1. Рефераты на казахском
  2. Қазақ әдебиеті
  3. Орыс тілді және шетел әдебиеттануындағы жанрларды жүйелендіру

Орыс тілді және шетел әдебиеттануындағы жанрларды жүйелендіру

Әдеби жанрлар  (фр. тілінде genre - түр, тек, жанр) [346 246] – ауызша және жазбаша шығармалардың  көркем даму процесінде қалыптасады.

Шығарма жанры дәстүрлі түрде мынадай  негізгі белгісі бойынша анықталады -   бір жанрдағы шығармаларды біріктіретін және айтарлықтай тұрақты, әрі тарихи қайталанатын сипаттағы мазмұнына, құрылысы мен түріне қарай.

Көркем шығарманы кеңінен танып білу жанрлар сериясын тудырады. Атап айтар болсақ, тарихи, отбасылық-тұрмыстық,  детективтік, ғылыми-фантастикалық және т.б. келтіруге болады.  Мұның барлығы көркем шығарманы кеңінен таңып білудің жемісі. Шығарманың танымдық мазмұны көбінесе романның,  повестің және әңгіменің немесе пьеса мен көріністің, өлеңнің жеке немесе топтық портреттің жанрлық ерекшеліктерін айқындайды. Суреткердің идеялық-психологиялық бағалау ұстанымы апологиялық және сырттай объективті, ирониялық болуы мүмкін болғандықтан,  бірқатар жанр түрлері туындайды.  Оларға тоқталар болсақ, әдебиеттегі ода – баллада – эпиграмма – памфлет осының нәтижесі.  Сонымен қатар,   олардың әрқайсысында өнердің басқа түрлеріне қарағанда  жанрлық мүшелену қатынасында өзгешелік бар, яғни өнердің түрі (мысалы, фольклорлық поэзия және әдебиет, поэзия және проза) мен тегіне (мысалы, әдебиеттегі эпос, лирика, драма) қарай бөлінісінде.  Көркем шығарма дифференциясындағы  олардың  қарым-қатынасын зерделеу тұйыққа тірелуде. Өйткені, «Жанр», «Түр», «Тек», «Әр түрлілік» терминдері осыған байланысты нақты анықтамасын тапқан жоқ. Осының салдарынан, оларды қолданыста бірінің орнына бірін пайдалану жалғасуда.

Қайта өрлеу дәуірі тұсындағы өнер жанрлар арасындағы  нақты демаркациялық шекара жоқ; XVII – XVIII ғасырлардағы классицизм эстетикасы жалпы иерархиялық жанрлар жүйесіндегі әр жанрдың тазалығын қамтамасыз ететін қатаң тәртіп орнатты. Сол уақытта  Францияда «жанр» ұғымы қолданысқа енді; XIX ғасырда жанрлардың өзара әрекеттестік процесі қайта оралды. Олардың қосылып кетуі, тоғысуы,  қатаң белгіленген шекараның бұзылуы басталды.  Кейбір қазіргі заманғы теоретиктер жанр дифференциясы тіптен ескірген деп жанр мәселесін алға қоюдың қажеті жоқ деп есептейді [41,121].

