Қазақ спортшылары

ҮЗДІК СПОРТШЫЛАР АНЫҚТАЛДЫ

Жыл аяқталған сәтте спорт үздіктерінің есімдері белгілі болады. Біздің еліміздің әр аймағында облыстық спорт комитеттері жыл бойында өздерінің спортшыларының ұлттық құрама сапында шет ел ареналарында немесе өз ішіміздегі жарыстарда қол жеткізген табыстарын елеп-ескеріп, оларға сый-құрмет көрсетуде. Садық Мұстафаев басқаратын Қызылорда облыстық спорт басқармасы жыл қорытындысын өзгеше әдіспен шығарыпты. Яғни әр спортшыға жарыстарда қол жеткізген жетістігі үшін ұпай беріліп отырады екен. Шәкірті жүлдеге ілініп жатса, бапкерінің де еншісіне ұпай жазылады. Биылғы Сыр елінің үздік спортшысы, ауыр атлетикадан екі дүркін әлем чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы Илья Ильин атанды. Ильин – сондай-ақ спорт саласы бойынша «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты. Ал оның бапкері Валерий Пак үздік жаттықтырушы атанды. Ильин әрине, жылғыз Сырдың емес, бүкіл Қазақ елінің үздік спортшысы атағына әбден лайық. Илья осы күзде ғана әлем чемпионатында екінші мәрте алтын жүлдені жеңіп алып, соның құрметіне Санто Доминго аспанында көк байрағымыз қалықтап, әнұранымыз шарықтаса, сол жетістігін Илья Катарда өткен Азия ойындарында қайталап, мерейімізді бір тасытып тастады. Талантты спортшының осындай толағай табыстарға қол жеткізуіне жергілікті спорт басқармасы да өзіндік үлес қосып отыр. Оның жаттығу жиындарынан қол үзбей, алаңсыз дайындалуына барлық жағдай жасаған. Ірі жарыстан жеңіспен оралған Илья әрқашан да облыс әкімі Акрам Адырбеков тарапынан қомақты сыйлықтарға да ие болды. Жыл қорытындысына байланысты облыстың үздік спортшылары мен таңдаулы бапкерлерінің басын қосқан жиында аймақ спортының басшысы Садық Мұстафаев мырза: «Сыр бойында қазіргі таңда спортқа ерекше мән беріліп отыр. Ильинді айтпағанның өзінде, ұлттық құрама сапында өнер көрсетіп, жақсы нәтижелерге қол жеткізіп жүрген спортшылар баршылық. Сонымен, ел спортының өркендеуі үшін жаңадан спорт кешендері ашылып жатыр. Ауылдық жерлердегі спорт мектептеріне ерекше көңіл бөлінуде. Қазіргі таңда біздің облыста ауыр атлетика, дзюдо, велоспорт, гандбол, күрес түрлері жақсы дамыған. Сонымен қатар ізбасарлар тәрбиелеуде де атқарылып жатқан істер баршылық. Мұның бәрі әкімшілік тарапынан жасалып отырған қолдаудың арқасында» деді. Жиын соңында 15 номинация бойынша таңдаулы спортшылардың барлығына бағалы сыйлықтар үлестірілді.
Сондай-ақ Өскеменде шығысқазақстандықтар да жыл қорытындысын шығарды. Катарда өткен Азия ойындарында 26 шығысқазақстандық спорттың 12 түрі бойынша бақ сынады. Осыған орай шығысқазақстандық спортшыларға марапат көрсеткен облыс әкімі Виктор Храпунов мырза Катарда жеті сайыс бойынша Азия чемпионы және ұзындыққа секіруде қола медальға ие болған Ольга Рыпаковаға үш бөлмелі пәтерді сыйға тартты. Сондай-ақ Ольга осы өңірдің жыл спортшысы атанды. Ольга биыл Таиландта өткен Азия чемпионатында жетісайыстан бас жүлдеге ие болып, 20 жыл бойы бұзылмаған құрлық рекордын жаңартқан болатын. Сол сияқты екі мәрте Азия ойындарының жеңімпаздары каноэ мен байдаркада ескек есуші Торлопов пен Дмитрий Кальтенбергер, гимнасшы қыз Ксения Глушкова, ойындардың күміс жүлдегерлері Ольга Смирнова мен Алмас Атаев, велошабандоз Алексей Лялько, қола жүлдегерлер – дзюдошы Гүлжан Исанова, семсерші Сергей Ходостар сый-құрметке ие болды. Әкім Олимпиада ойындарына кірмейтін спорт түрлеріндегі спортшыларды да кенже қалдырмады. Армрестлингтен әлем чемпионы Нұржан Дукиевке автокөлік сыйға тартты. Самбодан әлем біріншілігінің жүлдегері Айдар Қайырбаев та құр алақан қалмады.
Ал Маңғыстау облысында аймақтың ең үздік спортшысы атағына каратэ-додан Азия ойындарының чемпионы Халид Халидов ие болды. Сондай-ақ әлем чемпионаты мен Азия ойындарының қола жүлдегері Магомед Круглиев, бокстан әлем чемпионы Ердос Жаңабергенов, самбо мен қазақша күрестен Азия чемпионы Әділ Бисенқұли бағалы сыйлықтармен және мақтау қағаздарымен марапатталды.
Қарағанды облысында онсайысшы Азия ойындарының чемпионы Дмитрий Карпов жыл спортшысы атанды. Сондай-ақ ойындардың жүлдегерлері, жеңіл атлет Сергей Засимовичке, былғары қолғап шебері Серік Сәпиевке және дзюдошы Келбет Нұрғазиналарға қошемет көрсетілді.

