1. Рефераты на казахском
  2. Қазақ әдебиеті
  3. Махамбет өлеңдерінің жанрлық ерекшеліктері

Махамбет өлеңдерінің жанрлық ерекшеліктері

Махамбет өлеңдері өзінің жанр жағынан да зерттеушілердің айрықша көңілін аударуға тиіс. Оның кейбір өлеңдерін лиро-эпикалық түрге жатқызуға болады. Ол өлеңдерінде ақын өмір құбылыстарын Исатай бастаған шаруалар көтерілісімен байланысты тарихи шындық, өз қалпында суреттелсе, сонымен қатар оған өзінің көзқарасын, қатысын, ол жағдайды өзінің қалай сезінуін де көрсетеді.

Лирикалық сезінуге бөлене отырып оқиғаны баяндау лиро-эпикалық жырларға тән нәрсе екендігі кімге де болса мәлім.

Бұлай баяндау сарыны (мотив) Махамбеттің "Соғыс", "Мінкен ер", "Баймағамбет сұлтанға айтқаны", "Исатай сөзі" деген өлеңдерінде айқын сезіледі.

"Соғыс" деген өлеңінде Махамбет көтерілістің әрбір кезеңдерін тарихи оқиғаның  ізіне сәйкес етіп суреттейді. Кейбір көріністері баяндау, суреттеулері тарихи фактылармен тығыз байланысты болып отырады. Бір қарағанда осы "Соғыс" пен өрістес біркелкі өлеңдерді тіпті тарихи жар өлеңдер тобына жатқызуға да болатын тәрізді. Бірақ бұл өз алдына жеке тексеруді керек ететін мәселе. Өйткені, ауыз әдебиетіндегі белгілі бір түр саналатын тарихи өлеңдер (лиро-эпикалық жыр емес, қысқа өлеңдер) бізде әлі зерттелген емес. Махамбеттің бұл тектес өлеңдерінің ауыз әдебиетіндегі қысқа тарихи өлеңдерімен байланысы барлығы айқын. Бірақ айырмасы қайсы деген сұрақ - әуелі ауыз әдебиетіндегі ескіден келе жатқан қысқа өлеңдердің өзін жеке мәселе етіп талдауды керек етеді. Сондықтан, оны басы ашық қалдырамыз.

Ал біздің бұл жерде айтпағымыз, ақынның тарихи уақиғаларды тамаша шындықпен бұлжытпай көрсете алуы. Осы жағынан алғанда оның өлеңдерінің тарихи шындықтың салмағы басымдығы және Махамбет өлеңдерінің тарихи мәні үлкен екендігі аңғарылады.

Қырғыз халқының (сонымен қатар қазақтың да) ертегілері мен аңыз, өлеңдерінің тарихи мәні туралы Шоқан Уәлиханов былай деп жазады: "Егер жұрттың айтуымен Гередот жинаған Гомердің көркем ертегілері мен аңыздарының аз да болса, тарихи мәні бар десек, егер де өзгеріліп,, мысал тәрізді болып кеткен аңыздардың негізінде оқиға шындыққа жататын болса, қырғыздың аталарының өмір тұрмысын, әдет - ғұрпын әр жағынан қамтып, белгілі бір жүйеде суреттеген, сол елдің өткен кездегі өмірінің сәулесі болған аңыздарын алып, ол халықтың осы күнгі мінез-құлықтарымен және олар жөніндегі тарихи сілтеулермен салыстырсақ, ол аңыздардың тарихи мәні болуы мүмкіндігіне күдіктенбеуіміз керек". Шоқан Уәлихановтың эпостық ертегі-аңыздардың тарихи мәні бар деген бұл пікірін негізді десек, тарихи мәліметпен мидай араласып жатқан тарихи уақиғалардың нақтылы сәулесі болған Махамбет поэзиясының тарихи мәні зор, ол тарихи документ екендігіне шек келтіруге болмайтыны ашық, талассыз.

Біз жоғарыда Махамбеттің біркелкі өлеңдері лиро-эпикалық түрге жатады дедік. Бірақ бұл сөзден олардың ішінде лирика жоқ деген ұғым тумауы керек. Лиро-эпикалық деген сөздің өзінде сол түсінік бар. Өзі мен Исатайдың алға қойған тілек - мақсаттарын өздерінің хан - сұлтандарға қарым - қатынастарын жай баяндау түрінде айта келіп, кей жерлерінде, не лирикалық шегініс ретінде, не ішкі күйінішін сыртқа шығару мақсатымен айтылған лирикалық шумақтарда аз кездеспейді. Екінші сөзбен айтқанда, Махамбеттің бірқатар өлеңдернде эпостық баяндау сарыны  жалынды лирикамен аралас келеді:

Кешегі Исатайдың барында,

Алақандай Нарынды

Басушы едік құлаштай!

