- ЦБС сегодня
- Конкурсы, проекты
- Өлкетану арқылы – ұлтжандылыққа тәрбиелейміз //Мектептегі кітапхана. - 2010. - №6. - Б.2-3
Өлкетану арқылы – ұлтжандылыққа тәрбиелейміз //Мектептегі кітапхана. - 2010. - №6. - Б.2-3
«Қазақ тарихында қазақ ұялатындай ештеңе жоқ.
Біз бірде-бір соғыс өртін бастаған емеспіз.
Біз бірде-бір елді жаулап, даламызға қосып алған емеспіз...»
Елбасы Н.Ә.Назарбаев
Кенді Алтай - өзінің көркімен, тума табиғатымен, жануарлар және өсімдік дүниесінің байлығымен талай жұртты таңдандырған әрі тамсандырған өлке. Біздің Шығысымыз күллі республикамыздан, алыс-жақын елдерден сан мың серуеншілер мен демалушылар ағылып, аңсап келуге лайық шырайлы қоныс.
Иісі Шығыстың қасиетті топырағы-қазақ халқының біртуар перзенттері ұлы ақын, кемеңгер ойшыл Абайдың, атақты сөз зергерлері Шәкәрім мен Мұхтардың кіндік кескен жері. Жалпы Семей өңірі, қарт Ертістің бойы, Алтай мен Шыңғыстау сілемі талай батагөй билер мен ел қорғаған Қабанбай, Қ.Қайсенов, Т.Тоқтаров сынды батырларды, С.Аманжоловтай сұңғыла ғалымдар мен жезтаңдай шешендерді дүниеге әкелген құтты мекен.
«Адам ұрпағымен мың жасайды» - дейді халқымыз. Ұрпақ жалғастығымен адамзат баласы мың емес миллиондаған жылдар жасап келеді. Жақсылыққа бастайтын жарық жұлдыз-оқу. «Надан жұрттың күні – қараң, келешегі тұман»,- деп М.Дулатов айтқандай, егеменді еліміздің тірегі-білімді ұрпақ. Сусыз, құрғақ, таса көлеңке жерге дән ексең өнбейтіні сияқты, жас ұрпақтарымызды тәрбиелемесек өспейді, өнбейді.
Өскемен қаласының Орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты көпшілік кітапханалар - кітапты жан серігім деп санайтын оқырмандардың екінші үйіне балаған киелі шаңырағы. Көпшілік кітапханалар облыс орталығында - өткен ғасырдың 1950-жылдары ашылған. Оқырман сұранысының өзгеруіне, өлкенің тарихы мен ерекшеліктеріне қызығушылықтың өсуіне байланысты 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап осы жүйеге қарасты №3 кітапхана-бөлімшесі жаңа бағытта - Өлкетану ақпараттарының орталығы ретінде жұмысын бастады. Бұл өлкетану саласында жұмыс жүргізу қажеттілігіне сәйкес дер кезінде қабылданған шешім.
Орталықтың алдыға қойған мақсаты – кітапхана пайдаланушылары үшін өлкетану құжаттарын жинақтау мен сақтаудың кешенді ақпараттық жүйесін құру, өлкетану ақпараттарының насихатталуы мен сақталуын қамтамасыз ету, жастардың бойында туған өлке тарихына деген қызығушылықты қолдау және дамыту.
Сол мақсатта мынандай істерді қолға алудамыз:
- Өлкетану құжаттарының қорын қалыптастыру және толықтыру;
- Мәліметтер және ақпараттар қорын құру (электрондық, тақырыптық папкалар, аудио-бейне және т.б.);
- Ғылыми-зерттеу және баспагерлік қызмет;
- Қаладағы білім беру мекемелеріне білім барысында өлкетану бойынша көмек көрсету, сондай-ақ қаладағы мекемелер мен ұйымдарды өлкетану ақпараттарымен қамту;
- Аймақтың өлкетануға арналған web –сайттарымен жұмыс;
- Көпшілік шаралар өткізу болып табылады.
Өлкетану – бұл туған өлкенің тарихы, табиғаты мен экологиясы, экономикалық, әлеуметтік-құқықтық дамуы, рухани шыққан тегі, әдебиеті және көркемөнері. Жаңа бөлім өте жас, бірақ орталық мамандары әртүрлі жұмыс түрінің көмегімен, кітапхана -рухани өмірдің орталығы екенін одан әрі дәлелелдей отыра, кітапхананы өлкетанушылармен, қоғамдық қайраткерлермен және басқа да танымал адамдармен кездесу орны ретінде пайдалана отыра, Кенді Алтайдың мәдениетті дәулетін насихаттайды.
Әр адамның көкейінде ата-бабалары мен өзінің туып-өскен жеріне деген сүйіспеншілігі сақталады. Жас ұрпақтың елдің мәдениеті мен ғылымына зор үлес қосқан атақты да танымал Өскемендіктермен кездесуге мүмкіндігі бар. Бұл жерде Өскемен қаласы туралы, оның көшелері мен саябақтары туралы қызықты әңгіме естуге, ғимараттардың, үйлердің құпиясын ашуға, қаланың сан-алуан сәулетті әлемін көруге болады.
