1. Рефераты на казахском
  2. Мәдениеттану
  3. Ағарту мен классика ғасырындағы мәдениет

Ағарту мен классика ғасырындағы мәдениет

Ағарту дәуірі мәдениеттің жаңа типіне көшуді аяқтады. Жаңа мәдениет Жарық көзін Сенімде емес, Ақыл-парасатта деп білді (француз тілінде «ағарту» сөзі жарық деген мағынада «lumiere»). Әлем мен дүние туралы білімді экспериментке сүйенетін ғылымдар, философия мен реалистік бағытталған өнер беру керек болатын.
XVIII ғ. адамдары өз уақытын ақыл-парасат пен ағарту жүз жылдығы деп атады. Шіркеу авторитеттерін және күші құдіретті салттарды дәріптейтін орта ғасырлық түсініктер сынға ұшырады. XVIII ғ. сенімге емес, ақыл-парасатқа негізделген білімге ұмтылыс тұтас ұрпақты қамтыды. Талқылауға жататын барлық заттар, ақыл-парасат құралдарымен айқындалу қажет нәрселер XVIII ғ. адамдарының өзгеше қасиеті болып саналады.
Ағарту дәуірінде қазіргі мәдениетке ауысу аяқталды. Өмір сүру мен ойлаудың жаңа бейнесі қалыптасты, яғни мәдениеттің жаңа типінің көркем сана-сезімі өзгерді. «Ағарту» атауы діни немесе саяси авторитеттерге негізделген орныққан пікірді өзгерту мақсатында мәдени және рухани өмір саласында осы ағымның жалпы рухын жақсы сипаттайды.
Ағарту білімсіздікті, наным, ырымшылдықты адамзат апаты мен қоғамдық зұлымдықтардың басты себебі, ал білімді, философиялық және ғылыми қызметті, ойлау еркіндігін мәдени және әлеуметтік прогресс жолы деп білді.
Қоғамдық теңдік және жеке басының бостандығы идеясын үшінші сословие қолдады, осы сословиеден көптеген гуманистер шықты. Орташа сословие дәулетті буржуазия мен либеральды мамандық адамдарынан құралды, олардың капиталы, кәсіби және ғылыми білімі, жалпы идеялары, рухани ұмтылысы болды. Үшінші сословиенің дүниетанымы ағарту қозғалысында айқын білінді., ол мазмұны жағынан антифеодалдық, рухы бойынша революциялық болды.
Эстетикалық санада да радикалды өзгерістер болып жатты. XVII ғ. негізгі шығармашылық принциптер – классицизм мен барокко Ағарту дәуірінде жаңа қасиеттерге ие болды, өйткені XVIII ғ. өнері нақты дүниені бейнелеуге көңіл аударды. Суретшілер, мүсіншілер, жазушылар оны картиналар мен мүсіндерде, повестер мен романдарда, пьесалар мен спектакльдерде жаңғыртты. Өнердің реалистік бағыты жаңа шығармашылық әдісті жасауға негіз болды.
Барлық ағартушылық философияның негізін қалаушы, философ-материалист, либерализм доктринасын жасаушы, психолог және педагог Джон Локк (1632-1704 ж.ж.) болды, ол Отанындағы діни және саяси қозғалыс ықпалында өскендіктен, XVII ғ. екінші жартысында педагогиканы жеке тұлғаны зерттейтін ғылым ретінде ала отырып, сана-сезім психологиясы ілімінің негізінде таным теориясын құрды. Ол бірінші болып адамның табиғи құқы негізінде сөзсіз жеке бостандық идеясын тұжырымдады.
Ғасырдың ұлы идеясы әдебиет арқылы көпшілік көңілін баурап алды. Ағарту әдебиеті жаңа оқушының пайда болуына әкелді, бұл оның өз бетімен білім алуға құштарлығын арттырды. Ағарту жазушылары өздерін философтар деп атады. Жазушы-философтың шығармалары бірнеше данада қайтадан басылып шықты.
