ҚАЗАҚ ТІЛІН ОҚЫТУДАҒЫ ҚАТЫСЫМДЫҚ ӘДІСТІҢ ТИІМДІЛІГІ

Автор: Токтагазина Бакыт Актайлаковна, учитель казахского языка, КГУ «Средняя школа № 17 имени М. Ауэзова» акимата города Усть-Каменогорска

ҚАЗАҚ ТІЛІН ОҚЫТУДАҒЫ ҚАТЫСЫМДЫҚ ӘДІСТІҢ ТИІМДІЛІГІ

Коммуникация термині (латын тілінен аударғанда Communicatio - байланыс, қатынас) – араласу, ойлармен, идеялармен, деректермен бөлісу т.б. деген мағынаны береді. Коммуникативтік - танымдық қызмет, тілдің көмегімен жүзеге асырылады, еңбек ету мен танымдық процесс барысында адамдар арасында болатын қатынастардың ерекше түрі.

Тіл үйретудегі қатысымдық (коммуникативтік) бағытты ұстанған әдіскерлер Е.И.Пассов, А.А.Леонтьев, В.Г.Костомаров, А.Н.Щукин, М.Н.Вятютнев, Г.А.Китайгородская, Г.В.Рогова, И.Зимняя, В.А.Скалкин, Б.А.Лапидус, Н.И.Гез, Э.П.Шубин, И.Л.Бим т.б. бұл әдістің ғылыми-теориялық және әдістемелік тұрғыдан ең тиімді екендігін дәлелдеп отыр.

Бұған қатысты Е.И.Пассов: “Оқу материалын коммуникативтік бағытта ұйымдастыру мәселесі әзірге теориялық тұрғыда және оның айтылым әрекетін үйретуге қатысты проблемалары ғана қарастырылған. Ал сөйлеу әрекетінің барлық түріне қатысты коммуникативтік әдістің барлық деңгейлерде жүзеге асырылуы әлі шешімін таппаған”, - деп, аталмыш мәселенің өзектілігін баса көрсетеді [1].

Коммуникативтікке бағытталған ұстаным - тіл үйренушінің ауызша және жазбаша түрде қарым-қатынас жасай алуы үшін қажетті коммуникативтік мүмкіндіктерін тудыруға бағытталған оқыту. Қатысымдық бағыттағы ұстаным оқу жұмысының алдына қойған мақсаттарын айқындауға септігін тигізеді.

И.Л.Бимнің пайымдауынша: “Шет тілдерді оқытудың коммуникативтік әдісі іс жүзінде тіл үйретудің жалпы коммуникативтік бағдары соңғы нәтижеге, яғни, шет тілді қатынас құралы, халықтар арасындағы өзара түсіністік орнату құралы ретінде пайдалана алуға дайын, жан-жақты дамыған, білімді тұлға қалыптастыруға бағытталуы керек” [2].  Сол себепті қатысымдық бағытта оқыту тіл үйренуші жеке тұлғаның әртүрлі сөйлеу жағдаяттарында қарым-қатынасқа түсуін, яғни қатысымдық құзыреттілікке ие болуын мақсат етеді. Осы мақсатқа сәйкес сөйлеу әрекетінің барлық түрі өзара байланыста қарастырыла келіп, үйренушінің тілді сапалы меңгеруіне бағытталады.

Қазақ тілін өзге ұлт аудиториясында оқытудағы қатысымдық әдістің алғаш ғылыми негіздемесін жасаған профессор Ф.Ш.Оразбаева оқылым, тыңдалым, жазылым, айтылым, тілдесім процестерінің сөйлеу және ойлау механизмдеріне байланысты аспектілерінің әдістемелік жүйесін қалады. Ғалым: «Қатысымдық әдіс дегеніміз – оқушы мен оқытушының тікелей қарым-қатынасы арқылы жүзеге асатын; белгілі бір тілде сөйлеу мәнерін қалыптастыратын, тілдік қатынас пен әдістемелік категорияларына тән басты белгілер мен қағидалардың жүйесінен тұратын; тіл үйретудің тиімді жолдарын тоғыстыра келіп, тілді қарым-қатынас құралы ретінде іс жүзіне асыратын әдістің түрі», - деген анықтама береді [3].

