- Рефераты на казахском
- Қазақ әдебиеті
- Абайдың ақын шәкірті Шәкәрім
Абайдың ақын шәкірті Шәкәрім
Жоспар
Кіріспе
1. Негізгі бөлім
- Абайдың ақын шәкірті
- Өмір шындығын суреттеудің хас шебері
- Шәкәрім шығармаларындағы көтерілген әлеуметтік мәселелер
Қорытынды
Он тоғызыншы ғасырдың екінші жартысында қазақ, елінің қоғамдық өміріне, мәдениеті мен өнерінде, ұлттық әдебиетінде аса игі жаңғырулар бой көрсетті десек, бұл тұстағы ұлы Абай бастаған жаңашыл бағыттағы реалистік әдебиеттің даму қарқыны айрықша болды. Халқымыздың аса көрнекті ақындарының бірі Шәкәрім Құдайбердіұлы да, міне, осынау өркенді ортада өсіп, ержетті. Ол 1858 жылы ескіше жыл санау бойынша 11 шілдеде қазіргі Семей облысының Абай ауданында дүниеге келді. Әкесі - Құдайберді -Абайдың ағасы, Құнанбайдың Күңке атты бәйбішесінен туған.
Шәкәрім бес жасында оқуға беріліп, екі жылдай оқиды. Жеті жасқа келгенде, 1866 жылы әкесі Құдайберді 37 жасында дүние салады да, Шәкәрім бұдан былайғы уақытта Құнанбайдың тәрбиесінде, тікелей Абайдың қамқорлығында болады. Шыққан ортасының аса бай дәстүрі мен ақын ағасының тағлымды тәрбиесі табиғатынан зерек те алғыр Шәкәрімнің жетімдік, жоқшылық көрмей өсуіне ғана емес, оның талантты ақын, парасатты ой иесі ретінде қалыптасуына да айрықша ықпал жасайды.
Ұлы Абайдың маңайына шоғырланған талантты жастар туралы айта келіп Мұхтар Әуезов былай деп жазады: "... Ондай ақын төртеу. Оның екеуі Ақылбай, Мағауия - Абайдың өз балалары, мұның екеуі де 1904 жылы Абай өлген жылы өлген. Қалған екеуі Көкбай, Шәкәрім. Осы төрт ақын Абайдың толық мағыналы шәкірттері". Шындығында да Шәкәрім Абайдың ең талантты шәкірттерінің бірі, әрі ең мол мұра қалдырған шәкірті.
Абай шәкірттерінің қай-қайсысы да ұлы ұстазының басқан ізін қайталамай, өнер көгінде өздерінше соқпақ салуға ұмтылды. Абай өз шәкірттерінің өлеңдерін үнемі қадағалап отырған. Өзі тақырып беріп жаздырғандары да аз емес. Ұлы ақын жастардың туындыларына сын көзбен қарап, бағыт-бағдар беріп отырған.
Шәкәрімнің ақындық жолын айқындап берген де, міне, осындай ұлы мектеп, Абайдың ақындық дәстүрі болды. Шәкәрімнің терең мағыналы шығармашыл мұрасының өн бойынан Абайдың реалистік сарыны, көркемдік, эстетикалық танымының әсері үнемі белгі беріп отырады.
Арнайы оқу орындарында оқып білім алмаса да, өз бетінше іздене жүріп және Абай ағасының басшылығымен жан сарайын байытқан Шәкәрім өз заманында қазақ арасындағы, кала берді, бүкіл Түркістан өлкесіндегі аса білімдар, ойшыл адамдардың бірі атанады. Араб, парсы, түрік тілін білді, орыс тіліне жетік болды.
Жасымнан жетік білдім түрік тілін,
Сол тілге аударылған барлық білім.
Ерінбей еңбек еттім, еңбек жанды,
Жарқырап қараңғыдан туып күнім.
Оятқан мені ерте Шығыс жыры,
Айнадай айқын болды әлем сыры.
Талпынып орыс тілін үйренумен
Надандықтың тазарып кетті кірі,
- дейді ақын өзінің "Жасымнан жетік білдім түрік тілін" атты өлеңінде. Бұл арада ақынның білім деңгейінің қаншалықты болғаны айқын аңғарылады. Сонда да болса ақын:
Көп білім жоқ бойымда,
Шын мақтан жоқ ойымда,
- деп, әлі де оқи түссем деген ой-арманынан ажырамайды. Бұл
оның өмірлік нысанасы, сөз өнері әлеміндегі темірқазықтай бағдары болса керек. Сол себепті де оның өз бетімен ізденіп тапқан рухани қазынасы да аз болмаған. Сол арқылы ол өз заманының парасатты азаматы атанған.
1904 жылы Шәкәрімнің ұлы ұстазы Абай қайтыс болады. Осы жылы ол өзінің қос бауыры Ақылбай мен Мағауиядан айырылады. Оның үстіне халыққа бостандық әкеле ме деп үміттенген Росейдегі революция жеңіліске ұшырайды. Замана биігінен, халықтық ауқымда ой толғайтын Шәкәрімге бұл оқиғалар аса ауыр соққы болып тиеді. Ендігі жерде ол айналасындағы тіршілік құбылыстары туралы, тағдыр шырғалаңдары жайында ішкі сауалдарына жауап іздеп, философиялық ойлардың иіріміне беріледі. Білімін кеңейтуге, көп оқуға ден кояды. Үлкен үміт арқалап 1905 -1906 жылдары Меккеге барып қайтады.
"Меккеге барам деп шықтым, - деп жазады Шәкәрім, - ары бара жатқанда Стамбулда 13 күн болып, келе жатқанда, 13 күн болып, қанша тарих ақтарып, керек кітаптарды почтамен үйге жіберіп отырдым. Меккенің де, Мәдиненің да тарихтарын ақтардым, бірак, жол қатынасы жайсыз болып, Египетке баруға рұқсат ала алмадым. Сол кездері Шығыс, Батыс ғалымдарымен көп сөйлесіп, ой-пікірлерімен, Шығыс, Батыстың ертедегі ғалымдарының шығармаларымен танысып, оларды жаздырып алдым. Александр салдырған кітапханада қызмет еткен ғалымдардан сұрап, керекті кітаптарды жаздырып алдырдым. Абайдың ақыл-кеңесі болмағанда мен ол жерлерге бармаған да болар едім". Осыған қарағанда, Шәкәрімнің Меккеге бару сапары ұстазы Абайдың көзі тірісінде айтқан ақыл-кеңесін іс жүзіне асыру мақсатына арналған. Бұл ақынның санасын жаңа биікке көтеріп, білім өресін, ой тынысын кеңейткен ізденіс сапары болды.
1909-1910 жылдар шамасында Шәкәрім елден аулақтап, Шақпақ деген жерде жалғыз үй өмір сүреді. Ондағы мақсаты өмір бойы жинаған білім қазынасын оңашада қағаз бетіне түсіру, кейінгі ұрпаққа жеткізу еді. Өзінің "Кейбіреу безді дейді елден мені" деп аталатын өлеңінде Шәкәрім былай дейді:
Мен жалғыз, сендер елде койдың қалып,
Ешкімнің кеткенім жоқ малын алып.
Елу бес жинаған қазынамды
Оңашада корытам ойға салып.
1917 жылы төңкерістерден кейін ақын ел ортасына оралып, белсенді қызметпен айналыса бастайды. Баспасөзде бірқатар мақалалар жариялайды. Жаңа заманнан жақсылық күтеді. Бірақ көп ұзамай шындыққа көзі жеткен Шәкәрәм Шақпақтағы үйіне қайтады да, өмірінің соңына дейін сонда болады. Ақын 1931 жылы 2 қазан күні қаза табады.
Өзінің жарты ғасырдан астам уақытқа созылған шығармашылық, сапарында Шәкәрім халқына аса мол мұра қалдырып кетті. Осы мұраның ең бір шұрайлы да көлемді көркем саласы - оның поэзиялық туындылары, әсем лирикасы.
