Досымжанов Байғали

Әнші, режиссер, Қазақстанның халық артисі (1954). 1922 жылы Семей қаласында дүниеге келген.
Алматы музыкалық училищесінде (1936-1939), Мәскеу консерваториясы жанындағы қазақ студиясында (1939-1941) оқыған, Алматы консерваториясын (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы) бітірген «1947). 1941 жылы Қазақ опера және балет театрының, 1942 жылы ішкі істер жауынгерлерінің, кейін (1943) шекарашылар ән-би ансамбльдерінің жеке дауыстағы әншісі болды. 1944 жылдан Қазақ академиялық опера және балет театрында Төлеген (Е.Г.Брусиловскиийдің «Қыз Жібегінде»), Біржан (М.Төлебаевтың «Біржан-Сарасында», КСРО Мемлекеттік сыйлығы, 1949), Айдар (А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абайында»), тағы басқа партияларды орындап, ұлттық өнердің дамуына елеулі үлес қосты. Қазақ халық әндері мен халық композиторларының әндерін («Жиырма бес», «Бурылтай», «Ақбақай», «Сырымбет», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Ғайни» т.б.) насихаттады.
Оның әншілік өнері жоғары мәдениетімен, жарқын бояуымен, шынайы терең тебіреністі өзіндік өрнегімен ерекшеленді.
1960 жылдан режиссерлік қызметпен айналыса бастады. Е.Рахмадиевтің «Қамар сұлу», мен «Алпамыс», Брусиловскийдің «Қыз Жібек»  (К.Байсейітовамен бірге), З.Г.Исмагиловтың «Құдаша», Д.Бердидің «Балмаскарад», тағы басқа операларын сахналады. 1975-1976 жылдары «Біржан-Сара» мен «Абай» (Қазақстан Мемлекеттік сыйлығы, 1978) операларын қайта қойды. 1975 жылдан Алматы консерваториясының опералық даярлық кафедрасының меңгерушісі болды. Досымжанов көптеген дарынды әншілерді даярлап, көркемөнерпаздықты дамытуға үлес қосты. Үш мәрте Еңбек Қызыл Ту және «Парасат» ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталған.
1998 жылы қайтыс болды.

  Музыкальное искусство - Певцы и композиторы


Яндекс.Метрика