстылығына баса мән берілді, ал оның ұлттық белгісі ұлт саясатының есебін толықтыратын атрибуттық мәнмен ғана шектелді. Жоғарғы партия органдары мүмкіндігі болғанша таптық күрестен ұлттық сипатты алып тастауға ұмтылды.
Партия ұйымдары жергілікті кеңестердің сайлауын мемлекеттік басқару қызметкерлерін дайындау және тәрбиелеу мақсатына пайдаланды. Партиялық басшылық кеңестер құрамын буржуазиялық-ұлтшыл элементтерден тазартып, оларды жұмысшы, диқандармен тездетіп алмастыруды Түркістандағы ұлт саясатының тағдырымен байланыстырды.
1924 ж. мамырдағы ТКП VІІ съезі партиялық билікті нығайту бағытында Орталық партия органдарының шешімдерін одан әрі тереңдетіп, партияның өз ішіндегі топшылықты айыптады. Бұл айыптау ұлт мүддесінің жоқтаушысы болған ұлттық элита өкілдерін ықтырудың кезекті саяси амалына айналды.
Түркістанда екіпартиялық саяси жүйе 1919 ж. көктемінде солшыл эсерлер партиясы жойылғанға дейін сақталды. Өкіметтік партия статусы большевиктер мен солшыл эсерлерге өлкеде өз саясатын жүргізуге кең мүмкіндік берді. Бірақ кеңес өкіметінің алға қойған міндеттерін іске асыру жолдары мен тәсілдерін таңдауда бұл екі партияның мүддесі алшақтай берді. Мәселенің түйіні олардың пролетариат диктатурасына қатысты көзқарасынан туындады. Солшыл эсерлердің бағдарламалары большевиктердің саясатына балама болғандықтан олар өзге әлеуметтік таптар және партиялармен бірге саяси аренадан ығыстырылды. Оның есесіне партиялық қолдауға сүйенген ТКЖО қатары өсіп, ұйымдық тұрғыда нығая түсті. 1924 ж. көктемінде Түркістан Коммунистік жастар ұйымы 28,8 мың мүше мен мүшелікке кандидатты біріктірсе, олардың 33 пайызы қазақ, 32 пайызы европалық, 17 пайызы өзбек, 2 пайызы түркімен, 3 пайызы ұйғыр, 8 пайызы басқа ұлт жастары болды.
Партияның комсомол комитеттеріне идеялық басшылығы әсіре билік пен саяси өктемдікке ұласуы республикалық партия және комсомол ұйымдары басшылығының арасында 1920 ж. жазында саяси жанжалға негіз болды. Мәселенің елеулі сипат алғандығын оны Түркбюро мәжілісі 31 шілдеде арнайы қарап, «Түркістан Коммунистік Жастар Одағы мен ТКП ОК арақатынасы туралы» қаулы қабылдауынан аңғарамыз. Ұлт жастарының басым бөлігін өз қатарына біріктірген комсомол ұйымдарының практикалық қызметі өлкедегі элитақалыптастыру үдерісіне елеулі ықпал жасай алды. Ғани Мұратбаевтың Түркістандағы саяси қызметі оның кеңестік үлгідегі жаңа буын элитаның өкілі болып қалыптасып келе жатқандығын танытатын еді.
Түркістан АКСР түріндегі алғашқы мемлекеттік құрылым аумақтық тұрғыда Түркістан генерал-губернаторлығының көшірмесі ғана болды. Сол территория, сол халық және шешімін таппаған бұрынғы мәселелер. Тек патша өкіметі кезінде сыналап іске асырылған отарлық саясатты кеңес өкіметі ашық жүргізе бастады. Кеңестік Ресейдің Орталық Азиядағы геосаяси мүддесін Л. Троцкий «Әлемдік саясаттың азиялық алаңында біздің Қызыл Армия европалық саясат алаңымен салыстырғанда әлдеқайда қуатты күш екендігіне ешқандай күмән жоқ. Бұл жерде бізге Европадағы оқиғалардың қалай өрбитіндігін ұзақ күтумен бірге азиялық шептегі белсенді қимылға да мүмкіндік беріледі» [37] деп тұжырымдайды. Бұл мүдде бойынша Түркістанға әскери, саяси плацдарм міндеті жүктелді. Идеология өзгергенімен, тарихи жағдай ауысқанымен патша өкіметінің геосаяси қадамдарының заңды жалғасы болған большевиктік билік ортаазиялық аймаққа толық бақылау орнату мақсатында 1917-1922 жж. әскери және саяси тұрғыда батыл қадамдар жасап, ұлттық мемлекеттік құрылымдарды талқандады.
Орталық Азия мемлекеттерінің мәдени өркендеуі, экономикалық дамуы, саяси өзгерістері бір-бірімен тығыз ықпалдастықта іске асқандықтан да мәселені кешенді негізде қарастыру тарихи ақиқатқа айқындық береді. Мәселенің осылайша қойылуы қазіргі заманғы түйткілді құбылыстарды танып білудің тетігі болмақ. Түркістан республикасында кеңес өкіметі жүргізген қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық өзгерістерді ұлттық мүдде тұрғысынан қарастыру міндеті ескі мәселеге жаңа көзқараспен қарауға мүмкіндік берді. Соған сәйкес, Түркістан тарихында кеңестік биліктің өзгерістері қоғамды модернизациялауда елеулі ілгерілеушілік болғандығы қандай ақиқат болса, ұлттың тәуелсіздікке ұмтылған әрекетін саяси айла-шарғымен, экономикалық қысыммен, әскери күштеу арқылы қоғамдық дамуды тежеуші күшке айналғандығы да сондай ақиқат деп бағалай аламыз.
“ХХ ғ. алғашқы ширегіндегі Түркістан ұлттық элитасы” деп аталған бесінші тарауда ұлттық элитаның жеке құрамы мен саяси-әлеуметтік құрылымындағы саяси ағымдар және тарихи кезеңдегі ұлттық элита қызметінің сипатты ерекшеліктері айқындалды.
Элитаның маңызды сипаттарының бірі - билігінің заңды деп танылу мәселесі болса, қазақ қоғамында билік заңдылығының М. Вебер негіздеген үш үлгісі де кездеседі, олар: дәстүрлі қоғамдағы беделді құрметтеуге негізделген дәстүрлі билік заңдылығы: екіншісі, харизмалық қасиеттерді ұлықтауға негізделген заңдылық; үшінші, парасатты заңдылыққа сүйенген демократиялық қоғамдағы биліктің заңды деп танылуы. Бұл үлгілер қазақ қоғамында өзіндік ерекшеліктерімен көрініс тапты.
Европалық қоғамдық-саяси тәжірибе негізінде қалыптасқан элиталық теорияның көптеген өлшемдерді көшпелі өркениеттің төлтума ерекшеліктерін қамти алмайды. Дәстүрлі қазақ қоғамындағы саяси билік пирамидасының биігі - хан, іргетасы - халық болса, биліктің екі нысанының арасын жалғастыратын аралық буынды билер, жыраулар және батырлар түріндегі элиталық қатпар құрады. Ғылыми әдебиетте орныққан осы байланыстырушы категориялардың қатарына діни элита өкілдері де қосылады. Әр рудың діни мәселесі қожа әулетінен шыққан, арнайы дайындықтан өткен пірлердің құзырында болып, олар элита қалыптастырудағы дін факторының өзегін құрады.
