- О библиотеке
- Публикации
- Тарихта қалған есім
Елюбаев Д. Тарихта қалған есім // Өскемен. - 2012. - 12 қаңтар. Б.4
"Дінмұхамед Қонаевтың туғанына - 100 жыл"
2012 жылдың алғашқы айы ұлт көсемі, есімі әлемге әйгілі қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы, КСРО, шет ел ордендері мен медальдарының иегері, бабаларымыздың арманын орындау үшін қазақтың бағына туған дарынды тұлға Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың 100 жасқа толуымен ерекшеленді.
Қазақстан тарихынан ерекше орын алатын ірі тұлға, мемлекетіміздің көрнекті қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев Қазақ КСР Ғылым Академиясын, республикамыздың ғылымын дамытуға көп еңбек сіңірді. Кеңес өкіметінің алаш ардақтыларын қырып-жойып, қазақты жарық жұлдыздары мен рухани көсемдерінен айырмақ болған саясаты жүріп жатқанында тарих сахнасына Қонаевтай ірі тұлға келіп, еліміздің егемендік алуына жол ашты. Дарынды тұлға Республика партия ұйымын басқарған ширек ғасырға жуық уақыт ішінде өзінің үлкен ұйымдастырушылық қабілетімен, міні жоқ мәдениеттілігімен, өз халқының дәстүрін құрметтей білетін тағылымы теңіздей терең, ой өресі биік жан екенін көрсетті. Балқаш, Алтай, Риддер, Лениногор кен орындарында басшы қызмет (1936–42) атқарған.
Сонымен қатар, Дінмұхамет Қонаев 100 ден аса ірі-ірі еңбектердің авторы, оның ішінде «Қазақстанда ашық әдіспен кен қазуды дамыту» монографиясының, «Қоңырат мыс кенін қазу» (1949), «Соколов-Сарыбай кен байыту комбинаты карьерлерінде кен қазу жұмыстарының технологиясын жетілдіру» (1966) атты ғылым еңбектерімен қатар «Қазақстанда ғылымды дамыта түсейік» (1952), «Қазақстанда ғылымның гүлденуі» (1953), «Ғылым халық қызметінде» (1954), т.б. мақалаларының авторы.
Өзінің өткен өмір жолын «Өтті дәурен осылай» деп аталатын естелік-эссесінде баяндап берді. Соңынан «Ақиқаттан аттауға болмайды» деп өзгерген еңбегінде Теміртау тарихы, Семей полигоны, Арал мәселесі, Желтоқсан оқиғасына өз көзқарасын, сондай-ақ, тілге, дінге, ділге қатысты көкейтесті мәселелердің жауабын алға тартады.
Халқының алдындағы бұл кісінің негізгі еңбектері қандай еді? Ол кісі өте зерек, көреген саясаткер болды, республика тағдырына байланысты Мәскеудің әрбір қадамын алдын ала сезіп, біліп отырды. Димаш аға ширек ғасырдан астам үздіксіз ел басқарған жылдарында республиканы Кеңес Одағы көлеміндегі 14-шы орыннан алдыңғы үштіктің қатарына шығарады. Қазақстан Одақ бойынша екінші астықты алқапқа және көп салалы өнеркәсіптің зор аймағына айналды.
Димаш ағаның басқаруында еліміздің экономикасы айтарлықтай көтерілген. Мәселен, өнім өндіру 10 есеге, ауылшаруашылығы 6 есеге, құрылыс саласы 8 есеге артқан. Сондай-ақ ол 47 қаланың салынуына бірден бір себепші. 70-ші жылдары Алматы қаласы құрылыс нысанына айналды десек артық айтқандық емес. Сол кезеңде бір ғана Алматы қаласының өзінде жылына 1 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 6-7 мектеп пен балабақша салынып отырған. Алматы қаласында 9 қабаттан асатын ғимарат салуға тыйым салған кезеңде 25 қабатты Қазақстан қонақ үйінің салынуы ерлікпен пара пар. Сонымен қатар, білім, ғылым, мәдениет, денсаулық сақтау саласы қарқынды дамыды.
Өркендеудің мұндай қарқыны басқа бірде-бір республикада болған жоқ. Димаш аға мәдениеттің, терең білімінің иесі (ол Бірінші хатшы болмас бұрын ғылым докторы және академик атағын алған еді) Димаш Ахметұлы творчество адамдарын қатты қадірлейтін және өзі де оларға аса қадірлі болатын. «Қонаев дәуірінен» бұдан да, кейін де бірде бір әртіс, суретші, жазушы, архитектор өзінің халыққа қаншалық қажеттілігін, өз бағасының қадір-қасиетін сезінген емес. Бірде-бір шығармашылық адамы мұқтаждық көрген емес. Қазақ тіліндегі әдебиеттер көп миллиондаған тиражбен басылып шығатын. Барлық обылыстарда театрлар ашылды. Орта Азиядағы ең үлкен жаңа киностудия салынды, жаңа кітапханалар, көрме залдары, суретшілер үшін шеберханалар салынды. Көркем өнер саласында қаншама ғажап таланттар шықты! Әншілер: Ермек, Бибігүл, Әлібек, үш Роза...
