1. ЦБС сегодня
  2. Конкурсы, проекты
  3. Тәрбиелі ұрпақ – болашақ ел тірегі «Менің өлкем» № 46(046) 17 қараша 2011ж.

Тәрбиелі ұрпақ – болашақ ел тірегі «Менің өлкем» № 46(046) 17 қараша 2011ж.

Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай қалалық орталық балалар кітапханасының кітапханашылары Ж. Иманбаева мен Н.Меирманова бірлесе отырып, № 35 мектептің 5-6 сынып оқушыларын шақыртып, қатыстыруымен іс-шара өткізді.
Тәуелсіздік – бұл болашақ ұрпақтарға қалдыру үшін көздің қарашығындай сақтайтын және нығайтатын біздің басты игілігіміз емес пе?! Білім мен тәрбиені ұштастыра отырып, бәсекеге қабілетті жеке тұлға қалыптастыруда мектеп оқушыларымен өткізілетін тәрбиелік іс-шаралардың маңызы зор болмақ.

«Бұлақ көрсең, көзін аш» дейді халық даналығы. Алысқа қанат сермейтін талантты оқушыларға бағыт-бағдар бере отырып, жеке тұлғаның қалыптасуына жағдай жасау мақсатында тәрбиешінің тәрбиенің бірнеше бағыттары бойынша жүзеге асырылатын сыныпаралық іс-шаралардың игі нәтижелері де аз емес. Аталмыш іс-шара ең алдымен «Тапқыр достар» ойын-сауық бағдарламасымен бастау алған еді. Бұл бағдарламаның барысында оқушылардан құралған «Алғырлар» мен «Тапқырлар тобы өзара білімдерін сынасты. Бағдарлама төрт кезеңнен тұрды: «Таныстыру», «Кім жылдам», «Сен білесің бе?», «Ойлан тап». Ойын-сауықтың сұрақтары мәселен, «мемлекеттік рәміздердің авторларын ата» не болмаса «1986 жылдың 16 желтоқсанында мыңдаған қазақ жастары ел тәуелсіздігі үшін алаңға шығып, құрбан болды, осы кездегі бейбіт өміріміз сол аға-әпкелеріміздің ерлік рухы арқылы келді, олай болса Желтоқсан құрбандарын атап бер», «елімізде қанша ұлттар мен ұлыстар мекен етеді?» деген сынды сұрақтар қойылды. Қойылған сұрақтарға қайырған жауаптарына қарап, бүгінгі жас ұрпақтың білімді екенін аңғаруға болмады. Сайыс соңында күш сынасқан оқушылар арасынан «Тапқырлар» тобы озып шықты. Жеңімпаз командаға ұйымдастырушылар атынан грамоталар табыс етіліп, соңында жаңағы оқушылар ызғарлы Желтоқсан оқиғасына байланысты көзге жас үйіртетін бейнетаспаларды көрді. Бұл бейнетаспаларды көргендер Желтоқсан оқиғасы кезіндегі азапты бір сәтке болса сезінгендей болды.
Өткізіліп отырған бұл шараның басты мақсаты – Қазақстан Республикасының 20 жылдық торқалы тойын жас буынға насихаттау еді. Болашақ ұрпақты тек білім нәрімен сусындатпай, салт-дәстүрді, туған тілін, әдет-ғұрпын сақтауға үйрету, еліміздің мықты тұлғаларын таныту қажет.
- Мұндай тәрбиелік маңызы зор қоғамдық мәдени іс-шара жастардың рухани әлемін дамытып, өз білімдерін одан әрі жетілдіруге жол ашады. Сол сабептен де, біз олардың өзіндік қабілеттерін одан әрі дамытуды алдымызғы мақсат етіп отырмыз, - деді өз сөзінде кітапханашы Жадыра Иманбаева.

Арайлым Ботабаева.
«Менің өлкем» № 46(046) 17 қараша 2011ж.

 

  ЦБС сегодня - Публикации в прессе


Яндекс.Метрика