1. Рефераты на казахском
  2. Қазақ әдебиеті
  3. ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің тарихы, зерттелуі.

ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің тарихы, зерттелуі.

"Қазақ әдебиеті тарихының" төртінші томында ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы әдеби процестерге талдау жасалға, ал бесінші томы осы ғасырдығ ІІ жартысына арналады. Сол кезеңдегі әдебиеттің даму ерекшеліктері сарапталып, белгілі сөз зергерлерінің мұралары қазақ әдебиеттану ғылымында зерттеліп келеді. Халық әдебиеті мен жыраулар поэзиясы оның алдындағы құнарлы қабат ретінде алынып, ХІХ ғасыр кезеңіндегі қазақ әдебиетінің жай-күйі және жаңа әдебиеттің өркендеу жолына ұласу заңдылықтары ескеріледі.
Қазақ халқының ХІХ ғасырдағы әдебиетінің шынайы рухы, ұлттың азаттығы мен елдің тәуелсіздігі жолындағы өзекті арқауы, көкейкесті мүддесі патшалық Ресейдің отаршылдығы тұсында да, Советтік саясат жылдарында да жеткілікті деңгейде ашылмай, айтылмай келген еді. Бірқатар ақындардың шығармашылығы кеңестік идеология қалыбымен жаңсақ бағаланып отырды. Бұл кітапта қазақ әдебиетінің ерекше тегеуірінді, рухы асқақ, идеялық-көркемдік шарықтау дәуірі - ХІХ ғасырдағы ішкі жаңғыру заңдылықтары тарихи шындық тұрғысынан сараланып отыр. Көркем әдебиет пен қоғамдық-әлеуметтік құбылыстардың сабақтастығы, сонымен қатар ұлттық әдебиеттің халықтық қасиеті тұңғыш рет ғылыми түрде негізделіп, басты сипаттары мен заңдылықтары дәйектелді. Көптеген ақындардың мұралары қайта қаралды, архивтерде тұмшаланып жатқан деректер назарға алынды, жаңа көзқарас тұрғысынан бағаланды. Тәуелсіздік алғанға дейін әдебиет тарихындағы орны жете сараланбай келген Көтеш Райымбекұлы, Дулат Бабатайұлы, Шортанбай Қанайұлы сынды бірнеше ірі ақындардың шығармашылығына назар аударылды. Шал Құлекеұлы, Махамбет Өтемісұлынан бастап бірқатар көрнекті тұлғалардың туындылары арнайы талданды.
ХІХ ғасырда қазақ халқының жаңа әдебиеті қалыптаса бастады, әдебиет жанрлық, көркемдік шеберлік тұрғыдан іштей түлеп, тақырып аясын барынша кеңейтті, қоғамның тарихи құбылыстарына қарай күрделі көркемдік сипат алды. Әдеби процестің осындай заңдылықтары қазақ қауымының қоғамдық-әлеуметтік жағдайларымен бірегей сабақтастықта қарастырылды.
Қазақ әдебиеті тарихының ең бір құнарлы, дәстүрі берік, мазмұны бай кезеңі ХІХ ғасыр. Бұл ғасыр үлкен-үлкен құбылысты оқиғаларға да, күрделі де шиеленісті әлеуметтік тартыстарға да толы болғандығы дүние тарихының парақтарынан да белгілі. Ондай тарихи кезең құбылыстары қазақ даласына соқпай өткен жоқ. Қазақ елі бұл кезеңде де ауыр күндерді басынан кешті. Он сегізінші ғасырдың аласапыран дәуірінің зардаптары жалғаса түсті. "Ақтабан шұбырынды" атанған зарлы заманнан өткен қазақ жұрты, қазақ хандығы тағы да бір қилы заман, қиын кезеңге аяқ басты. Сол дәуірдің оқиғалары мен тарихи шындығы, негізінен, қазақ әдебиеті шығармаларында көрініс тапты. ХІХ ғасырдағы қазақтың ұлттық әдебиетін дәуір шындығынан бөліп қарау мүмкін емес. Бұл кезеңде әдебиет пен халық тарихы біте қайнасып, кірігіп кеткендей еді. Соған орай әдебиет те жаңа сапалық деңгейге көтерілді. Қазіргі әдебиеттануда "жаңа дәуір әдебиеті" деп атала бастаған бұл кезеңдегі әдебиет шынында да тарихи алғышарттары мен себеп-салдарларына орай дәстүрлі арнадан шығып жаңа сипаттарға ие бола бастады. Жыраулық әдебиеттің мектептері, әдеби дәстүр уақыт талаптарына сәйкес соны көркемдік соқпақтарға ойысты. Қоғамдық-әлеуметтік мәселелер, саяси тақырыптар, күнделікті қауым тірлігіндегі жақсылы-жаманды көріністер тікелей әдеби шығармалардың өзекжарды саздарына, көкейкесті сөзіне ұласып отырды.
