1. Рефераты на казахском
  2. Қазақ әдебиеті
  3. Көне Грек әдебиетінің архаикалық дәуірі

Көне Грек әдебиетінің архаикалық дәуірі

Антикалык әдебиет курсының пәні – көне грек және рим құлиеленушілік қоғамдарының әдебиеті. «Антик», «антикалық» деген термин «antiquus» деген латын сөзінен туған. Оның мағынасы «ежелгі, ертедегі, көне» болады.

Антикалық әдебиет деп қазіргі біздің заманымыздағы жоқ әдебиетті атайды. Оны біз не үшін оқып білуіміз қажет? Біріншіден, антикалық әдебиет – Батыс Еуропа әдебиетінің бастауы. Грек және рим мәдениеті Еуропаның ежелгі өркениеті болып есептеледі. Мәдениет тарихында антикалық әдебиет ерекше орын алады. Ол бүкіл дүниежүзілік мәдениеттің дамуына зор ықпал жасады. Сонымен қатар, антикалық әдебиеттің бірнеше негізгі қасиеті бар:

1) антикалық әдебиеттің маңыздылығы, ақиқатты кең қапсыруы, адам, қоғам, табиғаттың қарым-қатынастарын көрсетуі (мысалы, қазіргі кездегі маңызды мәселелер – адам және саясат, әйел адамның қоғамдағы ролі, экология т.б. проблемалар сол кездің өзінде-ақ көтерілген);

2) антикалық әдебиеттің өмірге орайлығы;

3) антикалық әдебиеттің саяси мазмұнды болуы (сол кездегі болған саяси оқиғалардың барлығы антикалық  әдебиетте бейнелеуін тапты);

4) антикалық әдебиеттің өзінің заманының тілектеріне сай келген және көп ғасырлардан өтіп, балаусалығын жоймаған көркем шығармаларды жаратуы (қанша ғасыр өтсе де, антикалық әдеби шығармалар әлі күнге дейін өз қызығын жоймаған);

5) антикалық әдебиеттің көркем түрлерінің әр алуандығы (грек және рим әдебиетінде сол кездің өзінде-ақ жаңа заман әдебиетінің барлық жанрлары болған; олардың көбі әлі күнге дейін антик атауларын сақтаған, мысалы: лирика, эпос, поэма, драма, трагедия, комедия, роман);

6) антикалық әдебиетте мифологияның зор роль атқаруы (басқа әдебиеттермен салыстырғанда, антикалық әдебиетте мифологиялық бейнелер орасан зор  роль атқарады).

Антикалық әдебиеттің негізін грек және римдік ақын-жазушыларының әдеби мұралары құрайды. Бірақ антик дәуірінің ескерткіштерінің көбі сақталмаған, ал сақталғандардың ішінде бізге толығымен жеткендері аз. Біздің заманымызға дейін жеткен дүниелердің ішінде – Эсхил, Софокл, Еврипидтің шығармалары. Мысалы, Эсхилдің 90 пьесасынан толығымен 7 жеткен, Софоклдың 123 драмасынан 7 қалған,  Еврипидтің 92 шығармасынан 19 жеткен.

Антикалық әдебиетке әр түрлі уақытта көптеген ақын-жазушылар назар аударған. Антикалық әдебиеттің сюжеттері мен сарындары орта ғасырлардағы Вергилий («Энеида» поэмасы), ХVІІІ ғасырдағы И.В. Гете, И.Ф.Шиллер (Прометей туралы поэмалары), ХІХ ғасырдағы Д.Г.Н.Байрон, П.Б.Шелли шығармаларында кездеседі.

Грек әдебиеті.

Еуропаның оңтүстігінде шағын ғана таулы ел – Греция орналасқан. Б.э.б. ІІ мың жылдықтарда Грецияның неғұрлым құнарлы аймақтарында құлиеленушілік құрылыс қалыптаса бастап, мемлекет пайда болған. Ежелгі гректер жат елдердің ұлан байтақ жерлеріне тарап, қоныстанса да, өздерін біртұтас халықпыз деп есептеді. Олар отанын Эллада деп, ал өздерін эллиндерміз деп атаған.

