1. Рефераты на казахском
  2. Қазақ әдебиеті
  3. Қазақ батылары және көркем әдебиет

Қазақ батылары және көркем әдебиет

Ел тағдырын өз тағдырынан биік қойған, ұлтының тұтастығын, жерінің бүтіндігін мұрат еткен қазақ батырлары қазақ тарихының әр белесінде тұлғалық деңгейге көтеріліп отырған. Яғни олар ұлттық тұлға болған.Осы ұлттық тұлға биігіне кімдер көтеріле алған? Осы биік азаматтық мәртебеге, халықтық бағаға кімдер лайықты болған? Және қандай істері арқылы осындай дәрежеге жеткен?

Ең алдымен ұлттық тұлға деген ұғым – тарихи өлшем. Яғни тарихи тұрғыдан ұлт үшін, халық үшін орасан маңызы зор, тарихи мәні терең іс-әрекетке барған, немесе аса жауапты тарихи сәттерде халық тағдырында айрықша орны болған адамға халықтың өзі осындай ұлттық, тұлғалық деңгейге көтеретін бағаны беріп отырған. Міне қазақ тарихының әрбір белесінде осындай орасан зор халықтық мәні бар тарихи оқиғаларға араласқан, немесе осы тарихи оқиғаларды басқарған, ұйымдастырушы болған, немесе асқан ерлік көрсеткен азаматтар – халық батырлары атанған. Ұлттың тұлғалары атанған. Қазақ ұлтының бағына, тағдырына орай Тарих-ана әр ғасырда жаужүрек, батыр ұлдары мен қыздарын мол жаратқан. Ұлт содан аман қалған.

Қазақ жерінің бір сүйемі де осылардың арқасында жаудың қолында кетпеді. Осылайша, ол шеті мен бұл шетіне құс қанаты талатын казіргі кең байтақ өлкемізді, құтты қоныс, ата мекенімізді ұлы жорықтарда батыр бабаларымыз білегінің күшімен, найзасының ұшымен қорғай жүріп бізге аманаттап қалдырды. Осы еңбегі үшін халық биікке көтерген, ардақтап, аттарын аңызға айналдырған батырлардың ішінде, әсіресе, Абылай ханның бас қолбасшылары саналған Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай бір төбе болса, тағы да осылардың қатарында бір шоғыр қазақ батырларының: Қарасай мен Ағынтай, Саңырық пен Тайлақ, Өтеген мен Сұраншы, Сеңкібай мен Шойбек, Малайсары мен Райымбек, Бөлек пен Сатай, Жәнібек пен Тілеуке, Қылышбек пен Естенбек, Есенқұл мен Сыпатай сынды ақберендердің есімдері де айрықша жарқырап көрінеді. Сондықтан осы аттары аталған айтулы батырлардың ел тағдырындағы тарихи орны мен олар жасаған ерлік жорықтарының мәні мен маңызы да бірнеше ғасырлар бойында ел жадынан бір сәтке де ұмыт қалған емес. Жалпы осы аттары аталған батырлардың болсын, немесе әр ғасырда өмір сүріп, әртүрлі тағдыр кешкен басқа да сандаған ұлттық деңгейдегі тұлғалардың қай-қайсысын алсаңыз да олардың тұлғасын алдымен халық ішінен шыққан өнер иелері көркем сомдауға, әдебиет тілінде жырға қосуға ұмтылған. Оның ішінде әсіресе халық ауыз әдебиетінің, яғни фольклордың үлесі дара көрінеді.

Қазақ батырларының бейнесі сонымен бірге жазба әдебиетімізде де, әсіресе прозалық туындыларымызда көбірек сомдалды. ХХ ғасыр әдебиетінің бастапқы кезеңінің өзінде-ақ қазақ қаламгерлері халық жүрегінен берік орын алған осынау айтулы қазақ батырларының тұлғасын қоғамдық-әлеуметтік, тарихи оқиғалармен астастыра отырып қазақ әдебиетіне алып келді.

