Киноискусство

Айнағұлова Күлшара
Кинотанушы, сценарийші. 1948 жылы Риддер қаласында туған.
1971 ж. Мәскеу қаласындағы Кинематография институтын (профессор Н.П.Туманованың класы бойынша) бітірді. 1971-74 жылы "Жаңа фильм" жарнамалық кино бюллетені редакциясында редактор, 1974 - 87 ж. Әдебиет және өнер институтының театр, кино бөлімінде кіші ғылыми қызметкер, 1990 - 96 ж. КСРО кино қоры жанындағы Кинопрокат шығармашылық - өндірістік бірлестігі Қазақ бөлімшесінің төрағасы қызметін атқарған. 2001 жылдан Қазақ ұлттық өнер академиясында оқытушы. Айнағұлова негізінен деректі кино мәселесімен, М.Бегалин, Ш.Айманов, т.б. кино қайраткерлері жайында зерттеу-еңбектер, кино туралы көптеген мақалалар мен деректі фильм сценарийлерін жазды.


Апрымов Серік
Кинорежиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (1998). 1960 жылы  Ақсуат ауылында туған.
Мәскеудегі Бүкілодақтық кинематография институтының  режиссер бөлімін бітірген (1989). "Қазақфильм" киностудиясында жүргізуші, режиссердің ассистенті болып жұмыс істеген. 1989-92 ж. ағылшындық ВВС компаниясының арнайы шақыруымен Лондон қаласында режиссердің ассистенті қызметін атқарған. Оның "Қиян"(1989), "Ақсуат" (1997), "Ағайынды үшеу" (1998), т.б. фильмдері бар. Режиссердің фильмдері Халықаралық кинофестивальдардың 20-дан астам жүлдесін жеңіп алған. Апрымов Қазақстан Жастар одағы сыйлығын, "Тарлан" сыйлығының иегері.



Әбішев Ораз
Кинорежиссер, қазақ деректі фильмдерінің көшбастаушысы. Қазақстанның халық әртісі (1996).  
1916 жылы 1 мамыр күні Абай ауданының Қайнар ауылында дүниеге келген.
1938 жылы Алматыда Қазақ музыкалық театры (қазіргі Қазақ академиялық опера     және     балет театры) жанындағы студияны бітірген. 1938-1939   жылдары   театр   құрамында  әнші,   1939 жылдан кино өнерімен айналысады. 1944 жылы «Қазақфильм» киностудиясында режиссер болып,  көптеген   шежірелік-деректі,  ғылыми-көпшілік фильмдер түсірді. Олардың қатарында «Кеншілер     қаласы»,     «Дина    Нұрпеиісова» (екеуі де 1945), «Шалғай жайылымдар» (1950), «Абай» (1953), «Сәлем саған, Москва» (1958), «Денсулық аралы» (1961), «Апа», «Ашылған алақанның   құпиясы»,   «Тастағы   таңба»   (бәрі де 1968), «Бір хаттың ізімен» (1971), «Тарихпен тілдесу» (1972), «Мәукен даласы» (1976), «Талғаттың зеңгір аспаны» (1979), «Ертегішілер» (1983), тағы басқа фильмдер бар.
Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының иегері (1974). Қазан Революциясы және 2 рет «Құрмет Белгісі» орденімен, медальдармен марапатталған. Қазақстанның халық әртісі (1996).
Әкімов Дінмұхамед
Кино және театр актері.




Байжанбаев Әнуарбек
Әйгілі диктор, КСРО-ның құрметті радисі (1958), Қазақстанның халық әртісі (1973), 1-дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталған.
1923 жылы 26 наурыз күні Семей қаласында дүниеге келген. 1939-1941 жылдары Алматыдағы Коммунистік журналистика институтында оқыды. Ұлы Отан соғысына қатысқан. 1944 жылы елге оралып, Қазақ радиосында диктор болып жұмыс істеген. ҚазМУ-ді бітірген (1949). 1958-1964 жылдары Қазақ теледидарында диктор болды. «Қазақфильм» киностудиясында көптеген деректі және шежірелік фильмдерді дубляждау ісіне қатысты. Бірқатар көркем фильмге түскен. С.Жақанова, 3. Бекетова, Ж.Асқарова, М.Сержанов, М.Қуатбеков, Ә.Бөлебаев, тағы басқа қазақ дикторларына ұстаздық еткен. 1990 жылы Алматы қаласында Қабанбай батыр көшесінің 55-үйі қабырғасына Ә.Байжанбаевқа арналған ескерткіш-тақта орнатылды. Тандаулы журналистерге берілетін Ә. Байжанбаев атындағы республикалық сыйлық белгіленген.
1989 жылы 27 қазанда Алматы қаласында қайтыс болды.