Ресей отарлауының басталуы дәстүрлі қазақ қоғамында билік институттарымен бірге ұлттық элита құрылымының да күйреуі ретінде қарастырылуы тиіс. Түркістандағы отарлық әкімшіліктің басқару элитасын Ресей қоғамының жергілікті элитасы деп оқшауласақ оның басты белгісі патшалық бюрократияның асқынған үлгісі болуында. Жергілікті элитаны өлкедегі генерал-губернатор бастаған жоғары лауазымды мемлекеттік және әскери шенеуніктер мен жергілікті қаржы-өнеркәсіптік буржуазияның ірі өкілдері құрады. Европалық ұлт өкілдерінен құралған бұл топтың арасында ғылым мен мәдениет қайраткерлерінің үлесі де ықпалы да мүлдем елеусіз болды.
Ресми билікке қатынасы, әлеуметтік-саяси жағдайы және ұстанған қағидаларының әртүрлілігіне қарамастан діни, этникалық тегіне қарай топтасқан әлеуметтік топты ұлттық элита деп атаймыз. Ұлттық элита Түркістан халықтарына ортақ ұғымда қолданылады. Оның жеке құрамы отарлық билікке жақын ұлт шенеуніктері, буржуазияның ықпалды өкілдерімен бірге әкімшілік қызмет атқармаса да ел ішіндегі дәстүрлі билік ықпалын сақтап қалған дін, мәдениет қайраткерлерін біріктірді. Бұл топтың арасында дін өкілдері мен ақын-жазушылардың қатары мол әрі ықпалы да елеулі болды. Ұлттық элитаның отарлық билікке оппозиция ретіндегі салмағы уақыт өткен сайын арта түсті.
Ұлттық дербестенуде этноэлиталық топтар белсенді рөл атқарды. Түркілік, мұсылмандық бірлік аясында күрес жүргізген қазақ, өзбек, қырғыз этноэлитасының атқарған қызметтері әртүрлі болды. Солардың арасынан қазақ зиялылары алдыңғы шепке шықты. ХІХ ғ. соңы - ХХ ғ. басында қалыптасқан бұл қуатты топ ұлттық саяси-азаттық элитасын құрады.
Кеңес өкіметінің орнауымен біртұтас Түркістан ұлттық саяси элитасының идеялық және этникалық даралануы қатар дамыды. Қоғам ауысты, мемлекеттік билік институттарының құрылымы мен мазмұны жаңарды. Ұлттық саяси элитаның кеңестік билікті мойындамаған өкілдері биліктен ғана емес, қоғамнан да шеттетіле бастады. Ал элитаның жаңа буыны өкілдерінің саяси партиялық номенклатура талаптарына сай қалыптаса бастады. Ұлттық мүддеге бірде жақындап, бірде алыстаған олардың элиталық қызметі алғашқы кезден бастап күрделі сипат алды. М. Сұлтанғалиев пен Т. Рысқұлов коммунистік доктринаның барлық постулаттарын қабылдай отырып, оны аймақтың ерекшелігіне бейімдеуге әрекет жасады. Олардың кеңестік және коммунистік үлгідегі республикалардың «түрік», «мұсылман» нұсқасын іздестіруінің мәні - коммунистік тәртіпті орнату тетігін жұмсарту («социализмге тақия кигізу») ғана болғандығын билік басындағылар түсінгісі келмеді. Түркістанда жұмысшылардың партиясы ретінде большевиктік идеяларға әлеуметтік негіз болмағанымен саяси белсенді ұлттық интеллигенцияның партия қатарына өтуі пайдакүнемдік, мещандық және интеллигенттік ұлтшылдық деп бағаланды.
Әлеуметтік құндылықтар билікке ұмтылған ұлттық элитаның әрекетін реттеуге ықпал жасады. Тәуелсіздік, әлеуметтік теңдік, сөз, ождан бостандығы сияқты демократиялық құндылықтардың субъектісі ретінде ұлттық саяси элита құрылымдық, мазмұндық сапаларын жаңалауымен бірге ұлттық мүддені көздеген саяси ұрандар арқылы бұқаралық санаға ықпал жасай бастады.
Идеологияны қалыптастыру, насихаттау және іске асыруда ұлтық элита әлеуметтік әртектілігіне қарамастан кеңестік доктринаға балама позиция ұстанды. Түркістан қозғалысындағы жәдиттер мен улемашылар, большевиктерге біршама жақын иттифоқшылар мен «үшжүздіктер» және Алашорданың Оңтүстік бөлігі түріндегі саяси ағымдар Түркістан компартиясының қызметіне ықпалын тигізбей қалған жоқ. Отаршылыққа қарсы көңіл-күйдің кеңестік билікке қарсы сипат алуы ұлт коммунистерінің топаралық күресі деп бағаланып, ұлттық элита өкілдерін саяси айыптауларға негіз болды.
Жаңа экономикалық саясат жағдайында партиялық және мемлекеттік билік құрылымдарындағы ұлт коммунистері Кеңестік биліктің ұлт саясатына наразылықтарын ашық білдіре бастады. Бұндай белсенділіктен қауіп ойлаған басшылық партия ұйымдарындағы ауытқушылық атаулымен күресті күшейту мақсатында ұлт коммунистерінің ІV кеңесін ұйымдастырды. М. Сұлтанғалиевті идеялық тұрғыдан талқандауда Сталин дайындаған саяси ойынға ұлттық мүдденің қорғаушысы болып қатысқан Т. Рысқұлов одан айыпкер болып шықты.
Эмиссарлық органдар түркістандық бірлікке жол бермеу бағытын ұстанды. Бұл бағытта жүргізілген саяси қитұрқылық шаралары республикада ұлттық теке-тіреске дейін ұласып, ұлттық-территориялық межелеу кезінде этноэлиталық топтар арасындағы өткір саяси күреске ұласты. Ұлт кадрларының саяси жұмыстардағы тәжірибесіздігі кеңестік басқару элитасы қалыптасуының инкубациялық кезеңіне тән белгілер еді. «Қазақ зиялыларының азаттық жолындағы күресте жікшілдік, рушылдық, жүзшілдік дегенді білместен әркез ниеттес, пікірлес болған» [11, 275 б.] біртүтастығына жаңа саяси жүйе үлкен сын болды. .Кеңестік билік институттарында ұлттық мүддеге барынша тиімді даму, басқару әдіс-тәсілдер жүйесін іздестіруге қызмет еткен корпоративтік әрекет біртұтас ұлттық сана қалыптасып үлгермеген бұқараның жекелеген саяси, әлеуметтік жіктерінің билікке көзқарасы мен қатынастарын білдірумен ерекшеленді. Ұлттық идеялар төңірегіне топтасқан қозғалысты ыдырату мақсатында бұл топтар қызметіне рушылдық, топшылдық, мансапқорлық мазмұн беруге баса көңіл бөлінді. Жоғары партия органдары тарапынан кейде ашық, кейде жасырын өршітілген бұндай топшылдық күрес партия құрылысынан да бұрын ұлттық топтасуға көп кедергі келтірді. Рысқұловты Түркістаннан ығыстыруда РК(б)П Ортаазиялық бюросы осы топшылдық күрес тәсілін пайдаланды. Тұрардың «маған мына үштік одақ: өзбек саудагерлері, аудармашылар және Алашорда ұйымы қарсы шықты деп есептеймін» [38, 151 п.] деген тұжырымы негізсіз емес еді.
Партиялық басшылық Т. Рысқұловтың саяси күрестегі ұстанымдар жүйесіне «рысқұловшылық» деген айдар тақты. Ұлттық элита өкілдері Т. Рысқұлов көзқарасының интернационалдық сипатын қуаттамай, оның идеяларының саяси тәуекелшілдігін сынап отырған. Т. Рысқұловтың Түрік Кеңестік Социалистік республикасын құру идеясына қарсы болып, оны биік мінбелерден әшкерелегенімен Н. Төреқұлов “рысқұловшылықты” саяси мүдде көздеген топтық құбылыс емес, қайта жергілікті мәдени-рухани және қоғамдық ерекшеліктерден туындаған әлеуметтік ағым деп парасатты тұрғыда бағалады. Оның пікірінше, әлеуметтік ағым ретінде жаңа қоғамдық тәртіп онымен күреспеуі керек, қайта ондай ағыммен санасуы тиіс.
