Мақта

Мақта — аса бағалы өсімдік. Одан тамаша талшық алынады.
Жабайы мақтаның талшығын адамдар өте ерте уақытта — сонау адамзат мәдениетінің алғашқы кезеңінде-ақ жинай бастаған-ды. Сөйтіп, мақта ежелгі заманнан мәдени өсімдікке айналды. Оны ең әуелі Үндістанда, одан соң Қытай мен Египетте өсіре бастады. Үнділер басқалардан бұрын мақтадан жеңіл де жұқа, торғын маталар, муслин және әдемі шыттар тоқуды үйренді. Қазір мақта Үндістанда, Америка Құрама Штаттарында, Қытайда, Бразилияда және басқа да елдерде егіледі. Біздің елімізде Орта Азия республикаларында, Оңтүстік Қазақстанда, сондай-ақ Закавказьеде өсіріледі.
Мақта жылылықты, күн көзін, құнарлы топырақты және ылғалды қатты ұнататын өсімдік. Ол әдетте суармалы жерде өсіріледі. Өзінің биіктігі бір немесе бір жарым метр шамасында болады. Гүлдері ірі, ұрығы — қауашақты. Пісіп жетілген кезде қауашағы ашылып, үлпілдек ақ мақта көрінеді.
Егер қауашақтан сол бір үлпілдек массаны жұлып алып қарасақ, одан біз мақтаның тұқымын көреміз. Енді осы тұқымның біреуін алайық. Оны жалпы массадан ажыратып алу оңай емес. Оның сырты ұйысқан талшық болып келеді. Мұны жаза бастасақ, олардың ұзынды-қысқалы өте нәзік талшықтар екенін көреміз. Мақта талшығы немесе мақта дегеніміз міне осы. Сөйтіп, зығыр мен сораның иіруге арналған талшығы сабағында, ал мақтаныкі тұқымының сыртында болады.
Мақтаны тұқымымен бірге негізінен машинамен жинайды. Және де мұны бірнеше дүркін қайталайды, өйткені қауашақтары бір мезгілде пісіп жетілмейді. Бұл жиналған өнім әзірге әлі шитті мақта болып табылады.
Арнаулы машиналар талшықты тұқымнан ажыратады, сонан соң оны жіп иіру фабрикаларына жөнелтеді. Онда мақтаны иіреді, ал тоқыма фабрикаларында иірілген жіптен шыт, бәтес, жұқа кездеме, сәтен, бумазей, трикотаж және басқа мақта өнімдері тоқылады. Мақтадан көрпе де, вафель сүлгісі де, медициналық мақта да, пластмасса да, целлюлоза да, фотопленка да, қағаз да жасалады. Бірақ бұл мұнымен ғана бітпейді, одан және техникада қолданылатын мықты, төзімді маталар да әзірленеді.
Ал енді мақтаның тұқымынан май айырады. Ол консерві жасау өнеркәсібіне, маргарин өндіруге жұмсалады. Сонымен қатар мақта майы сабын жасауға да қолданылады, одан және глицерин, стеарин алынады. Майы сығып алынғаннан кейін мақта күн-жарасы қалады. Ол мал азығы болып табылады. Майды сығу процесінде пайда болған басқа қалдықтардан гудрон бөліп алынады. Оны тас жол төсеу барысында және ыстыққа төзім-і лактарды өндіруге пайдаланады. Тұқымның қабығы этил және метил спиртін өндіруге жұмсалады. Сабақтары — отын әрі құрылыс материалы. Жапырағынан алма, лимон қышқылдарын алуға болады.
Міне сондықтан да мақта әрі өте маңызды техникалық дақыл болып есептеледі. Біздің елімізде мақта танаптары шөл далаларды игеріп, суландыру есебінен ұлғайтылады

  Қазақ тіліндегі рефераттар - Биология


Яндекс.Метрика