- Рефераты на казахском
- Қазақ әдебиеті
- Жаңа тұрмыс жырлары. Сәкен Сейфуллинннің поэзиясы
Жаңа тұрмыс жырлары. Сәкен Сейфуллинннің поэзиясы
Жаңа тұрмыс жырлары
(Сәкен Сейфуллинннің поэзиясы)
Жиырмасыншы жылдары қоғамдық өмірде болған түбегейлі өзгерістер, жаңа заман дамуының қарқындылығы, тарихи оқиғалардың жедел ауысып отыруы Сәкен поэзиясында сол дәуір бейнесін берерлік екінші образ — жүйрік пойыз-экспресті тудырды. "Біздің тұрмыс — экспресс" деп жырлады ол.
Жаңа қоғамдық құрылыстың даму қарқыны мен өзіндік сипатын, қанша ұшқыр да арынды болғанмен, тұлпар бейнесі таныта алмайды деп түсінген жаңашыл ақын:
Бұрын атым тұлпар еді — бәйге көк,
Енді, міне, пойыз болды, тұлпар жоқ.
Ұзақ жолға
Тұлпар қол ма?
Мейлі жорға,
Тұлпар міну — Сарыарқада жүрсең тек.
...Ісі ерен
Ұқсас көрем
Отарбаны біздің осы тұрмысқа! — деп жазды. Жаңа елдің даму жылдамдығын ұшқыр пойызға — экспреске теңеу Сәкеннің басқа да туындыларында кездеседі. Жаңа өмірдің болашағына, оны орнатушылардың жасампаздығына ақын кәміл сенеді.
Қиырсыздың қиырына жетейік,
Өлшеу жоқ көк мұхиттан өтейік.
Аспандағы алыс қызыл жұлдызды
Жерге әкеліп, жердің көркі етейік.
Асуы жоқ асулардан асайық,
Ашылмаған тас қақпаны ашайық,
Болмағанды болдырайық дүниеге,
Жаңа тұрмыс жаңа жерге жасайық, —дейді.
Жаңа замандағы еңбектің, техниканың рөлі Сәкеннің көптеген өлеңдерінің мазмұнын құрайды. "Қара айғыр", "Аэропланда", "Аспанда" деп аталатын өлеңдерінде жаңа тұрмыс көрсеткіші ретінде көрінетін экспресс, пойыз, ұшақ образ-символдары ақын поэтикасында жиі ұшырасады.
Шексіз алыс қиыр, өлшеусіз мұхит, асуы жоқ тау, аспандағы жұлдыз, тас қақпа - ауыз әдебиетінде, халық ұғымында арман-мұрат жолындағы қиямет қиын бөгет, кедергілер. Жаңа тұрмыс жыршысы "болмағанды болдырып", жаңа өмір орнатуға шақырады. Халық әдебиетінің дәстүрлі образы бойынша, ақын паравозды "қаһарлы күшпен ақырған", "дүбірі жер жарған" жүйрік тұлпар — қара айғыр бейнесінде суреттейді.
"Біздің Сәуле", "Маржан" өлеңдерінде Сәкен теңдік альш, жаңа өмірдің белсенді құрылысшысы болған қазақ әйелінің ұнамды бейнесін жасайды. "Бұлшық ет" атты лирикалық өлеңінде барлық әрекет, қозғалыстың, динамиканың, даму атаулының тұтқасы — тас қопарып, жер үңгіп, шыңырау қазып, байлық шығарған, темір жол салып, жер қыртысын сыдырған адам қолын ардақтай келіп, ақын бұлшық етті айғырдың тоқпақ жалына, бөкеннің серке санына, қайыңның қырған безіне, шортанның жұмыр беліне теңейді.
Ширатылып түйілген,
Болаттай күшпен иілген,
Бұлшық етті білек пен
Балтырдан күшті дене жоқ - деп аяқтайды.
Бұл — адам баласының тән саулығын, күш-қайратьш образды деталь арқылы әсем бейнелеп, шалқыта мадақтаған келісті де ықшам, көркем де шебер жыр.
