1. Skip to Menu
  2. Skip to Content
  3. Skip to Footer>


Театр тарихы

Театр өнері тарихынан

ХІХ ғ. өлкеміздегі көркем үйірмелердің етек алып халық арасына көбірек тараған жері - Семей. ХІХ ғ. екінші жартысынан бастап, Семейде ашылған Халық үйінде (Народный дом) әр түрлі шығармалар мен өлеңдерді халыққа оқу ұйымдастырылады. Бертін келе түрлі ойындармен бірге, ара-тұра шағын спектакльдер де қойып келген. Бірақ тұрақты көркем үйірме, ойын қоятын орындар бұл уақытта болған жоқ.

1890 жылы ұйымдастырылған «Музыка мен драмалық өнер әуесқойларының қоғамы» Семейде тұңғыш өнердің тууына себеп болған. Бұл отызға тарта сауыққойлардың басын қосып, арнайы жарғымен жұмыс істеген шығармашылық ұйым. Мұның сахнасында шағын пьесалар, интермедиялармен бірге, әдеби-музыкалық кештер жиі өткізіліп тұрған. Алғашқы драмалық шығармаларда Г.Д.Гребенщиков «Жақсы жігіт» пьесасының (1907) сюжетін қазақ тұрмысына құрса, Н.П.Анненкова-Бернар ұлттық дастан негізінде 1908 жылы «Бекет» атты драма жазып, кейін оны сахнаға шығарады. Міне, осылай Семейде алғашқы әуесқойлық театрдың негізі қаланып, тұрақты өнерпаздардың өнер көрсетуі қаланың мәдени өміріне үлкен өзгеріс енгізе бастайды.
1913-1914 жылдары  қаладағы қазақ, татар мұғалімдері мен оқушы-жастар бірлесіп, «Шығыс кеші» деген атпен шағын пьесаларды қоюмен қатар ән, би, күй үйірмелерін ұйымдастырып, ойын-сауық кештерін өткізіп отырған. Ұлттық театр өнері тарихында мәні зор ойын-сауықтар қатарына Семей қаласында өткен Абайдың қайтыс болғанына он жыл толуына арналған әдеби, этнографиялық-музыкалық кеш (1914) пен «Біржан-Сара айтысын» (1915) атауға болады.
Бұл сауық кеш репертуарының бір ерекшелігі – көркем сөздің өз алдына сахналық жанр болып енуінде еді және арғы негізі халықтың шешендік өнерінен басталатын көркем сөздің алғашқы сауық кештер сахнасында жиірек естілуі оның жылдам қалыптасуына шығармашылық демеу болған сияқты.
1917 жылы маусым айында Ойқұдық жайлауында (қазіргі Абай ауданында) М.Әуезовтың «Еңлік-Кебек» трагедиясы алғаш рет қойылып, оған автордың өзі жетекшілік етті.
Революциядан бұрын арғы арнасы сауық кештерден басталған Семей үйірмесі 1920 жылы драмалық труппа болып құрылады. Бұл труппа «Ес аймақ» деп аталады. Труппаны негізінен мұғалімдер, педтехникумның жоғарғы курсында оқитын студент жастар ұйымдастырған.
«Ес аймаққа» Республикалық саяси-ағарту бас комитетіндегі театр бөлімшесі басшылық еткен. Труппа мүшелеріне берілген куәлікте: «РСФСР Киргизский (Казахский) культурно-просветительный кружок» деген жазу болған. Труппаға ресми түрде осылайша ат қойып, шығармашылық ұйымдық мәртебе беру – жеке адамдардың ісі болмаса керек. Демек, труппа мемлекеттік мекеме болған. Оны статистикалық шолу кітаптарында келтірілген мәліметттерден де көруге болады. Ол мәліметтерде Семей труппасының мемлекеттік мекеме есебінде қаражат алып отырғаны көрсетілген. «Семей губерниясы 1924-1925 жылдары» деген статистикалық шолуда губерниядағы жалпы мәдениет орындары туралы мәліметтерінде  85 қызметкері бар 4 театрдың жұмыс істейтінін айта келіп: «...Қазақ, татар труппасы жергілікті қаражаттан қаржы алып отырады»,- делінген.


Семей музыкалы драма театры.