Дақпыртқа айналған ұлтшылдық ағымдардың бірі «Қожановшылық» алдымен Түркістанды, кейін Қазақстанды «отаршылық боқтықтан» (С. Қожанов) тазартуға қызмет етті. С. Қожановтың өлкедегі эмиссарлық орган мүшелерімен ұлттық мәселеде өткір саяси қақтығысқа келуі оның қызметіне партия тарапынан жағымсыз мінездеме беруге негіз болды. Ресми органдарда бұрыннан қалыптасқан бұндай теріс көзқарас Т. Рысқұловтың Сталинге жазған хаты арқылы «қожановшылық» деген саяси айдарға ұласты. Ал Түркістан қоғамында билік құрылымдарына ықпал жасау сипатына ие болған «Қожанов тобы» шын мәнінде ұлттық мүддеге топтасқан элита құрамын қуғындауда ресми билік өрбіткен саяси даңғаза еді.
1923 жылы С. Қожановтың Ортаазиялық Бюро құрамына мүшелікке тағайындалуы оны большевиктік биліктің мойындауы еді. Ұлттық элита арасындағы Рысқұлов пен Қожановтың саяси бәсекесі осы тағайындаудан соң ресми сипат алды. Екі қайраткердің көзқарасында ұлттық мүддеге қатысты ортақ ұстанымдар болғанымен олардың бір-біріне қарама-қарсы пікірлері де аз емес болатын. Мәскеулік эмиссарлар екі қайраткерді бір-біріне қарсы қою арқылы ұлттың тұтастығына жік салуды көздеп, саяси бәсекені ашық саяси теке-тіреске дейін өршітті. Дегенмен бұл әрекет түгелдей мәскеулік сценарийдің жемісі деуге болмайды. Екі тұлғаның саяси көзқарасы мен қызметіндегі қарама-қайшылық сындарлы кезеңде ұлттық болмыстың бетпе-бет келген күрделі қоғамдық-саяси қайшылықтарының да көрінісі еді. Бұл жерде олардың жеке өмірінде ұстанған әлеуметтік, мәдени құндылықтар жүйесі саяси тұлғаларының бағыт-бағдарын айқындағандығын ескеруіміз керек. Топшылдық күреске партиялық билік бағасының негізсіздігін әшкерелей келе осы саяси құбылысқа жаңаша көзқарас қалыптасуы қажеттігіне көз жеткіземіз. Ол көзқарас топшылдықты саяси құбылыс ретінде кемшілік, жетістігімен бірге ұлттық саяси элитаның қоғамда ұлттық мүддені қорғауға бағытталған күрес тәсілі ретінде қарастыруға негіз болады.
Түркістан ұлттық элитасының құрылымына тән ең басты ерекшелік - оның саяси, әлеуметтік және этникалық күрделі сипаты. Бұндай күрделі құрылым аймақтың саяси, экономикалық және рухани интеграциялық дәстүрлері мен тарихи Ресейдің және кеңес өкіметінің қоғамды модернизациялау барысында қалыптасты. Патшалық, кеңестік билік жүйесі дәстүрлі элиталық құрылым сипатын мүлдем өзгертіп жіберді. Әйтсе де, жаңа сипатты ұлттық элита өз қызметінде дәстүрлі элитаның биік қасиеттері мен мұраттарын уақыт талабына сай жаңғыртып, жетілдіре алды. Бұл жағдай ұлттық элитаның үлкен жетістігі болғанымен партиялық-мемлекеттік номенклатура жүйесі ұлттық мазмұн мен сипатты таптық-саяси құндылықтармен алмастыруға күш салды.
Кеңестік қоғамның басқару құрылымдарының негізін құраған ескі мемлекеттік қызметкерлердің басты миссиясы екі қоғам арасындағы байланыстырушылық рөл еді. Бұл категорияның қатарында М. Тынышпаев, С. Асфендияров, Т. Рысқұлов, С. Қожанов, Н. Төреқұлов, А. Серғазиев, Қ. Ибрагимов, И. Тоқтыбаев, Б. Аралбаев, Қ. Сармолдаев, С. Есқараев, О. Жандосов, Т. Жүргенов, Н. Айтақов, Н. Рүстемов, Ә. Палмұхамедов, Ә. Құдабаев, Н. Сатығұлов, Қ. Болғанбаев, Қ. Қожықов, Қ. Күлетов және т.б. көптеген тұлғаларды атауға болады. Олар жаңа қоғамда ұлттық құндылықтарды қалыптастыруға ықпал жасады. Партноменклатура жүйесі нығайған сайын билік институттарындағы ұлттық элитаның алғашқы буынының ықпалы азая берді. Оларды қуғындаудың алғашқы толқыны 1930 жылы А. Байтұрсынов, М. Дулатов, екінші толқыны М. Тынышпаев, Халел Досмұхамедов және Жанша Досмұхамедовтер бастаған топқа байланысты жүргізілді. Бұл істер бойынша істі болғандардың көпшілігі түркістандықтар болды.
Қуғындаудың келесі толқыны 1932-1933 жж. «Бірыңғай жасырын орталық басқарған біртұтас контрреволюциялық құрылымдар» деген атпен оннан астам істі біріктірді. Ұлтшылдық орталықтың басшылары И. Тоқтыбаев, Б. Аралбаев, Қ. Баймұхамедов, Ғ. Нығматіллаевтердің ісі дербес жүргізіліп, бес жүзден астам азамат түрлі мерзімдерге бас бостандығынан айрылды. Қуғындалғандардың басшылары Түркістанда жоғары лауазымды қызмет істегендер еді.
Топшылдық күрестің негізінде элитаайналымы заңдылығы жатқандығын көреміз. Мәселеге М. Қойгелдиев «Қазақстандағы саяси ахуалға Орталықтың білек сыбана араласуына жол ашып берген себептердің бірі және бірегейі – ұлттық интеллигенция арасындағы өзара алауыздық. Сыртқы түрі рушылдық, жершілдік сияқты феодалдық сипат алған бұл топаралық күрестің түптеп келгенде, негізі қызмет үшін талас жатқан болатын. Өкінішке орай, құжаттардың көрсетуіне қарағанда топаралық күрестің өршіп отыруына ресми орындар да түрткі болған» деп баға береді.
Көпұлтты Түркістан жағдайында қалыпты көрінген топшылдық күрес Қазақстандағы Голощекин-Қожанов тартысында ашық саяси айыптау нысанына айналды. С. Қожанов 1927 ж. Өлкелік Комитетке Ежов пен Ненайшвилидің «басшылық ықпалы негізінен топаралық қатынастарды есепке алу, топтардың арасалмағын теңестіріп отыру саясатына құрылды. Ал мен топтарға заңды сипат беруге қарсы тұрдым» [39] деп жазды. Топшылдық тартысқа партия органдарының қоғамдық-саяси сипат беруі мемлекеттік билік тізгінін ұлт өкілдерінің қолына ұстатпауға қызмет жасады. Осы мәселенің ушығып кеткендігі соншалықты С. Қожанов 1924 ж. қазанында Сталинге «...Қырғызстандағы партия-совет кадрларының одан әрі ыдырауын тоқтату және тоқырау ахуалынан суықтыру үшін ең алдымен РК(б)П Орталық Комитетінің өзінің тікелей басшылық жасауымен табанды партиялық режим орнату керек» [40] деп жазуға мәжбүр болды. Ұлттық элитаның саяси-идеялық тұтастығына Түркістан қоғамында қағылған сына біртұтас қазақ мемлекеттілігі жағдайында ресми биліктің қолдауымен қауіпті саяси алауыздыққа ұласты.
