Народные композиторы

Ауғанбаев Шанақ

Музыкальное искусство - Народные композиторы

Катонқарағай ауданы, Еңбек ауылының тумасы. Сыбызғыда ойнаушы музыкант болған. Оның репертуарында бағдарламалық сюжетке құрылған «Бұлбұл», «Аңшының зары», «Ақсақ құлан», «Боз інген», т.б. күйлер болған.

Байжігіт күйші

Музыкальное искусство - Народные композиторы

Байжігіт шамамен 1705 жылы туған. Руы - Абақ Керей ішінде Жастабан. Жастабан бір жағы Тарбағатайдың сыртын, бір жағы Шыңғыстың бауырын жайлаған. Бұл кезде Байжігіт Бердәулетұлы Жәнібек батырды сағалаған деседі. Күйшінің өмірі негізінен қазіргі Шұбартау  ауданының шегіндегі Бақанас, Балқыбек, Көксала өзендерінің бойында өткен.
Шығыс Қазақстан күйшілік, домбырашылық дәстүрінің, жалпы қазақ күй өнерінің шертпе күй саласының дамуына, көркейуіне мұрындық болған күйші. Ел аңызы Абылайхан заманында өмір сүрген Байжігіт 300 күй шығарған дейді. Заманында «күй иесі Байжігіт», «Күй атасы - Бәжең», «күй перісі» атанған. Байжігіт өзіне дейінгі күйшілік, домбырашылық өнердің озық қасиеттерін бойына сіңіре отырып, оны жаңа белеске көтерген бірегей тұлға.
Артына мол мұра қалдырған өнер иесі Байжігіттің тәлім алған ұстаздарының бірі - Сары Нияз төре деген күйші адам екен. Байжігіт 13-14 жас шамасында киіз үйдің сыртында отырып, іштегі отырған, сол кезде елге атақты Сары Нияз төремен күй тартысқа түседі. Өзімен күй тартысқа түсіп отырған күйшінің орындаушылығына риза болып сыртқа шықса, жап-жас бала екендігін көріп қайран қалады. Осыдан бастап Сары Нияз Байжігітті шәкірт қылып домбырашылық өнердің барлық құпия сырына қанықтырыпты.
Тарихта «Ақтабан-шұбырынды» атанған кезеңде Байжігіт 18 жасар жігіт екен. Елмен бірге үрей кешіп, азап шекседе домбырасын тастамапты. Осы кезеңде «Ақтабан» атты күй шығарады.
Байжігіттің қилы кезеңге арналған ең елеулі туындысы «Қайың сауған» күйі. Осы күй күйшінің есімін бүкіл елге әйгілейді. Жаңа өрлеп келе жатқан жас сұлтан Абылай, күйшіні ордаға алғызады. Байжігіт өмірінің бірталай уағы осы Абылай төңірегінде өтеді.
Күйшінің жоғарыда аталған күйлерінен басқа «Нарын» (төрт бөлімді), «Азат» (екі бөлімді), «Арман», «Көкейкесті» атты күйлері болған.
Күйші 80 жасқа келгенде сіреспе деген ауруға шалдығып (сірә паралич болса керек) төсек тартып жатып қалады. Өлім сағаты таяған кезде сахара өнерпаздарының көне салты бойынша жұртпен күй арқылы қоштасады. Оң қолы шертуге келмеген себепті күйші ең ақырғы сырлы күйін алақанының қырымен қағып ойнаған көрінеді. Күй ұрпақ жанында «Көкейкесті» деген атпен сақталған.
Әдебиет
Әбуғазы, Мұрат. Шығыстың шыңырау күйлері / М. Әбуғазы. - Өскемен : Шығыс полиграф, 2009. - 303 б
Баяқов Т. Күй құдіреті : Ұлы күйші бабамыз Байжігіт туралы тарихи дерек / Т. Баяқов // Дидар. - 2003.- 8сәуір. - Б. 4
Мағауин М. Күй иесі – Байжігіт / Мағауин М. // Жұлдыз.- 1976.- № 9.- Б. 180-185.
Тоқтаған А.   Қос ішектегі құдірет /   Тоқтаған А. // Егемен Қазақстан. - 2010.- 26 ақпан. - Б. 7.    
Тоқтаған А.   Шығыс Қазақстан күйшілік дәстүрі /   Тоқтаған А. // Дидар. - 2010.- 2 наурыз. - Б. 5.