Шығарманы сипаттау үшін оның мазмұнының жанрлық ерекшеліктері маңызды.  Бұған байланысты ұғымдар  Г. Гегельдің «Эстетика» еңбегінде [11,67], А.Н. Веселовскидің «Исторической поэтике» шығармасында [10,35] және  басқа да ғалымдардың еңбектерінде қамтылды. Эпикалық,  драматургиялық, лирикалық және лиро-эпикалық сияқты  жанрлық топтар ерекшеленген.  Осындай топтардың әрқайсысының шегінде шығарма  әдеби тегі, өлеңдік және прозалық формасы және соңғысы,  өзінің көлемі бойынша ажыратыла алады. Көне әдебиеттің жанрлық жүйесі  күрделілігімен және  көп тармақтылығымен ерекшеленеді. Жаңа заман әдебиетімен салыстырып қарар болсақ,  тұрақтылығымен сипатталады. Кешірек,  қоғамның дамуы, өзінің жанрларымен бірге әдебиеттің де дамуы жылдамырақ бола бастады. Әдеби бағыттың туындауымен бірге жанр жүйесі  белсенді түрде теориялық мағына мен негіздеме берудің  нысанасына айналды. Осылайша, классицизм поэтикасы болып жоғарғы, ортаңғы және төменгі жанрлар ерекшеленді. Жанр жазушылар немесе ақындар міндетті түрде сақтауы керек  регламенттелген жалғыз норма сияқты ұғынылды. Бұдан әрі классицизм жанрларының  рационалистік жүйесін   сентименталистер мен романтиктер бұзды.  Олар шығармашылық бостандығын  «тәртіптерден»  жоғары бағалап, қарсы шықты. Романтизм классицизмге керағар жанрлар тудырды.  Ол адамның ішкі көңіл-күйін, сезімін тереңірек ашып алдыңғы қатарға шығарды. Классицизм  дәуірінде  орын алмаған адамның ішкі сыры, терең сезімі, жеке тұлғаның ішкі уайым-қайғысы, қуанышы, яки адами қасиеттер сентиментализм тұсында алдыңғы орынға шықты. Сентименталистер  шығармалары  классицистік мадақ жырын, батырлық поэмаларды,  трагедия, поэмаларды ысырып, ішкі сырды бейнелейтін эллегия, баллада, лиро-эпикалық романтикалық поэмаларға жол ашты.  Әр автор жанр түрлерін  әр түрлі жүйелендірді.

Әдебиеттану ғылымында біз әдетте, әр автордың қаламының ұшқырлығы, жазу шеберлігі өзінше дара, өркештеніп тұрады, бір-біріне ұқсамайтын өзіндік жазу ерекшелігі болады дейміз.   Өйткені, әдебиеттану сөз өнері болғандықтан «сөз – алтын жіп, жыр – кесте» демекші, сөздің құдыреттілігімен түрліше өріледі. Алайда, көп ғасырлық даму тарихы бар  әдебиеттану ғылымы типологиялық ұқсастықтар бар. Осылайша, типологиялық ұқсастығы мен негізгі қырлары бойынша олар нақты бірнеше топтар мен тектерге бөлінеді. Бұл тектік бөлініс әдебиеттану ғылымы дүниееге келген кезден бастап туындады. Бұл көне гректер мен римдіктерге белгілі болды. Әдебиеттегі тек пен жанр түрлерінің теориясының негізін  тұңғыш рет Аристотель қалады. Аристотель өзінің «Поэтика» еңбегінде [1,55] әдебиетті «сөзбен өрілген өмір» дейді. Солай деп айта келе ұлы философ оның үш түріне тоқталады. «Оқиғаға автордың өзі қатыспай сырттай бейнелеуі»  эпикалық тәсіл деп айта келе ол бұған мысал ретінде Гомер шығармаларын келтіреді. Екінші тәсіл – бұл әдеби тәсіл. Яғни,  шығарманың негізі нысанасы - автордың жан толғанысы, ішкі сезімі, лирикалық көңіл-күйі.  Енді ең соңғысына келер болсақ, ол – драмалық, ал тектің өзімі драма деп аталады. Драмада жазушының бейнелеген кейіпкерлері айтайын деген ойын өзінің іс қимылы, дауыс ырғағы, интонациясы арқылы сахнада береді.

Неміс философы Гегель әдебиеттің тегі туралы мәселемен ден қоя айналысқан [11,37].  Бұл ретте ол өзі ғылымының негізі етіп философиялфқ ұғымдарды алады. Яғни, объект, субъект ұғымдарын пайдаланады.  Әдебиеттің  әдеби тектерінің негізін ол өзінің диалектикалық идеяларының негізінде қарастырды.  Субъект дегеніміз ақынның өзі,  эпос - баяндаушы жанр дей келе,  лириканың түрлеріне мадақ жырын, элегияны,  лирикалық жолдауды,  өлеңді, эпиграмма мен сонетті жатқызады. Драмаға драма мен трагедияны жатқызады.

