Көптің құрметіне бөленген Хамит ақын кім еді?

ШҚО, Тарбағатай ауданы, Ақжар ауылы.                                 
«М.Әуезов атындағы орта мектеп» КММ.

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Хасенова Перизат Каукенқызы

 

...Ей, бауырым, зерттейсің  бір күн сен мені,
Ойларымның өлгені қанша..., өнгені.
Қара қылды қақ жарып сөйле сарапшым,
Есікке  қарай сүйреме басты төрдегі.
Хамит Балшабеков.

Ақындар біздің руханиятымыздың көркі. Қоғамдық сананы өрге сүйрейтін таңдаулы қауым екені рас. Әр ақын өлеңінде өзінің жан айқайы бар. Өлеңмен тағдыры шырмалған адамдар сырын сыртына шығарып айта алмайды. Ақындарда өздерінің ішкі қиналысын өлеңдері арқылы береді. Сондықтан оларды өлеңдері арқылы түсінгеніміз жөн. Өлең – парасат пен пайымның, елдік мүдде мен мұңның тоғысатын жері. Өйткені қазақта төрт жол өлең құрамайтын адам жоқ. Ежелден бір ауыз сөзге тоқтап, атасының құнын да кешкен елдің өрені ақынжанды болып туады да, жастайынан ақындықтың мол мұрасынан сусындап өседі. Әрбір уақыт өз кезегінде дарындар туғызады. Бұл өмір заңдылығы. Бүгінгі сөз еткелі отырғанымыз Алла берген ақсұңқар ақындығынан басқа ақниетті, аңқылдаған көпшіл Хамит Балшабеков атамыз асып-тасып ақындық шабыт кернеген, көңіл шіркін өрлеген сәттерде қылдай қиянатқа төзбей, кімді болса да «бетің бар жүзің бар» демей, кемшілігін айтып тастайтын. Бірақ, еш уақытта да ешкімге кек сақтамайтын. Сондықтан да болар, ел арасында «Хамит былай депті» деген шумақтар ауыздан-ауызға көшіп жүреді. Бұл күндері ақынды  Мұқағалидың,  Қасымның  өнердегі інісі десек те болады. Ақынның өлеңдеріндегі ұқсастығы, сыршылдығы, шыншылдығы адамды баурап алар сезім иірімдерінде.
Ал жаза бер!
Менде қанша өмірбаян бар дейсің,
Арманы өлең, сүйгені күй мен ән дейсің.
Өзін-өзі өртеп жүрген жан дейсің,
Жүрегі-жомарт, ниеті-аппақ таң дейсің.
...Қағазды жәй, қаламыңды ал қолыңа,
Анкетаңның үңіл әрбір жолына.
Айтқанымның бәрін толтыр торыңа,
Адам деп жаз, анықтап жаз оны да.
Ақын деген сөзді тірке соңына! - деп ақын өзі жырлағандай.
Алдымен адамдықты, ақындықты ту етіп ұстаған ақынның өмір тарихына көз жіберсек, 1939 жылы Қытай Халық Республикасының Тарбағатай аймағы, Дөрбелжің ауданы, Майлы тауындағы Үшқарасу деген жерде  дүниеге келген. Буырқанған Еміл өзені жағасында, қарт Тарбағатай теріскейіндегі Үйтас, Қотырөзек, Саз жайлауларын жайлаған қасиетті өлкеде туып өскен. Ағасы Берденбек ақын қасына ертіп сол кездегі ел ішіне көптеп тараған қисса-жырларды жаттатып, жүрегіне музаның отын жаққан екен. Жасынан әншілік өнерді серік еткен ақын алғашқы еңбек жолын Дүрбілжің ауданының мәдениет үйінде бастайды. Алғашқы жыр туындысы Үрімжі қаласында шығатын «Шыңжаң» газетінде жарияланады.
Өміріндегі үлкен бір өзгеріс 1962 жылы атажұртқа оралуы еді. Атажұртына оралған ол қарымды жырларының арқасында Жезқазған облысы, Жезді ауданының «Октябрь туы» газетіне аға әдеби қызметкер болып орналасады. Осылай өзінің шығармашылық биігіне бет түзеген ақын облыстық газеттерде әдеби қызметкер болып, республикаға танымал ақын Жұбан Молдағалиев пен  Аманжол Шамкеновтың назарын өзіне аударып, талантты да талапты жас ақындардың бірі екенін таныта білген.
