Аймақтық компоненттерді география сабағында пайдалану
Аймақтық компоненттерді география сабағында пайдалану
Автор: Қалиева Меруерт Төлеуханқызы, Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Теректібұлақ орта мектебі
Қай қоғамда болмасын адамзат баласының басты міндеттерінің бірі – ақылды, еңбексүйгіш тұлға тәрбиелеу.
Жер бетіндегі барша халық ұрпағының адал, ержүрек, қайырымды, ар-ұяты мол елжанды азамат болғанын қалайды.
Аталмыш мақсатқа жетуде халық ғасырлар бойы жасап, әріден келе жатқан әдет-ғұрпына, салт – дәстүріне арқа сүйейді.
Қазақстанның қарыштап алға басуы, егеменді еліміздегі дүбірлі өзгерістер, қайта жаңғырулар білім беру жүйесіне де айтулы реформалар мен мақсаттар әкелді. Білім беруді жеке тұлғаға қарай бағыттау, оқушы өзі туып – өскен аймағын треңірек білуі негізгі субьект болмақ. «Тәуелсіз ел тірегі – білімді ұрпақ» - деген Елбасымыз Н. Ә. Назарбаевтың ұлағатты сөзі бекер айтылмаған.
«Бұлақ көрсең, көзін аш» - деген бабаларымыз. «Білім біліктілікке жеткізер баспалдақ, ал біліктілік сол білімді іске асыра білу дағдысы,»-деп А. Байтұрсынов айтқандай, біз оқушының жеке тұлғасына баса назар аударып, оқушының мектеп қабырғасында алған білімі оған қызмет жасайтындай дәрежеге жеткізуге ұмтылуымыз керек. Ұлы қаламгер Мұхтар Шаханов: «Қазақ даласының әр белесі, әр төбесі – ертегі. Топырағын басып қалсақ, бір ертегі шертеді,»- деген екен. Осы орайда жергілікті компоненттерді оқу – тәрбие үрдісінде пайдалану оқушылардың танымдық қызығушылығын арттырып, тылсым табиғаттың сырын сезіне білуге итермелейді.
Ғылыми зерттеулер бойынша аймақ дегеніміз:
1. Әлеуметтік – экономикалық саяси құрылысы жағынан бір – біріне жақын елді мекен.
2. Әлеуметтік – экономикалық тарихи, мәдени ерекшеліктерімен бір- біріне ұқсас елді мекен.
Ал аймақтық білім беру дегеніміз сол аймақтық білім беру жүйесінің мәдени – ұлттық, тарихи және экономикалық сипатын анықтау болып табылады. Ғылыми зерттеулер бойынша аймақтық білім беру – білім деңгейін жан – жақты, өте терең көлемді түрде түсіндіру және зерттеу.
Ғылыми зерттеулер бойынша аймақтық білім берудің екі жағдайын қарастыруға болады:
• Аймақтық білім беру аймақтық ерекшелікке( сол аймақтың этнографиясына, тарихына, мәдениетіне) және білім беруді ұйымдастырудың үрдістері – тәрбиеге, білім беруге, дағдыны қалыптастыруға байланысты;
• Аймақтық әлеуметтік – экономикалық жағдайы мен оның дамуы. Аймақтық білім беру – сол аймақтың білім деңгейін жан-жақты, өте терең, көлемді түрде түсіндіру және зерттеу болып табылады.
Осы бақылау,зерттеу жұмысының негізгі мақсаты – ауыл мектебінің оқушыларына жергілікті компоненттерді пайдалана отырып, білім мен тәрбие беру. Жалпы білім беретін орта мектептерде өлкетану материалдарын қолданудың маңыздылығын көптеген педагог-ғалымдар бұрынғы кездерде атап көрсеткен болатын. Олар: К.Д.Ушинский, И.И.Полянский, Қазақстан Республикасы ғалымдарының арасынан К.А.Аймағамбетова, Ә. Бірмағамбетова, К.Жүнісова, И. Нұғыманова.
Жалпы білім беретін орта мектептердің жоғары сыныптарда жүргізілетін география пәндерінде биосфера компоненттерін оқытуда(жер, су, өсімдік әлемі, жануарлар дүниесі) өлкетану материалдарын пайдалану пәнді меңгеруді жетілдіре түсетінін байқатады.
Өлкетану материалдарын пайдаланған оқушылардың ақыл – ойының және эстетикалық, адамгершілік, еңбек тәрбиесінің маңызы арта түсетіні белгілі болады. Оқушыларды айналаны қоршаған сыртқы табиғи ортаны бақылауға онда болып жатқан қарапайым құбылыстарды, өзгерістерді байқап, оларға ұқыпты қарауға үйретеді.
Өздерінің туған жерлеріне ғылыми – зерттеу жұмыстарын жүргізіп бақылау жасауда, жас жеткіншектер нақтылы білім мен тәрбие ғана алып қана қоймай, олар биосфераның пайда болғанын, дамығанын және қазіргі кездегі жағдайын біледі. Жергілікті компоненттерді пайдаланғанда мына төмендегі міндеттерді шешуге мүмкіншілік тудыратынына көзіміз жетеді.
• Оқушылардың бақылаушылық қасиеттерін дамытуға мүмкіншілік алады.
• Адамгершілік, дүниетанымдық, ұқыптылық, қарапайым қызықты процестерді түсінуге үйретеді.
• Қоршаған сыртқы табиғи ортаны аялай білуге және еңбек етуге тәрбиелеп, баулиды.
8-сыныпта Қазақстанның физикалық географиясы сабағындағы «Қазақстанның өзендері» тақырыбын өткенде аймақтық компонент бойынша «Біздің өлкеміздегі өзендер» деп аталатын экскурсиялық жорықтың жалпы үлгі-жобасын жасадым.
