Халық күйшілері

Ауғанбаев Шанақ
Катонқарағай ауданы, Еңбек ауылының тумасы. Сыбызғыда ойнаушы музыкант болған. Оның репертуарында бағдарламалық сюжетке құрылған «Бұлбұл», «Аңшының зары», «Ақсақ құлан», «Боз інген», т.б. күйлер болған.
Байжігіт күйші
Байжігіт шамамен 1705 жылы туған. Руы - Абақ Керей ішінде Жастабан. Жастабан бір жағы Тарбағатайдың сыртын, бір жағы Шыңғыстың бауырын жайлаған. Бұл кезде Байжігіт Бердәулетұлы Жәнібек батырды сағалаған деседі. Күйшінің өмірі негізінен қазіргі Шұбартау  ауданының шегіндегі Бақанас, Балқыбек, Көксала өзендерінің бойында өткен.
Шығыс Қазақстан күйшілік, домбырашылық дәстүрінің, жалпы қазақ күй өнерінің шертпе күй саласының дамуына, көркейуіне мұрындық болған күйші. Ел аңызы Абылайхан заманында өмір сүрген Байжігіт 300 күй шығарған дейді. Заманында «күй иесі Байжігіт», «Күй атасы - Бәжең», «күй перісі» атанған. Байжігіт өзіне дейінгі күйшілік, домбырашылық өнердің озық қасиеттерін бойына сіңіре отырып, оны жаңа белеске көтерген бірегей тұлға.
Артына мол мұра қалдырған өнер иесі Байжігіттің тәлім алған ұстаздарының бірі - Сары Нияз төре деген күйші адам екен. Байжігіт 13-14 жас шамасында киіз үйдің сыртында отырып, іштегі отырған, сол кезде елге атақты Сары Нияз төремен күй тартысқа түседі. Өзімен күй тартысқа түсіп отырған күйшінің орындаушылығына риза болып сыртқа шықса, жап-жас бала екендігін көріп қайран қалады. Осыдан бастап Сары Нияз Байжігітті шәкірт қылып домбырашылық өнердің барлық құпия сырына қанықтырыпты.
Тарихта «Ақтабан-шұбырынды» атанған кезеңде Байжігіт 18 жасар жігіт екен. Елмен бірге үрей кешіп, азап шекседе домбырасын тастамапты. Осы кезеңде «Ақтабан» атты күй шығарады.
Байжігіттің қилы кезеңге арналған ең елеулі туындысы «Қайың сауған» күйі. Осы күй күйшінің есімін бүкіл елге әйгілейді. Жаңа өрлеп келе жатқан жас сұлтан Абылай, күйшіні ордаға алғызады. Байжігіт өмірінің бірталай уағы осы Абылай төңірегінде өтеді.
Күйшінің жоғарыда аталған күйлерінен басқа «Нарын» (төрт бөлімді), «Азат» (екі бөлімді), «Арман», «Көкейкесті» атты күйлері болған.
Күйші 80 жасқа келгенде сіреспе деген ауруға шалдығып (сірә паралич болса керек) төсек тартып жатып қалады. Өлім сағаты таяған кезде сахара өнерпаздарының көне салты бойынша жұртпен күй арқылы қоштасады. Оң қолы шертуге келмеген себепті күйші ең ақырғы сырлы күйін алақанының қырымен қағып ойнаған көрінеді. Күй ұрпақ жанында «Көкейкесті» деген атпен сақталған.
Әдебиет
Әбуғазы, Мұрат. Шығыстың шыңырау күйлері / М. Әбуғазы. - Өскемен : Шығыс полиграф, 2009. - 303 б
Баяқов Т. Күй құдіреті : Ұлы күйші бабамыз Байжігіт туралы тарихи дерек / Т. Баяқов // Дидар. - 2003.- 8сәуір. - Б. 4
Мағауин М. Күй иесі – Байжігіт / Мағауин М. // Жұлдыз.- 1976.- № 9.- Б. 180-185.
Тоқтаған А.   Қос ішектегі құдірет /   Тоқтаған А. // Егемен Қазақстан. - 2010.- 26 ақпан. - Б. 7.    
Тоқтаған А.   Шығыс Қазақстан күйшілік дәстүрі /   Тоқтаған А. // Дидар. - 2010.- 2 наурыз. - Б. 5.
Барлықов Ғабдылхақ
Шертпе күй шебері Ғабдылхақ Барлықов 1938 жылы ақпан айында Қытай Халық Респуликасының Шәуешек қаласында дүниеге келген. Әкесі Барлық домбыраны сұлу шертіп, ел ішіне кең тараған жыр-дастандарды, тарихи қиссаларды домбыра сүйемелімен толғайтын, елге танымал адам болған. Әкесінен қисса, жырларды домбырамен сүйемелдеу әуендерін қызыға үйреніп, домбыра аспабына құштарланып, онымен әуестенеді. Ғабдылхақтың анасы Оралқан Есенәліқызы қолынан үкілі домбырасы түспеген әнші және айтыскер ақын болыпты. Оралқан апайдың туған нағашысы Қаракерейдің тума руынан шыққан Сейіт-Сері. Өз тұсында «Ақын Сейіт» атанған, көп жылдар Әсет Найманбаевпен бірге жүріп ән шырқаған, өз жанынан ән шығарған елге танымал өнерпаз болған. Ол кішкентай жиені Оралқанның бойындағы өнер ұшқынын ерте аңғарып, оны бала жасынан өнерге баулиды. Оралқанның әкесі Есенәлі, оның інілері Сүлеймен, Көрпебай күйші-домбырашылар болған екен.
Ардақты ана екі нәрестесі Ғабдылхақты да жастайынан халықтық өнердің кәусарынан сусындатып, баласының өнерге ынтызарын арттырады.
Ғабдылхақтың домбырашы болуына игі ықпалын тигізіп, алғаш баулығандардың бірі Тоқтасын қарт. Тоқтасынның қалақтай домбырасынан төгілген күйлер Ғабдылхақтың балғын сезімін баурап алатын. Домбырашы қарт Тоқтасыннан домбыра шертуді игере бастаған Ғабдылхақ мектепте оқып жүргенде «Жорға аю», «Майдажал», «Беласар», «Телқоңыр» атты халық күйлерін орындайтын болады. 1956 жылы Шәуешек гимназиясын бітірген кезінде репертуары молайған ортанқол домбырашы болған. Халық композиторы Қайрақбайдың «Емен толқыны», «Қоңыр самал», күйші Жұмажанның «Ой терме» тағы басқа күйлерді игереді. Гимназияны үздік бітірген Ғабдылхақ Алтай аймағына жұмысқа жіберіліп, тіл-әдебиет пәнінің мұғалімі болып 1960 жылға дейін ұстаздық етіп, «Алтай» газетінің редакциясына ауысып, қоғам өміріне араласады. Халықтық өнерге талпынуына жол ашады. Қалалық мәдениет үйіндегі кештерге қатысуы Ғабдылхақтың өнерге деген құштарлық талғамын өсіріп, орындаушылық шеберлігін арттыра түседі. Балуанхақ, Мәмен, Тәстенбайдың Задасы қатарлы домбырашылармен араласып репертуарына «Көк дөнен», «Әкім батыр», «Шақабай-Шалап» сияқты күйлерді косады. Бір сапарында Қаба ауданында болғанда осы өңірге аты әйгілі, күйші Мүкейдің баласы Рахметолламан кезігіп, одан Мүкейдің «Қосбасар», «Акқабанның толқыны» т.б. бірнеше халық күйлерін үйренеді. Сонымен қатар Буыршын ауданында болып, көнекөз домбырашы карттар Әділхая, Ерғазы атты кісілерден халық композиторлары Бейсенбінің «Кеңес», «Таңсаңшы», Қайрақбайдың «Мергеннің мұңы», «Шеруші құлан», «Өрелі кер» күйлерін үйреніп, олардың аңыздарын біледі.
1962 жылдың сәуір айында өз атамекені, қазақ жеріне Шығыс Қазақстан облысы (бұрынғы Семей облысы) Үржар ауданы, Тасбұлақ елді мекеніне қоныстанады. Осы жерде Мақаншы ауданының мәдениет үйіне жұмысқа орналасып, көркемөнерпаздар үйірмесін басқарады, оған қосымша мектепте ән-күй сабағын жүргізіп мұғалім болады.
1972 жылдың күзінде Құрманғазы атындағы қазақтың Мемлекеттік академиясының халық аспаптар оркестріне Ғабдылхақтың орындау шеберлігі назарға алынып, оркестр кұрамына домбырашы болып қабылданады. 1978 жылы қазақ радиосының музыкалық қорына бірнеше күйлер жаздырады. 1986 жылы Бейсенбі, Қайрақбай, Мүкей күйлерін күйтабаққа түсіріп, жарыққа шығарады.
Қазақтың дарынды композиторы, дирижер, халық әртісі Нұрғиса Тілендиевтың жетекшілігімен   Мемелекеттік   фольклорлық-этнографиялық   «Отырар   сазы»   оркестрі құрылғаннан кейін Ғабдылқақ оркестр құрамына алынады. Ғабдылқақ күй өнерінде өзіндік орны бар бірегей күйші.

Буратай күйші
Тағы бір ел жадында қалған күйшілердің бірі Буратай күйші. Ол Марқакөл өңірінде мөлшермен 1894-95 жылдары дүниеге келіп, 1979 жылы Күршім ауданының Қалғұтты ауылында өмірден қайтқан. 1937-38 жылдары тап жауы атанып, қуғынға ұшырап, Қырғызстанға жер аударылған екен. 1945-46 жылдары Марқакөл ауданы шекара зонасы болғандықтан әйелімен    бірге Қалғұттыға мекендейді. Соғыстан кейінгі жылдары Шердаяқта шахтада жұмыс істейді. Кейіннен колхозшы болады. Көзі көргендердің айтуына қарағанда Буратай алып денелі адам болған. Өзі балуан болған екен. Домбырада көне халық күйлерін орындаған деседі. 1962 жылы Сәбит Мұқанов бұл өңірге келіп, Буратай күйшімен кездескен екен, сонда ол елу-шақты күйлерді таспаға жазып алған көрінеді. Оның бесеуі Буратайдың өзі шығарған күйлері деп айтылады. 70-жылдары Ілия Жақанов келіп, оның бір күйін Қазақ Радиосының алтын қорына жазған деседі. Міне, біздің қолымызға жеткен деректердің бары осы. Өкінішке орай бұл кісінің таспада жазылған күйлері бізге белгісіз.
Исин Амантай
1951 жылы Шығыс Қазақстан (бұрынғы Семей) облысы, Абыралы ауданында туған. Семей мемлекеттік педагогикалық институты тарих факультетінің оқытушысы. Республикалық «Абай» журналының ғылыми қызметкері. Тарихшы-ғалым (1988). Бірнеше монография және жүзге жуық ғылыми мақалалардың авторы. Жарық көрген кітаптары: «Әділ сұлтан» эпикалык жыры» (2001), «Казахское ханство и Ногайская Орда во второй поло-вине ХV-ХVІ вв.» (2002, 2004), «Шыңғыстау, Берел, Шілікті, Абыралы: 1999-2003 жж. археологиялық зерттеулер» (2004), «Русские источники по истории Казахстана. Т.1.Посольские материалы Русского государства» (2005).
Күйді әкесі, халық ақыны Иса Биназаровтан (1898-1964) үйренген. Музыкалық фольклорға қызығып, 1979-1982 жж. Шығыс Қазақстанның жергілікті күй дәстүрлері өкілдерінің орындауындағы күйлерді үнтаспаға жазып алады. Әсіресе, Ақсуат өңіріндегі қарт күйші Бағаналы Саятөлековтың орындауындағы күйлерді жазып алып, сақтап жеткізуі маңызды. Шұбартаулық Кәмілжан Әбілжанов, аякөздік Әбілхақ Қыңырбеков, ақсуаттық Алшынғазы Байқыдыров, семейлік Мерғали Ибраевтың музыкалық мұрасына ден қояды. Бірнеше күйдің ноталарын 2000-2003 жж. республикалық «Абай» журналында жариялады.
2006 ж. Өскеменде өткен «Алтай-Тарбағатай өңірі күй өнері» феставаліне қатысқан. Білім жэне Ғылым министрлігінің, Ақпарат және мәдениет министрлігінің құрмет грамоталарымен марапатталған.
Қожабергенов Оспанғали
Дәстүрлі сыбызғышы.
1906 жылы Катонқарағай ауданында дүниеге келген.
Дарынды өнер иесі сыбызғыны 12-13 жасында сол өңірге белгілі сыбызғышы Мұсадан үйренген. 1957 жылы Республикалық халық шығармашылығы үйінің арнайы шақыруымен Алматыға келіп, «Ақсақ қой», «Сары өзен», «Жорға аю», «Күйсандық», «Жетім қыз», «Өрелі көк», «Жетім бала», «Кеңес күйі», «Көк бұқа», «Боз інген», «Аққабаның толқыны», «Желкен», «Балжынкер» деген күйлер жаздырды.
1957-1958 жылдары Алматы консерваториясында сабақ берді. Өнерпаз домбыраға арналған күйлерді де жете меңгеріп, сыбызғы күйлерін екі аспапта да тарта білген.
1966 жылы дүниеден озды.

