Америка
АҚШ, Америка Құрама Штаттары (ағылш. The United States of America, USA) — Батыс жарты шарындағы ірі ел. Оның барлық жері түгелдей дерлік Солтүстік Америкада. Шығысында Атлант мұхитымен, батысында Тынық мұхитпен шайылады. Солтүстікте Канадамен, оңтүстікте Мексикамен шектеседі. АҚШ климаты біркелкі қоныржай және субтропикті болып келеді. Ал солтүстіктегі Аляска штатында қыстыгүні арктика суығы байқалып тұрады. АҚШ – көптеген атақты тұлғалардың отаны. Соның ішінде аса көрнекті саяси қайраткерлер Бенджамин Франклин, Авраам Линкольн, Роберт Фултон, Томас Эдисон, Марк Твен және т.б. бар. Америка Құрама Штаттары (АҚШ), Америка – Солтүстік Америкадағы мемлекет, федеративтік республика. Аумағы 9363,2 мың км2. Халқы 302 млн. Астанасы – Вашингтон қаласы. Тұрғын халқының саны жағынан ірі қалалары: Нью-Йорк, Чикаго, Лос-Анджелес, Сан-Франциско, Филадельфия, Детройт, Бостон, Хьюстон, Вашингтон, Даллас, Питсбург, Балтимор, Сиэтл, т.б. 50 штат пен 1 федералдық (астаналық) округке бөлінеді. Бірімен-бірі шектесіп жатқан 48 штаттан және құрлықтың солтүстік-батысындағы Аляска, Тынық мұхиттың орталығындағы Гавай аралдарынан құрылған Гавай штаттарынан тұрады. Мемлекеттік тілі – ағылшын тілі. Халықтың 66%-ы – протестанттар, 26%-ға жуығы католиктер. Үкімет пен мемлекет басшысы – президент. Заң шығарушы орган – палата мен сенат өкілдерінен тұратын екі палаталы парламент (конгресс). АҚШ аумағының басым көпшілігі Атлант мұхитынан Тынық мұхитқа дейінгі ендік бағытта созылып жатқан қоңыржай және субтропиктік белдеуде орналасқан. Аляска штаты субарктика және арктикалық, ал Гавай штаты – Тынық мұхиттың тропиктік белдеуінде. Жер бедерінің 1/2-ін (елдің батысында) биік таулы жоталар мен таулы үстірттер алып жатыр. Кордильер мен Аппалачи тауларының аралығында елдің ішкі жазықтары (Орталық Ұлы жазықтар) орналасқан. Атлант мұхиты жағалауларын бойлап Атлант маңы және Мексика маңы ойпаттары жатыр. АҚШ-тағы ең биік тау – Аляска түбегіндегі Мак-Кинли (6193 м). Жер қойнауы кен байлықтары мен минералды шикізатқа өте бай. Оның ішінде темір, никель, кобальт, алтын, күміс, уран кентасы қоры жөнінен дүние жүзінде алдыңғы орында. Тас көмір (Аппалачи таулары), мұнай мен газ (Мексика ойпаты, Ұлы жазық) табылған. Ал Кордильер таулары түсті және қара металл шикізаттарына бай келеді. Қаңтар айының орташа температурасы Аляскада –18ӘС, Орталық жазықтың солтүстігінде –24,8ӘС. Елдің оңтүстік-батысында қаңтар айының орташа температурасы 12ӘС-тан, Флорида түбегінде 20ӘС-қа дейін жетеді. Шілде айының орташа температурасы батыс жағалауда 14 – 22ӘС, шығыста 16 – 22ӘС-қа дейін ауытқиды, ал орталығындағы жазық өңірлерде 32ӘС-қа дейін көтеріледі. Батыс жарты шардағы ең жоғарғы температура Ажал аңғарында (56,7ӘС) байқалды. Жауын-шашынның мөлшері Алясканың жел өтіндегі тау беткейлері мен Тынық мұхит жағалауында 3000 – 4000 мм; шығыс және теңіз жағалауы белдемінде 1000 – 2000 мм; Орталық жазықта 600 – 900 мм, Ұлы жазықта – 400 – 600 мм, Мохаве шөлінде (Ажал аңғары) – 100 мм-ден де аз. Жауын-шашынның көп мөлшері Гавай аралдарында (10000 мм). Ең ірі өзендері: Миссисипи (ұзындығы Миссури саласымен бірге 6420 км), Огайо, Колорадо, Колумбия, Рио-Гранде, Юкон. Көпшілігі Атлант және Тынық мұхит алабына жатады. Дүние жүзіне әйгілі көлдер жүйесін елдің солтүстік-шығысындағы Ұлы көлдер құрайды (Жоғарғы көл, Гурон, Мичиган, Эри, Онтарио). Олардың барлығы бір-бірімен жалғасып, 245 мың км2 аумақты алып жатыр. Эри мен Онтарио көлдерін байланыстыратын Ниагара сарқырамасы осы тұста орналасқан. АҚШ аумағында 270-ке жуық мемлекет қорғауындағы табиғи аймақтар (ұлттық саябақтар, табиғат ескерткіштері, қорықтар) бар. Олардың ірілері: Йеллоустон, Йосемит, Секвойя, Гранд-Каньон, т.