«Ес-аймақ» қоғамы ұйымдастырған жартылай кәсіби драма труппасы негізінде 1920 жылы құрылды. Труппаның ұйымдастырушылары М.Әуезов пен Қ.Сәтбаев және режиссер Ғ.Төребаев бастаған зиялылар өкілдері мен студент-жастар болды. Театр өз шымылдығын 1934 жылы 6 маусымда І.Жансүгіровтың «Кек» қойылымымен ашқан. Қазақтың ұлттық сахна өнері мен драматургиясының алғашқы туын көтерген Семей қаласында мемлекеттік театрдың ашылуы облыстағы үлкен мәдени оқиға болды.
Семей театрын ұйымдастырып, труппа құрамын қалыптастыруға көмек көрсетіп, басшылық еткен қазақ көркемөнерінің белгілі қайраткері – Жұмат Шанин.
Алғашқы кезде труппаның құрамы 20 адамнан құралған болатын. Театрдың директоры мен бас режиссері Ғалиакпар Төребаев болған. Жаңа құрылған жас ұжымға шығармашылық, әрі ұйымдастырушылық көмек көрсету үшін Алматыдан Қ.Жандарбеков үш айға келеді.
Театрдың музыкалық бөлімін композитор Л.Хамиди басқарған. Алғашқы жылдары театр құрамында әнші Ә.Қашаубаев пен Ж.Елебеков, ақын И.Байзақов қызмет етті.
1945 жылы театрға А.Құнанбаевтың есімі берілді. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жылдары Ә.Әбішевтің «Достық пен махаббат» және «Бір семья», И.О.Дунаевскийдің «Еркін жел», Л.А.Юхвидтің «Ғажайып өлке» сияқты шығармалары репертуарға қосылды. 60-жылдардың ортасынан бастап қазіргі заман тақырыбындағы пьесалар қойыла бастады. 1977 жылдан драма театры музыкалы драма театры болып қайта құрылып өзінің шығармашылық кезеңін бастады.
Театр жергілікті авторлар Ғ.Сапаев, М.Сәрсекеев, Қ.Мәшһүр-Жүсіп, М.Ыбыраев, К.Туғанбаевтардың шығармаларын да сахнаға шығарды.
Театр ұжымы гастрольдік сапармен Алматы, Қарағанды, Павлодар, тағы басқа облыс орталықтарында болып өнер көрсетті.
Театр 1984 жылы өзінің 50 жылдығын, 2004 жылы 70 жылдық мерейтойын атап өтті. 1984  жылы Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесінің грамотасымен марапатталды.

Өскемендегі мұсылман драмасының труппасы.

1920 жылы Өскеменде П.Бажовтың бастамасымен құрамында 23 адамы бар мұсылман драмасының труппасы ұйымдастырылады (мусульманская драматическая труппа). 1920 жылы Ахмер ауылында Қазақ Автономиялы Республикасының бір жылдығының тойы тойланады. Салтанатты жиынды уездік революция комитетінің төрағасы, жазушы П.Бажов ашады. Сол салтанатқа өлкемізде кеңес үкіметінің орнауына мол үлес қосқан жерлесіміз, қазақтың сол кездегі оқыған, патриот азаматы, «Правда» газетінің қазақстандық тілшісі Ж.Болғанбаев та қатысады. Уездік атқару комитетінің бөлім меңгерушісі Б.Өтепов ауылды кеңестендіру жайында сөз сөйлейді. Сол күні жиынға жиналған жұрт жас М.Әуезовтың «Бәйбіше-Тоқал» пьесасын осы мұсылман труппаның орындауында тамашалайды. Осы труппаның алғашқы актерінің бірі Қазақстанның халық артисі Атаханов Нуритдин Мұхаметқалиұлы (12.2.1905 жылы Өскемен қаласында туған, 20.7.1974 жылы Семей қаласында жерленген) болған. Актер екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан. 1924-34 жылдары әр түрлі орындарда қызмет атқарған. Сахналық жолын 1922 жылы осы қазақ-татар труппасының спектакльдеріне қатысудан бастаған.
Экономикалық қиындықтарға байланысты бұл труппа 1922 жылы жабылады.
Өскемендегі облыстық театрдың қазақ труппасы. 1990 жылы Өскеменде қазақ театры  ашылды. Облыстық театрдың қазақ  труппасы 2004 жылға дейін ары қайт, бері қайттың күйін кешкені рас. Алғашында Төлеухан Бадығанов режиссерлік етті. Одан кейін бірнеше режиссерлер ауысты.
2004 жылы театрдың директорлығына және қазақ труппасына режиссер болып Алматыдағы жылы орнын, дырдулы ортасын тастап 25 жастағы Рүстем Есдәулетов келген. Рүстемнің келуімен бірге труппаның айшықты жылдары басталды.
Облыстық театрдың директоры әрі көркемдік жетекшісі, талантты режиссер, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері (2008) Р.Есдәулетов негізінен психологиялық драма қоюға құштар болатын. Ол адам жанының құпияларына терең бойлауға тырысатын. Адам мінезіндегі қарама-қайшылықтарды, өзгерістерді жарқырата ашуды көздейтін. Рүстем Есдәулетов қазақ труппасын басқарған жеті жыл ішінде 25 қойылым жасап үлгерген.
2009 жылы труппа Қарағандыда өткен республикалық театрлар фестивалінде жүлделі үшінші орынды иеленді. Рүстемнің жұлдызды жеңістері алда еді, өкінішке орай қазақтың аймаңдай талантты ұлы 2009 жылдың 25 қарашасында кенеттен көз жұмды.
Қазірде қазақ труппасының директоры және көркемдік жетекшісі Т.Жүргенов атындағы өнер институты мен Қазақ ұлттық консерваториясының түлегі Сахан Әкелеев.