Қатысымдық  бағыт әуел баста тілді жеделдете оқытудың негізгі әдісі ретінде қалыптасты. Ол дайын сөйлемдерді жаттатқызу, тілдік материалды саналы түрде меңгермей, көбінесе ойланбастан қайталауға негізделгенмен, бірте-бірте оқыту мазмұны, әдіс-тәсілдері өзгеріп, толығып отырды.

Қатысымдық әдістің сипаты:

1. Тіл үйренуші клиент ретінде, ал оқытушы кеңесші ретінде ұйымдастырылады;

2. Ана тілі мүлдем қолданылмайды;

3. Грамматика мен лексикалық минимум индуктивті түрде беріледі;

4. Тіл үйренушілер мәтінді таспаға жазып, қайта тыңдап, негізгі таспамен салыстыра отырып, айтылым дағдысын қалыптастырады;

5. Белсенді өзара әрекет жаттығулары қолданылады.

Жүргізу тәсілдері:

1. Таспада жазылған мәтінмен коммуникацияға түсу;

2. Тәжірибені қайта жаңғырту;

3. Тіл үйренушінің дыбыстауын таспаға жазып, қайта тыңдау;

4. Оқытушы-компьютер өзара байланысы;

5. Топтық, жұптық жағдаяттық тапсырмалар.

Қатысымдық бағыттағы оқу үдерісіне басты қатысушылар – оқытушы мен тіл үйренуші. Оқытушы - тіл үйренушінің әрекетін бақылаушы, түсіндіруші, ақыл-кеңес беруші, реттеуші, ал тіл үйренуші – қарым-қатынасқа түсуге бар қарқынымен ұмтылушы, ізденуші, белсенді әрекет иесі. Олардың арасындағы субъект-субъектілік қатынастар ынтымақтастыққа және тең құқықты сөйлеу серіктестігіне негізделеді.

Тіл үйренушінің іскерлік, белсенділік, өзіндік шығармашылығының негізгі факторы – оның мықты оқу уәждемесі, өзіндік терең пайымдауы мен дәлелі. Оқытушы ұйымдастыратын сөйлеу әрекетінің түрлері тіл үйренушінің қатысымдық қажеттілігіне қарай уәждеме туғызуға бағытталуы тиіс. Қатысым уәждемесінің қалыптасу жолдары:

1. Үйренетін тілде телебеғдарламалар көру, радиобағдарламалар тыңдау, оларды талдау;

2. Көркем әдебиет оқу, оқығаны туралы әңгімелесу;

3. Сол тілдің атақты өкілдерімен кездесу, әңгімелесу;

4. Сол тілде ғана сөйлеуге арналған жазғы лагерлер ұйымдастыру;

5. Оқу үдерісін жеделдету;

6. Жүйелі бақылау және проблемалармен жұмыс жүргізу;

7. Интерактивті оқыту әдістерін қолдану;

8. Оқу үдерісіне ақпараттық-коммуникациялық технологияларды енгізу.

Е.И.Пассов қарым-қатынас жасауға қатысымдық жолмен оқытудың бес ұстанымын ұсынады: «1.Сөйлеу-ойлау белсенділігі ұстанымы; Жекешелендіру ұстанымы; 3.Функционалдық ұстанымы; 4.Жағдаят ұстанымы; 5.Жаңашылдық ұстанымы» [4].

