- Рефераты на казахском
- Денсаулық
- Ішімдіктің зияны
Ішімдіктің зияны
Ішімдіктің зияны
Арақ-шараптан адамға келетін зиянды есептеп шығарудың өзі қиын. Араққа үйір адамның семьяда бақытсыз (тек өзі ғана емес), қызметте абыройсыз, ағайынға, көрші-қолаңға беделсіз болатыны белгілі. Олар түрлі ауруларға да шалдыққыш келеді.
Ішімдік жыныс сезімін күшейтеді, жыныс актісінің уақытын созады, адамның жыныстық қызметіне пайдалы әсерін тигізеді деген ұғым бар. Шын мәнінде солай ма? Рас, шамасыздық кейінірек басталады.
Дәрігерге жап-жас жігіттерді жетелеп әкелетін қандай жағдайлар? Әрине, маскүнемдік. Өйткені алкоголиктердің жыныс органдары әлсірейді, келе-келе арақ-шарап еркекті белсіздікке апарып соқтырады. Өкінішке орай, белсіздіктің арақтан болатынын не ері, не әйелі біле бермейді.
Арақ-шарапты салынып ішкен адамның бүйрегі мен бауыры, жүрегі мен нерв жүйесі алуан түрлі қатерлі ауруларға шалдығады. Ол көрсеқызар болады, инабаттылықты ұмытады, дөрекілік көрсетеді. Көрсе қызарлықтың, нәпсі құмарлықтың салдарынан маскүнемдер жыныс ауруларына жиі душар болады.
Алкоголь «нерв уы» деп бекер айтылмаған. Ішкілік организмнің қуыс-қуысына өте тез жайылады да, сонан соң орталық нерв жүйесін улап, оның қоректену процесін бұзады.
Үнемі ішкілікке салынған адамның спермотозоидтары (ұрық клеткалары) азайып, олардың тұлғасы (формасы) өзгереді. Маскүнем әйелдерден туған балалардың жартысына жуығы дүниеге келгеннен кейінгі алғашқы айларда шетінейді. Шетінеуге нәрестенің миындағы ісікті сырқаттар себепкер болады.
Емшекте баласы бар әйелдердің маскүнемдігі тіпті өрескелдік. Олар арақ түгіл, сыра ішуге де болмайтынын естерінде сақтаулары керек. Ана сүтімен нәрестенің организміне енген алкоголь баланы тынышсыздандырады, ұйқысын нашарлатады, ақыл-есінің жетілуіне кедергі келтіреді. Сайып келгенде, ішкіліктің зияны мол екенін есте ұстаған семья мұны ұмытпағаны жөн. Талай адамның түбіне жеткен ішімдік кімнің жанын азапқа салмады дейсіз. Соған қарамастан арақ ішу дәстүріміз ғой деушілер де табылып қалуы мүмкін. Бұдан былай бұл зиянды «дәстүр» халық ұғымынан шығып, кейінгі ұрпақтың сөздік қорында болмауға тиіс. Партия мен үкімет қазір бізден осыны талап етіп отыр.
Салауаттылық — денсаулықты жақсартып, материалдық байлықты арттырудың, еліміздің күш-қуатын көтерудің бір көзі. Сондықтан да халқымыз партияның алкоголизмге, маскүнемдікке, есірткі ішуге қарсы саясатын қолдайды. Алкоголизм мен маскүнемдікке қарсы шараларды жүзеге асыру жолында аянбай еңбек етеді. Адам баласының алға басу жолындағы кедергі — арақ-шараптың сиқырлы сыр-сипатын тек біздің еліміз ғана ашып көрсетіп, оның әлеуметтік зиянын айқындады. Партия арақ-шараптың болашақ ұрпаққа тигізетін қырсығын, ащы шындықты айтып халықты сақтандырып отыр.
Дегенмен, жалпы адам организміне зардап тек арақ-шараптан ғана келеді десек, қателескен болар едік. Бұл күндері «сәнге» айналып жүрген темекі шегудің зияндылығы да аз емес. Тіпті оны шегуді былай қойғанның өзінде, темекі плантациясында жұмыс істеп журген кыздардың, қалыңдықтардың бала көтермей қалу қаупі тағы бар.
Әрине, алкоголизм, есірткі, темекі шегу жайындағы дабыл орынды, дер кезінде соғылды. Нашақұмарлықтың, темекіқұмарлықтың, наркотикалық есірткілерді пайдаланудың салдарынан жарымес, мүгедек, аурушаң нәрестелер өмірге өксіп - жылай келеді. Ал оны болдырмаудың бірден - бір жолы — осы айтылған жағымсыз жайларға, бос уақыттарын міндетті түрде сырахана, ресторан маңында көзін сүзіп, күнін өткізетін кәнігі маскүнемдердің бұрынғыдай жұбын жазбай жүру «дәстүріне» жол бермеу.
Өмір өлшемі — салауаттық, салауаттық — өмір заңы. Салауатты өмір сүрмей тұрып, өміріңе қажетті нәрсені ала алмайсың. Адам баласының жарасымды тұрмыс құрып, үйлесімді дамуы үшін біздің елде барлық жағдай жасалған. Өнердің, спорттың сан-салалы түрімен айналысуға болады ғой. Олардың қайсысынан болса да жан дүниең ләззат тауып, сезіміңе әдемі түйсік алады емессің бе? Одан өмірің мәнді, мазмұнды бола түседі емес пе? Олай болса, арақсыз, есірткісіз, темекісіз әрі мазмұнды, әрі сәнді өмір сүруге болады. Алдамшы құмарлықтан бас тартып, өзін-өзі билей білу — адам бойындағы ізгі қасиет, үлкен парасаттылық.
Ішкілікке үйір болып туатын адам жоқ, маскүнемділік тұқым да қуаламайды. Оған көбінесе мол дастарқан басындағы отырыстар ырду-дырду араласқан адамдар, жүрген орта себепкер болады. Маскүнемдіктен сақтандыру, оның алдын алу мәселесі бұл күндері кімді болса да бейғам қалдыра алмайды. Өйткені алкоголизм мен маскүнемдіктіц артында жеке адам, семья тағдыры тұр. Оның ауыр зардабы жанашыр жақынды да, бейтаныс адамды да бейғам қалдыра алмайды. Теріс жолға түскен адамға білікті де дұрыс ақылшы керек. Ішімдік салдарынан маскүнемнің жан дүниесінде болған дағдарыстарды, өміріндегі сәтсіздіктерді көріп, түсіне, түсіндіре білетін, көзін жеткізіп айта білетін шын жанашыр адам керек.
Маскүнемдік адамдардың денсаулығын бұзып, шаңырақтың тату-тәттілігін шайқалтады, адамды әл-қуатынан, ерік-қайратынан айырады, тапсырылған іске салдыр-салақ қараушылықты тудырады, еңбек өнімінің төмендеуіне, өнеркәсіп пен транспортта жарамсыз өнім шығаруға, жұмысқа себепсіз кешігуге және апатқа ұшырауға әкеп соқтырады. Маскүнемдік ағайыншылыққа, сыбайластыкка, жең ұшынан жалғасушылыққа, тамыр-таныстыққа жол ашады, принципсіздік тудырады, қылмыс жасауға итермелейді.
Қолданылған әдебиеттер:
1. Өмешұлы Ә. Салауатты өмір – денсаулық кепілі, Алматы, 1999
2. Малдыбаев Ә. Мұны әркім де білуі тиіс, Алматы, 1987