Саяхаттың мақсаты:
• Оқушыларды өлкеміздегі өзендермен таныстырып, оның жағасындағы өсімдік әлемі, тастар мен топырақ құрамы жайлы толығырақ мағлұмат алу.
• Оқушылардың зерттеушілік қабілетін дамыту, экологиялық мәселелерді өз бетінше шешуге дағдыландыру және практикалық іс қабілетін шыңдау.Саяхатты өткізу үшін мен межелеген жермен алдын ала танысып,тұратын орынды белгілеп, топтар үшін сарамандық жұмыстың жоспарын құрдым.Алдын ала оқушыларға Теректібұлақ ауылындағы Күршім, Қаратал, Теректі өзендерінің топонимикалық тарихы туралы мағлұмат жинап келу тапсырылады.
Оқушылар жинаған материалдардан:
«Колхоздастыру кезінде жан-жақта орналасқан Қызылтас, Батпақбұлақ, Көкжота, Бестерек колхоздарын бір фермаға біріктіріп, барлығының ортасында орналасқан мекенге көшірді. Бұл мекен жағасына қалың терек өскен өзен бойында еді. Сол өзеннің сипатына қарап жергілікті халық өзенді Теректі деп атап кеткен. Сол Теректі өзеніне байланысты ауылды Теректібұлақ ауылы деп атаған»
«Апамның айтуы бойынша, ертеректе бұл өзен қазіргіден едәуір үлкен болған деседі, жағасында қалың тоғай болған суы терең және тұнық болған екен. Оның куәсі – қазіргі күнге дейін өзен үстінде орналасқан ағаш көпір. Соған байланысты Теректі деп аталған.»
«Күршім өзені көне түркі тілінде кур(«от») және чим (« жем») сөздерінен қалыптасқан атау. Мағынасы отты – жемді жер деген мағынаны білдіреді.»
Саяхатты Теректі өзені бойынша жүргізу белгіленді. Жоспарланған нысанға келгеннен кейін, мен аталған өзеннің географиялық орны, қоректенуі, қай алапқа жататыны туралы түсініктеме бердім.
Саяхат барысында оқушылар төмендегі тапсырмалар төңірегінде зерттеу жүргізді:
• Нағыз жалпақ және жіңішке жерінен өзеннің енін өлшеу;
• Тереңдігін өлшеу;
• Өзен температурасын өлшеу;
• Ағыстың жылдамдығын анықтау;
• Өзеннің саласын сипаттау;
• Компосқа қарап ағынның бағытын анықтау;
Жалпы тапсырмалардан басқа қосымша тапсырмалар беріледі.
• Жылғаның басы қай жерде?
• Қасында бұлақ бар ма?
• Жер астынан су қалай шығып жатыр?
• Өзеннің суретін салу;
• Өзен жағасындағы ағаштардың суретін салу;
• Топырақтың құрылымы;
Сарамандық зерттеу нәтижесінде Теректі өзенінің географиялық сипаттамасын жасадық.
«Теректі өзені – ауылымыздың оңтүстігіндегі тау өзені. Өзен қар суымен қоректенеді. Қаратал өзеніне құяды. Тереңдігі көктем кезінде 1 метрден 4 метрге дейін барады, кей жылдары күзге таяу тартылып қалады. Өзенге Бұланды, Ақтасты, Шағи тауларының бұлақтары құяды. Өзен жағасында итмұрын, долана, қайың, үйеңкі және тағы басқа ағаштармен қатар бұталар өседі. Өзен бойында жиі кездесетін ағаштардың негізгісі терек болғандықтан, өзеннің Теректі аталу себебі осында...»
География сабағында жергілікті компоненттерді пайдаланудың әртүрлі әдіс- тәсілдерін пайдалану сабақты түрлендіре жүргізуді дәстүрге айналдыру арқылы шәкірттер бойында пәнге деген қызығушылығын, туған өлкеге деген сүйіспеншілігін арттыруды мақсат тұттым.
Жоғарыда көрсетілгендей саяхат сабақ түрлерін «Туған өлке таулары» (6-сынып), «Қазақстан өсімдіктері мен жануарлары» (8-сынып) тақырыптары бойынша қолдандым. Саяхат нәтижесінде оқушылар өздері жинақтаған өсімдіктер мен шөптерден гербарий жасап, биология кабинетінің жинағын толықтырды. «Өлкеміздің құстары» атты буклет жасағанда оқушыларды ізденімпаздыққа жетелей отырып, өлкедегі тіршілік ететін құстар жайлы мағлұмат жинауға жұмылдырдым.
Аймақтық компоненттерді география пәнін оқытуда қолдану, оны биология, тарих, физика, әдебиет, сызу, сабақтарымен тығыз байланыста жүргізу арқылы оқушының жан – жақты дамуына, білім – білік дағдыларын өмірде қолдана білулеріне ықпал етіп, жалаң сөзден гөрі тиімді іс – әрекетке баулиды.
Ұлы ғұлама Д.Сантьяма былай деген: «Адам өз туған жерінде аяғын анық басып өссін, бірақ көзімен бүкіл әлемді қалт жібермей бақылап отырсын.» Тек өз туған жерінің топырағын иіскеп, тынысын жүрегімен сезініп үйренген адам ғана өзін сол елдің қожайыны, қамқоршысы санала алады.
Кең байтақ елімізде әлі құпия сырлары ашылмаған табиғат ғажайыптары көптеп кездеседі. Мол құпияның сырына жас ұрпақты ынтықтыруда аймақтық компоненттерді пайдаланудың маңызы ерекше екеніне өз тәжірибемді іске асыру жолында көз жеткіздім.
Администрация сайта не несет ответственности за содержание статьи.