Әлихан Бөкейхановтың саяси элитаны ұлттық идея төңірегіне топтастырудағы қызметі ерекше. Ақпан буржуазиялық төңкерісін Минск қаласында қарсы алған Ә. Бөкейханов бастаған бір топ ұлт зиялылары қазақ даласына жолдаған жеделхаттың ұлт-азаттық қозғалысқа бағыт сілтеген маңызы үлкен болды: біріншіден, жеделхат жолданған тұлғалар мен жеделхатты жолдағандардың тізімі сол кездегі жаңа қалыптасып келе жатқан ұлттық элита өкілдерінің жеке құрамын нақтылауға көмектеседі; екіншіден, жеделхат мазмұнында көтерілген идеялар ұлт-азаттық қозғалысының саяси тұғырнамасын айқындап, ұлттық элита қызметінде басшылыққа алынды.
Ә. Бөкейхановтың мүдделестер тобын құрып, қатардағы көп міндеттерден ең бастысын ажыратып алатын көсемге тән саяси көрегендігіне сай Әлихан – Нәзір қатынасына ерекше назар аударуға болады. Олардың Минск қаласында түйіскен тағдыры саяси ынтымақтастыққа ұласты. Кеңестік биліктің жоғары лауазымдарында болған Н. Төреқұлов Шығыс халықтарының Орталық баспасында өз ұстазын материалдық тұрғыда қолдап, саяси қамқорлыққа алған.
Жеделхатқа қол қоюшылар Мырзағазы Есболов, Міржақып Дулатовтардың саяси және шығармашылық қызметі Түркістанмен тығыз байланыста дамыды. М. Дулатовтың «Ақжол» газетіндегі «Қазақ зиялылары» мақаласы ұлтшылдық ұғымына дұрыс түсіндірме жасап, оны саяси айыптаудан аршалауға қызмет етті. «Біздің қазір ортақшыл болып отырғандар кімдер? Мұнан кейін де болса бола алатындар кімдер? …бізден қазір шын коммунист болдым деп отырғандар (өтірік коммунистерді айтпаймын) – кешегі ұлтшылдар. Мұнан кейін де шын коммунист болуға жарайтындар – тағы да сол бұрынғы ұлтшылдар. Үшіншісі – қазіргі жаңа талап жас буын» [41] деген М. Дулатов элитаға қойылатын ең басты талап ретінде ұлтжандылықты атайды. Т. Рысқұлов «Дулатов партияға бұрынғы идеялық қырғыз ұлтшылдарымен (яғни өзі сияқтылармен) ынтымақтасуды, ал бұрын идеялық тұрғыда ұлтшыл болмаған қырғыз коммунистерін авантюристер ретінде партия қатарынан тазартуды ұсынады» [38, 237-238 пп.] деген айып тағады. Ұлт элитасының өз арасында ұлтшылдыққа қатысты осындай көзқарас алшақтығы орын алды.
Ұлттық мүддені ұлықтаған «ақжолдықтар» мен И. Сталинге жүгінген большевик- биұлтшылдар түрінде ұлттық элитаның арасына түскен терең саяси, рухани жік қоғам дамуымен бірге алшақтай түсті. Кеңестік тоталитарлық жүйе осы теке-тіресте ұлтшылдарды большевик-биұлтшылдарға жеңіп бергендей болғанымен 30 жылдардың соңында олардың өзі де сталиндік қанды қасаптың құрбаны болды. Осыған байланысты «Ұтқан кім, ұтылған кім?» деген сұрақ туындайды. Біздің пікіріміз, саяси жүйенің ойынына айналған бұл пайдасыз, берекесіз тартыста ұтқан ешкім жоқ. Бәрі де ұтылушылар болды. Ең басты ұтылушы - қазақ ұлты еді, өйткені оның тәуелсіздігі көп жылға кейінге шегерілді.
Түркістан ұлттық элитасының жеке құрамындағы М. Жұмабаевтың шығармалары түркі халықтарын саяси бірлікке үндеген өршіл рухымен, ұлт зиялыларының көкейіндегі арман-мұратты дөп басуымен құнды еді. С. Қожанов, Х. Досмұхамедовтердің риясыз қамқорлығына бөленген М. Жұмабаев өз шығармалары арқылы олардың өзіне артқан сенімін ақтай алды.
Түркістандағы шығармашалық элитаның өкілдері Ғазымбек Бірімжанов, Қошке Кемеңгерұлы ұлт мүддесіне қызмет жасауды басты парыз санаған. Ұлттық шығармашылық элитаның ең жас буын өкілдері Бейсенбай Кенжебаев, Өтебай Тұрманжанов, Әуелбек Қоңыратбаевтардың М. Дулатов, М. Жұмабаев, Қ. Кемеңгеров, Ж. Аймауытов, М. Әуезовтермен қызметтес, пікірлес болуы ұлтқа қызмет жасаудың өнегесіне айналған азаматтық және шығармашылық тұлғаларының қалыптасуына шешуші ықпал жасады.  1922 ж. соңында Ташкент қаласында қазақ ғалымдары мен қаламгерлерінің бастамашылығымен құрылған «Талап» қауымдастығы ұлттық мәдени, рухани дамудың бағыттарын айқындауда орасан зор қызмет атқарды. 1916 ж. 26 қарашасынан 1917 ж. мамырына дейінгі аралықта Ташкентте К. Төгісовтің құрылтайшылығымен жарық көрген «Алаш» газеті демократиялық бағыттағы басылымдардың алғашқысы болды. М. Шоқайдың басшылығымен 1917 ж. тамызынан бастап жарық көрген «Бірлік туы» газеті Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының жаршысына айналды. М. Шоқай, Қ. Болғанбаев, С. Қожанов редакторлық жасаған газет «Шурои Исламияның» ұлт-азаттық күресте ұстанған бағыттарын халыққа жеткізіп, большевиктік билікті әшкерелейтін өткір саяси мақалаларымен халықтың көңілінен шықты.
Түркістандық қазақ элитасының ұлттық ұйытқысы болған “Ақ жол” газеті 1920-25 жж. ТКП ОК және Түркаткомның баспасөз органы ретінде жарық көрді. С. Қожанов, М. Дулатов, Ғ. Бірімжанов және т.б. көрнекті ұлт зиялылары редакторлық жасаған газет арқылы халықтың ортасынан шыққан көрнекті қайраткерлердің көтерген идеялары қазақ бұқарасына жол тауып жатты.
Ұлттық элитаның саяси көзқарасында түркістандық бірлік пен ұлттық дербестену идеясы жолайрық мәселеге айналды. Түркістандық атауымен саяси және этникалық бірлікке топтасу орыс басқыншылығынан ұлттың аман қалуының бірден бір жолы деп қабылданды. Содан да төңкеріске дейінгі ұлттық элитаның көрнекті өкілдері М. Бехбуди, М. Шоқай, А. Фитрат, кейін большевиктік идеяларға берілген Т. Рысқұлов пен Ф. Хожаевтар да өздерінің саяси қызметтерінде түркістандық бірлікті басты мақсат етті. Оның үстіне ХХ ғ. алғашқы ширегінде Ресей империализмі мен большевиктік доктринаның қоғамдық өмірді модернизациялау және басқа да өктем саясаты қалыптастырған ахуал Орталық Азия мұсылмандарының біртұтас ұлт болып ұйысуына біршама қолайлы жағдай туғызғандай еді. Дегенмен Ә. Бөкейханов, Н. Төреқұлов, С. Қожанов, М. Дулатов түркілік бірлік идеясының негізділігіне күмән білдіреді. Жаңа жағдайда түркістандық саяси элитаның этникалық дербестікке ұмтылуы, сонымен бірге этногенез үдерісінің шарттары модернизация жетістіктеріне ұласып, өлкедегі ұлттық даралануды жеделдете түсті.