Риддер қаласындағы қазақ жұмысшы жастарының театры.

1930 ж. Риддер қаласында қазақ жұмысшы жастарының театры  ұйымдастырылған. Оны ұйымдастыруға Қазақстанның халық артисі Камал Қармысов көп еңбек сіңірді. Бұл Қазақстанда алғаш құрылған кәсіби ұлттық драма театрларының бірі. Мұнда актерлар О.Жұмағұлов, Қ.Қармысов, Ш.Мәрденов, Ж.Өгізбаев, М.Шамова, т.б. өздерінің шығармашылық жолдарын бастаған. Театр өнері көркемөнерпаздық деңгейден аспады. Ол 1934 жылға дейін жұмыс істеді.

Зайсан халық театры.

Зайсан ежелден өнер, талант дарығын аймақ. Сондықтан да болар Кеңес өкіметі орнағаннан кейін шығыста алғашқылардың бірі болып 1936 жылы Зайсанда қазақ театры құрылды. Оның алғашқы жетекшілері М.Өтеулин, Т.Бітімбаев. 1948 жылы Өскемендегі колхоз-совхоз театры Зайсанға көшіріліп, ұжым үлкейіп, бұрынғы татар мешітіне орналасты. Тұңғыш директоры – Мейірман Спамбетов. Зайсан театрының алғашқы әртістері Р.Тұрабаев, Қ.Жақсылықова, Т.Марданов, Ж.Кегенов, Қ.Аязбаев, Қ.Оспанова, Г.Исабаев, Н.Смағұлова, Х.Бабашалова, Қ.Әлпиев, С.Бекбосынов, Т.Рақымжанов, Ә.Оспанов. Өкінішке орай бұл кәсіби театр 1953 жылы жабылып, труппаның негізгі әртістері Семей қаласындағы театрға ауысты.  1960 жылы Зайсан өнерпаздары «Халық театры» атағын жеңіп алды. Режиссері – Ильхам Ниғметжанов. 1960 жылы Зайсан мәдениет үйінің директоры болып істеген өнер зерттеушісі Еңілхан Мекежановтың «Халық театры» атағын алуға қосқан үлесі сүбелі.
Театр ұжымының репертуарында қазақ жазушыларының шығармалары (Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібегі», А.Шамкеновтің «Табамын сені», т.б.) болды. Облыс аудандарын (Зайсан, Ұлан, Самар, Күршім, Тарбағатай) аралап өнер көрсетті. Республикалық халық театрлары байқауының лауреаты (1981).

Зайсан ауданы Дайыр ауылының өнерпаздарынан құрылған ұжым да 1989 жылы «Халық театры» атағына ие болды, режиссері Мұрат Далабаев. Бұл ұжымға ұзақ жылдар Жұмахан Мұхамеджанов жетекшілік етті.                
Тарбағатай халық театры. Театр -  драмалық әуесқойлар ұжымы. Тарбағатай ауданындағы Ақжар Мәдениет үйі жанынан 1955 жылы ұйымдастырылды, 1962 жылы оған халық театры атағы берілді. Көркемдік жетекшілері Н.Смағұлова, С.Дөңесбаев болды. Тарбағатай халық театрының ұжымы 1963 жылы Мәскеудің Кремль театрында өнер көрсетті. Оның репертуарынан Қ.Сатыбалдиннің «Текке кеткен еті», С.Дүршіновтің «Тірі өлігі», Е.Домбаевтың «Жоғалған адамы», Б.Тоғысбаевтың «Жалын еді жүрегі», С.Жүнісовтің «Жаралы гүлдері», М.Хасеновтің «Тергеушісі», тағы басқа қаламгерлердің драмалық шығармалары орын алды. Республикалық халық театрлары байқауының лауреаты ( 1963, 1978, 1981).