Әдебиет қоғамдық ой-пікірге сүйенді, ол ой-пікір үйірмелер мен салондарда қалыптасты. Сарай жалғыз орталық болудан қалды. Париждің философиялық салондары сәнге енді, онда Вольтер, Дидро, Руссо, Гельвеций, Юм, Смит болды. Оқыған білімді қоғам ағартушылардың жаңадан басылып шыққан шығармаларын құмартып оқыды. 1717 жылдан 1724 жылға дейін Вольтердің жарты миллион томы және Руссоның шамамен миллион томы басылып шықты.
Вольтер, шын аты Франсуа Мари Аруэ (1694-1778 ж.ж.) барлық Европаның ағартушыларының көсемі болды. Оның шығармашылығында ғасырдың қоғамдық ойы толық және айқын бейнеленді. Барлық рационалистік қозғалыс көбінесе Вольтердің қызметімен теңестіріледі және вольтерлік деп жалпы атпен аталады.
Ағартудағы демократиялық бағыт ең радикальды ағартушы Жан-Жак Руссоның (1712-1778 ж.ж.) есімімен «русоизм» деп аталады. Ол Француз революциясын рухани дайындаушы болды. Руссо әлеуметтік теңсіздік себебін жеке меншікте деп білді («Теңсіздіктің басы және негіздері туралы ойлар»). Ол республикалық демократиялық тәртіптерді қорғады, халықтың монархияны тақтан түсіру құқығын дәлелдеді. Оның қоғамдық-саяси трактаттары якобиндіктердің қызметінің негізін құрады.
Руссо адамның табиғи дамуына бөгет жасайтын нәрселердің бәрі тәрбиенің көмегімен жойылу керек деп есептелді. Ізгілік пен демократизмге толы педагогикалық көзқарастар оның атақты «Эмиль, немесе тәрбие туралы» роман-трактатында жазылған. Руссоның шығармалары Европа әдебиетінде психологизмнің қалыптасуына мүмкіндік жасады. Оның «Юлия, немесе Жаңа Элоиза» және «Сыр» атты хат түріндегі романы барлық Европада оқыған адамдардың көптеген ұрпақтары үшін қолдан түсірмейтін кітабы болды.
Ғасырдың ірі оқиғасы «Ұлы Энциклопедияны» жарыққа шығару болды. Ол ағартушылардың бөлек-бөлек жатқан білімдерін бір жерге жинады. Бұл іске Ағарту идеясының жүздеген түсіндіріп таратушылары мен насихаттаушылары қатысты. Энциклопедия өз маңына ақылды, данышпан адамдарды жинады. Кәсіпорынның редакторы және жаны ағартушылардың демократиялық бағытының өкілі Дени Дидро (1713-1784 ж.ж.) болды. Ол Түсіндірме сөздікке әр түрлі мазмұндағы мақалалар жазды: философия, саясат, грамматика, риторика, мораль, эстетика, механика бойынша. Оның мыңнан астам мақалалары техника мен технология мәселелеріне арналды. Дидро бірінші болып технологияны қоғамның мәдени дамуына тәуелді етіп қойды. Ол өз мақалаларына жаңа рух- еңбекке құрмет рухын енгізді.
XVIII ғ. 60-шы жылдарынан өнеркәсіптік төңкеріс басталды (мануфактуралық өндірістің машиналық кезеңге көшуі, ірі капиталистік өндірістің материалдық-техникалық негізін құру), қоғамдық өмірдің барлық жақтарына қуатты әсер етті: өнеркәсіп, саясат, идеология, мәдениет. Осы кезеңде бірінші рет ғылым жетістіктерін өндіріске жүйелі қолдану басталды.
Ағартушылардың қызметінде қоғам мен өндірісті ғылыми қорытындылардың негізінде қайта құруға ұмтылу анық көрінеді. Құдайдың бар екендігін ақыл-парасат құралдары – деизмнің көмегімен дәлелдеуге ұмтылу өте әйгілі болды. Діни-шіркеу парыздарын қабыл алмай, деистер құдай болмысын қорғады. Рационалистік дінді қалыптастыруда барлық Европа қатысты: Юм, Бейль, Руссо, Вольтер, Дидро, Лейбниц, Лессинг және басқалар. «Рационалистік дін» ырымшылдықпен күресті, ғасыр ортасында көптеген Европа елдерінің соттары сиқыршылық бойынша кінә тағу істерінен бас тартты.
