1. Рефераты на казахском
  2. Педагогика
  3. Жаңа типті мектептердегі білім мазмұны

Жаңа типті мектептердегі білім мазмұны

Жоспары:

1. Жаңа типті мектептердің білім мазмұны тарихы.

2. Дарынды балалармен жұмыс.

 

1. Афинада V-ІV ғасырда (біздің заманымызға дейінгі) ауқатты отбасыларынан шыққан жастар 14 жастан бастап философияны, саясатты, әдебиетті палестрада (күрес мектебі), гимназияда (кейін гимназия) оқып, мемлекетті басқаруға әзірленген.

Я.А. Коменский 12-18 жастағы жастар үшін әрбір қалада латын мектебі және гимназия болу керек деген. Білім мазмұнына сол кездегі орта мектепте оқылған "Өнердің жеті түрін" – грамматика, риторика, диалектика, арифметика, астрономия, саз, діндерді енгізіп, бұларға қосымша жаңа оқу пәндері - физика, география, тарихты оқытуды ұсынды. Гимназияда латын, грек, ана тілдері оқытылған. 6 сыныпқа грамматикалық, физикалық, математикалық, этикалық, диалектикалық және риторикалық деген ат берілді. Ғылымды осылай жүйелеп оқыту идеясына ешкім құлақ асқан жоқ, бір ғылымнан кейін, екінші ғылым оқытыла берді. Ал XVIII ғасырдың аяғынан бастап бір мезгілде алуан түрлі оқу пәндері оқытыла бастады. Қазіргі оқу жоспарлары осы принциптің одан әрі дамуы нәтижесі.

Д.Локк, Ж.Ж.Руссо еңбек пәндерін енгізуді талап етті. XVIII ғасырдағы француз материалистері Гельвеций, Дидро орта мектептерде классикалық білімдердің көптігін айтып, нақты пәндер – математика, физика, жаратылыстану, астрономия сияқты пәндерді оқытуды талап етті.

ХХ ғасырдың ортасында, Германияда гимназиялар классикалық, жаңа тілдер, жаратылыс математика болып бөлінді. Классикалық гимназияда латын, грек, қазіргі тілдер мен математиканы оқытуға баса назар аударған. Гимназияға негізінен ауқатты адамдардың балалары қабылданды. М.В.Ломоносов (1711-1765) гимназияның жұмыс мазмұнын анықтаған.

1758 жьлғы академиялық гимназия регламентінде гимназияда жалпы білім берілу керектігін, діннің керексіздігін дәлелдегісі келген. 1748 жылы "Риторика", 1755жылы "Орыс грамматикасы" деген оқулықтарды гимназия үшін жазған. 1755 жылы Москва университеті жанынан екі гимназия ашылды. Гимназияда орыс, латын, бір шетел тілі, әдебиет, математика және тарих оқытылып, балалар орта білім алды.

Осы гимназия тәжірибесіне қарап, 1758 жылы университетке түсуге әзірлейтін Қазан гимназиясы ашылған. 30 жыл бойы осы гимназиялар Ресейдің ғылымы, мәдениеті дамуына үлкен үлес қосты. 1779 жылы Ресей университеттері жанынан алғашқы мұғалімдер семинариясы ашылып, олар гимназияларға мұғалім әзірледі.

XIX ғасырдың бірінші жартысында гимназиялар әрбір қалада болды. Оан халық училищелерін бітіргеңдер қабылданып, 4 жыл бойы білім алды. Мақсаты біріншіден университетке түсуге әзірлеу болса, екіншіден тәрбиелі адамға қажет білім беру еді. Оқу жоспарында, латын, француз, неміс тілдері, география, тарих, статистика, философияның бастауыш курсы (логика, адамгершілік) тіл поэзия теориясы, эстетика, математика (алгебра, геометрия, тригонометрия) физика, жаратылыс тарихы (минералогия, ботаника, зоология) коммерция теориясы, технология және сурет пәндері болды. Оқу жоспарында дін болған жоқ. Орыс тілі оқытылмаған. Барлық пәндер өмірмен байланыста оқытылды.