Алғашқы жыр жинағы 1969 жылы «Жазушы» баспасынан «Жылқышы әні» деген атпен жарық көреді. 1973 жылы Семей қаласындағы мұғалімдер даярлайтын жоғары оқу орнын тәмәмдаған соң, 1978 жылдан бастап Тарбағатай ауданының мәдениет саласында елеулі істер атқарады. Хамит Балшабековтың ақындық пен бірге актерлік те таланты болған екен. Мәдениет саласында жұмыс істей жүріп, сахнаға өз режиссурасымен  Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу», Құдаш Мұқашевтің «Таң атып келеді» спектакльдерін қояды. «Таң атып келеді» спектаклінде І.Жансүгіровтің бейнесін сомдайды.
Одан кейін де көп жылдар бойы Шілікті орта мектебінде интернат тәрбиешісі болып, қазақ тілі мен әдебиет пәнінен дәріс бере жүріп, көптеген жас таланттарды тәрбиелеген. 1984 жылдан бастап әртүрлі деңгейдегі айтыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болған.
1993 жылы «Суырлының сұлу арқасында» атты жыр жинағы, Өскемен қаласынан «Өмір мен саған ғашықпын» атты кітабы, 2003 жылы «Қантамыр», 2007 жылы  «Балтамыр» атты жыр жинақтары, 2008 жылы «Шұғыла көңіл» атты жаңа жыр жинағы жарық көрді. «Тарбағатай ақындары жырлайды»  атты жинаққа өлеңдері еңгізілген.
Жиырмадан астам өлеңдеріне ән жазылған. Атап айтқанда, «Мұзтаудың мұзбалағы», «Ұрпақ  дауысы»,  «Әнші қыз», «Қосқарагөз», «Қос бұрым», «Жалши әні» өнер сүйер қауымның сүйіп тыңдайтын әндеріне айналды.
2006 жылы ақынға «Тарбағатай ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді.
Ақын ұзаққа созылған ауыр науқастан 2007 жылы дүниеден өтті. Кейіннен ауылдағы саябаққа Хамит есімі берілді.
Ақынның  қай өлеңдерін алсаңызда, адам өміріне, тылсым тіршіліктің иірімдеріне терең бойлап, сезім пернелерін дөп басады.
«Бабалар армандаған ұрпақпын мен,
Даналар армандаған нұр шақпын мен»,-деп бүгінгі тәуелсіздік алған  халық қуанышын айтып отырған жоқ па ?!
Жеке бастың сезімін заман, дәуір туралы толғаныспен ұштастырып, келер ұрпақпен тілдеседі. Келер ұрпақ өміріне алаңдап,  тебірене жырлайды. Білімді үнемі жаңартып, жетілдіріп отыруға үндейді.
Табиғат туралы тебірене отырып  жалынышты, аянышты үнмен, әрі ызамен де ашына отырып жазған мына бір өлең шумағы оқырманды селт еткізеді:
«..Не таптың қолда барды шығындапта,
Ниетіңді сұмдықпен қырындатпа.
Табиғаттың бөбегін қорға адам,
Көз алдыңда қан шашып шырылдатпа!»
«Қантамыр» жыр жинағында өзінің бесік мекені - тарихи туған өлке сипаттары, өмірге деген күресі мен түйсіктері жайындағы көптеген мағыналы өлеңдері мен поэмалары, балладалары енген. Қазіргі ұрпақ үшін ақын өлеңдері  өткен туралы толғайтын тарих іспетті.
Халқымыздың ерлік тарихын, өлке тарихын сипаттауға бағышталған «Зейнолла» поэмасына тоқталсақ. Поэманың «Сорокин – Логин» деген тарауында былай дейді:
Жазылған тарихтың тақтасына,
Қонғандай мәңгілікке бақ басына.
Жері бай, елі момын қазақ жұртын,
Бағынтқан бодандықтың ақ патшасына.
... Атпауға мүмкін емес үзік сырды,
Қалса қазақ қалады жүзіп мұңды.
Ресей патшасынан кім келсе де,
Толқыған Зайсан көлі қызықтырды.
... Артық-кем өлшейтұғын көңіл-безбен,
Келе салып Шілікті жерін кезген.
Қарады қазақтарға тәкәппарсып,
Сұмдықтың оты ұшқындап шегір көзден,- деп туған өлке байлығы Ресей патшалығының қарамағында болғанын ашына жырлайды.
Поэманың соңында Зейнолла туралы былай толғайды:
«Өзіне серік етіп сенімді ол нақ,
Қашанда сенімді ерге көңіл толмақ.
Азырақ қиындықты бастан кешіп ,
Қалды ол атамекен жерін қорғап»