20–30 жылдардағы және кейінгі онжылдықтар кезеңінде қабырғалы қаламгерлеріміз бен ақын-жыршыларымыз І.Жансүгіров, С.Мұқанов, М.Жұмабаев, М.Әуезов, Жамбыл, Иса, Нүрпейіс, Кенен, Қалижан Бекхожин т.б. өз шығармаларының негізгі кейіпкерлері етіп батырлар тұлғасына қол артуы осыны аңғартады. Қара қыпшақ Қобыланды, Қара қасқа атты Қамбар батыр, Ер Тарғын, Абылай, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай, Батыр Баян, Қарасай, Өтеген, Сұраншы, Саурық, Сыпатай, Райымбек, Махамбет, Исатай, Сырым, Кенесары, Наурызбай, Амангелді, Бекболат, т.б. есімі елге белгілі, қол бастаған немесе ұлт-азаттық күрестің ұйтқысы, басшысы болған батырларымыз бен хандарымыздың көркем әдебиеттегі соқталы бейнесі сап түзеп, осы арқылы қазақтың рухани әлемі жаңа белеске көтерілді, байтақ кеңістікке шықты.

Қазақ тарихының әрбір кезеңі, яғни ел басынан өткен, халық тағдырында терең із қалдырған тарихи, саяси оқиғалар енді нақты тарихи тұлғалардың - қазақ батырларының бейнесі арқылы, солар өмір кешкен, азаттық жолында арпалысып өткен заман, уақыт кеңістігі арқылы көркем шежіреленді. Әдеби кейіпкер ретінде бой көтерген осынау тарихи тұлғалардың көркем, жинақталған бейнесін сомдау енді өз кезегінде қаламгерлер үшін де жаңа суреткерлік, шеберлік мүмкіндіктерге жол ашты. Осы орайда, әрбір әдеби жанрдың көтеретін жүгі салмақ басып, әдеби әдіс-тәсілдердің көкжиегі де кеңи түсті. Осы арқылы дәстүрлі қазақ поэзиясының кең тынысы жаңа құнарлы көркемдік ізденістерге қол артуға қаламгерлерді итермеледі. Ғасырлар қойнауынан тамыр тартқан әдебиет тарихындағы ұзын салқар рухани көшіміздің ең бір асылы мен аяулысы да, яғни рухани құндылықтарымыздың баға жетпес байлығы да қарап отырсақ осы арнадан енші тауыпты.

Ел тағдырындағы батырлардың тарихи орнын бейнелеген, сомдаған өнер туындыларын сөз еткенде біз ауыз әдебиетін, яғни халық мұрасын алдымен атаймыз. Бұл мұралардың аса маңыздылығын, ел тағдырындағы тарихи мәнін біздің аға буын, әдебиеттанушы ғалым- зерттеушілеріміз астын сыза айтып кеткен. Мысалы, қазақ эпостану ғылымында батырлық жырлардың мазмұнына, көркемдік сипатына қатысты алғашқы, құнды ғылыми ой-толғамдарға арна салған маңызды зерттеулер, жинақтар жарық көре бастады. Осынау көркемдік құндылығы аса жоғары халықтық мұраларымыздың ел арасынан, әртүрлі дерек көздерінен жиналып, тұтастырылып, өңделіп, ғылыми тұрғыдан зерттелуі Ш.Уәлиханов, В.Радлов, Ы.Алтынсарин, Ә.Диваев, Г.Потанин, И.Березин, И.Мелиоранский, Н.Ильминский, Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Х.Досмұхамедов, М.Әуезов, С.Мұқанов, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров еңбектерінен бастау алып, кейінгі кезеңдерде де осы үрдіс әдебиеттану ғылымының басқа да белгілі өкілдерінің еңбектерінде жалғасын тапты. Бұл еңбектерде енді халық ауыз әдебиетінің, оның ішінде батырлық жырларымыздың тарихи негіздеріне, осы жырлар өмірге келген кезеңнің әлеуметтік-қоғамдық сипатына да тереңірек талдау жасала бастады.

М.Әуезов, Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайылов, Б.Кенжебаев, М.Сильченко, Н.Смирнова, Ә.Марғұлан, Ә.Қоңыратбаев, М.Ғабдуллин, Р.Бердібаев, С.Садырбаев, С.Қасқабасов т.б. көрнекті қазақ әдебиеттанушы-ғалымдардың 60-70-жылдардағы ғылыми-зерттеу еңбектері, оқулықтары мен оқу құралдары да аса бай халық мұрасының әр алуан көркемдік қырларын талдауға арналды. Осы орайда әсіресе эпостық жырларымыздың танымдық-тағылымдық маңызы, ондағы көркемдік тұрғыдан жинақталған бас кейіпкерлердің образдық тұтастығы, тарихи оқиғалар мен жырларда суреттелетін сюжеттік арналардың арасындағы сабақтастық, поэтикалық құндылықтар, барлығы тарихи-салыстырмалы негізде сөз болады.