Сөйтіп, бір елде ерте, бір елде кеш  тарап,  жанр атаулары қанатын кеңінен жайды, сонымен қатар осы процесс істінде  олар әртүрлі ассоциацияларға ие болып, басқа да мағыналарды жүктеді. Мысалы, Италияда «новелла» сөзі  басында әртүрлі жанрдағы прозалық шығармаларды, рыцарлық романдарды,  антикалық дәуірдің батырлық мифтерін, тарихи туындылар мен мысалдарды білдірумен қатар, тұрмыстық күлкілі әңгімелерді де  білдірді. Ал Ресейде повестерді новелла деп атады. Жазушылар өздерінің шығармаларына  қоғамның санасында қалыптасатын жанрлық атауын белгілейді. Авторлар кейде жанама ассоциациялардың жетегінде кетіп, қателесуі де мүмкін. Әдебиеттанушыларға автор пікіріне қарсы шығу қиындық тудырады.

Әртүрлі жанрдағы шығармалар кейде бір атаумен айтылса, енді бірде бір жанр әртүрлі елдерде түрлі атауға ие. Мысалы романдардың тарихи және қазіргі заманғы немесе, екінші жағынан, саяси және философиялық бөлінуін есепке алудың қажеті жоқ.  Көркем шығармалардағы тарих пен қазіргі заман олардың тақырыбы саласына жатады. Ал автор мен кейіпкерлердің  саяси және философиялық мүдделері оның проблематикасы саласына жатады. Шығарманың компазициялық мотивациясын оның жанрлық ерекшелігіне жатқызуға болмайды. Айталық, лирикадағы арнау жанрға жатпайды.

Жанр - бұл тарихи құбылыс емес, типологиялық құбылысқа жатады. Олардың құрылысы мүлдем басқаша болғанымен, нақты жанр туындысы болады.  Роман, комедия, элегиялардың жанрлық ортақтығы неде?  Оны шығарманың өң бойынан іздеген дұрыс болар деп ойлаймыз.  Яғни, шығарма авторының өз ойын беру әдісі жанрлық тұтастықты құрайды. Жоғарыда айтқан Аристотель мен Гегель философиясы осының айқын дәлелі болып табылады.  Көп құрылымды көркем шығарманың мазмұынынан оның жанрлық аспектісі болып табылатын,  тарихи қайталанатын аспектісін, жанр және оның түрлілігінің негізі жататын  қырын табу керек.

Қазіргі замандағы батыс әдебиеттану ғылымы  жанр мәселесі туралы Р.Уэллек пен О.Уорреннің тұжырымдамаларында  жанр мәселесі анағұрлым кеңірек зерттелген. Олар: әдеби жанр – бұл фикция емес дей келе, әдеби жанрға төмендегідей анықтама береді. Олардың тұжырымдамасы бойынша: «Бір мезетте жазушының жазу мәнері арқылы анықталатын белгіленген ереже» әдеби жанр. Уоррен мен Уэллектің пікірі бойынша жанр теориясы: әдеби процесті  уақыт пен орын санатының көмегі (кезеңділігі мен тілі) арқылы емес, таза  әдеби категориялардың көмегімен  классификациялауға мүмкіндік беретін, тәртіпке келтірілген жүйе. Осындай таза әдеби категориялардың қатарына  жанр да жатады. Зерттеушілердің идеясы бойынша, жанр әдеби құрылым ретінде көркем шығармағы сыни  баға беруде де қолданылады. Уэллек пен Уорреннің ойы бойынша жанр мәңгілікке белгіленбейді. «Шығармағы жеке, сыни көзқарас жаңа тек түріне жол ашуға мүмкіндік береді.  Уэллек пен Уоррен жанр деп шартты түрде  жалпы  «ішкі» (ішкі сезім, көңіл-күй, қарым-қатынас, ойлау, өзге сөзбен айтсақ- тақырып пен аудитория) және «сыртқы» (пішіні, құрылымы)  теориялық белгісі көрінетін  әдеби шығармалар тобын атайды [36,28].

