Көне Түркі мәдениеті

Көне түркі дәуірінің мәдени, әдеби ескерткіштерін сөз етуден бұрын беретін келе қазақ халқын құраған тайпалық бірлестіктерінің тұрмыс- тіршілігі, әлеуметтік өмірі жайында бірер сөз айта кеткен дұрыс. Өйткені “Өз өміріндегі қоғамдық өндірісте адамдар өздерінің дегендеріне қарамайтын, белгілі бір, қажетті қатынастарда - өндірістік қатынастарда болады, бұл қатынастар олардың материалдық өндіргіш күштері дамуының белгілі бір сатысына сай келеді. Осы өндірістік қатынастардың жиынтығы қоғамның экономикалық құрылымы, реалдық базисі болып табылады, осыған келіп заңдық және саяси қондырма орнайды және бұған қоғамдық сананың белгілі бір формалары сай келеді. Материалдық өмірдің өндіріс әдісі жалпы өмірдегі әлеуметтік, саяси және рухани процестерді туғызады. Адамдардың санасы олардың болмысын бейленейді, қайта керісінше, олардың болмасы олардың санасын билейді.
Орта Азия мен қазіргі Қазақстанның кең байтақ даласын алғашқы қауымдық құрылыс тұсында-ақ аңшылық, егіншілік және мал шаруашылығымен айналысатын  түрлі тайпалар мекен еткені тарихтан жақсы мәлім. Бұл өлкенің табиғаты, ауа-райы, кен байлығы ежелгі адамның тіршілігіне қолайлы болған. Сонау қола дәуірінің өзінде түрлі тайпаларынан мал өсірушілеодің бөлініп шығуын Ф.Энгельс қоғамдық алғашқы ірі еңбек бөлінісі деп атады.
Біздің заманымыздан бұрынғы 1-мың жылдықтың бас кезінде-ақ қазіргі Қазақстан жерінің оңтүстік және шығыс аймақтарын мекендеген, тарихта сақтардеген атпен белгілі тайпалар өздерінің қоғамдық  даму дәрежесі жағынан мемлекеттік құрылыс сатысына таяп қалған еді. Оларды мал өсіру және егіншілікпен қатар темір қорыту біршама дамыған болатын. Сол кезде-ақ қызыл – қоңыр және магнитті темір рудасын кеңінен пайдаланған сақтар қола мен темірден түрлі қару-жарақ (найза, семсер, айбалта, садақ жебелері, дулыға т.б), үй шаруашылығына қажетті және зергерлік бұйымдар жасаған.
Соңғы жылдары Есік маңынан (Алматы облысы) табылған сақ көсемінің киіміндегі алтын өрнектер, сақтардың “Алтын обасынан” (Шымкент облысы) шыққан әшекей-сәндік бұйымдар, Таңбалы тас (Қаратау) мен Саймалташ (Қырғызстан) жартастарына ойып салынған орасан үлкен суреттер сақтардың көркемдік талғамы, бейнелеу өнері, металды өңдеу тәсілі жоғары болғ,анын аңғартады.
Сақтарда бұғы, арқар, арыстан, самұрық құс суретін салу мен олардың бейнесін алтыннан құйып жасау стилінің өзіндік ерекшеліктері бар. Жоғарыда айтылған “Алтын обадан” табылған зергелік-әшекей бұйымдардың кейбір бөлшектері мен суреттерінің өте кіші әрі нәзік етіп жасалғаны сондай, оны тек үлкейткіш шыны арқылы ғана айқын көруге болады.
Қазіргі Қазақстан жерінде сақтардан кейін жасаған ежелгі алғашқы тайпалық бірлестіктер – үйсіндер мен қаңылылар деуге болады. Олардың шекарасы батысында Шу мен Талас өзендері, шығысында Тянь-Шянь таулары, солтүстігінде Балқаш көлінен бастап, Ыстық көлінен бастап, Ыстықкөлдің оңтүстік жағалауына дейінгі өлкені алып жатты. Үйсіндер негізінен Іле алқабын жайлағанымен, ордасы “Қызыл алқап” қаласы Ыстықкөл маңында болды.