Қоғамдық ой шабытының жаңа атмосферасы көркем шығармашылықтың түрлері мен жанрларындағы ара қатынастың өзгеруіне әкеп соқты. «Ағартушылық қаруы» - әдебиеттің мәні басқа дәуірлермен салыстырғанда едәуір өсті. Ағартушылар өздерінің публицистикалық қызметінде оқырмандар үшін қысқа өткір тілді брошюралар формасын таңдап алды, олар Вольтердің «Филосоофиялық сөздігі», Дидроның «Сұқбаттары». Бірақ көпшілік оқырман қауымға философиялық идеяларды Руссоның «Эмиль», Монтескьенің «Парсы хаттары», Вольтердің «Кандиді», Дидроның «Жиен Рамо» романдары мен повестері түсіндіру керек болатын.
Ағартушылықтың басты көркем тілі XVII ғасырдан мұраға қалған классицизм болды. Бұл стиль ағартушылық ойлаудың рационалистік табиғатына және оның биік адамгершілік принциптеріне жауап берді. Алайда үшінші сословиенің күнделікті өміріне қызығушылық стильдің қатаң шеңберіне сыймайды.
Ең тамаша құрылыс туралы түсініктер мен армандардың барлық тобы Даниель Дефоның (1660-1731 ж.ж.) атақты «Робинзон Крузо» романында көркем бейнеге ие болды. Ол әр түрлі жанрлардағы 200 жұмыс жазды: өлеңдер, романдар, саяси очерктер, тарихи және этнографиялық туындылар. Робинзон туралы кітап - табиғаттың тәрбиелік және түзету жұмысына беріліп, табиғи күйге қайтып оралған адамның тарихы. Өркениеттен алыста, аралда рухани қайта тууын баяндайтын романның екінші бөлігі белгілі емес.
«Гулливердің саяхаты» атты әйгілі туындының авторы Джонатан Свифт (1667-1745 ж.ж.) дүниеге ұстамды, материалистік позиция жағынан қарайды. Лилипуттардың ойлап тапқан елі ағылшын қоғамының сатиралық бейнесін береді: сарайдағы қастықтар, жағымпаздық, тыңшылық, парламент партияларының мағынасыз күресі. Алыптар елін суреттейтін екінші бөлімінде «ағартушылық абсолютизмінің» идеалы – мейірімді және ақылды монарх билік құратын елдегі бейбіт өмір мен еңбек туралы армандар айтылады.
Ағартушылар реализмінен ХІХ ғ. реализміне тіке жолды драматургтер салды. Ағартушылық қайраткерлері өнердің басты міндеті адамдарды қайта тәрбиелеу деп санады: сахнадан ақыл үйретуді олар ең тиімді және ыңғайлы сендіру формасы деп санады. Тек Вольтердің өзі 54 драмалық туынды жазды. Бірақ ерте Ағартушылық жазушылары ұстаған классицизм канондары драматургияның дамуын бөгеді, тақырыптар мен кейіпкерлер шеңберін шектеді.
XVIII ғ. әлем әдебиетіне мынадай керемет суретшілер мен театр өнерінің теоретиктерін сыйлады: Англияда Шеридан, Францияда Вольтер, Дидро, Бомарше, Германияда Лессинг, Гете, Шиллер, Италияда Гольдони. Дидроның тікелей ізбасары Францияның ірі драматургы Пьер Огюстен Бомарше (1732-1799 ж.ж.) болды. Оның өте әйгілі көңілді комедиялары «Ессіз күн немесе Фигароның үйленуі» және «Севиль шаштаразы» жойқын күшті сатира қуатын сыйлайды.