Көңіл күй әуендері. Сәкен Сейфуллин — адам жанының күйініш-сүйініштерін, алуан сипатты сезім күйлерін, ынтық, құштар жүректің нәзік сыр, ыстық толқындарын шебер де әсерлі суреттеген тамаша лирикалардың авторы.
Сәкен лирикасының өзіндік сыр-сипаты алуан түрлі. Туған жерге сүйіспеншілік, табиғат көріністері мен құбылыстары, махаббат сырлары, сағыныш сазы, мезгіл суреттері, аң-кұсты аялау, ана-бала сүйіспеншілігі — ақын лирикасының басты тақырыптары.
Ол, әсіресе, табиғатты жан-жүрегімен нәзік сезініп, сүйіне жырлады. Ақынның әйгілі "Көкшетау" поэмасы қазақ жерінің ең бір көркем, сәулетті өңірінің естен кетпес мынандай керемет сұлу суреттерінен басталады:
Арқаның кербез сұлу Көкшетауы,
Дамылсыз сұлу бетін жуған жауьн.
Жан-жақтан ертелі-кеш бұлттар келіп,
Жүреді біліп кетіп есен-сауын.
Сексен көл Көкшетаудың саясында,
Әрқайсысы алтын кесе аясында.
Ауасы-дертке дауа, жұпар исі,
Көкірек қанша жұтса, тоясың ба?
Мөп-мөлдір Бурабайдың суы күміс,
Көргенде шаршаған жан алар тыныс.
Мінбелеп қоршалаған шымылдықтай,
Қарағай, қайың менен қалың жыныс.
Ырғалған көкке байлап қарағайы,
Қасында көк желекті әппақ қайын.
Жібектей желмен шарпьш төңіректі,
Балқытып мас қылады иіс майы.
Қарағай биік шыңды қиялаған,
Еш адам оны барып қия алмаған.
Шаңқылдап тау жаңғыртып, шыңға қонып
Жалғыз-ақ көк қаршыға ұяларан.
Көкпеңбек шың басынан мұнар кетпес,
Басына атсаң-дағы оғың жетпес.
Бір жұтсаң Көкшетаудың жұпарынан
Өлгенше көкірегіңнен құмар кетпес.
Біз бұл өлең шумақтарынан онда суреттелген мөлдіреген күміс айнадай сексен көлдің аясында, көк мұнарға оранып, көшкен бұлттармен есен-амандык сұрасып, сұлу жұзін әлсін-әлсін ақ жауынмен жуьш, нұр жайнаған кербез ару Көкшетау табиғатының көріністерін өз көзімізбен көріп, жұпар ауасымен рахаттана тыныстап, көк қаршығасының шаңқылы мен қалың қарағай, көк желекті ақ қайыңдарының сыбдырын өз құлағымызбен естіп тұрғандай әсер аламыз.
Сыршыл да ойшыл ақын, сұлулық жыршысы табиғатты онда мекендеген адамның көңіл күйімен, жасампаз еңбегімен байланыстыра жан бітіре суреттейді. Сәкеннің күрес жолындағы кейіпкерлерінің елге, туьш-өскен жерге деген сезім күйлері табиғатка ынтықтығы арқылы ашылады. Мысалы, "Қамаудан" деген өлеңінде жау қолында зарыққан тұтқын туған жер табиғатынан жанына демеу табады:
Тас үйдегі тұтқынды
Аяған адам жоқ болды.
Аяды бірақ табиғат,
Көңілім соған тоқ болды.
Терезенің алдына
Торғайлар келіп ән салды.
Ызғарлы қамау тас үйге
Күйлендіріп жан салды...
Демін салып майда жел
Құшақтап сүйіп тәнімді.
Сүйгенімдей тербетіп,
Жұбатты менің жанымды.
Табиғат қамаудағы тұтқынның жабырқау көңілін жадыратып, бойына бостандыққа деген сенім ұялатады.