Тарихи шындық пен көркемдік шындық арасындағы сабақтастық бұрынғыдан да айқын көрінді. ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің заңдылықтарын сол кезеңдердегі қазақ халқының тарихымен сабақтастықта қарау қажеттігі осындай әу бастан жаратылысы бір көркемдік құбылыстардың ішкі бірлігінен туындайды.
Осы кезеңдегі елдік құрылымдық күйреу қазақ халқының қоғамдық-әлеуметтік өмірін біржола басқа арнаға бұрған еді. ХІХ ғасырдағы Евразия кеңістігіндегі тарихи реформалар қазақ әдебиетінің де болмысына бетбұрысты өзгерістер әкелген.
Қазақ даласында ХІХ ғасырда патшалы ресей отарлаушылары жүргізген саяси-әлеуметтік өктемдік пен басқару жүйесіндегі реформалардың себеп-салдарлары сол кезеңдегі қазақ әдебиеті шығармаларынан да жан-жақты көрініс тапты. Көкірегі ояу ақын-жырау, сөз ұстаған би, шешендер ұлттың мұңын, ұлттың келешегін болжаған күңіреністі көзқарастарын толғады. Хандық басқару жүйесі ыдырағаннан кейін, үздік-создық ұлт-азаттық қозғалысына ұласқан наразылық жалпыхалықтық қуатты күшке айналып кетуге түрлі ішкі-сыртқы жағдаяттар кедергі болса да, халықтың мұң-мүддесі тарихи жыр, дастан, толғауларда буырқанып көрінді. Бұрқ етіп басталып, езіп-жаншылып, қайта бас көтеріп өршіп отырған ұлт-азаттық қозғалыс тарихының ұзақ мерзімді кезеңдерінде ақындардың сөзі, ұлттық әдебиет мұраты ғана өз жолынан да, жүрісінен де жаңылған жоқ.
Осы аласапыран кезеңдердегі қазақ әдебиетінің шығармаларын тереңдеп талдап тану, ұлттық әдебиеттің жаңа дәуірінің қалыптасуы мен даму заңдылықтарын тарихи сабақтастықта зерттеу ел тарихының қастерлі беттерін ашады. ХІХ ғасыр әдебиеті өткен ғасырлардағы ұлттық сөз өнерінің өрнегін, дәстүрін сақтаумен бірге көркемдік құралдарын байытты, жаңа сипаттар дарытты. Әдеби шығармалар жанрлық жағынан да, көркемдік бітімі турасында да, идеялық мазмұны жөнінен де көп ілгеріледі. Зерттеу барысында осы дәуірдегі көптеген әдеби мұралар жаңа қырынан қарастырылды, бұрын белгісіз болып келген, әлде арнайы талдауға түрлі себептермен мүмкіндік болмаған шығармалар мен ақын-жазушылар мұралары ғылыми айналымға қосылды. Дулат, Шортанбай мұраларына қазақ халқы тәуелсіздік алғаннан кейін ғана тереңдеп үңіліп, ашық жазуға мүмкіндік туды.
Соған орай қазақ әдебиеті тарихының ең бір тынысты, мазмұнға бай кезеңі - ХІХ ғасыр шығармаларын шартты түрде екі кезеңге бөліп қарауға тура келеді. Демек, ХІХ ғасырды еңсеріп ХХ ғасырдың советтік дәуіріне аяқ басқан алғашқы ширегін қамтитын ұлттық әдебиеттің жаңа дәуір әдебиеті кезеңі үш дәуірге сұрыпталып қарастырылмақшы. Бірінші кезең - ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы әдебиет, екінші кезең - ғасырдың екінші жартысындағы әдебиет те, үшінші кезеңі ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі әдебиет деп желіленді. Ұлттық әдебиеттің бұл үш белесі негізінен қазақ ақын-жазушыларының, зиялы қауым өкілдерінің елдік құрылымды, мемлекеттік тәуелсіздікті, елдік әдебиетті көксеп, сол жолда жанын салып ізденіп жұмыс істеген, ашық саяси күреске бел шешіп кірген тұсы. Бір ғасыр бойы жүрген ұлт-азаттық күресі мен ұлттық азаттық аңсары ХХ ғасырдың басындағы Алаш қайраткерлерінің қозғалысына барып ұласты. Қазақ әдебиеті мен қазақ елінің тарихында бұрын-соңды мұндай азаматтық-саяси бағыты айқын тегеуірінді дәуір болған емес. Алашорда қайраткерлерінің саяси күресі есіл кетіп, қазақ елінің кейінгі тағдыры советтік заманға жалғасқандығы мәлім.