Грек әдебиеті  грек халқының құл иелену заманында туған, Еуропадағы ең  көне әдебиет.

Грек әдебиетінің кезеңдері:

І. Архаикалық кезең – б.д.б. V ғ. басы;

ІІ. Аттикалық кезең – б.д.б. V-VІ ғ.;

ІІІ. Эллинистикалық кезең – б.д.б. ІV-І ғ.;

IV. Римдік кезең – б.д.б. І ғ. аяғы;

Антикалық әдебиеті дамуының бірінші кезеңі – архаикалық кезең. Бұл кезеңге халықтың ауыз әдебиеті жатады. Біздің заманымызға дейін антикалық ауыз әдебиетінің үлгілері жеткен жоқ. Бұл кезеңнен тек қана б.з.д. VI ғ. жазылған грек әдебиетінің екі ұлы ескерткіші – «Илиада» және «Одиссея» поэмалары сақталды.

Екінші кезең – грек классикалық әдебиетінің құрылуы мен гүлденуі. Бұл кезең классикалық кезең деп те аталады. Осы кезеңде лирика, драма, прозаның көп түрі дүниеге келген. Екінші кезеңге грек философтарының, тарихшы, шешендердің  еңбектері жатады.

Үшінші кезең – антикалық әдебиеттің эллинистикалық кезеңі.

Төртінші  кезеңге рим әдебиеті де кіреді, сол себепті бұл кезеңді римдік кезең деп атайды.

Гректердің мифиологиялық образдар мен сюжеттерді мол пайдалануы грек әдебиетінде алуан жанрлардың тууына негіз болды. Көне дәуірде яғни б.ғ.д. 97 ж. құл иеленушілік пайда болған кезден бастап грек халқының өмірі түбегейлі өзгерістерге ұшырады. Оның әдебиеті туып, өркен жая бастады. Алайда, грек мифологиясы әдебиетінің негізгі арқауы болып қала берді. Бұл кезеннің ұлы ескерткіштері  - «Илиада» мен «Одиссея». Ру - тайпалық қарым-қатынастардың күйреу кезінде Гесиодтың (8-7ғ.) дидактикалық поэмасы «Теогония» (құдайлардың тегі) туды. Бұл дәуірде  лирика жетекшілік роль атқарды. Б.з.д. 6 ғасырда Анаксимандр, Анаксимин, Гераклит сияқты философтар сөздерінің ой-пікірлерін прозалық трактат түрінде жазды. Өмірде болғанды  хроника жолымен хабарлау –тарихнаманы, ал өмір көрінісін фольклорлық сыңайда баяндау - новелланы туғызды. Құл Эзопқа байланысты аңыз-әңгімелер – осының бір көрінісі. Эзоп тек прозалық фольклордың негізгі кейіпкері ғана емес сонымен қатар талай мәнді  де құмарлы мысалдардың авторы болды деген жорамал бар.

Ежелгі грек әдебиетінің  ең бір гүлденген шағы Аттика дәуірі, бұл кезде яғни 5-4 ғ. Афина мәдени биігіне  көтерілді. Осы кезеңде Эсхил өзінің «Парсылар», «Орестея», «Данаиды», «Прометей» сияқты шығармаларымен трагедия жанрының шоқтығын көтерсе, Софокл «Антигона», «Филоктет», «Эдип патша» арқылы драма жанрын қалыптастырды. Сол дәуірдің  үлкен тұлғасы  Еврипидтің «Медея», «Ипполит», «Геракл» т.б. шығармаларында адамның іс-әрекетін, күйініш-сүйінішін көрсетті.

Ежелгі грек мифологиясы.