Осы бағытта, Ағартушылық арнада итальяндық театрда реформа жүреді, онда ескі маска комедиясы әлі билік құрып тұрған болатын. Белгілі Карло Гольдони (1707-1793 ж.ж.) құрған мінездер комедиясының типі бірегей болып табылады және жалпы Европада танымал болды. Оның пьесаларында сословиелік теңдікті насихаттау жақсы байқалады. «Трактиршица», «Екі мырзаның қызметшісі» пьесаларының кейіпкерлері әлеуметтік жағынан нақты, олар өздерінің құқықтарын сезініп, оны қорғай біледі.
Өздерінің артық дәрежелерінен айрылғысы келмейтін дворяндылықты ағылшын драматургы Ричард Бринсли Шеридан (1751-1816 ж.ж.) өздерінің сайқымазақ объектілері етті. Оның «Ащы тіл мектебі», «Дуэньясы» ағылшын қоғамының екі жүзділігін әшкерлейді. Оның шығармашылығында жағдайлар комедиясынан мінездер комедиясына ауысу аяқталады. Европада жалпы қабылданған барокко және классицизм стильдерінен басқа XVIII ғасырда жаңалары пайда болды: рококо, сентиментализм, предромантизм. Алдыңғы ғасырлардан айырмашылығы дәуірдің біртұтас стилі, көркем тіл бірлігі жоқ. XVIII ғ. өнері алуан стильдік формалар энциклопедиясы болды, оны осы дәуір суретшілері, сәулетшілері, музыканттары кең қолданды.
Францияда көркем мәдениет сарай маңындағы ортамен тығыз байланысты болды. Француз өнерінің стилистикалық кезеңдерін корольдердің есімдерімен байланыстырады, регенттілік стилі, Людовик XIV стилі (1643-1715 ж.ж.), «Помпадур» стилі. Францияда айқын және жүйелі рококо стилі дамыды, француздың «рокайль» - формалардың раковинасы, күй таңдағыштығы және елестеушілігі стильге осы атауды берді. Кейбір өнер танушылар оны барокконың бір түрі деп санайды. Басқалар үшін рококо – бароккодан шыққан, бірақ кейбір қасиеттерін өзгерткен өзіндік стиль. Кез-келген жағдайда рококо - өнерде өз ізін қалдырған, ақсүйектер мәдениетінің стильдік жүйесі.
Рококо француз ақсүйектерінің ортасында пайда болған. Людовик XV (1715-1754 ж.ж.) «Бізден кейін топан су басса да» деген сөзі сарай маңындағы көңіл-күй сипаттамасы деп санауға болады. Қатаң этикеттің орнын жеңіл атмосфера, ләззат алу мен ойын-сауықты көксеу басты. Ақсүйектер топан су басқанға дейін керемет ойын-сауықтар атмосферасында көңіл көтеруді ғана ойлады, осы думандардың жаны мадам Помпадур болды. Сарай маңындағы орта қыңыр, күй таңдағыш формадағы рококо стилін қалыптастырды.
Кескіндемеде рококоның негізін қалаушы деп Антуан Ваттоны (1684-1721 ж.ж.) есептеуге болады. Ол сарай маңындағы кескіндемеші, король мен маркиза Помпадурдың сүйіктісі болды. Ватто өнері адамзат сезімдерінің әлемін ашады. Ол барокконың көпірме стилінен босатып, уақыт рухына сай табиғи сезімдерді ақтады.
Ватто өмірден кеткен соң, оның сарайдағы орнын Франсуа Буше (1704-1770 ж.ж.) басты. Оның типтік сюжеттері – «Венераның салтанат құруы», «Венераның киім-кешегі», «Диананың суға шомылуы». Буше туындыларында рококо дәуірінің мәнерлілігі мен эротикалығы ерекше күшпен бейнеленді, осы үшін оны ағартушы-моралистер кінәлады.
