Персоналии

Серік Ғабдуллаұлы

Серік Ғабдуллаұлы 1937 жылдың 17 тамызында Ұлан ауданы, Шымқора ауылында дүниеге келген.
Жамбыл атындағы орта мектепті 1957 жылы бітіріп, республикамызда алғашқы игі бастама көтеріп, бүкіл кластастарымен сол кездегі Жамбыл атындағы колхоздың товарлы сүт фермасында комсомол бригадасын құрып жастық жалынмен еңбек етті. 1959 жылы Шымқора ауылының клуб меңгерушісі болып істеді.
1960-1966 жылдары Қазақ мемлекеттік университетінде филология факультетінің тіл және әдебиет бөлімін бітірді. Ол өзінің творчестволық жолын облыстық "Коммунизм туы" газетінде әдебиет қызметкері болудан бастап, өлең өнеріне құлаш сермеп, қаламы жүйрік, ойы ұшқыр, талабы жоғары, талантты биік журналист екенін таныта бастады. Осы "Комммунизм туы" қазіргі "Дидар" газетінде 1990 жылға дейін қызмет атқарды.
1991 жылы Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамының облыстық ұйымы басқармасының төрағасы болып сайланып, 1995 жылдың қаңтарына дейін жұмыс істеді.
1995 жылдан Қазақстан Жазушылар Одағы Шығыс Қазақстан облыстық бөлімшесі секретарының орынбасары болып қоғамдық жұмыс атқарды.
Серік Ғабдуллиннің университет қабырғасында жүргенде-ақ алғашқы туындылары жарық көрді.
Өмірдің өзенінде, өнердің өзегінде өзіндік өрнегімен таныла білген Серік Ғабдуллаұлының әр жылдары шыққан "Көктем лебі" (топтама 1975), "Бұқтырма сарыны" (1978), "Көктем-көк өрім шағым" (1982), "Ақ босаға" (салт-дәстүр танымы, 1993), "Жылдардан жеткен жаңғырық" (очерктер жинағы,1995), "Сөйле менің жүрегім" (1998) т.б. кейінгі жылдары жарық көрген  «Алтай асу» (2003), «Ұланғайыр» (2003), орыс тілінде басылып шыққан «Седой тулпар» (2006) жыр жинақтарын  оқырмандар жылы қабылдады. 2007 жылы жарық көрген 2 томдық таңдамалы өлеңдер жинағы өнегелі өмірінің, ұзақ жылғы еселі еңбегінің жемісі.
Ақын жерлесіміз осындай шығармашылық жұмыстармен, поэзиямен шұғылданумен бірге көптеген қоғамдық жұмыстармен айналысады. Атап айтсақ «Айтыскерлер мектебінің» директоры, Қалалық кітапханада құрылған "Шабыт" атты жас ақындар үйірмесінің жетекшісі жұмыстарын атқарады. 1991-95 жылдары Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Шығыс Қазақстан облыстық ұжымының төрағасы болып қызмет істеді. 2001 жылдан бері Өскеменде шығатын аймақтық әдеби-мәдени және қоғамдық «Ақ Ертіс» журналының бас редакторы.

Елтай Елғон

(Елтай Қатпаұлы Тұрлыбаев)
Шығыс Қазақстанның тумасы. Өскемендегі педагогикалық институттың орыс тілі мен әдебиеті факультетін бітірген. 1954-1979 жылдары Ұлан аудандық халық ағарту жүйесінде, одан кейін «Білім» қоғамы облыстық ұйымының референті, облыстық «Коммунизм туы» (қазіргі «Дидар») газетінде тілші қызметін атқарған. Қазақ және орыс тілдерінде жазады.
Қазақстан Республикасы халық ағарту ісінің үздігі. 60 жылдардан бастап туған өлке тарихы мен адамдары тақырыбында қалам тартады. «Ерлігімен ән туғызған», «Наймандар» кітаптарының авторы.
Орыс тілінде 2001 жылы «От Алтая до Алаколя», 2004 жылы «Приближали как могли» атты кітаптары шықты.
Шығармалары Елғон лақабымен, ал орыс тілінде Турлыбаев атымен шығады.
2002 жылы Москваның «Братина» альманахында автордың «Кетбуга», «Пегий жеребец Сарыкула», «Балжынгер» әңгімелері жарық көрді.
2003 жылы ана тілінде аңыздар, хикаяттар, очерктер топтастырылған «Атамекенде» жинағы жарыққа шықты.