Жанр формалары

Лирикалық формалардан өлеңді, өзара тақырыптық ерекшеліктері  мен көтерген мпәселелері бойынша байланысты өлең циклдерін – лирикалық поэманы байқауға болады. Сонымен қатар, көптеген ұлттың төл әдебиеттерінде  әртүрлі өлең үлгілері туындады. Айталық, өлеңдік-строфикалық формасы. Олардың кебіреулері ұлт әдебиетінің шегінен шығып, халықаралық дәрежеде мойындалды. Бұған мысалдар легін келтіруге болады:  эллегия, сонет,  ертегі, өлең, поэма, эпопея (бұған әрине мысал мен балладаны қосуға болады), повесть, әңгіме,  пьесаның түрлері және ақ өлең үлгілері осының дәлелі.  Бұл формалардың әр түрі  әр дәуірде өмір сүрген әрі әр бағыттағы  жазушылардың шығармаларында  әртүрлі жанрлық мазмұнды білдіреді.  Эпос,  лирика, драманың тектері, атаулары  әртүрлі болғанымен  бір-біріне жақын болуы мүмкін.

Жауынгерлердің ұлтты азат ету мақсатындағы  төңкеріс қозғалыстарын туындатуы  түрлі жанрларда лирикалық шығармалардың кеңінен таралып, дамуына ықпал етті. Ұлтттық-тарихи лирика жетекші маңызға ие болды. Ол  басқыншы жаулап алушылардың құрсауынан босануды аңсаған халықтың, бүтін бір ұлттың  демократиялық ұмтылысын білдірді.  Билік тізгінінен босануды аңсаған  халықтың арман-мұратын көркем сөзбен өрді.  Европа лирикасының «этологиялық» тенденциясы саяси сатирада ғана көрінген жоқ.  Әлемнің көптеген елдерінде  идиллиялық немесе элегиялық сарындағы «этологиялық» мотивтер туындады.  Олар тәкаппар, рухани азғынданған,  бұзылған қоғамның жоғарғы табының өкілдеріне  табиғат аясындағы тыныш та бейқам, еркін де қарапайым өмірді қарсы қоя білді.

Еуропа халықтарының лирикалық шығармаларында суреттеу, бейнелеу, табиғат лирикасы алдыңғы орынға  қойылған.  Әдетте, табиғатты суреттейтін өлеңдер идеялық-эмоциалдық байытылған, лирикалық көңіл-күйде болды.   Сонымен қатар, табиғат лирикасы  ұлттық-тарихи және «этологиялық» өзінің мазмұнының жанрлық аспектісі бойынша  романдық болуы да мүмкін. Әрине, бұнымен қоса  эпос пен драматургиядағы сияқты  лирикада  жанрлық мазмұнның әртүрлі аспектілері өзара өткелсіз шекара арқылы бөлінбеген.  Бір өлеңде олар ауыса алады.  Демек,  жанр тобына бөлу принципі  әдебиеттің барлық үш тегіне де ортақ. Яғни, әдебиеттану ғылымының тектері - эпос, лирика драма өзара жанрлық принципке бөліне алады деген сөз. Осы тұста мынадай қорытындыға келуге болады: жанр -  шығарма мазмұнының түрлі қыры болып табылады.  Жанрлар (жанр мазмұнының ерекшелігі)  - әр жеке тектің шегіндегі логикалық бөлінген түрлер емес, көркем шығарманы тек пен жанрға бөлу «бір логикалық кеңістікте» емес, әр «кеңістікте» түрліше себептерге байланысты туындайды.