Бегалин Мәжит                                 
Кинорежиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері. 1922 жылы Абай ауданы, Дегелең ауылында дүниеге келген.
Екінші дүниежүзілік  соғысқа қатысқан. 1948 жылы  Мәскеудегі Бүкілодақтық кинематография институтын бітірген. 1950 - 78 жылдары "Қазақфильм" киностудиясында режиссер болып,  өз замандастары туралы  "Бұл шұғылада болған еді" (1955), "Жерге қайта оралу» (1959), "Тұлпардың ізі" (1964) көркем фильмдерін қойды. Шоқан Уәлиханов туралы  «Оның күні туады» (1957), Б.Момышұлы жайында «Артымызда Мәскеу" сценарий авторы (1967). 1968 жылы Фрунзе (қазіргі Бішкек) қаласында өткен Орта Азия мен Қазақстан кино өнері байқауының бас  жүлдесі мен  1 дәрежелі дипломы;   М.Мәметова туралы «Мәншүк туралы баллада» (1969; 1970 ж. Минск қаласында өткен Бүкілодақтық кинобәйгедегі КСРО Қорғаныс министрлігінің бас жүлдесі) секілді тарихи-ғұмырнамалық фильмдер Бегалиннің режиссерлік шеберлігін танытты.
Режиссердің шығармашылығы туралы "Мәжит Бегалин" атты деректі фильм (1981) түсірілген. «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған.
1978 жылы дүниеден озды.



Белбаев Байкенже (Байкал)
Театр және кино актері, каскадер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері(2003).
1951 жылы 19 қазанда Аягөз қаласында дүниеге келген.
Алматы эстрада-цирк студиясының акробатика-гимнастика бөлімінде білім алған. Щепкин атындағы Мәскеу театр училишесінің актерлік факультетін бітірген (1974). 1974 жылдан  Ш.Айманов  атындағы  «Қазақфилм» киностудиясының актері.
Актердің режиссер М.Кәрібозовтың «Сағым» фильміндегі бас кейіпкер, Б.Қалымбетовтің «Сардар» картинасындағы қалмақ колбасшысы, Р.Әбдірашевтің «Балалық шағымның аспаны» фильміндегі есепші Тойбай, С.Тәуекелдің «Махамбеттің семсері» картинасындағы хорунжий Ықылас, ресейлік режиссерлер Е.Кончаловскийдің «А»-ға қайта оралу», Э.Оразбаевтың «Афалинаның қарғуы» фильмдеріндегі кейіпкерлері экраннан жарқырай көрініп, көрермен көңілін баурап алған бейнелер. «Афалинаның қарғуы» фильмінде бас кейіпкерлердің бірінің бейнесін сомдап, қос қанатты қырандай актерлік шеберлік пен каскадерлік өнерді қатар меңгергенін көрермен қауымға паш етті. Бұл туынды 2010жылы сәуір айында Мәскеуде өткізілген детективті фильмдердің XII фестивалінде «Көркем детектив фильм» саласы бойынша бас жүлдеге ие болып, сол жылы желтоқсан айында Киевте өткізілген «Алтын Георгий» фестивалінде «Үздік сценарий үшін» санаты бойынша жеңімпаз атанды. Байкалдың өнерін ресейлік режиссерлер жоғары бағалайды. Қазір ол Семей полигонында сутегі бомбасын сынақтан өткізудің зардабы туралы Павел Чухрайдың «Мәскеу-400» деп аталатын картинасына түсіп жатыр.



Актердің зайыбы да белгілі киноактриса, Казақстанның еңбек сіңірген қайраткері дубляж саласының майталманы Гүлзия Белбаева.
ҚР   Кинематографистер   одағының   мүшесі(1987).




Жолжақсынов Досхан Қалиұлы
Актер, әнші, режиссер, Қазақстанның халық артисі (1995), Қырғызстанның еңбек сіңірген артисі (1996), платиналы «Тарлан» сыйлығының, Қазақстан комсомол сыйлығының иегері (1982). 1951 жылы 7 қазанда Күршім ауданы, Балықшы ауылында дүниеге келген. Алматы консерваториясын 1973 жылы, профессор Х.Бөкеева класы бойынша бітірген. 1971 жылдан қазіргі балалар мен жасөспірімдер театрының актері. 1995 – 2001 жылдарда осы театрдың директоры әрі көркемдік жетекшісі болды. Жолжақсынов театр мен кинода 200-ден астам бейнелер сомдады. Театрда ойнаған рольдері арасында Ақан, Сәмет (Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері - Ақтоқтысында», «Қазақ солдаты» романы бойынша), Глумов (А.Н.Островскийдің «Адам аласы ішіндесінде»), Әзберген (Ә.Таразидің «Індетінде», Қазақстан Мемлекеттік сыйлығы, 1996; Түркі тілдес халықтар театрлары байқауының бас жүлдесі, Қазан, 1998), тағы басқалар бар.