Шәкәрім XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінің шежіресіндегі Абайдан кейін тұрған тұлғалы ақын. Ол ұлы Абайдың сөз өнеріне деген ықыласы мен пейілін көріп өсті. Содан да болар, ол о бастан-ақ ақындық, өнердегі өзінің биік нысанасын, асыл мұратын айқын сезініп қалыптасты. Халықтың мұңын жырлау, адам қасиеттерін қастерлеу оның шығармаларының алтын арқауына айналды.
Өзінің алдына:
Адамдық борыш, ар үшін,
барша адамзат қамы үшін.
Серт бергем еңбек етем деп,
Алдағы атар таң үшін,
- деп қатаң серт қояды ақын. Шәкәрім лирика жанрында Абай қалыптастырған реалистік дәстүрді жемісті жалғастырды. Өз туындыларына өзі өмір сүрген дәуірдің барлық шындығын тап басып суреттей білді. Ол сол кездегі қазақ даласынан қоғамдық-саяси және әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларды жақсы білді. Сол себепті де Шәкәрімнің шыншыл лирикасы сол дәуірдегі қазақ өмірінің айнасына айналды.
Шәкәрім лирикасының тақырыптық қамту ауқымы өте кең. Ақын мұраларының ішінде сезімнің нәзік сырларын шертіп, жастықтың жалынды шақтарын мөлдірете зерлеп берген махаббат лирикасын да, өз заманының бүкіл болмыс-бітімін барынша сезіне отырып, уакыт пен қоғам, тіршілік пен адам жайында шабыттана сыр ақтарған саяси-әлеуметтік лирикамен де, даланың әсем көркі мен жаратылыстың тамаша кұбылыстарын шебер өрнектеген табиғат лирикасын да, заттар мен құбылыстар, акиқат пен болашак,, тіршіліктің негізі туралы терең толғанысты ойлар ұсынатын азаматтық, философиялық лириканы да молынан ұшыратамыз.
Шәкәрімнің лирикалық шығармаларында жеке адам бойындағы ұсақ-түйек міндерден бастап, сол кездегі қоғамның саясаты сияқты күрделі мәселеге дейінгінің бәрі қамтылған. Халық өміріндегі кері тартар кемшілік атаулыға жүрегі езіліп, бұқараны саналы әрекетке шақырады. Өз тұсындағы байлық пен мансапты мансұқ етіп, соған жету жолында ел мүддесін құрбан етуге даяр тоғышарлар мен ұлықтарды, шенқұмар әкімдерді өткір сынға алады. Осының бәрінде де ол халық бұқарасынан қол үзбейді, Шәкәрім лирикасындағы Абай дәстүрінің іздері оның өлеңдеріндегі гуманистік, адамгершілік сипаттан да айқын көрінеді. Шәкәрім өлендеріндегі ең басты нысана - адам. Ол адамды үнемі жақсылыққа жеткізуге, оның бойында жаңаша қасиеттер қалыптастыруға ұмтылады. Адамның мінез-құлқындағы салақтық пен еріншектік, жалқаулық пен мақтаншақтық қасиеттерді сынға алды.
Еріншектен салақтық
Салақтықтан надандық.
Бірінен бірі туады,
Жоғалар сүйтіп адамдық, - дейді ақын.
Шәкәрім лирикасының аса бір ауқымды саласы - оның Абай дәстүрінде жазылған ағартушылық сарындағы өлеңдері. Ол өзі өмір сүрген заманның барлық болмысын, бүкіл қазақ қауымының экономикалық, әлеуметтік, рухани дамуының дәрежесін жан-жақты түсінген қайраткер болды. Өзінің туған жұртының болашағы үшін жаны ауырып, жүрегі сыздады. Осы сезіммен көптеген жырларын жазды. Бұл тұста да ол Абаймен Үндесу Ғылымға қол жеткізудің, халықтың өміріне кішкентай болса да жақсылық жасаудың бірден-бір жолы адал еңбек ету деп білген данышпан Абай:
Ғылымды іздеп,
Дүниені көздеп,
Екі жаққа үңілдім,
- деп білім табуға шакырса, Шәкәрім жырлары да адамды адал еңбекке, ғылым мен мәдениет үйренуге бағыттайды:
Күні – түні дей көрме, ғылым ізде,
Қалсын десең артында адам атың,
- дейді ол.
Абай көтерген әділет идеясы, ар тазалығы Шәкәрім лирикасының да басты сипаттарының бірі болды. Шәкәрім өзінің лирикалық қаһарманың халқының күні сияқты жарық, өзі сияқты ойлы болуға шақырады. "Насихат" деп аталатын өлеңіндегі ойлар соның айғағы:
Сусағанның сусыны бол су сықылды сұп - сұйық,
Бірақ, ондай болма салқын ел көңілін қалдырып.
От сықылды жылы болсын жүзіңіз бен сөзіңіз,
Бірақ ондай махаббатсыз болма өртеп, жандырып.
Ақын өз халқының басындағы кемшіліктерді ең алдымен европалық, әлемдік ғылым-білімнен шет қалуының салдары деп білді:
Жер жүзі жабылғанда ғылым жаққа,
Қазақ жүр құмарланып құр атаққа,
- деп күйзелді. Бұл тұстағы ақынның түсінігінде оқу мен білім іздеу, ғылым табу - адамзат баласын нәрлі бастаудан сусындатып, алдыңғы бағытқа жеткізетін асыл қазына, адам бойындағы жамандықтың тамырына балта шабатын ең қуатты қару.
Сондықтан да ол қазақ қоғамының сол кездегі сипатын шыншылдықпен суреттей келе, өмір, болашақ туралы терең ой толғау барысында көзі ашық көкірегі ояу азаматтардың ел ішінде көп болуын, сол арқылы халқын сауаттылық сахнасына шығаруды армандады. Әсіресе "Ашу мен ынсап" атты өлеңінде ақын позициясы айқын көрінеді.
Үйренсе ғылым менен сан өнерін,
Білер еді-ау өнердің не берерін.
Танысса ақын, ойшыл адамымен,
табар еді-ау адалдық ар көмегін,
- деп "Молдалар өзгелерді кәпір дейді" атты өлеңінде әлемдік ғылым мен мәдениеттің биігіне ұмтылды. Сол жақсылықтарға халқының назарын аударуға тырысты. Өзге елдер әдебиетінің үздік шығармаларын қазақ тіліне аудару арқылы осы идеясын жалғастыра түсті.
Қазақ халқының жақсы болашағы туралы ақынның үні 1917 жылғы оқиғалар кезінде ерекше қуатты естілді. "Бостандық таңы атты", "Бостандық туы жарқырап", "Қош, жұртым" сиякты - өлеңдерінде ақын қазақты оянуға, марқаулықтан арылуға шақырды. Бұл кезеңде Шәкәрімге елінің басына тәуелсіз заман туғандай көрінді, содан үміттенді. Ақынның лирикалық қаһарманы да осы сарында үн қатты. Шәкәрімнің кейіпкері шарқ ұра ойланады, кемшілік атаулының себебін, тығырықтан шығудың амалын іздейді.
Мылтық билеп тұрғанда әділет жоқ,
Алдамай-ақ аулақ өл, жарықтығым, - деп ақын қоғам дамуының бүгіні мен ертеңіне ойшылдықпен көз жібереді. Өмір бойы әділет іздеп өткен Шәкәрім зорлық пен зомбылық, өзгені қарудың күшімен бағындыру бар жерде адам баласы ешқашан дегеніне жете алмайтынын айтады. Ол жақсылық пен жамандықтың, дұрыс пен терістің ара жігін тамаша айырады. Тіпті адамзатты бақытқа жеткізеді деген ғылымның өзіне кейде сескене қарайды. "Сен ғылымға" атты өлеңінде Шәкәрім шын иесін таппаған ғылымның аса қауіпті екенін айтады:
Шын залымға берме ғылым,
ол алар да, оқ қылар.
