- Рефераты на казахском
- География
- Дүние жүзінің саяси картасы
Дүние жүзінің саяси картасы
Жоспар :
1. Саяси картаның мазмұны.
2. Саяси картаның қалыптасу кезеңдері.
3. Дүние жүзінің саяси картасының объектілері.
1) Саяси картаның мазмұны. Дүние жүзінің саяси картасында елдің әлемдегі орны, саяси – әкімшілік құрылымы бейнеледі. Сонымен қатар саяси картада басты саяси – географиялық өзгерістер : жаңа тәуелсіз мемлекеттердің пайда болуы, елдердің саяси мәртебесінің ауысуы, шекаралары мен аумағының, ел атауы мен астанасының өзгеруі және т.б. көрініс табады. Дүние жүзінің саяси картасындағы заңдылықтар мен өзгерістерді географияның саяси география деп аталатын саласы зерттейді. Мазмұны жағынан бір қарағанда қарапайым болып көрінетін саяси картада, әдетте, мемлекеттер мен олардың шекаралары, әкімшілік – аумақтық жіктелуі, астанасы мен ірі қалалары бейнеленеді. Мұның негізінде дүние жүзі елдерінің мемлекеттік құрылымы мен басқару үлгілерінің таралу заңдылықтарына, мемлекеттер арасындағы өзара қарым – қатынастарға, сондай – ақ мемлекеттік шекараларды анықтау мен халықтың қоныстануына байланысты болатын аумақтық қақтығыстарға қатысты күрделі мәселелер жатыр. Дүние жүзінің саяси картасы тарихи кезеңдерде ұдайы өзгеріске түсуде. Оған әрі түрлі факторлар ықпал етеді.
2) Саяси картаның қалыптасу кезеңдері. Дүние жүзінің қазіргі заманғы саяси картасының қалыптасуына қатысты оқиғаларды шартты түрде Жаңа (XVII ғасырдан Бірінші дүниежүзілік соғысқа дейін) және Ең жаңа кезең (Бірінші дүниежүзілік соғыстан бүгінгі күнге дейін) деп аталатын екі дәуірге топтастырады. Еуропалықтардың отарлау әрекеттері XV ғасырда португалдардың Солтүстік Африкадағы аса маңызды сауда және көлік қатынасы орталықтары болып табылатын Сеута және Мелилья қалаларын жаулап алуынан басталды. Еуропалық отарлау кезеңі Жаңа Дүние мен Ескі Дүниенің көптеген аумақтарын қамтыды. Еупадағы жетекші мемлекеттердің жаңа жерлерді бөлісуі және ықпал ету аумақтарын экономикалық, саяси жағынан басқару сипаты дүние жүзінің саяси картасының едәуір өзгеріске түсінуі алып келді. Осы өзгерістерге сәйкес, мемлекет құрылымы мен оны басқарудың жаңа формалары пайда болды. Біраз уақыт аса ірі отар иеленуші мемлекетттер - метрополиялар (грекше metropolis – қала) болып есептеліп келген Испания мен Португалияның қатарына кейіннен Ұлыбритания, Франция, Нидерланд, Германия келіп қосылды. Осылайша Америкада, Африка мен Азияда отарлық аумақтар пайда болды. Мысалы, XX ғасырдың басына қарай отарлық иеліктер Африка жерінің 90% - ын, Азия аумағының 56% - ынан астамын, Америка жерінің 27% - ын алып жатты. XIX ғасырдың басында Латын Америкасында бсталған ұлт – азаттық қозғалыс нәтижесінде Эквадор (1809 ж.), Колумбия (1810 ж.), Венесуэла, Парагвай (1811 ж.), Аргентина (1816 ж.), және т.б. жаңа тәуелсіз мемлекеттер қалыптасты. XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында дүние жүзіндегі жетекші метрополиялар арасында ықпал ету аймақтары үшін күрес шиеленісе түсті. Соның салдарынан әлемді Бірінші дүниежүзілік соғыстың өрті шарпыды. 1914 – 1918 жылдар аралығында болған Бірінші дүниежүзілік соғыста Антанта (Англия, Франция және Ресей) мен Үштік одақ (Германия, Аустрия – Венгрия, Италия) елдері бір – біріне қарсы соғысты. 1915 жылы Италия Үштік Одақтан шығып, Антанаға қосылды. Соғыс мемлекеттік шекараларды қайта орнатып, отарларды қайта бөліске салу мақсатынан келіп туындады. Жалпы алғанда, бұл соғысқа дүние жүзінің 38 мемлекеті (оның 34 – і Антанта жағында соғысты) қатысты. Бірінші дүниежүзілік соғыстан соң болған ірі оқиғалар қатарына 1917 жылғы Қазан революциясы нәтижесінде Ресейде мемлекеттік құрылым мен басқару жүйесінің түбегейлі өзгеруі, Аустрия – Венгрия монархиясы мен Осман империясының ыдырауы, Германияда монархияның құлатылуы және үкімет басына фашистердің келуі, Еуропада мемлекеттік шекаралардың өзгеруі жатады. Дүние жүзінің саяси картасында КСРО, Чехословакия, Ирландия, Исландия, Ватикан сияқты жаңа мемлекеттер пайда болып, Финляндия, Польша, Балтық бойы елдері тәуелсіздігін жариялады. Бұл кезеңде Африкада тәуелсіз мемлекттер қатары (Египет, Эфиопия, Либерия, ОАР) санаулы ғана болды. Дүние жүзінің қазіргі заманғы саяси картасының қалыптасуында Екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңы мен одан соң болған маңызды өзгерістер, XX ғасырдың 50 – 60 - жылдарындағы отарлық жүйенің күйреуі, 80 – 90 жылдарындағы социалистік жүйенің ыдырауына байланысты оқиғалар айрықша рөл атқарды. 1939 – 1940 жылдары Балтық бойы елдері мен көршілес аумақтарды қосып алу есебінен КСРО аумағы кеңейе түсті. Екінші дүниежүзілік соғыс барысында Польша, Югославия, Грекия аумақтары бөліске түсіп, Германия Еуропаның көптеген елдерін басып алды. Соғыста жеңіліске ұшыраған Германияның, сондай – ақ Италияның, Югослаияның Польша мен КСРО – ның мемлекеттік шекаралары өзгеріп, саяси картада Югославия Федеративтік Республикалар Одағы (ЮФРО), ГФР мен ГДР мемлекеттері пайда болды. Румыния, Болгария, Венгрия, Финляндияның соғысқа дейінгі шекаралары қалпына келтірілді. Шығыс Еуропада пайда болған социалистік мемлекеттер біртұтас блокқа бірікті. Еуропада осы жылдары басталған шекараларды қалпына келтіру жұмысы қазірге дейін жалғасын табуда.
3) Дүние жүзінің саяси картасының обьектілері. Дүние жүзінің қазіргі саяси картасының обьектілері қатарына мемлекеттік мәртебесі жарияланған және жарияланбаған 267 ел мен аумақ жатады. Оларды басты екі топқа : 1) мемлекет мәртебесі жарияланған, халықаралық деңгейде танылған тәуелсіз мемлекеттер ; 2) дербес басқару мәртебесіне ие болмаған тәуелді аумақтар деп екіге бөледі. Олар бір – бірінен жерінің ауданы, халық саны, әлеуметтік – экономикалық даму деңгейіне қарай айырмашылық жасайды.