Осы орайда қазақ батырларының, яғни эпостың бас кейіпкерлерінің ел тағдырындағы, ұлт тарихындағы орны мен миссиясы да ғылыми негізде, жаңаша ұлттық таным, эстетикалық талғам тұрғысынан шынайы бағасын ала бастады.

Осы іргелі ізденістер қатарында, халық жүрегінде берік орын тепкен, ең бір кең тараған жырларымыз: “Қобыланды”, “Алпамыс”, “Қамбар”, “Ер Көкше”, “Ер Қосай”, “Ер Сайын”, “Ер Тарғынның” мәтіндік табиғатына, лексикалық сипатына байланысты ғылыми ізденістер арқылы қазақ эпосының тілдік қоры мен көркемдік құрылысына, ішкі логикалық тұтастығы мен жанрлық құрылымына да ерекше көңіл бөліне бастады. Яғни батырлық эпостың ішкі құрылымдық негіздері мен ішкі көркемдік болмыс-бітімін тереңдей талдайтын зерттеулердің жарық көре бастауы қазақ әдебиеттану ғылымын, оның ішінде эпостану ғылымын жаңа белеске көтерді.

Қ.Жұмалиевтің “Қазақ эпосы мен әдебиет тарихының мәселелері”, М.Ғабдуллиннің “Қазақ халқының ауыз әдебиеті”, Ә.Марғұланның “Ежелгі жыр, аңыздар”, Ә.Қоңыратбаевтың “Эпос және оның айтушылары”, “Қазақ эпосы және түркология”, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының ғалымдары дайындаған “Қазақ әдебиетінің тарихы”, “Фольклор шындығы”, “Қазақ фольклорының тарихилығы” т.б. іргелі ғылыми-зерттеу еңбектер әдебиеттану ғылымының эпостану мәселелерін кең ауқымда қарастыруға жол ашты. Кейінгі жылдары жарық көрген Р.Бердібайдың “Эпос – ел қазынасы”, “Қазақ эпосы”, “Кәусар бұлақ”, С.Садырбаевтың “Фольклор және эстетика”, “Халық әдебиетінің тарихи негіздері”, О.Нұрмағанбетованың “Казахский героический эпос “Кобланды батыр”, Қ.Сыдиқовтың “Ақын жыраулар”, Е.Тұрсыновтың “Қазақ ауыз әдебиетін жасаушылардың байырғы өкілдері”, С.Қасқабасовтың “Ертек пен эпостың сюжеттік типологиясы” (“Қазақ фольклорының типологиясы” жинағында), Ш.Ыбыраевтың “Эпос әлемі. Қазақтың батырлық жырларының поэтикасы” т.б. еңбектер эпостық жырларымыздың тарихи, көркемдік құндылығын жаңа ғылыми ізденістер арқылы биіктете түсті.

Осының негізінде қазақ фольклоры, әсіресе эпостық жырлардың көркемдік болмыс-бітімі ғылыми танымның бүгінгі талап-тілектеріне сай зерттеле бастады. Бұл зерттеулер қазақ әдебиеттану ғылымындағы халық мұраларын тарихи тұрғыдан жаңаша зерделеудің әдістемесін тың арнаға бұрды. Осылайша, халық мұрасынын әділ, терең, әрі тарихи-салыстырмалы бағасын алуы бір жағынан осы халықтық рухани құндылықтарымыздың көркемдік деңгейінің қаншалықты биік, сапалы болғандығын көрсетсе, екіншіден көркем әдебиетіміздің ендігі өркендеу, өсу белестеріне де таптырмас қазына көзі екендігін аңғарамыз. Яғни дәстүрлі мәдениетіміздің бай арналары кейінгі көркемдік дамуға айырықша серпін берді.

Жалпы, батырлық жырлардың ел тағдырындағы орнын, мәнін айтқанда, әрине әр ғасырдың, әр тарихи кезеңнің батырлық жырларға тигізетін тақырыптық, көркемдік, тілдік ерекшеліктерін де атамай кетуге болмайды. Себебі әр тарихи кезең халық, ұлт алдына айрықша, өзіндік саяси-әлеуметтік, қоғамдық-тарихи мәселелерді өткір қойып отырды. Туған жерді, Отанды қорғау идеясы, осыған қарамай барлық әдеби мұралардың басты идеялық-тақырыптық арқауы болып қалып отырғанын аңғарамыз.