Математика мен физика мұғалімдері оқушылармен саяхатқа шығып, диірмендерді, жергілікті кәсіпорындағы әр түрлі машиналарды көрсетті. Гимназияда толықтай мемлекет қаржыландырған кітапхана, көрнекі құралдар болған. Дворянның балалары гимназия бітіріп, түрлі мемлекеттік орындарда жұмыс істеуге құқылы болған. Басқалары сенат шешімімен бастауыш және орта мектептің мұғалімдері болып жұмыс істей алды. Гимназия бітіргендер университетке түсті.

Ресейде гимназияның көбінде үстем тап балалары оқыды. Ер, қыз балалар бөлек оқыды. 1915жылы 1500-ге жуық гимназияда 450 мың оқушы оқыған. Гимназияда аздаған қазақ балалары оқып, олар кейін университет бітірген. Гимназиялар 1918 жылы кеңес үкіметі жариялаған "Бірыңғай білім мектебі туралы ережеге" сәйкес жабылып, жалпы білім беретін бірыңғай еңбек мектебі болып қайта құрылды.

1990 жылы гимназиялардың жұмысы жандана бастады. 1991 жылдан бастап гимназия, лицейлер көптеп ашылды.

Жаңа типті мектептер әрбір оқушыны жеке тұлға ретінде дамыта отыра білім беретін орта оқу орындары. Көпшілігі жаратылыстану, ғылыми, гуманитарлық, эстетикалық бағыт болып келгенмен техникалық, педагогикалық бағдарламалар да бар. Гимназия жастар талабына жол ашып, таланттарының жан-жақты жетілуіне толық мүмкіндік ашады, онда пәндер терең оқылады. Гимназиялардың материалдық негізі базасы жақсы болу керек. Оқушылар саны жоғары сыныпта 15-18, төменгі сыныпта 25. Гимназияға шәкірттерді қабылдаудың үш өлшемі:

интеллект;

білім іскерлігі және дағдыларын тәжірибеде күрделі мәселелерді шешуде пайдалана білу;

тыңғылықты және толассыз пайдалы еңбек етіп, өзін-өзі тәрбиелеп, жүйелі оқып үйренуге, ізденуге қабілет.

Элитарлық білімді реформа әкелді. Білім саласындағы мемлекеттік саясат тұжырымдамасында жалпы білім және элитарлық білім үлгісін біріктіру ұсынылған.

Өркениетті елдер санаткерлік элитаны қапыптастыру процесіне ықпал етудің белгілі бір тәжірибесін жинақтады. Мысалы, Жапониядағы санаткерлік элитаны әзірлеу үлгісі бойынша баланың генетикалық дайын қабілеті болмайды, сондықтан оны интеллектуалдық жағынан дамыту үшін оған ерте білім беріледі. Таланттарды тәрбиелеу институты бар. Барлық азаматтар өз қабілетін дамытып, таңдаған мамандықтары бойынша ел игілігі үшін шығармашылықпен жұмыс істеу керек.

АҚШ-та санаткерлік элитаның басқа үлгісі бар. Адамдар арасындағы интелектуалдық айырмашылықтың 80 пайызы туа біткен, 20 пайызына білім әсер етеді деген пікір қалыптасқан. Демек, дарынды балаларды ерте анықтап, оларды арнайы оқыту қажет.

Балалардың бәрі қабілетті, әңгіме оның қандай екенін анықтап, дамыта білуде. Сондықтан білімнің алуан типі бар, таланттарды іріктеу және анықтаудың арнайы бағдарламасы жүзеге асырылады.

