Бала қиялын дамыту жолдары

Тақырыбы: Бала қиялын дамыту жолдары

Педагог – психолог Буленханова Жанар Рахимбаевна

Шығыс Қазақстан облысы, Катон-Қарағай ауданы, Аршаты орта мектебі

Қиял    дегеніміз— сыртқы     дүние    заттары  мен  құбылыстарының субъективтік образдарын қайтадан жаңартып, өндеп, бейнелеуде көрінетін, тек  адамға ғана  тән психикалық процесс. Қиял процесінің  адам  әрекетінің қандай  саласында болмасын зор маңызы бар.

Қиялдың     алғашқы  көріністері  үш  жасар  бөбектерде  байқалады.  Мұны бөбектердің     қызық    ертектерді  шын  ықыласымен  тыңдауынан,  ертегідегі  оқиғаны шын көріп, бар ынтасымен  берілуінен көреміз. Бір қарағанға жас бала  қиялға өте бай сияқты болып көрінгенмен, ондағы образдар шындықтан өте алыс  жатады.Себебі  бала  санасында  кез-келген  нәрсенің  бейнесі  оңай  тоғысады  да, бұдан  керемет  қиял  көріністері  құралады.  Баланың  ӛмір  тәжірибесі  өсе  келе,  қиялы  да  шындыққа  біртабан  жақындап  отырады.  Мәселен,  бала  шимайлап  қағазға  бір  нәрсенің  суретін  салады,  оны  шындықта  бар  нәрсеге  ұқсайды  деп ойлайды (тіпті ол ұқсамайтын болса да).

Мектеп  - бала қиялын дамытуда үлкен рөл атқарады. Мұндағы оқылатын  сабақтардың   мәніне  түсіну  қиялсыз мүмкін емес. Мәселен,     табиғатты  суреттейтін,  немесе  қандай  да  болсын  оқиғаны         баяндайтын  бір  материалды  түсіндіргенде мұғалім арнаулы тәсілдер арқылы оқушылардың қиялын оятады.

Қиял  арқылы  бала ондағы жанды  бейнелерді көз алдына   елестеткендей, қолымен  ұстағандай,  құлағымен  «еститіндей»  күйге  түседі.  Көркем  әдебиет шығармаларын  талдағанда,  тарих  сабақтарындағы  әңгімелерде,  оқушылардың түрлі  ойындарында   қиял  процесі   әр   қырынан  көрініп  отырады.  Бастауыш  сынып  оқушыларында  алғашқы  кезде  қиялдың  дамуы  айтарлықтай  болмайды.

Мектептептегі баланың  негізгі  әрекеті  болып  табылатын  ойын  - бала қиялын дамытуда ерекше орын алады. Ойын үстінде оның творчестволық талабына  кең    жол  ашылады.  Бала  ылғи  да  бір  нәрсені  жасау,  қүрастыруға  әрекет   жасайды.  Ойын  баланың ойлау  белсенділігін,  күш-қуатын  барынша жұмсауға мүмкіндік туғызады. Ойын үстінде бала айналадағы шындықты сын  көзімен  қарап  аңғара  алмайды  да,  қиял  бейнелерінің  жетегінде  кетеді.  Бала  психикасының осы жағы да қиял тәрбиесінде есте болатын жай.

А.С.Макаренконың айтуынша, ойында баланың физикалық, психологиялық қасиеттерінің сапалары да өзгеріп отырады. Ойын баланың сабаққа ынтасын аудартуға, көңіл қойғызуға, сондай-ақ қабылдауын жеңілдетуге, білімді толық игеруге көмектеседі.

М.Мухина өз еңбегінде: «Ойын үстінде бала айналадағы шындықты сын көзімен қарап, аңғара алмайды да, қиял бейнелерінің жетігінде кетеді. Бала психикасының осы жағы да қиял тәрбиесінде есте болатын жай» - деген болатын.

