1. Skip to Menu
  2. Skip to Content
  3. Skip to Footer>
012345


Әншілер мен сазгерлер

Шәкәрім Жарқын

Домбырашы, музыка зерттеуші. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
1947 жылы 4 мамыр күні Аягөз қаласында туған.
1968 жылы  Қарағанды музыкалық училищесін,   1973  жылы Алматы    консерваториясын бітірген.
1973-1976 жылдары Мәскеудегі Бүкілодақтық   «Мелодия» фирмасының Алматы күйтабаққа жазу студиясында  аға редактор, 1976-1980 жылдары «Жалын» баспасында редактор,  1980-1982 жылдары Республикалық музыка аспаптары мұражайының директоры, 1982-1983  жылдары Қазақ филармониясында күйші-лектор  болды, 1983 жылдан Қазақ теледидарының музыка бағдарламалары редакциясының редакторы, бөлім меңгерушісі бола  жүріп  «Замана   бұлбұлдары», «Домбыра сазы», «Терме», «Шашу», «Музыкалық  киножылнама», «Күй-шежіре», «Інжу-маржан» тәрізді хабарларды жарыққа шығарды. «Сазген» фольклорлык ансамблін ұйымдастырды (1980), алғашқы көркемдік жетекшісі.
Әміре Қашаубаевтың фонографқа жазылған (1925) «Ағашаяқ», «Смет», «Бесқарагер», «Жалғыз арша», «Үш дос», «Балқадиша», «Дудар-ай»   әңдері   үнтаспасын   Мәскеудің   Орталық мұрағатынан  тауып (1974),  С. Қожамқұлов, Ә.Марғұлан, С.Бегалин, Ж.Елебеков. Ә.Байжанбаевтардың қатысуымен күйтабағын автор ретінде шығарды (1975). «Әміре» (1977), «Ән жұлдызы»  (1978),  «Амре Кашаубаев» (орыс тілінде, 1980), «Малайсары   биден   Шәмілге дейін» (1997), «Ән асқары» (1998), «Құрманғазы» (ғылыми кеңесші, 1998), «Нұрғиса Тілендиев» (Дариға Тілендікелінімен бірлесіп жазған, 2003) кітаптарының авторы. «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорадиясы АҚ жобасы бойынша жарыққа шыққан «Мәңгілік сарын» деп аталатын қазақ күйлерінің антологиясын (255 күй топтастырылған) шығаруға үлес қосып (2005), жауапты редактор болды.
Ұмытыла бастаған көне саз аспабы – үш ішекті домбырада    шебер    орындаушы,  насихаттаушы. Репертуарында «Жорға аю», «Көктөбел», «Кеңес», «Үзбе», «Толғау», «Қыз мұңы», «Қабанбай» сияқты халық күйлері,  Нұрғалидың «Көк каршыға» күйі, өзі шығарған «Анадан аманат», «Абыралыдағы ата зары», «Дүние кезек», тағы басқа күйлер бар.
Мәскеуде өткен ХІІ дүниежүзілік жастар мен студенттер фестивалінің (1985) дипломанты, КСРО Бүкілодақтық «Білім» қоғамының медалімен марапатталған (1989).

Шондыбаев Уәйіс

Ақын, композитор. 1873 жылы қазіргі Абай ауданында дүниеге келген. Ол Абайдың шәкірттерінің бірі.
1894 жылдан бастап Ақылбай, Көкбай, Мағауия сияқты дарынды ақындар тобына қосылып, ұлы Абайдың ақындық мектебінен өтеді. Оның көптеген өлең, дастандары, сондай-ақ халық арасында кең тараған «Перуайым», «Шұбартау», «Шыңғыстау», т.б. әндері бар.
1923 жылы қайтыс болған.

