1. Ресурсы
  2. Рефераты на казахском
  3. Тарих
  4. Түрксіб - Ұлы Отан соғысы жылдарында

Түрксіб - Ұлы Отан соғысы жылдарында

Ұлы Отан соғысы жылдарында еліміздің басқа магистральдары сияқты Түрксіб теміржолы да ерекше күрделі жағдайда жұмыс істеді. 1941 жылы жолдың пайдаланымдық ұзындығы 2088,4 шақырымды құрады. Жамбыл – Қаратау, Көксу – Текелі жаңа желілері салынды. Стансалық жолдардың толық ұзындығы 557 шақырымға тең болды. Соғыс жылдарында Қазақстан майданның қуатты арсеналына айналды. Соғыс еліміздің бүкіл теміржолдарының, соның ішінде Түркістан – Сібір магистралінің алдына әскери жүктердің үздіксіз тасымалдарын, майданға әскери эшелондарды, әскери техниканы, ал қорғаныс өнеркәсібі үшін көмір, металл және басқа да маңызды жүктерді уақытында жеткізуді ұйымдастыру бойынша жауапты міндет қойды.
1941 жылдың 24 маусымында 18 сағатта ҚЖХК еліміздің, соның ішінде Қазақстанның теміржолдарындағы пойыздар қозғалысын айрықша әскери жұмыс кестесіне ауыстырды. Онда бірінші кезекте әскери эшелондармен, әсіресе, мобилизациялық іс шараларымен байланысты жүктердің өте жылдам қозғалысы қарастырылды. Жолаушы пойыздарының, сол сияқты қорғаныстық мәні жоқ тасымалдардың қозғалысы едәуір қысқарды.
Қозғалысты ұйымдастыруда айтарлықтай құрылымдық өзгерістер болды, шикізат жүктерінің тасымалдары қысқартылды, жартылай фабрикаттарды, дайын өнімдерді тасымалдау артты, қару-жарақтар, рудалық қоспалар, вольфрам, молибден, ауыл шаруашылық машиналарын, газогенераторларды және басқаларды тасымалдау ұлғайды. Соғыстың алғашқы жылдарында Түрксіб арқылы адамдар мен материалдық ресурстарды үсті-үстіне жөнелту, Қазақстанға көшірілген кәсіпорындар мен адамдарды түсіру кезінде қиындықтар болды, тасымалдар мен вагондарға деген сұраныс нормадағыдан үш есе асып түсті. ҚЖХК мен әскери командованиенің қорғаныстық және халық шаруашылық жүктерінің тасымалдары бойынша тапсырмалар бұлжытпай уақытында орындалды. Бұл оңайға түскен жоқ, дегенмен түрксібшілер барлық қиындықтарды жеңудің жолдарын тауып отырды. Қазақстанның теміржолшылары орасан зор тасымалдар көлемін орындады. Елімізге бірнеше айлардың ішінде елдің орталығынан 220 өнеркәсіптік кәсіпорындар және 550 мың адам көшірілді. Көмір жөнелту екі есе, қара металдарды жөнелту екі еседен астам, мұнай өнімдері мен рудаларды жөнелту 4 еседен астам өсті. Жауға қарсы атылған он оқтың тоғызы қазақстандық қорғасыннан құйылып жасалған еді.
Осының бәрінде де Түрксіб пен оның адамдары жетекші рөл атқарды. Мәліметтер бойынша, Ұлы Отан соғысы кезінде 1300 жедел әскери эшелон, жалпы саны 70 мың вагонды қамтыған 1700-ден астам әскери-жабдықтаушы құрам жөнелтілді. Соғыстың басынан бастап, оның соңғы күндеріне дейін магистраль саны күрт қысқарып кеткен бос вагондарға, әсіресе, жабық вагондарға қатысты ерекше ауыр қиындықтарды бастан кешірді. Жабық вагондар жетіспеген кездерде қант платформаларымен, астық жартылай ашық вагондармен үсті брезентпен қымталып жабылып тасылды.