Актер халық әндері мен қазіргі қазақ композиторлар әндерін шебер орындаушы ретінде де кеңінен танымал. Жолжақсынов - ұлттық кино өнерінің дамуына мол үлес қосты. Әскербек («Гауһартаста», 1976), Хамит («Даладағы қуғында», 1979), Мұрат («Алтын күзде», 1979), Мұндызбай («Ақ барыстың ұрпақтары», 1984, соңғы екеуі Қырғызфильмде), Дәуір («Омпада», 1997),  Біржан («Біржан салда», 2009).
Халық композиторы, әнші, айтыскер ақын Біржан Қожағұлұлының тағдыр жолы арқау болған «Біржан сал» кинофильмі Досхан Жолжақсыновтың тұңғыш  режиссерлік жұмысы. Фильм идеясының авторы да, қоюшы-режиссері де (Рымбек Әлпиевпен бірге), басты рольді сомдаушы актер де өзі.



Жолжақсынов Ерік
Театр және кино актері, Қазақстанның   еңбек   сіңірген әртісі (1998).
1959 жылы 15 мамырда Күршім ауданының Қарақас ауылында дүниеге келген. 1977 жылы Мәскеудің Луначарский атындағы театр өнері институтын аяқтаған.
1982 жылдан Қазақ мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында еңбек етті, 1989 жылдан осы уакытқа дейін Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының актері.
КСРО Кинематографистер одағының мүшесі (1989).



Мұхамедиярова Раиса
Актриса, ҚР еңбек сіңірген әртісі (1990).
1939 жылы 11 шілдеде Көкпекті ауылында дүниеге келген.
Абай атындағы Қазақ мемлекеттік пединституты шетел тілдері факультетінің ағылшын бөлімін бітірген (1962).
1960 жылдан «Қазақфильм» киностудиясында, 1995 жылдан Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік жасөспірімдер мен балалар театрында актриса болды.
ҚР Кинематографистер одағының мүшесі (1962).



Әмина Өмірзақова
Қазақ кино және театр өнерінің жарық жұлдызы, әсіресе ана образдарын жасауда өзіндік із қалдырып үлгірген біртуар тұлға, Қазақстанның халық артисі (1965), Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты (1961), "Отан", «Еңбек Қызыл Ту» ордендерінің иегері. 1919 жылдың 8 наурызында, Абай ауданындағы (бұрынғы Шыңғыстау) Қарауыл ауылында,  шаруа отбасында дүниеге келіпті. Әкесі ерте қайтыс болады. Шешесі үш қыз, екі ер баламен жесір қалады. Шыққан тегі - Арғынның ішіндегі Тобықты деген ел.
Үлкен ағайы Қаптығай бай көпеске еріп, қалаға кетеді. Содан неше жылға дейін ағайынан хабар болмай, 1928 жылы үйіне қайтып келеді. Сол   жылы олар қалаға  көшеді. 1932-34 жылдары аштық үдеп, халық есеңгіреп, не істерін білмей тұрған ауыр кезеңде, яғни, 1934 жылы Қаптығай ағайы отбасын Алматыға көшіріп әкеледі. Мұңда ол кісі кәсіподақ басқармасының төрағасы болып жұмыс істейді. Ал Әмина Алматыдағы №18 мектепте оқиды. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ радиоға қатысып тұратын. 1937-1938 жылдары Қаптығай ағайын "халық жауы" деп ұстап әкетеді. Үш жылдай абақтыда отырғаннан кейін, ақталады.
1934 жылы Алматыға Ленинград қаласынан Василий Васильевич Меркуриев деген кісі келеді. Ол актерлік оқуға адам жинап жүр екен. Пысықтығы мен өжеттігінің арқасында Әмина ол кісіге ілесіп,  небәрі 15 жасында Ленинградқа оқуға кете барады. Онда Ленинград театр өнері училищесінің актерлік курсында 25 адам оқиды. Студенттерге оқудан да, Қазақстаннан   да    стипендия төленетін.  Онда төрт жыл оқып, 1938 жылы оқуды тәмәмдап, бүкіл құрамымен Шымкент қаласына келеді. Мұғалімдері де бірге келіп, Шымкенттен ең бірінші Шанин атындағы театрды ашады. Содан бері қарай Әминаның актерлік жолы басталады. Театрда "Қозы Көрпеште" Баянды сомдап, "Түнгі сарынында" ойнады. Осы жылдары тұрмысқа шығып, үш баланың анасы болды. Жолдасының фамилиясы Өмірзақов болатын, сол себепті Өмірзақова деп жазылады.
1940-1942 жылдары Қазақ драма театрында, 1942-1949 жылдары "Қазақфильмде" қызмет атқарды. 1949 жылдан Қазақтың балалар мен жасөспірімдер театрының актрисасы болды. Басты рольдері: Баян Ғ.Мүсіреповтің '"Қозы Көрпеш - Баян сұлуында", Луиза (Ф.Шиллердің «Зұлымдық пен махаббатында»), Смеральдина (К.Гольдонидың («Екі мырзаға бір қызметкерінде»), Шауали (М.Ақынжановтың "Ыбырай Алтынсаринінде"), Рәбиға (Ш.Құсайыновтың «Рәбиғасында»), Кенжегүл (Қ.Мұхамеджановтың «Өзіме де сол керегінде»), Алтынай (Ш.Айтматовтың «Алғашқы мұғалімінде»т.б.
1943 жылдан киноға түскен: Ана ("Ана туралы аңызда"), Тана ("Тақиялы періштеде"). М. Әуезовтің сценарийі бойынша "Абай әні" фильміне актерлер арасына іріктеу жүргенде, киноның режиссері Григорий Львович Рошаль Ажар рөліне Әминаны айтқанда, Мұхтар Әуезов "Маған оның мұрны ұнамайды" десе керек,  сонда Рошаль "ал,  маған оның көзі ұнайды" депті. Бірақ актриса Ажар рөліне шақырылып, оған жасанды мұрын жасап берген екен.
Тәженовтің сценарийі бойынша түсірілген "Ана туралы аңыз" фильміндегі ана рөлі Әминаны бүкіл жұртшылыққа танымал етеді. Ал «Тақиялы періште» киносы түсіріліп теледидардан көріне бастағаннан-ақ жұрт: "Әне, Тана келе жатыр, Тайлақтың анасы келе жатыр", - деп бір-біріне сыбырласып жатады екен. Тіпті кейбір кемпірлер қастарына шақырып алып, "Маған көмектесші, жалғыз балам бар еді, үйлене алмай жүр", - деп жабыса кететін күндері де болыпты.
2006 жылы дүниеден озды.

