Сурет өнері
Александров Николай Павлович
Монументті өнер шебері, мүсінші. 1924 жылы Шемонайха ауданы, Верхубинка ауылында туған.
Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан. Алматы көркемсурет (1951) және Санкт-Петербургтің көркем өнеркәсіп училищесін (1957) бітірген. Ол "Түбіт шәлі" (1967), «Қымыз» (1968) тағы басқа графикалық жұмыстардың және "Жарық ебелегі" (1978), "Бостандық жан тебірентер жақсы сөз" (1985), т.б. мүсіндік еңбектердің авторы. Әр түрлі монументті өнер туындылары бар. Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен (1958), 1- дәрежелі Отан соғысы орденімен, медальдармен марапатталған.
Белослюдов Виктор
Суретші, этнограф.
1883 жылы Семей қаласында дүниеге келген. Семей бастауыш училищесін бітірген.
1899-1906 жылдары Мәскеудегі Строганов училищесінде окиды. 1906 жылы Семейге оралып, бастауыш училищесінде, гимназияда сурет пәнінен дәріс береді.
Суретшінің туындылары қазақтардың өмірі мен тұрмысына, табиғатына арналған. «Семей», «Киіз үй», «Қазақ әйелі», «Қымыз ішіп отырған қазақтар», «Қазақ отбасы», «Ертісте», «Күз кезіндегі орман», тағы баска шығармалары бар.
Мақсұтов Мұрат
Театр суретшісі.
1946 жылы 1 қаңтар күні Ұлан ауданының Есенгелді ауылында дүниеге келген.
1972 жылы Алматының көркемсурет училищесін бітірген. Сол жылдан бастап Қарағанды облыстық драма театрында суретші, бас суретші болып, көптеген спектакльді көркемдеді.
Қ.Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астында» комедиясы - дарынды өнерпаздың театр сахнасында алғаш көркемдеген спектаклі (1972). М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек»(1973) пен «Дос-Бедел дос» (1981), Д.Исабековтің «Әпке» (1980), С. Мұқановтың «Шоқан Уәлиханов» (1982), С.Жүнісовтің «Өліара» (1982), Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» (1984), М.Кәрімнің «Ай тұтылған түні», А.Островскийдің «Найзағай» (1975), Н.Гогольдің «Үйлену» (1976), У.Шекспирдің «Макбет» (1979) пен «Асауға тұсау» (1984), «Отыз ұлың болғанша...» («Арбаң аман болсын», 1984), тағы басқа спектакльдердің декорациясың жасады.
1997 жылдан Ақмола облыстық қазақ музыкалық драма театрында қызмет етеді.
Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының иегері (1986).
Мұқанов Флобер
Суретші, Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген өнер қайраткері (1988).
1939 жылы 14 желтоқсанда Семей қаласында дүниеге келген.
1960 жылы Алматы көркемсурет училищесін, 1978 жылы Мәскеудегі МХАТ студиясының қоюшы-суретшілік бөлімін бітірген. Сол жылдан Қазақ академиялық драма театрында суретші болып еңбек етті.
Қазақ сценография өнөрінің дамуына мол үлес қосқан суретші «Майра» (Ә. Тәжібаев), «Шыңғыс хан» (Иран-Ғайып), «Абай», «Хан Кене» (М. Әуезов), «Қозы Көрпеш - Баян сұлу», «Ақан сері - Актоқты» (Ғ.Мүсірепов) секілді спектакльдердің декорациясын жасады. Орыс және ұйғыр театрларындағы көптеген спектакльдердің де қоюшы-суретшісі болды.
Пейзаж жанрында да өзіндік колтаңбасы бар. Графика, акварель, темперада салған шығармалары мемлекеттік және жеке қорларда сақтаулы.
КСРО және Қазақстан Суретшілер одағының (1978), Халықаралық сценографтар қауымдастығы мен ҚР Театр қайраткерлері одағының мүшесі.
Нұразхан Алмас
Мәдениеттанушы, суретші.
