1. Skip to Menu
  2. Skip to Content
  3. Skip to Footer>


Өлкетану басылымдары

Алтайдың асыл жыршысы

Жарық көрген өлкетану құралдары 2010-2011жж.

Қазіргі күні өлке тарихына, жерлес жазушыларымыздың шығармашылығына қызығушылық күн санап артып келеді.Өлкеміздегі тарихшыларымыздың басты мақсаты - өлкеміздің тарихына жаңаша ой жүгірту, өлке тарихының ақтаңдақ беттерін түгендеп, жоғымызды тауып, өшкенімізді түгендеп, қалпына келтіру. Осы орайда,  айта кетсек, біздің өлкетану ақпараттарының орталығы да осындай игі істермен айналысуда.  Жалпы өлке тарихына және жергілікті ақын-жазушылардың шығармашылығына қызығушы оқырмандардың, тарихи зерттеумен айналысушы студенттер  және оқу үрдісінде аймақтық компонентті пайдаланатын ұстаздар мен оқушылардың жүгін жеңілдету мақсатында төмендегі өлкетану құралдарын ұсынып отырмыз.

«Алтайдың асыл жыршысы»
Шығыстан шыққан, Алтайдың ақиық жыршысы О.Бөкейді сіздерге таныстырып жату әбестік. Оралхан есімін бүгінде елімізде білмейтін жан жоқ деуге болады. Оралхан Бөкей өз болмысында да, шығармашылығында да халқымен, туған жер, өскен елімен әрқашан бірге болды. Өзі артынан ерген қаламдас жерлес інілеріне де: -... Ел жаққа келіп-кетіп, аунап-қунап жүріңдер. Елден қол үзбеңдер. Ауылды ұмытпаңдар,- деп аманаттаған екен. Бірақ біз ардақтыларын тіріде емес, өлгеннен кейін ғана бағалайтын халықпыз ғой. Оралхан елімізде соншама даңқты бола тұра, шығармаларында туған жер, өскен жері мен жерлестерін қаншама дәріптесе де, өз елінде жеткілікті бағаланбай келгені де шындық. Өзі бұл туралы  талай жазды да, достарына: «Катоннан ауылға жету үшін автобус күтіп жүргенің, мені бүкіл Қазақстан басына көтергенде өз ауылым онша менсінбейді» деп өкпе-назын айтқан кездері де болыпты. Тек Оралханнан айрылғаннан кейін ғана өр Алтай жұртшылығы қандай асылынан айрылғанын түсініп, Алтайдың ұлылығын жырлап өткен ұлдарын жабыла жоқтады. Оралханның 50 жылдығы оны жоқтау асына айналды. Ал жазушының 60 жылдық мерейтойы бүкіл республика бойынша аталып өтілді. Жазушының есімін ұлықтау жөнінде біршама істер атқарылды. Оралханды көзі көргендердің естеліктері мен шығармалары жайлы  ойлар баспасөз беттеріне көптеп жарияланды. Оралхан жайлы естелік кітап біреу-ақ болғандықтан, мен де жұмыс бабына байланысты осыларды  біраз жыл жинаған едім. Бүгіндері қарасам, біршама дүниеге айналыпты. Бұлар негізінен республикалық «Қазақ әдебиеті», «Жас алаш» пен облыстық «Дидар», Катон-Қарағай ауданының «Арай», «Луч» газеттерінде және кезінде Катонқарағай аудандық білім департаменті шығарған «Самал» газеттеріне жарияланған мақалалар.
Қазіргі күні де  пән мұғалімдері, қазақ тілі бөлімінде оқитын студенттер, оқушылар, жалпы Оралханның өмірі мен шығармашылығы жайлы білгісі келетіндер көптеп саналады. Соларға азды-көпті септігін тигізер деген оймен жоғарыдағы еңбек көпшіліктің пайдалануына ұсынылады.

Құрастырушы Жұмағұлова Г.Д.
ӨАО жетекші маманы.