Жаңа орталықтың шұғыл шешуін қажет ететін басты мәселелерінің бірі - өлкетану қорын толықтыру, ақпараттық потенцииалды нығайту болды. Құрылған аз уақыт ішінде орталық қалалық деңгейдегі бірнеше шаралар өткізіп, толықмәтінді деректер қорын қалыптастырып үлгерді. Атап айтсақ, олар:
- өлкемізге арналған тақырыптық папкалардан тұратын «Өлкетану» толықмәтінді деректер қоры;
- жергілікті ақын- жазушыларға арналған слайдтық көрсетілімдер;
- өлкетануға арналған фильмдер.
Өлкетану — белгілі бір жердің, қаланың, елді мекеннің бір бөлігін оқып білу. Туған өлке тақырыбындағы кітаптар аз болғандықтан кітапхана қызметкерлері ақпарат ағынынан елеп-екшеп, оқырман сұранысына сәйкес бірнеше әдістемелік құрал шығарып үлгерді: атай кетсек, Өскемен қаласының 290 жылдығына арналған «Шығыстың шырайлы шаһары», О.Бөкейге арналған «Алтайдың асыл жыршысы», жас зерттеушілердің шығармашылық жұмыстарынан құралған «Мен өлкемді зерттеймін!», «ҰОС-65 жылдығына» сериясымен «Т.Тоқтаров», «Шығыс Қазақстан жазушылары балаларға», сондай-ақ мерейтойлар иелері Е.Курдаков, П.Васильевке арналған басылымдар оқырмандар кәдесіне жарауда.
Қазақ тіліндегі дәстүрлі түрдегі (кітап) ақпараттың жетіспеушілігін біз жаңа технологияларды қолдана отырып орнын толтыруға тырысамыз. Барлық өлкеге қатысты материалдар электронды түрге көшіріліп, мәліметтер қоры жинақталуда. Атап айтсақ, «Абай», «Шәкәрім», «О.Бөкей», «Қ.Ысқақов», «П.Бажов», «М.Чистяков» сынды ақын-жазушылар шығармашылығын қамтыған тақырыптық папкалар үлкен сұранысқа ие. Қалалық орталық кітапханадағы анықтамалық-библиографиялық және ақпараттық қызмет көрсету бөлімі қызметкерлері құрастырған көп салалы «Өскемен» дискісі де қала өмірінен ақпарат іздеген әрбір оқырманға көмек көрсетуде. Дискінің екінші бөлімі – «ХІХ ғасырдағы Өскемен» деген атаумен жарыққа шықты.
2010-2011 оқу жылына 5-9 сыныптарға өлке тарихын оқыту бойынша хрестоматия құрастырылуда. Тарихшы мұғалімдердің тапсырыстары бойынша «Өскемен: ХІХ- ХХ ғасыр басында» өлкетану құралы дайындалды.
Ақын-жазушылар шығармашылығы туралы ОКЖ «www.kitaphana.kz» сайтындағы өлкетану бетінде ақпараттар жүйелі түрде жаңартылып және толықтырылып отырады. Қалалық орталық кітапхана бірнеше жыл көлемінде шығарып келе жатқан «Мереке-Праздник для всех» газетінің өлкетану беті де мағлұмат іздеген оқырман қауымға арналған. Барлық материалдар кездесу, сұрау, іздеу арқылы еңбекпен жиналды.
Өзіндік тарихы жоқ өлке болмайды. Адамзат алдында тұратын ұлы міндет - өзінің өмірін жалғастырушы саналы ұрпақ тәрбиелеу. Өлкеміздің тарихы мен өнерін жинақтап зерттеудің мол тәжірибесі негізінде болашақ ұрпақты тәрбиелеудің қажеттілігі арта түсуде. Әсіресе, туған жеріміздің саңлақтарымен өткізілген кештер мен кездесулер, танымдық сабақтар - туған өлкеге деген сүйіспеншілік сезімін оятумен қатар, өз ата-бабаларын мақтан етуге шақырады. Өскемен қаласындағы танымал әдебиет, мәдениет, өнер иелерімен, суретшілермен және спортшылармен таныстырудың, яғни, кіші отанға деген махаббат пен азаматтық борышты өтеуге баулудың маңызы зор.
Соның ішінде қаламыздағы танымал есімдермен кездесулер өткізіліп тұрады. Жыл ішідегі мерейтой иелері мен атаулы күндерге кітап көрмелері ұйымдастырылып, кітап қоры насихатталады. Библиографтардың шығаруымен жыл сайын «Аталып өтілетін және еске алынатын күндер күнтізбесі» құрастырылып, таратылады.
«Өлкетану өзінің туған жерінді аялауды, сүюді ғана үйретіп қоймайды, сондай-ақ ол туралы білуіңді, тарихқа, өнерге, әдебиетке деген қызығушылық танытуға, мәдениет деңгейін көтеруге үйретеді»,- деп академик Лихачев Д.С. айтқан екен.