Ағартушылар суретшілерді үшінші сословиенің тұрмысын суреттеумен айналысуға шақырды. Осы жанрды бейнелеушілер Жан Батист Симеон Шарден (1699-1779 ж.ж.) және Жан Батист Грез (1725-1805 ж.ж.) болды. Шарден, Грез, Фрагонар шығармашылығымен қандай да бір позиция туралы түсінік байланыспайды. Бұлар натюрморттарды, әсем жанрлық сахналарды, мейірімді аналарды бейнелейтін бейбіт суретшілер болды. Шарден бейнелеген әйелдер («Түскі ас алдында намаз оқу», «Кір жуушы», «Кастрюль жуып жатқан әйел») Буше модельдерінің  қазіргі өкілдері деуге сену қиын, бірақ олар сол кездегі Францияны анық көрсете білді.
Ағарту заманының идеологтары ақыл-парасат идеалдарымен байланысты өнердің этикалық құндылығын уағыздады. Француз революциясы кезінде өнерде жаңа классицизм үстемшілік жүргізді. XVIII ғасыр классицизмі – алдыңғы жүз жылдық классицизмінің дамуы емес – бұл принциптік жағынан мүлдем жаңа тарихи-көркем құбылыс. Жалпы сипаттамалары: антикаға норма және көркем үлгі ретінде қарау, сезімнен борыштың басым болуы, стильдің жоғары дерексіздігі, ақыл-парасат, тәртіп және үйлесім пафосы. Жаңа классицизм өнердің табиғи қарапайым және биік формаларын құруға ұмтылысында антика дүниесінің көркем мәдениетіне көңіл бөлді.
Классицизмді кескіндемеде суреттеген Жак Луи Давид (1748-1825 ж.ж.) болды. Оның «Горацийлер анты» картинасы жаңа эстетикалық көзқарастардың жауынгерлік жалауы болды. Рим тарихынан алынған сюжет (ағайынды Горацийлер әкелеріне борышына адалдық болу және жаулармен соғысуға дайын болу антын береді) революциялық Францияда республикалық көзқарастар бейнесі болды.
Испан суретшісі Франсиско Гойи (1746-1828 ж.ж.) әлемді танудағы ерекше қасиетімен Испан өнері үшін жаңа дәуірді ашты. Оның шығармашылығы келесі жүз жылдықта Европа романтизмінің қалыптасуына зор әсер етті. Гойи офорттарының ең белгілісі – 1793 жылдан 1797 жылға дейін салынған «Каприччос». Бұл нөмірленген және қол қойылған 80 бет. «Каприччос» туралы ең көп тараған пікір – бұл XVIII ғасырдағы испан қоғамына, әсіресе оның жоғарыда отырған ақсүйектері мен дін басыларына арналған сатира. Бірақ оның барлық мәнін қазіргі күнге дейін қажетті деп санауға болмайды. Серия өте символикалық. Гойи сериясы екі бөлікке бөлінеді: күндізгі, күнделікті адам әлемі және түнгі, ғажайып, жын-пері әлемі. Суретшіге оның ұқсастығының ұлы құпиясы ашылды. Бізге суретшінің қиялы тудырған дүниені түсіну қиын. Сірә, ол ақыл мен логикаға сыймайтын тұрмыс жағдайларына көңіл аударған болу керек. «Каприччос» графикасы өзінің құрылымы бойынша өте көп қабатты және оны талдау қиын.
Гойи жақсы график қана емес, керемет кескіндемеші де болды. Оның атақты «Махасын» («Киінген Маха» және «Жалаңаш Маха») Венеция Қайта Өрлеуінің кескіндемешілерінің ең үздік жұмыстарымен салыстыруға болады.
Англияның реалистік кескіндемесінің бастаушысы XVIII ғ. бірінші жартысында Уильям Хогарт (1697-1764 ж.ж.) болды. Хогарт өмірді, ақсүйектердің әдеттерін, қоғамдағы кеселдер – азғындықты, ысырапшылдықты, сатылғыш сотты суреттеді.
