ТҰҒЫЛДЫҢ ҚЫСҚАША ТАРИХЫ ЖӘНЕ ЗАЙСАН КӨЛІ ТУРАЛЫ КЕЙБІР ДЕРЕКТЕР
ТҰҒЫЛДЫҢ ҚЫСҚАША ТАРИХЫ ЖӘНЕ ЗАЙСАН КӨЛІ ТУРАЛЫ КЕЙБІР ДЕРЕКТЕР
Исмурзина Рауза Галиякпарқызы
өлкетанушы
Өскемен қаласы
Ауданның оңтүстігінде орналасқан Тұғыл қонысының өзге елді ме-кендерге ұқсамайтын өзіндік тарихы бар. Ал, көнекөз қариялардың ай-туынша, ескі Тұғылдың орнында қалың орман болып, елдер масадан қашып кең жайлайды екен. Содан сол ағаштарды кесіп әкете-әкете ағаштың түбірі мен тұқылы ғана қалған. Сонда Тұғыл (Тұқыл) деген ат пайда болған -мыс.
Бұла Ертіс тау-тас жарған асау долы,
Алтайдың кең құрсағы шыққан жері.
Ертіске қойнын ашып жол салдырған,
Алды Алтай, сырты Сауыр - Зайсан көлі,
Сол көлдің тұмсығында Тұғыл тұрған,
Айнала қоршағандай көлден қорған.
Жиылып әр тараптан орыс-қазақ,
Үй салып осы араны мекен қылған, - деп ақын жырлағандай, Тұғыл туралы сөз айтсақ, оны - Нұр Зайсан көлінсіз елестете алмайсың. Тұғылды мекен еткен халықтың тыныс-тіршілігі, қам-қарекеті, әлеуметтік жағдайына дейін осы көлмен бірігіп, біте қайнасып кеткен.
XVI-XVII ғасырларда-ақ көл жағалап бұхар, қытай, үнді асыл бұйымдарының артып тізбектелген талай түйе керуендері Орта Азиядан Сібірге өткен. Алғашқы қоныстанушылар бұл жерлерге 1650-52 жылдары жоңғар шапқыншылығы кездерінде қашып, ығысып келіп қоныстана бастаған. Ал, балық аулау кәсіпшілігімен шамамен XVIII ғасырдың аяғынан бастап айналысқан. Тарихқа тереңірек үңілсек, сонау ұлы Петр I патшаның өзі Зайсан көлінің мемлекет үшін маңыздылығын ескеріп, 1720 жылы гвардия майоры Иван Лихаревке тікелей жарлық (указ) шығарған. (Шығыс Қазақстан облыстық мұрағаты, 752 қор, 2-ші жазба, 360 құжат). Ол жарлығында былай деп: "...керекті адамдармен барып жергілікті жер жағдайын білетін адамның көмегімен ыңғайлы жерден, тым қызығушылық жетегіне еріп кетпей, адамдарды жоғалтып алмай Зайсан көлінің жағасынан бекініс салуды бұйырамын", - қол қойып, мөр басады. Осы жарлық жөнінде Иван Черепанов деген Тобыл атқосшысының 1760 жылғы "Сібір жазбаларында" былай еске алынады: (Шығыс Қазақстан облыстық мұрағаты) "Петр I ағзамның жарлығымен, гвардия майоры Иван Лихарев қажетті құрал-жабдықтармен, 400-дей адам мен Ертіс өзені арқылы Зайсан көліне жетеді. Оны жағалап он екі күндей жүріп бекініс салатын ыңғайлы жер таба алмай келе жатқанда Жоңғар қонтайшысы Халден Цереннің ұлы Шоно Добаның атты әскерлеріне жолығып, біраз қақтығыстан кейін өзара бітімге келеді. Бірақ ол жолы бекініс салынбайды. Майор Лихарев қайтып келе жатып ел тыныштығы үшін бекіністің қажеттілігін түсінеді, артынан Өскемен бекінісі салынады", - деген жазбалары бар.