Эгей теңізі аймағында ежелгі тұрғындарының ой-санасында барша табиғат күштері мен құбылыстары аса құдіретті, мәңгі жасайтын тіршілік иелері құдайлар кейпінде бейнеленіп, адам баласына тән барлық сезімдермен (қуаныш, қайғы, ашу-ыза, қызғаныш, өшпенділік т.б.) керемет кіршіксіз адамдар түрінде елестеген.

Ежелгі грек мифтері ішінара тәңірілік әрекеттер туралы баяндаса, ішінара ғажайып құдірет-күш, ептілік пен батылдық дарыған әр алуан ерлі-зайыпты құдайлар ұрпағы есептелетін қаһармандардың ерліктері мен бастан кешкен оқиғаларын суреттеуге арналған. Жерорта теңізі әлемі халықтарының арасында кеңінен тараған бұл бағзы хикаялар мен аңыздарды римдіктер де пайдаланған. Жаңа дәуірде ол хикая аңыздар ежелгі грек мифологиясы дейтін ортақ атаққа ие болды.

Гректер құдайлар Грекияның ең биік тауы Олимпте тұрады деп сенді. Оларды Олимп құдайлары деп атады (Зевс және негізгі құдайлар). Гректер Олимптегі құдайлар тұрмысын шонжарлардың тұрмысына ұқсатты. Шонжарлар тайпаларды қалай басқарса, Зевс бастаған «Олимпиялықтар» адамдар мен табиғатты солай басқарды. Құдайлар да мансапқор, қатал, кекшіл келеді-міс. Құдайлар біреуді бай әрі шонжар, енді біреуді кедей, тағы біреуді құл етіп жаратқан. Кімде-кім құдайлар орнатқан тәртіпке қарсы шықса, ол адам құдайлардың қаһары мен аяусыз жазаға ұшырайды-мыс.

«Бұлт айдаушы» Зевстің еркімен жаңбыр жауады немесе қуаңшылық болады. Өзін ашуландырған адамдар мен құдайларды құдіретті Зевс алтын жебелермен – жай оғымен жайратады-мыс.

Гректер «Жерді тербетуші» – теңіз құдайы Посейдоннан қаһарлы Зевстен кем қырықпаған. Посейдон өзінің үш тісті орасан зор найзасымен жерді сілкінтіп, теңізге алапат дауыл тұрғызып, кемелерді суға батырып жібереді.

Күн құдайы Гелиос ақша қардай аппақ аттар жегілген алтын арбасымен аспанда жүріп өткенде күн туады-мыс. Жарық пен өнердің құдайы – Аполлон.

Күзде өсімдіктердің қурауы мен көктемде табиғаттың жандануы құнарлылықтың әйел құдайы Артемидаға байланысты болған.

Адам өлген соң, оның жаны жер асты патшалығының әміршісі қатыгез Аид билік ететін, өлген адамдардың  қапас жер асты патшалығына түседі-міс. Аидтың аяғының астында үш басты төбет отырады, ол жер асты патшалығына келгендерді кіргізеді де, бірақ одан ешкімді де шығармайтын болған.

Гректер басты құдайларды мәңгі өлмейтін, сұлу, тұлғалы, алып адам бейнесінде елестетті. Ал орман құдайлары сатырларды үсті-бастары жүн басқан ешкі аяқты, ешкі құлақты адамдарға ұқсатты. Бұлақтардың әйел құдайларын қыз түрінде бейнелеп нимфалар деп атады.

Шаруашылықтың әр саласының, егіншіліктің, мал шаруашылығының, аңшылықтың, қол өнердің әрқайсысының қамқоршы құдайлары бар деп саналды.

Шарап жасау ісінің құдайы Дионис адамдарға жүзім өсіріп, шарап жасауды үйретсе керек. Оның құрметіне мейрамдар өткізіліп отырған.

Гректер металл өңдеуді игере бастаған кезде ұсталардың жарылқаушысы – Гефест құдай туралы аңыз шықты. Гефест жер астындағы ұстаханада өзі жұмыс істейді екен. От пен түтін атқылап жатқан жанар таулар оның жер астындағы ұстаханасынан шығады. Гефест үстіне қолөнершілердің қарапайым киімін киеді, беті-қолы қап-қара, күйе болып жүреді-міс.