Сағындым" атты өлеңінде де "туғалы қапас көрмеген", еркін өскен бұла жастың "Сарыарқа сары белі бар" қырын, "өзенді, көлді жайлаған, көрмеге тұлпар байлаған" ауылын, "еркесі қырдың бұралған" сәулесін, "айналып-толғанып өсірген" анасын сағынуы табиғаттың әсем суреттерімен, ел өмірінің әсерлі көріністерімен астастырыла берілген. Лирикалық кейіпкердің қыр тіршілігіндегі өзгерістерге сүйінген қуанышты көңіл күйін ақын "Қырда", "Далада" атты өлеңдерінде еркелей, шаттана ескен дала желі арқылы бейнелейді:
Есіп кеп, майда желдер таудан асьш,
Құшақтап аймалайды, амандасып.
Естіген, көрген-білген сырын маған
Айтысты қуанысып, сыбырласып.
...Күлімдеп гүл шашақтар басың иді,
Құшақтап майда ескек жел беттен сүйді:
Қуаныш сырын айтқан ғашығындай,
Ескектің көкірегіме лебі тиді.
Табиғаттың кіршіксіз тазалығы"Ақша қар" өлеңінде кір-лас дүниеге қарсы қойылған."Күздігүні далада", "Жаздыгүні далада" атты өлеңдерінде де ауыл тіршілігі табиғат суреті арқылы көрсетіледі.
Ғашықтық, сүйіспеншілік сырлары көбінесе табиғаттың қошеметі мен қолдау-құттауы аясында ашылады. Ақын махаббаттың арман-аңсары мен құпия сырларына сұлу табиғатты куә етеді. "Тау ішінде", "Біздің жақта", "Жазғы түнде" өлеңдеріне осы сипаттар тән. Оларда туған өлкенің сырлы табиғаты жастардың жүрек құпиялары, ынтық сезімдерімен жарастық тауып, оқырманды ерекше әсерге бөлейді. Ал "Анаға хат", "Анаға жауап" өлеңдерінде аналық-балалық махаббаттың, сағыныш-мұңның, өкпе-наздың, жүрек қылын шертер, көзге жас үйірілтіп, ет жүректі елжіретер нәзік лирикалық сезім жеті-сегіз буынды, шалыс ұйқаспен келетін өлең өрнегімен аса сәтті бейнеленеді.
Ақан "Сыр сандық" өлеңін досына хат түрінде жазған. Сезім мен сыр, ой мен образ жымдаса қабысып кеткен бұл өлеңнің ішкі ырғағы, әуезі есіле төгіліп, жібек торғындай судырап тұр. Адалдық пен арамдық, талант пен күншілдік, мансап пен ождан, достық пен қастық туралы тебірене сыр шерткен ақын мұзбалақ, зеңгір тау, сыр сандық, сым перне, алтын сарай образдары арқылы эстетикалық-этикалық мұраттарын ірікпей толғаған.
Сәкен адамның көңіл-күйін, сырын, тұспалдай жырлап, оны биік таудың басындағы кілттеулі сыр сандыққа балайды. Дос жанын түсіне білетін нағыз адам — дос қана сол құзар биіктегі сыр сандықтың кілтін тауьш ашып, көңілдің күй пернесін баса алмақ.
Әр адамның ішкі сыры —
Берік қойма сақталған.
Сол қойманың бір түкпірін
Достың досы-ақ ақтарған.
Кейде ашуға сол түкпірді
Іздейді жан жақынын.
Шертеді жан сырлы жырды,
Сырлас жанын шақырып.
Тыныс керек кейде жанға,
Кейде жанға ән керек.
Күй шертуге анда-санда
Сырласарлық жан керек.
Сын сандықты ашьш қара,
Ашып қара, сырласым.
Сым пернені басып қара,
Басып қара, жырласын.
Өлеңде жаныңды түсіне білетін шынайы достарға "қолыңда жемің барда шырқ айналып, жем таусылса, жалт беретін жанама достар" қарсы қойылған.