Қазақ әдебиеті тарихының төртінші томындағы зерттеулер мен талдаулар ХІХ ғасырдың алғашқы жартысындағы (1800-1850 жылдар аралығындағы) әдебиеттің даму заңдылықтарын қамтиды. "ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ әдебиеті" атты шолу мақала осы кезеңдегі әдебиет тынысына сараптама жасап, негізгі бағыттары мен көркемдік ерекшеліктерін көрсетуге арналды. ХVІІІ ғасырдың соңында дүниеге келіп шығармашылық ізденістері ХІХ ғасырда көрінген ақын-жыраулар мен ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында өмір сүріп, әдеби шығармалар жазған тарихи тұлғалардың өмір жолы мен әдеби қызметі ғылыми айналымға ұсынылды. Отыздан аса ақын-жыраулар мұралары қарастырылды. Сол кезеңдегі әдебиеттің даму тынысының өзіндік ерекшеліктері сипатталып, негізгі заңдылықтары зерделенді, он бес ірі суреткерлердің шығармашылық портреттері жасалды.
Әдетте әдебиет тарихына қатысты академиялық басылымдарға шығармалары жете зерттеліп, зерделенген, белгілі бір ғылыми тұжырымды көзқарас қалыптасқан тұлғалар қосылатындығы белгілі. Қай ғасырда да қазақ ақын-жыраулары, көркем сөз шеберлері көп болғандығы да шындық. Бұл ХІХ ғасыр әдебиетіне де қатысты жай. Қолжазбалары мұрағат қорларында сақтаулы, мерзімді баспасөзбен бірді-екілі кітаптарда шығармалары тиіп-қашып жарияланған, немесе мұралары жарық көрсе де зерттеліп, бағалана қоймаған ақын-жыраулар тіпті көп. Кейбірінің әдеби-көркем мұралары ауқымды болып келсе, енді біреулерінің үш-төрт, әлде оншақты өлеңдері мен айтыстары ғана сақталып қалған. Тәуелсіздік алған жылдардағы егемендік пен еркіндік бұл салаға да өз жаңалағын әкелді. Көптеген ақын-жыраулар әдеби айналымға қосылды. Сонымен бірге Қазақстанның түкпір-түкпірінен, әр ауылдан ақындар мен батырларды атап-түстеп, дәріптеу үрдісі басталды. Бұл көбінесе жер-жердегі әуесқой әдебиетшілер мен әдебиет жанашырлары тарапынан шашыраңқы, стихиялы түрде жүрді. Кейінгі жылдарда арнайы ғылыми мамандандырылған экспедициялар шығару дәстүрі мүлде тоқтап қалғандықтан, ел ішінде бастау алған әдеби мұраларды жинап-насихаттау мақсатындағы талаптардың бәрі бірдей ғылыми тұрғыда тиісті деңгейде нәтиже бере бермейді. Міне, осындай себептермен, жеткілікті зерттеліп, белгілі бір ғылыми тұжырым түйіп үлгермегендіктен ақын-жыраулардың енді бір қатарының шығармаларын академиялық зерттеу кітабына қосудың реті келмеді. Бұл әдебиеттану ғылымының үздіксіз жалғаса беретін, кезең-кезеңімен атқарылатын төл ісі. Енді бірқатар ақындардың есімдері мен шығармалары аталып, қысқа мағлұматтар ұсынылды.
