1. Краеведение
  2. Катон-Карагай
  3. Катон-Карагай литературный

Катон-Карагай литературный

Қазақ сақарасының құт қонған жерұйық қоныс, жәннат мекенінің бірі, Өр Алтайдың төрінен, Мұзтаудың етегінен орын тепкен Катонқарағай ауданы. Аудан үйрек ұшып, қаз қонған суларымен, жайқалған жасыл орманымен, кербез, кермарал кербұғысымен, шипалы Рахман қайнарымен, асау Бұқтырмасымен ел-жұртқа танымал.
Тамылжыған табиғатымен аты шыққан өңір талантты өрендерімен де мақтана алады. Катонқарағай өңірінде жалпақ жұртқа ақындығымен, орақ тілді  шешендігімен аты кең тараған Мақажан, Қатшыбай, Тікебай сынды ақындар өмір сүрген. Олардың тапқыр, шешен сөздері әлі де ел аузында.
Төр Алтайдың түркілер ту тіккен, ереуіл тірлік кешкен кіндігі саналатын Қатонқарағайдан бүгінде аты елімізге, тіпті әлемге әйгілі талай дарындылар өсіп шықты. Сол дарындылардың қатарында туған өлкесін жалықпай жырлап кеткен жазушы Оралхан Бөкей, Баламер Сахариев және  Қалихан Ысқақ, Дидахмет Әшімханов, Әлібек Асқар сынды қаламгерлер бар.
Ал, белгілі бір себептермен ауылдан ұзап шыға алмай қалған, немесе өмір ағысымен өзге бір жолмен кеткен таланттар да көп. Сондай қаламгерлердің қатарына Нұрбаев Ақтан, Рақымжанов Төлеген, Қызыр Жәнібек, Бияров Төлеухан, Заутдин Шәмші т.б. жатқызуға болады.
Катонқарағайдың киелі топырағынан алдыңғы ағалары сияқты әлі де талай таланттар өсіп шығатындығына дау жоқ.

 

Қаратай ақындары - қоналқы, қонақ кәделері хақында

І. Қатшыбай шешен

Асқаралы Алтайдың оңтүстік өңіріндегі Катонқарағай жерін мекендеген Уақ, Керей жұртын Қаратай елі атағанын шежіреден білеміз. Осында жалпақ жұртқа ақындығымен, орақ тілді шешендігімен кең тараған Қатшыбай өмір сүрген. Ол Қосағаш, Жазаба атты елді мекендерде тұрып көптеген дау-дамайларда билік айтқан адам.
Бірде жанында екі жолдасы бар шешен жолаушылап ел аралап жүріп Шәңгі өзені бойындағы қалың тал арасында киіз үй тігіп, бие байлап отырған керей Аяған бидің ауылына әдейі келіп, ат басын тірейді. Ондағы ойы Аяғанның бәйбішесі дүниеден өткеннен кейінгі жас тоқалы Сәтимәні көріп, сынау екен.
Барса би үйінде жоқ, көрші ауылдардағы ағайындарына кетсе керек. Жас тоқал сылаңдай басып, шешеннің алдынан кесе көлденең өте шығады да, қызметші әйелдеріне тегенеге қымыз құйғызып әкелтеді. Шешен қымызды аузына алмайды екен. Қасындағы жолдастары бір-бір кесе қымыз ішкеннен кейін шешенге: "Қатшеке, бізге қымыз емес, саумал беріп отыр", - деп ақырын сыбырлайды.
Жас тоқал шешеннің қымыз татпағанын көрген соң шай жасатады. Үлкен дастарқанға құрт аралас біраз бауырсақ шашады да, қонақтарға бір-бір кесе шай құйып ұсынады. Сонда дастарқанға көңілі құлазыған шешен орнынан бірөкшеліп тізерлей отыра қалады да:
Озады егіншіден терсе масақ,
Келемін Аяғанмен бірге жасап.
Тарбайған бес саусақпен бір сипасам
Орнынан табылмас-ау   бір бауырсақ.
Әркімнің өз білгені өзіне жөн,
Салыпты-ау мына тоқал ұялмай-ақ.
Бір күнде ел сыйлаған қайран басым
Шынымен би үйінде кайтты ма бақ, - деп үйден шығып жүре беріпті. Артынан көп кешікпей Аяған үйіне келіп, болған жайға түсінген соң дереу Қиынжыра ауылында қонақ болып жатқан Қатшыға адам жіберіп, құрметті қонақ ретінде шақыртады. Бір малға бата жасатқызып, ат-шапан айыбын беріп, құрметпен аттандырған екен. Сонда шешен Аяғанға ризашылығын білдіре келіп:
- Аяш-ай, бірге өскен төл едік. Сен би, мен шешен атандым. Бір ғана өкініш бары рас. Ол - әйелің жақсы болса, қонағың мен үйіңнің тұрағы, жаман болса дүниенің тозағы. "Ер жігіттің атын не астындағы аты, не қойнындағы қатыны шығарады" деген бар ғой. Осыны ойла, шамала, деп атына мініп, аттанып кетіпті.

Қатшыбайдың Шерубайға айтқаны.

Қатшыбай Шерубай дегеннің үйіне қонады. Қазанға тамақты Шерубайдың келіншегі салады. Сонда шығарған өлеңі:
Салғаның кәрі жілік, бір белдеме,
Табаққа көзім түсті көрген жерде!
Бұл үйді құрытарсың келмей жатып,
Осындай заң жоқ еді біздің елде.

Салғаның бір белдеме, кәрі жілік,
Шырағым, сен салыпсың өзің біліп.
Шәнжауға бір қақпаған қатын оңбас,
Көргем жоқ Шерубайдай сорлы шірік.

Жақсы қатын салады сан сүйегін,
Жаман қатын салады қол сүйегін
Осындай қылығыңды көргеннен - соң,
Шіркін-ай, сырқырайды сай - сүйегім.

II. Тікебай.

Арғы беттегі Керей елін аралап жүрген топ адам бір байдың үйіне түседі. Үй иесі мойнында бұрыш кергіш ағашы бар, арқасы көнтек (қотыр) қой алғызып, бата сұрайды. Өздерін сынап отырғанын сезген Тікебай бата жасапты:
Мынауың құнан қой ма, дөнен қой ма?
Мойнында мылтығы бар мерген қой ма?
Жұтшылықта еліңді асырайды,
Байеке, тілімді алсаң, сірә, сойма,

Ел едік керей-найман араласқан,
Сонымен-кем болдық па мал мен бастан.
Ауылыңа сәлем бере келіп едім,
Әйтпесе жігіт емен қарным ашқан.

Астымда қара жорға желгенін-ай,
Ауылыңа әдейі іздеп келгенім-ай,
Мың қойдан өңі түзу қой табылмай,
Қотыр қой қонақасы бергенің-ай...
Бай басқа қой сойғызады, бірақ әлгі бата ел  аузында сақталып қалады.

ІІІ. Мақажан.

Ертіс    бойындағы    Андағұл     елін    аралап жүргенде шығарған өлеңі:
Төмен барсаң табасың,
Андағұлды Нарыннан.
Шымнан салған үйі бар,
Тарезесі қарыннан.
Қара жамбас, қармасы
Қазанына қарылған.    
Қонарға үй таппайсың,
Жаза көрме, құдай-ау,
Біреуі жоқ жарыған.
Ел аузынан жинаған: Қалихан Қырықпаев,
Топқайың ауылы.

 

  Отдел краеведческой информации - Катон-Карагай


Яндекс.Метрика