1877 жылы Петербургте П.П. Семенов (болашақ Тянь-Шанский) мен Г.Н. Потаниннің редакциялауымен шыққан "Азия жері туралы" деген кітаптың IV томында сол кездегі Зайсан көліндегі балық аулау кәсіпшілігі жайында былай деп жазылған: "Балықтың ең көп ауланатын жері Ертістің сағасынан 20 шақырымдай төмендегі Молалы, Қаратас деген жерлер. Мұнда топ-топ кіші балық үйірлері мен ақ қайран көп кездеседі. Нельма тек осы Зайсан мен Қара Ертісте ғана бар. Балық аулаумен Көкпекті және Бұқтырма уездерінің қазақтары, Өскемен маңындағы Глубокое, Прапорщиково және басқа селолардың шаруалары мен тұрғылықты қазақтар айналысады. Орыстардан 200-300 адам, қазақтар 2000-ға жуық. 1852-1861 жылдар аралығында көлден жыл сайын 1300 пұт ақ балық ауланады. XIX ғасырдың 60-шы жылдарында Зайсан балық кәсіпшілігінен түсетін пайда 2500 сомға жетті".
Зайсан көлінің балығы, оны мекендейтін құстар, маңайындағы өсімдік түрлері мен жәндіктер, оның табиғаты орыс географиялық қоғамын да қызықтырған. Жалпы тарихтан байқап отырсаңыз, сонау Петр I патшадан бастап Зайсан көлін көрші орыс мемлекеті назардан тыс қалдырмаған, үнемі қадағалап отырған. Орыс географиялық қоғамының Батыс-Сібір бөлімінің 1922 жылы Омск қаласында басылып шыққан "Сібір табиғаты" деген журналының 2 нөмірінің 68-87 беттерінде профессор С.Д. Лавровтың "Зайсан көлі және оның маңайындағы жазық дала" деген көлемді мақаласы жарық көрген. (Шығыс Қазақстан обл. мұрағаты). Онда профессор Лавров: "1919 жылдың көктемінде Сібір қазақ әскерінің басшылығы Омбы қаласындағы Ауыл шаруашылығы институтына Зайсан көліндегі балық өндірісінің күрт төмендеп кету сөбебін анықтау мақсатында экспедиция құру қажеттігін сұрап тапсырыс берді", - дейді. Профессор С.Д. Лавров құрамында балық шаруашылығының инспекторы Я.Я.Григорьев, ауыл шаруашылығы институтының екі студенті (А.М. Ганаго және А.Н. Харин) және Петроградтағы орман шаруашылығы институтының студенті В. Берниковтерден жасақталған экспедициямен Ертіс өзені арқылы Зайсан көліне жетеді. Олардың мақсаты - балық өндірісін бақылаумен қоса ғылымдық, зоологиялық ізденістер жасау еді. Лавров әрі қарай былай деп еске алады: "Міне, алдымызда шалқыған Зайсан көлі. Оның үнемі шулап тұруына байланысты қытайлар "қоңыраулы көл" (озеро колоколов) деп атаған. Бес сағаттай жүзгеннен кейін біз Қара-Суат мүйісіне тоқтадық. Қараңғыдан салынған жатаған үйлердің сұлбасы көрінді. Шағын үйдің терезесінен жанған шамның жарығы түсіп тұр. Бұл Тополев-Мыс пристаны. Біздің жаз бойғы экспедициямыз тоқтайтын штаб пәтерміз. Бізді пристанда орыстар, қырғыздар (қазақтар), сарттар қарсы алды. Жағаға жібермес бұрын басынан аяғына дейін қаруланған түрлері қорқынышты азияттар тінту жүргізді. Олар бұрынғы "Анненковшылар" екен. Менің каютамды да тінтті. Бірақ тиіскен жоқ. Тополев-Мыс бір ғана көшеден тұратын шағын елді мекен. Таңертең Орта Азияға тән көріністің куәсі болдық. Бірінің артынан бірі ақырын мамырлаған түйе керуендері тізбектеліп өтіп жатты. Олардың барлығы көрші қытай елінен шығып мақта, мата, өрік-мейіз сияқты қажетті заттарды тиеген. Керуеннің ең алдында, есектің үстінде керуен басы отырады".