Қасым Қайсенов
Қасым Қайсенов 1918 жылдың 23 сәуірі күні Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданының Асубұлақ ауылында, кедей шаруа семьясында туған.
1935 жылы он жеті жасында Өскеменге келіп саяси-ағарту техникумын жұбайы Асыл екеуі бірге бітіріп, 1937 жылы семья құрған. Асыл әжеміз сол жылы небары 16 жаста болған. Ол өзінің қиын қыстау өмірін қасиетті Кереку жерінен бастаған. 1939-1940 жылдары Павлодар облыстық оқу бөлімінде инспектор болып қызмет істеген.
1940-1941 жылдары арнаулы әскери дайындық мектебінен өткеннен кейін оңтүстік - батыс майданының штабына жіберіледі.
Ұлы Отан соғысы жылдарында жау тылында партизандық қозғалысты ұйымдастыруға белсене қатысты. 1941 жылы жау қолында қалған Украина жерін азат етуге аттандырылды. Партизан қозғалысының алғашқы жетекшілері ретінде Закарпатья, Молдавия, Румыния, Чехословакия жерін неміс басқыншыларынан азат етуге қатысып, көптеген күрделі операцияларды жүзеге асырды. Қасым Қайсенов өзін өжет, тапқыр және ұйымдастыру қабілеті зор командир ретінде көрсетті. Ол басшылық еткен отряд көптеген операцияларды сәтті жүзеге асырып жауға соққы берді. Жазушы Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерліктері үшін Ұлы Отан соғысының бірінші дәрежелі орденімен, Богдан Хмельницкий орденімен және көптеген медальдармен наградталды.
Соғыстан кейін бейбіт еңбекке араласып, Қазақстан Жазушылар одағында, баспа орындарында жауапты қызметтер атқарды. 1945-1953 жж. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Президиумында, Жамбыл облысының Жуалы, Свердлов аудандық кеңестерінің атқару комитеттерінде жауапты қызметте болды. 1953-1970 жж. Қазақстан Жазушылар одағында және баспа орындарында («Жазушы», «Қайнар») редактор, директордың орынбасары қызметтерін атқарды.   Партизандық өмір жолын, қарулас жолдастарының қаһармандығын бейнелейтін "Жас партизандар" (1954), "Илько Витряк", "Переяслав партизандары" (1956),  "Ажал аузында" (1959), "Жау тылындағы бала" (1961), "Жау тылында" (1973), "Партизан соқпақтары" (1978)  тәрізді т.б. көптеген шығармалар жазды. Шығармалары шетел (орыс, украин, қырғыз т.б.) тілдеріне аударылған.
Қ. Қайсеновтың қаламгерлік келбеті оның аудармашылық өнерімен де толыға түседі. Ол М.Муратовтың "Ломоносовтың жастық шағы", Николай Томанның "Сабылтқан сағым", Мамед Кулизаде Джалилдің "Почта жәшігі" кітаптарын құнарлы тілмен оқушы жүрегіне жеткізді.
3-дәрежелі Б.Хмельницкий, 2 рет 1-дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, көптеген медальдармен, сондай-ақ «Чехословакия партизаны» орденімен, есімі жазылған қарумен марапатталған.
Қасым Қайсенов - ерлік аңсаған жас оқырманның ең сүйікті жазушысы, ең сүйікті кейіпкері. Қасым Қайсенов-Тәуелсіз Қазақстанның ең алғашқы Халық Қаһарманы - Ұлттық батыры.
Ол 2006 жылдың 30 желтоқсанында қайтыс болды.

Қасымов Айтмұхамбет
Қасымов Айтмұхамбет Қасымұлы - Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданының Аюды ауылында 1950 жылы 29 маусымда туған. ҚазМУ-нің филология факультетін 1973 жылы бітіріп, мұғалім, мектеп директорының орынбасары, мектеп директоры болып қызмет атқарған.
1977 жылдан бері облыстық «Дидар» (бұрынғы «Коммунизм туы») газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы болып еңбек етті. 1997 жылғы шілдеден бері осы газеттің бас редакторының орынбасары. Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.
Туған өлкесінің тарихын, танымал тұлғаларының тағдырын, өмір жолын зерттеп, жоғымызды іздеп тауып, қалпына келтіру жолында А. Қасымов елеулі еңбек етіп келеді. Қазақ халқының тұңғыш әскери ұшқышы, жерлесіміз - марқакөлдік Жақыпбек Малдыбаевтың өмірін зерттеп, Москваның архивінде еңбек етті. Кенді Алтайдың суығында Отан соғысы кезінде ең алғаш өндірістік көлемде жүзім өсірген Дмитрий Панкратьевті, сонау 1915 жылы Ахмердегі тұңғыш қазақ қыздары мектебіне сабақ берген Ғайса Аязбаевты, алғашқы дипкурьер Лидия Тауэр сияқты тарихи тұлғаларды облыс оқырмандарына таныстырды. Ұшқыш жерлесіміз Ж. Малдыбаев жайлы материал республикамыздың Ұлттық энциклопедиясының 6 –томында жарық көрді.
Соңғы екі жылдан бері А. Қасымов Шығыс Қазақстан өңіріндегі баспасөз тарихын, оның ішінде 1931 жылы шыққан «Жұмысшы» газетінен бастау алатын облыстық «Дидар» газетінің тарихын зерттеумен шұғылданып жүр. Президент архиві, Орталық мемлекеттік архив, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан архивтері, ҰҚК архивінен жинаған деректері бойынша «Жұмысшы» газетінің тұңғыш редакторы,1938 жылы «халық жауы» ретінде көптеген ұлт зиялыларымен бірге Алматыда атылып кеткен журналист, жазушы М. Тайшыбаевтың өмірі мен шығармашылығын көрсететін «Қызыл қырғынның құрбаны» атты кітапша жазып шықты. Оның мұрындық болуымен 2004 жылы туғанына 100 жыл толуына орай Риддердегі 1931-37 жылдары өзі тұрған көшеге М. Тайшыбаевтың есімі берілді.