Құмақайұлы Кәлек
Сыбызғышы.
1930 жылы 20 мамырда дүниеге келген.
Сыбызғыны 8 жасынан үйрене бастаған Кәлек үшін бұл өнер жеті атасынан бері үзілмей жалғасып келе жатқан дәстүрлі үрдіс еді. Әкесі Кұмақай да, Өтеміс, Делдал және тағы басқа арғы аталары да елге сыбызғышы ретінде мәлім болған. Мәселен, әкесі Құмақай Шамғынұлы 1944 жылы Алтай қазақтарының көтерілісіне қатысып, Оспан батырды қолдауға Моңголиядан әскер қатарында барады. Осы соғыста жүргенде ел-жұртын аңсап «Сағыныш» деген күй шьгғарады. Оспан батырдың ұйымдастыруымен өткен бір алқалы жиында Құрыш деген атақты сыбызғышымен күй сайысына түсіп, жеңіп шығады. Кейін «Құрбыма», «Кең жайлау» сияқты күйлерді дүниеге әкеледі. Кұмақайдан тәлім алған Кәбетай Уатханұлы, Жұмайхан Ташынұлы, Нағашыбай сияқты шәкірттері оның өнерін жалғастырған. Ал Делдал Сасанұлы Алтай, Қобда аймағына аты шыққан сыбызғышы және батыр, қамшыгер адам екен. Оның «Жаяу Делдал», «Жеті атым» күйлері бүгінге дейін жетіп, орындалып жүр.
Ал Баян Өлгий аймағының Тұлба ауылындағы сегіз жылдық мектепті бітірген бозбала Кәлек ел арасындағы той-томалақтарда сыбызғы тартып, елге кең таныла бастайды. 1958 жылы жанадан ашылған аймақтық музыкалық дра-ма театрына шақырылып, халық аспаптар оркестріне   сыбызғышы    болып    орналасқан. Осы ұжымда қызмет атқара жүріп музыкалық білімін   жетілдіре   түседі. 1960 жылы Баян Өлгий аймағының 20, театрдың 10 жылдығына арналған өнер байқауларында өнер көрсетіп үлкен сахна төрінде халық қошеметіне бөленген. Аймақтың танымал өнерпазына айналған Кәлек Монғолияның он сегіз аймағында, 1965 жылы Тува АССР-інде, 1967 жылы Таулы Алтайда, 1974 жылы Қырғызстан, Польша, Германия, Чехия және Мәскеу сахналарында өнер көрсетеді. 1967 жылы Таулы Алтайда зерттеуші ғалым Б.Сарыбаевпен кездесіп, үнтаспаға сыбызғы  күйлерін жазып береді. Еліміздің сол кездегі астанасы Алматыға келіп, музыка фестивальдеріне қатысады.
Бүгінде Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауылыңда тұратын К.Құмақайұлы - Баян Өлгийдегі сыбызғы дәстүрінің бірегей мұрагері. Қазақ еліне жүзге тарта сыбызғы күйлерін жеткізіп, еліміздің мәдени қорына өзінің мол мұрасын косып отыр. Көпшілікке белгісіз күйлерді орындаумен қатар олардын шығу тарихына байланысты аңыз-әңгімелерді де жетік біледі. Қазақстанда тұңғыш рет сыбызғы күйлеріне арналған кітаптың шығуына қосқан үлесі өте зор. Жинақтағы аңыздар мен күйлердің барлығы дерлік сол кісінің айтуы, орындауы бойынша жазылып алынған және оған Кәлек күйшінің өзі шығарған «Арман», «Бақыт құшағында», «Шопан сазы» атты күйлері енгізілген.
Моңғолияның    еңбек    сіңірген    мәдениет қызметкері.
Шайқы Құсайынов
Өз тұсының дәуірі мен ортасының кемеңгер домбырашысы Құсайынов Шайқы (1897-1970) Күршім ауданының тумасы. Сүйегі Саржомарт ішіндегі Сәйке руынан. Арнайы музыкалық білімі болмаса да, Шайқы табиғи қабілетімен домбыра аспабын, күй өнерін шебер меңгерген өнерпаз болған. Халық күйлерін жанымен сүйіп, үйреніп меңгеріп, көптеп бойына сақтап, арттағы ұрпақтарға аманат етіп қалдырған күйші. Замандастарының айтуынша Шайқының репертуарында 50-60-тай халық күйлері болыпты. Мысалы «Балжыңкер», «Ақ қабаның толқыны» күйлері Марқаның көлі мен өзенінің аттарымен, «Бейсенбінің кеңес күйі», ХІХ ғасырдағы атақты Бейсенбі бидің есімімен байланысты, сондай-ақ Сыдық, Мәди сынды Катон-Қарағай жерін мекендеген күйшілердің күйін жеткізуші.
Саятөлекұлы Бағаналы
Домбырашы. 1895 жылы Ақсуат ауданына қарасты Көкжыра ауылында дүниеге келген.
Шығыс Қазақстан мен Арқа өңіріндегі халық композиторлары күйлерін шебер орындаған. Майталман домбырашының орындауында Тәттімбет, Тоқа, Раздық, Байжігіт, тағы басқа күйші-композиторлардың туындылары өз ерекшелігімен кейінгі ұрпаққа жетті. Тәттімбеттің «Көкейкесті» күйін алғаш орындаушылардың бірі болған. Репертуарында халыққа белгісіз 40-қа тарта күй болған. Алты жасынан бастап қолына домбыра ұстаған Бағаналы өзінің тарлан шабысынан, дүл-дүл аяқ алысынан жаңылмай өткен адам. Ол дарынды домбырашы болумен қатар «Қос ішек», «Барина-Сударина», «Шопан тойы», «Гагаринге сүйінші», «Ой толғауы», «Қосбасар» сияқты бірнеше күйлер шығарған.
1937 жылы Алматыда өткен халық өнерпаздарының 1-слетіне қатысқан.
1986 жылы қайтыс болған.
Тауданбекұлы Дәуітбай

Күйші, композитор, ақын.
1873 жылы Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма өзенінің бойында дүниеге келген.
Бала кезінен домбыра мең сыбызғыны қатар ұстап, бозбала шағында құрбы-құрдастарына, жеңгелеріне арнап күй шығара бастаған. Жиырма жасында ауқаттылау үйдің қызына ғашық болып, бірақ қыз әкесі оң шырай бермеген соң ол қызды алып қашып, Баян Өлгий жағындағы нағашы жұртына өтіп кетеді. Сол жақта ел ісіні белсене араласады.
«Жалама айдаған», «Ертіс толқыны», «Арна» «Жаяу солдат», «Қайран Бежең», «Тарту», «Арнау» секілді күйлері бар. 1991 жылы жарық көрген «Күй керуен» атты Қарасұлы Сақайдың кітабында Дәуітбайдың күйшілігі туралы деректер берілген.
1937 жылы қайтыс болған.

Әншілер мен сазгерлер (подзаголовок)
Абдуллин Мүсілім
Қазақ опера әншісі (тенор), Қазақстанның халық әртісі (1947).
1916 жылы 14 наурызда Өскемен қаласында дүниеге келген. 1932 жылы Алматы музыкалық техникумына қабылданды.
1935-38 жылдары Мәскеу консерваториясының жанындағы қазақ студиясында оқып, профессор А. И. Вишневскийдің класында әннен сабақ алды. 1938 жылдан Қазақтың Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера жәнс балет театрының солисі, "Қыз Жібек" операсында Төлеген, "Ер Тарғында" Балпан, "Жалбырда" Қайрақбай, "Евгений Онегинде" Ленский, "Абайда" Әзім т. б. опералық партияларды орындады. Ол 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысты. М.Абдуллин әнші ретінде қазақтың халық әндерімен бірге отандық және шетелдік композиторлардың ән-романстарын ерекше нақышпен орындаған.
Алматы қаласында ағайынды Абдуллиндер атында көше бар. 1996 жылы дүниеден озды.
Абдуллин Ришат                      
Қазақ опера әншісі (баритон), Қазақстанның (1947), ҚСРО халық әртісі (1967).
1916 жылы 14 наурызда Өскемен қаласында дүниеге келген.
Кәсіби музыка өнеріне көркемөнерпаздар үйірмесінен келді. 1933 ж. Алматы музыкалық техникумында, 1936 ж. Мәскеу консерваториясының жанынан ашылған қазақ студиясында оқыды. Профессор А.И.Вишневский класында әннен сабақ алды.
1939 жылдан Қазақтың Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрының әнші-солисі. Қазақтың ұлттық опера өнерінің өркендеуіне елеулі үлес қосты. "Абай", "Травиата", «Даиси», "Демон", "Ер Тарғын", "Біржан-Сара", "Кармен" т. б. операларда басты партияларды айтып, Абай, Жермон, Онегин, Киэзо, Эскамильо т.б. кейіпкерлердің образын жасады. Концерттік программасы да жан-жақты. Репертуарында қазақтың жүздеген әндерінен басқа орыс, татар т. б. туысқан халықтардың әндері бар. Р.Абдуллин Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған. Алматыда ағайынды Абдуллиндер атында көше бар. 1988 жылы дүниеден озды.
Азубаев Ғибрат
Әнші, хореограф.
Абай ауданының Қарауыл ауылында туған.
1983 жылы орта мектепті бітіріп, осы жылы Шымкенттің Әл-Фараби атындағы өнер институтына түскен. 1987-1989 жылдары әскер қатарында азаматтық борышын өтеген соң Ленинградтың (Санкт-Петербург) мәдени-ағарту институтында оқуын қайта жалғастырып, 1991 жылы бітірген.
Жолдама бойынша Ташкент қаласындағы «Бахор» мемлекеттік би ансамблінде жұмыс істеген. 1991 жылдан Абай ауылына келіп, «Бал-дәурен» балалар ансамблін құрып, «Қаламқас» ансамблінде балетмейстер, көркемдік жетекші болып еңбек етті. «Көңіл толқыны», «СОНАР», «Сельские зори», «Балдәурен» ансамбльдерінің құрылуына атсалысып, осы ансамбльдермен бірге 18 мемлекетті аралап, Еуропада, Қытайда, Кубада өнер көрсеткен. 1993 жылы жаңадан ашылған Абыралы ауданына арнайы шақыртумен барып, ансамбльдер құрып, мәдениет бөлімінің бастығы қызметін атқарды. Қазір Санкт-Петербургтегі «Солнечный круг» үлкен фестивалін өткізу қоғамының Азия аймағы бойынша жауапты мүшесі.
1994 жылы Қытайда, 1995 жылы Түркияда өткен «Навруз» дүниежүзілік түркі тілдес халықтардың фестиваліне қатысып, Гран-приді жеңіп алған.
Ахметова (Молодова) Гүлжазира
Хор дирижері, педагог, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі (1967). 1930 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданы, Георгиевка ауылында дүниеге келген. Алматы музыкалық училищесінің (проф.Б.В.Лебедевтің класы бойынша) және Мәскеу консерваториясының (1956) хор-дирижерлік бөлімін бітірген. 1956 жылдан Қазақстанның хор капелласының дирижері, 1961-67 жылы Алматы музучилищесінде, 1967-69 ж. Қазақтың мемлекеттік қыздар педагогикалық институтында, 1970 жылдан Алматы консерваториясында (аға оқытушы, 1979 жылдан доцент, 1985 жылдан профессор) ұстаздық қызмет етеді.
Халықаралық Достық орденімен, Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен (1957) марапатталған.
Әбуғазы Мұрат
ҚР    мәдениет қайраткері, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының аға оқытушысы, домбырашы, күйші-зерттеуші.
1974 жылы 5-желтоқсанда Тарбағатай ауданы (бұрынғы Семей облысы, Ақсуат ауданы) Ақсуат ауылында дүниеге келген. 1990-1994 жылдары П.И.Чайковский атындағы Алматы музыка училищесін Қазақстан Респуликасыныц «Білім  беру ісінің үздігі», ұстаз  Қ. Рақышеваның класында оқыған.
1994-1999 жылдары Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясында, профессор А.Тоқтағанның класынан дәріс алған. Республикалық конкурстардың лауреаты. Бірнеше оқу-методикалық кітаптардың авторы. «Құрманғазы» (2005), «Тәттімбет және Арқа күйлері» (2005), «Сүгір. Қаратау шертпесі» (2006), «Сарыарқа әндері» (2008), «Шығыстың шыңырау күйлері» (2010) ноталар жинақтарын құрастырып шығарған.
Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларға қатысып, «Шығыс Қазақстан, Алтай-Тарбағатай күйшілік өнері» жөнінде оқыған баяндамалары ғылыми мақалалар жинағында жарық көрген.
Күйші-орындаушы ретінде дәстүрлі музыка фестивальдері, республикалық телеарналар арқылы күйшілік өнерді насихаттап, еңбек етіп келеді. Орындаған күйлері қазақ радиосының алтын қорына енген.
ҚР білім беру ісінің үздігі.
Бейсембеков Айтмұхамет
Әнші, 1948 жылы 18 қыркүйекте туған.
1966   жылы мектепті   бітіріп, аудандық  халық теарында   еңбек жолын бастады. Семейдің М.Төлебаев атындағы музыка     училищесін 1971 жылы бітіріп, сол жылы Құрманғазы атындағы консервтторияның ән факультетіне оқуға түсті. Консерваторияда профессор Б.Жылысбаевтың сыныбында әншілік  өнердің   қыр-сырын үйрене жүріп, 1971-1976 жылдары Жамбылл атындағы республикалық филармонияда, Абай атындағы академиялық   опера   жэне   балет   театрында еңбек етті. 1976 жылы консерваторияны бітіріп, Семейдің М. Төлебаев атындағы саз колледжіне жолдама алды. «Қазақстан - Отаным менің», «Отан», «Анаңнан асыл бар ма екен?» «Махаббат серенадасы», тағы басқа ән-романстардың авторы.
Қоғамдық қызметте де белсенділік танытып, «Невада-Семей» қозғалысының мүшссі ретінде Семей полигонын жабу жолындағы күрестің бел ортасында жүрді.
Бүкілодақтық көркемөнерпаздар байқауының жүлдегері, 1968 жылы Мәскеуде өткен арнаулы орта оку орындары студенттерінің бүкілодақтық көркемөнерпаздар фестивалінде 1-дәрежелі дипломға ие болды. Қазақстанның мәдениет қайраткері, республикалық «Жаңа ғасырға - жаңа ән» байқауының бас жүлдегері, республикалык музыкатанушылар байқауында жүлдеге ие болған.
Бекхожина Талиға
Музыкатанушы, әнші. 1919 жылы 11 желтоқсан күні Семей қаласында дүниеге келген. 1963 жылы Алматы консерваториясын бітірген.
Шығармашылығын әнші болудан бастаған. 1941-1958 жылдары Қазақ филормониясының әншісі болды. Екінші дүниежүзілік соғысы жылдарында концерттік бригада құрамында жауынгерлерге өнер көрсетті.
1962-1980 жылдары Қазақстан ҒА-ның Әдебиет және өнер институтының музыка бөлімінде кіші ғылыми қызметкер ретінде жұмыс істеді. Көп жылдар бойы фольклорлық экспедиция құрамында болған ол Қазақстанның және Өзбекстанның жергілікті тұрғындары арасынан бұрын белгісіз болып келген көптеген әндерді  (1500-ден астам) нотаға түсіріп жазып алды; халық шығармашылығының орындаушылары жайында деректер жинады.
Бекқожина ақын әрі композитор Ш.Құдайбердиевтің әндерін ( «Аманат», А., 1989) жинап құрастырды, өзі алғы сөзін жазды.
1995 жылы 17 қыркүйекте Алматыда қайтыс болды.

