- Рефераты на казахском
- Қызыл кітап
- Қызыл кітап
Қызыл кітап
Светофордың көзі қызыл жанып тұрғанда, көшеден өтуге болмайтынын білесіңдер. Қызыл түстің, кейде осындай тыйым салу белгісі екені бүкіл дүние жүзінің адамдарына түсінікті. Сондықтан да сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген, айрықша қорғау шараларын қолдануды қажет ететін хайуанаттар мен өсімдіктер түрлері тіркелген арнайы кітап «Қызыл кітап» деп аталған.
Жер бетіндегі хайуанаттар мен өсімдіктердің бүкіл жиынтығын кейде планетамыздың генетикалық қоры деп атайды. Ол миллиондаған жылдар барысында қалыптасты және геологиялық дәуірлердің алмасуына сәйкес баяу өзгеріп отырды. Жер бетінде адам баласы қызметінің дамуына байланысты организмдердің тіршілік жағдайы тез өзгере бастады. Мұнда ең алдымен хайуанаттар қатты зардап шекті, өйткені адам баласы аң аулаудың алуан түрлі тәсілдері мен құралдарын ойлап тауып, олардың көптеген түрлерін қауырт жоя бастады. Орман-тоғайларды кесіп, далаларды айдап-жыртқандықтан сансыз көп аңдар мен құстардың мекендеу жағдайы күрт өзгеріп кетті.
Планета табиғатының жұтау қаупі бірден белгілі бола қойған жоқ. Тек көптеген түрлер құрып кеткеннен кейін ғана адамдар олардың енді қайтып келмейтінін, ешқандай ғылыми-техникалық прогресс құралдарының оларды қалпына келтіре алмайтындығын байқады. Түрлердің жойылу қарқыны қауіпті түрде шапшаңдай түсті. Омыртқалы жануарлардың кейбір топтарындағы жойылып кеткен түрлердің саны 10—20 процентке дейін жетті. Міне, бұл деген кәдімгідей жан түршігерлік жағдай еді.
Хайуанаттар мен өсімдік турлері табиғаттың қайталанбас, генетикалық бірегей туындысы, олардың әрбіреуін құртып алу дегеніміз табиғаттың баға жетпес сыйынан айырылумен барабар болып табылады. Өйткені тіпті ластанған су мен ауаны да тазартуға, қалпына келтіруге болады, ал жойылып кеткен биологиялық түрді қайта тудыру, дүниеге қайта келтіру деген мүмкін емес нәрсе.
Енді бірнеше мысал келтірелік. 19 ғасырда құстар мен сүтқоректілердің 70 шақты түрі құрыды, ал үстіміздегі ғасырдың бірінші жартысында Жер бетінен тағы да 40 түрі құрып кетті. Қазіргі кезде тек омыртқалылардың ғана 600-ден астам түріне жойылу қаупі төніп тұр.
Тіпті фаунамыздың (жануарлар дүниесінің) кейбір тамаша өкілдерінің құрып біткен ақырғы уақытын да айтуға болады. Мысалы, 10 ғасырда Европаның ормандары мен орманды далаларында қаптап жүрген түр жабайы сиырының ең соңғысы 1627 ж. Польша жерінде өлді. 1741 ж. Командор аралдарынан табылған, дене тұрқы 8 м, салмағы 3000 кг шығатын су сиырлар 1768 ж. бүтіндей құрып бітті. 18 ғасырда оңтүстік орыс да-лаларында тарпан жабайы жылқысы үйір-үйірімен жайылып жүрегін, соңғы тарпан 1879 ж. құрыды. Бір кездерде Солтүстік Америкада бірнеше миллиондап колония болып ұялайтын кезеген кептерлерді адамдар бас-аяғы жүз жылдан аз-ақ астам уақыт ішінде қырып жіберді, ақырғы кезеген кептер 1914 ж. АҚШ-та хайуанаттар паркінде өлді.
