1. Ресурсы
  2. Рефераты на казахском
  3. Қазақ әдебиеті
  4. Мәшһүр ─ Жусіп және қазақтың мақал-мәтелдері

Мәшһүр ─ Жусіп және қазақтың мақал-мәтелдері

Мақал-мәтелдер – халық даналығының қазына байлығы. Олар ғасырлар бойы қалыптасып, сол халықпен мәңгі бақи бірге жасап, біте қайнасып кеткен дүние. Сондықтан да оны жұртшылық жадына сақтап, өзінің күнделікті өмірінде, өзара қарым-қатынасында пайдаланады. Мақал мен мәтелге бай халықтың бірі – қазақ халқы. Қазақ халқының мақал-мәтелдерінің шығу тегі жөнінде айтар болсақ, А.Байтұрсынұлы: «Мақал да тақпаққа жақын салт-санасына сәйкес айтылған пікірлер. Тақпақтан гөрі мақал маңызы шын келеді. Мәтел дегеніміз кесегімен айтылатын белгілі-белгілі сөздер. Мәтел мақалға жақын болады. Бірақ мақал тәжірибеден шыққан ақиқат түрінде айтылады. Мәтел ақиқат жағын қарамай, әдетті сөз есебінде айтылады»[1,112 б.],─ деп көрсеткен болатын. Демек, мақалда тұрмыста қолданылып жүрген сөздеріміз шындықпен астасып келіп, мақалдап, шешен тілмен айтылатын сөздер болса, ал мәтелде тұрмыста қолданылатын сөздердің шындыққа жанаса қоймай, кесегімен айтылатын сөздердің қатарына жатқызуға болады. Қазақ мақал-мәтелдерінің бастау көзі сонау Орхон-Енисей жазба ескерткіштерінен бастау алады. XII-XIII ғасырлардан бізге жеткен жазба ескерткіштердің тілінде мақал мен мәтелдер баршылық. Мысалы: Орхон жазбаларында: «Бастыны еңкейтіп, тізеліні бүктірген» («Күлтегін» жырынан), «Өлімнен ұят күшті» («Тоныкөк» жырынан) деген мақал-мәтелдерді кездестіреміз. Ал Махмұт Қашқаридің «Дивани лұғат-ат түрік» сөздігінен: «Ұлы болсаң, кішік бол, халық үшін бәлік бол», ал «Құдатғу біліктен»: «Біліп сөйлеген білекке саналар, білімсіз сөз өз басын жояр» [2, 56 б] дейтін мақал-мәтелдерді байқауға болады. Бұл деректерге сүйене отырсақ, мақал-мәтелдердің бастауы сонау көне ескерткіштерден бастау алып, шығармалардың тілінде қолданыста болғанына көз жеткіземіз. Мақал-мәтелдер негізінен халық аузында ауызша сақталған. Ал, оларды нақты жинап, қағаз бетіне түсіру, баспасөз беттерінде жариялау – XVIII ғасырдың II жартысынан басталады. Қазақтың мақал-мәтелдерін алғаш қағаз бетіне түсірген ғалым – Шоқан Уәлиханов. Шоқан Уәлихановтың «Таңдамалы шығармалар» [3,416 б.] еңбегіндегі біршама мақал-мәтелдер әлі күнге дейін өз құндылығын жойған жоқ. Сол уақыттан бері қазақ мақал-мәтелдері түрлі жинақтарда, хрестоматияларда жазылып, жарияланып келді. Ш.Ахметовтың құрастыруымен шыққан «Қазақ балалар әдебиетінің хрестоматиясында» бірнеше тақырыптағы мақал-мәтелдер берілген. Сонымен қоса, қазақ мақал-мәтелдерін жинап, жариялауда: Ш.Ибрагимов, М.Терентьев, Ы.Алтынсарин, Я.Лютшь, Ф.Плотников, И.Гродеков, А.Васильев, П.М.Мелиоранский, Ә.Ә.Диваев, Н.Ф.Катанов, Н.Н.Пантусов, В.В.Катаринский, Ө.Тұрманжанов, М.Әлімбаев, Ә.Нұршайықов, Н.Төреқұловтарды атап көрсетуге болады. Қазақ халық ауыз әдебиетінің нұсқалары, соның ішінде Қазан төңкерісіне дейінгі әдебиетте 1879 жылы Орынборда шыққан, 1906 жылы толықтырылып қайта басылған Ы.