Қаңлылар - Қаратау өңірі мен Сырдарияның орта саласын мекен етті. Ежелгі саяхатшылар Қаңлы тайпалық бірлестігін көшпелі ел әрі қалалары бар ұлкен мемлекет ретінде сипаттап жазады. Сыр өзенінің орта ағысы (Шаш, Отырар, Қаратау) аймағын мекендеген қаңлылардың мәдениеті тарихи әдебиеттерде Жетісай, Қауыншы, Отырар, ал кейін Қаратау мәдениеті деп аталады. Атақты тарихшы С.П.Толетов кезінде археологиялық және жазба деректерге сүйене отырып, бұл өңірдің материалдық және рухани мәдениеті сол кез үшін өте жоғары болғанын ерекше атап көрсетті.
Қазіргі Қазақстан территориясында әуелгі топтық қоғамдардың  қалыптасуына европалықтарға “ғұндар” деген атпен мәлім көшпелі тайпалар бірлестігінің ықпалы да күшті болды. Біздің заманымыздың бірінші ғасырында ғұндар Арал теңізі мен Каспий маңына шығып, ондағы аландар мен асаларды батысқа қарай ығыстырып жіберді. Кейінірек олар Шығыс және Орталық Европаға басып кірді.
Сөйтіп, “халықтардың ұлы қоныс аударуы” Қазақстанның, Орта және Алдыңғы Азияның, сондай-ақ Европаның этникалық және саяси картасын едәуір дәрежеде өзгертті. Қазақстан территориясында жергілікті тұрғындардың антропологиялық типіне монғол типтес элементтердің жайылуының алғашқы күшті толқындарының бірі және өлкенің бүкіл территориясында түркі тілдерінің кеңінен таралуы ғұндардың қысымымен болған шығыс тайпаларының миграциясымен байланысты болса керек.
Орта Азия мен Қазақстан территориясында бірте-бірте патриархалды –феодалдық қатынастар қалыптасып, ежелгі феодалдық мемлекеттер құрыла бастады. Орталық Азиядағы көптеген тайпалық одақтардан бірігіп пайда болған осындай ежелгі феодалдық мемлекеттердің бірі. Түрік қағандығы (552-745 жылдар) еді. Бұл қағандыққа енген тайпалар алғашында Алтай мен Жетісудың бір бөлігін мекендеді. “Түрік” деген термин тұңғыш рет 542 жылы аталады.
“Түрік” этнонимі алғашқы кезде белгілі бір адамның ата-тегі шонжар топтағы немесе әскери ақсүйектерден шыққанын білдірген. Кейінірек бұл сөздің семантикасы бірте-бірте ұлғайып, билік жүргізуші, үстемдік етуші, яғни “патша” шыққан тайпаның символы болған. Бертін келе сол билік етуші тайпаға бағынышты болып қалған тайпаларды да көршілері түріктер деп атап кеткен.
Түрік қағандығының әлеуметтік, саяси және қоғамдық өмірінде әскери істер аса маңызды орын алып, үлкен роль ойнағаны тарихтан жақсы мәлім. Түріктердің алғашқы көсемдерінің бірі Бумын қаған болды. Оның билік жүргізген кезінде көптеген көрші елдер түрік өкіметіне бағынды. Қағандықтың ордасы Орхон өзенінің (Монғолия) жоғарғы сағасында болды. Бумынның інісі қаған ҮІ ғасырдың орта кезінде Орта Азиядағы эфталиттер мемлекетін күйрете жеңді. Түрік қағанатының территориясы бұрынғыдан да ұлғайып, әскери қуаты арта түсті.
Бірақ бұл ұзаққа созылған жоқ. Түрік аристократиясы жаулап алған өлкелерді әрқайсысы жеке-жеке бөліп алып, дербес басқаруға тырысты. Осыдан саяси дағдарыс туып, билікке таласқан өзара қырқыс соғыстар басталды. Ақыры Түрік қағандығы бір-бірімен жауласқан екі қағандыққа  бөлініп кетті: Бірі-Шығыс түрік қағандығы  (Орталық Азия), ал екіншісі – Батыс түрік қағандығы (Орта Азия, Жетісу, Шығыс Түркістан).
