1. Ресурсы
  2. Рефераты на казахском
  3. Педагогика
  4. Баланың сөз әдебін қалыптастыру жолдары

Баланың сөз әдебін қалыптастыру жолдары

Бала тәрбиесі — баршаның ісі. Отбасының да, балабақшаның да,   мектептің де мақсат — мүддесі біреу, ол — болашақ ұрпақ тәрбиесі.Болашақ ұрпақ тәрбиеленетін алғашқы ұя — отбасы, ата — ана құшағы.Жас сәбидің өмір табалдырығын аттағандағы алғашқы еститіні шешесінің мейірбан сөзі, көретіні анасының аялы алақаны. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілер» немесе «Әке көрген оқ жанар, шеше көрген тон пішер» деген де осының айғағы.Яғни, ата — әженің, әке  - шешенің өнегесі, өнері балаға үлгі болатыны, бала үйде қандай игі істерге тәрбиеленсе, ұядан ұшқанда да сол өнеге — өсиет оған сарқылмас қазына болары сөзсіз.
Халқымыз  «Балаңа бес жасқа дейін патшаңдай қара» деген сөзінде де тәрбиенің терең мәні дәл осы кезеңде іске асатынын меңзесе керек.
Қазірде дүниеге дені сау бала әкеліп, ол нәрестенің өсуіне, жан — жақты жетілуіне, жеті жасқа дейінгі дамуының педагогикалық мүмкіндіктерін айқындап, ата — аналармен бірлескен ынтымақты тәрбие жүйесін қалыптастыру көзделуде.Көрнекті ақын, ойшыл философ Ғұмар Қараштың «Су басынан тұнады, өрт алдынан сөнеді» деген тұжырымы тәрбие мен оның келешегі жайында айтылған.Сол тұнық судай мөлдір, пәк те таза, аңдал да адал сәбилеріміздің тәрбиесіне дұрыс көңіл аударып, олардың сөз әдебін қалыптастырып, салауатты өмір сүруге дағдыландыру әрбір ата - ананың міндеті деуге болады.
Тіл - ұлт мәдениетінің қайнар көзі.Әр халықтың ұлттық дәстүрінің, сана — сезімінің, сөйлеу, ойлау тәсілінің, мінез — құлқының, мәдениеті мен әдебиетінің айрықша белгілері тіл арқылы бейнеленеді.Тіл — адамның өмірлік қажетін өтейтін қатынас құралы.Жүректен шыққан сөз жүрекке жол табады.Сондықтан баланың өз ойын дұрыс жеткізіп, басқа адамдармен дұрыс қарым — қатынас жасай білуі үшін оған ең алдымен сөз әдебін үйрету керек.
Қазіргі заманда әр отбасында дүниеге келген сәбиді, өсіп жатқан буынды өзінің ана тілімен сөйлету — ұлттық қасиеттеріміздің дамуының бірден — бір жолы.Мектепке дейінгі тәрбие саласында ұлттық тәрбиенің негізгі міндеттерінің бірі — халқымыздың ежелден келе жатқан салт — дәстүрлерін ана тілінде түрлендіріп, сол арқылы баланың тілін дамыту.Әрбір бөбектің өз ана тілінде тілі шығып, осы тілде ойлау қабілетінің дамуы ұлттық мінез — құлқының қалыптасу жолы.Ана тілінің қадір — қасиетін жастайынан түсініп өскен баланың жақсылыққа жаны құмар, таза, пәк, инабатты, биязы, сыпайы болып өсетініне өмір тәжірбиесі куә.Міне, біздің кішкентай ботақандарымыз тіл шұрайының шырын — балын татып өссе екен дейміз.
Сөз — тілдің негізі.Сондықтан бүлдіршіндерге үйрететін сөздер де  қылыштай кесіп түсетін өткір де дәл, сезімге әсер етіп, сөйлеуде жандандырытын, ойлаудың икемділігі мен тездігін дамытатын, балалардың сөздік қорын жетілдіре түсу қызметін атқаратындай болуы шарт.Сөйлеу қатынасы баланың білімді меңгеруіне, қажетті білік пен дағдыларды қалыптастыруға мүмкіндік береді.Баланың өз ойын түсінікті, ұғымды жеткізе білуі отбасынан бастап қалыптасады.Оның алғашқы ұстазы ата — анасы, тетелес ағалары мен әпкелері.Олармен күнбе — күн араласу, сөйлесу арқылы баланың тілі күн санап жетіле береді.Баланың тілі неғұрлым бай болса, ойы да соғырлым кең болады.Сондықтан бала тілін кішкентай күнінен байытып, ойын кеңейте түсу отбасының, балабақшаның қажырлы еңбегінің арқасында жүзеге асады.
Сөз этикеті деген ұғым тек сыпайы сөйлеу немесе мәдениетті сөйлеу деген мағынада ғана емес, адамдар арасындағы қарым — қатынасқа ұйтқы болып реттеп отырудың құралы ретінде тұрақты түрде қолданылатын сөздер, сөз тіркестері, тұрақты сөз орамдары, өзге де тілдік амал тәсілдер деген мазмұнды аңғартады.Сөз әдебі бүлдіршіндердің адамдармен қарым — қатынас жасауы үшін, оның сыпайы түрде жүзеге асуы үшін, сондай — ақ көңіл — күйге жағымды әсер етуі үшін жұмсалады. Белгілі бір әлеуметтік ортада, ұжымда, мәдени - көпшілік орындарда және т.б. жерлерде бүлдіршіндердің өзге адамдармен өзара қарым — қатынас жасауы алуан қырлы, сан түрлі болып келеді.Оларды санамалап айтып тауысу мүмкін емес.Әйтсе де мұндай сан алуан қарым — қатынастың типтік түрлері болады.Оларды, негізінен, мынадай басты — басты топтарға бөлуге болады:сәлемдесу, қоштасу, танысу, кешірім сұрау, жұбату, құттықтау, тілек айту, ризалық білдіру, өтішіш жасау т.б.Бұл тізбек, әдетте, тұйықталған тізбек емес, сондықтан басқа да тақырыптық топтардың болуы мүмкін.