Баланың қиялы ересектерге қарағанда әлсіз. Л. С. Выготскийдің тұжырымына сүйенсек, «Бала қиялының дамуы біртіндеп, шамасына қарай қабылдауынан басталады. Қиялда болатын барлық образдар, қаншама таңғажайып болып көрінгенмен де, баланың өмірден көрген-білгенінен негізделеді. Кейде бала өмірде кездескен кейбір жағдайларды өзіндік қабылдаумен түсіндіргенде, бізге үлкендерге күтпеген таңқаларлықтай болып естіледі».

Балалар өз көңіл-күйлеріне сәйкес келетін суретті тауып атайды (көңілді – көңілсіз, ренжулі, қорқынышты, ...т.с.с.). Сол кездегі өздерінің көңіл-күйлерін баяндайды. Басқа суреттегі көңіл-күйге сәйкес болған жайды әңгімелеп береді.

Жүргізуші отырған балаларға ертегі кейіпкерлерін атайды, суреттерін көрсетеді. Мысалы: кемпір, шал, түлкі, арыстан, тышқан т.б. Аталған кейіпкерлерді біріктіре отырып жаңа ертегі мазмұнын құрастырып айтуды ұсынады. Балалар ертегі құрастырады. Ең қызықты ертегі ойлап тапқан бала жүргізуші болып ойын жалғастырады.

Баланың қиялын дамытуға арнайы бірнеше дөңгелектер беріледі, олардан балалар жануарлардың бейнесін жасау ұсынылады. Мысалы: құлақтары үшбұрыш, көзін қиғаш сызықтармен, тұмсығы мен мұртын сызып мысықтың бейнесін салады. Аю, құлақтарын жартылай дөңгелек, көздерін екі дөңгелек, тұмсығы мен аузын салу арқылы аюдың басын салады, оның сыртқы бөлігінен ирек сызықтарды айналдыра жүргізу арқылы арыстанның басының суретін салып, бала өз қиялы бойынша суретті толықтырады.

Мұғалім ойланып, балалардың назарын тақтаға аударады да өзі бірнеше сызықтарды бормен сызып қояды. (Толқын, сынық сызық, ирек т.б.) Менің қиялым бойынша осы сызықтардан алуан түрлі заттар жасауға болады. Қане, кім менің қиялымды жалғастырып өз ойларын толық сурет салып береді екен деп өз алдарындағы парақ қағазға сызықты сызып суретке айналдырып, не салғаны жайында әңгімелеп беруді өтінеді. Балалар жұмысын бірге талдайды.

Қорытындылай айтқанда, қиял – баланың ақыл ойын дамытатын өте күрделі құбылыс болып табылады. Ол жас баланың рухани ізденісіне байланысты дамып отырады. Қиялдау арқылы оқушы баланың білім қоры толығып, нақты бейнелер, тұрақты елестер арқылы ұлы арманға ұмтылады. Қиялды баланың ойынан да, оқу үдерісінен де, еңбек әрекетінен де тауып алуға болады. Сондықтан қиял-бала бойындағы аса бағалы қасиет болып табылады.

Қолданылған әдебиеттер тізімі

1.Балалар психологиясы: оқулық / Ж.Қ.Дүйсенова, Қ.Н.Нығметова / - 2012.

2.Жарықбаев Қ. Жүсіпбек Аймауытұлының психологиялық көзқарастары. -  Алматы, 2000.

3. Люблинская А.А. Мұғалімге бастауыш мектеп оқушысының психологиясы    жөнінде. А.,1981 ж.

4.Психология детей младшего школьного возраста: учебник и практикум для бакалавров / [Айгумова З.И., Васильева Н.Н., Вачков И.В. и др.]; под общ. ред. А.С.Обухова / - 2014

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Администрация сайта не несет ответственности за содержание статьи.

  Из копилки читателя - Из копилки читателя


Яндекс.Метрика