«Қал-аға, қазақтың Қалиханы»
Төр Алтайдың түркілер ту тіккен, ереуіл тірлік кешкен кіндігі саналатын Қатонқарағайдан аты елімізге, тіпті әлемге әйгілі талай дарындылар өсіп шықты. Сол дарындылардың бірі және бірегейі туған өлкесін жалықпай жырлап келе жатқан жазушы, сыншы, драматург, аудармашы, “Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері”, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты   Қал-ағаң, яғни Қалихан Ысқақ.
Туған жерінен әсте алыстамаған Қал-ағаң қыстай Алматыда болса, ала жаздай Топқайыңдағы  інілері салып берген үйінде, елде болады. Күнделікті бәрін көріп-біліп жүргеннен кейін ауылдың жайын көп ойлап, елдің жағдайына алаңдайды.  Экономика құлдырап, ауыл тозған жылдары  Алтайдың әбден тоналып бара жатқанын көргеннен кейін ауданға "Ұлттық парк" статусын алып бермекке, бес жыл сонымен жүгіріп, нәтижесінде «Катонқарағай Ұлттық табиғат паркі» құрылды. Қазір мұның игілігін халық көріп отыр.
Қалихан Ысқақтың сұхбаттарын оқып отырсаң, жазушының еңбекқорлығына, ұлттық мүддеге адалдығына,  байлық пен атаққа қызықпайтын адамгершілігіне тәнті боласың. Мәселен, кезінде «Қазақфильмнің» беделін одақтық дәрежеге көтеру үшін сіңірген еңбегі неге тұрады. Ұлттық болмысымызды экранға шығару арқылы халқымыздың қасиеті мен қадірін, трагедиясы мен тағдырын жалпыға жария ету  жолында аянбай, уақытпен санаспай еңбек еткен болатын. "Мосфильм" түсірген "Күлше дәмі" ("Вкус хлеба») киносының бұрынғы авторлары жазып, іске аспай қалған сценарийін Қал-ағаң аз уақытта қайта жазып шығыпты. Бірақ оның титрында тіпті жазушының аты-жөні  жазылмаған да екен. Осы кино үшін сценарийі жарамай қалған Сахаров, Лапшин, Тюрин, Черных деген төрт автор, актерлер Ноғайбаев пен Ықтымбаев мемлекеттік сыйлықтың лауреаты болады. Қазіргі күнде басқа біреу болса,  сотқа жүгіріп, алашапқын болар еді. Ал Қал-ағаң мұның бәрін «еңбегі еш, тұзы сор» болдыға санамайды. Сол кезде алған пәтері мен жалақысын қанағат тұтады.
Жұрттың айтуы бойынша Қал-ағамыз талай аты белгілі жазушылардың шығармаларына редакторлық етіп, кей тұстарында қаламын батырыңқырап  жіберген де кездері болыпты.
Бірақ мұның бірін де ағамыз елге әйгілемейді. Өзінің «Қоңыр күзіндей» қазақы қоңыр мінезімен халыққа жаққан Қал-ағамыздан әлі де толымды шығармалар күтеміз.
Жұртшылыққа ұсынылып отырған өлкетану құралынан жазушының шығармашылығы, қайраткерлігі жайлы мол мағлұмат алуларыңызға болады.
Құрастырушы Жұмағұлова Г.Д.
ӨАО жетекші маманы.