Сөйтіп, Сәкен лириканы тек сезімді жырлаумен шектемей, оған азаматтық әуен, ойлы мазмұн дарытьш, жаңа мұмкіндіктерін ашты. Қазақ лирикасының үздік үлгілерін тудырған ол ізгі де сұлу сезімдердің, айнымас достық пен махаббаттың шабытты жыршысы болды.
"Аққудың айырылуы" поэмасы. Сәкен Сейфуллин шығармашылырына тән тұрақты сипаттардың бірі — аллегориялық тәсілді символ бейнеге жиі пайдалануы. Оның "Аққудың айырылуы" поэмасында да мәңгілік те асқақ махаббатты жырлауға қазақтың ежелден бергі түсінігінде (аңыздарындағы) тазалық пен сұлулықтың, махаббатқа шексіз адалдықтың символы саналатын аққу бейнесі алынған.
Оқиға Арқадағы бір сұлу көлдің жағасында өтеді. Ақын маржан сөз, шымкесте өлең өрнегін төгілдіріп, алдымен әлгі көлдің кісіні тамсандырғандай көркем суретін салады.
Арқада бір жер бар еді
Жібек самал саясы
Саяда бір көл бар еді
Сырлы кесе аясы.
Маржан құмы, күміс суы
Көл еді кең айнадай.
Мұнарытқан торғын буы,
Көк кестелі айнала...
Әдемі еді мөлдіреген
Айна көлдің өрнегі.
Су бетінде үлбіреген
Ақ шашақтар өрнегі.
Пай шымылдық, жасыл құрақ,
Қалың біткен ну құрақ.
Кейде аққулар жасырынады,
Шымылдыққа судырап.
Айна көлдің суы күміс,
Жұбай аққу көркі еді.
Көрсе көзің алар таныс,
Екі сәулем ерке еді.
Көлдің басы ертелі-кеш
Мың құбылған ән еді.
Екі ғашық ертегідей,
Көлдің көркі — сәні еді.
Лирикалық кейіпкер анда-санда бой жазып, демалуға осында келеді екен. Бұл жолы да әдетінше еркелеп келіп, көл жағасында жатьш, оның көрінісін тамашалайды. Бұрын байқамаған жаңа сипаттарына ғажаптана таңырқайды.
Кең айнадан өзін көріп,
Құстар билеп, ойнайды.
Су түбінен маржан теріп,
Сүңгіп терең бойлайды,
—деп көлдегі тіршілік базарының бір көрінісін көзге тосады. Көл бетін мекендеген қызғыш, тауқұдірет, шағала, сұқсыр, қасқалдақ үйректердің қылығы мен қызығы қандай келісті десеңізші!
Сөйтсе де ақын көңілі мұның бәрін олқысынады. Өйткені "аққу әні— жүрегінің тілегі" — жұбай аққу көл бетінде көрінбейді.
Аққулардың келуімен көл бетінің тіршілігі күрт өзгеріп, жайнап, жанданып сала береді. Жұбай аққудың бір-бірімен жолығысып, мауқын басьш көңілдері көншіген ерке, назды шағы — махаббат салтанаты өмір қызығына айналады.
Ақын да шат сезім, ыстық шабытпен үздіге жырлайды. Махаббат лирикасының сирек ұшырасатын інжу-маржандай үздік шумақтарын тудырады.
Жалғыз аққу жырақтағы
Әнге салды "келем" деп.
Сыңар аққу құрақтағы
Тұрды күтіп, көлеңдеп.
Сыңқылдатып, жарып көлді,
Жұпар майын жағынып;
Жұбайына аққу келді,
Алыс жерден сағынып.
Бөлек екен екі ғашық,
Жайқынға кеп түйісті...
Сыпайы ойнап, сыңқылдасьш,
Тәтті айқасьш, сүйісті.
Күміс суды жұмсақ сүйіп,
Екі сұлу сыланды;
Сылдырлатып моншақ тізіп,
Ақ көбікке бұланды.
Дөңгеленіп сәнін түзеп,
Айна көлге қаранды;
Екі сұлу әнін түзеп,
Жуынды да таранды.