Шәкәрімнің лирикалық қаһарманының бейнелеу ерекшеліктері де көңіл аударарлық. Абай өлеңдеріндегі сияқты Шәкәрімде де "жүрек", "тіл", "сөз" ұғымдары мол ұшырасады. Бұлардың қай-қайсысы да кейіпкердің азаматтық парасатын, адамгершілік тазалығын немесе белгілі бір сәттегі көңіл күйін дәл жеткізуге мүмкіндік береді. Ақын "менінің" басындағы сан алуан сезімдерді, қуаныш пен күйінішті, үміт пен торығушылықты осы ұғымдар арқылы пайымдай аламыз. Шәкәрім заманының құрдеттілігі оның өлендерінен, ондағы лирикалық қаһарманның кейде, "тәтті" кейде "ащы", кейде "долы" тілінен аңғарылып жатады: Көп жағдайда ақынның "мені" "таза жүрек" іздеу жолында "от жүрегін" қолына ап, "сұм жүректермен" айқасқа шығады, заман әмірімен аса алмай қалған шақтарында пұшайман күйге түсіп, "дертті жүрекке", "жаралы жүрекке" айналады. Ашынған сәттерінде Шәкәрімнің "мені"
Мен досыңмын, жау емес,
Еліре берме, қайта ту.
Жүрегім дертті, сау емес,
Сол себепті сөзім у, - деп айғай салады. Бірақ "жартасқа барып, күнде айғай салып" өткен ұлы Абайдың басындағы хал Шәкәрімде де бар.
Айналасынан оң сөзін ұғар жан таппайды. Сол себепті де ол
өзінің "Ашу мен ынсап" деген өлеңінде:
Айырмайды арасын,
Бұлдыр менен анықтың.
Енді қайда барасың,
Түрі мынау халықтың,
- деп тығырыққа тірелгендей, тіршіліктен торыққандай болады.
Шәкәрімнің азаматтық лирикасының ауқымы өте кең. Негізінен адам, хал, қоғам сияқты қадау-қадау категория-ларды нысана еткенімен, ол ондағы тарам-тарам тақырыптардың барлығына дерлік тиянақты зер салып отырды. Оның адамгершілік, имандылық туралы ойлары ақынның азаматтық үнін, гуманистік сипатын танытты, Бұл қатарда Шәкәрімнің "Ескіден қалған сөз теріп", "Насихат", "Мұтылғанның өмірі" атты өлендерді айтуға болады. Адалдық пен әділдікті жырлауға келгенде Шәкәрімнің даусы аса зор. Ол өз замандастарының бойындағы кеселдерге жиіркене қарайды.
Адалдың жолы болар заман бар ма,
Жем болдық шын жексұрын надандарға.
Адастың деп отырмын айқай салып,
Бар тапқаным сол болды амал бар ма?
-дейді.
Әдетте Шәкәрімнің азаматтық лирикасына көз жібергенде оның өлеңдерінде "қазақ" деген сөздің жиі кездесетіні байқалады. Бұл ақынның өз халқының шеңберінде ғана шектелгенін білдірмесе керек. Абай тәрізді Шәкәрім де өз халқының мақсат-мұратын бүкіл адамзат арманынан бөлек алып қарамайды. "Ойласаң, барша адамзат - туған бауыр" деп ұққан ақын өзінің "Анадан алғаш туғанымда" атты философияға толы өлеңінде: Өзімшіл болма көпті ардақта, Адамның бәрі - өз халқың, - деп туған жұртына өнеге ұсынады.
Ақын ойларының дәлдігі, Шәкәрім жүрегінің сезімталдығы мен көрегендігі оның шығармаларын бүгінгі күнмен де үндестіріп, олардың өміршеңдігін танытып жатыр. Шәкәрімнің өз заманында айтқан терең ойларымен сырлы сөздері дәл қазір өмірге келгендей сезілетіні бар.
Мәселен, ақынның "Епті тышқан" атты өлеңіндегі мына жолдарды бүгінгі күннің шындығынан алшақ жатыр дей аламыз ба?
Ойласам, сол тышқандай бұзыктар көп,
Сырты сопы, іші арам қылықтар көп.
Пара алып, не қазынаның ақшасын жеп,
Адалымсып жүретін ұлыктар көп.
Еңбек тақырыбы - Шәкәрім лирикасындағы ең басты тақырыптардың бірі. Қоғам дамуындағы еңбектің ролі туралы Шәкәрімнің алдында өткен ағартушылардың барлығы айтқан. Шоқан, Ыбырай, Абай, өнегелерін бойына сіңірген Шәкәрім де еңбекті адам қасиеттерінің ең тұлғалысы деп білді. Шәкәрім әлеуметтік прогреске жетудің екі жолы бар, оның бірі сауатсыздықты жойып, адамдардың оқуға, білім мен ғылымға ұмтылуы, ал екіншісі адал еңбек ету жолы деп таныды. "Адамдық борышың", "Жолама, қулар, маңайға", "Піскен мен шикі" сияқты көптеген шығармаларында ақын оның бүкіл адамзат баласының дамуындағы биік ролі мен тарихи маңызына зер салды. Адам болғаннан кейінгі ең басты борышың еңбек ету деп түсіндірді.
Мысал үлгісінде жазылған "Піскен мен шикі" өлеңінде анда жүріп елден көз жазып қалған бай баласы мен кедей баласының іс-әрекеттеріндегі, қабілеттеріндегі жер мен көктей айырманы ашып көрсетеді. Үлде мен бүлдеге оранып, қиындық пен таршылықтың не екенін білмей өскен бай баласы күнделікті тіршіліктің тауқыметінде шыңдалып піскен серігінің тапқырлығының арқасында ғана елді табады. Шәкәрімнің ұғымында бай баласы шикі де, кедей баласы піскен. Ақын талаптанып еңбек еткен жан ғана ақылды әрі тапқыр болады, өмірге бейім келеді деген ой тұжырымын ұсынады.
Ақын шығармашылығының бүкіл өн бойына өзек болып тартылған еңбек тақырыбы Шәкәрімнің пайымдауынша, барлық жаман әдеттерден арылудың жалғыз жолы, адамзат баласының алға жылжуының кілті.
Ақ жүрек пен таза ақыл,
Қылсаң адал еңбек.
Бәрінен де сол мақұл,
Артқыға жол бермек.
Арсыздардың арам ойы түкке тұрмай жойылып,
Аяғында хақиұатты бұл үшеуі жеңбек.
Шәкәрімнің "Мен кетемін" деп аталатын өлеңінен келтірілген бұл жолдар ақынның еңбек тақырыбына, жалпы еңбек мәселесінің адамның өміріндегі маңызына қаншалықты ден қойғанын, қандай мұрат ұстағанын айқын аңғартып тұрған жоқ па? Бұл өлеңнен Шәкәрімнің лирикалық мұрасына тән формалық жаңалық та бой көрсетеді. Ақын өзінің жас кезінде жазған алғашқы жырларынан бастап-ақ осындай жаңашылдық қасиет танытқан болатын. Шығыстың дәстүрлі поэзиясынан хабарының және өлең әлеміне, ауыз әдебиетінің үздік үрдістеріне білімдарлықпен зер сала білудің арқасында Шәкәрім айрықша үлгідегі жауһар жырлар тудырды. Формалық жаңалығы айқын байқалатын өлендер қатарына ақынның "Қалжыңшыл қылжақпас", "Достыңыз зор", "Өлген көңіл, ындынсыз өмір", "Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек" сияқты туындыларын жатқызуға болады. Бұл шығармаларда сыңғырлаған үйлесім, ішкі ұйқас, сөздер үндестігі, дыбыстар саздылығы мен тілдік бояу-өрнектердің қанықтығы айрықша сезіледі. Сонымен қатар ақын айтар ойын образды түрде жеткізуде де шеберлік танытады. Мәселен, "Өлген көңіл, ындынсыз өмір" өлеңінде кездесетін:
Көшейін деп қыбыллап,
Ел қыстаудан козғалды,
Жаралы жүрек жыбырлап,
Жазылмай жалғыз сол қалды, - деген жолдарды оқығанда данышпан Абайдың әйгілі Татьянасының басындағы жағдайға орай айтқан:
Жас жүрек жайып саусағын,
Талпынған шығар айға алыс,
- деген сөздері еріксіз ойға оралады. Бұл арада "Жаралы жүрек жыбырлап" деген жаңа тіркес арқылы өлеңнің мәндік бояуы, әсерлілік жағы, ішкі динамикасы шырқау биікке көтерілген. Ақын мұнда халық әдебиетінің бейнелі образдары мен сөз өрнектерін дамытып, өзіндік өлшемін ұсынады.
