«Оралхан Бөкейдің рухани әлемі» атты кешенді шараға шақырамыз

Жүйелі ойды, киелі сөзбен көмкеріп, көңіл астарындағы ақиқатты сөз семсері етіп сермеп, орамды ойын қаламмен өрнектеген Өр Алтайдың асқақ жазушысы Оралхан Бөкейдің 75 жылдық мерейтойы Өскемен қаласында да жыл көлемінде аталып өтті.

Ағымдағы жылы Оралхан Бөкей атындағы орталық қалалық кітапханада Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жазушы-драматург, журналист, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Оралхан Бөкейдің мерейтойына орай кешенді шаралар ұйымдастырылды.

Атап айтқанда: «Мен өлкемді зерттеймін» атты ғылыми-зерттеу жұмыстарының байқауы, «Оралхан Бөкей атындағы көркем сөз оқу шеберлерінің» дәстүрлі байқауы, «Оралхан шығармалары суретшілер көзімен» атты суретшілер байқауы, «Үркер ауып барады...» атты жыр мүшәйрасы қатарлы шығармашылық сайыстар жазушы мұрасының құндылығын аша түсті.
2018 жылдың 11 желтоқсаны күні сағат 10.00-де Орталық қалалық кітапханада (Е. П. Славский атындағы Ертіс жағалауы, 22) «Оралхан Бөкейдің рухани әлемі» атты кешенді шара өтеді. Конференция барысында Әлібек Асқарұлы, Ғалия Бөкейқызы, Айжан Маратбекқызы қатарлы танымал ақын, жазушылар мен ғалымдар баяндама жасайды. Құрметті қонақтар жазушы жайлы сыр шертіп, естеліктерімен бөліседі.
Сол күні сағат 14.00-де аталмыш байқаулардың қортындысы, яғни салтанатты марапаттау шарасы өтіп, байқау жеңімпаздары марапатталады. Шара облыстық драма театры актерлерінің жазушы шығармалары бойынша жасалған сахналық қойылымымен басталады. Жүлдегер ақындар жазушыға арнаған жырларын оқып, кешті өлеңмен өрнектейді. Көркемсөз оқу байқауының жүлдегерлері Оралхан Бөкей шығармаларынан үзінді оқиды.
Танымал ақын-жазушылар, филолог ғалымдар және жалпы қаламыздағы зиялы қауым өкілдері қатысатын айтулы шарада «Оралхан Бөкей көркемсөздің құлагері» атты кітап көрмесі мен «Оралхан шығармалары суретшілер көзімен»  атты байқауға келіп түскен сурет көрмесі ұйымдастырылып, көрермендер назарына ұсынылады.
Оралхан Бөкей – туған әдебиетінің аспанында құс жолындай айқын із қалдырған, Өр Алтайдың ұшар басынан қол бұлғап, проза мен драма салаларын төмен қарай бұлақ қылып ағындатқан бірегей жазушы.
Ендеше, жазушы шығармашылығына бей-жай қарамайтын барша жерлестерімізді игілікті іс-шарада күтеміз!

 

 

  Новости - Новости


Яндекс.Метрика