Алтынсариннің хрестоматиясының алатын орны ерекше. Бұл хрестоматияда берілген мақал-мәтелдер бірнеше тақырыптарға бөлініп, жүйелі түзілген. Жоғарыда аталған жинақтарда берілген түсінік дәрежесіндегі бірен-саран шағын алғы сөздерде, жалпы халық ауыз әдебиеті жайында жазылған шолу мақалаларда айтылғаны болмаса, қазақ мақал-мәтелдері қырқыншы жылдарға дейін арнайы сөз болып зерттелген емес. Бұл кезеңдерде М.Әуезовтің 1927 жылғы «Әдебиет тарихында» [5,234б.], С.Сейфуллиннің «Таңдамалы шығармалар» [6,55 б.] жинағында мақал-мәтелдер қазақ халық ауыз әдебиетінің бір саласы ретіне аталып, топтап мысалдар келтірілген. Мұнда Сәкен Сейфуллин мақал-мәтелдерді шешендік сөздердің бір саласы ретінде қарастырған. М.Әуезов 1940 жылдардың басында «Қазақ халқының эпосы және фольклоры» атты зерттеуінде қазақтың мақалдары мен мәтелдерінің тұлғасы өлең түрінде жасалатын, мазмұны халықтың негізгі кәсібі малшылықпен байланысты болатын екі ерекшелігіне көңіл бөлген. Қазақ мақал-мәтелдерінің зерттелуі шын мағынасында «Қазақ әдебиетінің тарихында» басылған Б.Шалабаевтың «Мақал-мәтел» атты ғылыми очеркінен басталады (Алматы, 1948). Кеңес дәуіріндегі мақал-мәтелдерді жинау, жариялау жұмысы, әсіресе 50-жылдары әбден қанат жая бастады. Мақал-мәтел осыған дейін, көбінесе республикалық газеттер бетінде ғана жарияланып келсе, енді «Қызыл ту», «Оңтүстік Қазақстан», «Ленин жолы», «Есіл правдасы», «Коммунизм жолы» сияқты облыстық газеттерде де жиі жарияланып, жарық көре бастаған. Мақал-мәтелдерді жан-жақты зерттеп талдағандардың бірі – Мәлік Ғабдуллин. Ол «Қазақ халық ауыз әдебиеті» [8,70б.] атты еңбегінде қазақ мақал-мәтелдерін жинап, бастырушыларды атай кетіп, оның жанрлық табиғатын, әдеби-әлеуметтік мәнін анықтайды. Н.Төреқұловтың 1957 жылы шыққан «Қанатты сөздер» [4,13б.] атты жинағына бірнеше мақал-мәтелдер енген. Соңғы кезеңдерде балаларға арналып шығарылған жинақтарда мақал-мәтелдер көптеп кездеседі деп айтуға боларлықтай. Оларға М.Жаманбалиновтың, Қ.Баянбайдың, Е.Елубаевтың, С.Қалиевтің [9,320 б.], Е.Ерботинның [9,80 б.], Б.Кірісбаевтың [9,32 б.], т.б. жинақтарын атап көрсетуге болады. Осындай мол меңгерілген рухани мұра Абайдың болашақ туындылары мен шығармашылығында көрініс тапқан. Мысалы: «Сап-сап, көңілім, сап, көңілім» өлеңінде «не күн туды басына», «сабыр түбі – сары алтын», «ауру да емес, сау да емес», «ағын судай екпіндеп» деп кездеседі. Сонымен қоса, Абайдың Абайдың қара сөздерінде, оның ішінде «отыз тоғызыншы» қара сөзінде: «Ағайынның азары блоса да, безері болмайды», «Аз араздықты қуған көп пайдасын кетірер» сияқты мақал-мәтелдерді кездестіруге болады. Ал, «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққан туралы» атты еңбегінде 10 мақал талданған [10,312 б.]