«Түркістандық» деген жалпы атаумен біріккен түркі халықтарының ұлттық даралану үдерісін кеңес өкіметінің межелеу саясаты аяқтады. Жасанды жолмен біріктірілген «түркістандықтардың» жеке ұлттарға бөлінуі болмай қоймайтын тарихи ақиқат болатын. Т. Рысқұловтың Түрік Кеңестік Социалистік Республикасын құру жөніндегі идеялары мен практикалық іс-әрекеттері белгілі бір мақсаттарда өзін ақтағанымен саяси конъюнктурадан өзге үлкен тарихи жүк көтере алмады. Өйткені түркілік бірлікті саяси-экономикалық тұрғыда кеңестік мемлекеттік жүйе құрылымына кіріктіретін оңтайлы практикалық тетік жасалмады. С. Қожановтың бұрынғы қалыптасқан дәстүрлі байланыстарды дамыта отырып, ұлттық-территориялық тұрғыда межелей отырып, Орта Азия мемлекеттерінің саяси федерациясын құру жөніндегі ұсынысы нақты өмір шындығын танытқанымен кеңестік билік мәселені өз мүддесіне сай шешті.
Қорытынды бөлімде зерттеу жұмысы бойынша жасалған негізгі ой-пікірлер мен қорытындылар және ұсыныстар тұжырымдалды.
Соңғы кезге дейін отандық тарих ғылымының ғылыми зерттеу қызметінде элита теориясының әдістемелік мүмкіндіктері толық игерілмей келеді.
Элита теориясынан туындаған әдістемелік тәсіл қоғам дамуындағы күрделі тарихи үдерістерді билік құрылымдарының қызметі түрінде терең тануға мүмкіндік береді. Әйтсе де ол қоғамдық дамудағы әлеуметтік ақиқаттың тарихи өлшемдерінің жиынтығы болғандықтан да қоғамдық жүйелердің, билік құрылымдардың ауысуындағы мәдени, рухани құндылықтардың сабақтастығы мен жаңғыруы деңгейін айқындауға қызмет жасайды. Бұл үдерістің мәні қоғам тұрақтылығының өлшемі болғандықтан аталған тәсілдің тарихи танымдағы маңызы зор. Таптық-формациялық теория мен элита теориясының әдістемелік өлшемдері бір-біріне бара-бар ұғымдар болғанымен олар қоғам дамуының тарихи заңдылықтарын танудағы әмбебап тәсіл бола алмайды, содан да оларды бірден-бір дұрыс өлшем деп қабылдау ғылыми ақиқатқа қиянат болған болар еді.
«Түркістан ұлттық элитасы» феноменін дәстүрлі ұлттық элитаның тарихи Ресей мен Кеңес өкіметінің қоғамды модернизациялау үдерісінің жағымды және жағымсыз факторлары ықпалымен мазмұндық, түрлік тұрғыда күрделі өзгеріске түсіп, жаңа қоғамдық талаптарға сай өз құрылымын жаңғырта алған, сол арқылы күрделі қоғамдық-саяси жағдайда ұлттық мүдденің бірден–бір қозғаушы күшіне айналған қоғамдық құбылыс деп бағалаған орынды.
Қазақ ұлттық мемлекеттігінің билік құрылымдарының теориялық мәселелері қоғамдық дамудың рухани-адамгершілік және мәдени-әлеуметтік факторларын ескеріп, ұлттық мүддені жалпыадамзаттық құндылықтармен ұластыру арқылы шешілмек. Бұл мәселеде қоғамдық дамудағы ұлттық ерекшеліктерге басымдық берілуі тиіс. Элита категориясы белгілі бір мәдени-рухани дәстүрлерде қалыптасып, орныққан, біртұтас азаматтық қауымдастық негізде топтасқан қоғамның барлық құндылықтарының жинақтаушысы, жаңғыртушысы болатын саяси-әлеуметтік топ. Ал ұлттық элита категориясы мемлекет құрушы қазақ ұлтының төңірегіне топтасқан саяси-әлеуметтік қауымдастықтың жоғары тобын білдіретін «қазақстандық элита» ұғымында орнығуы керек.
Элитаның күрделі саяси-әлеуметтік құрылымы өзінің ішкі заңдылықтарына сай өз қатарын толықтырып, саяси-әлеуметтік бағдарын өзгерте алғанымен оның қызметінің тиімділігі белгілі дәрежеде мемлекеттің саясатына тәуелді болып келеді. Демек, қоғамның элитақалыптастырушы орта болғаны сияқты элиталық құрылым да мемлекеттің қоғамдық-саяси, мәдени-әлеуметтік институттарын қалыптастыруға тікелей басшылық жасайды. Бұл өзара байланыстың үйлесімділігі қоғам дамуының деңгейін анықтайды. Түркістан тарихын элита теориясы концепциясының тұрғысында кешенді және жүйелі түрде талдау қазіргі заман тарихының қоғамдық-мемлекеттік бағдардағы ұлттық мүдденің қалыптасуы мен іске асу эволюциясын айқындауға мүмкіндік береді. Бұл жағдай өз кезегінде қазіргі тәуелсіздігіміздің бастауында тұрған ұлттық элита өкілдерінің қызметіне баға берумен бірге қоғамдық дамуға ықпал жасаған тарихи үдерістердің заңдылығын жан-жақты тануға негіз болады. Отан тарихындағы күрделі мәселелерді зерделеуде элита теориясының концептуалдық әдіс-тәсілдер кешені саяси, әкімшілік, этникалық, аймақтық, шығармашылық, кәсіптік элита түрінде жаңа желілерді қарастыруға және тарихи танымда тың көзқарас қалыптастыруға негіз қалайды.
Отан тарихының кеңестік кезеңінде таптық көзқараспен қалыптасқан қоғамдық-саяси қағидалар мен ұстанымдардың шынайы мазмұнын ашуда таптық теорияға балама ретінде қолданылатын элита теориясы қазіргі кездегі таным тәсілдерінің әралуандығына қарамастан өзінің позициясын орнықтырып келеді.
Элита категориясының мемлекеттік билік құрылымдарын жасақтау және оның басқарушы, атқарушы әрекеттерін қамтамасыз ету қызметі қазіргі кезде кәсіпқой үкімет құру түріне мемлекеттік маңыз алып отыр. Демек, ХХ ғ. басындағы ұлттық элитаның қалыптасуы мен қызметінің тарихын қазіргі қоғамдағы ұлттық элита болмысымен шендестіре қарастыру тарихи танымға тың серпін беріп, қоғамдық-саяси даму үдерісін талдау және бағалау тәсілі ретінде мәселенің қолданбалық маңызын арттыра түседі.
Теориялық-әдістемелік концепция ретінде элита теориясы пәнаралық шекарасы нақты айқындала қойған жоқ, содан да бұл концептуалдық бағыттың тарихи аспектісін айқындаумен бірге саясаттану, әлеуметтану ғылымдарының зерттеу тәсілдерін тарихи таным мақсаттарына қолдану мүмкіндігі іздестірілуі тиіс. Мәселенің осылайша қойылуы отандық тарих ғылымының мазмұнын жаңартуда элита теориясының теориялық-әдістемелік және ғылыми танымдық мүмкіндіктерін одан әрі дамытуға ықпал жасайтын болады.

ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

1. Назарбаев Н. Тарих толқынында. –Алматы: Атамұра, -1998. –237 б.