Жәбір беріп, жапа етсең,

Былғанған басым ласқа-ай!

Мен бір шарға ұстаған

қара балта едім,

Шабуын таппай кетілдім.

Қайраса, тағы жетілдім…

Көрмес, келмес деп едім,

Өз еркіммен бетіңді-ай!.

Жалпы алғанда Махамбетке тән нәрсе лирика. Махамбет өлеңдерінің негізгі көпшілігі лирикалық өлеңдерге жатады. Сонымен қатар, Махамбет лирикасы өзіне шейінгі қазақ әдебиетіндегі болып келген лирикалық өлеңдерден анағұрлым айырмасы, өзіне тән ерекшелігі де бар. Махамбет өлеңдері өз басынан кешірген ауыр халдерді сезіне отырып, терең толғап суреттеумен қатар, ол өз кезіндегі тарихи уақиғалармен байланысты туған қалың бұқараның көңіл күйін де көрсете білді. Оның өлеңдерінде өзінің көңіл күйі мен ел күйі ұштасып жатты.. Сондықтан, оның лирикасын - әлеуметтік сарындағы, саяси үгіттік лирика деп атауға тура келеді.                                                                                                                  Қоғамның тапқа бөлінуінің негізінде таптық күрес туады да, сол таптық күрес саяси-таптық жырларды туғызады. Бірақ бұл жаңа мотивтегі поэзия, көркем лирикаларға өзінен бұрынғы поэзияның әсері болуы да мүмкін. Әйтсе де олардың өзіне тән ерекшеліктерін де байқау қиын емес. Қоғамның тапқа бөлінуі және сол тапқа бөлінудің негізінде туған тап күресі қазақтың фольклорінде де айқын көрінеді. Соған қарағанда саяси лириканың бастамасы ауыз әдебиетінде жатыр деуге болады. Демек Махамбеттің саяси лирикалары ауыз әдебиетінде бір тамыры фольклор  дәстүрімен байланысты. Жалпы саяси лириканың өзіне тән ерекшелігі - үгіт насихат істерді көпшілікке үндеу, белгілі бір топтың, не таптың алдында тұрған тілек, мүддесін көркем сөз арқылы көпшіліктің сана - сезіміне жеткізу, үгіт арқылы оларға әсер ету болса, Махамбет поэзиясында бұл бағыт қатты сақталады.

Біз жоғарыда да Махамбеттің өмірімен байланысты ішкі Бөкей ордасының шаруашылық жағдайы әлеумет өмірінде тап тартысын күшейтті, сол қайшылықтармен байланысты шаруалар көтерілісі туды дедік. Ол көтеріліс өзінің қолбасы батырымен қатар, жалынды үгітшісін де туғызды. Бұл тәрізді тарихи жүкті мойнына артқан адамның бірі - Махамбет. Сондықтан да Махамбет поэзиясының басты қасиеттерінің бірі саяси үгіт болуы заңды. Бірақ саяси үгіт поэзиясын жасаушы тарихта жалғыз  Махамбет емес, басқалар да болды. Әйтсе де, солармен салыстырғанда да, Махамбеттің тағы өз ерекшелігі бар. Бізше, Махамбеттің негізгі ерекшелігі оның бір сырлы, сегіз қырлылығында. Махамбет өлеңдері тек жалаң құрғақ үгіт емес, оның өлеңдерінде жалынды, саяси өткірлік пен терең ой, нәзік сезім әрдайым ұштасып, біте қайнасып жатады. Махамбет өлеңдерінде бұл үшеуінің жігін ашып, бөліп алуға болмайды. Осы қасиеті Махамбетті көтеріліс туын көтерген әрі жалынды үгітшісі, әрі ардақты ақыны етті. Бұл мазмұн Махамбет өлеңдерінің құрылысы мен түріне де әсер етті. Түр - мазмұнның түрі болуы қажет деген шартқа Махамбет поэзиясы толық жауап бере алады. Оның: "Ереулі атқа ер салмай", "Мұңайма", "Айныман" деген өлеңдері , мазмұнына түрі сай, жалынды үндеу сөздер. Махамбеттің досын мақтап, дұшпанын даттап шығарған өлеңдерінің мазмұны күрес идеясын жыр ету болса, құрылысы шешендікке толы үгітке арналған отты сөздер болып келеді де, сөйлемдері қаратпалы, сұраулы сөйлемдер болып келеді, не жарлай арнау, не сұрай арнау, немесе риторикалық сұрау болып отырады. Мысал үшін "Мұңайма" деген өлеңін алайық:

Ханның ісі қатайды,

Азамат ерден мал тайды.

