- Литературная карта
- Курчум
- Персоналии
Персоналии
Егеубаев Асқар
Егеубаев Асқар Құрмашұлы 1950 жылы 6 наурызда Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданындағы Қыстау Күршім ауылында мұғалімдер жанұясында дүниеге келген.
Зайсан ауданының Қаратал ауылындағы М.Горький атындағы орта мектепті 1967 жылы бітірген. Алғашқы өлең, мақалалары аудандық «Достық» газетінде, облыстық газетте, республикалық жастар басылымдарында 1964 жылдан көріне бастады.
Орта мектепті бітіргеннен кейін Шығыс Қазақстан облысы Марқакөл аудандық екі тілде шығатын «Шамшырақ» («Маяк») газетінде аудармашы, әдеби қызметкер, Зайсан аудандық «Достық» газетінде корректор, әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болып істеген.
1974 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін, кейіннен осы университеттің аспирантурасын тәмәмдаған. «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Жұлдыз» журналында, «Жазушы» баспасында, Қазақстан Республикасы энциклопедиясының Бас редакциясында, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде, ҚР Парламенті Сенат аппаратында жауапты қызметтер атқарды. Соңғы жылдарда Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекет қызмет академиясының «Мәдениеттану, мемлекеттік қызметті тілдік қамту» бағдарламасының директоры болды.
А. Егеубаев бірнеше өлеңдер мен поэма, сын кітаптарының авторы: «Мөлдір тұма» (1977), «Жүректегі жұлдыздар» (1979), «Сыр мен сымбат» (1981), «Сөз жүйесі» (1985), «Құс жолы» (1982), «Әділет» (1990), «Движение», «Кісілік кітабы», «Аламан», «Құтадғу білік», «Ежелгі дәуірдегі қазақ әдебиетінің көркемдік жүйесі», тағы басқа көптеген поэзия, әдеби сын, зерттеу еңбектерінің авторы. Гете, Т.Шевченко, Олжас Сүлейменов, Акбар Рысқұл, Құтби Киром, Юрий Кузнецов т.б. көптеген ақындардың шығармаларын қазақ тіліне аударды.
Ежелгі түркі ескерткіштерін зерттеп, аударған. 1986 жылы Ж.Баласағұнның «Құтты білік» дастанын тұңғыш рет толық аударып, жеке том етіп жариялатты. Осы еңбегі Пекинде «Ұлттар» баспасында араб әліпбиімен жарық көрген (1989, 1997). Ж.Баласағұнның «Құтты білік» дастанының әдеби сөздігін жасап, ол туралы талдау еңбектерін жарыққа шығарды. М.Қашқаридың көп томдық «Диуани лұғат-ит-түрік» атты шығармасын тұңғыш қазақшалап зерттеп, жариялатты.
Асқар Егеубаев М. Әуезов туралы жазған «Қыран ғұмыр» поэмасы үшін 1975 жылы, Виктор Хара ерлігін толғайтын «Адамды сүй, ағайын!» поэмасы үшін 1976 жылы Қазақстан жазушылар Одағы мен Қазақстан ЛКСМ Орталық комитетінің, Қазақ ССР Баспа Қомитетінің жабық бәйгесінің жүлдесін алған.
1979 жылы Москвада өткен жас жазушылардың Бүкілодақтық VII кеңесіне қатысқан Жастар мен студенттердің Бүкілдүниежүзілік XII фестивалінің (Москва, 1985), Орта Азия және Қазақстан жастарының достығы фестивалінің (Ашхабад, 1985) делегаты.
1984 жылы «Сыр мен сымбат» сын кітабы мен «Құс жолы» атты өлеңдер жинағы үшін Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атағын алған. Жастар мен студенттердің Бүкілдүниежүзілік XII фестивалінің дипломанты.
Филология ғылымдарының докторы. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі. Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты. Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың иегері, Жастар мен студенттердің Бүкіл Дүниежүзілік ХІІ фестивалінің (Мәскеу, 1985) дипломанты. Жас жазушылардың бүкілодақтық VII кеңесіне қатысқан (Мәскеу, 1979).
ҚР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталған. КСРО-ның «Еңбектегі ерлігі үшін» (1986) медалінің иегері.
А. Егеубаевтың шығармалары:
Әділет: өлеңдер, балладалар, поэмалар.- 240 б.-Алматы, 1990
ХХ ғасырдың екі сағаты : өлеңдер мен дастандар.- 176 б. - Алматы : Атамұра, 2005
Жүректегі жұлдыздар: Өлеңдер мен поэмалар. - 176 б. - Алматы, 1979
Құс жолы: Өлеңдер мен балладалар.- 120 б.-Алматы, 1982
Құлабыз : монография / А. Егеубай.- 216 б. - Алматы : Жазушы, 2001
Мөлдір тұма: Поэма мен өлеңдер. - 72 б. - Алматы, 1977
Сөз жүйесі: Сын кітабы. - 272 б. - Алматы: Жазушы, 1985
Сыр мен сымбат: (Қазіргі қазақ поэзиясы туралы толғаныстар).- 224 б.- Алматы: Жазушы, 1981
Бәдел Тұрсынбаев
Бәдел Тұрсынбаев - Шығыс Қазақстан облысына қарасты Күршім ауданында Батпақты Бұлақ ауылында 1905 жылы 1 шілдеде туған. Бәделдің әкесі ата-бабасынан кедей шаруа болған, бала Бәдел жоқтың зардабын көріп өскен. Ауылда жүріп аздап сауатын ашады. 1926-1930 жылдар аралығында аудандық кеңестің хатшысы, бастауыш мектеп мұғалімі болып істеді. Осы жылдар аралығында Б. Тұрсынбаев басмашы, бандыларға қарсы қолына қару алып күресті.