Сауда-саттықтың өркен жаюына байланысты оның жарылқаушысы – Гермес құдай пайда болды. Ол Зевстің тапсырмасын орындап, бір қаладан екінші қалаға ұшып жүрген. Сондықтан көбіне ол сандал, қалпақ киген қанатты адам кейпінде бейнеленген.

Зевстің әйелі Гера – неке, ана мен баланың  қамқоршысы. Артемида –  аңшылық құдайы, Аполлон – өнер, жарық құдайы, Афродита –  сұлулық, махаббат құдайы, Арес  – соғыс құдайы, Афина –  қалалардың қамқоршысы, Тюхэ  – бақыт құдайы,   Ника – жеңіс құдайы, Фемида –  заңдарды сақтаушы құдай, Мойралар –  тағдыр құдайлары, өлім құдайы  – Танат, ұйқы құдайы –  Гипнос,  Пан  – орман құдайы, табиғаттың қамқоршысы, Эрида  – араздық құдайы т.б..

Антикалық шығармаларда мифтік әңгімелер жиі кездеседі, әсіресе грек өнерінің көптеген шығармаларында құдайлар мен қаһармандар образы бейнеленген.

Антикалық грек-рим мәдениеті осы заманғы барлық еуропалық халықтардың мәдени дамуына өте күшті ықпал жасады. Грек жазуы көптеген алфавиттерге негіз болды. Гректің толып жатқан сөздері қазіргі тілдерге де енді: «школа», «арифметика», «театр», «хор», история» т.б. Күнделікті әңгімеде ескі грек мифологиясынан алынған есімдер, атаулар, бейнелі сөздер жиі қолданылады: «титандық күрес», «молшылық мүйізі», «бүлік алмасы», «олимпиялық жайбарақаттық», «ахиллес өкшесі», «тантал азабы»,  «сизиф еңбегі» т.б. Грек есімдері – Петр – «тас», Алексей – «қорғаушы», Георгий – «егінші», Галина – «желсіз тымық теңіз айдыны». Қазіргі астрономиядағы көптеген планеталардың, жұлдыздар мен тұтас  жұлдыздар шоғырларының аттары антикалық мифологиядан алынған.

Еуропаның әр түрлі елдерінің жазушылары, суретшілері мен сазгерлері грек мифологиясының эпизодтарын өз шығармаларына сюжет етті: С.Боттичелли («Венераның тууы», «Көктем» картиналары), Рубенс («Персей мен Андромеда»), Рембрандт («Даная»), Пуссен («Спящая Венера и Амур»), У.Шекспир («Венера мен Адонис»), Глюк («Орфей» операсы), В.А.Серов («Европаны ұрлау»), М. Врубель («Пан» картинасы).

Грек мифологиясының сюжеттері бойынша Мәскеуде Үлкен театр, Санкт-Петербург қаласында Мемлекеттік Эрмитаж, Петродворец т.б. (Кусково) сәулетті үйлер мен бақтар безендірілген. А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов өлеңдерінде мифологиялық кейіпкерлер жиі қайталанады.

Гомердің эпостары.

Грек  әдебиетінің ежелгі ескерткіштері болып «Илиада» және «Одиссея» поэмалары саналады. Антик әлемінде сол поэмалардың авторы ұлы ақын соқыр Гомер деп есептелген. «Илиада» және «Одиссеяның» шығарылған уақыты туралы ешқандай мәлімет жоқ, сондықтан осы екі поэмаға байланысты әлі шешілмеген күрделі мәселелер  көп. Осы проблемалар әдебиетте «Гомер мәселесі» деп қаралады.