Есенгелдинова Сая
Әнші. 1976 жылы туған. Мектеп қабырғасында оқып жүргенде көр-кемөнерпаздар үйірмесіне үзбей қатысып, А.Жұбановтың «Ақ көгершін» әнін орындап, аудан, облыста өткен оқушылар арасындағы байқауларда жүлдегер атанған. Алғаш рет Ә.Еспаевтің «Ұстазым» әнін облыста бас қосқан мұғалімдердің мәжілісінде орындап, «Ең үздік жас әнші» деген грамотамен марапатталған.
Орта мектепті 1983 жылы бітіріп, Алматы мемлекеттік қыздар педагогтік институтына түседі.
2002 жылдан Семейдің Ә.Қашаубаев атындағы филармониясында әнші.
2001 жылғы Алматы облыстық әншілер байқауының, Ақан серіге арналған «Ата мұра» әншілер байқауының лауреаты. Шығыс Қазақстан облыстық Ә.Қашаубаев атындағы және Ә.Найманбаев атындағы 2003 жылы өткен байқаулардың бірінші жүлдесінің иегері.
Қазақ радиосының «Алтын қорына» әндері жазылған.

Дәстенов Жолан
Композитор. 1943 жылы Бесқарағай ауданында дүниеге келген.
1970 жылы Алматы консерваториясын бітірген. 1969-1970 жылдары Қазақ филармониясында лектор, 1971-1982 жылдары Алматы консерваториясында оқытушы, 1975-1979 жылдары Қазақ телевизиясында музыкалық бағдарламалардың бас редакторы, 1982 жылдан Қазақстан Композиторлар одағының Ертіс өңірі бойынша бөлімшесінің төрағасы болды.
Дәстенов - балаларға арналған алғашқы «Қаңбақ шал» атты операның (1979) авторы.  Ол «Мамаев қорғанында» (1969), «Тауда» (1972) мен «Отырардың ақырғы күні» (1980, 2-нұсқасы 1982) атты симфониялық поэмаларын, балет сюитасын (1973), оркестрге арналған екі концерт (1975, 1978), фортепьянаға арналған «Кешкі ертегі» сюитасын, «Достық гимні» хор поэмасын (1978), әндер, романстар, тағы басқа музыкалық шығармалар жазды. Ең соңғы ірі шығармасы – Абайдың аттас поэмасы бойынша жазылған «Ескендір» симфониялық поэмасы. Қазақстан Комсомол сыйлығының лауреаты (1976).
1991 жылы 10 қазанда өмірден озды.

Досымжанов Байғали
Әнші, режиссер, Қазақстанның халық артисі (1954). 1922 жылы Семей қаласында дүниеге келген.
Алматы музыкалық училищесінде (1936-1939), Мәскеу консерваториясы жанындағы қазақ студиясында (1939-1941) оқыған, Алматы консерваториясын (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы) бітірген «1947). 1941 жылы Қазақ опера және балет театрының, 1942 жылы ішкі істер жауынгерлерінің, кейін (1943) шекарашылар ән-би ансамбльдерінің жеке дауыстағы әншісі болды. 1944 жылдан Қазақ академиялық опера және балет театрында Төлеген (Е.Г.Брусиловскиийдің «Қыз Жібегінде»), Біржан (М.Төлебаевтың «Біржан-Сарасында», КСРО Мемлекеттік сыйлығы, 1949), Айдар (А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абайында»), тағы басқа партияларды орындап, ұлттық өнердің дамуына елеулі үлес қосты. Қазақ халық әндері мен халық композиторларының әндерін («Жиырма бес», «Бурылтай», «Ақбақай», «Сырымбет», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Ғайни» т.б.) насихаттады.
Оның әншілік өнері жоғары мәдениетімен, жарқын бояуымен, шынайы терең тебіреністі өзіндік өрнегімен ерекшеленді.
1960 жылдан режиссерлік қызметпен айналыса бастады. Е.Рахмадиевтің «Қамар сұлу», мен «Алпамыс», Брусиловскийдің «Қыз Жібек»  (К.Байсейітовамен бірге), З.Г.Исмагиловтың «Құдаша», Д.Бердидің «Балмаскарад», тағы басқа операларын сахналады. 1975-1976 жылдары «Біржан-Сара» мен «Абай» (Қазақстан Мемлекеттік сыйлығы, 1978) операларын қайта қойды. 1975 жылдан Алматы консерваториясының опералық даярлық кафедрасының меңгерушісі болды. Досымжанов көптеген дарынды әншілерді даярлап, көркемөнерпаздықты дамытуға үлес қосты. Үш мәрте Еңбек Қызыл Ту және «Парасат» ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталған.
1998 жылы қайтыс болды.

Ешекеев Мәдениет
Әнші, Қазақстанның халық артисі. 1936 жылы 16 шілдеде Бородулиха ауылында дүниеге келген.
1957-1964 жылдары Семей облысының концерттік-эстрада бюросында, 1965-1975 жылдары «Қазақконцертте» өнер көрсетті, 1975 жылдан өмірінің соңына дейін Семей облыстық филормониясының әншісі болды. Ж.Елебековтың алғашқы шәкірттерінің бірі. Ешекеевтің репертуарында халық әндерімен бірге, Біржан салдың, Ақан серінің, Жаяу Мұсаның, Балуан Шолақтың, Абайдың бағы басқа халық композиторларының әндері кең орын алды.
Оның орындауындағы бірқатар әндер Қазақ радиосының алтын қорына жазылып алынды. Ешекеевтің орындаушылық дәстүрін мейлінше дәл сақтап, жалғастырушы шәкіртттері – Т.Сембаев, Т.Рахимов, т.б.
1997 жылдың 2 тамызы күні Семейде дүниеден озды.

Жамақаев Бекен (Бекенғали)
Бекен Жамақаев - әуесқой композитор, диктор, актер. 1931 жылы Шығыс қазақстан облысы, Абай ауданы, Саржал ауылында дүниеге келген.
Семей педагогикалық училищесін бітірген (1950). 1946-1948 жылдары Семей драма театрының (қазіргі Семей музыкалық драма театрының) құрамында актер. 1951-1952 жылдары Семей облыстық радиокомитетінде әдеби қызметкер, 1952-1957 жылы цензор, 1958-1960 жылдары диктор, т.б. әр қилы мамандықта қызмет істеп, мәдениет саласында еңбек етті.
Жамақаев жасынан өз бетінше әр түрлі музыкалық аспаптарда (домбыра, гармонь, баян т.б.) ойнауды үйреніп, шебер музыкант атанды. Арнайы композиторлық білімі жоқ. Оның халыққа кеңінен танымал «Сұлу сары», «Сауыншы», «Махаббат вальсі», «Қоштасу», «Түн сыры», «Гүлім қайда», «Ертіс әні», «Жалғыздық тойы», т.б. әндері бар.
Жамақаевтің есімінде Семей және Алматыда көшелер бар, 1972 жылы Семей қаласында дүниеден өтті.
Жүндібайұлы Назаролла (Ағашаяқ)
Әнші, ақын, көп қырлы өнерпаз.
1818 жылы бұрынғы Семей губерниясы Өскемен уезі Делбегетей болысының Сапақ ауылында дүниеге келген.
Жастайынан қолына домбыра ұстап, ән айтып, серілік құрған. Өлеңді серік қылған ол 18 жасында әнші, ақын, сері, балуан деген атқа ие болады. Екі бақан таңып аттылы адаммен жарысқа түсуі оны ел ішінде Ағашаяқ атандырады. Өнерпаз түрлі аң-құстың әуеніне салған, бет  әлпетін  құбылтып,   неше  алуан  күлдіргі ойындар көрсеткен.
«Беташар», «Билерге», «Баласы Жүндібайдың  атым  Назар», тағы  басқа мысқыл өлеңдерінде әділетсіз атқамінерлерді шенесе, «Атандым өзім Назар Ағашаяқ», «Жарқылдадым жас күнде»,   «Кәрілік»   секілді   өлеңдерінде көңіл  күйін, өмірден көріп-түйгенін такпақ, нақыл сөздер арқылы білдіреді. Оның «Қаражорға», «Ау, жаным, Жәнікей-ау», «Сары өзен» әндері ел ішіне кең тараған. Өлеңдері Әдебиет және институтының қолжазбалар орталығында сақтаулы.
1898 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданының Саттық қыстағында қайтыс болған.