Өтепбергенов Меңтай
Киноактер, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі (1996).
1946 жылы қазіргі Бесқарағай ауданы, Беген ауылында дүниеге келген.
Мәскеу цирк училищесінің Алматыдағы филиалының клоунада және пантомима бөлімін (1968), Бүкілодақтық кинематография институтын бітірген (1974). 1969-1970 жылдары «Гүлдер» ансамблінде өнер көрсетті.
1974 жылдан «Қазақфильм» киностудиясының актері. Ол 40-тан астам киноға түскен. «Біз – ересектер» (1980), «Жаушы» (1980), «Ақ шаман» (1983), «Жеңімпаз» ( 1984), «Интердевочка» (1991), «Шанхай» (1996) тағы басқа  фильмдерінде ойнаған. Сондай-ақ, Өтепбергенов «Маркалардағы әлем киносының тарихы» атты кітаптың авторы. Кітаптың тұсаукесер рәсімі Канн қаласындағы 51-ші Халықаралық кинофестивалінде өтті.

Сағымбаев Маулұтхан
Кинооператор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері (1969). 1916 жылы Зайсан қаласында дүниеге келген.
1936 жылы Алматы киношежіре студиясында кинооператор бөлімінде оқиды. Сол жылдан бастап деректі фильмдер түсірумен айналысып, 40 жылдан астам уақыт еңбек етті.
Ол «Комсомолға 25 жыл» (1946), «Қазақстан шабындықтары мен жайылымдары» (1956), «Каспий аңыздары» (1958), «Сәлем, Мәскеу!» (1959), «Қазақстанның алғашқы шойыны» (1960), «Ертістегі қала» (1962), «Қазақ даласының аңыздары» (1967), «Бибігүл ән шырқайды» (1969), «Сұлтанмахмұт Торайғыров» (1969), «М.Әуезов туралы сыр» (1975), «Бүгінгі Қазақстан» (1986), «Сәтбаев әлемі» (1988), тағы басқа деректі фильмдердің кинооператоры болды.
«Құрмет белгісі» орденімен және бірнеше рет Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

Ыбыраев Тұраш
Актер, радио және телевизия режиссері, Қазақстанның халық артисі (1989).
1929 жылы Шұбартау ауданында дүниеге келген.
1954 жылы Мәскеу қаласындағы театр өнері институтының қазақ студиясын бітіргеннен кейін Қазақ академиялық драма театры құрамында актер болды. 1960 жылдан өмірінің соңына дейін Қазақ радиосы мен телевизиясында қызмет етіп, «Сенім», «Құрманғазы», «Ақ автомобиль», «Жаз да аяқталып келеді» телефильмдерін, 2 бөлімді «Еңлік-Кебек» пен «Беу, қыздар-ай» фильм-спектаклін, 50-ден аса деректі телефильмдер түсірген.
1991 жылдың 7 қарашасында Алматыда қайтыс болған.


  Отдел краеведческой информации - Киноискусство


Яндекс.Метрика