1. Рефераты на казахском
  2. Қазақ әдебиеті
  3. Шәңгерей Бөкеев шығармаларының көркемдік ерекшеліктері

Шәңгерей Бөкеев шығармаларының көркемдік ерекшеліктері

Шәңгерей Бөкеев шығармаларының көркемдік ерекшеліктері

Әр ақын-жазушының өзіндік қолтаңбасы, өзіндік тіл ерекшелігі болады. Шәңгерей өлеңдерінің ерекшеліктерін сөз еткенде, оның тіл көркемдігіне айрықша көңіл аудару керек, себебі Шәңгерей өлеңдері құрылысы жағынан 11 буынды, жыр ағымымен келетін 7-8 буынды, не 7 буынды өлеңдер болып келеді. Бұл оған дейін де, оның кезінде де қазақ поэзиясында ең көп жайылған өлең түрі. Абай сияқты Шәңгерей қазақ өлең құрылысына жаңалық енгізген жоқ, сондықтан біз оның тек тіл шеберлігіне ғана тоқталамыз.
Шәңгерей тіліндегі басты өзгешелік - оның қолданған образдарының сонылығында. Өзіне дейінгі немесе өзімен тұстас ақындарда кездеспейтін небір үздік, небір көркем сөз қолданыстары Шәңгерей өлеңдерінде көрініс тапқан.
Жүрегіңді жұлып жем етер,
Қазаңа шапқан ол айуан...
Бөкен терісін бөрік еткен,                      
Сексеуілден күрке еткен,
Бауырына тулақ жамаған,
Қаңбаққа жүзін қамаған,
Білтелі қара қолында
Шақпақтап оғын от беріп,
Жолында жатыр бір адам.
Піл сауырлы қара жер,
Қойныңды ашып, кол жайып,
Құшағыңа аларсың...
Таудағы тас ұядан,
Лашындай самғап қиядан,
Шалқып сезім шығады,
Ойласам пікір, қиялдан...
Сыйдырып асқан тауды уысыңа,
Жүзіне алмас қылыш қадам бастың.
Күркіреп қара бұлт жасын атса,
Отына жетіп барып құшақтастың.
Мүхитта нән балықтай кезген көңілім,
Тұмсығың тимей тасқа неге адастың?

Қарамен жазылған сөз тіркестерінің бәрі де қазақ поэзиясына Шәңгерей әкелген жаңа сөз тіркестері.
Шәңгерейдің өзіндік тағы бір ерекшелігі - оның эстетикалық талғамының нәзіктігінде жатыр. Бұған оның "Қосаяқ" өлеңі мысал бола алады. Мұнда қолданылған сөздер ақынның сипаттама образдарындағы нәзіктік, биязылығымен де әсерлі көрінеді.

Бура санды, ақ таңды,
Түсі алтындай ақ сары.
Ауызға біткен қос тістің
Меруерттей ажары.
Қаусырмалап қақтаған
Шытадай жұқа құлағы.
Қияқтан барып ін алған,                
Екі аяқпен серіпкенде,
Желі бойы жер алған;
Топыраққа басса табаны,            Тілерсек басып, тік тұрып,
Шайықтардың ершатқа               Қарсы тұрып қайзаса,
Басатұғын мөріндей,                    Бет біткеннің сұлуырақ.
Сопақша сұлу із салған.              Қияқты төмпе түбінен
Мойыл көзді, тоқ жүзді,              Таң алдында ін қазған,
Мақтау сөзбен айтпастай,           Шығарып жерден жас
Айтудан артық жаралған.           топырақ.
Көзіндей сенің көз бітсе,            Зерден өрген шашбаудай,
Оң жақтағы аруға                        Болар болмас, төрт қырлап.
Он беске жасы қараған.              Құйрығы ұзын, ұшы ақ,
Қалы кілем, қара нар,                 Сансыз буын тастаған,
Бес жиырма болсын садағаң.     Масақы келген ақ шашақ.
Қарқарадай шаншылған,            Айтулы сонау Нарында,
Төбеңе біткен қос құлақ.            Нарынның қызыл құмында,
Шаншылған зат, шаншылса,     Бар еді сондай жануар,
Шаншылар тап сондай-ақ.         Аты оның — қосаяқ.