1964 жылы Зайсан қаласында дүниеге келген.
1979-1983 жылдары Васнецов атындағы Аврамцево көркемөнер-өндіріс училищесінде (Ресей), 1987-1992 жылдары Т.Жүргенов атындағы театр және көркемөнер институтында, 2004-306 жылдары Қазақ құқық және халықаралық қатынастар институтында білім алды.
1992-1996 жылдары Алматы қаласындағы «Алас» кооперативінің, 1997-1998 жылдары «Балалар мен жасөспірімдердің өнер орталығы» қоғамдық бірлестігінің директоры болды. 1998-2000 жылдары ҚР Суретшілер одағы төрағасының орынбасары, 2000-2004 жылдары Абай атыңдағы ҚҰУ көркемөнер-графика факультеті сәндік-қолданбалы өнер кафедрасының меңгерушісі болса, 2004-2007 жылдары «Дарын-Аrt» ЖШС көркемөнер-өндірістік компаниясының, 2007-2009 жылдары Астана қаласында орналасқан Мәдениет пен өнерді шыңдау мемлекеттік қорының директоры қызметтерін атқарды, 2009 жылдан Астана қаласындағы «Қазақстан халқын рухани дамыту қоры» АҚ президенті.
Педагогика ғылымдарының кандидаты. ҚР Суретшілер одағының мүшесі, ҚР Көркемөнер академиясының академигі.
Нұразхан Еркін
Суретші, өнертанушы.
1953 жылы Тарбағатай ауданының Жалғызтал ауылында туған. 1974-1978 жылдары Н.Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесінде, 1978-1986 жылдары Т.Жүргенов атыңдағы Алматы мемлекеттік театр және көркемсурет институтында оқыған.
1982-1992 жылдары «Балдырған» журналының көркемдеуші редакторы; 1993-2002 жылдары «Түркістан» қоғамдық-саяси апталығының суретшісі, бөлім меңгерушісі; 2002-2005 жылдары «Өнер» баспасының бас редакторы болды. 2006-2007 жылдары Ә.Қастеев атындағы Өнер мұражайында бөлім меңгерушісі, бүгінгі күні осы мұражай директорының орынбасары.
«Ұлт пен рух» мақалалар жинағы (2003), «Кімге күлеміз?» сатиралық суреттер альбомы (2005) жарық көрген.
Қазақстан Суретшілер және Журналистер одағының мүшесі. ҚР Мәдениет министрлігінің «Мәдениет қайраткері» белгісімен марапатталған.
Нұрмұхамедов Нағымбек
Кескіндемеші, өнертанушы, Қазақстанның халық суретшісі (1974), өнертану ғылымдарының кандидаты (1961).
1924 жылы 6 қараша күні туған.
1940-1942 жылдары Алматы театр-көркемсурет училищесінде, 1947-1953 жылдары Ленинградтағы (Санкт-Петербург) кескіндеме, мүсін және сәулет институтында оқыды. 1961 жылы А.Герасимовтың шеберханасы бойынша КСРО Көркемсурет академиясы жанындағы аспирантураны бітірген. Ұлы Отан соғысының ардагері.
Қондырғылы кескіндеменің әр түрлі жанрында жұмыс істеп, оқиғалы картина саласында «Даладағы өрт» (1959-1963), «Әкем келе жатыр» (1960), «Бес қаруың сай болсын» (1965), тағы басқа шығармаларын, «Кеңес одағы Әскери-теңіз флотының адмиралы И.С.Исаков» (1964-1965), «Кеңес Одағының Батыры М.Ғабдуллин» (1969) портреттерін; «Теміртау су қоймасы» (1959), «Алатау беткейінде» (1966) пейзаждарын салды. Бүкілодақтық және республикалық көрмелерге қатысты. Жеке өзінің 7 көрмесі болды. Еңбектері Канадада, Бельгияда, Югославияда, Финландияда көрмелерге қойылды. Қазақстанның бейнелеу өнері жайлы бірнеше кітаптар мен альбомдардың авторы.