Қазақстандық элитарлық білім үлгісі американдыққа жақын, ол таланттарды ерте анықтап, дамытуды талап етеді. Кез келген талант бағалауға тұрарлық, біреу - математикаға, екіншісі – тілге, үшіншісі – ұсталық өнерге қабілетті. Осы күрделі және маңызды міндетті балаларды қабілеті мен бейімділіктеріне қарай саралауды шешу үшін дарынды балаларды анықтайтын арнайы психологиялық-педагогикалық нұсқауларды жасап, дарындарды іріктеуді балабақшадан бастау керек. "Шығармашылық дарын" республикалық бағдарламасы бойынша талантты балалармен жұмыс жүргізілуде.

2. Мектептің негізгі тірегі – білімді де білікті, іскер де белсенді адамдар. Сондықтан қоғам талабына сай қоғамды көркейтетін, дамытатын жастар тәрбиелеу ең маңызды мәселе екені даусыз. Қазақстан Республикасының "Білім туралы" заңына мемлекеттік саясат негізінде ең алғаш рет "Әр баланың жеке қабілетіне қарай интеллектуалдық дамуы, жеке адамның дарындылығын дамыту" сияқты өзекті мәселелер енгізіліп отырғаны белгілі.

Дарынды балалар – жалпы және арнайы дарындылығын (музыкаға, сурет салуға, техникаға және т.б.) байқатқан балалар. Дарындылықты ақыл-ой дамуының қарқыны, баланың өз құрдастарынан озықтың дәрежесі бойынша диагностикалау қабылданған (ақыл-ой дарындылығы тестері мен зияттылық коэффициенті осыған негізделген). Мұндай көрсеткішті асыра бағалауға болмайды, өйткені ақылдың шығармашылық жағынан бірінші дәрежелі маңызы бар.

Дарындылықтың бағалануы тестеуге ғана негізделмеуі керек. Оның дәрежесі мен өзіндік ерекшелігі оқыту мен тәрбиелеу барысында балалардың белгілі бір мазмұндағы қарекетті атқаруы кезінде байқалады. Дарынды балалардың анықталып, кемелдендірілуіне арнаулы мектептер (музыка, математика, спорт мектептері, т.б.), факультативтік сабақтар, алуан түрлі үйірмелер, студиялар, мектеп оқушыларының олимпиадаларын, балалардың көркемдік өнерлерінің байқауларын өткізу және т.б. жағдай жасайды.

Дарындылық баланың қабілетінен көрінеді

Техникалық қабілет:

- алуан түрлі тетіктер мен машиналарға қызығады;

- үлгі, құрал, аппарат құрастырғанды жақсы көреді;

- механизм, аппараттық жұмыс істемеу себептерін анықтайды;

- бұзылған құрал және механизмдерді жөндейді, ескі бөлшектерден жаңа ойыншық, құралдар, бұйымдар жасайды;

- тетіктердің сызбасын сала алады;

- техникалық әдебиеттерді оқиды.

Музыкалық талант:

- музыканы және музыкалық жазбаларды жақсы көреді;

- саз әуеніне тез құлақ түріп, оны мұқият тыңдап, жадына жаттап алады;

- жан-тәнімен беріліп музыкалық аспапта ойнап, әуен айтады;

- ән жазады;

- бір музыка аспабында ойнайды;

Ғылыми жұмысқа қабілет:

- абстрактілік ұғымдардан ой қорытындыларын тез шығарады;

- басқанық және өзінің ойларын, бақылағандарын жазып алады;

- ғылыми-көпшілік басылымдарды, ғылыми мақала және кітаптарды, ғылыми әдебиеттерді көркем әдебиеттерден бұрын бірінші оқиды;

- әр түрлі оқиғалардың себептерін және мәнін табады;

- өзінің жобаларына, сызбасына уақытты көп бөледі;

- жұмыс істегенде шаршамайды

Актерлік талант:

- сөзі жетпегенде өз сезімін бет қимылы, қимыл-қозғалысы арқылы білдіріп, жұрт назарын өзіне аудару үшін қызықты әңгімелер айтады;

- кейіпкерге еліктеп дауысын өзгертеді;

- аудиторияның алдында сөйлегенді, әсіресе үлкендер алдында сөйлегенді жақсы көреді;

- сұлулықты жақсы көріп, маңызын түсінеді.