2. Бурханов К.Н., Султанов Б.Г., Аяган Б.Г. Современная политическая история Казахстана (1985-2006 гг.). –Алматы, Издательский центр Института истории и этнологии им. Ч.Ч. Валиханова. 2006. –264 с.
3. Әбжанов Х. Бекмаханов және ұлт-азаттық қозғалыстарды зерттеу әдістемесі. // Қазақ тарихы. -2006. - №3. -3-8 –бб.
4. Елеуов Т. Установление Советской власти в Казахстане. Алма-Ата: Изд. АН Каз ССР, -1957. -115 с; Додонов И.К. Победа Октябрьской революции в Туркестане. – М.: Госиздат, 1957. -104 с. и др.
5. Турсунов Х. Национальная политика Коммунистической партии в Туркестане /1917-1920/. -Ташкент: Узбекистон, 1971.-367 с; Хасанов К.Х. Ленин и Туркбюро РКП(б). –Ташкент: Фан, 1968. –240 с. и другие.
6. Германов В.А. Новый документ по истории советского Туркестана начала 20-х годов. // Общественные науки в Узбекистане. 1991. -№4. -С. 41-47; Исмаилов Х. Туркестан в эпоху двух революции // История СССР, 1990. -№5. -С. 211-219; и другие.
7. Садыков Х.Д. Колониальная политика царизма в Туркестане и борьба за национальную независимость в начале ХХ века. Автореф. дис. док. ист наук. – Ташкент: 1994, -25 с; Агзамходжаев С.С. Туркистон Мухторияти: борьба за свободу и независимость (1917-1918 гг.). Автореф. дисс. док. ист. наук. Ташкент: 1996. – -60 с. и другие.
8. Нұрпейісов К. Алаш һәм Алашорда. -Алматы: Ататек, 1995. -256 б.
9. Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы. -Алматы: Санат, 1995. –368 б.; Соныкі. Ұлттық саяси элита. Қызметі мен тағдыры (ХVІІІ-ХХ ғғ.) Зерттеулер. – Алматы. Жалын, 2004. -400 б.
10. Аманжолова Д.А. Казахский автономизм и Россия. История движение Алаш. –М.: Россия молодая, 1994. -216 с. и другие.
11. Ресей Мемлекеттік Думасы және Қазақстан (1905-1917 жж.) –Алматы: Арыс, 1999. –461-б.

12. Карагуcов Ж. Казахская советская интеллигенция, рожденная Октябрем. Алма-Ата: Казгосиздат, 1960. -142 с.; Тастанов Ш.Ю. Советский опыт формирование и развитие интеллигенции ранее отсталых народов. Алма-Ата: Казахстан, 1975. -200 с. и другие.
13. Канапин А.К. Культурное строительство в Казахстане. Алма-Ата, 1964. -367 с.; Сулейменов Р.Б., Бисенов Х.И. Социалистический путь культурного прогресса отсталых народов. (История строительства советской культуры Казахстана: 1917-1965 гг.). Алма-Ата: Наука, 1967. -424 с.
14. Устинов В.М. Великий Октябрь и интеллигенция Туркестана. //Интеллигенция и революция. ХХ век. М.: Наука, 1985. –С. 199-206.
15. Гурьевич А., Абжанов Х. Интеллигенция Казахстана. История, теория, современность. Научно-аналитический обзор. -Алма-Ата: Ғылым, 1991. -48 с.; Амрекулов Н.А., Масанов Н.Э. Казахстан между прошлым и будущим. Алматы: Берен, 1994. -205 с. и другие.
16. Асылбеков М. Х. Формирование и развитие кадров железнодорожников Казахстана (1917-1970 гг.) – Алма-Ата: 1973. –327 с.; Түрксібте тағдыры түйіскен арыстар //Қазақ тарихы. –2001. -№2. -44-49 бб.) және т.б.
17. Галиев В.З. Медицинская деятельность ссыльных революционеров в Казахстане (вторая половина ХІХ века). Алма-Ата: 1982.-160 с; Соныкі. Караванные тропы. Алматы: Атамұра, 1994. –128 с. и другие.
18. Қозыбаев М.К. История и современность. Алматы: 1991; Соныкі. Ақтаңдақтар ақиқаты. Алматы: Қазақ университеті, 1992. -272 б.және т.б.
19. Абылхожин Ж.Б. Традиционная структура Казахстана: Социально экономические аспекты функционирования и трансформации (1920-1930 гг.) – Алма-Ата: Ғылым, 1991. – 238 с.; Омарбеков Т. 20-30-шы жылдардағы Қазақстан қасіреті. – Алматы: Санат, 1997. – 230 б. және т.б.
20. Ауанасова А. Национальная интеллигенция Туркестана в первой четверти ХХ века. – Алматы: Қазақ университеті, 2001. – 260 с.; Махат Д. Қазақ зиялыларының қасіреті. – Алматы: “Сөздік-Словарь”, -2001. –304 б. және тағы басқалар.
21. Қоңыратбаев О.М. Тұрар Рысқұловтың қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметі (Түркістан кезеңі). Алматы: Қазақстан, 1994. -447 б.; Нұрпейісов К.Н., Григорьев В.К. Турар Рыскулов и его время. (9-48 с.) // Рыскулов Т. Собр. соч. в 3-х т. Том 1. – Алматы: Казахстан, 1997. –336 с.
22. Раджапова Р.Я. Имя, возвращенное истории и народу (Султанбек Ходжанов) // Общественные науки в Узбекистане. – 1988. -№12. -С. 17-30; Әлмашұлы Ж. Сұлтанбек Қожанұлы (Түрмеде сөнген шырақ.). -Алматы: Қазақстан, 1994. -126 б. және тағы басқалар.
23. Волкогонов Д.А. Сталинизм: сущность, генезис, эволюция: доклад по совокупности работ на соискание ученой степени доктора исторических наук.-07.00.02. М.: 1990. – 47 с.
24. Әбжанов Х. Шәкәрім қажының бес сауалы және ұлттық элита // Шәкәрім әлемі. –2006 -№1 -108-116 бб.
25. Моска Г. Правящий класс -// Антология мировой политической мысли. В 5-ти тт. Зарубежная политическая мысль. Т.2. /Ред. сост. Г.К. Ашин. М.: Мысль, 1997. -830 с.
26. Парето В. Компендиум по общей социологии. –// Антология мировой политической мысли. В 5-ти тт. Зарубежная политическая мысль. /Ред. сост. Г.К. Ашин. Т. 2. М.: Мысль, 1997. -830 с. (с.58-79)
27. Гаман-Голутвина О.В. Политические элиты России. Вехи исторической эволюции.-М.: Интелект, 1998. -416 с.
28. Труды 3-го съезда Коммунистической партии Туркестанской республики РСФСР. Ташкент: 1919. -С.4.
29. Өзбекстан Республикасы Президентінің архивы (ӨРПА) 60-қ., 1-тіз., 406-іс, 137-138 пп.
30. Өзбекстан Республикасының Орталық мемлекеттік архивы (ӨРОМА). 17-қ., 1-тіз., 39-іс, 27 п.
31. Ленин В.И. Полное собрание сочинения. изд. 5-е. М.: Политиздат, 1981.-т. 33. -433 с.
32. Авторханов А. Происхождение партократии. // Октябрь. 1991. -№2. -С.133-163.
33. Троцкий Л.Д. Преданная революция. –М.: НИИ культуры, 1991. –254 с.
34. Романовский Н. Лики сталинизма. – М.: РАГС, 1955. –158 с.
35. Восленский С.М. Номенклатура. – М.: Захаров, 2005. – 640 с.
36. Российский государственный архив современной политической истории (РГАСПИ) Ф. 17, оп. 86, д. 129, л. 112.
37. Меморандум Льва Троцкого // Родина – 1990. - №10. – С.12
38. РГАСПИ. Ф.17, оп.75, д.77, л.246.