«Халық қаһарманы Қасым Қайсенов»
Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 67 жыл. Бірақ, сол зұлмат соғыстың жаңғырығы ұрпақтар санасында жыл өткен сайын жаңғыра түсуде.
Жеңістің 65 жылдығына орай, біздің өлкетану ақпараттарының орталығы кітапхана оқырмандарынан өлкеміздегі жерлес батырларымыз, жерлес-ардагерлеріміз жайлы, жалпы өлкетануға арналған  құнды құжаттары болса әкелуді өтінген едік. Сол өтінішімізге алғашқылардың бірі болып үн қатқан ҚР «Білім саласының озаты» белгісінің иегері,  Ұлан ауданы, Молодежное кентіндегі Р.Мәрсеков атындағы  мектептің тіл пәнінің мұғалімі Сиезхан Дәулетханұлы Құдабаев ағамыз. Ол ағамыз қолы бос уақытта сурет салумен, өлең, проза жазумен және шежіре жинаумен айналысады. Биылғы жылы С.Қ.Иманғалиевпен бірлесіп жазған «Кеңес Одағының Батыры Төлеген Тоқтаров» атты кітабы жарық көрген.
Сиезхан Дәулетханұлының жеке мұрағатында біздің өлкеміздегі жерлес батырларға арналған талай құнды құжаттар сақталған көрінеді. Соның біршамасы Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Халық Қаһармандарының бірі, Ұлттық батыры, партизан, жазушы Қасым Қайсеновке арналған. Сондай-ақ, Сиезхан Дәулетханұлы  батыр атамен екі рет кездесіпті. Бала кезінде батыр атасы бата беріп, аузына түкірген екен. Осы жайлы ағамыздың өз естелігінде де жазылған.
Бұдан басқа да ағамызда С. Бекбосынов, Т. Тоқтаров, І.Айтықов, С.Н.Борозенец  және тағы басқа соғыс ардагерлеріне арналған құжаттар бар. Осылардың барлығын алдағы күндерде шығаратын «Күркіреп күндей өтті ғой соғыс» сериясымен ұсынбақпыз.
Бұл құралдан Қасым Қайсеновқа арналған естеліктермен, фото-құжаттармен танысасыздар. Құрал өмірін ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұстаздар мен тәрбиешілерге, студенттер мен оқушыларға, батыр жайлы білгісі келген жалпы оқырман қауымға көмегін тигізер деп ойлаймыз.
Құрастырушы Жұмағұлова Г.Д.
ӨАО жетекші маманы





«Шығыстың шырайлы шаһары»

Әркімнің  тарихшы болуы міндетті емес. Дегенмен әркім шыққан тегін білуі тиіс. Кезінде біздің өлкеміздің тарихы біржақты ғана зерттеліп, жалпы тарихымыздың бұрмаланып келгені шындық. Тіпті ер түріктің  алтын бесігі болған Алтайды, ежелден халқымыз еміп келген Ертісті қазақ жері емес дегендердің  де болғаны жасырын емес. Сандаған жылдар қазақ тарихы тарихи ғылымында да теріс баяндалып келді. Тыйым салу жүйесі нәтижесінде, әсіресе кеңестік кезеңде, бұрынғы КСРО халықтарының  тарихында, дүниежүзілік тарихта Ресейдің ерекше рөл атқарғаны, оның ерекше үстемдік дәрежесі туралы идея қоярда-қоймай сіңірілді.
Еліміз егемендік алып, қоғамдағы болған зор өзгерістер нәтижесінде сол олқылықтардың орны толып жатқандай. Жаңа айқындамалар тұрғысында жазылған еңбектер жарық көрді, мұрағат қорлары ашылды, қазақ тарихының «ақтаңдақ беттері» жойылып келеді. Көпшіліктің ұлт тарихына деген ынта-ықыластары күннен-күнге  арта түсуде. Сол себепті  де өлке тарихына арналған қазақ тіліндегі кітаптар саны да жыл санап молығып келеді. Біздің қалалық орталық кітапхана қоры да осындай кітаптар санымен толығуда.
Бұл еңбекті құрастырарда Өскемен және өлке тарихына жазылған көптеген кітаптар ақтарылды. Содан түйгеніміз, біздің өлкенің тарихына арналған құжаттарды сіздерге таныстыру жолында әлі де көптеген құралдар жазуға мүмкіншілігіміз бар. Мәселен, осы жинаққа кітапхана қорындағы сирек кездесетін және бағалы кітаптардың бірі «Из истории Октябрской революции и гражданской войны в Казахстане» кітабынан өлкеміздегі кеңес үкіметін орнату жолында күрескен қазақтың патриот ұлдары Ж. Болғанбаев және А. Чегіров жайлы  көпшілікке белгісіздеу (қазақша  жазылған) құжаттарды  ұсындық. Осындай құжаттарды кітапхана қорынан әлі де көптеп кездестіруге болады.
Құрастырушы Жұмағұлова Г.Д.
ӨАО жетекші маманы