А.Қасымовтың шығармалары:

Қазақ халқының тұңғыш әскери ұшқышы Жақыпбек Малдыбаев / А. Қасымов.- 82 б. - Өскемен, 2007
Қызыл қырғынның құрбаны : Мақсұт Тайшыбаевтың 100-жылдығына арналады / А.Қасымов; Ауд. Ш.Әзмұхамбетов. - 91 б. - Алматы : Хай Текнолоджи, 2004
Тарихи жол : шолу / А. Қасымов. - 208 б.- Өскемен, 2006.
"Үміт" патшалығына саяхат / А. Қасымов. - 100 б. - Өскемен : Базальт, 2003.

Тұрғазы  Нұқаев
Тұрғазы Нұқайұлы  Нұқаев Ұлан ауданының Егінсу ауылдық кеңесіне қарасты Тұяқ ауылында 1937 жылы 27-ші маусымда туған.
1955 - 1960 жылдары Қазақтың Абай атындағы педагогика институтында оқып, осы оқу орнының тарих-филология факультетін тәмамдайды.
1960-1966 жылдары Ұлан ауданы мектептерінде мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі, мектеп директоры болып жұмыс істейді. Бұл жылдары Тұрғазының өлеңдері, балладалары, мақалалары облыстық, республикалық баспасөзде жиі жарияланып тұрды.
1966-1997 жж. Облыстық партия комитетінде нұсқаушы, облыстық «Дидар» («Коммунизм туы») газетінде жауапты хатшы, Бас редактордың бірінші орынбасары болып еңбек етті. «Казцинк» ашық акционерлік қоғамында «Казцинк жаршысы» газетінің редакторы қызметін атқарды.
«Дидар» газетінде істеген жылдар ішінде Т. Нұқайұлынан тәлім тәрбие алып республикамыздың сан қиырында журналист, жазушы болып жүргендер қаншама.
Ол "Тұңғыш" (1977), "Ұлы даланың ұлымын" (1995), "Әз ағамыз Әдекең" (1996, "Ана арманы" (1997), "Жарқыраған қос жұлдыз" (1999) атты кітаптардың авторы. Ақын Жазушылар одағының мүшесі. Ақын жырлары байсалды, өлеңдерінде бекзаттық, азаматтық әуен басым.
1978 жылы "Жалын" баспасынан "Тұңғыш" атты жыр кітабы жарық көрді. Жылдар өткен сайын ақын талай күрделі тақырыптарды игерді, өлеңдерінің көркемдік қасиеттерін жетілдіре түсті. Шығармалары әрдайым нақты өмір тәжірибесінен алынған шынайылығымен оқырман жүрегінен орын алған. "Ауыл", "Жол үстінде", "Тау тарланы" т.б лирикалық дастандары мен толғаулары осының айқын куәсі. Сондай-ақ Т. Нұқайұлының көптеген шығармаларында ел бірлігі, өзара ынтымақ мәселелері айқын, анық айтылып, береке бірлік, ынтымақты нығайтуға шақырады.
Тұрғазы Нұқайұлы З.Баянов атындағы облыстық журналистер жүлдесінің иегері.
Жерлес ақын Т.Нұқайұлы 2001 жылы қайтыс болды.

Т.Нұқайұлының шығармалары :
Анаға тағзым: Хикаят.- 91б.- Өскемен: Полиграфия, 1995
Әз ағамыз- Әнекең.- 52б.- Өскемен: Полиграфия,1994
Жарқыраған қос жұлдыз : Ғұмырнама.- 173б.- Өскемен: Полиграфия,1999
Тұңғыш: Өлеңдер.- 32б.- Алматы : Жалын, 1978
Ұлы даланың ұлымын: Өлеңдер,балладалар, толғаулар, дастан.- 177б.- Өскемен,1995

Бейсенова Шәрбану
1947 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданында туған. ҚазМУ-ін 1969 жылы бітірген. Еңбек жолын республикалық «Парасат»(бұрынғы «Мәдениет және тұрмыс»)  журналында 1968 жылы әдеби қызметкер болып бастаған, кейіннен бөлім меңгерушісі болды. 1980 жылы «Қазақстан әйелдері» журналына бөлім меңгерушісі болып ауысты. Қазір ҚР Ақпарат министрлігінің Баспа істері жөніндегі департаментінде бас маман әрі жарық көрген кітаптардың насихатымен айналысады. «Қазақ әдебиеті» газетінде «Кітап әлемі» қосымшасының редакторы.
Алғашқы әңгіме, новеллалары облыстық «Дидар» (бұрынғы «Коммунизм туы») газеті мен «Қазақстан әйелдері» журналында тұрақты жарияланып тұрды.
ҚР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен (1985) марапатталды. «Тағылымды тағдырлар» атты кітабы үшін Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы берілді.

  Отдел краеведческой информации - Улан


Яндекс.Метрика