Әрі қарай профессор Лавров Зайсан көлінде мекендейтін құстар, әр түрлі жәндіктер, өсімдіктер туралы айта келіп, көлде шортан мен алабұғаның көптігіне таңданысын білдіріп, ол балықтар жыртқыш болғандықтан, басқа балықтарды құртып, өздерінің өсіп-өнуіне жағдай жасайды деген қорытындыға келеді. Профессор Лавров жаз бойы Тополев-Мыста тұрып, ғылыми тұрғыдан көптеген жаңалықтар табады, бірақ жазбаларының барлығын жоғалтып алғанын қынжыла еске алады, ойында қалғандар бойынша осы мақаласын жазыпты.
Ал, қазіргі кезде қармақ салғысы келіп әуестенгендердің қармағына бірнеше алабұға, табан, тіпті сәті түсе қалса бірнеше шортан, көксерке (судак), тіпті жолың болған жағдайда сазан түседі. Зайсан көлінде үнемі осындай балықтар болып па еді? Соған жауап беріп көрейікші. Қазіргі кездегі балық аулаумен айналысатындарға 1877 жылы Сібір казак әскерінің старшыны Усовтың естелігі қызықты болады деп ойлаймын. Зайсан көлінің орналасуын, оған қандай өзендер құятынын жаза келе ол былай дейді: "Зайсан көлінің суы тұщы, жұмсақ және таза. Нұр-Зайсанда қызыл балық, бекіре, стерляд, ақ балық, таймен, ускуч, ақ қайран, алабұға, қара балық, табан, шортан және налим (ит балық) көптеп кездесетін. Назар аударыңыз, аталған балықтардың ішінде сазан, карп, көксеркелер жоқ, яғни бұл адамдардың қолымен әкелінген деп пайымдауға болады. Әрі қарай Усов былай деп келтіреді: "Осетры (бекірелер) изредка попадаются пяти пудов, но чаще бывает от трех фунтов до пуда. Стерляди бывают различной величины от шести фунтов, до двух пудов, таймены до четырех пудов", - дейді. Қызық деректер, қара уылдырықтың көкесі бізде болыпты. Сонымен, бірге Усов балықтың аулануы жайында қызықты цифрлар келтіреді: "1837 жылы қызыл балық 5114 пұт, ақ балық 8556,1840 жылы қызыл балық 1824, ақ балық - 3578,1868-1874 жылдар ішінде қызыл балық - 4619, ақ балық - 51949 пұт ауланды", - дейді. Бұл мысалдардан адамдардың балық аулауға деген қызығушылығы бірнеше ғасырға созылғанын көруге болады. Сөйтіп XX ғасырдың басында орыс помещиктерінің қоныстана бастауына әкелді. Солардың алғашқылары Трофим Бикулов. Ол 1910-1915 жылдары қоныстанған алғашқы балық алпауыты еді. Жергілікті халықты арзан күш есебінде пайдаланып, жылдан-жылға байыған үстіне байи түсті. Балықшылардың маңдай тері Бикуловтың қалтасына алтын ақша болып құйылып жатты.
Тополев-Мыс селосының алғашқы тұрғындарының бірі Бурцев Захар Александрович деген қарт естелігінде былай дейді: "1909 жыл еді. Семейден Тополев-Мысқа жұмысқа келдім. Бұл кезде ауыл бірнеше ғана үйден тұратын. Қазіргі механикаландырылған жұмыстың бәрі ол кезде қол күшімен атқарылды. Көл балыққа өте бай, балықтың неше алуан түрлері бар еді. Тұрғындар Егор Губанин, Григорий Федеров, Петр Матвеевтер еді." Бұл естеліктен 1909 жылдары ауыл бірнеше үйден ғана тұрғанын көруге болады. 1919 жылы профессор Лавровтың келген кезінде қысқа ғана бір көше ғана болса, сонда Тополөв-Мыс (Ескі Тұғыл) - Новостройка - Приозерный - Тұғыл қонысының іргесі 1904-1905 жылдары қаланған, яғни Тұғыл қонысының құрылғанына 2-3 жылдан кейін бір ғасыр болады деп айтуға негіз бар.