«Өмірін өлеңімен өрнектеген»
Қасиетті Алтай өңірі таланттардан кенде емес. Бірақ, сол таланттарымызды дер уағында тани алмайтынымыз өкінішті. Сондай талантты жерлесіміздің бірі, Зайсанның Жамбыл ауылында дүниеге келіп, күні кеше ғана жыр тұлпарын ерттеп мінген Нұрлан Мәукенұлы еді.
Ақынның дүниеден өткеніне де біраз уақыт болды. Егер тірі болғанда, биыл 50 жылдық мерейтойын елінде дүркіретіп тойлар ма еді.
Бір өлеңінде:
Өлінің қамын тірі жер,
Жоқтауын салып жүгінер.
Жоғалтып алған асылы
Айрылғанында білінер,- деп өзі жазғанындай, асылдарымызды жоғалтқаннан соң жоқтайтынымыз өкінішті.
Бірақ, өзі жоқ болса да, артында  тасқа басқан өлеңдері қалды. Көңілге сол жұбаныш. Зайсанда ақын атына көше беріп, атын ұлықтап жатыр. Яғни, жоқтаушысы
бар ақын есімі ешқашан ұмытылмайды.
Осы бір құрал ақын өлеңдерін сүйіп оқыр оқырмандарға арналады.
Құрастырушы Жұмағұлова Г.Д.
ӨАО жетекші маманы



«Алтайдың ай мүйізді кер бұғысы»
Түркі жұртының «алтын бесігі, ата жұрты» саналған Алтай ғажайып табиғатымен, ерекше аң-құстарымен әлемге әйгілі. Әсіресе, Алтай кербез, тәкәппар кербұғысымен ерекшеленеді. Алтай, оның ішінде Катонқарағай ауданы марал шаруашылығының отаны болып саналады. Елімізде маралдар ең алғаш осы жерде қолға үйретілген.
Алтайдың Кербұғысы - ақиық жазушы О.Бөкей табиғаттың еркесі Кербұғының еркіндіктен айрылып, темір қоршауға қалай қамалғаны, адам қолымен табиғат сыйға тартқан салалы мүйізінен қалай айрылғаны   жайлы керемет әңгіме жазып қалдырды. Әңгімені оқи отырып, аң екеш аңның да еркіндікті сүйіп, аңсауына шынымен иланасың.
Ал, қолдарыңыздағы басылымнан өлкемізде осы маралдың қолға үйретілуі мен бұғы шаруашылығының ұйымдастырылу тарихы және маралды азықтандыру жайы, маралдан алынатын панты өнімі мен оның адам ағзасына тигізер пайдасы, болашақта бұғы өндірісінің даму жолдары туралы мағлұмат алуларыңызға болады.
Басылым осы тақырыпқа қызығушылық танытқан барлық оқырмандарға арналады.
Құрастырушы Жұмағұлова Г.Д.
ӨАО жетекші маманы