Батыс түрік қағандығы яки қағанаты – Түрік қағандығының негізінде 603 жылы құрылған ертедегі феодалдық мемлекет. Бұл қағанаттың территориясы Жетісу мен Шығыс Түркістанды, Тянь-Шаньның батыс беткейі мен Орта Азияны алып жатты. Қағанаттың орталығы Шу өзені алқабындағы Суяб қаласы еді. Қағанаттың бірінші басшысы – қаған, жоғарғы әміршісі әрі әскер басы болды.
Батыс түрік қағанатының негізін қалаған Бумын қағанның інісі Істемі–қаған болды. Түріктер 558 жылы аварларды Батысқа ығыстырып, Еділ мен Жайық бойын өзіне қаратып алды. Білге қаған мен оның інісі Күлтегін осы ұлан-ғайыр қағанаттың тәуелсіздігін тан империясынан қорғау үшін күрескен. Кезінде Батыс түрік қағандығын құраған түрлі тайпалар кейіннен қазақ халқының құрамына еніп кеткені мәлім.
Батыс түрік қағандығынан кейін Жетісу өңірінде құрылған феодалдық мемлекет – Түркеш қағанаты (704-766 ж.ж.) болды. Ал бұдан кейін Қарлұқ қағанаты (766-940 ж.ж.) өмірге келді. Ол Жетісу мен Қашғардан бастап, Ферғана мен Сырдың орта ағысына дейінгі өңірге билік жүргізді. Сырдарияның орта және төменгі ағысында және соған жақын жатқан батыс Қазақстан жерінде түркі халықтарының арғы аталарының бірі – оғыз тайпалары бірлестігі – Оғыз мемлекеті (ІХ-ХІ ғасыр) болды. Оғыз мемлекетінің астанасы Сыр бойындағы Янгикент қаласы еді. Бұлар  негізінен көшелі тайпалар саналған, сондай-ақ отырықшы оғыздар да болды. Олар Сыр өзені алқабындағы Сүткент, Сығанақ, Қарнақ сияқты қалаларды мекен етті. Кейінірек қыпшақтардың қысымына шыдай алмаған ғыздардың көпшілігі Шығыс Европа мен Кіші Азияға ығысып көпшілігі Шығыс Европа мен Кіші Азияға ығысып кетті. Түрік мұсылмандарының алғашқы феодалдық мемлекеті – Қарахан мемлекеті (940-1212 ж.ж.) болды. Қарахан әулеті батысында Амудария мен Сырдарияның төменгі ағысынан бастап, шығысында Жетісу мен Қашқарға дейінгі өлкеде екі ғасыр бойы билік жұргізді. Астанасы – Баласағұн қаласы. Ұлан ғайыр аймақты алып жатқан Қарахан мемлекетінде экономикалық, әлеуметтік және мәдени жағынан едәуір өрлеу болды.
Батыс Түрік қағанаты ыдырай бастаған кезде олардан қимақтар мен қыпшақтар оқшауланып бөлініп шықты. Қыпшақтар – ерте кезден-ақ Орталық Азияны мекен еткен көне тайпалардың бірі екені мәлім.
Қыпшақ қоғамы – ертедегі феодалдық мемлекет бірлестігі ретінде өмірге келген. Олар Ертіс өзенінен бастап сонау Дунайға дейінгі ұлан-ғайыр кең алқапты мекен етті. Қазіргі қазақтардың арғы аталарының бірі саналатын қыпшақтарды Европада- қумандар, ал Ресейде - половецтер деп атаған.
Сонымен ҮІ-ҮІІ ғасырларда көшпелі және жартылай көшпелі өмір сүрген қаңылылар, қарлұқтар, шігілдер, тухшлер, яғмалар, оғыздар, қимақтар, қыпшақтар, т.б. тайпалар бертін келе түркі тілдес халықтардың этникалық құрамына негіз болып қаланды.

  Қазақ тіліндегі рефераттар - Мәдениеттану


Яндекс.Метрика