"Жаңа дәуірдегі қазақ әдебиетінің даму заңдылықтары (ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың бас кезі)" ғылыми-зерттеу жобасы авторларының құрамында көрнекті әдебиетшілер мен белгілі әдебиет зерттеуші мамандар атсалысты. Енді еңбектің құрылысына келсек, төртінші томды жазуға ғылыми жобаның жетекшісі, филология ғылымдарының докторы, профессор А.Қ.Егеубаев ("Кіріспе", "ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің даму заңдылықтары", "Көтеш Райымбекұлы"), филология ғылымдарының докторы, профессор Ж. Ысмағұлов ("Шал ақын Құлекеұлы"), ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор С.С. Қирабаев ("Жанақ Сағындықұлы"), ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Қ. Жұмалиев, ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор С.А. Қасқабасов ("Махамбет Өтемісұлы"), ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Қ.Жұмалиев ("Шернияз Жарылғасұлы"), филология ғылымдарының докторы, профессор Ә. Дербісалин ("Шөже Қаржаубайұлы"), филология ғылымдарының кандидаты
Қ.Сыдиықов ("Абыл Тілеуұлы", "Нұрым Шыршығұлұлы") филология ғылымдарының докторы, профессор Ж.Тілепов ("Қобылан Бөрібайұлы"), филология ғылымдарының докторы, профессор С.Негимов пен филология ғылымдарының кандидаты Н. Ахат ("Орынбай Бертағыұлы"), филология ғылымдарының докторы, профессор М. Жармұхамбетов ("Шортанбай Қанайұлы"), филология ғылымдарының докторы, профессор М. Жолдасбеков пен әдебиетшілер К.Ахметова, М.Төлепбергенов ("Ұлбике Жанкелдіқызы"), филология ғылымдарының кандидаты, доцент С.С.Қорабай ("Сабырбай Ақтайлақұлы"), филология ғылымдарының кандидаты Қ.Раев ("Дулат Бабатайұлы"), Абайтану және жаңа дәуір әдебиеті бөлімінің кіші ғылыми қызметкері С. Қамшыгер ("Түбек", "Сүйінбай Аронұлы") қатысты. Зерттеу жұмысында еңбектері ғылыми айналымға тартылды.
Социалистік реализм әдебиеті тұсында жазылса да ғылыми құндылығын жоғалтпаған, әдебиеттану тарихында маңызды орын алатын бірді-екілі еңбектерді ғылыми айналымға қосқанда, кезінде кеңестік идеология тұрғысынан айтылған байламдарды қайта қарап, тиісті жерінде ғылыми сипатына нұқсан келмейтіндей етіп редакциялап ұсынуға тура келді дейді еңбекті құрастырушылар.
Қазақ әдебиетінің қарастырылып отырған кезеңі туралы бұған дейін жарық көрген зерттеулер мен ғылыми еңбектердің маңызы өте жоғары. "Қазақ әдебиетінің тарихы" атты тарихи мәні тәлімді академиялық көптомдықтың (Алматы, 1960) бірінші томының кіріспесінде, әдебиет зерттеу саласындағы еңбектерге арнайы байсалды талдау жасалған сүбелі тарауларында қазақ әдебиетінің тарихын ежелгі дәуірлерден бері байыптап саралаған зерттеуші ғалымдар мен олардың кітаптары мен талдауларына кең көлемді шолу ұсынылып, лайықты баға берілген. Ол ғылыми мағлұматтар мен кітаптарды түгел тізіп қайталап жатудың реті жоқ деп ойлаймыз. Әрине, социалистік реализм әдісін ұстанған тұста жарияланған зерттеу жұмысының өзіндік саяси сипаты бар екендігі анық, әйтсе де қазақ әдебиетінің тарихына қатысты сараланған ерекше бай мұралар мен деректер, тұлғалы қаламгерлердің талантты толғамдары мен терең танымдық көзқарастары ұлттық әдебиеттану ғылымының қастерлі қазынасы. Өткенді мансұқтау өзектен үзілу. Сөз болып отырған "Қазақ әдебиетінің тарихы" атты академиялық көптомдық, басқа талантты еңбектер де әдебиеттану ғылымының айналымынан түспейтіні, әлі де талай зерттеу жұмыстарының өзегіне айналуы күмәнсіз. Өткен ғасырдың соңғы ширегінде де әдебиет тарихы, оның ішінде ХІХ-ХХ ғасыр әдебиеті тарихы мен теориясы жайлы бірқатар іргелі зерттеу кітаптары жарық көрді. Олардың негізгілері қосымша бөлімде ұсынылып отырған қысқаша библиографиялық көрсеткіште берілген.