Шәкәрімнің Абайдың реалистік дәстүрін жалғастырудағы бір жемісті қыры - оның эстетикалық мәселелер, дәлірек айтқанда, ақындық өнер, өлеңсөз құдіреті жайындағы пайымдаулары. Бұл тұста ол Абай салған сокпақты, тамаша әдеби дәстүрді, көркемдік тәсілді басшылыққа алып қана қойған жоқ, өлең әлемінде, сөз патшалығында өзіндік қолын, өз бағытын табуға ден қойды. Шәкәрімнің көптеген өлеңдеріндегі ішкі үйлесім, ғажайып үндестік, сырлы бояу мен жаңаша түр оның осы бағыттағы жемісті ізденісін аңғартады.
Ақынның 1919 жылы жазылған "Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек" атты өлеңінде өлең сөздің сиқырын меңгерем деуші талапкерлердің алдында мынадай биік міндет қойылды:
Ауыр
Осы әнге тауып сөз салмақ.
Тәуір,
Татымды ұйқас жиналмақ,
Тереңнен толғанып.
Сырын
Бұл әннің айтып қарайын.
Түрін Сипаттап тізіп санайын.
Өлең тап ойланып.
Буыны - сегіз,
Алтау, егіз,
Үшем деңіз
Екеуі
Кім дәл басты,
Кілтін ашты,
жақсы ұйқасты
Нешеуі?
Шәкәрімнің өзі де алдына міне, осындай биік талап қойды. Бұл қасиет ақынның бүкіл лирикалық шығармаларының өн бойынан айқын аңғарылып тұрды. Сол себепті де Шәкәрімнің лирикалық қаһарманының бейнесі алуан қырлы. Ол өзінің бойына сол дәуірдің бүкіл болмысын, ел тағдырын, халықтың арман-тілегін жинақтады. Онда кей сәттерде заман мен қоғам қайшылықтарынан туындайтын мұң табы да бар. Әйтсе де ол жалаң күйзелу, боркеміктік емес, үмітке ұласатын өршіл мұң. Оның бойында трагедиялық және оптимистік қасиеттер қатар жүреді. Осының бәрін Шәкәрім өзінің лирикалық өлеңдерінде ерекше бір шабытпен өрнектейді.
Махаббат шуағын мадақтаған, жастық қызығын дәріптеген ақын тағы бір өлеңінде адамды қаусатып, бар құмардан айыратын кәрілікгі даттайды. Адам ғұмырын кезең-кезеңге бөле сипаттау, сол арқылы тіршіліктің мән-мағынасы туралы толғану — қазақ поэзиясында тым ертеде қалыптасқан дәстүр, үйреншікті тақырып. Алайда Шәкәрім бұл ретте де өзіндік үн табады. Кәрілік — өмірдің өшуі, құмардың тозуы ғана емес, бар тірліктің таусылуы. Берері жоқ, алары ғана бар, төңірегіне түгел бөгет, сиықсыз, сүйкімсіз. Өзіне бейнет, өзгеге мысал шақ. Сондықган жас ақын өз сөзін:
Алпыстан ары бармаңдар,
Аңдамай шал боп қалмаңдар,
- деп түйіндейді.
Бұл сөз қырыққа жаңа келсе де:
"Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек,
Ашуың — ашыған у, ойың - кермек"
- деп отырған,
"Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман,
Шошимын кейінгі жас балалардан"
- деп отырған ақын ағаның шамына тиеді. Бар кілтипан жас ақынның "кәрілікті жамандап, өлім тілеуінде" ғана емес еді. Шәкәрімге "алтын иектің" де салқыны тиген ("Бір сүйіп алтын тамақтан..."), айдаһар жағына баспаса да, Абай жол ашқан реализмнен аулақтау бағдар аңдалған. Зор талантқа өзгеше талап қойған аға інісінің тым жеңілдеп кетпеуін ойлаған еді. Әрине, кезінде ауыр тигені анық. Қазір де ауыр естіледі. Бірақ тек қана пайдаға шықса керек. Шәкәрім өлең өрісін кеңейте түседі. Білім жолына бас қояды. Қазақ тұрмысына ғана емес, бүкіл әлем кейпіне ойшыл көзбен қарайды. Бүгінді жете танып, болашақ сүлбасын аңдайды. Барды байыптап, халық қазынасын жаңаша таразылайды. Өмірге, қоғамға, санаға өзіндік көзқарасы қалыптасады. Ақыр түбінде өнердің өзгеше өрісіне шығады.
Шәкәрімнің қазақ рухани өміріндегі жаңаша болмысы оның дінге көзқарасынан айқын танылады. Әлбетте, Шәкәрім — өз заманының перзенті. Ұғым, наным, түсінік шектеулі шеңберде. Алайда ақын бас ұрған ақиқат өждан, шын иман, -"адаспайтын айқын жол" - адамдық, кісілік. "Атақ, пайда іздемей, — Ойында мақтан жоқ болса, — Қиянатты көздемей, — Қанағатқа тоқ болса", — пұтқа табынған мәжусидің өзі әулиемен тең. Дүние қуып, пайда іздеген, аддау-арбаумен күн өткізген молда, "мешітте мың жыл отырса" да, бейіштің есігінен сығалай алмақ емес. Ақын ұғымында бар кінә иманын малға айырбастаған молдада ғана жатқан жоқ. Бұл күнде Алланың аяты да, пайғамбардың хадисі де бұзылған. Бұзған бірді-екілі адам емес, бүкіл қауым. Және дін бұзған, ізгі уағыз, қасиетті кітап жолынан ауған жалғыз Мұхаммед үмбеті ғана емес. "Таурат" теріс түсіндіріледі, Зәрдөштің өсиеті ұмытылған. Будданың ілімі жаңсақ ұғылып, Айсаның айтқандары бұрмаланған.
Бұл күнде дұрыс иман жоқ,
Шатақ дін нәпсі тыйған жоқ,
Ақылы саудың ойына
Алдамшы діндер сыйған жоқ.
Сонда қандай жолды тандауымыз керек? Ақиқат жолы! - дейді ақын. Бұл — бәріміз құмарланып, бәріміз мұрат тұтатын шын асыл жар, айнымас серік, адастырмас жолбасшы. Ал ақиқатқа жетудің амалы — осы заманғы оқу-өнерді игеру. Жоқтың орнын толтыратын, жеке адамды ғана емес, тұтас халықтарды бақытқа бөлейтін - ғылым-білім ғана. Шәкәрім қазақ қоғамындағы кемшіліктерді, қазақ халқының басындағы ауыр халді ең алдымен осы Еуропа өнер-ғылымынан кенде қалу нәтижесі деп есептейді. "Жер жүзі жабылғанда білім жаққа, — Қазақ жүр құмарланып құр атаққа..." Осының нәтижесінде алға озу қайда, күн өткен сайын кері кетіп, елдіктен, кісіліктен айрылып барады. "Қалың елім, қазағым, қалың жұртым!..." — дейді ақын ағаға үн қосқан парасатты іні. Болашақты бағдарламақ үшін бүгінгіні бағалау ләзім. Шәкөрім қазақ халқының дәл сол тұстағы тұрмыс-ахуалын, жай-күйін нақты байыптайды. Абай бедерлеген өмір суретін кеңейте, айқындай түседі. Қуы алдап, сұмы еліріп, байы бас қамын ғана күйттеген, игі жақсылар дау-дамай ғана қуған елдің бүгінгі тірлігі тым сұрықсыз. Батыстың оқу, ғылымынан, өнер-білімінен махрұм жүрттың тура жолға түсер, оңалар түрі көрінбейді.