1930 жылы газет қызметкерлерінің қысқа мерзімді курсынан өткен Б. Тұрсынбаев Семейдің облыстық «Екпінді» газетіне қызу қатысып, өлең, очерктер жариялады. Семей ауыл шаруашылығы техникумында оқыды. Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін бітірген. Кейін әдебиет орталығына қарай жақындап, Алматы маңындағы мектептерде мұғалім, Байсерке орта мектебінде директор болып қызмет атқарды. Бұдан кейін Жамбыл мұражайында қызметке орналасады. 1952 жылдан бастап өмірінің ақырғы шағына дейін орта мектептерде балаларға ұстаздық ету қызметінде болды. 1957 жылы ҚазПИ-ді сырттай оқып бітірген.
Жас жеткіншекті тәрбиелеу саласында Б. Тұрсынбаевтың ұстаздық еңбегі ерекше бағалы болса, бұл бағытта оның әдебиеттік қызметі де өзінше, айырықша қадірлі, жеткіншектерге туралай тәрбиеші болған Бәдел, жазушылық өнерін де осы бағытқа бағыттап, өзін балалар әдебиетінің қызметіне жұмылдырды. Әдебиет саласында отыз жылдан астам қалам жұмсаған жазушы балалар үшін бірнеше өлең, әңгіме жинақтар, повестер, суретті кітапшалар жазып шығарды. Тұңғыш кітабы - «Базар батыр» поэмасы 1942 ж. жарық көрді. Кейін «Не қымбат?», «Өмірлік достар», «Түлкі мен бақташы», «Сұр мерген», «Көңілді балалық», “Қуыршақтар”, “Мақтаншақ қызылша жайлы хикая” атты өлеңдер мен әңгімелер жинақтары басылып шықты. Кейінгі шақта Б. Тұрсынбаев ересек жастар үшін де әңгіме, повесть жаза бастаған еді. «Ауылдан келген жігіт» атты ұзақ әңгімеден кейін, қайтыс боларының алдында «Ауыл мұғалімі» атты көлемді повесть жазды. Шығармалары, көбінесе балаларға арналған. Оның көптеген әңгімелері мектеп оқулықтарына енгізілді.
1971 жылы «Жазушы» баспасынан «Айнымас достар» атты жинағы жарық көрді. Бұл жинаққа автордың әр кезеңде жарияланған әңгімелері мен повестері енді.
Бәдел Тұрсынбаев 1967 жылы кайтыс болды.
Б. Тұрсынбаевтың шығармалары:
Айнымас достар. Повесть және әңгімелер. Құраст. Е. Ибраев.- 190 б .-Алматы. Жазушы. 1971
Не қымбат. Әңгімелер. - Алматы: Қазмем. көркем әдеб. Бас, 1955.
Повестер, әңгімелер, ертегілер мен мысалдар / Б. Тұрсынбаев, М. Гумеров, М. Төрежанов. - 512 б - Алматы : Балауса, 1992
Ахметжан Талаптан
1961 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданы, Теректібұлақ ауылында туған. 1985 жылы Өскемен құрылыс-жол институн бітірген. Құрылыста мастер, Шығыс Қазақстан облыстық телерадио комитетінде редактор, республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі, ҚР Баспасөз және бұқаралық министірлігінде бас маман, «Парасат» журналы бас редакторының орынбасары – жауапты хатшысы болған. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары болды.
«Жігер» фестивалінің, Қазақстан Жазушылар одағының Оралхан Бөкей атындағы сыйлығының иегері. 1996 жылы «Тұма» атты әңгімелер мен хикаяттар жинағы үшін Қазақстан Жастар одағы сыйлығының, 2002 жылы «О дүниенің қонағы» атты прозалық жинағы үшін халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты атанды. «Қараторғай» атты екі актілі трагедиясы Орал облыстық театрында, «Екі жүрек» атты екі актілі пьесасы Ғ.Мүсірепов атындағы академиялық Жастар мен балалар театрында қойылды.
«Тұма» (1995), «Сұлу мен суретші» (1997), «О дүниенің қонағы» (2001), «Ақиқат жолы» (2003), «Мұң» (2003) атты прозалық кітаптары жарық көрген.
Бергенінен берері көп жазушы Т. Ахметжан 48 жасқа қараған шағында 2009 жылы дүниеден өтті.
Ыбыраев Жүніс
(1928-2002)
1928 жылы 12 қазанда Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданы, Мақпал ауылында туған. 1959 жылы ҚазМУ-нің филология факультетінің журналистика бөлімін бітірген. Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы», «Социалистік Қазақстан» газеттерінде, «Қазақстан агроөнеркәсібі» журналында жауапты қызметтер атқарған.
Көптеген көркем очерк кітаптарының авторы, көптеген жинақтар құрастырған. М.Слуцкистің, А.Курчаткиннің роман, әңгімелерін қазақшаға аударып, кітап етіп бастырған.