б. Қазіргі АҚШ жерінде ежелден үнділер өмір сүрді. Христофор Колумб Американы ашқаннан кейін (1492 – 1503) 16 ғасырда Англия, Испания, Нидерланды, Франция, Швеция Солтүстік Американы отарлауға кірісті. 18 ғасырдың 60-жылдарына қарай Англия Солтүстік Американы түгел дерлік басып алды. 17 ғасырдың басында Америкаға ауыр жұмыстарға пайдалану үшін Африкадан құлдар әкелу басталды. Отарлық қанаудың күшеюі тәуелсіздік жолындағы соғысты туғызды (1775 – 83). 1776 ж. 4-шілдеде Тәуелсіздік декларациясы қабылданды, онда АҚШ-тың құрылғандығы жарияланды. 13 ағылшын отары бірігіп, дербес мемлекетке айналды, 1-Америка-буржуазиялық революциясы деп аталған тәуелсіздік соғысында Англия жеңіліс тапты. 1783 ж. бітім шарты бойынша Англия АҚШ-тың тәуелсіздігін мойындады. 1787 ж. АҚШ Конституциясы қабылданып, елдің бірінші президенті болып Джордж Вашингтон сайланды. 1776 ж. құрлық аралық конгресс қабылдаған Тәуелсіздік декларациясы жобасының авторы, қоғам құрылысын демократияландыруға үлкен үлес қосқан Томас Джефферсон 1800, 1804 ж. АҚШ президенті болып сайланды. Ол түрлі әлеуметтік топтардың арасында мәмілеге келтіру саясатын жүргізді. Кейбір реакциялық заңдарды жойып, армияны, флотты, мемлекеттік аппаратты қысқартты. Ресеймен дипломатиялық қатынас орнатты. 19 ғасырдың 1-жартысында АҚШ жері әжептәуір ұлғайды. 1803 ж. АҚШ Батыс Луизиананы, 1819 ж. Флориданы, 1867 ж. Алясканы қосып алды. 1823 ж. Монро доктринасы жарияланып, мұнда Америка және Еуропа бір-бірінің ішкі істеріне араласпауға тиісті деп көрсетілді. 1809 ж. елге құл әкелуге тыйым салынды. Алайда бұл іс жасырын түрде жалғаса берді. 1790 ж. АҚШ-та 760 мың зәңгі құл болса, 1860 ж. олар 4 млн-ға жетті. Ауыр езгіге және қорлауға шыдамаған құлдар көтерілістер жасады, солтүстікке қашты. Солтүстікте бірқатар штаттарда құлдық жойылды. 1-дүниежүзілік соғыста АҚШ Антанта жағында болды. Екі дүниежүзілік соғыс аралығындағы Франклин Рузвельт әкімшілігінің реформалары АҚШ тарихында ерекше орын алды. «Жаңа бағыт» деп аталған осы реформалар елді ауыр экономикалық дағдарыстан шығарды және қоғамның демократиялық үлгісін қалыптастырды. Рузвельт сыртқы саясатта да өзгеріс жасады. Латын Америкасында «тату көршілік», Еуропада «оқшаулану», Азияда «ашық есіктер» саясатын жүргізді. 2-дүниежүзілік соғыс кезінде АҚШ фашизмге қарсы мемлекеттер одағын құруға белсене қатысып, Тынық мұхитта, Еуропада, Африкада соғыс қимылдарын жүргізді. Соғысқа 1941 ж. 7 желтоқсанда кірісіп, 1945 ж. 2 қыркүйекте аяқтады. Соғыстан кейін АҚШ, КСРО бөлек-бөлек әскери-саяси одақтар құрып, дүние жүзін екі лагерьге бөлуді іске асырды. Осы «қырғи-қабақ соғыс» 80-жылдардың ортасына дейін созылды. Қазақстан егемендік алғаннан кейін АҚШ-пен дипломатиялық қатынастар орнатылды. АҚШ – экономикасы дамыған мемлекет. Жер қойнауы отын-энергетикалық шикізаттарға, темір, түсті металл қазбаларына, табиғи күкіртке, уран шикізаттарына, фосфориттерге, калий тұздарына, т.