Соғыс жылдарында 240 өндірістік нысан тұрғызылып, пайдаланымға енгізілді. ҚЖХК-ның Алматыдағы электротехникалық зауыты іске қосылды, ол шағын теміржол шеберханаларының және Харьков қаласынан көшіріліп әкелінген байланыс зауытының құрал-жабдықтарының негізінде пайда болды. Сол жылдары ол жол көлігіне арналған байланыс аппараттарының кейбір күрделі түрлерін шығару жөнінен еліміздегі жалғыз зауыт болды. Сол кездері Алматыда, сондай-ақ ҚЖХК-ның ірі вагон жөндеу зауыты салынды.
Түрксібтің паровоз деполарында майдан желілерінен келіп жеткен локомотивтерді қалпына келтіру үшін патриоттық қозғалыс өрістеді. Бұл депо ұжымынан үлкен күш жұмсауды қажет етті. Бомбылаудан кейін жартылай қирап қалған 58 паровоз қалпына келтірілді. Содан кейін депо ұжымы паровоз паркін жаппай ауыстыруға көшті. Олар майдан жолдарына өздерінің 314 ең жақсы паровозын жөнелтті, ал өздері батыс европалық типтегі трофейлік (соғыста жаудан түсірілген олжа) паровоздармен жұмыс істеді, оларға едәуір жөндеу жүргізу қажет болды. Осындай жолмен 460 паровоз қалпына келтіріліп, пайдалануға енгізілді.
Түркістан – Сібір магистралінде құрастырылған №34 паровоз колоннасы Алматыдан Берлинге дейін 13600 шақырым жол жүріп өтті. Монша – кір жуу пойызы мен бронепойыздар құрастырылып, олар майдан алаңдарында әрекет етті. Түрксібке майданнан оралған ЭУ-№69911 сериалы паровоз Алматы-1 депосында мәңгілік тұғырға қойылды, бұл паровоз тізе бүккен Германияның астанасы Берлинге бірінші болып кірген болатын. И.В.Панфилов атындағы 28 гвардиялық атқыштар дивизиясы жауынгерлері 1941 жылдың 17 қарашасында майданға аттанған еді.
Атақты дивизияда Ұлы Отан соғысының майданында Түркістан – Сібір магистралінің көптеген теміржолшылары Отан қорғауда көрсеткен ерліктері үшін марапатталды. И.Л.Шапшаев теміржолдан 1077 атқыштар полкына политрук болып Панфилов дивизиясында, жауынгер Р.Х.Вальданов 28-ші Гвардияшыл Панфиловшы барлау ротасының политругы болып, соғыс аяқталған соң, Алматыға Түрксібке келіп қызмет істеді. Кеңес Одағының батыры атағына ие болды.
Мұсахан Әлімжанов, Есмұхан Таймасов, Қоңырқұлжин, Иманбековтер теміржолда жұмыс істеп жүріп, өздері сұранып, соғысқа аттанды. Әлімжанов соғыс аяқталған соң, Алматыға Түрксіке оралды, «Қызыл жұлдыз», «ІІ дәрежелі Отан соғысы» ордендерінің иегері болды.
Таймасов Есмұхан – Түркістан – Сібір теміржолының бөлім бастығынан 28 Гвардияшыл Панфиловшылар дивизиясында артиллерия взводының командирі болып, барлық шайқастарға қатысып, 1943 жылдың 22 ақпанында тамаша ерлікпен қаза тапты.
Өткен 2005 жылдың 7 мамырында Ұлы Отан соғысының жеңісінің 60 жылдығын, фашистік Германиямен 1941-1945 жылдардағы кеңес халқының ерлік жеңісін тойлау қарсаңында орталық мұражайда соғыс ардагерлерімен кездесу өтті. Мұражайға кірер жерде фойеде «Ешкім ұмытылмайды, ештеңе ұмыт қалмайды!» деген экспозицияда соғыстан қайтпағандарға от жалындап, екі офицер қарауылда тұрды. Кездесуге Ұлы Отан соғысының мүгедегі – Р.Тұғанбаев, С.Ф.Соколов, соғысқа қатысқан ардагерлер: Н.Д.Середенко, М.Бисимбаев, М.Мұхамеджанов, Б.Мұқажанов, В.И.Клименко, Н.П.Малахова және т.б. қатысты.
Түрксіб теміржолшыларының қазақстандықтардың фашистік Германияны жеңудегі ерлігі мен іс-қимылдары мұражайдағы 4 қабырға газетінде айқын көрсетілген, яғни түрксібшілердің жеңіске жетудегі нақтылы жанқияр ерлігі бүкіл Қазақстан тарихында мәңгі қалатыны сөзсіз.

  Қазақ тіліндегі рефераттар - Тарих


Яндекс.Метрика