Қаратпалар
Қазақ сөз әдебі қорындағы қаратпалар сан жағынан алғанда аса мол, түр жағынан алғанда сан алуан.Олардың, негізінен, туыстық қарым — қатынасқа, таныс — бейтанысқа және әлеуметтік жікке байланысты айтылатын түрлері бар.Біралуан сөздер өзінің тілдегі кәдімгі қызметінен тыс жүк арқалап, сөз саптауда қаратпаға көшеді.Олардың аражігін балаға түсіндіріп, орынды қолдануға үйрету керек.Мысалы, екінің бірі күнде қолданатын «әке» сөзін алайық.Ол, бірішіден, «балалы болған ер адам» дегенді білдірсе, екіншіден, баланың әкеге қарап айтатын қаратпасы.Ал, үшіншіден, әке сөйлеу тілінде өзінен жасы кіші адамға «қарағым, шырағым» деген мағынада айтылатын қаратпа.[3/10б.]Туыстық атауларды мағынасына қарай дұрыс қолдану қажет екенін балаға жастайынан үйретіп, дағдыландыру керек.Себебі, жас өсіп келе жатқан сәби, біріншіден, кімнің кім екенін ажырата алады, екіншіден, баланың сөз әдебін қалыптастырады.Қазақ тіліндегі туыстық атауларды мағынасына қарай былайша топтап қарастыруға болатын сияқты:
1) Әке жағынан қандастық туыс атаулары: әке, шеше, аға, апаәпке, әпше, тәте), іні, қарындас, сіңлі, баба, ата, әже, немере, шөбере, немере аға, немере апа, немере қарындас, немере іні, немере сіңлі, шөбере аға, шөбере іні, шөбере апа, шөбере қарындас.
2) Шеше жағынан қандастық туыс атаулары: нағашы, нағашы ата, нағашы әже, нағашы әпке, нағашы аға, нағашы іні, нағашы қарындас, жиен, жиеншар.
3) Некелік қатынасқа байланысты атаулар: жезде, жеңге, нағашы жеңге, нағашы жезде.
4) Құдандалыққа байланысты туыстық атаулар: құдаша, құда бала, құдағи, құда.
Бұл атауларды бүлдіршіндерге үйретуіміздің басты себебі жоғарыда айтып өткеніміздегідей туыстарымен қалай туысатынын біледі және қазіргі кездегі қалыптасқандағыдай аға, апай дей бергеннен гөрі осындай туыстық атауларды қолданса, енді бір жағынан жеті атаны білу ұғымымен де байланыстыруға болады және баланың тіл байлығы байиды.Бұл сөздер арқылы біз тек сәбидің тіл байлығының  дамуына ғана әсер етпей, оның жеке тұлға болып қалыптасуына да өз деңгейінде жағдай жасаймыз.
Дәл қазір қалада тұратын қазақтар түгелдей әкесін папа, шешесін мама деп атайды.Аудан мен ауылдар, қыстау мен қыстақтарда тұратын қазақтардың арасында да бұл «көрсеткіш» тым жоғары.Тіпті шалғай ауылдардың тең жартысы «мама»мен «папаға» бауыр басып алғанын өз көзімізбен көріп, өз құлағымызбен естіп те жүрміз.Мұның сыртында туған әкесін «батя», іні — қарындастарын «братишка», «сестренка», ата — әжесін «дед», «бабуля» дейтін қазақтарда қисап жоқ.Ал осындай этикет нормаларының бұзылуы оның адамдар арасындағы қарым — қатынасты реттеу қызметіне нұқсан тигізеді.Осының салдарынан адамдар арасында   түсінбестік пайда болып, ынтымақ, бірлік, сыйластықтың аса маңызды сапалары әлсірейді.Тіпті ұлттық санаға да іріткі түсе бастайды. 
Халықтың жан дүниесінің , ұлттың ұлттылығының бір көрінісі — туыс атаулары.Бұлар — бізге ата — бабаларымыз тастап кеткен  қасиетті тілдік ескерткіштер ғана емес, сонымен бірге әрбір жеткіншектің санасын ұштайтын ұлы ұғымдар. «Әкемен», «апамен» тілі шыққан сәби ерте бастан өзінің  осы сөзді тудырған халыққа қосақтаулы, осы сөзді дүниеге әкелген ұлтқа байлаулы екенін сезініп өтеді.
Өз ана тілінде апа, әке деген ыстық сезімге бөлейтін, адамның жан — дүниесін елжірететін сөз тұрғанда сәбидің аузына бөгде тілдің бөтен сөзін салып, құлағына сіңіре бастайтын өзіміз екенбіз.
Эмоциональды — экспрессивті бояулы тілдік бірліктерді көбірек қолдансақ сәбидің жүрегіне мейірім ұялатуға болады.Көбінесе кішірейту, еркелету мәнінде жұмсалатын -еке, -жан, -шым, -шім, -тай тәрізді экспрессивті қосымшалары жақсы көру, ерекше құрметтеу мағынасында жұмсалады:әкежан, әкетай, әкешім, әкей, ағеке, ағажан, ағашым, ағатай, ағай, шешежан, шешетай, көкежан, көкешім, көкетай т.б.
Баланың, әсіресе, кішкентай сәбилердің жан сезіміне жақсы әсер етіп көңілін марқайтатын сөздер, тілдік амал — тәсілдердің тағы бір алуаны қозым, ботам, құлыным, ботақаным, қоңыр қозым, ақботам, айым, күнім, жұлдызым, шырағым, сәулем, жарығым тәрізді тәуелдік жалғауымен айтылатын қаратпалар деуге болады.Олар — эмотивтік қызметі аса күшті этикеттік құралдар.Ана нәрестеге ақ сүтін бере отырып, қозым, ботам, деп еміреніп отырады.Эмоциялық әсері күшті бұл қаратпалар, біріншіден, ана мен бала (сәби) арасында қарым — қатынас орнату үшін аса қажет.Адамның тынысы жан тұрмысына байлаулы.Жан шат болса, дауыс та шат болады.Қысқасы, ана баласының қасында үндемей отыруы дұрыс емес. 
Ана нәрестеге ақ сүтін бере отырып, оны алақанымен сылап — сипайды. «Қарды қылау өсіреді, баланы сылау өсіреді» деген мақал осы жайтты аңғартады.Сезу мүшесіне әсер ететін ананың аялы алақаны, көру мүшесі арқылы көңіл — күйге әсер ететін ананың жылы жүзі қандай қажет болса, ананың айналып — толғанып айтатын қозым, ботам, құлыным деген жүрекжарды сөздері сондай қажетті құрал.Адамның болмысын, мінез — құлқын, бір — бірімен сан алуан қарым — қатынасын жан исіндіретін жақсы сөз жөнге салып отырады.Сондықтан осындай амал — тәсілдерді қолдану арқылы балаға жастайынан өзге адамдарға аялы алақан, жылы жүз, жақсы сөз сыйлауға үйрету керек. «Жақсы сөз жарым ырыс», «Жақсы сөзге жан семіреді» деген даналық нақылдар өмірдің шындығынан, бала тәрбиелеудің халықтың көп жылдық тәжірибесінен сомдалған сөздер.