Екі поэманың сюжеті Троя соғысы туралы аңыздар циклынан алынған. Троя соғысы деп гректердің Троя немесе Илион қаласына жорығы аталған. «Илиаданың» аты Илион қаласының атынан шыққан (гректер Трояны солай атаған). Аңыз бойынша Троя бекзадасы Парис өзін жақсы қарсы алған қонақжай патша Менелайдың сұлу әйелі Еленаны және көптеген қазынасын ұрлап кетеді. Ашуланған Менелай ағасы Агамемнонмен барлық грек аймақтарынан жорыққа әскер жинап, Трояға аттанады. Грек жасағы Агамемнонның басшылығымен Трояны қоршап, он жылға дейін қалаға кіре алмайды. Тек айлакер батыр Одиссейдің арқасында гректер ағаш ат жасап, соның ішіне тығылып, Трояға кіреді. Трояны өртейді, Еленаны Менелайға қайтарады. Бірақ грек батырларының отанына қайтуы қайғылы болады: біреулері жолдан қаза табады, ал біреулері үйлеріне оралғанша түрлі теңіздерді кезіп шығады.

«Илиада» 15700 өлеңнен тұрады. Оны антик ғалымдар 24 кітапқа бөлген (грек алфавитінің саны бойынша). «Илиадада» соғыстың оныншы жылындағы оқиғалар суреттеледі.Поэмада соғыстың қалай басталғаны және оның барысы айтылмайды. Поэманың тақырыбы бірінші өлеңінде айтылған: «Гнев, богиня, воспой Ахиллеса, Пелеева сына...». Ахилл (Ахиллес) – фессалиялық патша Пелей мен теңіз құдайы Фетиданың ұлы, ахейлік батырлардың ең батылы, «Илиада» поэмасының негізгі бейнесі.

Трояны ұзаққа созылған қоршаудың сәтсіз болуы мен шығынға ұшырауы жауынгерлердің рухын түсереді. Оларды жігерлендіру үшін көсемдері халық жиналысын шақырды. Троя қаласы түбінде ұрыс қайта басталады. Гректердің ішіндегі ең таңдаулы жауынгер құдіретті «желаяқ» Ахилл (Ахиллес) болатын. Троялықтардың ең күшті де батылы Гектор еді. «Илиадада» сол екеуінің арасындағы жекпе-жек пен Гектордың өлімі суреттеледі.

Поэманың әрекеті  салыстырмалы планмен жүргізіледі: Олимп үстіндегі құдайлар және Трояның айналасындағы адамдар.  Поэмада шайқасқа құдайлар араласқаны айтылады, олардың біреулері гректерге, екіншілері троялықтарға жақтасады.

Ұрыс үстінде Ахиллдің досы Патрокл қаза табады. «Илиада» Патрокл мен Гектордың  жерлеуін суреттеумен аяқталады. Троя соғысының ақыры туралы поэмаға енбеген аңызда айтылады.

Гомердің «Одиссея» атты екінші поэмасының тақырыбы – Троя соғысынан қайтып келе жатқан Итака аралының патшасы Одиссейдің басынан кешкен шытырман оқиғалары. «Одиссеяның»  негізгі сюжеті – «күйеудің оралуы». Аңыздарда осындай сюжет көп кездеседі: күйеуі ұзақ таңғажайып саяхаттан үйіне келгенде, оның әйелі басқа біреуге күйеуге шығайын деп тұрған жерінде, тойдың бей-берекетін шығарады. Гомердің поэмасында Одиссейдің жоғында оның сенімді әйелі Пенелопаға көптеген батырлар құда түседі, сол себептен оның ұлы Телемах шыдай алмай әкесін іздеуге кетеді. Бұл жерде поэмаға екінші сюжет қосылады: «әкесін іздеген ұл» туралы. Бұл сюжет бойынша әкесінің жоғында туған ұлы оны іздеуге кетеді ; әкесі мен ұлы кездеседі, бірақ бір бірін танымай, ұрыс бастайды. Бір варианттарында бұл сюжет қайғымен - әкесінің немесе ұлының өлімімен аяқталады. Басқа варианттарда екеуінің татуласуымен бітеді. «Одиссеяда» бұл сюжет жартылай берілген - әкесі мен ұлының кездесуі, ұрысқа дейінгі сюжет алынған.

