- Рефераты на казахском
- Қазақ әдебиеті
- Көркем әдебиеттегі жазушының сөз қолданысы
Көркем әдебиеттегі жазушының сөз қолданысы
19 ғасырдың екінші жартысында пайда болған қазақ баспасөзінің көш басында жалынды сөз-публицистика жанры тұрғаны рас. Өз бастауын аса бай халық ауыз әдебиетінен алған қазақ көсемсөзі Шоқан, Ыбырай, Абай шығармаларынан көрініс тапты. Журналистика ғылымын көп зерттеген ғалым Т. Ыдырысов мынадай анықтама берген: "Публицистика – жазушы мен журналистің пікірі, күнделікті өмірге, әрқилы қоғамдық құбылысқа пікір айтуы, кемел талантпен үн қосуы, көркемдік шабытпен терең ой тастап, жұртшылықты белгілі бір оқиғаға, құбылысқа ерте, еліктіре білуі. Екінші сөзбен айтқанда, публицистика дегеніміз – саяси- көркем проза, қаламгердің қоғамдық - әлеуметтік мәселелерді толғауы". Осы реттен алғанда, публицистика қашан да қоғамдық өмірдің алғы шебінен табылатыны ақиқат.
"Публицистика – кең мағыналы, аумақты ұғым. Оны тар шеңберде тұжырымдауға болмайды. Оған белгілі бір маңызды оқиғаларға арналған саяси, насихаттық, проблемалық мақалаларды да, деректі естеліктерді де, экономика мен мәдениеттің өзекті мәселелерін қозғайтын жинақы корреспонденцияларды да, репортаждар мен сұхбаттарды да, арнаулы ашық хаттарды да жатқызуға болады. Асқақ шабытпен, әсерлі жазылған газет мақаласы, сөз жоқ, көркем шығармалар жазуға итермелейді. Публицтистика әрбір сөзді, әрбір пікірді елеп, сұрыптап жазатын тарих емес, ол өмірдің өзі деуге болады.
Алайда публицист дәуір тынысын дәл танып, күнделікті жағдайға белсенді араласатын саяси- әлеуметтік құбылысты бұқараға таптық тұрғыдан пәрменді жеткізетін жұртшылықтың талап тілегіне дер кезінде үн қосатын қоғам қайраткері. Ол – жан- жақты білімді дүниедегі өзгерістерге батыл, сергек қарайтын адмзат тағдырына ойлана көз жіберіп, принципті қорытындылар жасайтын, өзінің көтерген мәселесіне байланысты қоғамдық пікір туғыза алатын жалынды қаламгер. Публицистің шығармаларында "ақиқат заңдылық" басым тұрады. Алайда, ескіні еске алмай, жаңаның жарқын келбетін тану қиын. Олай дейтінім әрбір халықтың тарихи көшінің ұлан- ғайыр, ұзақ сапарында ұмытылмас ұлы кезеңі, биік белесі болады.
Қазақ халқы өз тарихында талай кемеңгерлерді туғызды. Киіз туырлықты қазақтың өзіне сай, өз ортасын жарып шыққан даналары мен ақылгөйлері толып жатыр. Найза ұстаған қаһарман батырлары, сөз асылын терген ақындары болды. Олар халқымыздың зор мақтанышы екендігіне сөз жоқ. Асыл сөздің маржанын терген, құнарлы ойдан туған құнды сөз арқылы өз толғанысын халқына жеткізе білетін де жазушы. Әрбір жазушының өз шығармасындағы сөз қолданысы халқтың көңіліне бейне шамшырақтай орнағаны абзал. Яғни сөз өмірдің салихалы түйіні. Олай болса, сөз өнерінің бейнелілік, суреттілік қасиетінен туындайтын адамның эстетикалық ой сезімін қалыптастыруға үлкен әсер ететін ең басты сипаттың бірі.