Барлықов Ғабдылхақ

Музыкальное искусство - Народные композиторы

Шертпе күй шебері Ғабдылхақ Барлықов 1938 жылы ақпан айында Қытай Халық Респуликасының Шәуешек қаласында дүниеге келген. Әкесі Барлық домбыраны сұлу шертіп, ел ішіне кең тараған жыр-дастандарды, тарихи қиссаларды домбыра сүйемелімен толғайтын, елге танымал адам болған. Әкесінен қисса, жырларды домбырамен сүйемелдеу әуендерін қызыға үйреніп, домбыра аспабына құштарланып, онымен әуестенеді. Ғабдылхақтың анасы Оралқан Есенәліқызы қолынан үкілі домбырасы түспеген әнші және айтыскер ақын болыпты. Оралқан апайдың туған нағашысы Қаракерейдің тума руынан шыққан Сейіт-Сері. Өз тұсында «Ақын Сейіт» атанған, көп жылдар Әсет Найманбаевпен бірге жүріп ән шырқаған, өз жанынан ән шығарған елге танымал өнерпаз болған. Ол кішкентай жиені Оралқанның бойындағы өнер ұшқынын ерте аңғарып, оны бала жасынан өнерге баулиды. Оралқанның әкесі Есенәлі, оның інілері Сүлеймен, Көрпебай күйші-домбырашылар болған екен.
Ардақты ана екі нәрестесі Ғабдылхақты да жастайынан халықтық өнердің кәусарынан сусындатып, баласының өнерге ынтызарын арттырады.
Ғабдылхақтың домбырашы болуына игі ықпалын тигізіп, алғаш баулығандардың бірі Тоқтасын қарт. Тоқтасынның қалақтай домбырасынан төгілген күйлер Ғабдылхақтың балғын сезімін баурап алатын. Домбырашы қарт Тоқтасыннан домбыра шертуді игере бастаған Ғабдылхақ мектепте оқып жүргенде «Жорға аю», «Майдажал», «Беласар», «Телқоңыр» атты халық күйлерін орындайтын болады. 1956 жылы Шәуешек гимназиясын бітірген кезінде репертуары молайған ортанқол домбырашы болған. Халық композиторы Қайрақбайдың «Емен толқыны», «Қоңыр самал», күйші Жұмажанның «Ой терме» тағы басқа күйлерді игереді. Гимназияны үздік бітірген Ғабдылхақ Алтай аймағына жұмысқа жіберіліп, тіл-әдебиет пәнінің мұғалімі болып 1960 жылға дейін ұстаздық етіп, «Алтай» газетінің редакциясына ауысып, қоғам өміріне араласады. Халықтық өнерге талпынуына жол ашады. Қалалық мәдениет үйіндегі кештерге қатысуы Ғабдылхақтың өнерге деген құштарлық талғамын өсіріп, орындаушылық шеберлігін арттыра түседі. Балуанхақ, Мәмен, Тәстенбайдың Задасы қатарлы домбырашылармен араласып репертуарына «Көк дөнен», «Әкім батыр», «Шақабай-Шалап» сияқты күйлерді косады. Бір сапарында Қаба ауданында болғанда осы өңірге аты әйгілі, күйші Мүкейдің баласы Рахметолламан кезігіп, одан Мүкейдің «Қосбасар», «Акқабанның толқыны» т.б. бірнеше халық күйлерін үйренеді. Сонымен қатар Буыршын ауданында болып, көнекөз домбырашы карттар Әділхая, Ерғазы атты кісілерден халық композиторлары Бейсенбінің «Кеңес», «Таңсаңшы», Қайрақбайдың «Мергеннің мұңы», «Шеруші құлан», «Өрелі кер» күйлерін үйреніп, олардың аңыздарын біледі.
1962 жылдың сәуір айында өз атамекені, қазақ жеріне Шығыс Қазақстан облысы (бұрынғы Семей облысы) Үржар ауданы, Тасбұлақ елді мекеніне қоныстанады. Осы жерде Мақаншы ауданының мәдениет үйіне жұмысқа орналасып, көркемөнерпаздар үйірмесін басқарады, оған қосымша мектепте ән-күй сабағын жүргізіп мұғалім болады.
1972 жылдың күзінде Құрманғазы атындағы қазақтың Мемлекеттік академиясының халық аспаптар оркестріне Ғабдылхақтың орындау шеберлігі назарға алынып, оркестр кұрамына домбырашы болып қабылданады. 1978 жылы қазақ радиосының музыкалық қорына бірнеше күйлер жаздырады. 1986 жылы Бейсенбі, Қайрақбай, Мүкей күйлерін күйтабаққа түсіріп, жарыққа шығарады.
Қазақтың дарынды композиторы, дирижер, халық әртісі Нұрғиса Тілендиевтың жетекшілігімен   Мемелекеттік   фольклорлық-этнографиялық   «Отырар   сазы»   оркестрі құрылғаннан кейін Ғабдылқақ оркестр құрамына алынады. Ғабдылқақ күй өнерінде өзіндік орны бар бірегей күйші.