Ойда жоқ өнер біліп жол табайын,
Жалмауға жалықпайды өз маңайын.
Мұның түбі не болар деген жан жок,
Ұрлық, ұрыс, араздық күнде дайын,
- дейді төңірегінен түңілген ақын.
Абай: "Өз бетіңмен түзелер дей алмаймын, өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың", — деп еді. Сөйте тұра, заманды өзгертпесе де, адамды түзетуге күш салған. Шәкәрім де сүйектен өтер ащы сөзін, ақиқат сырын айта отырып, туған халқын бақытқа жеткізер амал іздейді. "Қазағым, қам ойла, сен де адам едің ғой!" - деп зар шеккенде ұсынар жолы - ағартушылық. Ғылым -жұрттың бәрін сусындатар шалқар көл, халықты бақытқа, байлыққа бөлер таусылмас кең, рухани дерт атаулының бәрін аластайтын, елге қуат, күш беретін дәру. Күнбатыс халықтарын қуат-құдіретке жеткізген ғылым-білімді игерсе, қазақ та тарих көшіне ілеспек, басқалармен басы теңеспек. Ал ғылым-білімді игеру үшін жас балаларды жаңаша оқыту қажет.
Ақын туған халқын жарық сәулеге үндеумен ғана шектелмейді. Ел тірлігіндегі кеселді құбылыстарды ашады, алға жылжуға бөгесін, кертартпа сананы әшкерелейді, діни және рухни соқырлықтың мән-мағынасын ашуға тырысады. Адам баласының басқа тіршілік иелерінен айырым белгілерін сөз етеді. Адамның өзгеше болмыс-бітімін, оның ақыл-ойын ғана емес, түйсік-сезімін, тіпті физологиялық ерекшеліктерін де өлеңге арқау етеді. Еуропа ғылымының адамтану саласындағы жетістіктерін көпшілік алдына тартуды мұрат тұтады. Ақын шығармаларындағы қазіргі оқырманға әншейін ақылгөйлік көрінуі де мүмкін осындай сипаттардың өзі қазақ халқының қоғамдық ойының даму жолындағы үлкен үлес еді. Жаратылыстану жайын былай қойғанда, гуманитарлық ғылымдардың өзі қалыптаспаған өткен ғасырда әдебиет айрықша ауыр жүк, кейде өз болмысынан тысқары міндет атқаруға тиіс болғанды. Замана кейпі, тіршілік кебі туғызған бұл ерекшеліктің бір ұнамды сипаты — ойшылдықпен астас азаматтық әуен. Ақын араласпайтын, ақын үн қоспайтын құбылыс жоқ десек те, өмір тану, дүние тану, ізгілікке, кісілікке үндеу жолында Абай мектебі айрықша өнеге тастады. Қазан төңкерісі қарсаңындағы елу жылда ақын даусы асқақ естілуі, ақын сөзі өзгеше күшке айналуы кездейсоқ емес. Бейбіт әуезді ағартушылық сарыны уақыт оза келе арқыраған күрес үніне ұласқан еді. Көзіңді аш, оян, есінді жи деп бастап, ғылым-білімге, өнер жолына үндейтін өлең жолдары енді бақыт — күресте, шын — мақсат — бас бостандығы, ел еркіндігінде жатыр дейтін замана шындығынан, халық арманы, тарихи жағдай ауқымынан туындаған жаңаша ұранға айналады.
Батыстың отаршыл мемлекеттерінің түпкі саясатын нақты тану, әсіресе бірінші дүние жүзілік соғыс тек Шәкәрімге ғана емес, сол тұстағы ағартушылық жолын ұстанған бүкіл қазақ зиялысына қатты әсер еткен еді. Бар бақыт, бар ізгілік өнер-білімде болмай шықты. Үстірт қарағанда ғана "ғылымды елдің сырты таза" көрінеді екен.
Еуропа білімді жұрт осы күнде,
Шыққан жоқ айуандықтан о да мүлде,
- дейді импералистік соғыс сұмдықтарынан түршіккен ақын. Тексере қараса, бұл — бір күнде пайда болған келеңсіздік емес. Арыдан басталған, уақыт озған сайын, жұрт білімденіп, қару-жарақ жетілген соң мүдде шектен шыққан ахуал.
Тамам жан өзін өзі "мен" деседі,
Өзгелерді жатырқап, "сен " деседі.
"Біз" дейтұғын бір елді таба алмайсың,
Бұл қайтіп әділетпен теңдеседі?!
Күш-қуаты, өнер-білімі шамалас елдер өзара бақ таласса, барлық жаратылыс байлығын әскер ұстауға, қару сайлауға ғана жұмсаса, үстемдікке ұмтылса, ұсақ халықтардың, әлсіз жұрттардың көрер күні тіпті қараң. Дүлей күш "әлсізді аңша қыруға", момынды құлдануға қызмет етеді. Ақын биіктен барлап, тереңнен толғайды. Жауыз халық жоқ. Жат нәсіл жоқ. Бар кілтипан -теріс пиғыл, жемқор қиянатшылдықта жатыр. Адамда ынсап та, мейірім мен шапағат та мол. Алайда "мылтық билеп тұрғанда әділет жоқ". Адамзат оң жолға — бауырластық, кісілік жолына түсуі үшін "ар түзейтін ғылым" керек. Сонда ғана зұлымдыққа тоқтау салынбақ.
Шәкәрімнің мейір мен зорлық, әділет пен зұлымдық, ғылым мен мораль, адам мен заман туралы толғаныстары екі ғасыр шегіндегі қазақ қоғамдық ойының марқайған қалпын, бүкіл Түркістан өңіріндегі алдыңғы қатарлы, биік өресін айғақтаса керек. Бүл кезде қазақ әдебиеті ел ішіндегі кертартпа құбылыстар сияқты аса мәнді, бірақ кезеңдік тақырыптарды еркін игеріп, бүкіл адамзаттық мәселелерге, әлемдік тақырыптарға біржола ден қойған еді. Бұл тараптағы Абай салған жол кеңейе, даңғылдана түскен болатын. Сондықтан да Шәкәрімнің азаматтық лирикасы тек қазақ қана емес, әлем халықтарының поэзиясындағы, туыстас, тағдырлас жұрттардың барлығының рухани даму тарихындағы өзгеше құбылыс деп бағалануы ләзім.
Шәкәрім лирикасының тағы бір озық сипаты - нәзік те терең психологизм. Сезім қылын шертер, санаға таңбаланар сыршылдық ақынның алғашқы туындыларынан-ақ байқалған. Қаншама әсерлі болғанымен, бұл өлеңдерде жалаң сезім қуанышы, жастық көңіл буы басым еді. Абай ағаның өнердегі әрбір жаңа қадамын, өзгеше лепесін қалт жібермей қадағалап, терең түсіну, Шығыс поэзиясын, оның ішінде әсіресе Хожа Хафиздің сырлы жырын бойына сіңіру, бұдан соңғы жерде орыс әдебиетін етене тану, орыс тілі арқылы бүкіл Батыс сөз өнеріне қол созу ақын талантына өзгеше қуат берді. Қоғам тану, дүние тану өз алдына, өнер мұраты туралы жаңа түсінік қалыптасты. Енді ақын сезім шырғаландарын таңбалауға ден қояды. Адамның ішкі әлемін аша талдауға, — қуаныш, реніш, сүйініш, махаббат жайын байыптауға айрықша көңіл бөледі. Тіршілік мәні, тұрмыс, машақты, әділет пен зұлымдық туралы ой түйеді. Өмір өріне шыққан ақсақал көзімен ғана емес, өнер биігіне жеткен ақылман тұрғысынан өз еткеніне, соған орай, басы жұмыр пенде атаулының фәни ғүмырына баға береді. Шәкәрімнің бұл реттегі сырлары мен толғаныстарын өмірінің соңына қарата жазылған, ел ішінде күні бүгінге дейін өз әуенімен айтылатын ең көркем туындыларының бірі нақты түйіндесе керек.