Көркемдік қасиеттің мол болуы әдебиетке қойылатын басты талаптың бірі көркем, әдемі тартымды болып келмесе, ешбір шығарма құнды, ұнамды болып танылмайды. Жалпы көркем әдебиетке қойылатын бірден-бір шарт-көркем туындылардың көңілге қонымды, шебер қиыстырылған, тапқыр, өткір болып келуінде сұлу сөз, сұлу тіркес, көркем ой прозада, өлеңде болсын эстетикалық ләззат беретін өрнегі жағынан сүйсіндіреді. Көркемдік, әдемілік – эстетикалық категория. Демек, шын мағынасындағы көркем шығарма шебер пішілген туынды сезімді оятып, көңілді сергітпек. Содан барып адамның рухани жағынан жаңғыруына, болмысына апармақ. Бұл нағыз жан тәрбиесі, көңіл қанағаты.
Сөз- шығарманың негізгі материалы. Сұлу сөз тіл көркемдігімен сөз сұлулығы, сөздің табиғилығымен қарапайымдылығында. Ахмет Байтұрсынов өзінің бір кітабында "Сөз өнері адам санасының жетілуінде. Көңілге тірелетіндігін айта келіп, тілдің міндеті арқылы аңдауын аңдағанынша, қиялдың меңзеуін меңзегенінше, көңілдің түюін түйгенінше жарату",-деп айтқан болатын. Олай болса жазушыларымыздың өз стилінде жазылған шығармаларындағы сөз қолданыстарына тоқталсам: Жоғарыда айтып кеткендей қазақ баспасөзінің көш басындағылардың бірі – Ыбырай Алтынсарин. Оның ағартушылық және демократиялық көзқарастары орыстың озат қоғамдық ой - пікірі мен педагогика ғылымының алдыңғы қатарлы өкілдерінің-Чернышевскийдің, Добролюбовтың, Ушинскийдің әсерімен қалыптасты. Алтынсарин 70 және 80-жылдары "Оренбурский листок" газетіне мақала жазып тұрған. Аталмыш газет бетінде оның "Қазақ хрестоматиясы" кең түрде насихатталды. Алтынсариннің "Қазақ хрестоматиясын" жұрт газет, журналдың орнына пайдаланды, өйткені ол кезде мерзімді ұлт баспасөзі жоқ еді. Оның бұл кітабы әрі оқулық, әрі көпшілікке арналған публицистика және көркем әдебиет шығармаларының жинағы, халыққа әр түрлі білім беретін энциклопедияның ролін атқарды.
Алтынсариннің көркем шығармаларының негізгі тақырыбы халықтың арасындағы теңсіздік. Ал оның сөз қолданысына келер болсақ, ол өзінің айтпақ ойына астарлы мағына беріп, көркемдеп, сөз маржанын бір тізбекке тізе білді.Көбінесе сатиралық тұрғыда қалам сермеді. Ол сонымен қатар көркем шығармаға қажетті талаптардың барлығын бір арнаға құя білді. Көне сөздерді жиі қолданды. Ол реалистік бағыттағы жаңа жазба әдебиетінің ірге тасын қаласумен қатар, қазақтың бұқарашыл публицистикасының негізін салушылардың бірі болды.
Енді қазақ халқының тағы бір майталман ұлдарының бірі Бейімбет Майлиннің өзіне тән стилі мен шеберлігін сөз етсек.
Бейімбеттің – жазу стилі мен шеберлігі бөлек, өзгеге ұқсамайтын публицист қаламы жүрдек журналист. Оның публицистикасында өзіне тән шеберлігінің қыры мен сыры айрықша ерекшеленеді.
Реалистік өмірде болған, көзімен көрген жайлардан, құбылыстардан, оқиғалардан әсер алып жазатындығы, көркем туындыларына, публицистикаларына нақты, бар адамдардың қоғамдық мәні бар - әрекеттерін арқау етіп, пафосты астар, көркемдік әр беретіндігі.
