1. ЦБС сегодня
  2. Конкурсы, проекты
  3. «Атың барда, желіп жүріп жер таны» Айдос Мырзахметов, - 4.10.2012, - №40 (147)

«Атың барда, желіп жүріп жер таны» Айдос Мырзахметов, - 4.10.2012, - №40 (147)

«Атың барда, желіп жүріп жер таны» Айдос Мырзахметов
Жуықта шығармашылық кеш өтті. Ерекше кеш. Өскеменнің Құрметті азаматының кеші болғандығымен ерекше өтті. Ол өлкеміздің төл перзенті, Қазақстанның Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, «Қазақстан Республикасының құрметті спорт және мәдениет қайраткері», С.Бердіқұлов атындағы сыйлық иегері, он беске жуық кітаптың авторы Оңдасын Елубайдың жаңа туындысының тұсаукесері. Кешті ұйымдастырып, басы-қасында жүрген кітапхана әкімшілігінен Айгүл Сыдықова мен кітапхана қызметкері Гүлзира Жұмағұлова.
28-қыркүйек «қағанағы қарқ, сағанағы сарқ ақжарылқап күн» болды. Атақты жазушы М.Әуезов пен О.Бөкейдің туған күні, Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 80 жылдық мерейтойы, жергілікті ШҚМУ-нің 60 жылдығы да осы күні аталып өтті. Осындай өктем күннің шымылдығын Оңдасын ағамыз биязы сүлдерімен жапты.
Оңдасын Елубай 1950 жылы 21 мамырда Зайсан ауданының Саржыра ауылында дүниеге келген. Қазақ Мемлекеттік Университетінің журналистика факультетін, 1986 жылы Алматы жоғары партия мектебін бітірді.
40 жыл бойы өз оқырмандарын проблемалық мақалалары мен очерктерімен, кітаптарымен тамсандырып келеді.
Жазушы-журналист спорт тақырыбына қалам сілтеуді ұнатады, бұл бағытта өзінің «басқа шауып, төске өрлеген» біліктілігін талай танытқан болатын. Мысалы: 1998 жылы Париждегі футболдан әлем біріншілігіне, Жапония мен Кореядағы футболдан өткен Әлем чемпионатына, 2000 жылы Сиднейдегі, 2004 жылы Афинадағы, 2006 жылғы Туриндегі қысқы Олимпиадаға, Бейжің және Лондон Олимпиадаларына қатысты. «Қазақстан спортына сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Соңғы 23 жылдан бері қазақ баспасөзінің қара шаңырағы – республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Шығыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі қызметімен мезретін қалдырып келеді.
Оңдасын аға төр басында ағынан жарыла ерекше қызық әңгімелерімен саябыр кешті түрлі түске бояды. Лондон Олимпиадасындағы бейнетүсірілім ұсынылғанда тыңдарман болып келген мектеп оқушылары ерекше толқыды. Қысқа кадрлардан тұрса да бұл бейнежазбаның шынайы ұзақтығы 200 сағатқа жететіндігін естігенде тамсанбасқа ешкімнің шарасы болмады. Адамзат баласының белгілі бір іске, салаға осынша құмарлығы еріксіз таңдай қақтырады. Өзінің жазуынша Оңдасын аға фотосурет түсіруге әуестігі 1964 жылдан, яғни Жамбыл мектеп-интернатында оқып жүрген кезден басталса керек. «Дана адам қол жеткізгенінен ләззат ала біледі» дейді, бәлкім осы сөздердің иесі Оңдасын Елубай болар.
Ұсынылған бейнетүсірілім Лондонмен шектеліп қоймады, Малайзия, Австралия, Темза өзені, Париж қаласындағы атақты «Диснейлендте» түскен фотосуреттермен толып жатты.
Несіп Жүнісбайұлы «Оңдасын Елубай спорт тақырыбын әуелден-ақ серік етіп, өзінің сүйікті бір өнеріне айналдырып келе жатыр» деп бағалапты. Осы кеште замандасы Әлібек Қаңтарбаев Оңдасын ағаға ерекше теңеу жасады. Атақты «Мың бір түн» кітабындағы «Синдбадтың жеті сапары» атты тақырыпты қозғай келе: «Оңқаң - қазақ журналистикасының Синдбады. Ғұмыр жетсе оның әлі талай Олимпиада орталықтарын шаңдатары сөзсіз», - деп кесіп айтты. Біз де солай ойлаймыз.

 

  ЦБС сегодня - Публикации в прессе


Яндекс.Метрика