«Одиссея» «Илиаданың» жалғасы екені белгілі, себебі онда Троя соғысынан кейінгі оқиғалар баяндалады. «Илиададай» «Одиссея» 24 кітапқа бөлінген. «Одиссеяның» құрылысы (композициясы ) «Илиададан» күрделі. «Илиаданың» сюжеті бір ізді келсе, «Одиссеяның» әңгімесі әрекеттің ортасынан басталады. «Илиададан» гөрі «Одиссеяда» бас кейіпкер бейнесіне ерекше көңіл аударылған.

Гомердің екі поэмасы әдебиеттің ұлы туындыларына жатады, олар эпостың классикалық үлгісі болып саналады. Гомер эпосын «көне заманның энциклопедиясы» деп атайды. Жыршы тек қана өзінің кейіпкерлерінің тұрмысын емес, өзге жерлердің де таңғажайып ерекшеліктерін (түрлі халықтардың өмірін, әдет-ғұрыптарын, т.б.) көрсетті. «Илиада» мен «Одиссея» адамгершілік, өмір сүйгіш т.б. асыл қасиеттерімен дүниежүзілік әдебиетте ерекше орын алады. «Илиадада» соғысып жатқан екі жақ бірдей сүйіспеншілікпен суреттеледі. Поэмалар ерліктің, адамгершіліктің даңқын шығарады.

Гомер поэмалары халық поэмалары, өйткені олардың тамырлары грек фольклорынан тарайды. Поэмаларда грек халқының ең жақсы қасиеттері бейнеленген. Олар бүкіл Грекия аймақтарына тарап, сол кездегі тәрбиенің негізі болып есептелген.  Поэмалар үлкен мейрамдарда орындалған. Оларды айтатын жыршыларды рапсод деп атаған. Гомердің поэмалары салтанатты өлең – гекзаметрмен жазылған. Гекзаметр алты стопадан құрылған, антикалық өлең шығару өнерінде ұйқас болмаған.

Гомердің зерттеушілері.

«Илиада» және «Одиссея» поэмалары антикалық әдебиетте Гомер атты зағип ақынмен байланысты. Антикалық әдебиетте Гомерге байланысты сұрақ өте көп. Ол туралы ешқандай дерек сакталмаған. Гомер деген кім, қайда туып-өсті? Гомердің аты аңызға айналған, оның өмірбаяны да таласты. Гомердің туған жері де белгісіз. Антикалық әдебиетте Гомердің атамекені деп жеті қала аталған, соның ішінде Троя. «Гомер» деген сөздің өзі ерте заманда кішіазиялық гректерде «соқыр» деген мағына білдірген. Аңыздарда да Гомердің соқыр болғаны айтылған, сондықтан ежелгі мүсіншілер мен суретшілер оны қашанда да соқыр қария етіп бейнелеген.

Кейбір антик ғалымдарда «Илиада» мен «Одиссея» екі автордың  шығармасы деген пікір болған. Ғалымдардың көпшілігі екі поэманы Гомердің атымен байланыстырады. Мұндай қарама-қарсы пікір «Илиада» мен «Одиссеяның» стиліне байланысты. «Илиаданың» стилі көтеріңкі де, «Одисеяның» стилі жайлы болып келеді. Оны зерттеушілер былай деп түсіндіреді: «Илиаданы» ақын жас шағында, ал «Одиссеяны» қартайған кезде шығарған. Поэмалардың әрқайсысы жеке ақынның қолынан шыққан дегенге ешкімнің күмәні жоқ. Тек «Илиада» мен «Одиссеяны» жазған бір адам деген пікір таласты болды.

