Шәкәрім Жарқын

Домбырашы, музыка зерттеуші. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
1947 жылы 4 мамыр күні Аягөз қаласында туған.
1968 жылы  Қарағанды музыкалық училищесін,   1973  жылы Алматы    консерваториясын бітірген.
1973-1976 жылдары Мәскеудегі Бүкілодақтық   «Мелодия» фирмасының Алматы күйтабаққа жазу студиясында  аға редактор, 1976-1980 жылдары «Жалын» баспасында редактор,  1980-1982 жылдары Республикалық музыка аспаптары мұражайының директоры, 1982-1983  жылдары Қазақ филармониясында күйші-лектор  болды, 1983 жылдан Қазақ теледидарының музыка бағдарламалары редакциясының редакторы, бөлім меңгерушісі бола  жүріп  «Замана   бұлбұлдары», «Домбыра сазы», «Терме», «Шашу», «Музыкалық  киножылнама», «Күй-шежіре», «Інжу-маржан» тәрізді хабарларды жарыққа шығарды. «Сазген» фольклорлык ансамблін ұйымдастырды (1980), алғашқы көркемдік жетекшісі.
Әміре Қашаубаевтың фонографқа жазылған (1925) «Ағашаяқ», «Смет», «Бесқарагер», «Жалғыз арша», «Үш дос», «Балқадиша», «Дудар-ай»   әңдері   үнтаспасын   Мәскеудің   Орталық мұрағатынан  тауып (1974),  С. Қожамқұлов, Ә.Марғұлан, С.Бегалин, Ж.Елебеков. Ә.Байжанбаевтардың қатысуымен күйтабағын автор ретінде шығарды (1975). «Әміре» (1977), «Ән жұлдызы»  (1978),  «Амре Кашаубаев» (орыс тілінде, 1980), «Малайсары   биден   Шәмілге дейін» (1997), «Ән асқары» (1998), «Құрманғазы» (ғылыми кеңесші, 1998), «Нұрғиса Тілендиев» (Дариға Тілендікелінімен бірлесіп жазған, 2003) кітаптарының авторы. «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорадиясы АҚ жобасы бойынша жарыққа шыққан «Мәңгілік сарын» деп аталатын қазақ күйлерінің антологиясын (255 күй топтастырылған) шығаруға үлес қосып (2005), жауапты редактор болды.
Ұмытыла бастаған көне саз аспабы – үш ішекті домбырада    шебер    орындаушы,  насихаттаушы. Репертуарында «Жорға аю», «Көктөбел», «Кеңес», «Үзбе», «Толғау», «Қыз мұңы», «Қабанбай» сияқты халық күйлері,  Нұрғалидың «Көк каршыға» күйі, өзі шығарған «Анадан аманат», «Абыралыдағы ата зары», «Дүние кезек», тағы басқа күйлер бар.
Мәскеуде өткен ХІІ дүниежүзілік жастар мен студенттер фестивалінің (1985) дипломанты, КСРО Бүкілодақтық «Білім» қоғамының медалімен марапатталған (1989).

  Музыкальное искусство - Певцы и композиторы


Яндекс.Метрика