1. Рефераты на казахском
  2. География
  3. Жер. Жер бетінің өзгеру жолы

Жер. Жер бетінің өзгеру жолы

Жер – Күн жүйесіндегі планеталардың бірі. Ол 149 600 000 км қашықтықта шеңбер дерлік орбитамен  Күнді айнала қозғалады. Жердің Күнді толық бір айналып шығуына кететін уақыт жыл деп, ал оның өз осінен толық бір айналып шығуына кететін уақыт тәулік деп аталады. Бір жылда  шамамен 365 ¼ тәулік бар.
Жер шарының көлденеңі (диаметрі) 12 756 км, ал оның экватор шеңберінің ұзындығы шамамен 40 000 км- ге жуық. Жер шарының болжалды осі өтетін нүктелерін  полюс деп атайды. Жер шары полюс бағыттары бойынша сығылыңқы, сопақтау болып келеді. Жер осі өзінің орбита жазықтығына 66 градус бұрышпен көлбей орналасқан. Осінің осындай көлбей орналасуына байланысты, Жердің Күнді айналуы кезінде, Жер бетіне күн сәулесі әр жағдайда түседі. Сондықтан да Жер бетінде жыл мезгілдері – көктемнен кейін жаз, одан кейін күз және қыс болып ауысып отырады.
Жердің сыртқы қатты қабаты жер қыртысы деп аталады. Оның қалыңдығы құрғақта 30 км-ден 70 км-ге, ал мұхит түбінде небәрі 5 – 10 км – ге дейін жетеді. Жер қыртысынан кейін 3000 км-ге дейін мантия деп аталатын қабат, одан әрі, Жердің центріне дейін, жер ядросы орналасады. Жыныстар жер қойнаауына неғұрлым тереңірек орналасқан сайын тығызырақ әрі ыстықтау болып келеді. Ғалымдар мантия қабатын балқыған қатты күйде деп жорамалдайды. Ал жер ядросы балқыған темірден тұрады.
Жоғары мантия мен жер қыртысын біріктіріп литосфера – тас қабық деп атайды. Ал мұхиттар, теңіздер, көлдер, өзендер және жер асты сулары гидросфераны, яғни Жердің су қабығын құрайды.
Жердің ауа қабығы атмосфера деп аталады. Ол негізінен азот (78%) пен оттектен (21 %) тұрады.
Жердегі барлық тірі организмдер Жердің биосферасын, яғни «тіршілік» қабығын түзеді. Қазіргі биосфера қабығы миллиардтаған жылдарға созылған ұзақ даму процесі – эволюцияның нәтижесінде қалыптасты. Биосфера адам өмірінде зор роль атқарады. Өсімдіктер атмосфераны оттекпен байытады әрі ол жануарлармен бірге адамның азық – түлігі ролін атқарады. Адам табиғат байлығын ақылдылықпен орынды пайдалануы тиіс. Бұл – адамның табиғатты алғандарының орнын толтыру, олардың бұрынғы қалпына келуі үшін табиғаттың өзіне мүмкіндік беру деген сөз. Біз айналадағы ортаны – ауаны, суды, топырақты ластанудан үнемі қорғап отыруымыз керек. Біздің елімізде осы мақсатта көптеген жұмыстар атқарылуда. Біз айналадағы ортаны қорғау жөнінде басқа елдермен келісімдер де жасап отырмыз.

Жер бетінің өзгеру жолы.
Жер бетін өзгертуде адам әрекеті де айтарлықтай орын алады. Адам өзендерді бөгеп, су қоймаларын жасайды, жер қойнауын кеулеп, түрлі пайдалы қазбалар өндіреді. Жер суару үшін каналдар қазады. Осының бәрі жер бетінің табиғи қалпын бұзады.
Жер бетін қазіргі заманғы жағдайда қозғамау мүмкін емес. Бірақ жер бетіне әсер етудің салдарын да ойланған жөн. Өйткені зиян екі жақты болып отыр. Ауыл шаруашылығына үздіксіз пайдаланылған жерлер азып тозады. Оған түрлі тыңайтқыштар беру аркылы қалпына келтіріп отыру керек.
Жер беті әсіресе пайдалы қазбалар өндіруге байланысты үлкен өзгерістерге ұшырайды. Өндіріс алаңында басы сүйір төбелер көптеп кездеседі. Олар — шахтадан көмір, темір, т. б. кен кабатына жеткенге дейінгі шыққан бос жыныстардың үйінділері, яғни террикондар (латынша терра - жер, кон - конус). Қарағанды шахталарының төңірегінде мұндай террикондар көп.
Бос жыныстарға көмір ұнтағы араласып жататындықтан террикондар түтіндеп маңайдағы ауаны ластайды. Кейінгі жылдары өркениетті елдерде бүл көрініске өзгеріс ене бастады. Бірқатар террикондар мүлде жойылды. Ондағы бос тау жыныстары көмірі таусылған ескі шахталарға қайта апарып төгіледі. Бірқатары тұрған жерінде тегістеліп, террасаларға айналдырылады. Ондай жердің бетіне құнарлы топырақ төгіліп, ағаш, бұта және шөп егіледі. Сөйтіп террикондардың біразы шахтёр посёлкесіне көрік беретін жасыл желекке айналады.
Ашық карьерлерден өндірілетін пайдалы қазбалар орнында орасан зор шұңқырлар қалады. Беткі қабатты аршығанда шыққан жыныстары олардың төңірегінде тау-тау болып үйіліп жатады. Мұндай шағын таулар Қостанай облысындағы Арқалық боксит, Соколов-Сарыбай темір кен орындарында, Қарағанды облысындағы Қоңырат мыс кені орнында, т. б. жерлерде кездеседі.
Пайдалы қазбалары қазып алынған карьерлердің орнына қолдан көл жасап, төңірегіне ағаш отырғызу тиімді. Ондай жерлерді демалыс орны ретінде пайдалануға болады.
Адамдар мұнай мен газ өндіргенде жер беті қандай өзгеріске ұшырайтындығы жайында көпке дейін ойланған емес. Тек 20 ғасырдың орта тұсында ғана алғашқы қауіп дабылдары түсе бастады. 1939 жылы АҚШ-тың мұнайды көп өндіретін Калифорния аймағындағы екі қаласының тұрғындары жердің айтарлықтай қозғалғанын сезген. Оған мұнай мен газ өндіргенде жер қойнауында қалған орасан зор қуысқа жер беті шөге бастағаны себеп болғаны анықталған. 60-жылдары жер беті кей жерде 8 меітрге дейін шөккен. Соның нәтижесінде жолдар, құбырлар, үйлер, көпірлер, тіпті мұнай құбырларының өздері де бұзыла бастаған. Жер бетінің шөгуі тездеп, жылына 80 сантиметрге жеткен. Ғалымдар бұл залалдан құтылудың жолын жедел іздестіре бастайды. Олар жер қойнауында пайда болған куысқа су айдап, толтыру керек деген тоқтамға келеді. Төжірибе бірден оң нөтиже берді. Жер бетінің шөгуі бірден тоқтады. Ендігі жерде мұнай мен газ өндірілетін аймақтарда жер қойнауына міндетті түрде су жіберілетін болды.

  Қазақ тіліндегі рефераттар - География


Яндекс.Метрика