«...Мен бірде-бір адамның, мейлі ол кім болмасын, қай ұлттан болсын, меселін қайтарып көрген емеспін. Үміттің аяқасты болуынан артық қорлық жоқ. Жердің үстімен келіп, астымен қайтқаннан асқан азап болмайды. Жақсылығыңды адамға жаса, сол үшін жаса, сол үшін елдің сенген тізгінін ұстап отырсың. Күнде жұмысқа келе жатқанда осы ой жетелеп кеп табалдырықты аттаттырады» – деп жазған екен заманының дүлділі, ширек ғасырға жуық еліміздің тізгінін ұстаған білгір азамат Д.А.Қонаев.
Шынында да Димекең өмірінде өте ұстамды, көпшілікті іске жұмылдыра білетін қабілеті мол кемеңгер басшы болды. Болашақты болжап, кісіні тани білетін сұңғыла қасиеті де бар-ды. Ел аралай жүріп, көзіне көрінген дарынды жастарды, білгір басшыны жауапты қызметке шақырып, оларға үміт пен сенім артып отыратыны да көпшілікке мәлім. Талай көкірегі ояу, білімді азаматтар Димекеңнің қолдауы мен шапағаты арқасында келе-келе қарымды ұйымдастырушыға айналды, абыроймен ел-жұртты басқарды, көрегені мол мемлекет және қоғам қайраткері болды.
Оған айғақ ретінде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қонаев есімі Қазақстан халқымен бірге жасары анық, ақиқат. Ол кісі – бәрімізге ұстаз болған ұлы адам» – деп берген лайықты бағасын келтіргеніміз жөн болар.
Димаш Ахметұлының «Ақиқаттан аттауға болмайды» деп аталатын кітабын оқыған кісінің есінде болар. 1993 жылы сәуір айында ол кісі былай деген еді: «Мен тәңірі сыйға тартқан біраз жасқа келдім... Ат жалын тартып мінген азамат шақтан алдыма қойған бар арман, бар мақсат- өзіңмен еншілес болу еді, халқым. Ол ниет орындалды. Қалтқысыз қызмет етуге, аманатқа адал болуға, адам баласына қиянат жасамауға, ала жіптен аттамауға тырыстым. Соңғы демім таусылғанша алақаны аялы, жаны саялы елім, саған; алтын бесігім – жерім, саған қызмет етуден танбаймын»,- дей келіп, жан баласына өкпесінің жоқтығын, өзгенің өзіне деген өкпе, реніш, назы болса, ақ басын иіп, мың қайтара кешірім сұрайтынын ағына жарыла жазған еді.
Шүкір, ол елінің егемендігін көрді. Өзі қалтқысыз қызмет еткен қазақ халқының, кең байтақ Қазақстанының тәуелсіз мемлекет болғанын, оның Көкбайрағының ашық аспанымызда желбіреп, Әнұранының асқақтай шалқығанын, Елтаңбасының төрімізде айдай жарқырап тұрғанын көрді.
Тұсаукесеріне қатысты.
Димаш аға! Дидарыңыз жарық күн,
Ұранысыз қазақ деген халықтың.
Саясаттың дауылына сынбаған
Өзіңізсіз бәйтерегі тарихтың.
Ғұмыр кешпей қара бастың қамы үшін,
Қорғадыңыз ел мен жердің намысын.
Тарих өзі таразылар, танытар
Ұлы қазақ Қонаевтың сан ісін, – деп елде жүрген жамбылдық арқалы ақын Нарша Қашағанұлы жырлағандай, уақыт бәріне төреші, ерте ме, кеш пе әркімге өз бағасын беріп жатады.
Алматы, Тараз, Шымкент, Екібастұз қалаларының орталық сәнді көшелеріне Димекеңнің есімі берілген, ескерткіштері бой көтерген. Оның есімімен Шымкент қаласында мешіт ашылып, халыққа қызмет етуде. Қонаевтың мұражайы Алматы және Шымкент шаһарында орналасқан.
Жамбыл облысының Талас өңірінде де Димекеңнің ізгілікті ізі сайрап жатыр. Ақкөл селосында Д.Қонаевтың еңселі ескерткіші орнатылған. Ойық ауылындағы орта мектеп те Димекеңнің атымен аталады.
Өзі өмір сүрген күрделі уақыттың адал перзенті бола білген абзал азамат 1993 жылғы тамыздың 22 сінде, 82 жасқа қараған шағында кенеттен қайтыс болды.
Қазақ барда, соңында орман жұрты барда Қонаев рухы шамшат ағашындай күн санап өсіп, желегін кеңге жая да бермек.
Елюбаев Данияр
Өскемен орталық қалалық кітапханасы
қызмет көрсету бөлімінің қызметкері