Қайран
Қайғысыз, қамсыз күндерім,
Сайран,
Сауықты рақат түндерім,
Сендерден не пайда?
Асқан
Алпыстан мынау жасымыз,
Қашқан
Шалдықтан ғаріп басымыз,
Қалайасың қай сайда?!...
Бұл — бір адамға, бір ұлт өкіліне ғана емес, өмір заңын түйсінген, тіршіліктің шектеулі кесімін мезгілінде байыптаған кез келген адамға ортақ сыр. "Өмірдің жолы бұл", — дейді ақын. Мұң бар, түңіліс жоқ. Өйткені бір адамның демі үзілгенімен, табиғат толастамайды. Сенің өміріңді тікелей жалғастырмаса да, ісінді алға апарар, жаны туыс тағы бір кісі дүниеге келмек. Тіршілік мұраты – осы шектеулі өмірді мағыналы, мәнді етіп өткізу. Сен адамдық жолынан шықпасаң, ұрпағың да өз кезегінде артына тағлым тастамақ. Өмірдің өтуі, тіршіліктің арқылуы туралы мұнды сарын о дүние сүлбасы, ахриет жайынан мүлде аулақ сипатта. Құдайдың бірлігіне, пайғамбардың хақтығына күмән келтірмеген Шәкәрім
адамның артында қалар ең үлкен қазына — игі іс, ең үлкен мұрат - ұрпақ жалғастығы деп танығанын көреміз. Бұл ақынның өмір кешуі, өнер мұраты туралы толғаған көптеген өлендерінің негізгі арқауы болып табылады.
Қазақ реализмі Абай тұсында қалыптасты, ұлы ақынның өнерлі шәкірттерінің жан-жақты қызметі нәтижесінде әдебиетте жетекші әдіске айналды десек, бұл реттегі Шәкәрім еңбегі тек лирикалық поэзиямен ғана шектелмейді. Білімдар Шәкәрім эпикалық жанрларға да қалам тартады. Ақынның атын бүкіл қазақ даласына танымал еткен "Қалқаман — Мамыр" және "Жолсыз жаза" ("Еңлік — Кебек") поэмалары.
Өмірде шын болған бақытсыз ғашықтар Еңлік пен Кебек, Қалқаман мен Мамыр хикаялары ескі күндердің өзінде ел арасына кеңінен тараса керек. Бұл трагедиялық тағдырлар туралы алғаш рет қалам тартқан - Абай деп білуге тиіспіз. 1892 жылы "Дала уалаятының газетінде" (ғғ 29, 31-32, 34-40) жарияланған "Қазақтардың естерінен кетпей жүрген бір сөз" атты көлемді прозалық шығарма өзінің таным өресі, ой өрнегі түрғысынан ғана емес, сөз саптау, сөйлем құру, көркемдеу тәсілдері жағынан алып қарағанда да тек Абайға ғана тән сипат танытады. Кейбір зерттеушілер бұл еңбек Шәкәрімге тиеселі деп пайымдайды. Оған дәлелдері де жоқ емес. Алайда Абайдың әуелде өз өлендерін шәкірт достарының атына телігенін, "Дала уалаятында" жарияланған "Жаз" бен "Болыс болдым мінеки" Көкбай атынан шыққанын еске алайық. Оның үстіне, 1892 жылы отыз төрт жасқа жаңа келген Шәкәрім өзін "Ұмытылған" санауы қисынсыз. Бұл лақап есімді кейін иеленсе керек. Әңгімені Абай пайдасына шешуге негіз беретін ең басты дәлел оның бүкіл құрылымында, образдар жүйесінде. "Дала уалаятындағы" "Еңлік - Кебек" кейіпкерлері Шәкәрім жазған "Жолсыз жазадағы" тұлғалардан мүлде басқа, тіпті кереғар сипатта. Екі шығарманың да өзегі өмірде болған, нақты оқиға екенін ескерсек, бар ұқсастық осымен шектеледі, авторлық шешімнен, кейіпкер мүсіндеу тәсілі, көркемдеу жүйесінен ешқандай бірлік таппаймыз. "Дала уалаятындағы" хикая: "... Қазақ ішінде бәрі де өзгеріп кетті — мінездері де, жер-суы да. Жақсы болды ма, жаман болды ма, ендігі жазғанымыздан көрінер", - деген сөздермен тамамдалады. Айтылмақ пікір газет бетіне шықпаған. Бірақ Абайдың "Ғақлиясының" ішінде жүр. "Отыз тоғызыншы сөз" деп нақты атауға да болады, мінез-құлық жайы, тұрмыс-тіршілік кебі байыпталатын басқа санды "Сөздерге" сілтеуге де болады. Түйіп айтқанда, "Қазақтардың естерінен кетпей жүрген бір сөз" және сол "Дала уалаятының газетінде" басылған тағы бір әңгіме - "Ескендір" поэмасының сюжеті нақпа-нақ баяндалатын, кейде тұтас сөз тіркестері қайталанып жататын "Тәкәппар әскербасы турасынан" – екеуі де Абай прозасының үлгілері болып табылады. Абай өнерінің қыр-сырын, өріс-өресін айқындай түсетін, әдебиет тарихын байытатын өзгеше екі әңгіме туралы кеңінен сөз етуге болар еді, біз реті келген соң, жол-жөнекей ғана айтып отырмыз. Көптен ойда жүрген, өзіміз нық сенетін, дәлелді пікірді көп алдына тартуға жаңа ғана мүмкіндік туып отыр.
Енді Шәкәрім поэмалары туралы азғана сөз.
Шәкәрімнің үш поэмасы да ("Қалқаман - Мамыр", "Еңлік - Кебек", "Нартайлақ - Айсұлу") ескі қазақ тұрмысынан алынған. Бірақ бұлардың ешқайсысы да тарихи шығарма емес. Поэмаларда тарих - фон ғана, автордың баса назар аударғаны - әлеуметтік мәселелер, мінез-құлық жайы. Жанрлық тұрғыдан алғанда, "Қалқаман - Мамыр" лиро-эпикалық жырға бейім, "Еңлік - Кебек" — әлеуметтік дастан, ал Нартайлық - Айсұлу" - махаббат драмасы дер едік.
"Қалқаман - Мамыр" 1912 жылы Семейде, "Жәрдем" серіктігінің баспасында басылып шыкқан. Нақты жазылған уақыты белгісіз. Өз ізбасарларының творчествосын жіті қадағалап отырған Абайдың "Қалқаман - Мамырды" оқығаны, пікір айтқаны турасында ешқандай дерек жоқ. Әйткенмен, поэма екі ғасыр шектескен межеде, ақын ағаның көзі тірісінде туған сияқгы. Шәкәрім шығарманың бас кейіпкерлерінің бірі - ел тұтқасы - ғұлама қарт Әнет-Бабаңның қиыннан жол таппай, шалдыққан сәтін сипаттай отырып, оны Абай тағдырымен салыстырады: "Мәселен, көз алдында тұрған жоқ па, - Қойдыңдар Абайға да не қылғызбай!". Рас, поэма алғы сөзінде Шәкәрім: "Өлгенді тірілтпесем де, өшкенді жандырғандай болсын деп, биыл жүз тоқсан жыл болып ұмытылған істі алдыңызға қойдым", - деп жазады. Бұл арада кітаптың басылған жылы туралы айтылып отырғаны аңдалады. "Енлік - Кебек" те ("Жолсыз жаза") сол баспадан, сол 1912 жылы жарық көреді. Бұл поэманың "Қалқаман — Мамырдан" соң туғанын автордың өзі ескертеді. Ал "Нартайлық - Айсұлу" аталмыш екі поэмадан соң, тіпті беріде, 1929 жылы қарашада жазылған. Бұл шығарма біздің заманымызға қолжазба қалпында жетті. (Ескерте кетейік, "Нартайлық - Айсұлу" - Шәкәрім атын ақтай алмайтын, өте әлсіз шығарма).
