Туған жердің жер - су аттарын білейік
Тақырыбы: Туған жердің жер - су аттарын білейік.
Калиева Меруерт Төлеуханқызы
Шығыс Қазақстан облысы. Күршім ауданы. Теректібұлақ орта мектебі
Тарих қойнауына кеткен туған жердің бай тарихын білуге құмарту, қызығу әр ұрпақтың келелі ісі екені баршаға аян. Сондықтан, жас ұрпақты күнделікті сабақта елді мекендеріміздің тарихи атауларының сырына үңіле білуге терең мән беріп, мағынасын ашып отыру , әр сабақты тарихпен байланыстыра өткізу әр ұстаздың міндеті болып табылады.
Бүгін де топырағын басып, ауасын жұтып отырған Қаратал өзені бойының жер – су атауларының сырына терең үңіліп көруді жөн көрдік. Әрине, туып-өскен жерінің табиғатын аялау, тарихын білу - әрбір туған жерін құрметтей алар ұл-қыздың борышы екені мәлім.
Теректібұлақ өңірі - құпиясын қойнына тыққан небір тарихи атауларға бай өлке. Оның жер-су атаулары атақты Барақ батыр бабамыздың өмірімен, ұрпақтарының есімдерімен тікелей байланысты екенін білу - кім кімге де қызық.
Сондықтан, тарих қазынасын қойнына тыққан, Теректібұлақ өңірінің жер-су атаулары туралы деректерді оқып, біле жүрейік.
1. Қызыл тас. Теректібұлақ ауылынан 9 км өзен бойымен төменірек орналасқан шоқы.Тастары қызғылт болған. Алғаш Барақ батыр бастап, қалмақтарды атаның бір балалары Бөде аталар мекені болды.1929 жылы Қызылтас колхозы болды, 1952 жылы колхоздар бірігіп, бұл жер мал қыстайтын мекен болып қалды.
2. Ханым бейіті. Осы Қызылтас шоқысы дәл іргесінде тұр. Қалмақты қуып ауырып, Абылай ханның жорықта бірге жүрген әйелі қайтыс болады да, хан осы шоқы бауырына жерлеуді бұйырады. Биіктігін осы шоқымен бірдей болуын талап етеді. Солай болды ма белгісіз, қазіргі бейіттің биіктігі атты кісі бойындай, көлемі 6-8м болады, қыл салып, майда топырақтан құйылған кірпіштен жиналған.
3. Қызылтастағы Белгі тас. 1910 жалдары болыс сайлауы болып, болыста жақтастардан 20-30 жігіт маңайдағы ұзын тастардан төрт метрдей төрт қырлы тасты ормаға әкеліп, жартысын жерге кіргізіп бекітеді. «Болыстың ат байлайтын тасы,»- деп атайды. Белгі тас әлі бар.
4. Болыстың конторы орны. Сеңгірбай жотасында Қызылтаста сегіз бөлмелі үй әлі бар. Ол - болыс конторының орны. 1870 жылы Барақтың ұлы Бостан ұрпағының баласы Шегірдің ұлы Алтыбай алғаш рет Өтейге болыс болады. Осы араға сегіз бөлмелі қарағай үй – контор салдырады. 1934 жылдары үйді Күршімге көшіріп әкеткен.
5. Уәлжан. Күршім өзені бойындағы жер аты. Барақ батырдың кенже ұлы Кәдірден тараған Уәлжан бай, би болған адам. Елу үйдің старшыны да болған. Уәлжан отырған мекен қазірге дейін өз атымен аталуда.
6. Кенжебай. Күршім өзені бойындағы жер атауы.Ол- Барақ батырдың ортаншы ұлы Достан тараған Балағыз атты ұлының ұрпағы, бай болған адам. 1929жылы бай деп айдалып кеткен. Мекен әлі Кенжебай атымен аталады.
7. Бостан. Күршім өзені бойындағы жер аты.Барақ батырдың үлкен ұлы Бостанның ұрпақтарының мекені еді. Ескі атауы сақталған.
8. Молдабай. Қаратал өзені бойындағы төменірек орналасқан жер атауы. Молдабай деген адам қайтыс болған жер.
9. Сырлыбай өткелі. Қаратал өзенінің төменгі жағындағы өткел аты. Барақ батырдың үлкен ұлы Бостаннан тараған ұрпақ Сырлыбай бай отырған мекен- өткел.
10. Хасен. Қаратал өзенінің орта тұсында Құралда атты шағын судың бойындағы мекен атауы. Барақ Батырдың інісі Басардан тараған Оспан байдың бір ұлы Хасен отырған жер. Ескі атауы сақталған.
11. Медресе. Қаратал өзенінің орта тұсындағы мекен. Барақ батырдың інісі Басардан тараған Сүйген қажы деген бай, оқыған молда, мешіт салған, үйінің жанынан бала оқытатын медресе ашқан. Ескі атауы сақталған.
12. Қопа. Қаратал өзенінің орта тұсының күнбатыс солтүстік бетіндегі жер. Жан жағы қалың тал, ортасы ашық орма.Дос атаның Балағаз, Бектес атты балаларының ормалығы.
13. Ұлыбай. Жер аты, шоқы. Барақ батырдың Бостан атты үлкен ұлының ұрпағы осы жерді мекендеген. Ескі атауы сақталған.
14. Бостан бейіті. Барақ батырдың үлкен ұлы Бостанның ұрпақтарының 1930 жылға дейін Ұлыбайда жерленген зираты. Ескі атауы сақталған.
Администрация сайта не несет ответственности ха содержание статьи.