. Мақал-мәтелдерде бала тәрбиесіне де үлкен мән беріледі. «Қызды асырай алмаған күн етеді, ұлды асырай алмаған құл етеді» деген мақал-мәтелдердің мәнісі – жас ұрпақты жақсылыққа баулу болмақ. Жастарға өнер-білім, тіл үйретуде мақал-мәтелдің мәні аса зор. Білім, өнер еңбектің бір түрі болса, аз сөйлеп, көп тыңдаған, көп оқып білімін байытқан бала ғана өмірден өз орнын алып, даналық сөздеріміз мақал-мәтелдерден өнеге алмақ. Бүгінгі таңда МәшҺүр-Жүсіп жазбаларында сақтаған мақал-мәтелдердің халық ауыз әдебиетінде, жалпы ұлтымыздың рухани өмірінде алатын орны мен мән-маңызын айқындау − біздің міндетіміз. Осындай бұрын-сонды жазылып, жазба беттерінде сақталған қастерлі мұраларымызды таразылайтын кез жетті деп санаймыз. Халық поэзиясы үлгілерін, оның ішінде мақал-мәтелдерді Мәшһүр-Жүсіп Көпеев ерінбей ұзақ жинаған. Фольклордың басқа жанрларына қарағанда, мақал-мәтелдерді жинаумен айналысу фольклорист-ғалымнан ұзақ уақыт пен қажымас ізденуді, еңбектенуді қажет ететіні белгілі. Себебі мақал-мәтелдер дайын күйінде жеке дара кездеспейді. Оларды айтушының не ауызекі сөзінен, не қолжазбалар мен түрлі жинақтар ішінен іздеп табу, саралау арқылы қағазға түсіру керектігі аян. Осы орайда «Қазақ мақал-мәтелдері» деген атпен шыққан кітаптардың бірде-бірінде материалдардың басым көпшілігі Мәшһүр-Жүсіптен алынғаны еш жерде көрсетілмей келгенін үлкен қынжылыспен атап айтқымыз келеді. Себебі Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясындағы Орталық қолжазбалар қорында Мәшһүр-Жүсіп жинаған көлемді қалың бір кітап боларлық (көлемі 2500 жолдық қатарды құрайды) мақал-мәтел топтамасының 1930 жылдардың басынан бері сақталып келе жатқаны белгілі. Сондай-ақ мақал-мәтелдердің басқа да үлгілері «әулеттік архивте» сақталуда [11, 60 б.]. Осы Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы жазбаларында сақталған мақал-мәтелдер қазіргі таңда С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті ұжымы даярлап шыққан көптомдықтың 5-томында, қазақ фольклоры үлгілері қатарында жарық көрді[12]. Осы еңбектегі мақал-мәтелдер жинау реті бойынша емес, алфавит тәртібімен берілді. Біріншіден, бұлай алу белгілі бір мақал-мәтелді іздеуші оқырманның тауып алуын жеңілдетеді. Екіншіден, Мәшһүр-Жүсіптің өз жазбасында да, одан жасалған Жолмұрат Жүсіпұлы көшірмелерінде де ел аузынан әр кезде жинау салдарынан белгілі бір мақал-мәтелді екі, не үш рет қайталап қағазға түсіру орын алған. Сол қайталауларды кітап бетінде болдырмас үшін де осы жолды таңдап алған. Осы орайда қазақ мақал-мәтелдерін осы уақытқа дейін құрастырып жариялағандардың бәрі белгілі бір мәтіннің қайдан, кімнен алғандарын көрсетпей, ел аузынан тікелей өздері жинаған қалып танытып келгеніне назар аударғымыз келеді. Осы орайда бүкіл ескі әдебиет үлгілерін сүзгіден өткізу кезінде әміршілдік жүйенің тыйым салуынан құтқару үшін де Мәшһүр-Жүсіп есімін атамау себебін де ескерген жөн. Ал, заман түзеліп, тыйым салулар артта қалған кезде халық ауыз әдебиеті үлгілерімен бірге мақал-мәтелдерді де ХІХ ғасырдың соңғы ширегі мен ХХ ғасырдың басында ең көп жинаған Мәшһүр-Жүсіп екені атап айтыла бастады. Әміршілдік жүйе кезінде ҚР ҰҒА Орталық ғылыми кітапханасы қорындағы