«Шығыс ақын-жазушылары – балаларға»
Қазақ балалар әдебиеті сонау халық ауыз әдебиетінен бастау алады. Қазақ баласы бесікте жатқаннан-ақ ана әлдиі - бесік жырымен ес жиып, жастайынан тақпақ жаттап, жаңылтпаш айтып, жұмбақ шешіп, ақсақалдардан мақал-мәтелдер мен шешендік сөздерді, жыраулардан батырлар жыры мен қисса-дастандар естіп өскен. Сондықтан да, қазақ халқынан сөз бастаған көсемдер көп шыққан.
Кейіннен балалар әдебиетінің атасы атанған Ыбырай Алтынсариннен басталған балалар әдебиеті қалыптасты.
Жиырмасыншы ғасырдың басында қазақ зиялылары да білімнің әр саласынан мектептерге, жоғары оқу орындарына арнап оқулықтар жазды. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов те шәкірттерге арнап «Жеткіншек» (1925жыл) атты кітап жазып, ол ұзақ жылдар мектепте оқулық ретінде пайдаланылды.
Біздің Шығыс өңірінен де балаларға арнап әңгіме, жыр арнаған жерлес ақын-жазушыларымыз жетерлік. Өмірін бала тәрбиесіне арнаған ұстаздар, тәрбиешілер және баланың кітап оқуына көмектесетін кітапханашылар  үшін  олардың өмір жолы мен шығармашылығы жайлы білгені артықтық етпейді деп ойлаймыз. Сондықтан осы «Шығыс ақын-жазушылары - балаларға» атты өлкетану құралын шығарып отырмыз. Сонымен қатар, осы құралдағы аттары аталған қаламгерлердің балаларға арналған «Балдәурен балалық» атты шығармаларының жинағы да шығарылған. Балаларды өмірге бейімдеу, олардың бойына өз өлкесіне, өз ұлтының әдебиетіне деген сүйіспеншілігін арттыру жолында осы құралдың аз да болса көмегі тисе біздің мақсатымыздың орындалғаны деп білеміз.
Құралдағы ақын-жазушылардың өмір жолы,  шығармашылық деректері 2004 жылы жарық көрген «Қазақстан жазушылары: ХХ ғасыр»  және 2008 жылы шыққан «Балалар бағының бағбандары» атты анықтамалықтардан  алынды.
Балалар әдебиеті көне заманнан бері рухани қазынаның бірі болған. Ол құнын жоғалтпайды. Тәуелсіз Қазақстанның жас ұрпақтары үшін де әдеби туындылар аса қажет. Жаңа заманның жаңа адамдарын тәрбиелеу ісінде, ұлттық қазақ әдебиеті, оның ішінде балаларға арналған туындылар қыруар насихаттық қызмет атқаратыны баршаға аян. Көзді қадап оқитын ғана емес, әрдайым зердеге тоқитын шынайы шығармалар көп болғай..
Құрастырушы Жұмағұлова Г.Д.
ӨАО жетекші маманы
.



«Балдәурен балалық»
Бұның алдында «Шығыс ақын-жазушылары - балаларға» деген атпен өлкетану құралы шығарылған. Ол құралға балалар әдебиетіне атсалысып жүрген жерлес қаламгерлеріміздің өмірбаяны, шығармашылығы жайлы деректер енген. Ендігі кезекте жерлес қаламгерлеріміздің балаларға арналған шығармаларын жинақтаған «Балдәурен балалық» атты жинағын ұсынып отырмыз. Жинақ екі бөлімнен тұрады, «Қошақан» бөліміндегі шығармалар бастауыш сынып оқушыларына арналса, «Жеткіншек» бөліміндегі шығармалар орта сынып оқушыларына арналған. Бұл жинақтың келесіде жалғасы болады деп ойлаймыз. Өйткені мұндағы шығармалар балаларға арналған «Балдырған», «Ақ желкен» т.б. республикалық басылымдарынан алынды.

Құрастырушы Жұмағұлова Г.Д.
ӨАО жетекші маманы






«Ел рухын асқақтатқан Азиада»

Астана мен Алматы қалаларында өткен VII  қысқы Азиада ойындарында жалпы командалық есепте Қазақстан бірінші орынға ие болып, барлығы 70 медальды жеңіп алды, оның ішінде – 32 алтын медаль.
Бүкіл әлем көз тіккен Азиада жарыстарындағы жерлестеріміздің жетістіктері шығысқазақстандықтар үшін зор мақтаныш. Қазақстан құрама командасы қол жеткізген жүлделі орындардың жартысына жуығы – жерлестеріміздің еншісінде.
VII қысқы Азия ойындарында біздің ойыншыларымыз 32 алтын медаль жеңіп алса, мұның 15-і Шығысқа бұйырды. Спортшыларымыз Шығыс Қазақстан облысының тарихында тұңғыш рет осындай жетістікке жетті. А.Полтораниннің бір өзі ғана төрт алтын медальды иеленді. Мұндай нәтиже бізде бұрын болып көрмеген. Спортшылардың шеберлігі, жаттықтырушылардың біліктілігі осындай жарыстарда айқындалады. Олар Шығыс Қазақстан – қысқы спорттың отаны, қысқы спорт түрлерінен кадрлар ошағы екенін тағы да дәлелдеп берді.
Қазақстанның шайбалы хоккейінен Олимпиаданың, әлемнің алғашқы чемпиондары да Шығыс Қазақстаннан шыққан. Жүлделі орындарға ие болған спортшыларымыз сол чемпиондардың жеңісті жолдарын жалғастыруда.
Төмендегі ұсынылып отырған өлкетану құралынан көпшілік  оқырман  қауым Азиада атрибуттары жайлы және Азиада чемпиондары – даңқты жерлестеріміздің өмір жолы, спорттық жетістіктері туралы өздерін қызықтырар мәліметтерді таба алады.
Құрастырушы Жұмағұлова Г.Д.
ӨАО жетекші маманы