Мысалы, белгілі әдебиеттанушы–ғалым Е.Ысмайылов қаһармандық жырларымыз әрқилы тарихи кезеңдерде дүниеге келіп, сол кезеңдердің тарихи-саяси, әлеуметтік оқиғаларымен терең сабақтасып жатқандықтан төмендегідей саралау жасайды:

1.Қаңлы-Қыпшақ дәуіріне (“Ер Төстік”, “Көрұғлы”, “Алпамыс” т.б.) жырларды жатқызады.

2. Ноғайлы заманының жырлары деп (“Қобыланды”, “Дотан батыр”, “Едіге”, “Орақ-Мамай”, т.б.) мұрараларды атайды.

3. Қазақ пен жоңғар арасындағы күресті суреттейтін, сол тұста халыққа кеңінен таныс, ел тағдырындағы айтулы оқиғалардың бейнесін қайта тірілтетін, қайтара жаңғыртатын жырлар дейді. (Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Өтеген, Сұраншы, Райымбек, Малайсары, Олжабай, Жәнібек, Тілеуке, Саңырық, Сыпатай т.б. батырларға арналып, солардың ерлік жорықтарын, батырлығын, қаһармандығын, ақыл-парасатын, әсіресе отан сүйгіштік қасиеттерін қастерлей отырып жырлайтын туындылар тобын атайды).

Сонан соң ХІХ ғасырдың эпосы деп, бұл топтағы жырларды бөлекше топтап, атап өтеді. Яғни ғалым-зерттеушінің осылай топтастыру, немесе ғылыми жүйелеу арқауында, түптеп келгенде осы аттары аталған батырлар жырларындағы, немесе аңыз-ертегі, тарихи жырлардағы тарихилық негіз бірінші қатарға шығарылған. Демек батырлар жырындағы басты идеялық лейтмотив, алтын арқау алдымен тарихи шындыққа табан тірейді. Яғни белгілі бір тарихи тұлғаның тарихи орны мен оның ел алдындағы тарихи қызметі басты нысанаға алынады.

Жалпы көркем өнердегі, оның ішіндегі көркем әдебиеттегі бейнеленген батырлар тұлғасына назар аударсақ, зер салсақ қазақ қаламгерлерінің үлкен бір шоғыры нақты тарихи болған батырларға, олардың нақты өмір кешкен заманына көбірек қалам тербегенін аңғарамыз. Нақты тарихи тұлғаның образын сомдау бір жағынан авторлар үшін көп ізденісті талап етсе, екінші жағынан ел ішіндегі көне көз қариялардың әңгімесі, немесе ел жүрегінде жатталып қалған аңыз-әңгімелер, жыр-шежірелер барлығы жиылып келгенде қазақ қаламгерлері үшін таптырмас мол рухани қазына көзі болды. Осы халықтық қазынаға табан тіреген ақындарымыз, жыршы-жырауларымыз, прозашыларымыз кейіпкер сомдауға қажетті тарихи деректердің барлығын елдің өзінен алды. Осы арқылы қазақ батырларының көркем әдебиеттегі бейнесінің халықтық сипаты, елдік мән-маңызы тереңдей түсті. Көркемдік биіктіктің ең бір негізгі талабы әдеби бейненің оқырман жүрегіне жақын болуына да қаламгерлер осы жол арқылы жетті.

Бүкіл қазақтың басын біріктіріп, қазақ мемлекеттігінің тұтастығын, қүш-қуатын жаңа тарихи, саяси, қоғамдық-әлеуметтік биікке көтерген ұлы хан Абылайдың төңірегінде топтасқан қазақтың үш бас батыры Қаракерей Қабанбай, Қанжығали Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай, үшеуі де қазақ әдебиетінде терең, әрі көп жырланған тұлғалардың қатарынан орын алады. Басқа ақын-жазушыларымызды айтпағанда, бір ғана Бұхар жыраудың, Ақтамбердінің, Үмбетейдің, Тәтіқара ақынның және тағы да басқа осы кезеңде өмір сүрген ақын-жыраулардың шығармашылығының өзінде осы үш батыр бейнесіне айрықша маңыз беріледі. Жалпы, Қабанбай, Бөгенбай, Баян, Наурызбай сынды атақ-даңқы алысқа кеткен батырлардың тұлғасын биік, көтере, марапаттай жырлайтын, олардың ата-тегін, ата-жұртын, асыл елін өлең-жыр арқауына негіз ететін, жалпы батырлықтың, қаһармандықтың қазақ тағдырындағы тарихи маңызын сипаттайтын өлең-жырлар аз болған жоқ.