39. Қазақстан Республикасы Президентінің архивы (ҚРПА). 719-қ., 2 тіз., 163 іс, 64 п.
40. ӨРОМА. Р-17 қ., 1-тіз., 102-іс, 40 п.
41. Міржақып Дулатұлы. Шығармалары. Бес томдық жинағы. -5 т. -Алматы: Мектеп, 2004. –614 б.

Диссертация тақырыбы бойынша жарияланған еңбектер тізімі

І Монографиялық еңбектер
1 Түркістан ұлт-азаттық қозғалысы және Түркістан Мұхтарияты. –Алматы: Нұрлы әлем, 2006. –126 б.
ІІ Ғылыми мақалалар мен баяндамалар
2 Мұстафа Шоқай қайраткерлігінің түркістандық кезеңі // Халықаралық Түркология конгресінің жинағы. -Түркістан. 9-12 қазан, 2002. -381-383 -бб.
3 Жастүріктер қозғалысы және Түркістан өлкесіндегі ұлт-азаттық күрес // Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ. Хабаршысы, -2004. -№5. -111-114 -бб.
4 Түркістан өлкесін отарлаудың өркениеттік аспектілері // Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ. Хабаршысы, -2004. -№5. -97-100 -бб.
5 Түркістан өлкесіндегі билік құрылымының ерекшеліктері // ІІ Халықаралық Түркология конгресінің жинағы. –Түркістан, -2004.- 21-26 -бб.
6 Т. Рысқұлов және ұлттық элита мәселелері // Т. Рысқұловтың 110 жылдығына арналған конференцияның материалдары. –Түркістан, –2005. -175-182 -бб.
7 Н. Төреқұлов еңбектеріндегі деректану мәселелері // Методологические и конкретно-исторические проблемы изучения Отечественной истории. Материалы международной научно-практической конференции «Касымбаевские чтения». -Алматы, 2005. -191-193 -бб.
8 Ұлт істері жөніндегі Халық комиссариаты және Түркістан мәселелері // әл-Фараби атындағы ҚазҰУ. Хабаршысы. Тарих сериясы, 2005. -№27. -80-83 -бб.
9 Иосиф Гержод: аңызы мен ақиқаты // әл-Фараби атындағы ҚазҰУ. Хабаршысы. Тарих сериясы, 2005. -№4. -55-58 -бб.
10 М. Бехбудидың саяси көзқарастарындағы шығыстық және батыстық ықпалдың көріністері // әл-Фараби атындағы ҚазҰУ. Хабаршысы. Шығыстану сериясы, 2005. -№4. -42-46 -бб.
11 Түркістан ұлт-азаттық қозғалысындағы ислам факторының ерекшеліктері // әл-Фараби атындағы ҚазҰУ. Хабаршысы. Халықаралық қатынастар сериясы, 2006. -№2. -43-46 -бб.
12 Түрккомиссия және Хұсайын Ибрагимов // әл-Фараби атындағы ҚазҰУ. Хабаршысы. Шығыстану сериясы, 2006. -№1. -57-60 -бб.
13 Тұтас Түркістан идеясының жаңғырығы: бірлік пен қарама-қарсылық // Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ. -25-26.04.2006. ІІ Түркістан форумының материалдары. -І том. -406-408 бб.
14 Орталық Азия және кеңестік геосаяси жүйе // Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ. 25-26.04.2006. ІІ Түркістан форумының материалдары. -І том. -140-143 -бб.
15 Элитизм және тарихи таным мәселелері // ”Отандық және әлемдік тарихтың маңызды мәселелерін қазіргі көзқарас тұрғысынан талдау” атты Халықаралық Бекмаханов оқуларының материалдары. 25-26 мамыр, 2006. –Алматы, 2006. -134-137 -бб.
16 Тарихи концепциялардағы салыстырмалы талдау тәсілінің мүмкіндіктері // Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ. Хабаршысы. 2006. -№2. -169-171 -бб.
17 Түрккомиссия және элитааралық күрес // Отан тарихы, 2006. - №2. -100-105 -бб.
18 Энвер Пашаның кеңестік билікпен арақатынасы // Поиск – Ізденіс, 2006. - №3. -149-153 -бб.
19 Партиялық-мемлекеттік номенклатураның қалыптасу мәселелері // Поиск – Ізденіс, 2006. -№3. -146-149 -бб.
20 Шығыс халықтарының бірінші съезіндегі Түркістан мәселелері // Поиск – Ізденіс, 2006. -№3 (2). -139-143 -бб.
21 Ресейде элитологиялық ойлардың дамуы // Қазақстанның ғылым әлемі, 2006. -№3. -53-58 -бб.
22 Түркістанда қазақ этноэлитасының қалыптасу ерекшеліктері // Қазақстанның ғылым әлемі, 2007. -№1. -63-70 -бб.
23 Түркістанда мемлекеттік биліктің қалыптасуындағы таптық және ұлттық мүдделердің арақатынасы // әл-Фараби атындағы ҚазҰУ. Хабаршысы. Тарих сериясы, 2006. -№3. -40-43 -бб.
24 046930 санды істің құпиясы // Жаңа ғасыр, 2006. -№8. -61-66 -бб.
25 Саяси элита теориясы шетелдік әдебиетте // Жаңа ғасыр, 2006. -№9. -43-47 –бб.
26 Түркістанда партиялық-мемлекеттік номенклатураның ұлттық мәселелерді шешудегі қызметі // әл-Фараби атындағы ҚазҰУ. Хабаршысы. Шығыстану сериясы, 2006. -№3. -58-64 -бб.
27 ХХ ғ. басындағы ұлттық элита қалыптасымының сипатты ерекшеліктері // әл-Фараби атындағы ҚазҰУ. Хабаршысы. Халықаралық қатынастар сериясы, 2006. -№4-6. -75-81 -бб.
28 ХХ ғасырдағы исламның түрлік және мазмұндық жаңғыруының саяси-әлеуметтік салдарлары // Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ. “Жоғары оқу орындарындағы білім берудің жаңа технологиялары: теориясы мен практикасы” атты І Халықаралық дистанциялық конференция материалдарының жинағы. –Түркістан: Тұран, 2006. -502-504 -бб.
29 Мемлекеттік Дума депутаттары сайлауының этноэлита қалыптастыруға ықпалы // Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ Тараз институты. «Қазақстан Республикасы тәуелсіздігіне 15 жыл» тақырыбындағы ғылыми-теориялық конференция материалдараның жинағы. Тараз, 2007. -69-74 –бб.
30 Міржақып Дулатовтың Түркістандағы саяси қызметі // әл-Фараби атындағы ҚазҰУ. Хабаршысы. Шығыстану сериясы, 2006. -№4. -52-54 -бб.
31 Топшылдық – ұлттық элитаның күрес тәсілі // «Отандық тарих – қазақстандық қоғамды жинақтаушы негізі». Республикалық жоғары оқу орындары арасындағы ғылыми-теориялық конференция. 21 ақпан 2007. -Алматы: Т. Рысқұлов атындағы ҚазЭУ, 2007. -171-181 –бб.
32 “Аралбаевшылық” және Аралбаев феномені немесе ХХ ғасыр басындағы ұлттық элитаның қасіреті. // әл-Фараби атындағы ҚазҰУ. Хабаршысы. Тарих сериясы, 2007. -№1. -60-64 -бб.
ІІІ Оқу құралы
33 Мектепте тарихты оқыту әдістемесі. Жоғары оқу орындарының тарих мамандығы студенттеріне арналған дәрісбаяндар жинағы. -Алматы: Дарын, 2004. -156 б.