Буратай күйші

Музыкальное искусство - Народные композиторы

Тағы бір ел жадында қалған күйшілердің бірі Буратай күйші. Ол Марқакөл өңірінде мөлшермен 1894-95 жылдары дүниеге келіп, 1979 жылы Күршім ауданының Қалғұтты ауылында өмірден қайтқан. 1937-38 жылдары тап жауы атанып, қуғынға ұшырап, Қырғызстанға жер аударылған екен. 1945-46 жылдары Марқакөл ауданы шекара зонасы болғандықтан әйелімен    бірге Қалғұттыға мекендейді. Соғыстан кейінгі жылдары Шердаяқта шахтада жұмыс істейді. Кейіннен колхозшы болады. Көзі көргендердің айтуына қарағанда Буратай алып денелі адам болған. Өзі балуан болған екен. Домбырада көне халық күйлерін орындаған деседі. 1962 жылы Сәбит Мұқанов бұл өңірге келіп, Буратай күйшімен кездескен екен, сонда ол елу-шақты күйлерді таспаға жазып алған көрінеді. Оның бесеуі Буратайдың өзі шығарған күйлері деп айтылады. 70-жылдары Ілия Жақанов келіп, оның бір күйін Қазақ Радиосының алтын қорына жазған деседі. Міне, біздің қолымызға жеткен деректердің бары осы. Өкінішке орай бұл кісінің таспада жазылған күйлері бізге белгісіз.

Исин Амантай

Музыкальное искусство - Народные композиторы

1951 жылы Шығыс Қазақстан (бұрынғы Семей) облысы, Абыралы ауданында туған. Семей мемлекеттік педагогикалық институты тарих факультетінің оқытушысы. Республикалық «Абай» журналының ғылыми қызметкері. Тарихшы-ғалым (1988). Бірнеше монография және жүзге жуық ғылыми мақалалардың авторы. Жарық көрген кітаптары: «Әділ сұлтан» эпикалык жыры» (2001), «Казахское ханство и Ногайская Орда во второй поло-вине ХV-ХVІ вв.» (2002, 2004), «Шыңғыстау, Берел, Шілікті, Абыралы: 1999-2003 жж. археологиялық зерттеулер» (2004), «Русские источники по истории Казахстана. Т.1.Посольские материалы Русского государства» (2005).
Күйді әкесі, халық ақыны Иса Биназаровтан (1898-1964) үйренген. Музыкалық фольклорға қызығып, 1979-1982 жж. Шығыс Қазақстанның жергілікті күй дәстүрлері өкілдерінің орындауындағы күйлерді үнтаспаға жазып алады. Әсіресе, Ақсуат өңіріндегі қарт күйші Бағаналы Саятөлековтың орындауындағы күйлерді жазып алып, сақтап жеткізуі маңызды. Шұбартаулық Кәмілжан Әбілжанов, аякөздік Әбілхақ Қыңырбеков, ақсуаттық Алшынғазы Байқыдыров, семейлік Мерғали Ибраевтың музыкалық мұрасына ден қояды. Бірнеше күйдің ноталарын 2000-2003 жж. республикалық «Абай» журналында жариялады.
2006 ж. Өскеменде өткен «Алтай-Тарбағатай өңірі күй өнері» феставаліне қатысқан. Білім жэне Ғылым министрлігінің, Ақпарат және мәдениет министрлігінің құрмет грамоталарымен марапатталған.


Яндекс.Метрика