Мәшһүр-Жүсіптің біраз жазбасы қолда болып, тек оның жиені Жолмұрат көшірмелері ғана сақталған. МәшҺүр-Жүсіп жазбаларында сақталған мақал-мәтелдер тақырыптарының көп түрлілігімен де құнды. МәшҺүр-Жүсіп жинаған мақал-мәтелдерді төмендегіше топтастырып көрсеткен: Өнер-білім туралы; Ынтымақ-бірлік жайында; Адамгершілік-сыйластық жайында; Адамның мінез-құлқы жайында; Денсаулық турасында; Ел мен жер жайлы; Еңбек туралы; Озбырлық-жауыздық жөнінде; Әділдік жайында; Барлық пен жоқтық турасында; Семья, қоғам хақында; Мал туралы [12,365 б.]. Бұл тақырыптағы мақал-мәтелдердің жіктелісіне қарағанда, МәшҺүр-Жүсіп халықтың өміріне, тұрмыс-тіршілігіне, адамның түрлі мінез-құлықтарына т.б. байланысты туған мақал-мәтелдер тобын мол жинаған сынды. Бірақ жазбада сақталған мақал-мәтелдер жеке мысалдармен топтастырылып, олардың өзіндік ерекшеліктері, мән-маңызы ашылмаған деуге болады. МәшҺүр-Жүсіп жазбаларында сақталған мақал-мәтелдердің осындай тұстарын айқындап, саралап, жүйеге келтіру маңызды деп білеміз. Жазбада сақталған мақал-мәтелдердің тақырыптық тобы әр алуан деп айтуға болады. Мәселен 1) Өнер-білім, ақыл туралы мақал-мәтелдерді сараптасақ: Ақыл − білім азығы, білім − ырыс қазығы (52); Ақыл жастан шығады, асыл тастан шығады (53); Білімді мыңды жығады, білекті бірді жығады (287); Өнер алды – қызыл тіл (933); Өнерді үйрен де, жирен (934); 2) Ынтымақ-бірлік жайындағы мақал-мәтелдер: Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді (72); 3) Адамгершілік-сыйластық жайында: Иесін сыйлағанның – итіне сүйек сал (578); Үлкейіп барып, сыпайыны көр, кішірейіп барып, шынайыны көр (1106); 4) Адамның мінез-құлқы жайындағы мақал–мәтелдер: Айдан ─ анық, сүттен ─ ақ, күннен ─ жарық, судан – тұнық (30); Сарғайған жетер мұратқа (964); 5) Денсаулық, ауру турасындағы мақал-мәтелдер: Айналдырған ауру алмай қоймас (32); Ауру ─ астан, дау – қарындастан (143); 6) Ел мен жер жайлы мақал-мәтелдерге: Ел даусыз болмайды, тау құрсыз болмайды (357); Жақсы болсаң, жердей бол, бәрін шыдап көтерген (425).; 7) Еңбек туралы мақал-мәтелдер: Бейнет түбі – рахат (252); Ексең егін, ішерсің тегін (338); 8) Әділдік туралы мақал-мәтелдер: Әділ биде ата жоқ, тура биде туған жоқ, , туғанына бұрған биде иман жоқ (168); Әділ бидің елін дау араламайды, әділ патшаның елін жау араламайды (169); 9) Барлық пен жоқтық турасындағы мақал-мәтелдер: Бар ағайын пәтуада болмас, жоқ ағайын сатуда болмас (223); 10) Отбасы, жанұя туралы мақал-мәтелдер: Жақсы әке – қырық жыл азық (423); 11) Мал туралы мақал-мәтелдер: Жаман атқа жал бітсе, жалына торсық байлатпас. Жаман адамға мал бітсе, Жанына қоңсы [қондырмас] (460); 12) Сөз өнері, тіл жөніндегі мақал-мәтелдер: Басқа пәле неден? Басқа пәле – тілден! (125); 13) Жақсы мен жаман туралы мақал-мәтелдер: Жақсы жүрісінен пұл болады, жаман жүрісінен құл болады (427). Мәшһүр-Жүсіп жазбаларында сақталған осындай мақал-мәтелдер тақырыптарының көп түрлілігімен, әрі көлемділігімен құнды. Мәшһүр-Жүсіптің шығармаларының v томында жалпы – 1152 мақал–мәтелдер алфавит реті бойынша берілген. Мұнда адамның мінез ерекшелігіне, бітіміне, тұрмыс-тіршілігіне, әдет-ғұрпына, дінге т.