Роза Рымбаева

Роза Рымбаева - эстрада әншісі, Қазақстанның халық артисі (1986). Жарма ауданы, Жаңғызтөбе станциясында дүниеге келген (1957.28.10.).
Алматы театр-көркемсурет институтын бітірген (1984). 1976-79 жылы Республикалық «Гүлдер» эстрадалық жастар ансамблінің, 1979 жылдан «Қазақконцерт» бірлестігінің солисі. Рымбаеваның репертуарында қазақ әндерінен басқа ТМД елдерінің, сондай-ақ шетел халықтарының әндері бар. 1976 жылдан бері гастрольдік сапармен Болгарияда, Венгрияда, Германияда, Кубада, Польшада, Чехословакияда, Ауғанстанда, Америкада, Францияда, Түркияда, т.б. елдерде болды. Ол осы заманғы композиторлардың шығармаларымен қатар халық әндерін де өзіндік үн-бояуымен нақышына келтіре орындайды.
1977 жылы Болгарияда өткен эстрада артистерінің дәстүрлі халықаралық байқауына қазақстандықтардың ішінен тұңғыш рет қатысып, бас бәйге - «Алтын Орфей» жүлдесін жеңіп алды. Сондай-ақ, 1977 жылы Сопотта, 1979 жылы Стамбулда өткен халықаралық байқаулардың иегері, 1983 жылы Кубада өткен «Гала - 83» халықаралық байқауының бас жүлдегері болды. Бүкілодақтық Комсомол (1985) және Қазақстан Комсомол сыйлығының иегері (1976). «Парасат» орденімен марапатталған (2001). Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері (2004).

  Музыкальное искусство - Певцы и композиторы


Яндекс.Метрика