Қалқаман жігіт пен Мамыр қыздың махаббат драмасының мекені де, мезгілі де нақты. "Мың жеті жүз жиырма екінші жыл, - Қазақгың Сыр бойында жүргені анық", - дейді ақын. Трагедиялық тағдыр шешімі қазақ тарихындағы ең бір қаралы жылдарға сәйкес келеді.
Мың жеті жүз жиырма үшінші жыл
Атысқан қазақ, қалмақ - мұны да біл.
Қалмақтың бастаушысы Суан Раптан
Өзі батыр, соғысқа дым айлашыл.
Қазақты ол соғыста қалмақ алды,
Үш есенің екеуін қырып салды...
Көршілес түркі халықтары қалмақ деп атаған батыс монғол жұрты — ойраттармен жауласу тым арыдан басталған. Жошы ұлысының ыдырау кезеңінде ойраттардың батыстағы ең басты қарсыласы Моғолстан хандығы болды. Ал моғол одағы бұзылып, оның құрамындағы түркі руларының басым көпшілігі, бүкіл Жетісу Қазақстан құрамына қайта енген кезде қазақ пен қалмақ бірме-бір, бетпе-бет келеді. Үнемі дерлік жеңіліске ұшырап отырған, кейде, тіпті алым төлеп, бодан болса да, елдігінен айрылмаған ойраттар ХVІІ ғасырдың орта шенінен бастап күш алады. Көршілес, киіз туырлық көшпенді екі жұрт арасында атадан балаға озған, екі жақ үшін де өлшеусіз шығынға түскен, ешбір халық тарихында болмаған жүз елу жылдық соғыс осы кезеңнен басталып, жаулық түбі аяусыз геноцидқа ұласқан, қазақ пен қалмақ бірін-бірі тақыр-таза қырып бітіруді ғана мақсат тұтқан қасап майданға айналған еді. Ақыры кеселді түйінді құдіретті көршілер шешеді. Ойрат халқы жер бетінен мүлде жойылып, қатары селдіреген қазақтардың туы жығылады. Керісінше болуы да мүмкін еді. Оның айқын дәлелі — Ақтабан шұбырынды. Шәкәрім баяндауында қазақтың құты қашқаны соншалық, тоқсан бес жастағы "ел ағасы, әрі би, әрі ғұлама" Әнет Бабаңның өзі "көшке ере алмай, тірідей дөң басында" қала береді.
"Еңлік — Кебек" шығарманың сюжеттік желісіне қатыссыз, пролог іспетті өлең жолдарымен басталады.
Өткен адам болады көзден таса,
Өлді, өшті оны ешкім ойламаса,
Ол кетсе де белгісі жоғалмайды,
Керектісін ескеріп, ұмытпаса.
Ақыл деген — денеге егілген дән,
Суғарылса кіреді оған да жан.
Ақылдың өсіп-өніп, зораймағы
Көрген, білген нәрседен ғибрат алған.
Сол сияқты ұмытылмауға тиіс, кейінгіні ойға қалдырар, ғибраты мол хикая - Еңлік пен Кебектің тағдыры. Шығарманың негізгі арқауы махаббат трагедиясы болғанымен, автор замана кейпін нақтылау, оқиғаның ескі күндерде өткенін, ендігі жерде ел арасында мұндай келеңсіз істер болмауға тиісін дәлелдей түсу үшін хикаяның өмірлік фонына айрықша мән береді, шағын көлемді тарихи ақпар жасап, Ақтабан шұбырынды күндерін, елдің қырғынға ұшырап, азып-тозуын сипаттай келе, қазақтардың қайтадан күш жинап, жауға қарсы аттанғанын, үлкен жеңістерге жеткенін айтады. Автор мақсаты - жоңғар соғыстарының шежіресін жасау емес, Еңлік — Кебек трагедиясына себеп болған қоғамдық, әлеуметтік жағдайларды айқындау. Сондықтан да, ақын ойрат одағы жойылғаннан соңғы кезенде шығыс облыстарға ауа көшкен рулардың өзара күресіне арнайы тоқталады. Хандық өкімет құлап, әркім өз басына би болған замандағы бұл қақтығыс ел мүддесінен емес, ру мүддесінен, ағайынға тиесілі жайлау, қыстауды тартып алу мақсатынан туындаған еді. Әрине, тар жерде тек отырып, аштан қырылмадың деп Тобықтыны кінәлау қиын, бірақ кең қонысының бір өңірін қаны қарайып келген ағайынға қимаған Матайды да ақтау мүмкін емес. Енді ағайын арасында аяусыз күрес басталды. Дәл осындай кезенде албырт көңіл, ақ махаббат табыстырған Тобықты жігіті Кебек пен Матай қызы Еңліктің тағдыры қандай болмағы айтпаса да түсінікті.
Сонымен, "Еңлік — Кебекте" де, "Қалқаман — Мамырда" да жеке бас трагедиясы халық трагедиясының бір бөлшегі ретінде көрінеді. Қиын хал, қат-қабат драма нақгы бір кейіпкердің зұлымдығынан туындамайды. Сол сияқгы, жақсылық тілеген, жәрдем жасамақ болған адамның әрекетінен де ештеңе өнбейді. Бабаң - ел қамқоры, ағайын панасы. Алайда әдет-ғұрып заңына тоқтау сала алмайды, Қалқаманды оққа байлап береді. Кеңгірбай — ұнамды кейіпкер, бір өзінің емес, Тобықтының қамын жейді, бірақ жағдай құрбаны, заманадан жапа шегуші, ол да Кебекті амалсыздан өлімге қияды. Тіпті, Мамырды атып өлтірген, Қалқаманды өлім жазасына кесуді талап еткен Көкенайдың өзі қалыпты ұғымдағы "ұнамсыз кейіпкер" емес. "Өзі батыр, мінезі қатты кісі", - деп сыпаттайды Шәкәрім. Канпезер еді, қаражүрек еді демейді. Өйткені ол - ата салтының, патриархалдық ғұрыптың сақшысы, яғни заман мен жағдай құрбаны. Поэмалардың бас кейіпкерлері де өз дәуіріне сай сыр-сипатта. Бірақ өз ортасының әдет-салтын аттап өтіп, махаббат бостандығына ұмтылады. Бұлар да құрбан - асықтық құрбаны. Әсіресе тағдырының немен аяқталарын біле тұра басқа жол тандамаған, махаббатынан айнымау арқылы ажалға қарай қадам басқан Кебек мінезі айрықша кесек. Қандай сипат, кандай тұрпатта көрінсе де, Шәкәрім бейнелеген кейіпкерлер толыққанды реализм жемісі болып табылады. Бұл реттегі айрықша атап айтарлық бір жетістік - Шәкәрімнің психологиялық талдау шеберлігі.
Айшықты сөздің қас зергері Шәкәрім екі поэмасында да кәдімгі қара өлең үлгесіне жүгінеді. Бұл — мазмұнға сай таңдалған трагедиялық халді, өзгеше сезім толқынысын алып ұшпасыз, әсіресіз, қарапайым да нақты жеткізер ең ұтымды түр екеніне көзіңіз жетеді. Поэмалардың баяндау сарыны, көркемдеу жүйесі - бүкіл болмыс-бітісінен кәнігі шеберге ғана тән салқын сабыр, сөз нарқы нақты байыпталған суреткерлік, өткен тарихты, көне тұрмысты, қазіргі ахуалды терең таныған білгірлік көрінеді. Оқиғаға бай, драмаға толы, жанды тұлғалары нақты дараланған, қаламгерлік мұрат айқын таңбаланған екі поэманың да көлемі таң қаларлықтай шағын — "Еңлік - Кебек" небәрі 652 жол, ал "Қалқаман - Мамыр" бұдан екі еседей кем — 372 жол. Бірақ осы шағын көлемге романдық материал сыйған.