Жүнісов Қанат
Әнші, актер. 1974 жылы 22 ақпаңда бұрынғы Семей облысы Аякөз ауданының Тарбағатай ауылында дүниеге келген.
1991-1994 жылдары Ж.Елебеков атындағы эстрада-цирк училищесінде  дәріс алды. 1994-1998 жылдары Т.Жүргенов атындағы театр және кино институтының музыкалық драма актері бөлімінде оқыды.
1998-2007 жылдары Астана қаласындағы Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде дәріс берді. Қазіргі уақытта Қазақстан авторлар қоғамының Астана қаласындағы филиалының төрағасы және Қ.Қуанышбаев атындағы  қазақ музыкалық драма театрында әдеби бөлімінің меңгерушісі   болып   қызмет істейді.
Театр сахнасында Үкілі Ыбырайдың, С.Сейфуллиннің, тағы басқа кейіпкерлердің бейнесін сомдаған. «Қазақфильм» киностудиясы түсірген «Біржан сал» фильмінде Біржан салдың шәкіртінің рөлін ойнады.
«Ғашықтар хикаясы», «Махаббат мелодрамасы», «Әншінің пірі Әміре», «Алғашқы махаббат» секілді пьесалары Қазақстанның көптеген театрларында қойылуда.
2006 жылы «Ханшайым» атты алғашқы ән жинағы жарыққа шықты.
Астана радиосында тұрақты өтетін «Хит - парад -Үздік әндер» байқауында Қ.Жүнісов сөзін жазған отызға жуық ән жеңімпаз деп танылған. Республикалық дәстүрлі әншілер байқауының жүлдегері. 2007 жылы «Музыкалық мәдениеттің дамуына қосқан үлесі үшін» атты арнайы дипломмен марапатталды.
Жүнісов Уатхан
1954 жылғы 27 маусымда Зайсан ауданының Жарсу ауылында дүниеге келген.
Өскемен қаласындағы музыкалық училищесінің халық аспаптар бөлімінің домбыра класында оқып, Алматыдағы Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваториясында Қазақ КСР-нің халық әртісі Бақыт Қарабалинадан дәріс алған.
Өскемен музыка училищесінде қазақ халық аспаптар бөлімін ашуда көп еңбек етті: домбыра-тенор, шертер, қобыз-прима, қыл қобыз сыныптарын ашып, қазақ халық аспаптар оркестрін ұйымдастырды.
«Ұланым» (2008), «Ұстазға арнау» (2009), «Домбыра аспабында ойнау шеберлігін арттыруға арналған жаттығулар» (2010) ән-күй жинақтарының авторы.
С.Аманжолов атындағы ЩҚМУ-де оқытушы қызметін атқарады. ҚР Музыка қайраткерлері одағының, ҚР Композиорлар одағы Өңірлік өкілдігінің мүшесі.
30 шақты әндердің және 5 күйдің авторы.
Жылысбаев Бекен
Қазақстанның халық артисі, әнші, педагог-ұстаз, профессор Бекен Жылысбаев 1923 жылы Шығыс Қазақстан облысының Шұбартау ауданында Бірбет ауылында дүниеге келген.
Жылысбаев 1940-1941 жылдары Москваның П. Чайковский атындағы консерваторияның ән факультетінің дайындық курсының бірінші жылын аяқтағанда Ұлы Отан соғысы басталып кетіп, 1942 – 1944 жылдар аралығында соғысқа қатысады. Соғыстағы ерлігі үшін ордендермен марапатталған. 1946 жылдан бастап Қазақ радиосында солист болып жұмыс істей жүріп, 1951 жылы Алматы консерваториясын (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы) бітіреді. Өзі оқыған консерваториясында дәріс береді. 1957 жылдан консерваториядағы ән факультетінің кафедра меңгерушісі болып, педагогтар арасында тұңғыш профессор атанады (1973).
Жылысбаев -  қазақ халық әндерін, орыс классиктері мен шет ел композиторларының ән-романстарын шебер орындаушылардың бірі. М. Төлебаевтың “Тос мені, тос” (өлеңі А. Лекеровтікі), “Кестелі орамал” (өлеңі Н. Баймұхамедовтікі), Абай өлеңіне жазылған “Мен көрдім ұзын қайың құлағанын” романстарын, “Қазақстан оттары” (өлеңі Н. Шәкеновтікі) кантатасын, тағы басқа әндерді алғаш орындап, әрі жоғары кәсіби білімін, дауыс диапозонының кеңдігін танытты. Атақты әнші Ленин орденімен, сондай-ақ Еңбек Даңқы, “Құрмет белгісі” ордендерімен марапатталған. 70-ші жылдары Қазақстанның халық артисі атағына ие болды.
Кәрменов Жәнібек
(1949 – 1992)
Кәрменов Жәнібек - әнші, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі (1990). 1949 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Қарауыл ауылында дүниеге келген.
Алматы эстрада-цирк өнері студиясын (Ж.Елебеков класы бойынша), ҚазҰУ-ды бітірген.
«Өнер» баспасында редактор, Алматы консерваториясында (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы) кафедра меңгерушісі қызметін атқарған.
Кәрменов көптеген халық композиторларының шығармашылық өмірі мен мұрасын насихаттау және олардың ұмытылған ән мәтіндерін қалпына келтіру ісіне мол үлес қосты. Кезінде Қазақ радиосы мен теледидары арқылы халық әншілері мен әншілік дәстүр туралы хабарлар (А.Сейдімбекпен бірге) жүргізді.
Өнер тақырыбына арналған кітаптары («Ақылбайдың әні», «Ғашықтың тілі», «Махаббат әні», т.б.) жарық көрді.
Қазақстан Комсомол сыйлығының (1984) иегері. 1996 жылы оның есімі Қарауыл атындағы музыка мектебіне берілді.
Қамбаров Жұмабек
Әнші. Композитор, драматург.
1950 жылы   1   қыркүйекте Абай ауданында туған.
Өнер мектебінің әншілер даярлайтын бөліміндегі Ж.Елебековтің сыныбында дәріс алды.
1975 жылы Абай атындағы музыкалык драма театрына қабылданды. Әнші ретінде Абай, Біржан, Естай, Ақан сері әндерін асқақтата шырқап, құлақ құрышын қандырған өнерпаз «Қаракөзде» - Асан, «Менің атым Қожада» - Қожа, «Еңлік - Кебекте» - Жапал, «Кісінейді құлындарда» - Дулат, тағы басқа рөлдерді сомдады.
Түрлі мақала жазу арқылы қаламын ұштаған өнер иесі 1975 жылы «Аққу әні» пьесасын жазды. Содан бері үлкенді-кішілі оннан аса пьесаны дүниеге әкелді. «Жер-ана неге күрсінеді?», «Махаббат, қызық мол жылдар», «Жаралы жүрек», «Желтоқсан жаңғырығы» сияқты туындыларын жұртшылық жылы қабылдады. Семей полигоны тақырыбына да алғаш рет драмалық шығарма жазған.
1980 жылы Семей облыстық телерадиокомпаниясы әдебиет-өнер редакциясына қызметке шақырады. Осында жүріп талай жас таланттың тұсауын кесті. Ол дайындаған «Халық таланттары», «Самал», «Өнеге», «Ән әлемі» сияқты әдеби-музыкалық хабарлар республикалық эфирге де шықты.
Елуден астам әннің, «Мұхтар асуы», «Сахнагер» кітаптарының авторы.
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.


Құжыманов Ерлан
Әнші.
1969 жылы 4 ақпанда Ақсуат ауылында дүниеге келген.
1986   жылы   орта   мектепті   бітіріп,   1986-1994   жылдары   Қарағанды   пединститутының көркемсурет факультетінде білім алды.
1994-1996 жылдары осы институтта,  1996-2004 жылдары Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дің философия-психология    факультетінде    ұстаздық   етті.    Қазақ   философиясының   тарихы, мәдениеттану, дінтану пәндерінен дәріс оқыған. 2004-2007   жылдар   аралығында   Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің музыка факультетін тәмамдады.
Арқа өңірінің әлі де халыққа танылмай жатқан   ақын-композитарларының   шығармаларын зерттеп, Қазақ радиосының «Алтын қорына» тапсырған. Дүниежүзілік өнер фестивальдерінде   (Франция,    Австрия,    Германия, Түркия, Оңтүстік Корея) қазақ өнерін, мәдениетін насихаттап келеді.
1992  жылы  Алматы қаласында студенттер арасында   өткен   «Студенттер   көктемі» республикалық ән байқауында бас жүлдені жеңіп алған. 1995 жылы Шымкент қаласында өткен республикалық Ә.Қашаубаев атындағы, 1997 жылы Тараз қаласында өткен халықаралық Ш.Қалдаяқов атындағы әншілер байқауының жеңімпазы.  1998 жылғы «Шабыт» фестивалінде  ән  байқауы  бойынша   1-орын алып, Ж. Елебеков атындағы республикалық ән байқауында  лауреат  атанды.   Республикалық М.Бапиұлы атындағы байқаудың жеңімпазы.
Құжыманов Жоламан
Әнші.
1958 жылы 17 наурызда дүниеге келген. Семей технологиялық институтын бітірген.
Семей облысының Абай атындағы сазды драма театрында қызмет істеп, Әміре Қашаубаев атындағы филармониясында әнші болған. Қазір Алматы қаласы «Сазген сазы» ансамблінің әншісі.
Республикалық өнер байқауларының лауреаты.
Құжыманов Тельман
Әнші.
1966 жылы 15 желтоқсанда Ақсуат ауылында дүниеге келген.
1974-1984 жылдары Ақсуат қазақ орта мектебінде оқып, 1985-1987 жылдары әскери борышын өтеген. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің өнер және музыка факультетін тәмамдаған.
1987-1989 жылдары Семейдегі Ә.Қашаубаев атындағы облыстық филормонияда әнші болды. 1989-1991 жылдары Ж.Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк студиясында Қ.Байбосыновтың сыныбында оқыған. 1991-1994 жылдары «Отырар сазы» оркестрінде әнші болып, 1994-1998 жылдары Ықылас Дүкенұлы атындағы ұлт-аспаптар мұражайында қызмет еткен. 1998 жылдан Астана қаласы мемлекеттік филормониясының әншісі.
1992 жылы Шымкент қаласында өткен республикалық Ә.Қашаубаев атындағы әншілер байқауының лауреаты.



Әміре Қашаубаев
(1888 - 1934 жж.)
Қазақтың атақты әншісі, актер әрі музыканты. Туған жері Абыралы ауданына қарасты Дегелең тауының алабы.
Шыққан тегі Орта жүз ішіндегі Тарақты руы. Кедей шаруа отбасында туып өскен. Әміре 12 жасқа толғанда әкесі Семей қаласына көшіп келген. Жас Әміре Исабек деген байдың ат айдаушысы болып еңбекке ерте араласады. Исабек жас әншіні жанына ертіп жүріп, той-жиындарда ән салғызады. Көп ұзамай Әміренің атақ-даңқы бүкіл Семей өңіріне жайылады. Атақты Қоянды жәрмеңкесіне барып, ел аралап ән салып, қараөткелдік Сәтмағамбет, Ғазиз Айтбаев, баянауылдық Жаяу Мұса, Қали Байжанов, керекулік Майра Уалиқызы, қарқаралық Мәди Бәпиұлы сияқты арқалы әншілермен танысып, өнерін одан әрі шыңдай түседі. Әмір 1921-24 жылдары Семейде құрылған казақ жастарының ағарту ұйымы "Ес-аймаққа'' мүше болып, әншілік өнерін шыңдай түседі. 1924 жылы Семейде өткен өнерпаздар байқауында Қали Байжановпен бірге бас жүлдеге ие болады. 1925 жылы Қызылордада өткен Қазақстан Кеңестерінің V съезі мен 1927 жылы Мәскеуде болған Кеңестердің IV съезіне делегат ретінде қатысып, делегаттар үшін ұйымдастырылған концертте өнер көрсеткен. 1925 жылдың 26 маусымында осы концерт жайында "Правда" газеті: "Керемет концерт. Маусымның шыңы. Керек болса башқұрт қурайшысы Исенбаев, қазақ әншісі Әміре Қашаубаев, өзбек биші-әншісі Тамара Ханум... шын мәнісіндегі халық артистері" деп жазды. 1925 жылы   Парижде өткен Дүниежүзілік сән өнері көрмесінде этнографиялық концертте ''Ағаш аяқ", "Қанапия", «Үш дос», "Жалғыз арша", "Қос балапан" т.б. әндерді орыңдап екінші орын алып, күміс медаль иемденеді. "Париж апталығы" газеті мен "Ле мюзикль" журналы Әміре Қашаубаевтың сирек кездесетін талант екенін жазса, Сарбонна университетінің профессоры Перно фонографқа Әміренің орындауында бірнеше ән жазып алған. Осылайша Әміре Қашаубаев шетелде өнер көрсетіп қазақ елін танытқан тұңғыш әнші болды.
Парижде Әміре Мұстафа Шоқаймен кездескен. Ең әуелі Мұстафа қазақтың әншісі келді деп көруге барған. Әміре екеуі құшақтасып, жылап көрісіпті. Мұстафа Әмірені үйіне апарып, костюм-шалбар сатып әпереді. Сол күні Мұстафа Шоқай әртістерді ресторанға шақырады, біреу «соңдарыңнан КГБ-ның адамдары аңдып жүр»  деп ескертіп қойса керек, ресторанға ешкім бармай, Әміре жалғыз барады. Әнші саясатты қайдан түсінсін. Мұстафа Әмірені Ромен Роллан,  Андрей Барюспен таныстырады.
1927 жылы Мәскеу консерваториясында қазақ әндерін тамылжыта шырқады. Германияның Майндағы Франкфурт қаласындағы концертке қатысып, қазақтың халық әндерін тағы да әлемге паш етті. Әміре Қашаубаевтың әндері дүние жүзі мәдениетінің ірі өкілдері Ромен Роллан, Анри Барбюс т.б. тарапынан жоғары баға алған. А.В.Затаевич Әміренің әншілік өнеріне тәнті болып, одан "Балқадиша", "Дударай", "Бес қарагер", "Көк көбелек" тағы да басқа әндерін жазып алған. Оның әншілік өнерін, өнердің парқын терең түсінетін мамандар А.В.Луначарский, П.Любимовтер және қазақ әдебиеті мен өнерінің көрнекті өкілдері М.Әуезов, С.Сейфуллин, И.Байзақов, Ә.Марғұлан, Ж.Елебеков, А.Жұбанов, Қ.Жандарбековтер жоғары бағалаған.
Парижден келгеннен кейін 1925 жыл мен 1934 жылдар аралығында «үш әріп» әйгілі әншіге көрмеген қорлықты көрсетеді. М.Шоқаймен кездескені үшін Әміре КГБ-ның тізімінде болады. Ә.Қашаубаев 1926 жылы Қызылордада ашылған жаңа театр труппасына қабылданды. Дәл сол күні Әмірені КГБ-ның адамдары өлімші қып сабап кетеді. М.Әуезовтың «Еңлік-Кебек» трагедиясы алғаш қойылған кезде Әміре Жапал рөлін ойнады. Кейін М.Әуезовтың «Қаракөз», «Бәйбіше-тоқал», «Айман-Шолпан» спектакльдерінде Қоскелді, Қойшы, Жарас, Ақын образдарын сомдаған. Өмірінің соңына дейін театрдың әнші-әртісі болған. 1934 жылы қазіргі Абай атындағы Қазақ опера және балет театрына ауысты. Ол мұнда қазақтың алғашқы операсы «Қыз Жібекте» Бекежанның ариясын орындауға тиіс болатын.  1934 жылғы қарашаның 5-інен 6-сына қараған түнінде Әмірені далада өлтіріп кетеді. Оның денесін халық даладан тауып алған. Операның премьерасы 1934 жылдың 7-қарашасында өтеді. Әміренің орнына Қанабек Байсейітов шығады.
1925 жылы Әміренің орындауында фонографқа жазылып алынған "Жалғыз арша", "Үш дос", ''Ағаш аяқ",  "Смет", "Дударай", ''Бес қарагер" әндерін 1974 жылы музыка зерттеушісі Ж.Шәкәрімов тауып, олар техникалық өңдеуден өткеннен кейін қайтадан күйтабаққа түсірілді.
Әміре орындаған қазақтың классикалық әндері ол айтқан үлгі өнегемен орнығып, кейінгі әншілердің репертуарларында жалғасын тапты. Бұл ретте Ж.Елебеков, М.Ержанов, Ж.Кәрменов, Қ.Байбосынов, М.Ешекеев, Б.Тілеуханов сияқты жез таңдай әншілердің Әміре өнерін жалғастырушы лайықты ізбасарлар болғанын атап айтқан жөн.
Ә.Қашаубаев туралы жазылған бірнеше зерттеулер, көркем шығармалар жарыққа шықты.
Ә.Қашаубаев атындағы республикалық жас әншілер байқауы өтіп тұрады. Семей қаласындағы облыстық филормония Ә.Қашаубаев атымен аталады.