Реализм эстетикалық өнерге де басып кіреді. Классицизм өнерінің білімді, байыпты теоретигі, Британия көркем сурет академиясының бірінші президенті, белгілі саяси қайраткер, сәнді ақсүйектер салонының қожайыны Джошуа Рейнольдс (1723-1792 ж.ж.) дәстүрлі портрет жанрына тұлғаның психологиялық мінездемесін енгізді. Томас Гейнсбороның (1727-1788 ж.ж.) портреттерінде реалистік бағыт байқалады, ол пейзаждық кескіндемеде жалғасын тапқан. Гейнсборо портерттерінде қоғамдағы модельдің ролін ашатын ешқандай аллегориялар жоқ.Оларға жан дүниеге көңіл аудару тән. Бұл портреттерде пейзаждың мәні зор, ол да XVIII ғ. музыкалық шығармашылыққа көп жаңалық әкелді. XVIII ғ. музыка Қайта Өрлеу дәуірінен бастап гүлденіп жатқан басқа өнерлер деңгейімен қатар тұрды. Ақсүйектік мазмұндағы музыкалық концепциялар туды, жаңа формалар – фуга, симфония, соната дүниеге келді. Иоганн Себастьян Бах, Георг Фридрих Гендель, Кристоф Глюк, Франц Йозеф Гайдн, Вольфганг Амадей Моцарт XVIII ғасырдың музыкалық өнерінің шыңында тұр. Ағарту дәуірі сана-сезімнің жаңа өткірлігін, жаңа сезімдер, көңіл-күй реңдерін өмірге әкелді. Музыканың өнердің жеке түрі ретінде гүлденуі адамның рухани әлемінің поэтикалық, эмоционалдық бейнеленуіне деген қажеттілігімен түсіндіріледі. Бах және Гендель шығармашылығында музыкалық дәстүрлердің сабақтастығы сақталып қалған, бірақ олар музыка тарихында жаңа кезеңді бастады.
Иоганн Себастьян Бахты (1685-1750 ж.ж.) полифонияның маңдай алды шебері деп санайды. Барлық жанрларда жұмыс істей отырып, ол 200 кантат, аспаптық концерттер, орган, клавираға арналған шығармалар жазды. Бахқа протестанттық хоралдың поэзиясымен, музыкасымен, халық мелодиясымен байланысты неміс көркем дәстүрінің демократиялық линиясы жақын болды.
Бах пен Гендель өнері Ағарту дәуірінің рухани бостандығының көрінісі болды. Музыкадағы прогрессивті бағыттарға тән барлық жаңалық австриялық композитор Вольфганг Амадей Моцарттың (1756-1791 ж.ж.) шығармашылығында көрініс алды. Франц Йозеф Гайднмен біріге отырып, ол Вена классикалық мектебін таныстырды. Гайднның негізгі жанры симфония, Моцарттікі опера болды. Ол дәстүрлі опералық формаларды өзгертті, симфониялардың жанрлық типтеріне психологиялық даралық әкелді. Оның 20 шақты операсы («Фигароның үйленуі», «Дон Жуан», «Сиқырлы флейта»), 50 симфониялық концерті, көптеген сонаталары, вариациялары, мессалары, атақты «Реквиемі», хорға арналған шығармалары бар. Моцарттың көп қырлы шығармашылығы Ағарту дәуірінің жалпы сипатымен байланысты. Ол сенімі бойынша революционер болған жоқ, бірақ оның ізгілігі, адамзат эмоцияларын эстетикалық қабылдауы ескі феодалдық дүние тану жөніндегі түсінікке қайшы болды. Оның музыкасына неміс Ағартушылығының және «Дауыл мен тықсыру» қозғалысының идеясы әсер етті.
Жаңа өмір салты және жаңа ойлау түрі жаңа мәдениет типін, жаңа көркем көріністі жасады, ол көркем қызметтің эстетикалық ұстамдарын түбірімен өзгертті.
Европа елдері арасында идеялармен және шығармашылық жетістіктермен алмасу күшейе түсті. Оларда білімді адамдар шеңбері кеңіп, ұлттық зиялы қауым қалыптаса бастады. Дамып келе жатқан мәдени алмасу адамзат қоғамының мәдениет бірлігі туралы түсініктерді таратуға мүмкіндік жасады.