б. пайдалы кендерге бай. АҚШ мемлекеті өз жерінің табиғи байлықтарын бей-берекет пайдаланбай, ұқыптылықпен қарап, көп минералдық ресурстарды сырттан тасиды. АҚШ өнеркәсібі – бүкіл экономиканың жетекші саласы. Оның энергиялық балансында мұнай мен газ маңызды орын алады, ауыр және жеңіл өнеркәсібі өркендеген. Машина жасау өнеркәсібі автомобиль, авиация электр техникасы салаларына түрлі жабдықтар өндіреді. Атом өнеркәсібі, тоқыма және тігін өнеркәсібі айрықша дамыған. АҚШ-тың ауыл шаруашылығында механикаландырылған фермерлік шаруашылықтар жетекші рөл атқарады. Онда өндірілетін негізгі дақылдарға бидай, арпа, сұлы, қара бидай, жүгері, соя бұршақтар, картоп, қант қызылшасы, мақта жатады. Мал шаруашылығында сиыр, шошқа, қой өсіріледі, тауық пен күрке тауық өсіру жаппай дамыған. АҚШ-тың бір жылғы ұлттық табысы жан басына шаққанда 25 мың долларға жуық. Негізгі сауда серіктестіктері – Батыс Еуропа елдері, Канада, Мексика, Жапония. АҚШ-пен Қазақстанның экономикалық байланысы 20 ғасырдың 90-жылдарында дами бастады. Ондаған американ фирмалары мен кәсіпкерлері және белгілі банкілер Қазақстанда түрлі салалар бойынша жұмыс істейді (мысалы, мұнай өндірумен айналысатын «Шеврон», «Shell», «Мобиль» компаниялары мен «Prіse Waterhause» есеп аудит консалингтік компаниясы, т.б.). Америка-батыс жарты шардағы екі құрлықтан тұратын дүние бөлігі. Атлант және Тынық мұхиттары аралығында. Оның құрамына Солтүстік Америка мен Оңтүстік Америка құрлықтары, дүние жүзіндегі ең үлкен арал-Гренландия және тағыда басқа жағалауға жақын аралдар кіреді.Солтүстік Америка мен Оңтүстік Американың бір-бірінен бөлек және дүниенің басқа бөліктерінен алыс жатуы, ірілігі, табиғат жағдайында зор айырмашылық болуы оларды жеке, дербес құрлықтар деп санауға негіз болады. Олар бір-бірінен Панама мойнағы арқылы бөлінеді. Екі материк аралығындағы Теуантепек пен Панама мойнақтарының аралығы және Вест-Индия аралдары Орталық Америкаға жатады. Тарихи анықтама: Солтүстік Американың солтүстік шығыс жағалауы мен Гренландия аралын алғаш рет 900 жылдар шамасында нормандар ашты. Антиль аралын және Оңтүстік Американың солтүстік жағалауының бір бөлігін, Солтүстік Американың Кариб теңізі жағалауының оңтүстік бөлігін 1492-1503 жылдары Христофор Колумб ашты. Бұл дүниенің жаңа бөлігі Италия теңізшісі Америго Веспучидің есімімен аталды. Ол батыс жарты шардағы Христофор Колумбтың ашқан жерлері бұрын белгісіз болып келген дүниенің жаңа бөлігі екендігі туралы алғаш пікір айтты. Христофор Колумб ашқанға дейін Американың байырғы халқы көптеген үндіс тайпалары мен эскимостардан ғана тұратын. Европалықтар келіп үстемдік жүргізгенде, жергілікті халықты адам төзгісіз қуғындау, қанау тәртібін орнатты. Отаршылармен бірге неше түрлі аурулар да келді, одан үндістер көп қырғынға ұшырап, күрт азайды, кейбір тайпалар мүлдем құрып кетті. Олардың орнына Африкадан құлдар әкелінді. Американың қазіргі халқы бұрынғы европалықтардың ұрпақтарынан және құл ретінде әкелінген Африкалықтар мен жергілікті үндістердің араласуынан пайда болған. Американың халқы антропологиялық жағынан әр түрлі. Онда адамзаттың белгілі үш нәсілінің өкілдері ( европеоид, монголоид, экваторлық негр-австралоид ) араласып кеткен. Американың әр бөлігінде бұлардың араласу сипаты әр түрлі. Саны жағынан ең көбі-европеоид, оның өкілдері Солтүстік Америка халқының 90 %-і, Оңтүстік Американың 1/3 бөлігі. Екінші орында-будандар. Олар-бірқатар елдердің ( Мексика, Орталық Америкадағы елдер, Венесуэла, Парагвай т.