Мұқышев Талғат
Сыбызғышы.
1962 жылы Ақсуат ауылында туған.
1992 жылы ҚР Мәдениет министрлігінің жолдамасымен сыбызғы аспабын дамыту мақсатында Башқұртстандағы Уфа мемлекеттік конссрваториясының қурай-сыбызғы сыныбына білім алуға жіберіледі. 1995 жылы еліміздегі алғашқы кәсіби сыбызғышы ретінде Алматы мемлекеттік консерваториясының халық аспаптары факультетіне оқытушылыққа қабылданады. Кезінде академик А.Жұбанов, зерттеуші ғалым Б.Сарыбаев сынды өнер қайраткерлері бастаған игі шаралар қайта жанданып, оқу орнында сыбызғы сыныбын ашуға мүмкіндік туады.
1997-2000 жылдары Республикалық Ұлан президенттік оркестрінде жеке орындаушы-сыбызғышы болды. Құрманғазы атындағы академиялық ұлт аспаптар оркестрі және Н.Тілендиев атындағы академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестрлермен көптеген концерттерге шығып, өнер көрсетті. 1995 жылдан Қазақ ұлттық консерваториясында сыбызғы сыныбы бойынша аға оқытушы болып келеді.
Оның орындауындағы сыбызғы күйлері Қазақ радиосының «Алтын қорына» енген. «Естайдың Қорланы» атты спектакльді, «Көшпенділер» кинофильмін сыбызғы үнімен дыбыстандырды. 2003 жылы сыбызғы күйлерінен өз орындауында «Сыбызғы сыры» атты үнтаспа шығарды, 2007 жылы «Мәңгілік сарын» атты сыбызғы-қобыз күйлер жинағының және 2010 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» атты күйлер жинақтарының кіріспесін жазып, көптеген сыбызғы күйлерін жинап, осы антологияның құрастырушылары қатарында болды. 2005 жылы жарық көрген «Сыбызғы сазы» атты кітаптың авторы.
Өнертану ғылымдарының кандидаты, ҚР мәдениет қайраткері. Республикалық және халықаралық фестивальдардың лауреаты, Америка, Франция, Германия, Италия, Швейцария, Мысыр, Оңтүстік Корея, Қытай, Түркия, Ресей, Башқұртстан, Өзбекстан, Қырғызстан, тағы басқа елдерде өткен халықаралық музыка фестивалъдеріне қатысып, бірнеше рет жүлдегер атанды.
Мұхамеджанов Төлеген
Композитор, қоғам қайраткері.
1948 жылы 27 шілде күні Бесқарағай ауданының Бөген ауылында туған.
1969 жылы Семей пединститутын бітіріп, осы қаладағы педагогтік училищеде оқытушы (1969-1973) болды, Алматы мемлекеттік консерваториясын (қазіргі Қазақ ұлттық консер-ваториясы) бітірді.
1980-1982 жылдары Мәскеу консерваториясында ассистент-стажер болып, 1982-1986 жылдары Алматы  консерваториясында  педагогтік қызметпен  айналысты. 1987-1988 жылдары Қазақ академиялық опера және балет театрының   директоры. 1990-1992  жылдар «Азия дауысы» халықаралық байқауының директоры,  1992-1996 жылдары  «Мәдениет  арқылы бейбітшілік» халықаралық ассоциациясы Қазақстан бөлімшесінің төрағасы, 1996-1998 жылдары «Рухани келісім конгресі» халықаралық қоғамдық қорының   президенті, Астана қаласы  әкімінің орынбасары  қызметтерін атқарған.
12  жасынан ән шығара бастаған музыка майталманы  әр алуан  музыкалық жанрда жемісті еңбек етті. Хорға арналған күйі мен  симфониялық оркестрге  арналған «Күй толғаудың» (1978), «Махамбет» симфониялық поэмасының (1979), «Алдаркөсе» операсы мен «Ғажайыптар елі» зонг-операсының (екеуі  де 1980), кинофильмдер мен спектакльдерге арналған музыканың және бірталай әндердің авторы. Көптеген әндері Р. Бағланованың («Іңкәрім»), Р. Рымбаеваның («Заман-ай»), Н.Үсенбаеваның («Ақжелкен») және Г. Сиқымбаеваның («Мен деп ойла»), басқа да айтулы әншілердің репертуарынан орын алды.
«Парасат» орденімен марапатталған. ҚР Парламенті Сенатының депутаты.
Мұхамедсадықов Сералы
Көне ұлттық аспаптарды зерттеуші және шебер орындаушы.
1978 жылы 8 қазанда  Есім ауылында дүниеге келген.

1995 жылы Семейдегі №16 мектепті бітіріп, 1996-1998 жылдары Құнанбай қажы медресесін тәмамдаған. 1999-2004 жылдары М.Әуезов атындағы Семей мемлекеттік университетінде дәріс алды.
Шаңқобыз, қылқобыз, шертер, абызғы, дауылпаз, сазсырнай аспаптарын меңгерген. Қазақтың көне сақ-түркіден келе жатқан күркіреме-көмей әуенін тұңғыш орындап, зерттеуші.
1995 жылғы облыстық «Жігіт сұлтаны» сайысының бас жүлдегері. 1999 жылғы республикалық «Шабыт» фестивалінің, 2009 жылы Ресей Федерациясының Алтай Республикасында өткен халықаралық қарахыр-көмей әуені бойынша байқауының, Моңғолия, Хакасия, Саха елдерінде өткен фестивальдардың лауреаты. 2000 жылғы «Жас қанат» байқауындағы «Алтын қобыз» сыйлығының, Алтай Республикасының Чорос-Гуркин атындағы сыйлығының иегері.
Мыржықбай Кенжеғали
Әнші, өнертанушы, ҚР еңбек  сіңірген  әртісі  (1991).
1953 жылдың 3 сәуірінде Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген.
1970 жылы Абай ауданындағы Сарыжал орта мектебін бітіріп, Семей қаласындағы М.Төлебаев атындағы музыка училищесінде оқыған. 1972 жылы Алматы консерваториясына түсіп, 1976 жылы Ленинград консерваториясына ауысады. Оны 1981 жылы опера әншісі, камералық концерттік әнші және оқытушы мамандықтары бойынша аяқтайды. 1996 жылы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясын музыка театрының режиссері мамандығы бойынша бітірген.
1981-1996 жылдары Абай атындағы опера және балет академиялық театрында әнші, 1996-1997 жылдары Л.Гумилев атындағы Еуразия   университетінде доцент, 1997-1998 жылдары Ақмола облыстық филармониясының директоры, 1998-2007 жылдары Қазақ ұлттық музыка академиясында жеке дауысты әншілер кафедрасының   меңгерушісі, 2007-2009 жылдары   Шығыс   Қазақстан   облыстық мәдениет басқармасының   бастығы   болған. 2009 жылдан қазіргі уақытқа дейін Шығыс Қазақстан облыстық мемлекеттік филармониясының директоры.
Өнертану профессоры (2003).
Назарбек Кентау
Әнші, композитор.
1965 жылы 5 наурызда Абай ауданының Қарауыл ауылында дүниеге келген.
1982 жылы Абай атындағы орта мектепті бітірген. 1986 жылы Семейдің Шәкерім атындағы пединститутының көркемсурет факультетіне түсіп, 1991 жылы тәмамдаған.
1992    жылы облыстық жастар комитетіне қызметке тұрып, жастар өміріне белсене араласады. 1994 жылдан қалалық мәдениет басқармасын басқарды.
Алпысқа жуық әннің, соның ішінде халық көкейінен шыққан «Бір бәйтерек, бір шынар» атты әннің авторы бүгінде шығармашылық өрлеу шағында.
1993    жылғы «Үкілі үміт» атты республикалық композиторлар    байқауының, Ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойына арналған қалалық, республикалық композиторлар байқауының жүлдегері.
Әсет Найманбайұлы
Әсет Найманбайұлы 1867жылы Үржар ауданы, Бақты ауылында дүниеге келген. Әсет - ақын, әнші-композитор. Әсеттің  әке-шешесі кедей, шаруа адамдар болса да, Әсет ескіше оқыған, көзі ашық адам болады. Оның дүниетанымы, ой тереңдігі әсіресе айтыс жанрында кеңірек танылды. Әсет - негізінен айтыс ақыны. Ол Ырысжан, Әріп, Бақтыбай, Кәрібай, Қали, Сәмбет ақындармен және Мәлике қызбен айтысқан. Әсеттің «Салиха - Сәмен», «Ағаш ат», "Перизат", "Үш жетім қыз", "Нұғман - Нағым", "Мәлік-Дарай", "Жәмсап", "Кешубай" атты қисса-дастандары, «Жас жігіт надандықпен алданады», "Өсиетнамада", "Сеніспей уағдалы серттен қайтпа", "Жақсы әйел", 'Жасболат кісі-ақ едің алшақтаған", "Қарақұрсақ Күшік болысқа" және "Төртқұл Ақболаттың биі Кәріпке айтқаны","Ақырғы сөз", «Жас шама», т.б. шығармалары бар. А.С. Пушкиннің "Евгений Онегин" романын аударып  (еркін аударған) оны өзі қисса етіп жырлаған. Әсет мұраларының ішінде халыққа кеңірек тарағаны - оның әндері. Ол Біржан сал, Ақан серіден дәуірлеген Арқа әнінің дәстүрін жалғастырып дамыта түсті. Жас кезіндегі әндерінде («Кіші Ардақ», "Үлкен Ардақ", "Қарагөз", "Мақпал") психологиялық тереңдік пен адамның жан дүниесін қозғайтын нәзік лирикалық Ақан әндерінің әсері байқалады. Бұл - онын қалыптасу, өзіне тән мәнер-нақыш табу кезеңі еді. Ақан сері әндеріндегі құбылмалы қайырымдар, ән тармақтарының музыкалық-синтаксистік ерешеліктері Әсет әндеріне де тән. Сондай-ақ, Әсет "Ырғақты", "Аққарагер", "Майда қоңыр", "Жалған-ай", "Сырмақ үйкер", т.б. әндердің авторы. Әсеттің өмірі мен шығармашылығы туралы арнайы мақала тұңғыш рет 1936 ж. жарияланды (Б.Ысқақов). Ақын шығармаларының тұңғыш жинағы 1968 ж. Б.Адамбаевтың құрастырумеи басылды. Әсеттің 1968 жылғы жинағына 34 өлеңі (әнін қоса), 4 айтыс-қағысы, 4 дастан-қиссасы жарияланса, 1988 жылы «Әсет» жинағына (құрастырған Б.Нұржекеев) 29 ән мәтіні, 71 өлеңі, 10 айтыс-қағысы, 8 қисса-дастаны енгізілген.
Әсет 1922 жылы 22 наурызында  Қытайдың  Құлжа қаласында дүниеден озды.
Ноғайбаева Гүлдана
Әнші.
1979   жылы   3   шілдеде   Ақсуат    ауданында    туған.    Семей қаласындағы Шәкерім атындағы мектеп-гимназияны, Семей мемлекеттік қаржы институтын «экономист-қаржыгер» мамандығы бойынша бітірген.
2001 жылдан Мәдениет сарайында әнші.
1998   жылы   Шымкент   қаласында   өткен халықаралық Ш.Қалдаяқов атындағы әншілер байқауының  2-орын жүлдегері.   1999  жылы «Татар жыры-99» байқауының лауреаты. 2000 жылы республикалық «Жас қанат» байқауында дипломант, 2002 жылы халықаралық «Шабыт фестивалі мен республикалық Е.Хасанғалив байқауының лауреаты болды.
Омаров Берік
Әнші.
1975 жылы Аягөз ауданында туған.
1992 жылы Семей қаласындағы Ш.Құдайбердиев атындағы орта мектепті, 1997 жылы Алматыдағы Өнер академиясын бітірген.
1997-2000 жылдары Семей қаласыңдағы Ә. Қашаубаев атындағы филармонияда әнші, 2000-2005 жылдары өндіріс орындарында мәдени іс-шаралар жөніндегі  аға маман болып қызмет етті. 2005 жылдан Семейдегі облыстық «Еураз-шоу» ән театрында солист әнші.
2007 жылы Алматыда «Ел» продюсерлік орталығы өткізген «Інжу-маржан» концертінде, «Алтыбақан», «Дала-думан», «Жеті саз», «Ауылдың алты ауызы» бағдарламаларында ән шырқады.
Ж.Елебеков, К.Әзірбаев, Ә.Қашаубаев, Ә.Найманбаев атындағы республикалық байқаулардың және «Шабыт», «Ертіс әуендері» фестивальдерінің, тағы басқа ән сайыстарының лауреаты.