Сәлем түзелмей, әлем түзелмейді             
Сәлем — арабтың тыныштық, бейбітшілік мағынасындағы ассалам сөзінің тілімізде фонетикалық өзгеріске түсіп, қалыптасқан түрі.Сәлемдесу — тұңғыш рет немесе араға белгілі бір уақыт салып, кездескен таныс және бейтаныс адамдардың дәстүрлі сөз, ишара не дене қимылы арқылы бір — біріне жақындық ниет, ілтипат білдіріп, жылы шырай танытуы. «Сәлем - сөздің басы» делінетіні де сондықтан.Тегінде, әдеп, адамшылық — амандасудан басталады.Адам баласының рухани тарихында қолы жеткен зор игілігі — сәлемдесу.Оның шарапаты мен кереметі сонда — адамзат әдебінің қалыптасуында, жұмыр басты пенделердің  бір — біріне жылы мейір мен кең пейіл көрсетуінде, достықты, өзара жақындықты бейнелеуде аса зор маңызға ие.Сондықтан бүлдіршіндерге ең алдымен үлкенге сәлем беру әдебін үйрету қажет.Адам баласы қашанда тыныш — бейбіт, басы аман, бауыры бүтін, бір — бірімен тату — тәтті, сыйласып өмір сүруді аңсап, армандаған.Соның негізін сәлемдесу салған.
Балаларды жастайынан ең алдымен таңертең ұйқыдан тұрған соң, беті — қолдарын жуып келіп, ата — анасына, отбасы мүшелеріне, қонақтарға сәлем беруге дағдыландыру керек.Адамның әр күнгі іс — қимылы таңертеңгі сәлемнен, жақсы лебіз, қошеметтен басталатынын сәбиге түсіндіру керек.Қазіргі таңда сәлемдесудің түрлері өте көп, бірақ балаға соның ішіндегі ең керекті түрлерін үйреткен жөн.Мәселен, басқа сәлемдесу түрлеріне қарағанда балаларға «Сәлеметсіз бе?»  және  «Ассалаумағалейкум» деп амандасу қолайлы сияқты. «Ассалаумағалейкум» деген араб сөзінің мағынасы «Сізге тыныштық тілеймін»дегенді білдіреді.Алайда, балаға құр ғана «ассалаумағалейкумды» айтып, бір міндеттен құтылғандай болатын тоң — торыс сәлемнің ізеттілік емес екенін, қайта кісі көңіліне қаяу түсіретін қылық болып табылатынын айтқан жөн.Сәлемдесудің әдеп ретіндегі ең басты шарты — жылы шырай.Онда сәлем беруші мен алушының қас — қабақ, бет — жүз құбылысы, даусы маңызды қызмет атқарады.Міне, осылардың бәрін балаға үйрету өте маңызды.Дұрыс амандаса білудің өзі  дұрыс сөйлеуге, сөз әдебін қалыптастыруға көп көмегін тигізеді.Осындай тәлім — тәрбие арқылы бүлдіршіндер дұрыс сөйлеуге үйренбек.