Ф.Оразбаева орыс аудиториясында қазақ тілін қатысымдық тұрғыдан оқытуда сүйенетін ұстанымдарға тұтастық (комплекстік); сөйлесімге қатысты басты ережелерді меңгеру; грамматикалық заңдылықтарды есте сақтауға, жазуға үйрету; сөйлесімнің түрлерін меңгеру; ынталандыру; тақырыпты игеру; сөйлеуге қатысты ішкі күшті пайдалану; орта мен жағдайды ескеруді жатқызады [3].

Ғалымдардың зерттеулеріне сүйене отырып, біз қазақ тілін өзге ұлт өкілдеріне үйретуде қолданылатын қатысымдық бағыттың төмендегі ұстанымдарын айқындаймыз:

1. Тілді қарым-қатынас арқылы оқыту ұстанымы. Бұл сөйлеуге бағыттап оқытудың тәжірибелік бағдарын айқындайды. Сабақта тіл жайында айтпау керек, сол тілдің өзін қолданысқа түсіру қажет. Яғни, алдымен грамматиканы оқытып, содан сөйлеуге көшу ең үлкен адасушылықтың белгісі. Ал біздің қазіргі дәстүрлі білім беру саласында осы қателік жіберілуде. Шет тілде сөйлеуге тек қана сөйлеу арқылы, тыңдауға тыңдай отырып, оқуға оқи отырып үйренуге болады.

Бәрінен бұрын жаттығулар шынайы қарым-қатынас тудыруға бағытталуы тиіс. Нағыз қарым-қатынас сипаттау, мазмұндау, бір жақты монолог түріндегі айтылымда емес, топ мүшелері түгелдей қатысқан интерактивті полилогқа құрылған тілдесім кезінде жүзеге асады.

2. Функционалдық (қолданбалылық) ұстанымы. Сөйлеу әрекетінің лексикалық, грамматикалық, фонетикалық жағы болады. Бұл үшеуі сөйлеу үдерісінде өзара тығыз байланысты. Бұдан шығатын қорытынды - сөзді өзінің қолданылу формасынан бөлек игеруге болмайды. Функционалдық ұстанымына сәйкес сөздер де, сол тәрізді грамматикалық формалар да сөйлеу әрекеті үстінде меңгеріледі. Дәстүрлі аударма-грамматикалық әдісте лингвистикалық негіз бірінші кезекке шығып, тіл үйрету тілді жүйелі және құрылымдық негізіне сүйене отырып оқыту арқылы жүзеге асырылатын болса, қатысымдық бағытта оқыту тіл бірліктері функционалды негізде белгілі бір сөйлеу мақсатында қолданылуына қарай іріктеледі.

Шет тілдің лексикасын функционалдық тұрғыдан оқыту мәселесін арнайы зерттеген В.С.Коростелев: “Функционалдық – ауызша және жазбаша коммуникация процесінде не қызмет етсе, соны және қалай қызмет етсе солай меңгеру деген сөз”, - дей келіп: “Шет тілде қарым-қатынас жасауға үйретудің коммуникативтік әдісінде функционалдық принцип жетекші рөл атқарады ”, - деп көрсетеді [5].

3. Жағдаяттық немесе барынша уәждемелі оқу жағдаятында оқу үдерісін рөлдік түрде ұйымдастыру ұстанымы.

Кез-келген жастағы тіл үйренуші қызығатын жағдаяттар мен қарым-қатынас проблемалары негізінде материалды сұрыптау және ұйымдастыру принципті маңызды нәрсе болып табылады. Жағдаят негізінде оқыту қажеттілігін көптеген әдіскерлер мойындайды, алайда оны әркім әр түрлі түсінеді.

Тілді меңгеру үшін, тілді оқып-үйрену емес, оның көмегімен қоршаған ортаны оқып үйрену керек, оны қолдана білуге дағдылана білу керек. Тіл үйренушілердің осы тілде сөйлеуге деген ынтасы шынайы немесе сөйлеушілерді түгел қамтитын жасанды жағдаяттарда пайда болады. Сондықтан сабақ үстінде тіл үйренушіге қатысы жоқ, олар өмірде қолданбайтын ақпараттардан гөрі олардың әрқайсысының жеке өмірі және қызметімен тығыз байланысты мәселелерді талқылау керек.