 

 


РЕЗЮМЕ
автореферата диссертации на соискание ученой степени
доктора исторических наук по специальности
07.00.02 – Отечественная история (История Республики Казахстан)
(1900-1924 гг.)
ТУРСУН ХАЗРЕТАЛИ МАХАНУЛЫ

ИСТОРИЯ ФОРМИРОВАНИЯ И ДЕЯТЕЛЬНОСТИ НАЦИОНАЛЬНОЙ ЭЛИТЫ ТУРКЕСТАНА ]
Актуальность исследования: исторический опыт формирования и деятельности национальной элиты в национально-освободительном движении Туркестана, стоявшего у истоков независимости народа, определяет актуальность исследования, как важного фактора в оценке направлений развития современных государственных властных структур и общественных отношений.
Цель исследования. Исследование нового теоретическо-методологического аспекта формирования и деятельности национальной элиты в период национально-освободительного движения Туркестана в перовой четверти ХХ века. Для решения проблемы поставлены такие научные задачи: анализ и систематическое исследование понятия элиты с исторической точки зрения; обоснование категории “элита” как объекта историко-методического познания; определение и классификация элитообразующих факторов Туркестанского общества; анализ процесса формирования традиционной и национальной элиты6 а так же партийно-государственной номенклатуры; оценка деятельности национальной элиты в осуществлении советских реформ; определение личного состава национальной элиты и его политическое направление; анализ деятельности национальной элиты в руководстве национально-освободительным движением Туркестана, углубление концепции деятельности Южного крыла движения Алаш в Туркестане; раскрытие секрета механизмов социального и классового разграничения представителей местных национальностей в привлечении к руководству государственным управлением.
В методологии и методике исследования были использованы общенаучные, философские и социологические, исторические методы такие как: анализ и обобщение, методы индукции и дедукции, историко-сопоставительная и структурно-систематическая методика, теоретическое познание, моделирование и типизация. Более того, принимая во внимание многогранность политико-идеологического феномена и противоречивость объекта исследования используется исторический метод, делается попытка оценить роль и деятельность национальной элиты, указываются особенности их взаимосвязи и внутренней зависимости. Работа осуществлена не принципом “переписать историю”, а руководствуется традиционным правилом исторического познания, принципом уточнения, опровержения и одобрения.
Научная новизна и основные положения, выносимые на защиту:
- впервые осуществлен историографический анализ зарубежных и отечественных исследовательских работ по теории элит, рассмотрен вопрос о школах и направлениях;
- определены методические предпосылки элитической концепции как научно-исследовательского метода при изучении отечественной истории;
- научно систематизирован с конкретно историческими ситуациями политические, социальные, духовные и этнические взаимосвязи элитообразующих факторов;
- сгруппированы политические, социальные механизмы в исторических государственных системах рекрутирования элиты Туркестана;
- с точки зрения национальных интересов оценивается содержание становления и деятельности «политического класса» - партийно-государственной номенклатуры в условиях Туркестана;
- определены характерные черты личного состава представителей высшего и средного звена национальной элиты и они сгруппированы по политическим взглядам и служению национальным инересам;
- дана оценка позиции и влияния национальной элиты на политику модернизации государственных властных институтов;
- проанализирована руководящая деятельность национальной элиты в различные периоды Туркестанского национально-освободительного движения и политических течений среди элиты;
- раскрыть классовый характер, политическую анатомию и общественно- политические последствия метода выдвижения, как механизма рекрутирования элиты партийно-государственной номенклатуры;
- опираясь на деятельность Туркестанской национальной элиты обоснована концепция о существовании Южного крыла движения Алаш до 1924 года.
Основные положения и результаты обсуждались на международных, республиканских научно-практических конференциях. В МКТУ им. Х.А. Ясави проведен спецкурс по теме «Туркестанская национальная элита и национально-освободительное движение». По теме опубликована одна монография и более 30 научных статьей.
Основные положения, заключения и результаты диссертации можно использовать для подготовки научных трудов, учебных пособий по теоретическим и методическим вопросам отечественной истории. Обоснованные в диссертации методические основы дают возможность всесторонне исследовать общественно-политическую деятельность национальной элиты.

 

SUMMARY
Thesis on the competition of the scientific degree of the doctor of historical sciences on the speciality 07.00.02 - Native history
( History of the Republic of Kazakhstan)
(1900-1924)
TURSUN HAZRETALIi

The HISTORY of SHAPING and ACTIVITY
of the NATIONAL ELITE of TURKESTAN
Actuality of the research: the historical experience of shaping and activity of the national elite in national-liberation movement of Turkestan, being the source of independence of people, determines actuality of the research, as an important factor in evaluation of directions of development of modern state authoritative structures and public relations.
The purpose of the research. The research of the new theoretical-methodological aspect of shaping and activity of the national elite in the period of national-liberation movement of Turkestan in the first quarter of the XXth century. The following scientific tasks were put for the solution of this problem: analysis and systematic investigation of the concept of elite from the historical point of view; substantiation of the category «elite» as an object of historical-methodical knowledge; definition and classification of the factors forming elite of Turkestan society; analysis of the process of forming traditional and national elite and party-state nomenclature; evaluation of the activity of national elite in realization of the Soviet reforms; determination of the personal structure of the national elite and its political course; analysis of the activity of national elite in the guiding the national-liberation movement of Turkestan, intensification of the concept of the activity of the Southern wing of the movement Alash in Turkestan; disclosure of the secrets of the mechanisms of social and class differentiation of the representatives of local nationalities in getting to take part in governing the state.
In the methodology and the technique of the research philosophical, sociological, historical scientific methods were used, such as analysis and generalization, methods of induction and deduction, hitoric-comparative and structural - systematic methods, theoretical knowledge, modeling and generalization. Moreover, taking into consideration many-sided character of political-ideological phenomenon and the inconsistency of the object of the research, the attempt is made to evaluate the role and the activity of the national elite, to show the features of their particularity, their interrelations and internal dependence. The work is carried out not according to the principle « to rewrite the history», but is guided by the traditional rule of the historical cognition, principles of clarification, disproof and approval.
Scientific novelty and main positions which are carried out for the presentation of the thesis:
- For the first time the historiographic analysis of foreign and domestic research works on the theory of elites is carried out, the problem of schools and directions is considered;
- The methodical premises of the concept of elite as the research method for the study of domestic history are determined;
- Political, social, spiritual and ethnic interrelations of the factors forming elite are scientifically systematized with specific historical situations
- Political, social mechanisms in the historical state systems of recruiting of the elite of Turkestan are grouped together;
- Activity " of the political class " - party-state nomenclature in Turestan is evaluated from the point of view of national interests;
- The characteristic features of the personal structure of the representatives of higher and middle part of the national elite are determined and they are grouped according to their political views and their service to national interests;
- The evaluation of the attitude and influence of the national elite on the policy of modernizing of state authoritative institutes is given;
- The guiding activity of the national elite in various periods of Turkestan national-liberation movement and political courses among elite are analysed;
- Class character, political anatomy and social- political consequences of method of nomination as the mechanism of recruiting of elite of the party-state nomenclature are shown;
- Guided by the activity of Turkestan national elite the concept of existence of the Southern wing of Alash movement till 1924 is justified.
The main positions and outcomes were discussed on international, republican scientific - practical conferences. In International Kazakh-Turkish university after H.A.Yassavi the special course on the theme " Turkestan national elite and national-liberation movement” was carried out . One monography and more than 30 scientific articles were published on this theme.
It is possible to use the main positions, conclusions and results of the thesis for the preparation of the proceedings, educational manuals on theoretical and methodical problems of the domestic history. The methodical fundamentals, justified in the thesis, give a chance to investigate thoroughly the political activity of the national elite.

  Қазақ тіліндегі рефераттар - Тарих


Яндекс.Метрика