Өлмесеков Келденбай
Әнші. 1953 жылы 25 мамырда Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданыңда дүниеге   келген.
Қаратоғай   орта мектебін   бітіріп,   әскери   міндетін   өтейді. Республикалық эстрада студиясының әншілер бөлімін 1977 жылы бітіріп шығады. Қазақ өнерінің қос бәйтерегі Жүсіпбек Елебеков пен Бекен Жылысбаевтан дәріс алып, олардың баулуында болған. Еңбек жолын Өскемен филармониясынан бастап, 1978 жылы Семейдің Ә.Қашаубаев атындағы филармониясына қызметке келді. Бүгінде репертуарында 300-ге тарта халық әндері, Абай, Ақылбай, Ақан, Біржан, Ағашаяқ, Үкілі Ыбырай, Мұхаметжан, Майбасар, Уәйіс, Міржақып, Жаяу Мұсаның және бүгінгі композиторлардың әндері бар. Бұлардың арасында Шәкерім, Шәкір әндері бір төбе.
Келденбай - бүкіл республикада Шәкерім әндерінің бірден-бір орындаушысы. Шәкерім әндерінің ноталық негізін алғаш қағазға түсірген Талиға Бекхожина болса, олардың түпнұсқаға ең жақын орындаушысы - Ниязбек Алдажаровтан кейін - Келденбай. Казір әнші Шәкерімнің жиырмадан астам ән-күйлерін орындайды. Тек орындаушы ғана емес, терең білімді шәкерімтанушы, әрбір әннің шығу тарихын, туу себебін тындаушыға жете түсіндіре алатын тамаша насихатшы. «Шәкерімнің музьжалык мұрасы» және «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» атты лекция-концерттерімен кең-байтақ елімізді аралап жүр.
Әншінің 25 әні Ілия Жақановтың редакторлығымен шыққалы жатқан лазерлі дискілі қазақ әндерінің антологиясына енді.
Республикалық Әміре Қашаубаев атындағы халық әндерін орындаушылар байқауының лауреаты    (1980),    Алматыда    өткен    музыка зерттеушілері байқауының дипломанты (1990). ҚР Президентінің Грамотасымен, ҚР Мәдениет министрлігінің «Мәдениет қайраткері» белгісімен марапатталған.
Рахимов Тұрсынғазы
Әнші, актер, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері.
1951 жылы 15 қазанда Аягөз ауданының Малтыкөл ауылында дүниеге келді.
Алматыдағы эстрадалық-цирк колледжін бітірді. 1994 жылы «Сәби болғым келеді» деген атпен әндер жинағы шықты.
«Дариға, домбырамды берші маған», "Отыздан асып барамын», «Мен сені сағынғанда», «Санаулы күн, санаулы ай, санаулы жыл», "Сәби болғым келеді» секілді әндерді жазған композитордың барлығы жүзге тарта әні бар.
М.Мақатаев атындағы сыйлықтың иегері. Республикалық деңгейдегі бірталай өнер байқауларының лауреаты.
Еркеғали Рахмадиев
Еркеғали Рахмадиев (01.08.1932 жылы туған, Семей облысы, Шұбартау ауданы) - қазақ сазгері, Қазақ ССР халық әртісі (1975). КСРО халық әртісі. 1957жылы Қазақ консерваториясының композиция факультетін бітірді (Брусиловскийдің шәкірті). 1967-75 жылдары осы консерваторияның ректоры болды. 1968 жылдан Қазақстан Композиторлар одағы басқармасының председателі және КСРО Композиторлар одағы басқармасының секретары. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының иегері (1980) Е.Рахмадиев творчествосы қазақтың халық музыкасының бай мұрасын бойына сіңіре отырып, классикалық музыка өнері жетістіктерінің игі әсерімен қалыптасты. Е.Рахмадиевтің симфониялық, опералық, вокальды-аспаптық, камералық шығармалары профессионалды ұлттық өнердің өресін кеңейтіп, онын жанрлық салаларын дамытты. Сазгердің «Қамар сұлу» (1963), "Алпамыс" (1972) опералары байсалды да сабырлы, лирикалы-эпикалы кантилена тұрғысында жазылған. "Мейрам күйі" симфониялық поэмасы 1973 жылы Алматыда өткен Азия елдерінің халықаралық музыка жиынында дүние жүзілік эфирге жолдама алып, бірінші жүлдеге ие болды.
«Амангелді» (1956), "Толғау" (1960), "Дайрабай күйі" (1961) атты симфониялық поэманың, труба мен оркестрге жазылған скерцоның (1966), «Сәлем саған Аястан» (1968) кантатасының, "Қыз ұзату" (1965) вокальды-хореографиялық композициясының, халық аспаптар оркестріне арналған "Ләйлім" (1953), спектакль мен көркем фильмдерге арналған музыкалардың авторы. Сондай-ақ, тынысты, шалқымалы асқақ әуенді "Таң самалы" (1963), «Туған ел»(1972), өткір де ұшқыр, жалын атқан "Әнші бақыты" (1966) т.б. ән-романстары бар. Сазгердің "Құдаша-думан" мен "Мейрам күні" деген шығармалары симфониялық оркестрдің орындауында Лондон (1973), Филадельфия (1973), Братислава (1974), Прага (1975) т.б. қалаларда орындалды. Қазақстан КП ХІІІ-ХІV съезінің және Мәскеуде өткен (1971) дүние жүзі Музыка Кеңесі ІV конгресінің делегаты. Қазақстан КП ОК мүшелігіне кандидат (1971), VII-IX сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты. Еңбек Қызыл Ту орденімен және медальдармен марапатталған. Қазақтың опера және балет театрында Е.Рахмадиевтің "Қамар сұлу", "Алпамыс", "Абылай хан" опералары қойылды.
Роза Рымбаева
Роза Рымбаева - эстрада әншісі, Қазақстанның халық артисі (1986). Жарма ауданы, Жаңғызтөбе станциясында дүниеге келген (1957.28.10.).
Алматы театр-көркемсурет институтын бітірген (1984). 1976-79 жылы Республикалық «Гүлдер» эстрадалық жастар ансамблінің, 1979 жылдан «Қазақконцерт» бірлестігінің солисі. Рымбаеваның репертуарында қазақ әндерінен басқа ТМД елдерінің, сондай-ақ шетел халықтарының әндері бар. 1976 жылдан бері гастрольдік сапармен Болгарияда, Венгрияда, Германияда, Кубада, Польшада, Чехословакияда, Ауғанстанда, Америкада, Францияда, Түркияда, т.б. елдерде болды. Ол осы заманғы композиторлардың шығармаларымен қатар халық әндерін де өзіндік үн-бояуымен нақышына келтіре орындайды.
1977 жылы Болгарияда өткен эстрада артистерінің дәстүрлі халықаралық байқауына қазақстандықтардың ішінен тұңғыш рет қатысып, бас бәйге - «Алтын Орфей» жүлдесін жеңіп алды. Сондай-ақ, 1977 жылы Сопотта, 1979 жылы Стамбулда өткен халықаралық байқаулардың иегері, 1983 жылы Кубада өткен «Гала - 83» халықаралық байқауының бас жүлдегері болды. Бүкілодақтық Комсомол (1985) және Қазақстан Комсомол сыйлығының иегері (1976). «Парасат» орденімен марапатталған (2001). Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері (2004).
Рысқали Ерлан
Әнші.
1982 жылы 15 қыркүйекте Шұбартау ауданының Қосағаш ауылында дүниеге келген.
1995-2001 жылдары А.Жұбанов атындағы республикалық арнаулы музыкалық мектеп-интернатында білім алған. 2001-2005 жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының халық әні кафедрасында оқыған. Аталған оқу орнының ассистент-стажерлығын Қайрат Байбосыновтың сыныбы бойынша бітірген.
Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филормониясында жеке орыңдаушы, әнші, республикалық «Қазақстан» ұлттық телеарнасында редактор-жүргізуші болды. Казіргі таңда Қазақ радиосының редактор-жүргізушісі.
Сегіз сері, Біржан сал, Ақан серілерден бастау алған Арқа әншілік мектебінің жалғастырушы өкілі.
М.Уәлиқызы атындағы халықаралық, Ж.Елебеков атындағы республикалық, Ә.Найманбаев атындағы аймақтық және «Асыл мұра», М.Бапиұлы атындағы байқаулардың жүлдегері. Н.Тілендиев атындағы II халықаралық әнші-күйшілер байқауы мен Әміре Қашаубаев атындағы VII республикалық дәстүрлі әншілер байқауында лауреат атанды.


Сағымбаева Баян
Әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері.   
1951 жылы 14 наурызда Абай ауданында туған.
16 жасында М.Әуезовтің «Қаракөзінде» Қаракөз рөлін ойнап танымал болды. Келесі жылы одақтық байқауға қатысып, Б.Майлиннің «Жалбыр» пьесасында Қадишаның рөлін сомдады.
Сексенінші жылдар басында «Қазақконцертте» алты жыл еңбек етіп, Өзбекстан, Түрікменстан, Башқұртстан, Удмуртия, Қарақалпақстан елдерінде гастрольдік сапарларда болды.
Қазір Семей қаласындағы М.Төлебаев атындағы саз колледжінде ұстаздық етеді.
Бүкілодақтық жастар сыйлығының иегері. БЛКЖО Орталық Комитетінің, Мәдениет министрлігінің Құрмет Грамоталарымен марапатталған. Есімі Абай ауданының Құрмет тақтасына жазылған. Көптеген ән сайыстарының жеңімпазы және жүлдегері.
Салықов Медет

Әнші.
1977 жылы Аягөз ауданының Тарбағатай ауылында дүниеге келді.
1992 жылы орта мектепті тәмамдап, Семей қаласындағы М. Төлебаев атындағы музыка колледжінде, содан соң Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваториясында Б. Тілеуханның сыныбы бойынша сабақ алады.
2000 жылдан Астана қаласындағы Президенттік оркестрде қызмет істейді.
«Жібек сезім», «Ақ орамал», «Аяла», «Нағашыма», «Өмір өлшемі» секілді бірқатар әннің авторы.
Д. Рақышев атындағы республикалық байқаудың лауреаты.
Сарин Ербол
Дәстүрлі әнші.
Ол 1962 жылы 2 қазанда Абай ауданының Архат ауылында дүниеге келген.
1985 жылы Алматы қаласындағы эстрадалық өнер студиясына (қазіргі Ж.Елебеков атындағы колледж) атақты әнші-композитор, жазушы, Қазакстанға еңбегі сіңген әртіс Ж. Кәрменовтін сыныбына түсіп, 1987 жылы окып бітірді.
Өнердегі ең алғашқы жолын Целиноград облысының мемлекеттік филармониясында бастады. Осы филармонияда еңбек ете жүріп, 1988 жылы Алматыда өткен Ә.Қашаубаев атындағы II республикалық әншілер байқауына қатысып лауреат атанды. 1992 жылы Целиноград музыкалық училищесінде домбырамен ән салу сыныбын ашу мақсатында қосымша жұмысқа шакырылды. 1993 жылы С.Сейфуллин атындағы пединститутқа түсіп, 1997 жылы Л.Н. Гуми-лев  атындағы   Еуразия  ұлттық  университетін бітірді.
1998 жылы Президенттің колдауымен ашылған, әлем әртісі, профессор А.  Мұсақожаева басшылық еткен   ҚазҰМА-ға аға ұстаздыққа қалдырылды.
Қазақстан Республикасының әншілік өнерін дамыту жолына  қосқан  еңбегі үшін Құрмет Грамоталарымен  марапатталды.  Қазіргі кезде Қазақ ұлттық  өнер университеті Дәстүрлі ән департаментінің доценті.
Сарина Гүлмира
1972 жылы туған.
2002 жылы Кұрманғазы атындағы мемлекетгік консерваториясын бітірген.
1996   жылы   «Алты   қырдың астынан ән шырқаймын,    Естісе замандасым келер ме екен?..» атты тұңғыш концертін өткізген.
1999 жылғы «Шабыт» фестивалінің лауреаты. 2002 жылғы Әміре Қашаубаев атындағы дәстүрлі орындаушылар байқауының лауреаты.
2007 жылы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің   Құрмет   Грамотасьыен   марапатталған.
2007 жылдан ҚР Президенттік мәдениет орталығында театр және концерт қызметінің солисі болып қызмет атқарады.
Сейітқазин Оразғали
Кобызшы-ұстаз, дирижер, «Мәдениет қайраткері».
1950 жылы туған. Құрманғазы    атындағы    мемлекеттік    консераторияда  қылқобыздан   дәріс   алды.   Проссор   Б.  Сарыбаевтың   халкымыздын   көне музыкалық аспаптар ансамбліне мүше болды.
Консерватория бітірген соң тyғaн жерге оралып, Семейдегі Мұқан Төлебаев атындағы музыка училищесіне қобыз класының  оқытушысы болып қызметке орналасты. Міне, содан бepi де 35 жылдың жүзі болыпты. Сол кездегі жас жігіт бүгінде шығыс өңіpiнe, сондай-ақ байтақ қазақ еліне аты шыққан дәулескер күйшіге айналды.