Қанды көбік киініп,

Бір аллаға сыйынып,

Ұрандап жауға тигенде,

Кім жеңері талай - ды,

Жолдастарым,мұңайма!…-

дейді ақын.

Мұндағы "азамат, жолдастарым" деп, достарына қайрыла сөйлеу, сөйлемін риторикалық сұрау түрінде құру, өзінің айтайын деген пікіріне дәл, күреске үндеу тілегіне сай.

Махамбет өлеңдерінде бұл тәрізді үгіт өлеңдермен қатар, лириканың басқа да түрлері бар. Ақынның бірқатар өлеңдері үлгісінде құрылады.

Қазақ фольклорінде дүние салған адамның тіршіліктегі іс-әрекеттерін әр жағынан алып, толық баяндап жырлайтын жоқтаулар, естіртулер көп. Махамбет өлеңдерінің кейбіреулері фольклорда кездесетін жоқтау өлеңдердің қысқа түріне жақындайды. ("Тарланым", "Тайманның ұлы Исатай"). Исатайдың өліміне арналған "Тарланым" деген өлеңін алсақ, жалпы жоқтаулардың әдісімен, батырдың өміріндегі әралуан іс, амал, қасиет мінездерін санап көрсетеді. Бірақ, мұнда да Махамбеттің өзіне тән кейбір ерекшеліктері бар. Махамбет өлеңдерінде Исатайдың өмірін жалпы алмайды, оның өмірінің әлеуметтік-таптық жақтарын алып, батырдың езілуші халық, қара шаруа, еңбекшілердің мүддесін қорғап феодал, ақсүйектерге қарсы шыққан, шын мәніндегі халық қамқоры болған жақтарын айрықша көрсетеді. Шернияз сықылды басқа жағына ақын тоқталмайды.

Махамбеттің жоқтау тобына жақын келеді деген өлеңдері, оның басқа өлеңдеріне қарағанда фольклормен тығызырақ байланыста деуге болады. Өйткені эпитет, метафора теңеулерін алсақ, көбіне фольклордан алынған поэтикалық тілдер.

Ал Махамбеттің кейбір өлеңдері философиялық бағытқа негізделген өлеңдер болып келеді.

Қоғалы көлдер, құм сулар,

Кімдерге қоныс болмаған?

Саздауға біткен құба тал,

Кімдерге сайғақ болмаған?

Басына жібек байлаған,

Арулар кімнен қалмаған?

Таңдап мінген тұлпарлар,

Иесін қайда жауға салмаған?

Құландар ішпес бұршақ қақ,

Кімдерге шербет болмаған?

Садағына сары шіркей ұялап,

Жау іздеген ерлердің,

Қайда басы қалмаған?

Ішелік те желік,

Мінелік те түселік,

Ойналық та күлелік,

Абайласаң, жігіттер,

Мынау жалған сұм дүние,

Кімдерден кейін қалмаған?-

деп, риторикалық сұрай арнау түрінде айта келіп, өмірге өзінше қорытынды жасайды. "Толғау" деген өлеңінде де осы тәрізді өмірді шолып келіп, өзінің одан түйгендерін баяндауға негізделеді. Бірінші шумағында ақын термелеп, тыңдаушыларының назарын ақыл кеңесіне аударады да, онан кейінгі шумақта ақындық шабыттың шарықтауы, ойдың серпінінен туған терең пікірлер айтылады, үшінші шумақта, хан-төренің тағдыры халықпен байланысты, былайша айтқанда, оларды жоқ ету халықтың қолында деп, халықтың зор күш екенін еске салады. Ең соңғы жолдарда ақын былай деп өзінше қорытынды жасайды:

Батыр болмақ ойдан-ды:

Айқайласып жауға ти,

Тәңірім білер, жігіттер,

Ажалымыз қайдан-ды?

Махамбеттің бақыт пен тағдырдың айнымалы екендігін философиялық түрмен қорытқаным мына өлеңінен де көруге болады:

Бұл дүниенің жүзінде,

Айдан көркем нәрсе жоқ.

Түнде бар да, күндіз жоқ.

Күннен көркем нәрсе жоқ,

Күндіз бар да, түнде жоқ.

Мұсылманшылық кімде жоқ,

Тілде бар да, дінде жоқ.

Көшпелі дәулет кімде жоқ,

Бірде бар да, бірде жоқ.

Азамат ерлер кімде жоқ,

Еріккен күні қолда жоқ.