Мазмұнның көркем қызметі -  тотемдік, магиялық және мифологиялық болады.  Бұлар басында айтарлықтай қысқа эмоциялық  көңілді, тебіреністі сыртқа шығару құралы болды.  Ең алғашында олардың құрамы екі тармақтан да тұрған болуы мүмкін.  Кейіннен екі тармақтар ырғақты симметриямен тарихи процесс үстінде бірігіп төрт тармақты, яғни бір шумақты құраған.  Кейіннен, лирикалық хордың осы көркем нысанасының негізінде, олардың компазициялық-лирикалық принциптері пайдаланыла отырып, бір дауысты,  сольдық,  азаматтық, жеке және тұрмыстық мазмұндағы лирикалық өлеңдер дүниеге келді.  Ал, даму процесімен қандай да бір халықта  жазба өнері пайда болғаннан кейін, мұндай өлеңдер әдеби лириканың туындауының бастапқы негізі, көзі болып қалды.

Ертегі -  жанр формасы өзгере алады деп біз жоғарыда айтқанымыздай, жанрдың өзгеріске түскен формасы.  Жанр формасы уақыт өте келе өзгергенімен  оның мазмұнына айтарлықтай әсер етпеді десе де болады.  Тарихи дәуірдің әр кезеңінде, халықта ауыз әдебиетінен кейін жазбаша өнер дүниеге келгеннен кейін  халық ауыз әдебиеті, яғни фольклормен бірге, кейіннен одан да артық көркем әдебиет дами түсті.  Ауыз әдебиетінің бай мұрасы өзінен кеінгі жазбаша әдебиеттің терең тамыр жаюына жол ашып берді.  Қазіргі көркем, жазба әдебиеттің төл атасы, қайнар көзіне айналды. Осындай даму процесінің үстінде  жанрлардың формасы мен атауларының өзгеруі таңқаларлық құбылыс емес, табиғи құбылыс. Осылайша, әртүрлі әдеби шығармалар (бұл жерде поэманы айтып отырмыз) жанрлық мазмұны тұрғысынан алғанда (батырлық, сатиралық, романдық)  өзіндік ерекшеліктерге ие болды.

М.М.Бахтиннің жанрлық тұжырымдамасы

М.М.Бахтиннің жанр теориясына қосқан үлесі мол. М.М.Бахтиннің концепциясының конструктивтілігі және де қайшылығы  отандық және батыстық әдебиеттану ғылымында  үлкен қолдауға ие болды. Жанрлық типологияны қарастыратын болсақ, концепция  даралығымен ерекшеленеді.  Ғалымның теориялық ережелері кеңінен танымал.

Бахтиннің жанрлық  тұжырымдамасынан мынадай үш мәселені  атап айтуға борлады:

1. Шығарманың жанры және  ішкі диалогтылығы;
2. Шығарманың жанры мен құрылымы;
3. Әдебиеттану ғылымының тарихындағы жанрлар,  олардың генезисі мен дәстүрі.

Осы проблемалардың барлығы  жанр типологиясына байланысты.

