- ЦБС сегодня
- Конкурсы, проекты
- Жанар Кенжебекқызы, Өскемен қалалық орталық кітапхананың директоры: – Латынға көшуде жастар жағы белсенді
Жанар Кенжебекқызы, Өскемен қалалық орталық кітапхананың директоры: – Латынға көшуде жастар жағы белсенді
Жанар Кенжебекқызы, Өскемен қалалық орталық кітапхананың директоры: – Латынға көшуде жастар жағы белсенді
http://didar-gazeti.kz/7540-zhanar-kenzhebekyzy-skemen-alaly-ortaly-ktaphanany-direktory-latyna-kshude-zhastar-zhay-belsend.html
Редакциямызбен ұзақ жылдардан бері тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп келе жатқан Оралхан Бөкей атындағы Өскемен қалалық орталықтандырылған кітапхананың директоры Жанар Кенжебековамен рухани жаңғыру, жаңа әліпби туралы ой бөліскен едік.
Шығысты ұлықтамау мүмкін емес
– Жанар Кенжебекқызы, биыл қазақ руханияты қайта түледі. Кітапхана сол руханияттың ошағы. Сіздер не тындырып жатырсыздар?
– Біздің міндетіміз – қала тұрғындарын ақпараттармен жедел және қолжетімді түрде қамтамасыз ету. Біздің кітапхана қарамағында 14 бөлімше қызмет етеді. Олар қала орталығында және ЖМК, Прохладный, Аблакетка, Жаңа Согра, Меновное, Защита, Новоявленка сияқты шет аудандарда орналасқан. Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі 100-ден астам мекемелермен және ұйымдармен серіктестік қарым-қатынаста жұмыс істеп отыр.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы – стратегиялық маңызға ие, жасампаз халқымыздың жарқын болашағын айқындайтын бағдарлама. Мақаладағы «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлері», «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет», «Қазақстаның 100 жаңа есімі», латын әліпбиіне көшу туралы жобаларға айрықша мән беріп, бірқатар іс-шараларды жоспарладық. Аталмыш бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында «Нұр Отан» партиясымен меморандум жасалып, қаладағы бірнеше мекемемен және ұйымдармен біріккен жұмыстарды жоспарлап отырмыз.
Жуырда қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен «Рухани жаңғыру – ұлт болашағы» атты мүшәйра жарияладық. Сонымен қатар орталық қалалық кітапхананың үлкен оқу залына «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» кітап көрмесі әзірленіп, пайдаланушыларға түсіндіру, насихаттау жұмыстары жүргізілуде.
Жергілікті суретшілердің сурет көрмесін өткізу дәстүрлі шараларымыздың бірі. Ай сайын қонақжай бөлмедегі көрме жаңартылып, қаладағы бейнелеу өнері шеберлерінің көркем суреттері тұрақты насихатталып отырады.
– Рухани жаңғыру демекші, Сіздер «Туған жер» бағдарламасына орай тыңғылықты шаруалар істеп жатыр деп естідік...
– Әрине, қазақ «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаса керек. Шығыстың қасиетті топырағы – қазақ халқының біртуар перзенттері ұлы ақын, кемеңгер Абайдың, атақты сөз зергерлері Шәкәрім мен Мұхтардың кіндік кескен жері. Семей өңірі, қарт Ертістің бойы, Алтай мен Шыңғыстау сілемі талай батагөй билер мен ел қорғаған Қабанбай, Қ.Қайсенов, Т.Тоқтаров сынды батырларды, С.Аманжоловтай ғалымдар мен жезтаңдай шешендерді дүниеге әкелген құтты мекен. Осындай мекенді ұлықтамау мүмкін емес.
«Туған жер» бағдарламасының маңызы терең. Ол ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді, экологияны жақсартуға және елді мекендерді абаттандыруға баса мән беруді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көздейді. Сол себепті кітапхана қызметкерлері әзірлеген кітапханалық «Туған жер» бағдарламасы шеңберінде салмақты бастамалар қолға алынуда. Бағдарламаның негізгі мақсаты - өлкетану мәліметтерін сақтау, пайдалану, және насихаттауды жолға қою, өлкенің әдебиеті мен мәдениетін, тарихын ғылыми зерттеу жұмыстарын қалыптастыру, облыс және қала жұртшылығы арасындағы ұлтаралық қарым-қатынасты, отансүйгіштік тәрбиені нығайту ғой.
Жас ақындар жүлдемен оралды
- Иә, шырайлы Шығыстан шыққан шайырлар көп. Соларды ұрпаққа ұлықтау мақсатында да не істеп жатырсыздар?
– Болашақта қаламыздағы жаңалықтан тыс қалып жататын шағын, аралас мектептерге жылжымалы кітап көрмесін ұйымдастырып, өлкетану сабақтарын ұйымдастырмақпыз.