б. байланысты түрлері көптеп кездеседі. Мәселен, қолжазбада: «Қазақтың: Ат ─ биеден, алып ─ анадан» (119) деген сөз тараулары мәнісі, «Екі қырағыдан су қараңғы» (350), «Ұйқыда өскен бұзау өгіз болмайды», «Абылай аспас сары бел» дегеннің мәнісі, «Ала арқан жоғалады, бір лақ алып табылады» дегеннің мәнісі, қазақ: «піріден емес, мұраттан» деуінің мәнісі, – деп аталатын т.б. мақал-мәтелдер топтамаларының қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, наным-сенімін танытудағы мәні үлкен. Сондай-ақ қолжазбалардың бірінде Мәшһүр-Жүсіп саны 176 мақал-мәтелді бір бөліп көрсеткен. Мұндағы мақал-мәтелдердің барлығы рет-ретімен нөмірленіп жазылған. Және де әр беттегі әр мақал-мәтел басынан аяғына шейін жаңадан нөмірленіп көрсетіліп жалпы қолжазбаның 13 бетін қамтиды. Сол сияқты қолжазбада басқа да мақал-мәтелдер тізімі берілген. Асылы, белгілі бір фольклор үлгілерін шығарғанда, әр материалдың қайдан, кімнен алғаны көрсетілмеуі ғылымдағы асығыстықты, өзінен бұрынғы зерттеуші, жинаушы еңбектерін елемеуді дәлелдесе керек. Ал, Мәшһүр-Жүсіп әр мақалды дерлік қайдан жазып алғанын көбіне сөз арасында айтып кетіп отырған. Мәселен, «Байлық мұрат емес, // Жоқтық ұят емес!» (202) деген мақалды Мәшһүр-Жүсіп: «Күні кеше Сарыарқада қасиетті, шарапатты болып өткен Ғайса Бикей ишан дуам айтып отырады екен», ─ дейді. Яғни, бұдан мақалды жеткізуші есімі Ғайса Бикей ишан екендігі, оны Мәшһүр-Жүсіптің жазып алғандығы көрініп тұр. Сол сияқты мына үлгілерді ауызша айтудан тікелей хатқа түсірген: «Байды Құдай атқаны, //Жабағы жүнін сатқаны», ─ деп басталатын топтаманы МәшҺүр-Жүсіп Шортанбай қожа айтты десе, «Қарадан хан қойса, қасиетті болмайды, //Үлгісізден би қойса, өсиетті болмайды», ─ деген жолдан басталатын бір топ мақал-мәтелді Мұса Шорман би ұғлынан естігенін жазып қалдырған. Міне, осы тәрізді белгілі бір ел аузынан жиналған фольклорлық үлгілердің жазылу паспортына қатысты түсініктемелер, толықтырулар МәшҺүр-Жүсіп жазбасында көптеп кездеседі. Сондай-ақ МәшҺүр-Жүсіп Абай Құнанбаевтың да үлгілі сөздерін қағазға түсіргенін есте ұстаған жөн. Жалпы жиналған мақал-мәтелдердің көпшілігіне дерлік МәшҺүр-Жүсіп анықтама беріп отырған. Яғни ол мақал-мәтелдердің қандай жағдайда, не себептен туғандығына, ел арасында не үшін қолданылатынына, о баста қандай мағына бергендігіне, тіпті қай заманнан бері айтылып жүргендігіне де назар аудартады. Бұл тағы да Машһүр- Жүсіптің жинаушылық қызметінің зерттеушілікпен қатар жүргендігін дәлелдесе керек. Мәселен, қолжазбаларының бірінде: «Молдалар», «Құдай сөзі құран айтады», «Пайғамбар сөзі, хадис-шариф мынау», «Хадис-шариф, алла жаратады», «Шіп Алутин мен Аламан, хадиc-шариф» делінген айдармен мақал-мәтелдер шоғыры берілген. Мәселен, «Ер туған жеріне, ит тойған жеріне» мақалының мағынасын қазақ білмейді, бұл «Хадис-шарифта» Шіп Алутин мен Алайманның мағынасынан алынған сөз ─ деп, оның қандай мағына беретінін де ашып береді. Мақал-мәтелдің әрқайсысына Мәшһүр-Жүсіп түсініктеме берген және де олардың біразының Құран Кәрімде бар екенін көрсетіп кеткен. Міне, бұдан біз мақал-мәтелдерді жинау барысында Мәшһүр-Жүсіптің ертеректе шыққан «Құран Кәрім», «Хадис-шариф» тәрізді кітаптарды пайдаланғандығын да көреміз. Ал, жинау мен жазу кезінде, сонымен бірге бұл ескертпелерден де Мәшһүр-Жүсіптің қай материалды қайдан алғанын көрсетіп отыру өнегесін танимыз. Сондай-ақ ел арасында жиі кездесетін кейбір мақал-мәтелдердің кітап ішіндегі нұсқалармен салыстырылып отырғаны да байқалады (бар болса, бар деп көрсетіп отырған). Бұдан қазір көпшілікке түсініксіз, беймәлім болып келген қазақ мақал-мәтелдерінің төркінін ғылым мен мәдениеттің бастауы болған Құран, Библия тәрізді ескі кітаптар арасынан іздестіру қажеттігі туады. Тағы да айтар бір жайт, МәшҺүр-Жүсіп жазбаларын ақтара отырып, тағы бір мақал-мәтелге қатысты мынадай деректерге кез болдық. Онда: «МәшҺүр-Жүсіп қолжазбасынан көшірме, 1920 жылы Ә.Диваев экспедициясы жинаған»,− делінген. Бұған сүйенсек, кезінде Ә.Диваев ұйымдастырған экспедиция мүшелері де фольклорлық үлгілерді жинау кезінде МәшҺүр-Жүсіп қолжазбаларын пайдаланғанға ұқсайды және де ол нұсқалары кімнен алғандығын жазып кеткен. Енді бірде жойылып кеткен Қатаған жұрты туралы да: «... Қатаған ханы хан Тұрсын, қай неткенді ант ұрсын» деген мақал сонан қалды деседі. Бірлі-жарымды қалған болса, Қаңлы-Шанышқылыға кетіп, сонан қалған елден қалыпты деп айтылады» деген дерегін келтіреді. Яғни еңсегей бойлы Ер Есімге опасыздық жасаған Қатаған ханы Тұрсынның елімен бірге тарих алаңынан із-түссіз жоғалғандығы сөз болады. МәшҺүр-Жүсіп жазбаларында сақталған мақал-мәтелдердің дені айшықтау түріне бай келеді. Сондағы сөздердің өзара үндесіп, үйлесіп, ассонанс, аллитерациялардың мол екендігіне қайран қаласың. Мақал-мәтелдердің мағына-мәні де мейілінше терең. Мәселен: «Сұлу − сұлу емес, сүйген − сұлу» (1001), «Күндестің күлі − күндес» (683), «Қатын қайраттанып, қазан қайнатпайды» (741), «Қойдан қоңыр қойшының өгізі» (766), «Күлсең, кәріге күл» (676) т.б. аллитерация арқылы жасалса, ассонанс арқылы жасалған бірнеше мақал-мәтелдерді көруге болады. Мысалы: «Ағайын арасынан ақсайды, //Ат турасынан ақсайды» (4) «Алма алмадан реңк алады» (70), «Ұйықтаған ұйқы алады», //Ұйықтамаған жылқы алады» (1083) т.б. осы тәрізді бірнеше мақал-мәтелдерді ұшырастыруға болады. Мұнда ішкі ұйқастар да күшті үйлесе құрастырылған. МәшҺүр-Жүсіп жазбаларында сақталған мақал-мәтелдерден тағы көрер бір ерекшелік – олардағы мақал-мәтелдер бойында халықтың мал баққан тұрмысына байланысты образдар мен сарындардың мол ұшырасатығында. Үй хайуанаттарының қылығын айту арқылы адам мінезіне ишара, тұспал жасау соншалықты әсерлі де мәнді болып шыққан. Мәселен, «Адам аласы – ішінде, // Мал атасы – сыртында» (10), «Сырын білмеген