Осылардың ішінен Шапырашты Наурызбай батыр туралы көркем әдебиет үлгілерінің өзі бір төбе. Айталық, Наурызбай батырға, оның жаужүрек ерлігіне шығармалар арнаған жыраулар: Бұхар жырау Қалқаманұлының, Үмбетей Тілеуұлының толғаулары, Шәді төре Жәңгірұлының “Тарихат” дастаны, Шапырашты Қазыбек бектің “Түп-тұқианнан өзіме шейін” атты әдеби-тарихи еңбегі т.б. туындылар, жиылып келгенде Абылай ханның арқа сүйеген, қиналғанда қолтығынан демеген, қайраттанғанда дұшпанына жасын болып шүйілген, елін, жерін жаудан сақтаған – хас батыр Шапырашты Наурызбайдың тарихи тұлғасын әр қырынан танытқандығымен құнды болды.

Қалданменен ұрысып,

Жеті күндей сүрісіп,

Сондағы жолдас адамдар:

Қаракерей Қабанбай,

Қанжығалы Бөгенбай,

Шақшақұлы Жәнібек,

Сіргелі қара Тілеуке

Қарақалпақ Қылышбек,

Төкеден шыққан Сатай, Бөлек,

Шапырашты Наурызбай,

Қаумен, Дәулет, Жәпек батыр қасында,

Бақ-дәулеті басында,

Сеңкібай мен Шойбек бар.

Таңсыққожа, Молдабай,

Қатардан жақсы қалдырмай,

Есенқұл батыр ішінде.

Өңкей батыр жиылып,

Абылай салды жарлықты,

Қалдан ханды қашырып, – деген жолдардан басталатын Бұхар жырау толғауында Наурызбай батырдың барлық қаһармандық қырлары, туған елі мен туған жері үшін қасық қаны қалғанша жаумен жаға жыртысып өткен батыр тұлғасының сырт келбетімен қоса, онын рухани жан дүниесіне де баға беріледі. Осы орайда жырау аузымен халық сөйлеп тұрғандай, батыр ерлігіне елдік баға беріліп турғандай әсерде боламыз.

Ал Тәтіқара ақынның бір топ қазақ батырларына арналған келесі:

Бөкейді айт Сағыр менен Дулаттағы,

Деріпсәлі, Маңдайды айт Қыпшақтағы.

Өзге батыр қайтса да бір қайтпайтын,

Сары менен Баянды айт Уақтағы.

Ағашта биікті айтсаң қарағайды айт,

Жігіттік, ерлікті айтсаң Бөгембайды айт,

Найзасының ұшына жау мінгізген.

Еменәлі Керейде, ер Жабайды айт, -

деп келетін өлең - жырында Бөгембай батырдың тұлғасына байланысты жігіттік пен ерлік мінез басты қасиет ретінде қатар көрсетіледі.

Ал Бұхар жырау Абылай ханға бас қолбасшыларының бірі Бөгембай батырдың қазасын төмендегідей тегеурінді де, қуатты жыр жолдарымен жеткізеді:

Қиядан қиқу төгілсе,

Аттың басын тартпаған.

Қисапсыз қол көрінсе,

Қорқып жаудан қашпаған…

Қарсыласқан асылдар -

Қорғасындай балқыған,

Батырың өтті Бөгембай…

Бұл жыр жолдарынан батырдың ерлік жорығын дәріптей отырып, дәстүрлі жыраулық поэзия үлгісінде өмірге келген әдеби шығарма - жоқтаудың бір ұтымды үлгісін көреміз. Мұндай үлгілер сол кезеңдегі қазақ ақын-жырауларының шығармашылығында мол кездеседі. Жалпы, шешендік өнер мен ақындық қуаттың қос арнасын қатар, жарыстыра өріп отыратын, соның тоғысқан тұсында құнарлы, тегеурінді ой-толғамдарын топтап, түйіндеп жеткізетін көркемдік әдіс-тәсіл сол кездегі қазақ поэзиясына етене тән қасиеттердің бірі. Осы көркемдік арналар кейінгі кезде Махамбет, Шернияз, Сүйінбай, Жамбыл, Нұрпейіс, Иса, т.б. қазақ ақындарының шығармашылығынан көрініс тапты.