Шемонаиха халық театры.

Шемонаиха аудандық Мәдениет үйі жанынан драмалық ұжым ретінде 1939 жылы құрылды. 1965 жылы халық театры атағы берілді. Оның көркемдік жетекшісі И.И.Чеберко және А.Е.Доценко болды. Шемонаиха халық театры ұжымының репертуарында көбіне орыс жазушыларының драмалық шығармалары орындалады. Республикалық халық театрлары байқауының лауреаты (1969, 1981).


Шығыс Қазақстан облыстық орыс драма театры.

Театр Жамбыл атында. 1936 жылы Өскемен қаласында қалалық драма театры ретінде құрылды. Сол жылы қаңтарда А.Н.Афиногенвтің «Қиырда» пьесасымен ашылды. Алғашқыда театр труппасын режиссер Ю.А.Левандовский басқарды. 1939 жылы облыстық театрға айналды. Осы жылы Жамбылдың есімі берілді. Алғашқы жылдары театр орыс және украин жазушыларының ( Н.В.Гоголь, К.А.Тренев, А.Е.Корнейчук) пьесаларын қойды. Екінші дүниежүзілік соғысы жылдарында ерлік тақырыбындағы (К.Симонов, Л.Леонов, В.В.Вишневский, т.б.) драма шығармалары қойылды. Әр жылдары театрда актерлер Е.Я.Диордиев, В.Ф.Корниенко, А.И.Воробьев, В.И.Красинский-Крупенников, Н.И.Карякина, Н.И.Курганский, Ф.А.Марков, А.М.Мерц-Кайсарова, А.В.Суворова, Т.В.Тамарина-Проневич, Л.И.Долматова, Р.В.Власова, Т.С.Гремина, П.В.Заваркин, С.Я.Наливкина, Ю.Я.Срослов, Г.В.Терехов, А.Н.Шиляев, В.В.Андреевских, С.А.Грязнов, Л.И.Феклистов, режиссер В.А.Коняев, В.Д.Паршев, К.К.Бетц, Ю.И.Коненкин (Ханинга-Бекназар), Е.В.Минский (1987 жылдан), суретші Н.А.Белкин, М.С.Стародубов, Л.Г.Зацепина, тағы басқалар жемісті еңбек етті. ХХ-ғасырдың 70-90-жылдары театр репертуарынан орыс (А:П:Чехов, Симонов, Розов, А.В.Вампилов, т.б.), КСРО республикалары драматургтерінің (А.А.Дударев, Т.А.Минуллин, М.Кәрім, Ш.Айтматов, т.б.), қазақ (Д.Исабеков, Қ.Мұқашев, т.б.), шет ел (Б.Брехт, т.б.) жазушыларының драмалық шығармалары орын алды. Театр труппасы гастрольдік сапармен Алматыда (1966, 1976, 1986), Қазақстанның облыстарында, Орта Азия мен Ресейдің бірқатар қалаларында болып өнер көрсетті. 1986 жылы театр ұжымы Қазақстан Жоғары Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

Меню

Бізді санайды

Рейтинг@Mail.ru Яндекс.Метрика

Материалдарды қолдану

Сайт материалдарын баспа, электронды немесе басқа түрде қолдануға тек www.kitaphana.kz сайтына сілтеме болғанда ғана рұқсат етіледі.

Серіктестік бағдарлама

Барлық кітапханалар мен өзге мекемелерді сілтемелермен алмасу және біздің мекемелер каталогына тіркелу мақсатында іскерлік бағдарлама мүшелігіне шақырамыз.

Сайттағы жарнама

Сайт бетінде, сонымен қатар біздің "Мереке - Праздник для всех" газетіне жарнама орналастыру бойынша мына телефон арқылы +7 7232 25-03-64 және ukcbs@mail.ru хабарласуға болады.