1. Skip to Menu
  2. Skip to Content
  3. Skip to Footer>
012345


Әншілер мен сазгерлер

Құжыманов Тельман

Әнші.
1966 жылы 15 желтоқсанда Ақсуат ауылында дүниеге келген.
1974-1984 жылдары Ақсуат қазақ орта мектебінде оқып, 1985-1987 жылдары әскери борышын өтеген. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің өнер және музыка факультетін тәмамдаған.
1987-1989 жылдары Семейдегі Ә.Қашаубаев атындағы облыстық филормонияда әнші болды. 1989-1991 жылдары Ж.Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк студиясында Қ.Байбосыновтың сыныбында оқыған. 1991-1994 жылдары «Отырар сазы» оркестрінде әнші болып, 1994-1998 жылдары Ықылас Дүкенұлы атындағы ұлт-аспаптар мұражайында қызмет еткен. 1998 жылдан Астана қаласы мемлекеттік филормониясының әншісі.
1992 жылы Шымкент қаласында өткен республикалық Ә.Қашаубаев атындағы әншілер байқауының лауреаты.

Әміре Қашаубаев

(1888 - 1934 жж.)
Қазақтың атақты әншісі, актер әрі музыканты. Туған жері Абыралы ауданына қарасты Дегелең тауының алабы.
Шыққан тегі Орта жүз ішіндегі Тарақты руы. Кедей шаруа отбасында туып өскен. Әміре 12 жасқа толғанда әкесі Семей қаласына көшіп келген. Жас Әміре Исабек деген байдың ат айдаушысы болып еңбекке ерте араласады. Исабек жас әншіні жанына ертіп жүріп, той-жиындарда ән салғызады. Көп ұзамай Әміренің атақ-даңқы бүкіл Семей өңіріне жайылады. Атақты Қоянды жәрмеңкесіне барып, ел аралап ән салып, қараөткелдік Сәтмағамбет, Ғазиз Айтбаев, баянауылдық Жаяу Мұса, Қали Байжанов, керекулік Майра Уалиқызы, қарқаралық Мәди Бәпиұлы сияқты арқалы әншілермен танысып, өнерін одан әрі шыңдай түседі. Әмір 1921-24 жылдары Семейде құрылған казақ жастарының ағарту ұйымы "Ес-аймаққа'' мүше болып, әншілік өнерін шыңдай түседі. 1924 жылы Семейде өткен өнерпаздар байқауында Қали Байжановпен бірге бас жүлдеге ие болады. 1925 жылы Қызылордада өткен Қазақстан Кеңестерінің V съезі мен 1927 жылы Мәскеуде болған Кеңестердің IV съезіне делегат ретінде қатысып, делегаттар үшін ұйымдастырылған концертте өнер көрсеткен. 1925 жылдың 26 маусымында осы концерт жайында "Правда" газеті: "Керемет концерт. Маусымның шыңы. Керек болса башқұрт қурайшысы Исенбаев, қазақ әншісі Әміре Қашаубаев, өзбек биші-әншісі Тамара Ханум... шын мәнісіндегі халық артистері" деп жазды. 1925 жылы   Парижде өткен Дүниежүзілік сән өнері көрмесінде этнографиялық концертте ''Ағаш аяқ", "Қанапия", «Үш дос», "Жалғыз арша", "Қос балапан" т.б. әндерді орыңдап екінші орын алып, күміс медаль иемденеді. "Париж апталығы" газеті мен "Ле мюзикль" журналы Әміре Қашаубаевтың сирек кездесетін талант екенін жазса, Сарбонна университетінің профессоры Перно фонографқа Әміренің орындауында бірнеше ән жазып алған. Осылайша Әміре Қашаубаев шетелде өнер көрсетіп қазақ елін танытқан тұңғыш әнші болды.
Парижде Әміре Мұстафа Шоқаймен кездескен. Ең әуелі Мұстафа қазақтың әншісі келді деп көруге барған. Әміре екеуі құшақтасып, жылап көрісіпті. Мұстафа Әмірені үйіне апарып, костюм-шалбар сатып әпереді. Сол күні Мұстафа Шоқай әртістерді ресторанға шақырады, біреу «соңдарыңнан КГБ-ның адамдары аңдып жүр»  деп ескертіп қойса керек, ресторанға ешкім бармай, Әміре жалғыз барады. Әнші саясатты қайдан түсінсін. Мұстафа Әмірені Ромен Роллан,  Андрей Барюспен таныстырады.
1927 жылы Мәскеу консерваториясында қазақ әндерін тамылжыта шырқады. Германияның Майндағы Франкфурт қаласындағы концертке қатысып, қазақтың халық әндерін тағы да әлемге паш етті. Әміре Қашаубаевтың әндері дүние жүзі мәдениетінің ірі өкілдері Ромен Роллан, Анри Барбюс т.б. тарапынан жоғары баға алған. А.В.Затаевич Әміренің әншілік өнеріне тәнті болып, одан "Балқадиша", "Дударай", "Бес қарагер", "Көк көбелек" тағы да басқа әндерін жазып алған. Оның әншілік өнерін, өнердің парқын терең түсінетін мамандар А.В.Луначарский, П.Любимовтер және қазақ әдебиеті мен өнерінің көрнекті өкілдері М.Әуезов, С.Сейфуллин, И.Байзақов, Ә.Марғұлан, Ж.Елебеков, А.Жұбанов, Қ.Жандарбековтер жоғары бағалаған.
Парижден келгеннен кейін 1925 жыл мен 1934 жылдар аралығында «үш әріп» әйгілі әншіге көрмеген қорлықты көрсетеді. М.Шоқаймен кездескені үшін Әміре КГБ-ның тізімінде болады. Ә.Қашаубаев 1926 жылы Қызылордада ашылған жаңа театр труппасына қабылданды. Дәл сол күні Әмірені КГБ-ның адамдары өлімші қып сабап кетеді. М.Әуезовтың «Еңлік-Кебек» трагедиясы алғаш қойылған кезде Әміре Жапал рөлін ойнады. Кейін М.Әуезовтың «Қаракөз», «Бәйбіше-тоқал», «Айман-Шолпан» спектакльдерінде Қоскелді, Қойшы, Жарас, Ақын образдарын сомдаған. Өмірінің соңына дейін театрдың әнші-әртісі болған. 1934 жылы қазіргі Абай атындағы Қазақ опера және балет театрына ауысты. Ол мұнда қазақтың алғашқы операсы «Қыз Жібекте» Бекежанның ариясын орындауға тиіс болатын.  1934 жылғы қарашаның 5-інен 6-сына қараған түнінде Әмірені далада өлтіріп кетеді. Оның денесін халық даладан тауып алған. Операның премьерасы 1934 жылдың 7-қарашасында өтеді. Әміренің орнына Қанабек Байсейітов шығады.
1925 жылы Әміренің орындауында фонографқа жазылып алынған "Жалғыз арша", "Үш дос", ''Ағаш аяқ",  "Смет", "Дударай", ''Бес қарагер" әндерін 1974 жылы музыка зерттеушісі Ж.Шәкәрімов тауып, олар техникалық өңдеуден өткеннен кейін қайтадан күйтабаққа түсірілді.
Әміре орындаған қазақтың классикалық әндері ол айтқан үлгі өнегемен орнығып, кейінгі әншілердің репертуарларында жалғасын тапты. Бұл ретте Ж.Елебеков, М.Ержанов, Ж.Кәрменов, Қ.Байбосынов, М.Ешекеев, Б.Тілеуханов сияқты жез таңдай әншілердің Әміре өнерін жалғастырушы лайықты ізбасарлар болғанын атап айтқан жөн.
Ә.Қашаубаев туралы жазылған бірнеше зерттеулер, көркем шығармалар жарыққа шықты.
Ә.Қашаубаев атындағы республикалық жас әншілер байқауы өтіп тұрады. Семей қаласындағы облыстық филормония Ә.Қашаубаев атымен аталады.