«Өлкеміздегі оқу-ағарту ісінің тарихы»
Оқу-ағарту жұмысының тарихы елімізде ерте кезден бастау алған. Әсіресе, отырықшы аудандарда орта ғасырдың өзінде-ақ (VII-VIII ғасыр) көптеген мектептер мен медреселер, діни білім беретін жоғарғы оқу орындары жұмыс істеген.
19 ғ-дың бас кезінде Орта Азияда 600-дей медресе жұмыс істеген. Семей қаласында кезінде ташкенттіктер, бұхарлықтар мен татарлар салғызған Сарт мешіті, Тоқал мешіті, Ғадият мешіті болған. Хамитұлы, Мусин, Ахрам мен Тінібай мешіттері осы күнге дейін жақсы сақталған. Ал Семей губерниясына қарайтын Өскемен уезіндегі 17 болыс көшпелі қазақ елінде Ұлан, Қалба, Тарғынды, Ахмер сияқты елді мекендерде ғана медреселер болған. Медреселердің көпшілігі Кеңес өкіметінің атеистерінің кесірінен жойылып кетті.
Қазақ елінің Ресейге қосылуынан кейін, патша өкіметінің саясатын жүргізіп, қазақ даласын билеу ісінде өкімет орындарына көмектесе алатын білімді қазақ шенеуніктері жергілікті жердегі ел билеушілеріне керек болды. Сондықтан патша үкіметі амалсыздан қазақ ақсүйектері мен байларының балаларына біраз білім беріп, олар үшін орыс-қазақ мектептерін ашуға тиісті болды. Бірақ патша үкіметі қазақ даласын біліммен толық қамти алмады, қазақтардың білімді болғаны патша үкіметіне тиімді де емес еді.
Кеңес үкіметі кезінде халыққа білім беру саласында орасан зор жұмыстар жүзеге асырылды. Ең бастысы, халық ағартудың біртұтас жүйесі құрылып, мектеп жасындағы балаларды оқуға тарту, жаппай сауатсыздықты жою жұмыстары жүргізілді. Халық түгелдей сауаттанды, елімізде мектептер, жоғары оқу орындары көптеп ашылып, олардың материалдық-техникалық базасын нығайту, оқудың сапасын жақсарту ісіне ерекше мән берілді.
Өлкетану құралында өлкеміздегі білім беру тарихының осы кезеңдері барынша ашып көрсетілді. Төмендегі ұсынылып отырған өлкетану құралынан көпшілік  оқырман  қауым білім берудің тарихы туралы өздерін қызықтырар мәліметтерді таба алады.

Құрастырушы Жұмағұлова Г.Д.
ӨАО жетекші маманы

Меню

Бізді санайды

Рейтинг@Mail.ru Яндекс.Метрика

Материалдарды қолдану

Сайт материалдарын баспа, электронды немесе басқа түрде қолдануға тек www.kitaphana.kz сайтына сілтеме болғанда ғана рұқсат етіледі.

Серіктестік бағдарлама

Барлық кітапханалар мен өзге мекемелерді сілтемелермен алмасу және біздің мекемелер каталогына тіркелу мақсатында іскерлік бағдарлама мүшелігіне шақырамыз.

Сайттағы жарнама

Сайт бетінде, сонымен қатар біздің "Мереке - Праздник для всех" газетіне жарнама орналастыру бойынша мына телефон арқылы +7 7232 25-03-64 және ukcbs@mail.ru хабарласуға болады.