Бұл жағдайдан сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерді қорғау қажеттігі туды. Бұл істе Халықаралық табиғат және табиғи ресурстарды қорғау одағы (Международный союз охраны природы и природных ресурсов — МСОП) үлкен роль атқарды. 1962 ж. Сирек кездесетін құстар мен сүтқоректілер тізімінің алғашқы жобасын дайындады. 1966 ж. анықталған тізім арнайы Қызыл кітапта көрсетілді.
1979 жылғы жағдай бойынша алғанда, халықаралық, Қызыл кітапқа сүтқоректілердің 305 түрі мен түр тармағы, құстардың 258, бауырымен жорғалаушылардың 98, қосмекенді-лердің 40, балықтың 193 түрі мен түр тармағы енгізілді.
1978 ж. «СССР Қызыл кітабы» жарық көрді. Бұл өзі еліміздің хайуанаттары мен өсімдіктерін қорғау ісіндегі көрнекті оқиға, СССР-дегі сирек кездесетін және жойылу қаупі төнген түрлердің жағдайы жайындағы ресми анықтамалық болды. Оған сүтқоректілердің 62, құстардың 63 түрі мен түр тармағы, қосмекенділердің 8 түрі, бауырымен жорғалаушылардың 21 түрі, жоғары сатыдағы өсімдіктердің 444 түрі енгізілген. Бұдан кейінгі басылымдарда бұл сандар толықтырылып, басқа да түрлер қамтылды.
«СССР Қызыл кітабына» енген түрлер екі категорияға бөлінеді. А тобы — жойылып кету қаупі төнген түрлерді, Б тобы — сирек кездесетін түрлерді қамтиды. Жойылып кету қаупі төнген топқа қырып-жоюдың, мекендеген жерлерін бұзып-бүлдірудің салдарынан саны мен ареалы (таралған жері) күрт азайып кеткен және одан ары азайып бара жатқан түрлер жатады. Бұл түрлердің адамның белсене араласуынсыз тірі қалуы мүмкін емес. Оларды аман сақтап қалу үшін қырағы қорғап, арнайы қорықтар, заказниктер мен питомниктер құру қажет.
Сирек кездесетін түрлерге, яғни Б тобына саны мен ареалы үнемі азайып бара жатқан түрлер жатады. Оларды сақтап қалу үшін санын қалпына келтірудің ерекше программа-сын әзірлеген жөн. Бұл топқа, біраз шартты түрде болса да дәл мәліметі жоқ, яғни аз зерттелген, қосымша зерттеуді қажет ететін түрлер де жатады.
«Қазақ ССР Қызыл кітабының» омыртқалы жануарларға арналған I бөлімі 1978 ж. басылып шықты. Оған омыртқалылардың 78 түрі енді. Олар: сүтқоректілерден — қара кірпі, көк суыр, құндыз, үнді жайрасы, қызыл қасқыр, тянь-шань қоңыр аюы, қара күзен, орта азия сілеусіні, қара-қал, шағыл мысығы, қарақұйрық, үстірт қойы, қызыл-құм қойы, арқар т. б.; құстардан — алтай ұлары, кара ләйлек, қарабай, кәдімгі қоқиқаз, дуадақ, безгелдек, бүркіт, субүркіт, лашын т. б.; балықтардан — сырдария тасбекіресі, арал албырты, каспий албырты және басқалар. Бұлардың ішінде халықаралық және СССР Қызыл кітаптарына енген (Қазақстанда кездесетін) түрлер де, оларға енбеген, бірақ Қазақстанда жойылу қаупі төнген және сирек кездесетін түрлер де бар. «Қазақ ССР Қызыл кітабының» өсімдіктерге арналған II бөлімі 1981 ж. басылып шықты. Оған өсімдіктің 308 түрі тіркелді.
Сонымен, балалар, Қызыл кітап белгілі бір түрлердің жойылу қаупін, оларды көздің қарашығындай корғау қажеттігін, оларды аулауға тыйым салынғанын ескертетін белгі және сол түрлерді сақтап, көбейту ісінің программасы болып табылады. Туған табиғатты қорғап, көркейтуді, оны ұрпақтан ұрпаққа жұтатпай жеткізуді көздеген бұл игілікті іс балалардьщ да аянбай ат салысуын тілейді.