ҚКСР Мемлекеттік сыйлығының иегері (1978). 2-дәрежелі Отан соғысы, «Құрмет Белгісі» ордендерімен марапатталған.
1986 жылы 17 желтоқсанда қайтыс болды.
Рақымов Хайдар
Кескіндемеші. 1917 жылы Өскемен қаласында туған. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан. Алматы көркемсурет училищесін (1948) және қазіргі ҚазҰПУ-ды (1965) бітірген. Рақымовтың елеулі кескіндемелік еңбектері қатарында: «Абайдың туған жерінде» (1949), «Бұқтырма СЭС-і» (1958), «Ульбаның жаңа көпірі», «Комбайншы Ұрқымбаевтың портреті», «Кенді Алтай» (1964), «Балықшылыр», «Менің Қазақстаным» (1965), «Шұғыл тапсырма», «Тың көтерген Чапаев кеңшары» (1970) сияқты картиналар топтамасы, тағы басқалар. Бұл картиналар топтамасы - өнер иесінің қабілет- қарымын дәлелдеген шығармалар.
Қызыл Жұлдыз орденімен және медальдармен марапатталған.
1980 жылы 9 мамырда қайтыс болды.
Степанов Анатолий
Суретші.
1940 жылы Күршім ауданының Маралды ауылында туған.
Мәскеудің Суриков атындағы мемлекеттік академиялық институтын тәмамдаған.
Сурет өнерімен 40 жылдан астам айналысады. Полотнолары мейірімділік пен ізгілікке толы. Суретшінің тума таланты, шығармашылығыңдағы өзіндік ерекшелігі жанына жақын екі жанрда - пейзаж бен натюрмортта толық ашылған.
Дербес көрмелері Қазақстанның түрлі қалаларында, Дания, Грекия, Италия, Панама, Нидерландия, Ұлыбритания тәрізді шетелдерде өткізілді.
Тұрдығұлов Жолаушы
Суретші, ұлттық саз аспаптарын жасау шебері. ҚР мәдениет қайраткері. ҚР Суретшілер одағының мүшесі.
1950 жылы 15 шілдеде Марқакөл ауданында дүниеге келген.
1974-1977 жылдары Н.Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін театрдың қоюшы-суретшісі мамандығы бойынша үздік дипломмен, 1992 жылы Абай атындағы ҚазМПУ-дің көркемсурет-графика факультетін бейнелеу өнері, сызу және еңбек мұғалімі мамандығы бойынша бітірген.
1977-1985 жылдар аралығында Марқакөл ауданының мәдениет бөлімінде халық театрының қоюшы-суретшісі болды. 1985-1992 жылдары Алматы қаласы «Казреставрация» бірлестігінің қалпына келтіруші-суретшісі. 1993 жылдан қазіргі уақытқа дейін Абай атындағы ҚазҰПУ-де көркемсурет-графика факультетінің қолөнер кафедрасында еңбек етуде.
Осы уақытқа дейін 2000-ға тарта домбыра, 100-ге жуық қылқобыз және 20 жетіген, тағы баска ұлттық саз аспаптарын жасады.
1989 жылы КСРО Мәдениет министрлігі мен Мәдениет қызметкерлері кәсіподағы орталық комитетінің Грамотасымен марапататталған. 1996 жылы «Үкілі домбыра» үшінші республикалық сайысында бас жүлдені иеленіп, «Алтын домбыра» арнайы сыйлығының жеңімпазы атанды. 1998 жылы Австрияның Мольн қаласында өткен варгандық музыканың III халықаралық конгресінің лауреаты. 2006 жылы қылқобыз жасаушылардың үздік шеберін анықтауға арналған «Дана қобыз» республикалық байқау-бәйгесінің бас жүлдегері және «Алтын қобыз» арнайы сыйлығының тұңғыш иегері. 2009 жылы Түрікменстанның Ашхабад қаласында өткен «Әлем жауһарлары» атты халықаралық ғылыми-шығармашылық фестивалінің лауреаты.