Сонымен бірге, халық арасында кең тараған, аңызға айналып кеткен әңгіме, жырлардың арқауында айтулы қазақ батырлары Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбаймен әрдайым үзеңгі қағыстырып, бір топта, қатар жүрген батырлар шоғырында: Өтеген, Райымбек, Бөлек, Сатай, Аралбай, Сеңкібай, Шақшақұлы Жәнібек, Қаумен, Дәулет, Жәпек, Есенқұл сынды жаужүрек, ақберен тұлғалардың да аттары аталады.

Бір ерекшелігі – ХVІІІ-ғасырдың бірінші жартысында қазақ елінің жылдар бойы ес жия алмай, аттың жалында, түйенің қомында жүрсе де жоңғар шапқыншыларына қарсы жүргізген күресінде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған осынау қазақ батырларының баға жетпес бірлігі, азаматтық ынтымағы, ұлы достығы қазақ өлең-жырларының барлығында да алтын арқаудай желі тартады.

Жалпы қазақ эпосынан басталып тарихи шығармаларымызға ұласқан, сонан соң жазба әдебиетімізге көшкен осы көркемдік арна – күллі қазақ әдебиетінің ішкі рухани тұтастығын ұстап тұрған басты құндылығымыз. Шын мәнінде, қазақтың алты алашқа атағы кеткен, ғасырлар белесінде бір сәтке де халық жадынан ұмыт болмаған, халық жүрегінен мәңгі орын алған ақберен батырлардың ұлы көшін атақты ақын-жырауларымыз тұтастықта, бөліп-жармай, яғни алдыңғы толқын батырлардың тағылымын кейінгі толқын батырларға аманаттап, солардың қайсар рухынан өздері де қанаттанып, күш-қуат алып өнер сайысында қарсыластарынан үнемі үстем болып отырғанын аңғарамыз. Айталық, жыр алыбы Жамбылдың Шашубай ақынмен әйгілі айтысындағы:

Ерегіссең менімен
Тауып ұстас теңімен.
Еңсеңді үзіп кетермін,
Аспаннан түскен жасындай,
Қаракерей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгенбай,
Шапырашты Наурызбай,
Соларға кезек бермеген
Ұлы жүздің ішінде
Ұраным менің - Қарасай!
Қарасайдың ұлымын,
Айтулының бірімін.
Нар кілемнің түрімін,
Қызыл тілім безеген,
Найзасын тасқа егеген, -

деп келетін өлең жолдары алдаспандай ақындық поэзияның осы арнадағы асыл үлгілері. Осы сарында бейнеленетін қазақ батырларының қатарында Қарасай мен Наурызбайдың, Сұраншы батырдың тұлғалары әсіресе ақиық ақын Сүйінбай мен жыр дүлдүлі Жамбылдың поэзиясында айшықты көрінеді.

Сүйінбай жырларында қазақ батырларының Қоқан хандығына қарсы күресі, сол кезеңдегі ел басына төнген қауіп-қатер, туған жер тағдырына қатысты ақынның терең тебіреністен туған толғаулары жан-жақты көрініс табады. Ақын “Сұраншы батыр” дастанында тарихи кезең шындығы мен тарихи тұлғалардың ел тағдырындағы алатын орнын, олардың ерлік істерін дәстүрлі қазақ поэзиясының арнасында көркем шежірелейді.

Осы жыр жолдарының халықтық рухы, елдік сипаты ең алдымен аталған ақындардың суреткерлік қолтаңбасынан, яғни осындағы жиі көзге түсетін теңеулердің көркемдік қуатынан, алмастай өткір, теңіздей терең ой-толғамдарынан жарқырап көрініп отырады.

Қайталап айтсақ, батырын көкке көтерген, олардың тұлғасын ел махаббатына, жұрт сүйіспеншілігіне бөлеген осынау ақындық, жыраулық поэзияның осындай озық үлгілері кейіннен дүниеге келген жазба әдебиетке де суреткерлік рух берді, құнарлы көркемдік бояу қосты. Мысалы, 60-80 жылдар кезеңінде, болмаса, бүгінгі тұста жазылып, жарық көрген роман-повестеріміздегі батырлар тұлғасына назар аударсақ осыдан бірнеше ғасыр бұрын жасап кеткен жыраулық, ақындық поэзияның нақыш-өрнектері, сол жыр жолдарының суреткерлік қуаты қара сөзімізге де дарығанын аңғарамыз.