аттың // Сыртынан жүрме» (1015) «Сенген қойым сен болсаң, //Күйсегеніңді ұрайын» (977) мақал-мәтелдер бойынан әсерлі тұспалдарды көреміз. Қорыта айтсақ, Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының жазбаларында сақталған мақал-мәтелдердің фольклор жанрында, жалпы ұлтымыздың рухани өмірінде алатын орны мен мән-маңызы ерекше. Қазақтың белгілі ақыны Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының өлең, қисса-дастандарын, ауыз әдебиеті мен фольклор үлгілерін, қазақ тарихы, мәдениетіне арналған жазбаларын, этнография, тіл, ұлттық психология туралы пікірлерін, араб парсы классиктерінен аудармаларын ─ бәрін қоса есептегенде, кемінде 30 томдай материал бар екені белгілі. Демек, Мәшһүр-Жүсіптің қазір жарық көрген көптомдығының алғашқы 5-томында және газет-журналдарда жарияланған бір томдық түрлі материалдарға сүйеніп жазылған бұл еңбек − үлкен істің бастамасы, бір бөлшегі ғана. Әйтсе де тамшыдан да теңіздің қасиеті көрінеді десек, осы бір қамтылған материалдың өзі Мәшһүр-Жүсіп жазбасында сақталған қазақтың мақал-мәтелдерінің өзіндік ерекшеліктерін, олардың қайнар көзі қайда жатқаны турасында мол мәліметтер береді. Қазақ мақал-мәтелдерінің жиналу, жариялану және зерттелу жағдайын сөз еткенде, Мәшһүр-Жүсіп жазбаларында сақталған мақал мен мәтелдердің де мән-маңызын жан-жақты сараптаған жөн. Қысқасы, фольклортану ғылымында халық ауыз әдебиетінің бір түрі болып табылатын қазақтың мақал-мәтелдерін Мәшһүр-Жүсіптің ұзақ жылдар бойы ерінбей жинауы хаттауы – бәрі де қазақ фольклортану ғылымында Мәшһүр-Жүсіптің қосқан өлшеусіз еңбегінің бір қырын ғана танытатыны сөзсіз.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1. Байтұрсынов А. Әдебиет танытқыш.  – Алматы: Атамұра, 2003. – 208 б.
2. Қашғари М. Түрік сөздігі. 3 томдық. Шығармалар жинағы (қазақ тіліне аударған 
3. Уәлиханов Ш.Ш. Таңдамалы шығармалар жинағы. – Алматы: Жазушы: 1980.– 416 б.
4. Әлімбаев М. Ақ серек те, көк серек: тақпақтар, дастандар, ән-өлеңдер, жұмбақ, жаңылтпаш, мақал-мәтелдер.– Алматы: Жалын, 1977.–192 б; 
5. Төреқұлов Н. Қанатты сөздер.– Алматы, 1959.– 55 б. т.б.
6. Сейфуллин С. Шығармалар жинағы. 6 том. – Алматы, 1964.–295 б.
7. Қаһарлы сөз  қамал бұзады (жинақ). – Алматы, 1943.-32 б.
8. Ғабдуллин М. Қазақ халқының ауыз әдебиеті. – Алматы, 1958. – 332 б.
9. Ерботин Е. Далаға саяхат: өлеңдер, ертегі, жұмбақ, жаңылтпаштар. –Алматы: Жалын, 1991.– 80 б; Қалиев С. Қандай болып өсемін: өлеңдер, жұмбақ, жаңылтпаш, ертектер.– Алматы:Балауса,1994.-320б; Кірісбаев Б. Жаңылтпаштар (кіші жастағы балаларға арналған). – Алматы:  Балауса, 1998.– 32 б. 
10.Құнанбаев А. Шығармалары. ІІ том.– Алматы: Ғылым, 1977.-312 б.
11.Жүсіпов Н.Қ. ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ фольклортану ғылымы. – Павлодар, 2003. – 246 б.
12.Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. Шығармалары. 5 том. – Павлодар: «ЭКО»  ҒӨФ, 2005. – 410 б.

  Қазақ тіліндегі рефераттар - Қазақ әдебиеті


Яндекс.Метрика