Kүйшінің opындaғaн күйлepiнiң барлығы дерлік Ықылас күйлері. Ол дәулескер қобызшы Дәулет Мықтыбаевтан күйшіліктің қыр-сырын үйренсе, Қазақстанның халық әpтici Фатима Балғаевадан, өнертану ғылымының докторы Болат Сарыбаевтан көп үйренді. Оразғали Сейітқазинның aлғaш caxнағa шығуы атақты Болат Сарыбаевтың тұңғыш құpылған көне аспаптар ансамблінің ашылуынан бaстaлғaн. Ол ансамбль құрамымен қылқобызда шебер ойнауы арқасында «Қыз Жібек», «Құлагер» сияқты танымал фильмдерді музыкалық жағынан көркемдеді.
Күйшi осы уақытқа дейін ұстаздығымен қоса филармонияда күйші болып өнер көрсетіп келді. Әр жылдары «Әсем», «Семей сазы», «Ғасырлар пернесі», «Қазына» ансамбльдерінде, соңғы кезде «Бибігүл» қазақ халық аспаптары оркестрінде ойнады әpi жетекшілік eттi.
О.Сейітқазин 2001 жылдан бepi Семей мемлекеттік педагогикалық институтының «Музыка білім» кафедрасында ұстаздық етіп келеді. Ол 2007- жылдан бepi аталмыш институттың профессоры. Осы уақыт аралығында институт жанынан «Шыңғыстау» фольклорлық ансамблін құрып, жетекшілік етті.
Консерватория кабырғасында жүргеннен бepi шығармашылықпен айналысып келеді. Ол қазақ халық аспаптары мен үрмелі аспаптар оркестріне, xopғa, жеке acпаптapғa  арналған  шығармалардың, оншақты  күйлердің, жүзге тарта әндердің авторы. Сонымен қатар 300-ге жуық шығармаларды халық аспаптар оркестріне өңдеп түсіре білді.
Сазгердің Абай мен Шәкәрім өлеңдеріне шығарған әндері бабаларының замана ағымымен, әуен, ерекшеліктерімен сабақтас тақырыбы  қабысып  жатады.  «Алаш  гимні»,  «Қазастаным менің», «Қазақ елім», «Мәңгілік алау», «Жастарғa», «Семей орманы», «Отаным-анам» әндері xopғa арналып жазылған. Ал таза халықтық нақыштағы «Tyғaн елім», «Жіберме қазақ eceңдi», «Дұғaй сәлем», «Сағынамын», «Қарқаралы», «Дос жүрегі», «Кешіргей бізді бабалар» әндері өзіндік бояу, реңі бар сәтті тyғaн дүниелер. Бұл шығармадан композитордың өзіндік қолтаңбасы анық байқалады.
Eкi жинағы шықты, біріншісі «Қазақстаным менің» деп аталады, онда тәлім-тәрбие беретін патриоттық әндер, ал eкіншіci «Кел билейік сәулешім» деген кітап. Семейдегі музыкалық колледжде республикалық деңгейдегі қылқобыз сыныбын ашты. Оразғалидың тәрбиелеген шәкірттері республикамыздың музыка колледждерінде ұстаздық етеді. Ocыған қарап Opaзғaли Сейітқазинның қобыз мектебі тамырын тереңге жайды деу абзал. Қазақтан шыққан білімді сыбызғышыларымыздың бipi Taлғaт Мұқышев та Opaзғaлидың төл шәкірті. Ол әлденеше Республикалық байқаулардың лауреаты.
Семейдегі Әміре Қашаубаев атындағы филармонияның директоры. Opaзғaли Сейітқазин мәдениет және білім саласына сіңірген еңбегі үшін «Қазақстан білім беру iciнің үздігі», «ҚР Мәдениет қайраткері», мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрметті грамоталарымен марапатталды.
1975 жылы «Әсем» ансамблінің құрамында Франция жұртшылығын домбыра мен қобыз үніне таңғалдырып қайтты. Бұл күнде Шәкерім атындағы Семей мемлекеттік университеті музыка кафедрасының аға оқытушысы.
Қазақстан Республикасы оқу ісінің үздігі.
Сембаев Толғанбай
Әнші.
1964 жылы Аягөз ауданында туған.
Ж.Елебеков атындағы колледжді бітірген. 1989 жылдан Семей филармониясында әнші.
Орындаған әндері Қазақ радиосының «Алтын қорына» жазылып, «Мәңгілік сарын» күйтабағына кірді. 2009 жылы Республика сарайында өткен «Шығыс жұлдыздары» концертіне қатысты.
2002 жылы Қытай Халық Республикасы Тарбағатай аймағының қалаларында, 2006 жылы Алтай аймағының қала-аудандарында семейлік өнерпаздармен бірге өнер көрсетті. 2010 жылы түркі тілдес халықтарының «Ұлы дала сазы» дәстүрлі өнер орындаушылары халықаралық фестивалінде арнайы сыйлықпен және дипломмен марапатталды. 2010 жылы шыққан «Қа-зақтың 1000 әні» атты кітап пен күйтабаққа Т.Сембаев орындаған Ә. Найманбаевтың «Інжу-Маржан» әні және халық әні «Жан ерке» енгізілді. Ә.Қашаубаев атындағы республикалық байқаудың 1992 жылғы дипломанты, 1995 жылғы лауреаты. Ә. Найманбаев атындағы 2002 жылғы облыстық әншілер байқауының бас жүлдегері. «Жасұлан» әскери әндер байқауының лауреаты. ҚР мәдениет қайраткері.
Серік Тоқтар
Әнші, сазгер. 1975 жылы Шұбартау ауданында дүниеге келген.
1999 жылы Қазақ ұлттық консерваториясын бітірген. Оның репертуарында қазақ халық және халық композиторлары, қазіргі композиторлардың (А.Қоразбаевтың «Сағындым сені» т.б.) әндері бар.
2001 жылы Ш.Қалдаяқов атындағы әншілер байқауының, 2002 жылғы «Жаңа ғасырға жаңа ән» байқауының лауреаты. Сондай-ақ Т.Серік бірқатар әндердің («Ерке қыз», т.б.) авторы.
Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері.
Тойкенов Махмұт
Әнші, Қазақстан Республикасының еңбек сінірген қайраткері.
1963 жылғы 1 маусымда бұрынғы Семей облысы  Мақаншы ауданының Бақты ауылында дүниеге келген.
1991 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын концерт әншісі, 2007 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын музыка театрының режиссері мамандығы бойынша тәмамдаған.
2000-2003 жылдары Қазақстан Республикасы Президенттік мәдениет орталығы директорының орынбасары, 2003-2009 жылдары К.Байсейітова атындағы ұлттық опера және балет театры директорының орынбасары болды. 2009-2010 жылдарда Шығыс Қазақстан облысы мәдениет басқармасының бастығы болып қызмет атқарды.
Өнер және мәдениет саласындағы ұстаздық тәжірибесі мол.
Толғанбаев Әйтікеш
Музыкант, скрипкашы.
1924 жылы Шыңғыстау ауданының Қарауыл ауылында дүниеге келген.
Арғы тегі Ырғызбайдан тарайды. Өскенбай, Мырзатай, Өсер, Жортар бірге туысады. Өскенбайдан - Құнанбай, одан - Абай, ал Мырзатайдан - Жұман, одан - Толғанбай, яғни Әйтікештің әкесі туады.
1936 жылы Семейде өткен облыстық көркемөнерпаздар олимпиадасында табиғи дарын иесі Әйтікеш бірінші орынды жеңіп алған. Сол жылы Алматыдағы музыкалық-драмалық техникумға окуға қабылданып, музыка, оның ішінде скрипка әлеміне бойлай түседі.
1941 жылы майданға аттанады. Моздок түбінде жараланып, тұтқынға түседі. Немістер оның музыкант екенін біліп, Бахтың, Моцарттың, Гайдннын, Бетховеннің шығармаларын тыңдап, оның орындаушылық шеберлігіне таңғалып, тәнті болысады. Лагерьдің коменданты үлкен талант иесіне бас иіп, оның тірі қалуына жағдай жасап, Германияға жібереді. Тағдыр тәлкегімен Батыс Еуропаны аралып, көптеген қиыншылыктарды басынан өткізген Әйтікеш 1946 жылы еліне оралғанда «Отанын сатқан» деген айып тағылып, 1947 жылы 25 жылға Магаданға айдалады.
Қазақстан Республикасы кәсіпқой скрипка мектебінің негізін салушы, Алматы мемлекеттік конверваториясының бұрынғы доценті, талай тар жол, тайғақ кешуден өткен Ә.Толғанбаевтың сүйегі өз өсиеті бойынша туған жеріне жерленген.
Бибігүл Төлегенова
Әнші, Қазақстанның (1958) және КСРО (1967) халық артисі, Социалистік Еңбек Ері (1991).
1929 жылдың 16 желтоқсанында Семей қаласында дүниеге келген.
1954 жылы Алматы консерваториясын (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы, Н.Н. Самышинаның ән класы бойынша) бітірген. Ән айтуды көркемөнерпаздар үйірмесінен бастады. Өнер жолына түсуіне бағыт сілтеген әрі тұңғыш дәріс берген орыс жазушысы Г.И. Серебрякова (сол кезде Семей қаласында тұрған) болды.
1951 - 53 ж, Қазақрадионың, 1954 - 56 ж. Қазақ академиялық опера және балет театрының, 1956 - 71 ж. Қазақ филармониясының әнші-солисі. Ал 1971 жылдан Қазақ академиялық опера және балет театрында еңбек етеді.
1979 жылдан Алматы консерваториясында педагогикалық қызметпен (профессор) шұғылданады. Әншінің алуан тақырыпты репертуарында қазақтың халық әндері («Гауһар тас», "Жиырма бес"), Қазақстан композиторларының шығармалары (Л.Д.Хамидидің "Бұлбұл", Е.Г.Брусиловскийдің "Қос қарлығаш", М.Төлебаевтың "Еске алу", С.Мұқамеджановтың "Көктем вальсі", Н.Тілендиевтің "Кел, еркем Алатауыма"), сондай-ақ П.И.Чайковский мен С.Б.Рахманиновтың романстары, Н.И.Римский-Корсаковтың операларынан ариялар және Батыс Еуропа композиторларының (Т.Доннцетти, Э.Григ, Ф.Шуберт) вокалдық шығармалары бар.
Төлегенова өзінің концерттік-орындаушылық өнерін шеберліктің жоғары сатысына көтеріп, классикалық дәрежеге жеткізді: опера өнеріне де елеулі үлес қосты. Таңдаулы партиялары Жібек (Брусиловскийдің «Қыз Жібегінде», Гүлбаршын (Е.Рахмадиевтің "Алпамысында"), Еңлік (Ғ.Жұбанованың "Еңлік - Кебегінде"), Джильда, Виолетта (Дж.Вердидің "Риголеттосы" мен «Травиатасында»), Церлина (В.А. Моцарттың "Дон-Жуанында"), Розина (Дж. Россинидің «Севиль шаштаразысында"), т.б. Ол «Дала қызы», "Біздің сүйікті дәрігер», "Бұл Шұғылада болған еді", «Тақиялы періште», т.б. фильмдерінде өз замандастарының   образын жасады. Гастрольдік сапармен Польша, Чехия, Үндістан, Алжир, Египет, Сирия, Вьетнам, АҚШ-та болды. 1957 және 1958 жылдары  Мәскеу қаласында өткен әншілер байқауының лауреаты. КСРО Мемлекеттік сыйлығының (1971) және Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының (1966) иегері. Ленин орденімен және Еңбек Қызыл Ту орденімен, медальдармен марапатталған.