Өзгеге ұқсамайтын интеллект:

- жақсы, анық ойлап, адам ойын тез түсінеді;

- адамдардың іс-қимылының себептерін біледі;

- еске сақтау қабілеті жақсы;

- жаңа оқу материалын тез қабылдап, жадына жаттап алады;

- сұрақтарды көп қояды;

- кітапты көп оқиды;

- өзіне қатысы жоқ мәселелерді көп біледі;

- өте ақылды, өзін құрметтейді.

Спорт:

- күші көп, үнемі қозғалғысы келеді;

- соққыдан қорықпайды;

- спорт жарыстарында жеңеді;

- қай уақытта күреске және басқа спорт түрлеріне үйренгені белгісіз;

- өзінің көп құрбыларына қарағанда денесі жақсы дамығаи, қимыл-қозғалысы үйлесімді;

- еш уақытта шаршамайтын әсер туғызады;

- спортшыларға еліктейді.

Әдеби дарындылық:

- жазбаша және ауызша әңгімелерінде кейіпкерлердің көңіл-күйін беру үшін әдеби сөздер қолданады;

- әңгіме, өлең, роман жазады.

Көркемөнерге қабілеті:

- сөз таба алмаса, сурет арқылы көңіл-күйін, сезімін білдіреді;

- суреттерінде адамдарды, жануарларды, оқиғаларды бейнелейді;

- өнер шығармаларын талдай алады;

- бос уақытында ермексазбен (пластилин) жұмыс істеп, сурет салады;

- үйді, киімдерді безендіреді;

- классикалық шығармаларды дұрыс бағалайтын кездері болады.

Басқалардан бұрын балалардың көркемдік дарындылығын (музыка саласында, сурет салуда) байқауға болады. Ғылым саласында бәрінен гәрі математикаға дарындылық тезірек байқалады. Ақыл-ой қабілеті тым ерте дамыған, қайсыбір қарекет саласында ерекше айқын жетістіктерге жеткен балаларды вундеркиндтер деп атайды.

Баланың ең үздік жетістіктері болашақ таланттың жеткілікті кепілі бола алмайды. Туа біткен бейімділіктер – индивидуумдық-психологиялық ерекшеліктердің қалыптасуының бір шарты, бәрі қоршаған ортаға, әрекеттің сипатына өте көп байланысты.

Дарынды балалардың дамуының тежелуіне жол беруге болмайды. Мұндай балалардың оқулық жүктемесі, оқыту және тәрбиелеу нысандары олардың мүмкіндіктеріне сай келуі тиіс. Дарынды балаларға қамқорлық қабілеттіктерін дамытуды жалпы білімдік дайындықпен және тұлғаны кемелдендірумен ұштастырылуын көздейді.

Дарынды оқушымен жұмыстың негізгі мақсаты – шығармашылық жұмыста өзінің қабілетін іске асыруға дайындығын қалыптастыру. Мақсатқа жету оқу бағдарламасын тереңдетіп оқыту және оқушының танымдық белсенділігін дамыту арқылы жүзеге асады.

Дарынды балаларға білім беруді ғылымның бүгінгі даму дәрежесіне сәйкес жүргізу ерекше дарынды балалардың интеллектуалдық дамуын қанағаттандыруды қамтамасыз етеді.

Дарынды оқушымен жұмыс жүйесінде мұғалім маңызды орын алады. Оқушының болашақтағы мамандығына байланысты, кәсіби тағдыры жақсы мұғалімге байланысты.