Зайсанбалықтың құрылу тарихына үңілсек, ол сонау 1934 жылы Балық тресі болып құрылғаннан басталады. Комбинаттың ең алғашқы орден иегері - Әбілғазы Найзабаев атамыз. Ол алғашқы балық алпауыты Трофим Бикуловтың жалшысы болып еңбек жолын бастаған. Ә. Найзабаевтың еңбегі совет жылдарында жоғары бағаланып, Тополев-Мыс еңбеккерлерінің арасында тұңғыш рет 1936 жылы "Құрмет белгісі" орденімен марапатталады. Сол сияқты 30 жылдары Қазақстан Орталық комитетінің әкімшілік бөлімінде қызмет атқарған Интин Хасен атамыз да Бикуловтың жалшысы болған.
1935 жылы Тополев-Мыс территориясында "Объединенный труд", "Молотов","Микоян"атындағы колхоздар құрылды.Молотов колхозының алғашқы төрағасы ТрайсЖамбаев, одан кейін Қабижан Базарбаев болды. Бұл колхоздар балық аулаумен және ауыл шаруашылығымен айналысты. Алғашқы балықшыларЖақып Нұрпейісов, Нұрсапа Іргебаев, Әбіқан Жанәсілов, 1931-38 жылдары Тополев-Мыс селолық кеңесінің төрағасы болып С. Темешов қызмет атқарды.
Ел шетіне жау тиіп, ер азамат Отан қорғауға аттанған қиын-қыстау кезеңде елде қалған кемпір-шал, бала-шаға Жеңісті жақындатуға өз күш-жігерлерін аямады. Олардың қажырлы еңбегін мына цифрлардан көруге болады. 1940 жылы 2736 тонна балық ауланса, 1943 жылы 4958 тонна балық ауланған. Ұлы Отан соғысы жылдары дәлірек айтсақ 1939-43 жылдары селолық кеңестің төрағасы Иван Иванович Казанцев атқарды. Ол 1920 жылы туған. Алғашқы комсомолдардың бірі, аудандық комсомол комитетінің мүшесі. Иван Иванович 1936-37 жылдары балық тресінің меңгерушісі (1942 жылы партия қатарына қабылданған), 1943 жылы аудандық қамсыздандыру бөлімінің бастығы, аудандық партия комитетінің екінші секретары қызметтерін атқарды. 1944 жылы Совет Армиясы қатарына шақырылып, № 24 гвардиялық полкпен Эльба өзеніндегі шайқастарға қатысып, 1945 жылы қазан айында елге оралды. Балық заводының, зат дайындау мекемелерінің директоры болды. Сондай-ақ Тұғыл қонысының та-рихында өзіндік із қалдырған, қоныстың құрылуына үлес қосқандардың қатарында Қауметов Әнуарбек, Кәрібаев Қамза, Денебаев Мұқан, Боқанаев Төлеухан, Рахметов Қимади, Степан Карпеев, Александр Савчуковтарды атауға болады.
1958 жылы Күршім ауданына қарасты Жол нұсқау, Жаңа-Тұрмыс, Мөнекей колхоздары XXI партсъезд атындағы колхоз болып біріктірілді. 1961 жылы ұсақ колхоздар Гословқа біріктірілді. Гословта бір машина, Қарасуатта 150 тұрғын үй, бастауыш мектеп болды. 1958-59 жылдары ескі Түғылды су алып кетті. 1959-60 жылдары Новостройка селосы құрылды. Алғашқы көшелердің қатарында Мир, Құрылысшылар көшелерін атауға болады. 1963 жылы қараша айында Қазақ ССР-і Жоғарғы Советінің Жарлығымен Тополев-Мыс селолық Советі Приозерный поселкелік советіне ауыстырылды. Поселкалық совет құрамында Приозерный поселкасы, Байтоғас ауылы, Тайжүзген, Сарбұлақ, Тополев-Мыс, Бәйбіше, Ақтүбек учаскелері кірді. Шығыс Қазақстан Зайсан өндірістік бірлестігінің қарауында Бұқтырма, Октябрь балық заводтары, Өскемен тоған шаруашылығы, Семей балық заводтары, машина-мелиорациялау станциялары болды.