Бейімбеттің көркем туындылары да, газеттік публицистикалары да тек өмірдің бейнелі көркімен мағыналы мазмұны десе болғандай. 20-30 жылдары күрделі оқиғаларға Бейімбет Майлин өмірден өрілген пафосты публицистикасымен, журналистик жалынды үнімен араласты. Әсіресе, очерктерінде, проблемалық мақаларында, хат – хабарларында нағыз өмір бар, өзінің көріп, көңіліне түйгендері айшықты реңде қағазға түсірілген. Мысалы: "Кедей баласы".
Бейімбет очерктер жаза жүріп оларға ат қоюдағы шеберлігін жетілдіре береді. Фельетон, мақалалар жазу үстінде машықтанғаны сонша, очерктерінде де дәлме-дәл, мазмұнына сай, жұп- жұмыр, келісті аттар таба білді.Ал тіліне келер болсақ монолог, диалог, реплика, теңеу, суреттеу, метафора тағы басқа тілдің көркемдігін арттыратын тәсілдерді кеңінен қолданған Бейімбеттің бұл жөніндегі қырлары сан- алуан. Оның стилі, тілі жөнінде көптеген пікірлер бар.Айталық, Сәбит Мұқанов былай деген: "Майлыұлы Бейімбеттің өз алдына өзгеше стилі бар. Оның стилінде ашық түсінік, ойлаулы сөз, дәлдік ұғым бар. Ол сөздің жазба түрде сұлулығын көп құрмайды. Оның тілі түсінуге жеңіл қара шаруаның тілі, кедейдің, батырақтың тілі".
Бейімбет табиғат бейнесін жазуға құмар, әрі бейнелеуге шебер қаламгер.
Кемел ой толғап, қаламынан жалынды сөз тудырған келесі дарынды жанның бірі-Жиенғали Тілепбергенов. Оның "Ізбасар" жинағындағы бір топ шығармалары "сатиралық суреттемелер" деген жалпы тақырыпқа топтасқан. "Сатиралық әңгіме ешкімді, өмірлік ешбір фактоны атамай, "осындайлар бар-ау деп ойға түйген жалпылағыш сипаттағы факті, пікірге негізделіп жазылады да, әшкерелеуді емес профилактика жасауды жағымпаз қылықтардан алдын-ала сақтандыруды мақсат етеді". Жалпы Жиенғали шығармалары шағын көлемде жиі кездеседі. Олардың сюжеті қызықты құрылады, аз сөзбен көп мағына беру, оқырманға ой салатын түйін түю басым жатады. Жазушының бұл ерекшеліктерін осы жылдары ана тілінің және журналдарда жарияланған "Шәйдің кесірі." (Әйел теңдігі. 1927жыл. №4), "Есбикенің егіні" (Әйел теңдігі. 1929жыл. №2-3), "Бақсам бақ екен" (Жаршы. 1929 жыл.№4-5), "Үш күн", "Көк көйлек" әңгімелерінен аңғара аламыз.
Жиенғали Тілепбергенов қаламгерлігінің келесі бір қыры- оның драмалық шығармаларынан танылады. Егер жазушы туындыларын тереңдете зерделеп көрсек, олардың жазылуы мәнеріндегі сахналық сөйлеу әдісіне бейімділігін бірден аңғаруға болады. Жазушы көркем әңгімелерінің өзінде кейіпкер мінезін диалогтар арқылы ашуды ертерек қолдана бастаған. Оның соңында қалған үш кітабының екеуі драмалық жинақ екендігі де содан болуы керек .
Жиенғалидің екі драмалық жинағының алғашқысы "Перизат-Рамазан", екіншісі "Тілші" деп аталатын газет тілшілерінің тұрмысынан алынған ойын кітабы. Ол өзінің шығармашылығың ең шыңдалған шыңы өз поэмаларының өзектілігінде.
Өнердің көп салаларының ішіндегі ең бір қадірлісі әрі қасиеттісі - көркем әдебеит. Оның өнердің өзге түрлерімен әлгідей бірлігі бола тұра өзгешелігі де мол. Сөз өнері сурет пен музыка секілді жалпыға бірдей жетімді деу қиын: сөз-бояу немесе дыбыс емес, барлық халыққа бірдей түсінікті бола алмайды. Әр ұлттың өзгеден ерекше өз тілі бар, әдеби шығарма сол тілде ғана туады.