ХІХ ғасырдың алғашқы жартысындағы әдеби мұралардың қолжазбаларына ғылыми сипаттамалар мен библиографиялық көрсеткіштерді әзірлеуге институттың Абайтану және жаңа дәуір әдебиеті бөлімінің кіші ғылыми қызметкерлері Т.Берікболов, С.Қамшыгер, Ж.Керімбек, А.Сейітова, аспиранты Қ.Мұқашева қатынасқан
«Қазақ әдебиеті тарихының» бесінші кітабы, жоғарыда айтылғандай ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы әдеби даму заңдылықтарының басты ерекшеліктерін саралап көрсетуге, сол кезеңде өмір сүрген ақындардың мұраларын талдап зерделеуге арналған.
Сонымен, он томдық «Қазақ әдебиеті тарихының» төртінші - бесінші кітаптары тұтас бір ғасырдың әдеби тарихын қамтиды. Бұл ғасыр әдебиеті өз уақытына сай жедел дамыған, жаңғыру үрдісі кең, мазмұны барынша бай әдебиет болуына орай, әр жылдарда оның тарихи-теориялық мәселелері де жан-жақты зерттеліп отырды. Академиялық зерттеу еңбектерінің ішінде 1961 жылы жарық көрген «Қазақ әдебиетінің тарихы» үш томдығының екінші томының тұтас бір кітабы осы ХІХ ғасыр әдебиетінің тарихына арналған еді. Осы кезеңнің әдеби мұралары өткен ғасырдың өзінде көрнекті зерттеушілердің жарыққа шығарған жинақтарында жарияланды. В.В. Радловтың «Түрік рулары әдебиетінің нұсқалары» атты кітабы (1870 ж.), Я. Лютштің «Қырғыз хрестоматиясы» (1883 ж.), А.Е. Алекторовтың «Қырғыз хрестоматиясы» (1889 ж.), Ы. Алтынсаринның «Қырғыз хрестоматиясы» (1879 ж.), «Шайыр, яки қазақ ақындарының басты жырлары» (1911 ж.), т.б. бірнеше кітаптарда қазақ әдебиетінің ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы шығармалары баспа бетін көрді. Бұл басылымдардың бәрі де қазақ әдебиетінің тарихында елеулі із қалдырды, әрі олар ХІХ ғасырдың екінші жартысында баспа бетінде шыққан еді.
Ғалымдар мен әдебиетшілер осы кезеңдегі әдебиет тарихына арналған еңбектерін әр жылдарда жариялап жұртшылық назарына ұсынып отырды. Бұл орайда С. Сейфуллиннің «Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары» (1931 ж.), «Қазақ әдебиеті» (1932 ж.), С. Мұқановтың «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» (1932 ж.), «ХVІІІ-ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің тарихынан очерктер» (1942 ж.), М.Әуезов, М. Жолдыбаев, М. Қаратаевтың «ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ әдебиеті» (1933ж.), т.б. еңбектер күні бүгінге дейін мәнін жоғалтқан жоқ. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында жарық көрген «Қазақ әдебиетінің тарихы» атты академиялық көптомдық зерттеу еңбегі әдебиет тарихын, оның ішінде ХІХ ғасыр әдебиетінің мұраларын зерттеудегі межелі бір белес болса, одан кейінгі кезеңдерде де ХІХ ғасыр әдебиеті жайында белгілі ғалымдардың, қаламгерлердің зерттеу еңбектері мен көзқарастары түрлі деңгейде жарияланып келді.
ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы әдебиет тынысын зерделеуге арналған бесінші томда бұрынғы зерттеу жұмыстарына да методологиялық тұрғыдан назар аудара отырып, көптеген әдеби мұралар жаңа көзқарас тұрғысынан бағаланды. Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі жылдарында рухани дүниенің жаңғыруына, әдебиетті жаңа ұлттық таным өресінен тануға ұмтылыс басымдықпен жүргені аян. Сол мақсатта көптеген бұрыннан мағлұм шығармалар мен авторлардың дүниетаным тұжырымдары тарихи шындыққа сәйкес талданды. ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті мен қазақ қоғамының тарихы арасындағы жанды байланысқа баса назар аударылып, содан туындайтын көркемдік шындық пен тарихи шындықтың аражігіне көңіл бөлінді. Жаңа әдебиет пен дәстүрлі әдебиеттің өзара үндестігі мен көркемдік-эстетикалық бағыттарының аражігі ескеріліп сөз болды. Ғасырдың екінші жартысында пайда болып ұлттық әдебиетті әлемдік мәдени процесс биігіне көтерген Ыбырай Алтынсарин, Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбаев тұлғалары мен олардың әдебиеттегі мәртебелі реформаторлық қызметіне арнайы тоқталып өту қажеттігі бүгінгі таңда аса айқын көрінді. Сондықтан да, ұлттық әдебиеттің өрісін кеңейтіп, өресін биіктеткен бұл ұлы жаңашыл дарындардың дәстүр жалғастығы ХХ ғасырда да қанат жайды.