Клара Төленбаева
Әнші, халықаралық «Шабыт», Майра Уәлиқызы, Кенен Әзірбаев атындағы ән байқауларының жүлдегері. Ә.Қашаубаев атындағы республикалық әншілер байқауының 1-орын иегері. Астанадағы Президенттік оркестрдің әншісі.
К.Төленбаева дегенде, құлағыңызға мынадай әндердің    дүбірі келеді: «Бұлбұлым», «Гүлдариға», «Абай гүлім-ай», «Халаулім», «Жалғыз   арша»,   «Бурылтай», «Секіртпе», «Нартайдың термесі», «Сандуғаш», «Майраның толқымасы». Ал эстрадалық әндерден «Жібек сезім», «Гүл сезім», «Ақ орамал», «Нағашыма», «Жан-жарым» т.б.
Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Ақсуат аулында туған Клара - отбасындағы алты баланың бірі. Ақсуат балалар музыка мектебінде баян сыныбы бойынша оқыған. Әкесі Мүпти мен анасы Гүлбаршын Клара мен ағасы Жанқалдыбекті бірі - актер, бірі әнші болады деп ойлаған да жоқ. «Қыз балаға мұғалім мамандығы лайықты» деп, педколледжге түсуін қалаған. Семейдегі колледж директоры Нәубат Қалиев, әнші-ұстазы Келденбай Өлмесеков, біртуар Мәдениет Ешекеев ағаларының әншілік үлгі-өнегесі өнерпаз жасқа қатты әсер етті, қызықтырды.
Сөйтіп, Алматыдағы консерваторияға оқуға келді. Айы оңынан туып, әйгілі Бекболат Тілеуханның класына түсті. 2003 жылы осы оқу орнындағы аспирантураны үздік бітірді. Клара - бір әні   бір әншінің бүкіл  ғұмырына азық боларлық тамырлы   әндердің шебер орындаушысы ғана  емес, Астанадағы ұлттық  өнер университетінде сырнай дәстүрі бойынша шәкірттер   тәрбиелейтін    оқытушы   да.
Тұрарова Перизат
Әнші. 1984 жылы 25 желтоқсанда Аягөз қаласында дүниеге келген.
2001 жылы орта мектепті бітіріп, 2002-2008 жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында дәріс алған. Қазіргі таңда Астана қаласының мемлекеттік филормониясында солист.
Республикалық «Асыл мұра» және Д.Рақышев атындағы байқаулардың лауреаты. Ә.Қашаубаев атындағы республикалық байқаудың бас жүлдегері. 2009 жылы Сауд Арабиясының Әр-Реад және Джидда қалаларында өткен Казақстанның мәдениеті күндерінде, 2010 жылы Шанхай қаласында өткен «Шанхай экспо» дүниежүзілік көрмесінде өнер көрсеткен.
Тұрғанбаев Әділ
Әнші. Шығыс Қазақстан облысының тумасы.
Орта мектепті Күршім ауылынан бітіріп, 1992-1995 жылдар аралығында Семей қаласындағы музыкалық училищеде, 1995-1999 жылдары Алматы қаласьшдағы Құрманғазы атындағы ұлттық консерваториясының халық әні кафедрасында білім алды.
С. Тұрысбековтің «Секеннің саз отауы» ансамбілінде, «Көпен келе жатыр» театрында, Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптары оркестрінде, «Серпер» тобында өнер көрсетті. Республикалық «Қазақстан», «Хабар» телеарналары ұйымдастырған «Тамаша», «Алтыбақан», «Ән мен әнші», «Шаншар» бағдарламаларына қатысты. Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларында, Моңғол Халық Республикасының Баян Өлгий аймағында, Қытай Халық Республикасының Алтай аймағында өнер сапарында болған.
Тұрысбеков Сәкен
Домбырашы, күйші, композитор. 1961 жылы Үржар ауданында туған. Семей музыка училищесін, Алматы консерваториясын бітірген.
Көп жылдар «Сазген» ансамблі құрамында еңбек етті. Еуразия университеті жанындағы «Қоңыр қаз» ансамблінің көркемдік жетекшісі болып қызмет атқарған. Қазір Астанадағы «Ақжауын» мемлекеттік камералық ұлт-аспаптар оркестрінің жетекшісі.
Сәкен Тұрысбеков «Көңіл толқыны», «Ақжарма», «Балауса», «Дарабоз» күйлерінің және «Аққу сазы», «Ерке құсым», «Көктемім менің», «Қоңыр қаз», «Шағала», т.б. жиырмаға жуық  әндердің авторы. Әндерінің көбі халыққа Мақпал Жүнісованың орындауында танылды.
Ал күйшінің «Көңіл толқыны» күйі – нағыз шедевр. Күйші оны қос құлыны Анар мен Жанар бірінен кейін бірі өмірден өтіп, жабығып, күйзеліп жүргенінде шығарыпты, яғни қасіреттен қасиетті шығарма туған. 1985 жылы «Көңіл толқыны» күйіне бейнебаян түсірілген.
Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері.
Үдербаева Бақыт
Әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі (1989).
1950 жылы туған.
Сегіз жылдық мектепті бітіріп, 1967 жылы М.Төлебаев атындағы музыка училищесіне оқуға түседі.
Шығармашылық жолын 1970 жылы Семей облыстық филармониясында әнші болып бастайды.
«Бақыт Үдербаева ән шырқайды» атты күй-табағы мен телефильмі жарыққа шыққан.
1975 жылы бүкілодақтық әншілер байқауының дипломанты, 1980 жылы Ә.Қашаубаев атындағы республикалық әншілер байқауының бірінші жүлдегері болды.
«Құрмет» орденінің иегері.

Шәкәрім Жарқын
Домбырашы, музыка зерттеуші. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
1947 жылы 4 мамыр күні Аягөз қаласында туған.
1968 жылы  Қарағанды музыкалық училищесін,   1973  жылы Алматы    консерваториясын бітірген.
1973-1976 жылдары Мәскеудегі Бүкілодақтық   «Мелодия» фирмасының Алматы күйтабаққа жазу студиясында  аға редактор, 1976-1980 жылдары «Жалын» баспасында редактор,  1980-1982 жылдары Республикалық музыка аспаптары мұражайының директоры, 1982-1983  жылдары Қазақ филармониясында күйші-лектор  болды, 1983 жылдан Қазақ теледидарының музыка бағдарламалары редакциясының редакторы, бөлім меңгерушісі бола  жүріп  «Замана   бұлбұлдары», «Домбыра сазы», «Терме», «Шашу», «Музыкалық  киножылнама», «Күй-шежіре», «Інжу-маржан» тәрізді хабарларды жарыққа шығарды. «Сазген» фольклорлык ансамблін ұйымдастырды (1980), алғашқы көркемдік жетекшісі.
Әміре Қашаубаевтың фонографқа жазылған (1925) «Ағашаяқ», «Смет», «Бесқарагер», «Жалғыз арша», «Үш дос», «Балқадиша», «Дудар-ай»   әңдері   үнтаспасын   Мәскеудің   Орталық мұрағатынан  тауып (1974),  С. Қожамқұлов, Ә.Марғұлан, С.Бегалин, Ж.Елебеков. Ә.Байжанбаевтардың қатысуымен күйтабағын автор ретінде шығарды (1975). «Әміре» (1977), «Ән жұлдызы»  (1978),  «Амре Кашаубаев» (орыс тілінде, 1980), «Малайсары   биден   Шәмілге дейін» (1997), «Ән асқары» (1998), «Құрманғазы» (ғылыми кеңесші, 1998), «Нұрғиса Тілендиев» (Дариға Тілендікелінімен бірлесіп жазған, 2003) кітаптарының авторы. «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорадиясы АҚ жобасы бойынша жарыққа шыққан «Мәңгілік сарын» деп аталатын қазақ күйлерінің антологиясын (255 күй топтастырылған) шығаруға үлес қосып (2005), жауапты редактор болды.
Ұмытыла бастаған көне саз аспабы – үш ішекті домбырада    шебер    орындаушы,  насихаттаушы. Репертуарында «Жорға аю», «Көктөбел», «Кеңес», «Үзбе», «Толғау», «Қыз мұңы», «Қабанбай» сияқты халық күйлері,  Нұрғалидың «Көк каршыға» күйі, өзі шығарған «Анадан аманат», «Абыралыдағы ата зары», «Дүние кезек», тағы басқа күйлер бар.
Мәскеуде өткен ХІІ дүниежүзілік жастар мен студенттер фестивалінің (1985) дипломанты, КСРО Бүкілодақтық «Білім» қоғамының медалімен марапатталған (1989).
Шондыбаев Уәйіс
Ақын, композитор. 1873 жылы қазіргі Абай ауданында дүниеге келген. Ол Абайдың шәкірттерінің бірі.
1894 жылдан бастап Ақылбай, Көкбай, Мағауия сияқты дарынды ақындар тобына қосылып, ұлы Абайдың ақындық мектебінен өтеді. Оның көптеген өлең, дастандары, сондай-ақ халық арасында кең тараған «Перуайым», «Шұбартау», «Шыңғыстау», т.б. әндері бар.
1923 жылы қайтыс болған.
Шүкіманов Еркін
Әнші, ҚР мәдениет қайраткері.
1973 жылы 5 қыркүйекте Мақаншы ауданының Жарбұлақ ауылында туған.
1990 жылы Аксуат ауданы Сұлутал ауылында Қ.Сәтбаев атындағы орта мектепті бітіріп, 1991-1996 жылдары Шәкерім атындағы Семей университетінің филология факультетінде оқыған. 1996 жылы Алматыдағы Ж.Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжіне Қ.Байбосыновтың сыныбына қабылданды. 1999-2004 жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының халық әні кафедрасында Б.Тілеухановтың сыныбы бойынша оқыған. 1999 жылдан «Қазақконцерт» бірлестігінің әншісі. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында ұстаздық етеді.
«Біржан сал» фильміне Б.Қожағұлұлының «Айтбай», «Жалғыз арша», «Сырғақты», «Ләйлім шырақ», «Жанбота», «Теміртас» әндері Еркін Шүкімановтың орындауында енген.
1998 жылы республикалық Ж.Елебеков атындағы әншілер байқауының, 2000 жылы халықаралық «Шабыт» фестивалінің, 2002 жылы республикалық Ә.Қашаубаев атындағы әншілер байқауының лауреаты атанды.
Ынтықбаев Еркен
Композитор, продюсер.
1960 жылғы 2 тамызда Өскемен қаласында дүниеге келген.
1974 жылы музыка мектебінін фортепьяно сыныбын бітірген. 1974-1979 жылдары музыкалық училищеде, 1979-1985 жылдары Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияда білім алды. 1985 жылдан Қазақ мемлекеттік облыстық филармониясының жанындағы «Арқас» тобында, 1987 жылдан «Дос-Мұқасан» тобының, 1989 жылдан «Арай» тобының құрамында музыкант болды.   1999 жылдан Т.Жүргенов атындағы академияда, К.Байсейітова атындағы мектепте ұстаздық етті.
1997 жылы «Мэри Лонг», 1998 жылы «Аян» топтарын құрды (бұл топтар республикалық, халықаралық фестивальдерге қатысып, байқаулардың жүлдегері атанды). Бірнеше деректі фильмдерге музыка жазды.
«Анажан», «Алматым-Астанам», «Жерім - жаннатым», «Қазақ елі», «Жұлдызды жылдар», «Ертегіге - ертеңіме сенемін», «Арманға арнау», «Күлімдеген көздер», «Анық-қанығым», «Алтын сағым», «Қара маған, қара», «Бұлбұл сайрасын», «Арман-ай», «Ән қанатым», «Алматым менің», «Ақ ордам - Астанам», «Мәңгі іздеймін»,   «Өмірде   мына   сен   барсың», «Закон разлук», «Белый стих», «Королева», «Цветы», «Я тебя люблю», тағы басқа да көптеген әндердің; «Жанель», «Анель» фортепьяноға арналған пьесаларының; «Откровение», «Прикосновение», «Моим  друзьям» аспаптық шығармаларының авторы.
1974 жылы Алматы қаласында өткен республикалық пианиношылар байқауының иегері, 2001 жылы «Алтын диск» жүлдесінің «Ең үздік ән» аталымы бойынша «Қазақ елі» әні үшін жеңімпаз атанды. 2005 жылы «Алматы туралы ең үздік ән» байқауында «Алматым менің» әні үшін дипломға, 2007 жылы Астана қаласының 10 жылдығына арналған байқауында «Ақ ордам - Астанам» әні үшін арнайы сыйлыққа ие болды.
Майра Ілиясова
Әнші, продюсер.
1956 жылы дүниеге келген.
«Майра» продюсерлік орталығының жетекшісі.
Түрлі деңгейдегі көптеген ән байқауларының жеңімпазы және жүлдегері.
Казақстанның еңбек сіңірген қайраткері. «Құрмет» орденінің иегері.

  Музыкальное искусство - Народные композиторы


Яндекс.Метрика