Шүкіманов Еркін

Әнші, ҚР мәдениет қайраткері.
1973 жылы 5 қыркүйекте Мақаншы ауданының Жарбұлақ ауылында туған.
1990 жылы Аксуат ауданы Сұлутал ауылында Қ.Сәтбаев атындағы орта мектепті бітіріп, 1991-1996 жылдары Шәкерім атындағы Семей университетінің филология факультетінде оқыған. 1996 жылы Алматыдағы Ж.Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжіне Қ.Байбосыновтың сыныбына қабылданды. 1999-2004 жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының халық әні кафедрасында Б.Тілеухановтың сыныбы бойынша оқыған. 1999 жылдан «Қазақконцерт» бірлестігінің әншісі. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында ұстаздық етеді.
«Біржан сал» фильміне Б.Қожағұлұлының «Айтбай», «Жалғыз арша», «Сырғақты», «Ләйлім шырақ», «Жанбота», «Теміртас» әндері Еркін Шүкімановтың орындауында енген.
1998 жылы республикалық Ж.Елебеков атындағы әншілер байқауының, 2000 жылы халықаралық «Шабыт» фестивалінің, 2002 жылы республикалық Ә.Қашаубаев атындағы әншілер байқауының лауреаты атанды.

Ынтықбаев Еркен

Композитор, продюсер.
1960 жылғы 2 тамызда Өскемен қаласында дүниеге келген.
1974 жылы музыка мектебінін фортепьяно сыныбын бітірген. 1974-1979 жылдары музыкалық училищеде, 1979-1985 жылдары Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияда білім алды. 1985 жылдан Қазақ мемлекеттік облыстық филармониясының жанындағы «Арқас» тобында, 1987 жылдан «Дос-Мұқасан» тобының, 1989 жылдан «Арай» тобының құрамында музыкант болды.   1999 жылдан Т.Жүргенов атындағы академияда, К.Байсейітова атындағы мектепте ұстаздық етті.
1997 жылы «Мэри Лонг», 1998 жылы «Аян» топтарын құрды (бұл топтар республикалық, халықаралық фестивальдерге қатысып, байқаулардың жүлдегері атанды). Бірнеше деректі фильмдерге музыка жазды.
«Анажан», «Алматым-Астанам», «Жерім - жаннатым», «Қазақ елі», «Жұлдызды жылдар», «Ертегіге - ертеңіме сенемін», «Арманға арнау», «Күлімдеген көздер», «Анық-қанығым», «Алтын сағым», «Қара маған, қара», «Бұлбұл сайрасын», «Арман-ай», «Ән қанатым», «Алматым менің», «Ақ ордам - Астанам», «Мәңгі іздеймін»,   «Өмірде   мына   сен   барсың», «Закон разлук», «Белый стих», «Королева», «Цветы», «Я тебя люблю», тағы басқа да көптеген әндердің; «Жанель», «Анель» фортепьяноға арналған пьесаларының; «Откровение», «Прикосновение», «Моим  друзьям» аспаптық шығармаларының авторы.
1974 жылы Алматы қаласында өткен республикалық пианиношылар байқауының иегері, 2001 жылы «Алтын диск» жүлдесінің «Ең үздік ән» аталымы бойынша «Қазақ елі» әні үшін жеңімпаз атанды. 2005 жылы «Алматы туралы ең үздік ән» байқауында «Алматым менің» әні үшін дипломға, 2007 жылы Астана қаласының 10 жылдығына арналған байқауында «Ақ ордам - Астанам» әні үшін арнайы сыйлыққа ие болды.

Майра Ілиясова

Әнші, продюсер.
1956 жылы дүниеге келген.
«Майра» продюсерлік орталығының жетекшісі.
Түрлі деңгейдегі көптеген ән байқауларының жеңімпазы және жүлдегері.
Казақстанның еңбек сіңірген қайраткері. «Құрмет» орденінің иегері.

Twitter

Instagram

Facebook

Youtube

Одноклассники

Instagram

Рухани жаңғыру

Оқырмандар қоржынынан

Бізді санайды

Рейтинг@Mail.ru Яндекс.Метрика

Материалдарды қолдану

Сайт материалдарын баспа, электронды немесе басқа түрде қолдануға тек www.kitaphana.kz сайтына сілтеме болғанда ғана рұқсат етіледі.

Серіктестік бағдарлама

Барлық кітапханалар мен өзге мекемелерді сілтемелермен алмасу және біздің мекемелер каталогына тіркелу мақсатында іскерлік бағдарлама мүшелігіне шақырамыз.

Сайттағы жарнама

Сайт бетінде жарнама орналастыру бойынша
+7(7232)25-03-64 телефоны және ukcbs@mail.ru
арқылы хабарласуға болады.