Мұқышев Талғат

Сыбызғышы.
1962 жылы Ақсуат ауылында туған.
1992 жылы ҚР Мәдениет министрлігінің жолдамасымен сыбызғы аспабын дамыту мақсатында Башқұртстандағы Уфа мемлекеттік конссрваториясының қурай-сыбызғы сыныбына білім алуға жіберіледі. 1995 жылы еліміздегі алғашқы кәсіби сыбызғышы ретінде Алматы мемлекеттік консерваториясының халық аспаптары факультетіне оқытушылыққа қабылданады. Кезінде академик А.Жұбанов, зерттеуші ғалым Б.Сарыбаев сынды өнер қайраткерлері бастаған игі шаралар қайта жанданып, оқу орнында сыбызғы сыныбын ашуға мүмкіндік туады.
1997-2000 жылдары Республикалық Ұлан президенттік оркестрінде жеке орындаушы-сыбызғышы болды. Құрманғазы атындағы академиялық ұлт аспаптар оркестрі және Н.Тілендиев атындағы академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестрлермен көптеген концерттерге шығып, өнер көрсетті. 1995 жылдан Қазақ ұлттық консерваториясында сыбызғы сыныбы бойынша аға оқытушы болып келеді.
Оның орындауындағы сыбызғы күйлері Қазақ радиосының «Алтын қорына» енген. «Естайдың Қорланы» атты спектакльді, «Көшпенділер» кинофильмін сыбызғы үнімен дыбыстандырды. 2003 жылы сыбызғы күйлерінен өз орындауында «Сыбызғы сыры» атты үнтаспа шығарды, 2007 жылы «Мәңгілік сарын» атты сыбызғы-қобыз күйлер жинағының және 2010 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» атты күйлер жинақтарының кіріспесін жазып, көптеген сыбызғы күйлерін жинап, осы антологияның құрастырушылары қатарында болды. 2005 жылы жарық көрген «Сыбызғы сазы» атты кітаптың авторы.
Өнертану ғылымдарының кандидаты, ҚР мәдениет қайраткері. Республикалық және халықаралық фестивальдардың лауреаты, Америка, Франция, Германия, Италия, Швейцария, Мысыр, Оңтүстік Корея, Қытай, Түркия, Ресей, Башқұртстан, Өзбекстан, Қырғызстан, тағы басқа елдерде өткен халықаралық музыка фестивалъдеріне қатысып, бірнеше рет жүлдегер атанды.