б ) негізгі халықтары.Үшінші орында-мулаттар. Венесуэланың, Бразилияның, АҚШ-тың, Кубаның Орталық Америкадағы бірқатар елдердің халықтары-солар. Монголоид нәсілінің ерекше тармағына жататын байырғы халық-үндістер. Орталық және Оңтүстік Американың бірқатар аудандарында ( Боливия, Венесуэла, Колумбия, Экуадор, Перу, Бразилия, Мексика, т.б ) сақталған. АҚШ-та, Канадада және т.б елдерде үндістер арнаулы резервацияларға қуылған. Америка халқының басым көпшілігі индоевропа отбасы тілдерінде сөйлейді. Америкада ағылшын тілі, Оңтүстік Америка мен Орталық Американың бірқатар елдерінде испан тілі, Бразилияда португал тілі басым. Канада мемлекетінде екі тілдің бірі -француз тілі, Гайти мен Вест-Индияның ұсақ аралдарында да солай. Үндістер-кечуа, аймара, ацтек және т.б өз тілдерін белгілі бір шамада сақтап қалған, ал Африка халықтарының тілдері олардың этникалық топтарының біреуінде де сақталмаған. Америкадағы ұлттардың сан жағынан көбі:американдар, ағылшын-канадалықтар, мексикандар, бразилиялықтар, колумбиялықтар, аргентиндер, кубалықтар және т.б. Америкада-50 ел бар, 26-сы тәуелсіздік алған мемлекеттер, 24-і отарлар.2-ші дүние жүзілік соғыстан кейін Американың саяси картасында біраз өзгерістер пайда болды. Халықтық революцияның жеңуі нәтижесінде Америкада тұңғыш Социялистық мемлекет-Куба пайда болды. Америкада саяси суверенді жаңа мемлекеттер:Гаяна, Ямайка, Тринидад, Тобаго, Барбадос құрылды. 16 ғ. Колумб Американы ашқаннан кейін еуропалықтар Солтүстік Америкаға көшіп келе бастады. Олар осы құрлықтың негізгі халқы – үндістерді аяусыз қырғынға ұшыратты. Тірі қалған үндістер түк шықпайтын тақыр жерлерге – резервацияларға ығыстырылды. 17 ғ. негізінен Ұлыбританиядан көшіп келгендер Атлантика жағалауында өздеріне тұрақ салды – отар деп аталды. 18 ғ. аяғында 13 отар ағылшын үстемдігінен құтылып, тәуелсіз мемлекет – Америка Құрама Штаттарын құрды. Америка жалауының сол жақ жоғары бұрышындығы көк төрт бұрышқа салынған 50 ақ жұлдызша АҚШ-тың қазіргі күндегі штаттарының санына сай келеді. 1776 - АҚШ тәуелсіз декларациясы жариялды 1812-1815 – АҚШ-Ұлыбритания соғысы 1819 – АҚШ Флорида штатын 5 млн. долларға сатып алады. 1846-1849 – АҚШ-Мексика соғысы 1861-1865 – АҚШ-ның азамат соғысы 1867 – Ресейден Аляска штатын сатып алады 1917 – АҚШ Бірінші Дүниежүзілік Соғысына кіріп, Антанта одағына қосылады 1941 – Перл-Харбор инциденті. АҚШ Екінші Дүниежүзілік соғысна кіреді 1945 – Хиросима мен Нагасаки аттомдық шабуылы 1950-1953 – Корея соғысы 1962 - Кариб дағдарысы. 1964-1973 – Вьетнам соғысы 1969 – Ғарышкер Армстроң, Нил Олден айға қонады 1991 – Бірінші Ирак соғысы 2001 – 11 қыркүйектің трагедиясы 2003 – Екінші Ирак соғысы Саясаты Өкіл Палатасы АҚШ үкіметі үш тармаққа бөлінеді: Заң шығарушы: АҚШ Парламенті – Конгресс деп аталады. Конгресс тұрақты негізде жұмыс істейтін екі палатадан: Сенаттан және Өкілдер Палатасынан тұрады. Атқарушы: АҚШ Президенті – мемлекеттің басшысы, бас әскери қолбасшы, ол заң жобасын жою құқығына ие болады Сот: Жоғарғы Соты және федералдық соттар АҚШ-да екі бас партия бар: Демократиялық партиясы – 1824 ж. құрылған. Джон Кеннеди, Билл Клинтон, Барак Обама осы партияның мүшелері. Республикалық партиясы – 1854 ж. құрылған. Джордж Буш, Рональд Рейган осы партияның мүшелері.