4. Жаңашылдық ұстанымы. Ол бәрінен бұрын сабақтың әр түрлі құрылымында көрініс табатын сөйлеу жағдаятының жаңашылдығы (қарым-қатынас пәнінің,  талқыланатын мәселенің, сөйлесетін серіктестің, қарым-қатынас шарттары және т.б алмасып отыруы). Бұл қолданатын материалдың жаңашылдығы (ұсынылатын ақпараттың көлемі мен мазмұны), сабақты ұйымдастырудың жаңашылдығы (интерактивті оқыту әдістері) және ақпараттық-коммуникациялық құралдар арқылы ұсынылатын көрнекіліктердің әр түрлілігі. Қатысымдық бағытта оқытудың жаңашылдығы ұстанымы оқытудың бар мазмұны мен құрылымы лингвистикалық, дидактикалық, ғылыми-әдіснамалық, практикалық жаңалықтарға әрдайым назар салып, дер кезінде оқу үдерісіне тиімді қосып отыруды басшылыққа алады.

5. Қарым-қатынастың жеке тұлғаға бағытталуы ұстанымы. Тұлғасыз сөйлеу жүзеге аспайды, сөйлеу әрқашан жеке тұлғалық болады. Кез келген адам басқа адамдардан өзінің табиғи қасиеттерімен ерекшелінеді (өмірлік тәжірбиесі, құндылық бағдары, эмоциясы, қызығушылығы т.б.). Қатысымдық оқыту тіл үйренушінің осындай жеке бас сипаттамаларын ескеруді ұсынады, өйткені тек қана осындай жолмен қарым-қатынас жағдайы жасалынуы мүмкін. Дәстүрлі оқытудың ұстанымдарынан алшақтап, әр жеке тұлғаның ерекшеліктерін ескере отырып, қатысымдық негізде жүргізілген дәріс нәтижелі болмақ.

Орыс тілін шетелдіктерге жеделдетіп оқытудың негізін қалаушылардың бірі Г.А.Китайгородская тіл үйренушілердің барлық мүмкіндіктерін пайдалануына жағдай жасау,  тұлға мен ұжымның мүмкіндіктерін активтендіру арқылы оларды тілдік қарым-қатынасқа неғұрлым тез түсіруге болады деп есептейді. Ғалымның айтуынша: «Тұлғалық қарым-қатынастың үйретуші қарым-қатынастан басты айырмашылығы – онда тіл үйренушінің өміріне, қызметіне қатысты оқудан басқа да тұлғалық маңызды ақпараттар алмасу жүргізіледі» [6].

6. Ұжымдық өзара әрекет ұстанымы – оқу үдерісін осындай жолмен құрған кезде тіл үйренушілер бір-бірімен белсенді қарым-қатынас жасайды, топ ішінде әркім өзін-өзі көрсетуге тырысады және әркімнің жеке жетістіктеріне басқалардың жетістіктері тікелей әсер етеді.

Жеделдете оқытуда қатысым әрекетінің барлық түрлері (оқылым, жазылым, тыңдалым, айтылым, тілдесім) параллель түрде кезектесіп жүріп отырады. Тілдесім - қатысым әрекетінің ең жоғары шарықтау шегі. «Тілдесім – адамдардың қоғамдық-әлеуметтік өмірде бір-бірімен тіл арқылы қарым-қатынасқа түсіп, өзара пікірлесуінің нәтижесінде бірінің ойын бірі ауызша да, жазбаша да түсінуі және оған жауап қайтаруы» [7]. Тіл үйренуші қатысым әрекетінің тыңдалым, жазылым, оқылым, айтылым түрлерін толық меңгерген кезде ғана өз дәрежесіндегі тілдесімге қол жеткізе алады.