Дарынды балалармен жұмыс істейтін мұғалімдердің міндеттері:

дарындылықты анықтау, дамыту мәселесіне ерекше көңіл бөліп, сол бағытта талмай жұмыс жасау;

дарынды оқушыға қосымша тереңдетілген бағдарламалар жасай біліп, олардың өздігімен жұмыс істеуіне, шығармашылық ізденістеріне қажетті кеңестер бере білу;

жұмысқа қажетті материалдар мен тиімді әдістерді тауып, жұмыстың мақсатын нақты қоя білу;

оқушыға дұрыс бағыт-бағдар беру арқылы оның ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысуына көмектесу;

педагогикалық үрдісті диагностикалау жұмысын жүргізіп, оларды бір-бірімен байланыстыра алу;

дарындылықты анықтауда әр түрлі психодиагностикалық әдістемелерді, ал дамытуда оқытудың әр түрлі жаңа технологияларын тиімді қолдана білу.

оқушыны жақсы көруі және қабілеті жоғары оқушылармен жақсы қарым-қатынаста болуы;

дарынды оқушымен жұмысқа тұрақты қызығу танытуы және нәтижелі әдіс-тәсілдерді талмай іздеуі;

дарынды оқушының ата-анасымен тығыз байланыс орнатуы;

дарынды оқушымен жұмыс кезінде жоғары нәтижелерге жетуге ұмтылуы;

өз пәнін мемлекеттік стандарт деңгейінен жоғары деңгейде білуі;

қызмет нысанын, яғни, бірыңғай педагогикалық үрдісті білуі;

оқушы дарындылығының үлгісін білуі;

жеке тұлға теориясын, оны қалыптастырудың әдіс-тәсілін білуі;

дарынды оқушыны оқыту, тәрбиелеу үрдісінде үлгерімге ғана көңіл бөлмей, оның басқа көрсеткіштермен байланысына көңіл бөлуі;

оқушы дарындылығын дамытуға қажетті зерттеу жұмыстарын жүргізе алуы;

дарынды оқушыны зерттеуге психодиагностикалық күнделік жүргізуі;

дарынды оқушыны оқытудың нәтижесін нақты бағалай білуі;

дарынды оқушыны олимпиадалар мен сайыстарға дайындауда жетістікке жете алатындай деңгейде жұмыс жасауы;

дарынды оқушының ата-анасына әр түрлі педагогикалвқ-психологиялық кеңестер беруі.

5-7 сыныптардың базалық оқу жоспары 1 вариантқа сүйеніп жасалынды. Оқушының бейімділігіне, қабілетіне қарай терең білім беру үшін факультатив және үйірме (таңдау пәндері) сағаттары әдеп және шахмат пәндерін оқу үшін пайдаланылады. Ағылшын тілі - 5 сыныпта 2 сағат (1 сағат үйірме, 1 сағат факультатив), 6-сыныпта – 2 сағат (факультатив), 7-сыныпта – 1 сағат (факультатив) енгізіліп отыр. Валеология, экология, сенің өміріңнің қауіпсіздігі, көшеде жүру төртібі пәндері біріктірілген.

Дамыта оқыту, логикалық есептеуге үйрету мақсатында әр сыныпта 1 сағаттан 3 сағатқа дейін логикалық есептер шығарады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Қазақстан Республикасының "Білім туралы" Заңы. //Қазақстан мұғалімі. 1999. 23. 07.

2. Ж.Б.Қоянбаев, Р.М. Қоянбаев. Педагогика. - Астана,1998.

3. Қазақстан Республикасы бастауыш білімінің мемлекеттік стандарты. - Алматы: Ы.Алтынсарин атындағы қазақтың білім академиясының республикалық баспа кабинеті, 1998.

4. Жалпы білім беретін мектептің оқу бағдарламалары (1-4 сыныптар). - Алматы: Республикалық баспа кабинеті,1997.

5. Т.З.Рысбеков, Н.Д.Дәулетов. Лицейдің университетпен бірлігі – дарынды балаларға білім берудегі тиімді жаңа жүйе. – Орал қаласы,1998.

6. А.Қ.Құсайынов, Ү.Ә.Асылов. Оқулықтанудың өзекті мәселелері. - Алматы: Рауан, 2000.

  Қазақ тіліндегі рефераттар - Педагогика


Яндекс.Метрика