Мұхамеджанов Төлеген

Композитор, қоғам қайраткері.
1948 жылы 27 шілде күні Бесқарағай ауданының Бөген ауылында туған.
1969 жылы Семей пединститутын бітіріп, осы қаладағы педагогтік училищеде оқытушы (1969-1973) болды, Алматы мемлекеттік консерваториясын (қазіргі Қазақ ұлттық консер-ваториясы) бітірді.
1980-1982 жылдары Мәскеу консерваториясында ассистент-стажер болып, 1982-1986 жылдары Алматы  консерваториясында  педагогтік қызметпен  айналысты. 1987-1988 жылдары Қазақ академиялық опера және балет театрының   директоры. 1990-1992  жылдар «Азия дауысы» халықаралық байқауының директоры,  1992-1996 жылдары  «Мәдениет  арқылы бейбітшілік» халықаралық ассоциациясы Қазақстан бөлімшесінің төрағасы, 1996-1998 жылдары «Рухани келісім конгресі» халықаралық қоғамдық қорының   президенті, Астана қаласы  әкімінің орынбасары  қызметтерін атқарған.
12  жасынан ән шығара бастаған музыка майталманы  әр алуан  музыкалық жанрда жемісті еңбек етті. Хорға арналған күйі мен  симфониялық оркестрге  арналған «Күй толғаудың» (1978), «Махамбет» симфониялық поэмасының (1979), «Алдаркөсе» операсы мен «Ғажайыптар елі» зонг-операсының (екеуі  де 1980), кинофильмдер мен спектакльдерге арналған музыканың және бірталай әндердің авторы. Көптеген әндері Р. Бағланованың («Іңкәрім»), Р. Рымбаеваның («Заман-ай»), Н.Үсенбаеваның («Ақжелкен») және Г. Сиқымбаеваның («Мен деп ойла»), басқа да айтулы әншілердің репертуарынан орын алды.
«Парасат» орденімен марапатталған. ҚР Парламенті Сенатының депутаты.

Мұхамедсадықов Сералы

Көне ұлттық аспаптарды зерттеуші және шебер орындаушы.
1978 жылы 8 қазанда  Есім ауылында дүниеге келген.
1995 жылы Семейдегі №16 мектепті бітіріп, 1996-1998 жылдары Құнанбай қажы медресесін тәмамдаған. 1999-2004 жылдары М.Әуезов атындағы Семей мемлекеттік университетінде дәріс алды.
Шаңқобыз, қылқобыз, шертер, абызғы, дауылпаз, сазсырнай аспаптарын меңгерген. Қазақтың көне сақ-түркіден келе жатқан күркіреме-көмей әуенін тұңғыш орындап, зерттеуші.
1995 жылғы облыстық «Жігіт сұлтаны» сайысының бас жүлдегері. 1999 жылғы республикалық «Шабыт» фестивалінің, 2009 жылы Ресей Федерациясының Алтай Республикасында өткен халықаралық қарахыр-көмей әуені бойынша байқауының, Моңғолия, Хакасия, Саха елдерінде өткен фестивальдардың лауреаты. 2000 жылғы «Жас қанат» байқауындағы «Алтын қобыз» сыйлығының, Алтай Республикасының Чорос-Гуркин атындағы сыйлығының иегері.

Twitter

Instagram

Facebook

Youtube

Одноклассники

Instagram

Рухани жаңғыру

Оқырмандар қоржынынан

Бізді санайды

Рейтинг@Mail.ru Яндекс.Метрика

Материалдарды қолдану

Сайт материалдарын баспа, электронды немесе басқа түрде қолдануға тек www.kitaphana.kz сайтына сілтеме болғанда ғана рұқсат етіледі.

Серіктестік бағдарлама

Барлық кітапханалар мен өзге мекемелерді сілтемелермен алмасу және біздің мекемелер каталогына тіркелу мақсатында іскерлік бағдарлама мүшелігіне шақырамыз.

Сайттағы жарнама

Сайт бетінде жарнама орналастыру бойынша
+7(7232)25-03-64 телефоны және ukcbs@mail.ru
арқылы хабарласуға болады.