Қоштасу 
Сөз этикетінің өз алдына дербес бір саласы — қоштасу.Оны дербес сала дейтініміз — оның өзіндік мақсаты, арнайы жұмсалатын тілдік таңбалары, қолданылатын тұрақты орны бар.Қоштасудың да түрлері өте көп.Мәселен, «Сау болыңыз», «Хош», «Көріскенше күн жақсы», «Хош болыңыз» т.б. Бұларды балаларға тиісті жерінде лайығымен қолдануға үйрету әдептілік әліппесі болып табылады.Себебі қоштасу түрлерінің қолданылуында өзіндік жүйе, қалыптасқан дәстүрлі тәртіп бар.Бала кетер алдында қоштасып, әдеп сақтауға тиіс.
Қаратпаларға байланысты сөздерді жергілікті жерде қолданылу, белгілі бір аймаққа таралуына қарай зерттеу де қызғылықты әрі тілдік, әрі тарихтық  деректер берері сөзсіз.Кейбір сөздер диалектолог ғалымдардың ғылыми жазбаларына түскенімен, олар тілдің этикеттік  формуласы ретінде түсіндіріліп, талданған емес.Мысалы, қазақ сөз этикетінде жиі қолданылатын «Сау болыныз» әдеби тілде қоштасуды білдіргенмен, Қазақстанның батыс говорларында, Түрікменстан қазақтарының тілінде (Ә.Нұрмағамбетовтың деректері бойынша) «Рахмет» деген мағынаны білдіреді.Әрине, мұндай тілдегі ауытқушылықтарды бала кішкентай кезінен біліп өскені жөн.
Қоштасу формуласы табан астында болмайды, яғни бүлдіршіндерге тек қоштасу сөздерін ғана емес, қоштасуға дайындық сөздерін де үйреткен жөн.Олар, атап айтқанда, «Уақыт болып қалыпты — ау», «Амал жоқ қайтар уақыт таяды», «Уақытыңызды алмайын», «Осымен болайық» қыстырма сөздері.Яғни, қалыпты қоштасу сөздерінің құрылымы тұтастай алғанда формуладан — негізгі актіден және дайындық актіден тұрады.Міне, осындай қарым — қатынастарды балаға үйрету арқылы сөз әдебін қалыптастыруға болады.