 

І.Есенберлиннің, Ә.Әлімжановтың, Т.Әлімқұловтың, С.Бақбергеновтың, Д.Досжановтың, С.Сматаевтың, Ә.Кекілбаевтың, М.Мағауиннің, Қ.Жұмаділовтің, Х.Әдібаевтың, Ә.Сарайдың, Қ.Мұхамбетқалиевтың, Ж.Тұрлыбаевтың және тағы басқалардың тарихи романдарындағы батырлар бейнесі, олардың заманға сай көрініс берген батырлық ерліктері, адамилық қасиеттері, хан-сұлтандармен қарым-қатынасы т.б. суреттеулер, барлығы жиылып келгенде осынау батырлар бейнесінің енді тарихи тұрғыдан тұтасқан, замандар елегінен өткен, бірегей бітім тауып, ірілене, кесектене түскенін байқауға болады.

Жыраулық, ақындық өнердің бай дәстүрлеріне табан тіреген қазақ прозашылары тарихи шындықты көркемдік тұрғыдан жинақтаудың жаңа, өнімді әдіс-тәсілдеріне қол артқанын кейінгі жылдар шығармалары айна қатесіз көрсетті. Сондықтан да, әсіресе 60-80 жылдар аралығында тарихи тақырыпты арқау еткен прозалық шығармаларымыз басқа жанрларға қарағанда тарихи тұлғалар тағдырын, оның ішінде қазақ батырларының ерлік істерін, қаһармандық жорықтарын, олардың кейіпкер ретіндегі ішкі жан дүниесін, рухани болмысын тереңірек бейнелеуге ден қойды. Бұл мақсатта қазақ әдебиеті халық тарихын қайта тірілту, сол арқылы оқырмандар санасында тарихи таным мен тарихи тағылымды қайта жаңғырту, қайта ой елегінен өткізуде өлшеусіз еңбек сіңірді. Ұлттық құндылықтарымыз осылайша бір жаңа қырларымен жарық шаша, құлпыра түсті.

Сондықтан да, әдебиетімізде көп жырланған атақты батырларымыз, ең бастысы, ел басына қатер төнгенде шашақты найза қолға алып, қазақтың жау жүрек ұлдарын бастап басқыншы жауға тойтарыс берген Абылай, Қайыр хан, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгембай, Шапырашты Наурызбай, Өтеген, Сұраншы, Райымбек, Батыр Баян, Кенесары, Науан сынды есімі исі қазаққа аса қымбат, аса аяулы батырлардың әдеби мұраларымызда: халық ауыз әдебиетінде, жыраулық поэзияда, жазба әдебиетте бас кейіпкерлер деңгейіне көтерілу сыры алдыменен олар туралы тарихи жырлардың, тарихи аңыз-әңгімелердің ел арасына кеңінен жайылуында және олардың ұрпақтан-ұрпаққа тарап, жалғасып келе жатқандығында жатыр. Яғни қазақ елінің, қазақ жерінің тағдырындағы Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгембай, Шапырашты Наурызбай батырлардың және осы қатардағы басқа да әйгілі қазақ батырларының тарихи миссиясының мәні мен маңызын алдыменен осы тұрғыдан таразылағанымыз орынды.

Ең бастысы ел тағдырындағы, ұлттық тарихымыздағы әрбір есімі белгілі, халық жадында биік тұғырға көтерілген, халықтық ұғымдағы ел махаббатына, ел сүйіспеншілігіне бөленген батыр-тарихи тұлға ретінде бүгінгі күнде де, қазіргі заманымызда да еш маңызын жоймайды. Әсіресе қазіргі тұста, қолымыз ұлттық тәуелсіздікке жетіп, еліміз ғасырлар бойы аңсаған, армандаған егемендігін алған тұста қазақ батырларының баға жетпес еңбегі, ерлік жорықтары, ең бастысы бір сүйем қазақ жері үшін қасық қаны қалғанша жаумен жаға жыртысып тағдыр кешкені – тарихи танымның, рухани тағылымның баға жетпес биігі осы.