Екі кербез қатар түзеп,
Көлдің келді шетіне:
Көлдегі әппақ шашақты үзіп
Иіскей басты бетіне.
Иіскеп нәзік иісін жұтьш,
Көлбеңдеді айнала,
Ақ шашақты талдап түтіп,
Шашты мөлдір айнаға.
Талдап тұтіп ақ шашақты,
Алып әппақ жұпарын;
Ақ тәніне сылап жақты:
Қандыруға құмарын.
Екі сұлу еркелесті,
Бір-біріне жарасып;
Тағы нәзік "не-не?" десті,
Бір-біріне қарасып...
Біз бұл шумақтарды оқи отырып, ондағы айтылғандардың бәрін лирикалық кейіпкерлермен бірге көріп, қызыға, сүйіне тамашалап тұрғандай әсер аламыз.
Ақынның сұлулықты сезінуі және соны көзге анық елестейтін құбыла кұлпырған жанды суретке айналдыру шеберлігіне тәнті боламыз. Табиғат әлеміндегі жарастық: күміс айдын, оның жиегіндегі судырлаған торғын шымылдық, су бетінде сүйісіп, ләззатқа бөленген кербез, сұлу аққулар — бәрі-бәрі қандай әсерлі бейнеленген.
Сол арада қамыс арасында жасырынған Сұр мерген жұбай аққудың бірін атып өлтіреді. Осылайша табан астында махаббат пен сұлулықтың, тазалықтың символы тас жүрек қатыгездіктің құрбаны болады. Жұбайынан айырылған сыңар аққудың жан азабы, шарасыз күйі трагедиялық шамырқаныспен суреттелген. Серігінен мәңгі айырылған жалғыз аққу, сыңарының өлімі өзегін шоқтай қарып, жанын қоярға жер таппай, зар жылайды:
Сыңсып аққу суды шашып,
Шырқ айналды зәлімді.
Сұр мергенге төсін ашьш:
"Мені де ат!" — деп жалынды.
Қып-қызыл қып қолын қандай
Ақ сұлудың қанына;
Мерген кетті шыдай алмай,
Күйіктінің зарына...
Сұр мергенді шырқ айналып,
Жылап аққу қалмады;
Өзегі өрттей күйіп-жаньш,
Қаққан қанат талмады...
Біресе аққу шырқап биік,
Көкке жылап зарлады;
Біресе кеп жерге тиіп,
Көзден жасы парлады,
Біресе кеп жерді сабап,
Жер бауырлап ыңқылдап;
Біресе ұшып желді сабап,
Назаланды сұңқылдап.
Ақын талантының күштілігі соншалық, біз әңгіме кәдуілгі құс (мейлі, аққу-ақ болсын) жайында емес, екі асылзада жас — ғазиз ғашықтар жайында болып жатқандай, оқиғаның өзі көз алдымызда өтіп жатқандай, өзімізді соның жанды куәгерлеріндей сезінеміз, шын қайғырьш, тамағымыз кеберсиді.
Сыңарынан айырылған аққу ендігі өмірін мағынасыз, керексіз санайды. Сондықтан: "Мені де ат!" — деп қанша жалынса да, мұны да өлтіруге жүрегі дауаламаған Сұр мергеннің алдына көктен құлап, жан тапсырады.
Төмен ағып қадалды да,
Найзадай боп шаншыльш,
Сұр мергеннің қақ алдына
Жығылды аққу шаншылып!
Күйікті жар құлап өлді,
Ақ төсінен қан ақты;
Жұбайына: "Ырза бол!" — деп,
Бір-ақ серіпті қанатты.
Өлімді де шіркін ғашық
Сүйгенімен бір көрді;
Жан күйігін мәңгі басьш,
Жұбайымен бірге өлді!
Поэма адал махаббатты мадақтайды, өмірдің мәні мен сәні шынайы сүйіспеншілікте екеніне нандырады. Сонымен қатар, ақын өмірдегі де, табиғаттағы да ұлы жарасымды, гармонияны бұзудың орны толмас трагедияға апарып соғатынын көрсетеді, адамдарды абай болуға үндейді.