Антикалық әдеби сынның қойған екінші сұрағы: поэмалардың сол алғашқы түрінде сақталуы. Гомер жазуды білмеген, сол себептен оның шығармалары ауызша, тек қана жыршылардың есінде сақталған. Писистраттың арқасында бөлек-бөлек өлеңдер жиналып біріктірілді (б.д.д.VI ғ.). Жазусыз заманда мұндай үлкен поэмаларды шығару мүмкін емес, «Илиада» мен «Одиссея» бөлек өлеңдердің жинағы деген пікір болды (Вольф). Вольфтың ойынша, поэмаларға кірген өлеңдердің көпшілігі бір жыршының шығарғанына жатады, ал қалған өлеңдер – кейінгі ақын-жыршылардың қосқандары.

Германның теориясы бойынша, «Илиада» мен «Одиссеяның» негізінде екі кішкентай эпос жатыр. Кейінгі жыршылар сол эпостарға жаңа материал қосып, оны ұлғайтты, дейді Герман.

В.Г.Белинскийдің айтуы бойынша, «Илиаданы» рапсодтардың жинағы деп қарауға болмайды, себебі оның көркемдік бірлігі соншалық. Сонымен қатар, Гомер эллиндік өнердің өмірі мен өнеріне мәңгілік ескерткіш тұрғызу үшін азды-көпті дайын материалды пайдаланды дегенге де сенуге болады.

Грек лирикасы.

Лирика – көркем әдебиет тегінің бір түрі (эпос, лирика, драма). Лирикада автордың дүниеге қатысы, көзқарасы оның сезімін, ойын, көңіл-күйін, ынта-ықыласын суреттеу, бейнелеу арқылы көрсетіледі. «Лирика» деген термин соңғы кездерде шыққан. Ерте кездерде бұл термин «мелика» деп аталған (melos - өлең). «Мелика» деп ішекті аспаппен қостап айтатын өлеңдердің түрі саналатын. Көбінесе сол өлеңдерді жетішекті лирамен қостап айтқан, сондықтан олар кейін «лирика» деп аталып кетті.

Антикалық классификация бойынша грек лирикасының үш түрі бар. Олар:

1) элегия,

2) ямб,

3) мелика немесе лирика.

Мелика өз алдына тағы екі категорияға бөлінеді: монодикалық (жеке адаммен орындалатын) және хор лирикасы.

Элегия деп Кіші Азияда жоқтауды айтатын болған, көне Ионияда элегия деп өсиет мәнді, маңызды іске шақыратын, әр түрлі ой туғызатын лирикалық өлең саналатын.  Ямб деп егіншілік мейрамдарында бір топ адам немесе бір адамға қарсы айтылатын  өлеңдер айтылған. Бұл өлеңдер мазмұн жағынан сайқымазақ, дөрекі болып келеді.

Лириканың негізгі тақырыбы – махаббат, сүйіспеншілік. Бұл тақырып ежелгі ақын-әйел Сапфоның өлеңдерінде бейнелеуін тапты. Лесбос аралының тұрғыны Сапфо өлеңдері махаббат, сұлулық, нәзіктілік, табиғат тақырыптарына арналған.

Грек лирикасының ямб түрінің өкілі – Архилох (б.з.б. 7 ғ. ортасы), көне Иония әдебиетінің ірі өкілі. Оның шығармаларының тек үзінділері ғана сақталған. Архилох туындыларынан оның жалынды жыршы болғаны байқалады. Архилох поэзиясы  адамгершілік, ерлікке арналған. Өз заманында Архилох ұлы лирик деп бағаланған.

Анакреонт (б.з.б.570-478 жж.) – ежелгі грек ақыны, Кіші Азиядан шыққан. Шығармаларының тақырыбы – махаббат, шарап, сауық-сайран. Бұл тақырыптағы өлеңдер кейін Анакреонт поэзиясы атанды. Анакреонт поэзиясы – махаббатты, шарапты, шаттықты жырлайтын көңілді, жеңіл лирика жанры. Анакреонт поэзиясы Еуропа әдебиетінде Қайта өркендеу және Ағарту дәуірлерінде кеңінен тараған.

  Қазақ тіліндегі рефераттар - Қазақ әдебиеті


Яндекс.Метрика