Осындай шумақтардан ақынның туған өлке тарихын тереңінен қозғайтынын көреміз. «Жер жырлайды» поэмасында өзі кейіпкер болып, Қабдолда ақсақалға келіп ой салады. Екеуі бірігіп ой толғап, жер атауларының, олардың  өткен тарихын, қазіргі тарихын, болашағын  жырлайды. Алдымен біздің оңтүстігімізде созылып жатқан «Барқытбел» - бұл таудың қалмақ шапқыншылығына дейінгі қазақ тіліндегі өз атауы. Ал қалмақтар қазақ жерін басып алып, көп уақыт тұрған кезде Тарбағатай, яғни қалмақша «Суырлы тау» деп өзгерткен. Поэмада Қабдолда қарт осы секілді басқа да «Кергентас», «Ақшағыл», «Аршалы», «Сауыр», «Баймырза», «Кәкенталды» атауларының шығу тарихын, жер тағдырын, ел тағдырын қозғайды. Ақын Хамит қарт Қабдолдамен қосыла отырып, қиналған табиғаттың мұңын поэманың соңында былай деп келтіреді:
Қосылып қартқа күміс көл жылады,
Күрсініп асқар тау мен бел жылады.
Санасын дір еткізіп тыңдағанның,
Ел-жұртсыз жүдеп қалған жер жылады.
«Айналайындар,  ақын болғыларың келе ме?» атты баспасөз бетіндегі жастарға жазған жауап хатында ізбасарларына ақын былай деп кеңес береді: «Ұлы Абай:  «Тіл өнері-дертпен тең» демеп пе еді?!  Тілдің дерт екені рас,  ақындық дерт емес, Ол талант. Ал талант  дегеніміз - дара қасиетке иелік жасайтын қуатты сезім, құдіретті сенім екенін естен шығармаған жөн.»
Ақын болғың келсе, шындыққа пендешілік  бетпердесінің арғы жағынан емес, бергі жағынан  қарап үйрен демекпін. Перде ішінде  тұрып қараған  дүние қашан  да күңгірт  көрінетінін  еске сақтаған жөн. Солай  десек те, шындықты ашық көру балғын жан-дүниеге  ауыр  салмағын салып, жаншып жіберуі де мүмкін. Ақын  болу - шырқыраған хас шындықтың  азабын көтеру емес пе?!
Ақын шығармашылығын  тұтас алсақ, одан  адам баласының  өмірдегі сүйіспеншілік, махаббат,  достық, дұшпандық, қуаныш,  қайғы секілді сезімдерінің әрбір жағдайға лайықты берілген шын сипатын білеміз.
Ақындар деген елденмін,
Арманды елмен бөлгенмін.
Астан-кестен тірлікке,
Алаулау үшін келгенмін.
Арым менен барымды,
Аяулы елге бергенмін.
Аумағы кең өңірдің,
Асылын ғана тергенмін, - деген  ақынның жалынды жырлары кейінгі ұрпаққа мәңгілік өшпес мұра болып қала бермек.
Ақын өзінің тұнып тұрған лирикасымен оқырманды тәнті еткен, өлең арқылы өзінің азаматтық үнін білдірген.
Бір қуанарлығы ауданымыздың руханият қоржыны елге жан - жақтан оралған ағайындардың тартуымен де толығып жатыр.
Ақынның таза табиғи  тіліндегі көркемдік қуат, әдемі теңеу дегеніңіз таңдайыңызда бал татығандай. Нені жырласа да өлең сөздің нәрін тұндырып, «Па, шіркін!» дегізерлік өлең тудырған. Атамыздың  өлеңдерін  оқи отыра,  әрқайсысының  ерекшеліктері мен шеберліктеріне назар аударып,  шолу жасап, түйіндей келе «Көрмеген елде – естімеген  құстың үні бар» демекпін. Шын ақын  өз халқының  ары мен беделі, ізгілікке жөн сілтеген өшпес  шамшырағы. Ақынның мол мұрасынан сусындап өссек, тәуелсіз  елдің, халықтың  дәстүрін дамытатын, оның жоғын жоқтап, болашағын көрсететін өлеңдерін оқи білсек, жүрегінен шыққан сөз маржанын түсіне білсек екен. Елім – жерім деп елжіреген, шығыстағы поэзияның байрағы  боп желбіреген өзінің өлең-жырларын туған жерінің, өскен елінің қасиетін дәріптеуге арнаған ақиық ақын қандай құрметке болса да лайық.
Өлең өшпес мұра. Ауданымыздың руханиятында ұрпақтан ұрпаққа аманат болып жететін таусылмас қазына. Ендеше уақыт керуенімен бірге толысып,  тарих көшімен бірге жаңа сипатқа ие болып келе жатқан өлең өлкесінің тұрғындарына шығармашылық шабыт тілейміз!

 

Мақаланың мазмұны үшін сайт әкімшілігі жауапкершілік алмайды.

  Из копилки читателя - Из копилки читателя


Яндекс.Метрика