Ақынның "Қосаяқты" суреттеуі қай жағынан болсын, мінсіз. Өлеңдегі сөз қолданыстар шын мәнінде ерекше бір толғаныстан туындаған.
Қосаяқ - Нарын құмында көп болатын кішкене ғана жәндік. Тышқанның бір түрі. Ақын оған арнаған өлеңін өзінің балалық шағы, өткен өмірімен байланыстырады. Бірақ ол өткен өмірді, Нарынның өткен күнін суреттегенде, оны қайта орнатамын деп әуреленбейді. Ол кездің жақсылығын айту үшін ой-қырын бірдей шолып та жатпайды. Келмеске кеткен бір өкініш, "Адыра қалған Нарында" деп қана жанап өтеді де, қосаяқты суреттеуге кіріседі. Қосаяқтың үздік портретін жасайды. Қосаяқ - қазақ әдебиетіндегі ең жақсы, ең керкем жасалған портреттің бірі. Өлеңді оқып шыққанда, көз алдыңда жанды тірі қосаяқ тұрады. Және оның портретін жасағанда, сол жануардың сұлулығына көрмеген адам шек келтірмейтіндей, әдемілігі үшін оны ұнататындай сезім қалдырады. Адам баласына әуелден сүйікті ұғымдағы нәрсені суреттеп, оны сүйкімді етіп көрсетуден гөрі, бұрын ондай ұғымда болмаған, тіпті ешкім ілтипатқа алып, көңіл аудармайтын бір тосын нәрсені суреттеп, жұрттың оған көңіл аударуы қиынырақ, ол үлкен шеберлікгі тілейді. Шәңгерей шеберліктің бұл міндетін толық атқара алған. Қосаяққа жұрттың көңілін аудару былай тұрсын, сол өлеңді оқып шыққанда, "одан сұлу нәрсе жоқ екен" деп айтып салғандайсың. Сол мақұлыққа рақымың түскендей, ең аяулы нәрсенің қатарына қойғандайсың.
Шәңгерей өлеңдерінде көркем сөз құралдарының басқа түрлері де кездеседі. Мысалы, архаизм немесе басқа тілден енген сөздер. Өлендерінің көбі өткенді жырлауға арналғандықтан, архаизмдердің кездесуі табиғи құбылыс, ал басқа тілден енген сөздер көбінесе араб, парсы тілдерінен алынған, себебі Шәңгерей орыс тілімен қатар осы тілдерді де жақсы білген. Қанша жерден көп оқып, қаншама көп тіл меңгерсе де, әрбір ақын, ең алдымен өз ана тілінен нәр алып, өз әдебиетінің топырағында өсіп-жетіледі. Шәңгерей де ауыз әдебиетінен үлгі алып, өзіндік сөз қолданысын, өзіндік стилін жасады. Оны мына өлеңінен көруге болады.
Көрдің бе Қатшекейдің асылдығын,
Жалтақтап еткен ісін жасыруын.
Ау, жаным, сүйемісің, сүймеймісің,
Сүймесең, жоқ-ты саған бас ұруым, -
деген үзінді - қазақ фольклорында жиі кездесетін еспе қайталау арқылы құрылған қара өлеңдердің үлгісі.
Дыбыс әуезділігі, солардың ішінде дауысты (ассонанс), дауыссыз (аллитерация) дыбыстардың көп қайталаулары ақын өлендерінде мол.
Адамнан асқан екен ақыл-айлаң,
Ажары ақ бетіңнің асқан айдан.
Немесе:
Құйрық атып құлия,
Түлкідей қашқан жылмия.
Қараңды үзіп барасың,
Бізден де, қайран дүние!
Бұл жерде алдыңғысына дауысты, соңғысында дауыссыз дыбыстар көп қайталанады. Шәңгерей өлеңдерінің көркемдік қасиеттерінің ерекшелігінің өзі де осы әуезділігінде болса керек.

Түйін
Шәңгерей Бөкеевтің бізге жеткен шығармалары аз болғанымен, оның сол аз мұрасының өзінен де ақынның жазба әдебиетіміздің тамаша бір өкілі болғандығын көреміз.
Шәңгерей, негізінен, көңіл күйі, махаббат, табиғат лирикасын жазған үлкен лирик. Ол - халқымыздың бай ауыз әдебиеті мұраларынан, орыс, татар әдебиеттерінен нәр алған ақын. Өлеңдерінде кездесетін шешендік өрнектер, нақыл сөздер, қара өлең, қайым өлеңде кездесетін қайталау үлгілері ауыз әдебиеті дәстүрінен өрбиді. Кейде Қазтуған, Доспанбет, Шалкиіз жыраулар мұрасының әсері де танылады. Ақын өлеңінің жаңа түрлерін, тың көркем бейнелі сөз тіркестерін жасап, өлеңнің бейнелілік сипатын, қуатын арттыруға күш салған. Ұтымды теңеу, салыстырулар тауьш, орайын келтіріп, тың сөз тізбектейді.                                          ,

  Қазақ тіліндегі рефераттар - Қазақ әдебиеті


Яндекс.Метрика