Алғашқы балықшылардың қатарында Балтабай Белдемшинов, Әбілжан Құрманғалиев, Мұхамеджан Әкіжанов, Нұрғиза Қоқышевалар бар. Қыстың қақаған аязында, жаздың аптап ыстығында ерен еңбектің үлгісін көрсеткен еңбек озаттары, Еңбек Қызыл Ту, Құрмет белгісі ордендерінің иегері Тоқашев Қасым, Қазақстан тәуөлсіздігінің 10 жылдығы қүрметіне "Ерен еңбегі үшін" медалімен наградталған Қаракөзов Орал, ІІ-ІІІ дәрежелі Еңбек Даңқы орденінің иегері Қалышев Пашкен, сол сияқты озат балықшы, Еңбек Қызыл Ту орденді Чуленов Кабдрасул, озат балықшылар Чуленов Қайрат, Үдербаев Еркінбек, Нұғыманов Зарқұм, Тұрсынбаев Тоқан, Тоқтамыс, Карпеев Николай, Байменеев Құмар, Кеңесбаев Қабдыл сынды азаматтар уақытпен санаспай, ұйымшылдық танытып, үздік еңбек үлгілерін көрсетті.
Қоныста кезінде ірілі-ұсақты 44 мекеме, кәсіпорын мен ұйымдар болды. Олардың ішіндегі ірі мекемелердің бірі - 7 наурыз 1969 жылы ауыл шаруашылығы министрлігінің жарлығымен құрылған жылжымалы механикаландырылған колонна еді. ПМК-2408 мекемесінің құрылысшылары қоныстағы мәдени, өндірістік, шаруашылық мекемелерін салып, қоныстың көркеюіне үлес қосты.
1936 жылы Тополев-Мыс кемежайы (Пристань) құрылған. 1961 жылға дейін кемежай арқылы Қытай Халық Республикасына жүк тасылды. 1960 жылдардан бастап Бұқтырма су қоймасы салынып, су деңгейі көтерілгеннен кейін флот құрылды.
1961 жылы Тарбағатай жүк тасымалдау мекемесінің іргесі қаланды. Алғашқы директорлар: М.А. Харламов, С.А. Баранов, 1963-72 жылдары аралығында И.П. Кушнарев болды. 1963 жылы 173 машина болды. 638 мың тонна жүк тасылды. 1980 жылы жүк айналымы 11777,4 мың т/км болды. Ірі мекемелердің қатарында 1962 жылы құрылған мұнай базасын айтуға болады. Сонымен бірге, Загатзерно, Казсельхозтехника, ет комбинаты, екі орта мектеп, аурухана, наубайхана, рабкооп, т.б. мекемелер халыққа қызмет етті.
Қазіргі таңда соншама мекемелерден қалғаны "Зайсанбалық" АҚ, Ет комбинаты, екі орта мектеп, аурухана, тағы бірер ұсақ мекемелер. Квартал деп аталатын Мөлтек ауданның өзі бір қалашық тәріздес болатын. Қазір олардың орнын үйінділер басқан. Соның бәрін қазір айтып отырсақ ертегі сияқты. Бірақ болған, бәрі болған... оның бәрі Тұғыл тарихының бір парағы іспеттес. Қоныс тұрғындары Зайсан көлі, Нұр-Зайсан аман болса, қонысымыз әлі де көркейіп, қанат жаяды деп үміттенеді.