Көркем сөз-құдіретті нәрсе! Оны әзілге саю да, оны әжуалау да-ақылдан кенде пенденің қылығы. Тарих мұнары бұлдыратып тастаған заманалар мен дәуірлерге қараңыз! Парасат дүниесінің биік шыңдары ғана ақыл мен ой аспанының алып тіреулеріндей қадау-қадау шаншылып тұрып қалған. Олар кімдер? Хан ба, патша ма? Жоқ, білім мен өнер иелері – ғалымдар, жазушылар. Тума көркемдік қабілет кез келген кісіде бар. Олай болмаса, кез келген кісі өнерді де, көркем әдебиетті де жан – жүрегімен қабылдап, сезіне, түсіне алмас еді.
Жазушы өз кейіпкерінің қимылын жеке – дара алмай, оның сөйлеген сөзімен ұштастыра суреттеп, оған өзінің авторлық көзқарасын білдіргені арқылы ол сомдап отырған кейіпкердің кім екенін, қандай мінез – құлықтың адамы екенін тасқа таңбалағандай білуге болады.
Көркем шығарма – нағыз суреткерлік әрекеттің нақты нәтижесі, әдеби еңбектің көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын затты дерегі. Сәтті шыққан көркем шығарма – бір жазушы келесіндегі ғана емес, бүкіл әдебиет көлеміндегі кесек құбылыс, бүкіл өнер әлеміндегі тұрлаулы тұлға дейтін болсақ, образ – осынау өнер туындысындағы көп тұлғалардың бірі.
Әдеби шығармаға әділ сын айтар адам шығарманың тіліне, автордың сөз өрнегіне қарауы шарт. Жазушының шеберлік мәселесі бәрінен бұрын тілден басталатыны даусыз. Демек, көркем тіл жайы - әдебиет туралы ғылымның ең өзекті мәселелерінің бірі.Әдеби шығарма тіл арқылы жазылса, тіл сөзден құралады. Ал әр сөз о баста образдан туған. Келе – келе көп образдар ұмытылған да, олардан туған сөздер ғана қалған.
Жазушының тілі шұрайлы, сөздік қоры мол болуы керек. Бұл – қалам иесіне қойылар бұлжымас талап. Тіл байлығы сөз өнеріндегі мазмұн байлығына әкеледі. Ал халыққа қажет шығарма – мазмұнды шығарма.
Жазушының тілі бай болуға тиіс. Ол өзінің сөз қорының молықтыру үшін жалпы халықтық тілдің телегей – теңіз бай қазынасын, мүмкіндігінше, молырақ игеруі, оның қилы – қилы қиын әрі қызық құбылыстарын жете түсінуі, әр сөздің мәні мен мағынасындағы ұланғайыр өзгертулер мен өңдеулерді, ауысулар мен алмасуларды, құбылулар мен құлпыруларды дәл аңғара білуі қажет. Сонда ғана жазушы әр сөзді таңдап, талғап, тауып, ойды анық, сезімді нәзік жеткізер тың және тартымды суреттер жасай алады. Егер жазушы әр сөздің әр сипаттағы тура һәм туынды мағыналарын жіті айыра танып, әрқайсысын тек өз орнында ғана ұтымды қолдана алса, сөзбен жасалған суреттегі ой мен ұғым, сыр мен сезім дәлдігіне жетеді де, осы арқылы шығармаға әсерлі эмоциялық күш дарытады. Ал баяндау мен суреттеудегі дәлдік – жазушы шеберлігінің ең ірі қырларының бірі.
Қолданған әдебиеттер:
- З.Қабдолов. "Сөз өнері"
- Серікқали Байменше. "Елін сүйген ерен жан"
- Тоқтар Бейісқұлов. "Қанатты қаламгер
- Ә.Ахметов. "Халық перзенті"