Шығарманың жанры және  ішкі диалогтылығы

Бахтин әдебиеттен  тек қана «ұымдасқан идеологиялық  материалды» көрген жоқ «әлеуметтік қатынас» формасын да байқады. Бахтиннің пікірі бойынша: әлеуметтік  қатынас процесі шығарма мәтінінің өзінен көрініс тапты. Шығарманы өмірге әкелген жаратушы-автор және ол дүниеге әкелген  кейіпкер, сондай-ақ оқырман («тыңдарман»)  - мұның бәрі  пішін мен стильді анықтайтын тірі күш.  Бахтин жанрды «тұтас шығармадағы, айтылмақ ойдың өң бойындағы шынайы форма» деп түсінеді. Жанрдың әр түрі  қарым-қатынас, диалог үстінде, яғни практикада көрініс тауып, жұмырланған жанр ретінде қарастырылады.  Демек,  әдеби жанрлар қарым-қатынас процесінен бастау алған.  Зерттеуші  жанрлардың екі жақты  бағытын атап өтеді. Біріншіден,  авторлар жанр таңдауда бәрінен бұрын көркем қабылдау шартын ескереді. Екіншіден,  жанр  әртүрлі оқырман қауымына арналған.  Әр әдеби жанрға дәуір мен бағыттың шегінде өзіндік оқырманы бар болуы тән.  Әр дәуір оқырманының, тыңдарманының, халық пен жұртшылықтың  көркем  туындыны ерекше түсінуі, сезінуі ерекше.  «Екінші» (әдеби) және «бірінші» (мысалы, тұрмыстық)  жанрлардың  көркем мәтінді баяндауда ұқсастықтары болғанымен күрделілік дәрежесі бойынша өзгешеленеді.  Олар («екінші») өздерінің құрылымына «бірінші» жанрларды: репликаны, диалогты, тұрмыстық әңгімелерді, хаттарды енгізеді. Жанрдың негізгі қызметтерінің бірі  жанрлық нәтиже деп атауға да болатын жазушы мен оқырман арасындағы делдалдық болып табылады.  Жанр жазушының тек қана  көркем ойлау категориясы емес;  сол немесе  өзге дәрежеде  әдебиеттің жанрлық репертуарымен оқырмандардың  таныс болуы автор мен оқырман арасындағы тығыз байланыс фактісі.  Жанр жазушы мен оқырман арасындағы алтын көпір рөлін атқарады.  Жазушының жанрды таңдауы оның оқырман жөніндегі көзқарасын білдіреді.  Көркем қабылдау процесі  қай арнада қабылданатындығы туралы жол салады.  Бахтин ұсынған зерттеу бағдарламалардың негізгі артықшылығы сол дәуірде басымдыққа ие болған  әдеби-сыни көзқараста емес, автор мен оқырман арасындағы байланысқа, шығарма мәтініне жете назар салуында.

Шығарманың жанры мен құрылымы

Ғалымның  әдеби жанрға деген құызығушылығының артуын түсінуге болады.  Өйткені бұл «көркем тәжірибені сыртқа шығарудың айқын ыормасы» ғой. Яғни, мазмұнды форманың айқын мысалы.  Бахтиннің негізгі еңбегі  жанрлардың мазмұндық ерекшелігін дәлелдеуі болды.  Ғалым жанрдың қандай да бір  поэтикалық құрылымының тұрақты элементін қарастырса да, ол өзінің мазмұндылығымен түсіндіріледі.  Бахтиннің зерттеулері  ғалымдар арасында  жанр туралыі семиотикалық  көзқарастың қалыптасуына себепші болды.  Әдебиет бойынша семиотикалық жұмыстарда  жанрлардың семиотикасына арнай назар аударылған.  Өйткені бұл өнердің даму сатысының бастапқы кезеңіндегі  поэтика болып табылады.

Әдебиеттану ғылымының тарихындағы жанрлар

Бахтиннің назары бәрінен бұрын  жанрлар тенденциясы мен олардың әдебиеттегі  ұзақ өміріне ауды.  Бахтиннің зерделеуі бойынша жанр құрайтын негізгі фактор болып  тарихи уақыт,  оның әлеуметтік-идеологиялық сипаты есептеледі.  Бахтиннің «күлкі тарихы» сызбасы  жанрларды тарихи-функционалды зерттеудің  классикалық мысалы қызметін атқара алады.