Асқардың апайтөстері Олимпиада жолдамасына қол жеткізуді көздейді
Су добынан қазақ елінің спортшы қыз-жігіттері 2000 жылғы Сидней Олимпиадасында жасындай жарқыраған болатын. Төрт жылда бір өтетін байрақты бәсекеде ел намысын қос құрамамыз абыроймен қорғады. Алайда араға төрт жыл салып өткен Афины ойындарында бағымыз жанбады. Асқар Оразалиновтен тәлім алған жігіттер өз әріптестері алдында әлсіздік танытты. Өйткені ұлттық құрама бұғанасы қатпаған жастардан жасақталған болатын. Сидней Олимпиадасынан кейін жігіттеріміздің бірнешеуі ұлттық құрамадан кетіп, олардың орындарын жастар басты.
Қазір Асқар Сабалақұлы өзі жасақтаған жаңа команданың құрамын сақтап қалудың қамын ойлап жүр. “Бұл кілең қазақ жерінде туып, осы жердің суын ішіп, саф ауасын жұтып өскен өрендер. Олардың тәжірибесі өте аз. Себебі бұлардың басым көпшілігі 21-23 аралығындағы жігіттер. Ал біздің спортта жас мөлшері нағыз шарықтау кезеңі 27-33 жас аралығын құрайды. Сондықтан біздің жігіттердің өсіп-жетіліп, әлемдегі азулы командаларға лайықты қарсылас атануына әлі уақыт қажет. Тек қазіргі құрама сапындағы жігіттерден айырылып қалмасақ болды. Әрине, су добы арнайы спорт кешені мен қомақты қаржыны талап етеді. Алайда бір команданы ұстап тұруға біздің Спорт комитетінің шамасы жетеді. Бізге тек сенімділік білдірмегендері батады. Қазір ұлттық құрама ойыншыларының негізін «ҚазАТК» командасының ватерполшылары құрайды. Бізге үнемі Академия басшылығы қолдау көрсетіп келеді. Команданың жарысқа шығуы мен спортшылардың және бапкерлердің еңбек жалақысына көмектесіп тұрады. Осындай жанашыр азаматтар кең байтақ Қазақстанның түпкір-түпкірінде болса, ватерполымыз дәуірлеу кезеңін басынан кешер еді. Амал не, су айдыны тек Алматы мен Астана қалаларында ғана бар. Таразда да су спортымен айналысушылардың қатары көбейіп келеді. Ал басқа аймақтар жұмған аузын ашпайды. Осы өрімдей жастардан құралған ұлттық командамыз былтыр Азия кубогын жеңіп алды. Өткен жылы Иранда және Өзбекстанда өткен турнирлерде бас жүлдені жеңіп алғанбыз” – дейді бас бапкер.
Биылғы маусымда ватерполшыларымыз Тайландта өткен универсиадада бақ сынады. Түркия құрамасы негізгі құрамдағы ойыншыларды әкепті. Біздің жігіттер олармен тең дәрежеде ойын өрнегін көрсетті. Ал ең қызығы, осы сында біз Ресей құрамасын үш доп айырмашылығымен ұтып кеттік. Бізге ренжіген солтүстіктік көршіміз биыл әр нәрсені сылтау етіп, төл чемпионаттарына жылда қатысып жүрген «ҚазАТК» клубын қатыстырмай қойды. Асқар Сабалақұлының айтуынша, Ресей чемпионатында шеберлік шыңдап жүрген жігіттеріміз үшін бұл орны толмас олқылық болып отыр.
Ватерполшы жігіттеріміз үшін алдағы жылда ең жауапты жарыс наурыз айының басында Бейжің Олимпиадасының жолдамалары сарапқа салынатын соңғы іріктеу турнирі болмақ. Румынияда өтетін аталмыш додаға осы турнирге дейін өткен іріктеу сындарында жолдамаға іліне алмаған құрамалар қатысады. Қазақстан құрамасы осы турнирде олимпиада жолдамасына қол жеткізуді көздеп отыр, ол үшін олар алғашқы үштікке ілінулері керек.

  Қазақ тіліндегі рефераттар - Қазақстан


Яндекс.Метрика