Туған өлке тақырыбындағы кітаптарды толықтыру мақсатында кітапхана қызметкерлері ақпарат ағынынан елеп-екшеп, оқырман сұранысына сәйкес бірнеше әдістемелік құрал шығарады. Мұнда, Өскемен қаласына арналған «Шығыстың шырайлы шаһары», О.Бөкейге арналған «Алтайдың асқақ жыршысы», «Шығыс Қазақстан жазушылары балаларға», «Шығысқазақстандық майдангер-жазушылар», «Қара сөздің Қабанбайы», «Қал аға, қазақтың Қалиханы», сондай-ақ мерейтойлар иелеріне арналған баспагерлік құралдар оқырмандар назарына ұсынылды.
Ақын-жазушылар шығармашылығы туралы «www.kitaphana.kz» сайтындағы өлкетану бетінде ақпараттар жүйелі түрде жаңартылып және толықтырылып отырады. Өлкеге қатысты материалдардың көпшілігі электронды түрге көшіріліп, мәліметтер қоры жинақталуда. «Өлкетану» толық мәтінді мәліметтер қоры «www.kitaphana.kz» сайтына орналастырылған. Бір сөзбен айтқанда кез келген оқырман қашықтықта отырып-ақ өзіне қажетті өлкетану мәліметтерін жүктей алады.
Жанар Кенжебекқызы, Өскемен қалалық орталық кітапхананың директоры: – Латынға көшуде жастар жағы белсенді
– Ал Латын әліпбиіне ауысу туралы ше?
– Қазақ алфавитін 2025 жылдан бастап, латын графикасына көшіру үшін дайындықты осы бастан қолға алу қажет деп жатыр. Бұл дегеніміз - қазақ тілі жаңғырып қана қоймай, осы заманғы ақпарат тіліне айналады деген сөз. Осыған орай Өскемен қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімімен бірлесіп Өскемен қаласында латын әліпбиіне көшу жобасын жүзеге асыру бойынша сұрақтарды түсіндіру іс-шаралар жоспары құрылып, «Латынға көшудің маңыздылығы мен мәні», «Латынға көшу өркениетке қадам» атты әңгіме, шолу, ток-шоулар жобаланып отыр.
Ал атқарылған шараларға келсек, студенттер мен зиялы қауым өкілдерін қамтыған «Латынға оралу-заман талабы» атты дөңгелек үстел өтті. Басты мақсат - латын қарпіне көшу заман талабы, елдік мүдде екенін қауымға жеткізу еді. Шара барысында оқырман қауым ойларын ортаға салып, латын әліпбиіне көшу туралы жазылған мақалалар тізбегімен танысты. Газет беттері мен сайттарда жарық көрген зиялы қауым өкілдері мен саяси тұлғалардың пікірлерін оқып, ой бөлісті. Ел болып латынға көшуде жастар жағы белсенді екендігі байқалады.
- Қазір «кітап оқылмайды» деген сөз бар. Қит етсе «басылымдардың орнын интернет басады» деп жатады. Оқырмандарыңыз жыл өткен сайын азайып бара жатқан жоқ па?
– Бізге бір жылдар 51530 оқырман келеді. Жылына 702 689 кітап және мерзімді басылымдар беріледі. Сонымен қатар әртүрлі шараларға, кітап алуға, кітапханалық саяхаттарға 309 573 адам келген. Кітап қорларының жалпы саны 261 960 дана, 323 мерзімді басылымға жазыламыз.
– Кезінде осы кітапхана жанынан ақын Серік Ғабдуллин ағамыз «Шабыт» ақындар мектебін құрған еді. Аталмыш мектептің қазіргі жай-күйі қалай?
–Бұл мектеп қазір Өскеменнің рухани ортасын қалыптастырып үлгерді. Түлеп шыққан түлектері де, толағай табыстары да баршылық. Серік Ғабдуллиннен кейінде ақындық мектеп өз жұмысын тоқтатқан жоқ.
Соңғы жылдары Қызырбек Дүргінбайұлы жетекшілік ететін бұл мектептен халықаралық, республикалық, облыстық деңгейдегі жыр додаларында оза шауып бәйге алып жүрген Дәулетберді Жекей, Тасқын Қалибеков, Алтынғадыс Күнтуғанұлы, Оразай Жеңісұлы, Балауса Мэлісқызы, Данагүл Исағұлқызы қатарлы талай жыр мүшәйраларының жүлдегерлері атанған дарынды жастарды атап өту ләзім. Өткен жылдан бері ақын Әлібек Қаңтарбаевпен бірлесе жаңа леппен жұмыс істеп келеді.
Осы қыркүйек айында рухани жаңғыру бағдарламасы аясында Талдықорған қаласында өткен «Жүрегі жырдан жаралған» атты республикалық жыр додасында осы мектептің мүшелері Күнтуған Алтынғадыс бас жүлдені, Жеңіс Оразай бірінші орынды жеңіп алды.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан – Мұратхан Кенжеханұлы