"Оятқан мені ерте Шығыс жыры", - деп, "Жасымнан жетік білдім түрік тілін", — деп, өзінің төл әдебиеттен тысқарғы ең алғашқы өнеге мектебін нақты атаған, классикалық тәжік-парсы поэзиясын да, тамырлас, туыстас халықтарға тегіс тиесілі ортаға-сырлық түркі әдебиетін де терең таныған ақынның айрықша қадір тұтқан шайырлары Хожа Хафиз, Физули мен Науаи болатын. Шәкәрімнің Фердауси мен Сағдиді де, Хожа Ахмет Иасауи мен Софы Аллаярды да жақсы білгені күмәнсіз. Осы жұлдыздай жыпырлаған көп ақын ішінде Шәкәрім әсіресе Хафизді жанына жақын тұтады. Германиядағы Гетені де, Россиядағы Пушкинді де баураған, жаңа дәуірдегі Еуропа поэзиясына үлкен ықпал жасаған Хожа Хафизді Шәкәрім өзінің ең ұлағатты ұстаздарының бірі санайды. Үнемі сырласып, мүңдасып отырады. Тіпті өмірінің ең соңғы күндерінде де Хож Хафизді аузына алады, оны түсінде көргенін айтып, бұл — дәм-тұздың таусылғаны, фәнилік жарықтан бақилық даңққа өтудің белгісі деп біледі.
Шәкәрімнің шығыс тақырыбындағы ең көлемді мұрасы "Ләйлі - Мәжнүн" (1922 жылы "Шолпан" журналында жариялаған). Түп негізі Физулиге барып тірелгенімен, бұл еңбекті қазіргі ұғымдағы аударма деп айту қиын. Ләйлі мен Мәжүннің ғашықтық хикаясы Низамиге де, Науаиға да шабыт берген. Шығыстың сөз зергерлерінің жыр жарысы нәзира дәстүрі бойынша, ақынның ең басты мұраты жаңа тақырып табу емес, жаңа жол табу, белгілі сарынды өзгеше түрге бөлеу, өзіндік бояумен бейнелеу десек, Шәкірім қалдырған "Ләйлі - Мәжнүн" дастаны мың жылдық тарихы бар ежелгі сюжеттің ең соңғы көрінісі, шын мәнісіндегі төлтума болып табылады.
Ұлы Абай: "Ғылымды іздеп, Дүниені көздеп, Екі жаққа үңілдім", — дейтін. Абай мектебінен тағылым алған, Абай жолын жалғастырған Шәкәрім де екі жаққа бірдей назар салады, әлемдік сөз өнерін танып-білуге, оның бар жақсысын бойға сіңіруге, ел игілігіне айналдыруға күш салады. Тіпті, "Шығысым Батыс болып кетті" деген ақын аға ізімен, өмірінің екінші жартысында Еуропа әдебиетіне, оның ішінде әсіресе орыс әдебиетіне айрықша ден қояды. Тек көркемдік танымда ғана емес, қоғамдық танымда да, өмірдің, тіршіліктің барлық саласында орыс білімпаздарының жолын ұстанады. Қасиетті синод Лев Толстойды дінсіз деп жариялаған күндерде айтылған: "Танбаймын, шәкіртімін Толстойдың!" - деген сөз тек әдебиетке ғана қатысты емес. "Толстой кәпір емес, кәпір өзің", "Ақиқат сырымды айтсам, Толстойдың Мың сопыны алмаймын тырнағына" - аққа қарсы, әділетке, ерікті ойға қарсы реакцияшыл көзқарасты, зорлық-зомбылық атаулыны айыптайтын азаматтық ұран.
Шәкәрімнің қаламгерлік қызметі тек ақындықпен, аудармашылықпен шектелмейді. Ғұлама еңбегі сан салалы. Оның суреткер ретіндегі мұрасының бір тармағы — проза болса (әйел бостандығы, ескі қазақ аулындағы саяси-әлеуметтік жағдай туралы жазылған "Әділ - Мария" повесі), автор мүлде басқа тұрғыдан көрінетін тағы бір мол арна — тарих пен философия. Бір мақалада Шәкәрімтанудың алғашқы кезеңінде бәрін қамту, бәрін айту мүмкін емес.
Ғалам болмысы, замана тұрпаты, адам табиғаты һәм мұсылмандық шарты, ар, иман, ұждан сынды үш анық, хандар шежіресі, ел тарихы туралы көп толғанған Шәкәрім өмірдің мәні, дүниенің баянсыздығы жайында да көп жазған еді.
Қайғы емес қаза,
Болмаймын наза,
Ноқталы басқа бір өлім, — деп, жас кезінде-ақ өмірдің өтпелі кебін мойындаған ақынның, алпысқа аяқ артқан шағында: "Қаласың қай сайда..." - деп, өз өмірінің немен тынарын болжаған ақынның қайғылы қазаға ұшырауы да, көмусіз, отыз жыл бойы ойпанда, құр құдық түбінде қалуы да шын трагедия емес. "Туған жан өлмек, Тағдырға көнбек", - деген Шәкәрімнің өзі. Ақын өмірі, ақын тағдыры. Ең үлкен қайғы, шын трагедия — Шәкәрім мұрасының елу жыл бойы жабулы жатуы. Қысастан өлген ақын жаны бір сәт қана азап шексе, өзінің ең елеулі қайраткерлерінің бірін санатқа қоса алмаған рухани мәдениетіміз жарты ғасыр бойы жапа көріпті. Сол кемістіктің орны енді ғана толып отыр.
Әдебиеттер тізімі
- Құдайбердіұлы Ш. Түрік, қазақ, қырғыз һәм хандар шежіресі
- Әбен Е. Дала даналары, Алматы: Қазақстан даму институты, 2001 – 460 б
- Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы: оқу құралы. ІІ кітап, Алматы: Қазақ Университеті, 2002 – 455 б
- Әбдиманұлы Ө. ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиеті: оқу құралы, Алматы: Қазақ Университеті, 2002 – 430 б
- Өзбекұлы С. Қазақстанның саясы құқықтық ой – пікір тарихының өзекті мәселелері, Алматы: «Білім», 2004 – 128 б
- Уеллер Чарлз. Қазақ халқының ұлттық мәдениеті, Алматы: Орталықазия тарихи – мәдени зерттеу орталығы, 2003 – 129 б
- Әбдіғаиұлы Б. Шәкәрімнің жұмбақтары. /Б. Әбдіғазиұлы//Қазақ тілі мен әдебиеті, 2001 - № 12
- Қалиев С. Алтынсарин Ы. мен Құдайбердіұлыныңдіни тәрбие жөніндегі көзқарастарындағы үндестіктер /С. Калиев// Ұлт тағлымы 2002 - №2
- Қожамберлиев Б. Шәкәрім философиясындағы рухани болмыс мәселелері / Қожамберлиев Б// Ұлт тағлымы, 2003 - №1
- Сейсенұлы Д. Шыңғыстау. Шәкәрім Шыңырау / Сейсенұлы Д// Егемен Қазақстан, 2003 – 25 маусым
- Сейсенова А. Шәкәрім мен Гете поэзиясындағы ғалам суреттері, /Сейсенова А.// Қазақ тілі мен әдебиеті, 2003 - № 10
- Қамбарбекова Ғ. Үш алып үйлесімі: Ұлы ақын нәр алған үш арна /Қамбарбекова Ғ// Абай, 2004 - № 2