Тәуелсіздіктің бағасын таразылағанда қазақ батырлары жасаған ерліктің, тарихи ерліктің құнын терең қадірлеуіміз қажет. Қазақ батырларының білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғап қалған қасиетті, кең байтақ қазақ жері – бізге, бүгінгі ұрпаққа мұра болып қалған басты игілік осы. Осы, қазақ батырларының қаны тамған киелі жеріміздің қойнауындағы, жалпақ тілмен айтқанда жердің асты, үстіндегі бар байлығымыз – тағы да осы батырларымыздың бізге аманаттаған жан сыры, жүрек нұры. Осыны біз бүгін көздің қарашығындай қадіріне жетіп, сақтай білуіміз парыз.

Қазақ батырлары және олардың ел тағдырындағы тарихи орны дегенде, біз біріншіден, батырлар жырындағы, тарихи жыр, аңыз, дастандардағы тереңнен тамыр тартқан туған жер туралы идеяны бірінші қатарға қоюымыз қажет. Батырлар туралы бірде-бір халық мұрасы осы идеяны айналып өтпеген. Туған жерді қорғау, сақтау, келер ұрпаққа аманаттау, ел бірлігі, ел ынтымағы идеясы-бізге жеткен барлық әдеби мұралардың алтын арқауы осы.

Атақты жырларымыз, сонау “Құбығұл”, “Дотан”, “Құламерген, Жоямерген”, “Алпамыс”, “Қобыланды”, “Қамбар батыр”, “Ер Қосай”, “Ер Көкше”, “Ер Сайын”, “Ер Тарғын”, “Күлтегін”, “Қырымның қырық батырынан” бастап өткен ғасырда ғана жарық көрген жыр алыбы Жамбылдың “Сұраншы батыр”, “Өтеген батыр”, Қ.Бекхожиннің “Науан батыр” дастандары, атақты Қабанбай, Бөгенбай, Қарасай, Райымбек, Малайсары, Саңырық, Сыпатай, т.б. батырлар жайында айтылған, жазылған көркем мұраларды дүниеге келтірген, арқауы үзілмеген тұтас шығармашылық кезеңдердің барлығы осы арнада желі тартады.

Әлдеқашан халқымыздың рухани тірегіне, дүниетанымдық тұғырына айналған бұл жырлардың, аңыз-әңгімелердің, ел ішіне кең тараған шежірелердің, барлығының көркемдік құндылығын да, идеялық бағыт-бағдарын да бағалағанда алдымен осы тарих тағылымына табан тіреуіміз аса қажет. Сонда ғана қазақ аспанында шоқ жұлдыздай жарқырап нұрын шашқан қазақ батырларының мәңгі өшпес рухы ұзақ күткен тәуелсіздігімізді баянды етуге, алған бетімізден адаспауға жол ашады.

Бүгінгі күні Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың осы қолымыз жеткен тәуелсіздігімізді орнықтыру, нығайту мақсатында жүзеге асырып жатқан қыруар іс-шаралары да, мемлекетімізді әлем мойындайтын, жер жүзі танитын деңгейге көтерсем деген арман-мұраты да осы мақсатпен, осы арнада үндесіп жатқанын айтуымыз керек. Ұлы батырларымыздың ұлттық тарихи тұлғалар ретіндегі туған жері, туған елі үшін жасаған баға жетпес ерен ерліктерін де, олардың халық жүрегіндегі орнын да осы тұрғыдан бағаласақ, қадірлеп, қастерлесек қателеспейміз.

Ең бастысы осы идея, осы арнадағы құндылықтар – қазақ әдебиетінің сан ғасырлар бойында жасалған, сандаған кезеңдерді көктей өтіп, бірақ берік ұлттық рухани арқауынан бір сәтке де айырылмаған бай тарихындағы көркем әдебиет үлгілерінің барлығында да басты нысана болған. Сондықтан да осынау әдебиет үлгілерін қазіргі күнге дейін қазақ руханиятының алтын ұстындарындай ұлт үшін, оның болашағы үшін қызмет етіп жатқан қайталанбас қазыналарымыз ретінде қабылдауымыз қажет. Және де ұлттық идеяның алтын діңгектеріндей бой көтерген рухани құндылықтарымыздың барлығы да бір ғана мақсат жолында, бір ғана мұратты көздеп халық жүрегіне жол тартты. Ол мақсат пен мұрат түптің түбінде бізді бүгінгі ұлттық тәуелсіздігімізге, ұлттық мемлекетіміздің мәңгілік баянды болуы идеясына біріктіріп отыр.

 

  Қазақ тіліндегі рефераттар - Қазақ әдебиеті


Яндекс.Метрика