Абай мектебі, Абай дәстүрі мен дүниетанымы ХІХ ғасырдың соңынан бастап жаңа қазақ әдебиетінің алтын арқауына айналды. Осы кезеңде қазақ әдебиеті жанрлық, түрлік тұрғыдан, мазмұн мен халықтық мұрат жағынан жедел өсіп өркендеді. Әдебиеттің поэтикасы байыды, тәжірибесі молықты. Баспасөз бен әдебиет байланысы артты. Қоғам мен әдебиет аралығындағы байланыс барынша айқындық сипат алды. Әдеби байланыс өрістеді. Тұтастай алғанда, ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен соңына қарай әдебиет жаңа сипаттармен толысып, ұлттық сананың сара көрінісіне жол ашты. Қазақ әдебиеті тарихының бесінші томы осындай әдеби даму арналарының басты-басты сипаттарына ден қоюмен ерекшеленеді. Бұның өзі аталдған кезеңнің әдебиет тарихындағы орасан зор маңызын көрсетеді.
Бесінші томды әзірлеуге әдебиеттанудың көрнекті мамандары ат салысты. Жас әдебиетшілер еңбектерімен қоса, осы дәуір заңдылықтары туралы терең із қалдырған ірі зерттеушілердің көзқарастары мен еңбектері де ұжымдық зерттеу ісінде өзіндік орнын тапты. Көптеген ақындардың шығармалары мен өмірбаян деректері туралы қысқа тұжырымды шолу дәйектері ұсынылды. Он алты көрнекті ақынға арнайы монографиялық сымбаттамалар әзірленді. Бесінші томның алғы сөзін, ғылыми шолу мақаласын («ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдебиеті») филология ғылымдарының докторы, профессор, зерттеу жобасының жетекшісі А.Қ. Егеубаев жазған.
Монографиялық тарауларға ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор З. Ахметов пен ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор С.Қасқабасовтың («Абай Құнанбаев»), академик З. Ахметовтың («Шоқан Уәлиханов», «Шәңгерей Бөкеев»), ҚР ҰҒА мүше-корреспонденті, филология ғылымдарының докторы, профессор Е.Ысмайыловтың («Біржан Қожағұлұлы», «Әнші-ақындар, сал-серілер»), филология ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Р. Бердібайдың («Мұсабек Байзақұлы», «Құлыншақ Кемелұлы», «Ергөбек Құттыбайұлы»), профессор Ж. Ысмағұловтың («Ыбырай Алтынсарин», «Нұржан Наушабаев»), филология ғылымдарының докторы, профессор Н. Келімбетовтің («Шәді Жәңгіров»), филология ғылымдарының докторы А. Нұрқатовтың («Ақан сері Қорамсаұлы»), филология ғылымдарының докторы, профессор М.Жармұхамедұлының («Базар жырау Оңдасұлы», «Қожабай Тоқсанбайұлы», «Серәлі Еруәліұлы»), профессор М. Жармұхамедұлы мен Т. Әлбековтің («Айтыс»), филология ғылымдарының кандидаты Қ. Сыдиықовтың («Ақтан Керейұлы»), филология ғылымдарының докторы, профессор Б. Әбілқасымов пен филология ғылымдарының кандидаты С.Қожағұлұлының («Әсет Найманбаев»), филология ғылымдарының докторы, профессор У.Қалижанның («Ақмолла Мұхамедиярұлы»), филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Омаровтың («Мұрат Мөңкеұлы»), филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ә. Оспановтың («Майлықожа Сұлтанқожаұлы»), филология ғылымдарының кандидаты Б.Ердембековтің («Әріп Тәңірбергенов») атты зерттеулері қосылған.
Сондай-ақ томды баспаға әзірлеп, библиографиялық көрсеткіштерді түзуге Абайтану және жаңа дәуір әдебиеті бөлімінің кіші ғылыми қызметкерлері Ж. Керімбек, А. Сейітова, аспирант Ж. Күжіманова мен аға лаборант З. Тоқсанбаева қатысқан.

  Қазақ тіліндегі рефераттар - Қазақ әдебиеті


Яндекс.Метрика