XVIII ғ. өнерінде біртұтас жалпы стиль – алдыңғы дәуірлерге тән көркем тіл мен тәсілдердің стильдік бірлігі болған жоқ. Осы кезеңде идеялық-көркем бағыттардың күресі өткір байқалды. Ұлттық мектептерді қалыптастыру да жалғасып жатты.
XVIII ғ. өнерінде шартты түрде екі кезеңді бөліп көрсетеді. Біріншісі – 1740-50-ші жылдардың ортасына дейінгі. Ол барокконың кейінгі формаларының аяқталуымен және рококо стилистикалық бағытының бөлініп шығуымен байланысты. Екінші кезең – классицизмнің түрі өзгерген идеалдарының қайтып келуі және келесі жүз жылдықта жалғасын тапқан предромантикалық қозғалыстың және сентиментализмнің тууы. Классицизм сәулет өнерінде, мүсін өнерінде, кескіндемеде билік құрушы стиль болды, бірақ әдебиетте, театрда, музыкада предромантикалық бағыт дамыды.
Әдебиет пен музыка біртіндеп өнердің жетекші түрлеріне айналды. Осы формалардың көркем тілі өмірдің эстетикалық түсінігінде уақыт талаптарына сай келді. XVIII ғ. әлем картинасы алғашқы рет тұрмыстық ақиқат бейнелерінде беріліп, музыкада қарапайым адамзат сезімдері айтылды.
Ғасыр ортасында драматургия классицизм дәстүрінен реалистік және предромантикалық бағыттарға көшті. Театр жаңа қоғамдық-тәрбиелік рольге ие болды.
Ағартушылық дәуірде «мәдениет» сөзі бірінші рет нақты, жалпы таныған термин болды, оның мәнін тек оқыған жоғарыдағы қоғам ғана емес, қарапайым адамдар да талқылады. Әлем негізі идеялар үштігі -  «ақиқат», «жақсылық», «сұлулық» екендігін мойындаған философтардан соң, қоғамдық ой мен көркем шығармашылықтың әр түрлі ағымдарының өкілдері мәдениеттің дамуын ақыл-парасатпен, адамгершілік-этикалық бастаумен немесе өнермен байланыстырды.
Қоғам туралы ғылымда мәдениет адамзат дамуы тарихын түсінудің теориялық концепцияларының негіздері ретінде қаралды. Ол тарихи құбылыстарды таңдап алу және топтау, түсіну құралы болды.
Шындықтан қорқу және оны қабылдамаудан жаңа бағыт – романтизм туды. Әлеуметтік шындыққа жеке өмірді қарама-қарсы қою сентиментализмде байқалады. Осы бағыттар Ағартушылық дәуірдің гуманистік атмосферасы, оның гармониялы тұлғаға ұмтылуы арқасында мүмкін болды. Ағартушылық ғасыр мәдениеттің әрі қарай дамуына күшті әсер еткен әлемді өзінше көру үлгісін жасады.
Дәуірдің экономикалық және әлеуметтік-саяси сфераға тән ерекшеліктері:
-    өнеркәсіптік төңкеріс;
-    буржуазияның экономикалық және саяси мәнінің өсуі;
-    антифеодалдық қозғалыстың күшеюі;
-    қоғамдық теңдік пен жеке бостандықтың ағартушылық идеясының таралуы.
Рухани сферада:
-    феодалды-клерикальды мәдениеттің құлдырауы;
-    жаратылыс танудағы революция;
-    рационалистік ойлау мен деизмнің таралуы;
-    ағартушылық материалистік философияның гүлденуі;
-    өнер түрлері мен жанрларының ара қатынасының өзгеруі, әдебиет пен музыканың көркем шығармашылықтың жетекші формаларына айналуы.

Дерекөзі: Аманжолова М.К., Беркінбекова А.М., Әбілқасов Ғ.М. Мәдениеттану (барлық мамандықтардың студенттеріне арналған). Оқу құралы. Қарағанды: ҚарМТУ, 2004. 117 б.


  Қазақ тіліндегі рефераттар - Мәдениеттану


Яндекс.Метрика