Қорытынды
Балалық шақ баланың жеке тұлға болып өзін — өзі сезінуінің алғашқы сатысы.Баланың сөз әдебі, адамгершілік қасиеттерінің қалыптасуы осы мектепке дейінгі жас шағында қалыптасады.Мектеп жасына дейінгі балалар түсінгенін, қабылдағанын, естігенін, қиялын, ойын тіл арқылы білдіреді.Сондықтан бала тілінің дұрыс дамуына баса назар аударған жөн.Сыпайы, келісті сөз баланың абыройын арттырады, жақтастарын көбейтеді, көптің ықыласына бөлейді.Таза мәнерлі тіл ойлау жемісі.Баланы ана тілінде дұрыс сөйлеуге үйрету арқылы олардың бойында тілдік мәдениеті қалыптасады.
Бала болашағы — бір отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның, халықтың, тұтас бір ұлттың бүгіні мен ертеңін жалғастыратын алтын көпірі, асыл мұраты іспеттес.
Не келсе де тілден келер бір басқа,
Содан жақсы, жаман атақ бір басқа,
Тыңдаушы адам ерте тұрып, күн сайын,
Осы тілге табынбайды құр босқа — деген ақыл — өсиеттерді санада ұстап, өз ұрпағының тәрбиесіне  жауапта ата — ана рөлі әрдайым бірінші орында.Баланы тіл әдебіне дағдыландырып, тіл мәдениетіне тәрбиелеу ата — ананың басты міндеті.Тәуелсіз еліміздің ертеңгі күні мен бүлдіршіндеріміздің ертеңгі күні жақсы болуы үшін, ерте кезден ат салысып, сөз әдебін қалыптастыруға бар күшімізді жұмсайық, ағайын!   

Қолданылған әдебиеттер тізімі:
1.Асылов Ұ.,Нұсқабайұлы Ж.Әдеп.А.,1998
2.Бала мен балабақша журналы, 2005 №8
3.Егемен Қазақстан, 1991,№10
4.Жұмабаев М.Педагогика.1992 №4
5.Қобыланова А.Қазақ сөз этикеті.А.,1991
6.Мектепалды даярлық журналы,2003 №1-3


  Қазақ тіліндегі рефераттар - Педагогика


Яндекс.Метрика