О баста пайда болған кезінен бастап әдебиет негізгі үш бағытта-әдеби тектің үші түрі эпос, лирика, драманың шегінде дамыды.  Олай деуімізге, бұлардың әдебиетке дейінгі кезде, ауыз әдебиеті кезеңінде көнініс табуы себеп. Бұл сөз өнерінің болғандығының  айқын дәлел бола алады. Әрине, бұған драманы қосуымыз әбестік болады. Себебі, драма қоғам дамып, театр пайда болған кезде ғана қалыптасқандығы баршамызға аян.  Алайда, бұдан  көне дәуірде әдебиеттің тек екі түрі- лирика мен эпос пен драма кіріктірілген басқа тек болды деп ойлау қателік.  Тек (және тектің түрі ретінде жанр) -  шығарма құрылымындағы  жалпы, тұрақты, қайталанып отыратын сипаттама.

М.С.Каганның жанрлық классификациясы

М.С. Каганның теориясы  төрт тарапты жанрлық классификацияның  жобасы ретінде белгілі. Жанрлар «тақырыптық», «танымдық»  тұрғыдан, «аксиологиялық», (трагедия-комедия), сондай-ақ  үлгілі моделдер құруы бойынша (очерк, мысал) дифференцияланады. Осып принциптердің әрқайсысының өзіне тән құрылымы бар. Каганның сызбасын әдебиетте пайдалану  көп дау туғызады. Жетекші мазмұны проблемалық дәрежеде болғандықтан, тақырыптық немесе сюжеттік-тақырыптық шектеу (прозада махабаттық-психологиялық, әлеуметтік-талдау, тұрмыстық, рыцарлық,  әскери, детективті жанрлар бөлінген) шартты түрде. Шығарма мәтінінің баяндау арқылы берілуі эпикалылығының,  мәтіннің медиативтілігі – оның лирикалылығының,  туындының диалог арқылы берілуі – драмалық тегінің кепілі. Негізінен алғанда Каган  терминологиялық нақтылыққа қатты жүгінген.  Екінші жағынан алар болсақ, зерттеуші шартты терминдерді де пайдаланған. Оларды атап айтар болсақ: ұлттық-тарихи, этологиялық,  жанрлардың романтикалық тобы. Ғалым ұлттық-тарихи (батырлық) және романдық жанрдың арасындағы мазмұндық айырмашылықты атап көрсетеді. Каганның түсінігі бойынша ұлттық – тарихи, этологиялық және романдық жанрлар – көркем әдебиеттің даму формасы.  Каган жанрдың төртінші тобы бар деген тың  түсінік айтып, оған  әдебиеттің ең көне жанры мифті жатқызады. Ғалым жанр формас деген түсініктің дәстүрлі түрде біздің санамызда жанр ретінде қалыптасқандығын айтады.  Біз ертегі жанры, әңгімен жанры, роман, повесть жанры деп айтамыз,  бұл біздің санамызда әбден сақталып әдебиетішлер мен сыншылардың терминолгиясында  бекіді. Бірақ та жанр мәселесін дұрыс шешу үшін бұл көзқарастардан айну қажет дейді. Ол жанр нақты тарихи емес, типологиялық құбылыс деп таниды. Каган өзінің зерттеу нысанасын нақты көрсететін «жанрлар тобы» деген терминге көп тоқталғаны түсінікті жайт.  Ғалымды бәрінен бұрын жанрлар тобын ортақтастыратын қырлары қызықтырады. Айталық, этологиялық жанр ретінде сатираның, идилияның, утопияның ұқсастығы.  Каганның зерттеулері әдебиеттану классификациясын  жанрлық типология ретінде қарастыру тәжірибесімен құнды.  Бұл ретте, бір шығармада бірнеше жанрлық тенденцияның тоғысқандығы айтылады.  Бұл топтар әдебиеттің тарихи даму кезеңінің әр сатысында әртүрлі қатынасқа түсіп отырады. Каганның ғылыми зерделеулері бойынша  әдебиеттегі тек пен түрді, жанрды тек қана шартты түрде бөлуге болады.

  Қазақ тіліндегі рефераттар - Қазақ әдебиеті


Похожие материалы

Яндекс.Метрика