Туған өлке тарихын зерттеу, отансүйгіштікке баулу мақсатында тұңғыш рет «Мен өлкемді зерттеймін!» жас зерттеушілер сайысы өткізілді. Сайысқа жоғары сынып оқушылары мен студенттер қатысты. Сарапқа салынған жұмыстардың тақырыбына шектеу қойылған жоқ, соның нәтижесінде өткізілген жұмыстар сан алуан: «Шығыс Қазақстан облысының демографиялық жағдайына экологияның әсері», «1897 жылғы бірінші халық санағы бойынша Семей облысы халқының этникалық және діни құрамы», «Өлкеміздегі ұзақ өмір сүрушілер мен ұзақ өмір сүру жолдары», «Марқакөл өңірі экологиялық таза аймақ па?», «Өскемен қаласындағы тарихи ескерткіштер тарихы» т.б. Он бес жұмыстың жеңімпаздары анықталып, мақтау қағаздарымен, сыйлықтармен марапатталды. Зерттеу еңбектері кітапша болып басылып, өлкетану қорын толықтырмақшы. Мұндай сайыстарды дәстүрлі түрде өткізіп отыру - таным көкжиегін кеңейтер игі бастама.
Кітапхана - қаламыздағы негізгі рухани орталық болғандықтан, ақпараттық-ағартушылық жұмыстарды белсене жүргізе отырып, аймақтық компонент бағдарламасымен жұмыс істейтін педагогтармен, тарихшылармен, суретшілермен, өлкетанушылармен әртүрлі кездесулер және семинарлар өткіземіз. Соның бірі - тарихшы және әдебиетші мұғалімдерден құрылған шығармашылық топпен жасалынып жатқан жұмыс. Ағымдағы жылы өлкеміздегі Катон-Қарағай ауданында орналасқан белгілі «Берел қорғанында» бірлескен көшпелі ғылыми-тәжірибелік семинар ұйымдастырдық. Семинарды өткізу барысында ғылыми жетекші ретінде облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қызметкері Г.А.Кущ үлкен көмек көрсетті. Галина Александровна Кущ - З.Самашев сияқты белгілі ғалымдармен және шет елдік ғалымдармен қорғанды қазу жұмыстарына қатысқан. Сондықтанда семинарға қатысушылар қорған тарихына байланысты көптеген қызықты мәліметтермен таныса алды. Тұнып тұрған өлке шежіресін оқырмандарға жеткізе білу – басты мақсатымыз.
Қаладағы жастардың басын қосатын «Шабыт» ақындар мектебі мен «Жалын» жастар клубы да өз жұмысын жандандырып келеді. Таланттылардың басын қосқан «Өлеңге әркімніңде бар таласы» атты Поэзия күні, Жыр мүшәйралары, «Парасатты арулар мен ержүрек азаматтар» сайысы да жастардың бос уақытын қамтып, жақсылыққа баулиды.
Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналған жас ақындардың жыр мүшайрасы мен О.Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің қалалық сайысы да осы орталық жұмысының шеңберінде өткізілді. Жергілікті суретшілердің сурет көрмесін насихаттау мақсатында Шығыс Қазақстан өнер мұражайымен бірлесіп өткзетін сурет көрмесі де дәстүрлі түрде ұйымдастырылып отырады. Мысалы, «Жеңіс келбеті», «Әйел және көктем», «Алақандағы жаз» жерлес суретшілердің көрмесін атай кетуге болады.
Қаладағы оқу орындарында «Туған өлкеге саяхат» атты Өлкетану ақпараттары орталығының Күні өткізіледі. Оқу орындарына барып өткізілетін атаулы күні кітап көрмесі ұйымдастырылып, ақпараттық парақшалар, буклеттер таратылады. Жоспарланған көпшілік шаралардың тізімі оқу орындарына алдын-ала насихатталады. Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланыс орнатылған. «Өскемен-Қазақстан» телеарнасындағы «Таңжарық» бағдарламасына қатысып, берілген тақырып бойынша кітаптардан ақпарат беріледі.
Шығыс Қазақстанның өткені ғана бай және жан-жақты емес, оның қазіргі өмірі мен ертеңгі болашағы да жарқын әрі сенімді. Осы сенімділіктің шын мәнінде берік негізі бар. Оны шығысқазақстандықтардың бұған дейінгі ұрпақтары берік етіп жасап кеткен.
«Өскен ел тарихын таспен жазады, өшкен ел тарихын жаспен жазады» деген мақал бар. Туған жері мен елі туралы білімін жетілдіріп, сол арқылы Отанын сүйген азаматтық рухты қалыптастыра білсек, біздің еңбегіміздің жемісі сол болмақ.
Абылғазинова Гүлбаршын Тлегенқызы
«Өскемен қ. ОКЖ» ММ
Мектептегі кітапхана. - 2010. - №6. - Б.2-3