Оқу әрекетінің маңызды құрылымдық элементтерінің бірі – қатысымдық тапсырмалар тіл үйренушілердің орындайтын дәстүрлі тілдік, грамматикалық тапсырмаларындай емес, қатысымдық дағдыларды қалыптастыруға бағытталып, сөйлеу әрекетінің барлық түрін дамытуға негізделе жүргізіледі. Құбылыс немесе объекті, үдеріс туралы ақпараттың бір бөлігінің толық, екінші бөлігінің белгісіз болып берілуі жолымен жасалған қатысымдық тапсырмалар тіл үйренушінің өз бетімен ізденуі, қатысым әрекетіне түсуі нәтижесінде оқытудың тұлға аралық белсенді сипат алуын көздейді.

Оқытудағы белсенділік – тіл үйренушінің әрекеттік қалпы ғана емес, ол тұлғаның әрекеттік сапасы. Жеделдете оқыту әрекетінің маңызды құрылымдық элементтерінің бірі – қатысымдық тапсырмалар - тіл үйренушілердің орындайтын әдеттегідей тапсырмалары ғана емес, оларды орындаудың жалпы әдіс-тәсілдерін, амалдарын игерудің дағдылары. Профессор Ф.Ш.Оразбаеваның қатысымдық теорияның қазақ тілін үйретудегі маңызды орны туралы айтқан пікірлерін басшылыққа ала отырып, тіл үйренушілерге ұсынылатын тапсырмалардың қатысымдық сипатының басым болуын  айырықша ұстанамыз.

Қазақ тілін жеделдете үйрету тілдік тұлғаның қатысымдық құзыреттілігін дамытуды, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін жоғары көтеріп, оның қолданылу аясын кеңейтуді, қарым-қатынас деңгейін көтеруді көздейді. Жеделдету жолымен тіл үйретуде ең тиімдісі - қатысымдық бағдармен оқыту екендігі бүгінгі күні дәлелденді, ендігі кезекте оқытушылардың алдына қойылатын міндет – осы бағыттағы әдістемелік шеберліктерін шыңдап, нақты нәтижелерге қол жеткізу.

 

 

 

 

Әдебиеттер:

1.Пассов Е.И. Коммуникативный метод обучения иноязычному говорению. – М., 1985.

2. Бим И.Л. Теория и практика обучения немецкому языку в средней школе. – М., 1988.

3. Оразбаева Ф. Тілдік қатынас: теориясы және әдістемесі.-Алматы, 2000.

4. Пассов Е.И. Основы коммуникативной методики обучения иноязычному общению. – М., 1989.

5. Коростелев В.С. Основы функционального обучения иноязычной лексике. – Воронеж, 1990.

6. Китайгородская Г.А. Мосты доверия. Интенсивный курс русского языка. - Книга для преподавателя. - Москва, 1993.

7. Оразбаева Ф. Тілдік қатынас. – Алматы, 2005.

 

 

 

 

 

 

«ҚАЗАҚ ТІЛІН ЖЕДЕЛДЕТЕ ОҚЫТУДАҒЫ ҚАТЫСЫМДЫҚ ӘДІСТІҢ ТИІМДІЛІГІ»

 

Қазақ тілінде сөйлеу әрекетін дамытуда қатысымдық бағытта оқыту өте тиімді болып табылады. Мақалада аталмыш бағытқа ғылыми-әдістемелік тұрғыдан талдау жасалады.

 

«ОБ ЭФФЕКТИВНОСТИ КОММУНИКАТИВНОГО МЕТОДА ИНТЕНСИВНОГО ОБУЧЕНИЯ КАЗАХСКОМУ ЯЗЫКУ»

 

Коммуникативное направление обучения является самым эффективным  в развитии речевой деятельности на казахском языке. В статье дается научно-методический анализ данному направлению,

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Администрация сайта не несет ответственности за содержание статьи.

 

  Из копилки читателя - Из копилки читателя


Яндекс.Метрика