Заманым менің тар болды,

Тура әділдік биде жоқ,

Бәрін айт та, бірін айт.

Қаумалаған қарындас.

Қазақта бар да, менде жоқ.

Бұл тәрізді эпифоралық ұйқас, синтаксистік параллелизмге құрып, образдарына философиялық мән беру, ақынды бұл дәуірде дұрыстық, әділдік жоқ деген қорытындыға әкеп тірейді де, сондықтан ақын жалғыздық көріп, қасіретке шомады.

Мұнан кейін Махамбеттің кейбір өлеңдерін, әсіресе оның өмірінің соңғы кезіндегі шығармаларын - элегиялық өлең деуге болады. "Абайламай айрылдым",  "Нарын " және басқа сол сияқты өлеңдер өткенді еске түсіруге арналған, жан қасіретін көрсететін, ақынның жалғыздық қайғысын, тарыққан көңілін білдіретін элегиялық мотивті өлеңдер, мұнда оның басында бір зұлым тағдырдың қара бұлты төніп тұрған сияқты.

Мен тауда ойнаған қарт марал,

Табаным тасқа тиер деп,

Сақсынып шыққан қиядан,

Қайыңның басын жел соқса,

Қаршыға қуыс қайғырар:

Балапаным суға кетер деп,

Мамығын төккен ұядан,

О дағы біздей болған сорлы екен, -

дейді ол.

Махамбеттің элегиялық өлеңдері аса суретті, тамаша көркем. Бұлар ақынның тек жалаң өз қайғыруының сәулесі емес, ол басқа түскен сол кездегі ауыр халдердің айнасы болды.

Кейбір өлеңдерінде ақын туған елі бүгінгі Қазақстан жерінің табиғат байлығының әдемі көріністерін, ен даланың, асқар тау, шыңырау қиялардың айбатты пішінін суреттейді. Өлеңнің көп жерлерінде ақын көшпелі, мал баққан, ит жүгіртіп, құс салған аңшылық, өз елінің өмірінде орыны бар жан-жануар, аң, құстардың образын көрсетуге көбірек көңіл аударады. Бірақ, бұл ел, табиғат байлығын, жан-жануарлардың әлемін суреттегенде, олардың тек көркемдік сипатын ғана көрсету немесе тек сұлулық үшін ғана суреттелмейді. Мұнда да ақын ел тағдырымен байланысты, өз басынан кешірген қиын-қыстау кезеңдердегі ой сезімін оқушылары толық сезінгендей етіп ашығырақ көрсетуге құрал есебінде қолданады. Бұған мына төмендегі үзінді толық дәлел:

Назары қайтқан күн болған

Жібектен бауы көнеріп

Ақ сұңқар ұшқан күн болған.

Бағаналы боз орда

Еңкейіңкі күн болған.

Телегей-теңіз шалқыған

Қоғалы көлдер суалып,

Тізеге жетер-жетпес күн болған,

Жапанға біткен бәйтерек,

Жапырағынан айрылып.

Қу түбір болған күн болған.

Алқалаған жер болса,

Азамат басы құралса,

Мәшурат кеңес сұралса

Мәшурат берер едік;

Исатайдан айрылып

Алқалай келген кеңесте

Дем құрыған күн болған.

Бұл тәрізді элегиялық өлеңдердегі көркем образдардың қайсысын алсақ та, ақынның айтайын деген негізгі идеясына бағыныңқы. Исатай өлгеннен кейін, күрес арқылы жетеміз деген мақсат орындалмай, көтеріліс жеңілгесін, хан, сұлтан, феодалдар халықты бұрынғыдан бетер езіп, ел басына ауырмалықты күшейте түсті. Бұл жағдай ақынның поэзиясынан орын алмауы мүмкін емес еді. Ақынның бірқатар өлеңдеріндегі қайғының элементі жоғарғы халмен байланысты болды десек, Махамбеттегі элегиялық өлеңдердің негізгі сол жағдайлар деуге болады. Бірақ бұл сарындағы  ақын өлеңдерінде, жауына деген өшпенділік бар, сөнбес кек бар, жолдас-жорасына дем беріп, өмірден түңілмеуге шақырып болашаққа сенушіліктер бар. Міне осылардың жиынтығы келіп, Махамбет өлеңдерін сары уайымнан аулақ етеді.

Мазмұнына түрі сай түрін отты жырларды суырып салып шығаруда да ақынның шеберлігі тым жоғары, оның мәдени-тарихи тамыры тереңде екенінде дау жоқ.

Проф. Қ. Жұмалиевтың зерттеулері пайдаланылды.

  Қазақ тіліндегі рефераттар - Қазақ әдебиеті


Яндекс.Метрика